Сабақтың тақырыбы: Дара және күрделі етістік. Қазақ тілі



Дата25.01.2017
өлшемі257,94 Kb.
#7739
түріСабақ
Қызылорда облысы, Арал ауданы,

Қаратерең ауылы №82 орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі

Сармырзаева Айнагүл Толыбайқызы
Сабақтың тақырыбы: Дара және күрделі етістік. Қазақ тілі.
Сабақтың мақсаты: Дара, күрделі етістік туралы 2-сыныпта алған білімін еске түсіру; бір іс-қимылды бір сөзбен де, екі-үш сөзбен де атауға болатынын ұғындыру; күрделі етістіктердің бір сұраққа жауап беретінін аңғарту.
Сабақтың барысы:

Өтілген материалдарды қайталау

Жаңа сабақ

Мұғалім тақтаға екі бағанаға сөздер жазады. Оқушылар оқып, олардың қай сөз табынан екенін және қандай сұраққа жауап беретінін айтады.



Дара етістік Күрделі етістік

Келді келе жатыр

Жазады жазыпотыр

жазып тұр екен

жазып отыр еді

Етістіктердің дара, күрделі болып бөлінетіні осы жұмысты орындау арқылы еске түсіріледі.

Мысалы:

Келді дара етістік, бір сөзден тұрады, бір сұраққа жауап береді.

Келіп отыр - күрделі етістік, екі сөзден тұрады, бір сұраққа жауап береді.

Басқа сөздер де осы ретпен талданады. Оқушылар мынадай қорытынды жасайды:

• Бір іс-қимылды бір сөзбен де, екі-үш сөзбен де атауға болады.

• Бір ғана сөзден тұратын етістікті - дара етістік деп атаймыз.

• Екі-үш сөзден құралған, бір сұраққа жауап беретін және күрделі бір ойды білдіретін етістік - курделі етістік деп аталады.

• Күрделі етістіктің құрамындағы бірінші сөз - басты, негізгі болып келеді.

• Күрделі етістіктің құрамындағы сөздер бөлек-бөлек жазылады.

Оқулықтағы жаттығуларды орындату,

1-жаттығу. Берілген сөздердің ішінен дара етістіктерді бір бөлек, күрделі етістіктерді бір бөлек көшіріп жазады. Күрделі етістіктерді қатыстырып бірнеше сөйлем құраңдар.

2-жаттығу. Мәтіннің соңғы бөліміндегі дара етістіктерді күрделі етістіктерге айналдырып, сөйлемдерді көшіріп жазыңдар.

Үлгі:

- Рас, өрмегің ұзын, оған таласып тұрмаймын. Бірақ өрмегіңді текке алмайды екен. Менің жібегіме алтын төлеп жүр.



3-жаттығу. I. Жансүгіровтың «Шәркей» әңгімесінің бірінші белігін көшіріп жазып, сөйлемдердегі дара және күрделі етістіктердің астын сыз.

5-жаттығу. Бағдаршаның бағытымен мынадай сөздер шығады: жайнады, қуанады, жуды, ысты. Осы сөздерді күрделі етістіктерге айналдырып жазады: жайнап тұр, жайнайды екен, жайнап отыр, т.б.



Жаңа сабақты қорытындылау

Дара, күрделі етістіктер туралы түсінігін бекіте түсу үшін оқу-әдістемелік кешендегі «Қызықты грамматика», дидактикалық материалдар мен диктанттар жинағынан тапсырмалар орындатылады.



Үйге тапсырма беру

4-жаттыру.



Сабақтың тақырыбы: Ұшқан ұя. Бауыржан Момышұлы. Әдебиеттік оқу.

Сабақтың мақсаты:

Білімдік: батырдың балалық шағы немесе жалпы ол туралы не білетіндерін ескере отырып, мәтінді өз бетімен оқып, талдап шыруға мүмкіндік беру.

Дамытушылық: оқушыға өздік жұмыс жасату арқылы оның оқулықпен жұмыс істеу мәдениетін көтеруге, проблемалық мәселелерді шешудегі іскерлігін арттыруға жағдай туғызу.

Тәрбиелік: отбасындағы қағидалар туралы ой қозғау арқылы мейірімділікке, қамқорлыққа, ұлттық дәстүрімізге бала көзқарасын қалыптастыруға, сана-сезімді биіктетуге ұмтылу әрекеттері.

Сабақтың көрнекілігі және қажетті құралдар: батырдың портреті, альбом, тақта, бор, маркер, плакат, жазушы туралы және батырдың өзінің кітаптарынан ұйымдастырылған көрме, топтау сызбасы.

