Сабақтың тақырыбы:.Бауыржан Момышұлы
Сабақтың мақсаты:
а)Бауыржан Момышұлы өмірімен, ерлік жолдарымен, кітаптарымен, естеліктерімен таныстыра отырып, елін, жерін құрметтеу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу;
ә)көркем прозаға деген қызығушылыққа, халықтық салт-дәстүрін түсіне білуге тәрбиелеу;
б)оқушылардың білімін бақылау арқылы мәнерлеп оқуға дағдыландыру;
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, түсіндіру, топтау, «Карусель», «Микрофон» әдісі.
Сабақтың көрнекілігі: кітаптар, «Батыр ата» бүктемесі т.б.
Пәнаралық байланыс: тарих, қазақ тілі,өмірмен байланыстыру.
Сабақтың барысы:
а) Ұйымдастыру кезеңі: (5 минут). Оқушылармен амандасу,түгелдеу, оқу құралдарын тексеру, сыныптың тазалығына көңіл бөлу. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
ә)Санау бойынша 5 топқа бөліп отырғызу.
б)«Карусель» әдісі бойынша үй тапсырмасын сұрау. (10 минут).Оқушылар бір-бірінің ішінде орналасқан екі шеңбер құрады. Ішкі және сыртқы шеңбердегі әр оқушы бір-бірімен бетпе-бет тұрып жұп құрайды. Берілген уақыт ішінде (30 секунд) бір-бірімен ақпарат алмасады. Уақыт өткен кезде жүргізушінің белгісімен ішкі топ бір қадам сағат тілі бағытымен жылжып, келесі оқушымен жұп құрайды. Тағы да бір-біріне түсіндіре бастайды. Оқушылар тақырып бойынша алдын ала сұрақтар құрастырып, интервью алуға да болады.
1. ӨМІРБАЯНЫ. Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24-желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекенінде дүниеге келді. Баруыржан Момышұлы – Екінші дүние жүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы.Бауыржан 7 жылдық пектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады.Туған ауылына оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылы, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады. 1941 жылы ІІ дүниежүзілік соғыс басталысымен Бауыржан даңқты генерал – майор И.В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды, батальон, полк командирі қызметтерін атқарды. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен ерекше көзге түседі. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А. Бек «Волокаламское шоссе» повесін жазды. Соғыстан кейін Бауыржан Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмысымен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады. Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.
2.ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ. Бауыржан Момышұлы–көрнекті жазушы, шығармаларын қазақ және орыс тілінде жазған. Алғашқы кітабы «Офицер күнделігі» деген атпен жарық көрді. Одан кейін «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», «Москва түбіндегі шайқас», «Майдан», «Генерал Панфилов», «Куба әскерлері», «Адам қайраты» тағы басқада әңгімелері мен повестер жинақтары шықты. Бауыржан әңгіме, повестермен қатар өлең толғаулар да жазған. Бауыржанның бойындағы ақындық қуаттық бүршігі ерте белгі бергендігін мектептегі ұстазы Тәңірберген Отарбаев байқаған. Шәкірттеріне шығарма жаздырып қабілеттерін байқау үстінде бала Бауыржанға «сенен ақындықты иісі шығады» деп айтқан екені аяулы ұстазы.
3.Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары.1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың қыркүйегінен бастап қатысты. 316 атқыштар дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады.
1941 жылдың 26 қарашасында маршал Рокоссовский полк командирі етіп тағайындайды.
1941-1945 жылдары Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі, соғыстың соңғы жылдары аталған дивизияның командирі болады.
1942 жылдың 6 маусымында “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталады.
1944 жылы денсаулығына байланысты Алматы госпиталіне жіберіледі.
1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды ғалымдар соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы лекцияның стенограммасы кейінрек “Соғыс психология” деген атпен кітап болып басылды. Алғашында тек орыс тілінде жарық көрген бұл еңбек, 2010 жылы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай қазақ тілінде де жарық көрді.Соғыс кезінде жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Осының негізінде орыстың белгілі жазушысы А.Бек«Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады.
4.Москва үшін шайқас. Москва түбіндегі шайқас Бауыржан Момышұлының өміріндегі ерекше кезең болды. Жас сардар, 1073 атқыштар полкінің батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы сарбаздармен қақаған қыста Мәскеу түбінің омбы қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды жарып шығып, жалпы саны 27 рет қол бастап ұрысқа кіріп, соғыс тарихында болмаған тактикалық маневрлер жасап, әскери өнерге жаңалық енгізген. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик, психолог еді.1941 жылдың 16-18 қараша күндері аралығында Вермахтың Мәскеуге екінші дүркін шабуылы кезінде Б.Момышұлы басқарған батальон өз дивизиясынан қашықта Матронино селосының маңында Волоколам тас жолыда аса ерлікпен соғысты. Комбаттың дарынды басшылығының арқасында неміс әскері бұл маңда 3 күнге іркіліп қалды. Бұл ерлігінен соң жас комбат өз сарбаздарын қоршаудан соғысқа қабілетті жағдайда алып шықты.Алайда аласапыран шақта қысылтаяң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон, роталарымен байланысы үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соғады. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі – Бауыржан басқарған бірінші батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасайды. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған (алдыңғы жақты барлайтын) барлаушы қойып, взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарады. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарады.Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырады. Күндіз қалың тоғайда тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырған жауынгерлер табандылық пен төзімділік көрсетіп, қалың қарағайлы тоғай ішінің қалың қарын омбылай жүре отырып, екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларының аралығынан шығады. Барлаушылардың айтуынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспағандықтан тың тұрады.Әдісқой, тәжірибелі комдив И.В. Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұр екен. «Б.Момышұлы басқарған батальон түгелдей жау қолынан қаза тауып, жойылып кетті» деген лақапты естіген олар түгелдей аман оралған жауынгерлерді зор қуанышпен қарсы алды. Бауыржан бастаған батальон жауынгерлерін көргендеИ.В.Панфилов қуанғаннан көзіне жас алады. Иван Васильевич көптен көрмеген бауырын кездестіргендей Бауыржанды қаусыра құшақтай алып, бетінен сүйіп: «Жарайсың, сұңқарым!» деп арқасынан қағады.19 гвардиялық атқыштар полкінің командирі ретінде 1941 жылдың 26-30 қараша күндері гвардия капитан Момышұлы Мәскеу облысының Соколово деревнясының маңында неміс әскерінің шабуылын 4 тәулік бойы қайтарып, сәтті ұрыс жүргізді. 1941 жылдың 5 желтоқсанында омыртқаға оқ тиіп, жарақат алды. Әзілхан Нұршайықовтың “Ақиқат пен Аңыз” кітабында Бауыржан өзін санбатқа жеткізгенде дәрігерлер дереу госпитальға апару керек деп шешкендігін, бірақ ол тапаншамен дәрігерді қорқытып, оқты сол жерде шығаруды бұйырғанын айтады. Оқты алып, жараны таңғаннан кейін капитан Бауыржан Момышұлы ұрыс алаңына қайта оралады.Кеңес әскерлерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарында 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерлерін саптан шығарады, жаудың көптеген техникасын жойып жіберді.1944 жылы Комдив болып жүрген кезінде Дубровка деревнясының маңында болған ұрыс кезінде тағы қатты жараланады. Өз айтуынша құйымшақпен жерден шығып тұрған темірге құлаған екен. Біраз уақыт атқа отыра алмай және шалқасынан жата алмай жүрді, бірақ госпитальге бармады.Сол уақыттан 1944 жылдың наурызына дейін госпитальде жатады. Сол жылы Бас Штабытың Әскери Академиясының жанындағы офицерлердің біліктілігін арттыру курстарын бітіріп шығады.1945 жылдың 21 қаңтарынан бастап гвардия полковник Бауыржан Момышұлы Екінші Прибалтика майданының, 6 гвардиялық армиясының, 2 гвардия атқыштар полкінің 9 гвардия атқыштар дивизиясын басқарды. 1945 жылдың ақпан-наурыз айларында Бауыржан Момышұлы басқарған дивизия Приекуле станциясының солтүстік-батыс жағында орналасқан неміс әскерінің үш бекінісін бұзып өтеді. Дивизия шабуылының нәтижесінде 15 елді мекен босатылды, ал жау әскеріне үлкен зиян тиген болатын.Бауыржан Момышұлының қатардағы жауынгерлер жайлы айтқан нақылға бергісіз сөздері халқымыздың есінде. Даңқты қолбасшы солдаттың мінез-құлқын, парасатын, елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін ерекше бағалай білген. Соның арқасында оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырған.Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді.Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Б.Момышұлының «Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды» деген сөзі шындыққа айналып, ел тілегі орындалды.
5.Отбасы.
Бибіжамал Мұқанқызы Момышкеліні — Бауыржаннан екі жас кіші, ақсары, сұлу кісі. Бибіжамал Мұқанқызынан тұңғыш баласы Бақытжан Момышұлы дүниеге келді.
Строева Вера Павловна — өнер саласына еңбек сіңірген кісі. Ерінің әдебиетке келуіне себепші болды.
Коркина Клавдия Григорьевна — опера театрының әртісі, сыған қызы. Бұл кісіден Елена Бауыржанқызы дүниеге келді (16.09.1947 жылғы)
Бахытжамал Калибековна — шет тілдер институтының аспиранты, 13 жыл бірге болды.
Бақытжан Момышұлы – Бауыржан Момышұлының ұлы.
Зейнеп Ахметова Бауыржанкеліні — келіні, Бақытжан Момышұлының жұбайы, жазушы, қазақы дәстүрлерді насихаттаушы. Қайынатасы туралы мемуар кітаптар мен мақалалар жазады.
6.Шығармалары:Ұшқан ұя (1974 жыл), Москва үшін шайқас, Жауынгердің тұлғасы, Майдан, Майдандағы кездесулер, Генерал Панфилов, Төлеген Тоқтаров, Куба әсерлері, Адам қайраты (1981 жыл), Елбасына күн туса.
7.Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері.
1.Опасызда Отан жоқ,
Отанда опасызға орын жоқ.
2.Тәртіпке бас иген құл болмайды!
3.Отаның үшін отқа түс күймейсің.
4.Ептілік пен ерлік-
Ерге тән қасиет.
5.Тәрбиелі-тәртіптің құлы,
Тәртіпті – елдің құлы.
Оқушыларға бірнеше сұрақтар қоямын.
б) Жаңа сабақты түсіндіру: 1. Мұғалімнің сөзі: (5 минут). Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен тоқталып айттым.Үлкен атасы Имаш,әжесі Қызтумас, әкесі Момышәлі, шешесі Рәзия, өзінен үлкен әпкелері Үбіш, Сәлима, Әлима. Бұл бөлімде атаның 25 жыл әскери қызметте болғаны, әскери қызметтің қыры мен сыры, тәртіптілік, төзімділік, қайсарлық, жігерлік туралы айттым. Сонымен қоса жеті ата жөнінде сөз болды. Әскери қызметтен соң немен айналысты, қандай туындылары бар екенін айтып шықтым.
2.Мәтінмен жұмыс. (5 минут). Ал, «Жауынгердің тұлғасы».
-Үзінді неге «Жауынгердің тұлғасы» деп аталған?
-Оқиға қай жылы қайда болған?
-«Жауынгердің тұлғасы» сенің ойыңша қандай болу керек?
1.Әңгімені үйде оқып келуге берілген. (3 минут).
2.Сұрақтар бере отырып, мазмұнын балалардан сұрайды. (2 минут).
3.Әңгімені түсініп, рөлге бөліп оқу.Әңгіменің кейіпкерлерін ата. (3 минут).
4.Мінездеме беру: /Топтық жұмыс/(2 минут).
Бұдан кейін балалар дәптерлеріне төмендегідей кесте сызып, әңгіменің кейіпкерлеріне мінездеме береді.
Кейіпкер Кейіпкерлердің іс-әрекеті Қандай кейіпкер?
Балалар жазғандарын оқып, өз ойларын дәлелдейді.
Сұрақтар:
ІҮ. Қорытынды бөлім: (2 минут). «Микрофон» әдісі. –Ұсынылған мәселе бойынша оқушыларға өз пікірлерін айтуға мүмкіндік беріледі. Сыныпқа микрофон немесе соған ұқсас бір зат жіберіледі. Қолына микрофонды алған оқушы талқылауға ұсынылған мәселе бойынша нақты және қысқаша түрде өз ойын айтады, қорытынды жасайды
-«Жауынгердің тұлғасы» кім жазған?
-Б.Момышұлы кім?
Ү. Оқушыларды бағалау: (2 минут).
ҮІ. Үй жұмысы: (1 минут). Әңгімеден мақал-мәтелдерді теріп жазады. Сонымен қатар өздері білетін батырлық, ерлік, қырағылық туралы білген мақал-мәтелдерін айтқызу. Оқулықтан жауынгердің бойындағы отансүйгіштік, қайсарлық, шыдамдылық сияқты қасиеттерді бейнелеген сөйлемдерді тапқызу.
Достарыңызбен бөлісу: |