Сабақтың барысы:

Үй тапсырмасын тексеру мұғалімнің өз шешімі бойынша жоспарланбақ. Дегенмен ол жұмысты жаңа сабақпен қиыстырып, шебер байланыстырса, ұтымды болған болар еді.



1. Қызығушылығын ояту.

а) ...Иә, балалар, жақсы адамдар жанымызда жүргенде оның жақсылығы айтылмай, ол мүлде байқалмай да қалуы мүмкін. Мысалы, батырларды мақтан етеміз. Сендер қандай батырларды білесіңдер? (Балалардың сөздері ықыласпен тыңдалады. Тақтаға тізбеленіп жазылады.)

ә) Ал біз бүгін Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабынан үзінді оқимыз. Плакатқа немесе интерактивті тақтаға кесте сызылып жазылады.

Білемін

Білгім келеді

Не үйрендім?



























Сыныпқа жалпы сұрақ қойылады.



  • Батыр туралы не білеміз?

Кестенің бірінші бөлігі оқушылардың айтуы бойынша толтырылады.

- Бауыржан ата туралы тағы не білгілерің келеді? Осы сұрақ кезінде оқушылар балалық кезін білгіміз келеді деуі әбден мүмкін.

2. Мағынаны тану.

- Ендеше, біз бүгін батырдың балалық шағы туралы өзі жазған естелігін оқимыз.



Ескерту: Батыр туралы тағы білгісі келгендерін өздері тауып оқу керектігін айту қажет. Бұл жерде мұғалімге кітап көрмесі қызмет етеді.

Топқа бөлініп оқу өте тиімді, себебі кейбір бала мәтіннің аз бөлігін меңгеру оңай екенін сезініп отырады. Себебі оқушылар өздік жұмыс жасау қабілетіне қарай топталып бөлінбейді де, кейбір баланың үлгеріміндегі ерекшелігін ескеріп, оларға салмақ түсірмеу жағы да қарастырылу керек. Оқушылар бір-бірін тыңдауға дағдыланады да, ойша өзінің оқығанымен байланыстырады, түсінгенін жеткізіп әңгімелеуге тырысады. Кейбір сабақта мәтіннің белгілі бір бөлігі талданбай қалуы да мүмкін. Ол оқиғаның шарықтау шегі немесе ары қарай не болатыны баланы қызықтыратын, оқымай қою мүмкін емес жағдайға дейін әкелу керек те, егер уақыт жетпесе, үйге тапсырма ретінде ұсыныңыз. Ендеше, сіз осы мәтінді балаларға қалай бөліп, оқуға ұсынар едіңіз?

Әр топ өздері оқыған әңгіме бөліміне ат қояды. Мұғалім тақтаға жазып тұрады. Әңгіме бойынша жоспар пайда болады.

- Сонымен, бала Бауыржан кішкентай кезінде қандай болды? Дәптерге оқушылар оқығандары бойынша топтау сызбасын жүргізеді.

Тақтада плакат ортасына Бауыржан сөзі жазылады да, оқушылардың жұмысы жинақталады. Әңгімедегі бала Бауыржанның бейнесі шығады. Әңгімені талдау кезінде жеті атаны білу, үлкенді сыйлау, сөз тыңдау, ата дәстүрін құрметтеу, жыл қайыру сияқты ғұрыптарға мән беру қажет.

3. Ойтолғау.

Оқушылардың өздері де іштерінен «Мен жеті атамды білемін бе?» деген сауалға тап болады. Ал Отанын сүйген адам Қ. Мырза Әли жазғандай қандай болушы еді? Ендеше, ата-баба өсиеттері мен мақал-мәтелдеріне кезек беріп, оқулық бойынша жұмыс жасау ары қарай жалғасады.

Сабақтары барлық жұмыстар аяқталысымен, кестенің соңғы бөлігі - «Не үйрендім?» бөлігі толтырылады. Ол оқушылардың өздерінің айтуымен жазылады. Яғни балалар бүгінгі сабақта өздері үшін не жаңалық ашылғанын анықтайды. Батырдың өз Отанын жақсы көру сезімдерінен шыққан мақал-мәтелдері де бар екені айтылса, батырдың бойындағы қасиеттері ашыла түсер еді..

Сіз не байқадыңыз? Сабақтың 1-кезеңінде пайдаланған сызба, кестелерге сабақ соңында қайта айналып келу сабақ мазмұнын, идеясын ашуға, жүйелі жұмыс нәтижесін шығаруға мүмкіндік береді.


Сабақтың тақырыбы: 5-ке көбейту және бөлу кестесі. Математика.
Сабақтың мақсаты: 5 санымен көбейту бөлу амалдары туралы білімдерін қалыптастыру; көбейту кестесін құру кезіндегі көбейтудің ауыстырымдылық қасиетін пайдалануға үйрету; кері есептер құрастыру және шешу дағдыларын жетілдіру.

1. Ұйымдастыру кезеңі.
2. Психологиялық дайындық.


- Табиғатта күн сәулесі бар. Ол жер бетіне жарық шашып, тіршілік береді. Күнді өзіміз жасап көрейік. Көздеріңді жұмып, жүректерінде кішкентай жұлдызша бар деп сезініңдер. Оған оймен жақындық сезімін әкелетін күн сәулесін бағыттайық. Жұлдызша үлкейіп барады. Сәулені бейбітшілікке бағыттайық. Жұлдызша тағы үлкейді. Сәулені қайырымдылыққа бағыттаймыз, ол одан әрі үлкейе түсті. Мен сәулені денсаулық, қуаныш, жылу, жарық, нәзіктік, мейірімділік жұлдызшаларына бағыттаймын. Енді жұлдызша күн сияқты үлкен болды. Ол бәріне-бәріне жылу береді (қолды екі жаққа жайып, бейнелеп көрсету).

2. Тірек білім, білік, дағдыларын белсендіру.

№6 тапсырма негізінде ауызша есептеуді ұйымдастыруға болады. Бүл 100 көлеміндегі сандарды ауызша есептеу дағдыларын арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар №5 тапсырманы да ауызша орындайды. Алдын ала уақыт бірліктері арақатынастарын (тәулік - сағат, ай - тәулік, сағат - минут, жыл - ай) қайталап алған жөн.

Таза жазу минутын №8 логикалық тапсырма негізінде ұйымдастыруға болады.

Жаңа тақырыпты меңгеруге дайындық мақсатында ауызша есептеуге ойындарды және 2-4 сандарын көбейту және бөлу кестесімен жұмысқа арналған тапсырмаларды кіргізуге болады.

«Математикалық доп» ойыны. Ойынның мақсаты: көбейту және бөлудің кестелік жағдайлары туралы білімдерін дамыту.

Мұғалім балаларға допты лақтырады да, көбейту және бөлуге мысалдар келтіреді. Оқушы допты қағып алып, жауабын айтады, содан кейін допты келесі балаға лақтырады және өз мысалын айтады және т.б.

«Математикалық эстафета». Ойынның мақсаты: көбейту және бөлудің кестелік жағдайлары туралы білімдерін жетілдіру.

Үш бет қағазға көбейту мен бөлудің өтілген жағдайларына әр қатардағы оқушылар саны бойынша мысалдар жазылады. Балалар парақты бір-біріне бере отырып, әрқайсысы бір мысалдың жауабын жазады. Барлық мысалды жылдам, әрі қатесіз шешкен қатар жеңіске жетеді.



3. Жаңа сабақты түсіндіру.

5 санын көбейту және бөлу кестесін балалар №1 тапсырма бойынша құрастырады. Кестені құрастыру кезінде балалар кестені жазуды неге 5x5 мысалынан бастауға болатынын түсіндіре алғаны дұрыс.



4. Бекіту.
Екі сандық қатар қандай тәртіпнен жазылған. Дөңгелектің ішіне тиісті амалды жаз.


5

10

15

20

25

30

35

40

45

50

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

Бекіту үшін № 7 (1-ші және 2-бағандар) тапсырма орындалады.

Тапсырманы шешер алдында көбейту мен бөлу кезіндегі компоненттердің атауларын қайталап алған жөн. Тапсырманың шешуін балалар өз беттерінше жазады.

5. Өткен тақырыппен жұмыс.

№3 тапсырманы мұғалімнің көмегімен ұжым болып орындайды. Кері есептер құрастырып, ауызша шығару керек.



6. Өздік жұмыс.

Өздік жұмыс ретінде №4 және №7 (1-баған) тапсырмалар беріледі.



7. Сабақты қорытындылау.

Мұғалім сабақты қорытуды алдыңғы сабақтарға ұқсас жүргізеді. Балаларға өткен тақырыпты жақсы меңгеру үшін үйге қандай тапсырма берілген дұрыс екендігі туралы сұрақ қойылады (5 санын көбейту және бөлу кестесін жаттау қажет). Үй тапсырмасы: 5 санын көбейту және бөлу кестесін жаттау және №7 (2-баған).



Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең ауылы

82 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі



Сармырзаева Айнагүл Толыбайқызы
1. «Дара және күрделі етістік» Қазақ тілі.

2. «Ұшқан ұя» Бауыржан Момышұлы. Әдебиеттік оқу.



3. «5-ке көбейту және бөлу кестесі» Математика.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет