Тексерілді:
Күні: 26.09.2016
Пәні: қазақ әдебиеті
Сыныбы: 5-сынып
Сабақтың тақырыбы: Ертегілер.«Ер Төстік» ертегісі
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларға ертегілер мен оның түрлері туралы, Ер Төстік ертегісі туралы түсінік беру, мазмұнын талдату;
Тәрбиелік: оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке баулу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу;
Дамытушылық: оқушыларды мәтінмен жұмыс істеуге, өз пікірін қорғауға дағдыландыру, әдебиетке қызығушылығын ояту.
Сабақтың типі: аралас сабақ.
Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ.
Сабақтың әдіс-тәсілі: түсіндіру, сұрақ-жауап, мәнерлеп оқу, әңгімелеу.
Сабақтың көрнекілігі: «Қазақ әдебиеті» энциклопедиясы.
Пәнаралық байланыс: тіл, тарих.
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;
2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;
3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
5. Cабақтың мақсатымен таныстыру.
ІІ Жаңа тақырыпты түсіндіру:
Ертегілер.«Ер Төстік» ертегісі
Ертегілер ауыз әдебиетінің ең көне жанрына жатады. Бұларда көбінесе өмірде сирек кездесетін немесе мүлде кездеспейтін, ойдан шығарылған оқиғалар баяндалады. Ол ауызша айтылып, ел есінде ғасырлар бойы сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып біздің дәуірімізге жеткен. Әр кезеңде ертегі айтушылар өз жандарынан ертегі мазмұнына жаңа оқиғалар қосқан. Сөйтіп ол үнемі жаңарып, толықтырылып, жетілдіріліп отырған.
Халық ерте кезде-ақ әрқашан зұлымдықты әділеттік жеңеді, адам табиғаттың асау сырларын біліп, қолдана алатын болады деп сенген. Жақсы өмірді аңсаған қашықтарға тез жетуді, ғажап күшті болуды, көкке ұшуды, жер асатына түсіп, асыл қазынасын алып, пайдалануды армандаған. Соның бәрі ертегілерге арқау болған. Сондықтан да ертегілерде халық қиялы, арманы, даналығы ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесі бар. Ертегілердің үш түрі бар. Олар:
1. Хайуанаттар туралы ертегілер
2. Қиял-ғажайып ертегілер
3. Шыншыл ертегілер
Хайуанаттар туралы ертегідегі негізгі кейіпкерлер аң, құс, үй жануарлары болады. Алайда олар адамға тән қасиеттер иесі болып суреттеледі де, сол арқылы сұм, қиянатшыл, дөрекі, қу мінез құлықтар әшкереленеді, еңбексүйгіштікті, батылдықты, адалдықты сүйсіне әңгімелейді.
Ал қиял-ғажайып ертегілерде ер жүрек, батыр адамдардың басынан кешкен сан алуан ерлік оқиғалар баяндалады. Олар жеті басты дәумен, жалмауызбен, небір құбыжықтармен күрес үстінде бар асыл қасиеттерімен көрінеді. Олар көкке ұшады, жер астына түседі, теңіздерден өтеді, азабы мол ғажайып оқиғаларды ақыл, айла-тәсілін асырып, жеңіп отырады. Осы жолда оларға Желаяқ, Таусоғар, Саққұлақ, Самұрық құс, Қарлығаш сияқты ізгі ниетті жандар болысады, ақылды ат, алып құстар жәрдемдеседі.
Ер Төстік ертегісі
Жоспар құру. Осы жоспар бойынша бөлімдерге бөлу:
1. Ер Төстіктің дүниеге келуі.
2. Өрмек тоқып отырған кемпір.
3. Ер Төстіктің ағаларын іздеуі.
4. Ерназардың ұлдарының елге келуі.
5. Ерназардың келін алуы.
6. Бекторының тұсау құруы.
7. Ерназардың жалмауыз кемпірдің құрсауына түсуі.
8. Ер Төстіктің достары.
9. Жер асты оқиғасы.
10. Кенжекейдің ақылы.
11. ЕрТөстіктің әкесін құтқаруы.
* Ерназардың тоғыз ұлына келін іздеген жерін тауып оқу.
* Кенжекейдің Ер Төстік туралы жаман ойлап, зарлана бастаған жерін тауып оқу.
ІІІ Түсінік тексеру:
Ертегілерде нелер баяндалады?
Ертегілер бізге қалай жеткен?
Ертегілердің қанша түрі бар?
Хайуанаттар туралы ертегілер деген не?
Қиял-ғажайып ертегілер деген не?
«Ер Төстік» ертегілердің қай түріне жатады?
Ертегінің қандай керемет ғажайыптарын аңғардың?
ІV Сөздікпен жұмыс:
Матау – қатты байлау, бекіту. Мысалы, «түйені матап тастады».
Матаулы – матап байланған, бекітулі.
Жұт жылы – қыс қатты болған жылдары аштықтан, суықтан малдың қырылуы.
Күлдіреуіш – шаңырақтың ішіндегі айқастырып бекітіліп, түйісетін шыбықтары.
Тарғақ – далалы, шөлейтті жерлерде болатын кішкене, сұр түсті құс.
Өрмек – алаша, шекпен тоқу үшін қазыққа керіп, желісі жерге реттеліп тартылған тоқыма құралы.
Тебен – ұзын, жуан ине, жуалдыз.
Бақыр – сұйық зат құю үшін жасалған тұтқасы кішкене ыдыс.
Ас – өлген адамды еске түсіріп, құрметтеу салтында берілетін дәм; түрлі рәсімдер жиыны.
Қылбұрау – қинау, жазалау кезінде санды, тақымды буып, азаптайтын қылдан есілген арқан.
Аяқтандыру – мұнда: балаға әйел әперіп, отау қылып шығару.
Күдер үзу – орындауға, болмасына көзі жетті, түңілді.
Жасау – этнограф.: ұзатылған қызға берілетін мүлік, дүниелік.
Сауыт – оқтан, найзадан сақтану үшін денеге киетін тор көзді кіреуке.
Құт – береке, байлық.
Інген – қос өркешті ұрғашы түйе.
Пері – діни сенім бойынша аспанда, су ішінде тіршілік ететін жамандық пен зұлымдық күштері.
Лашық – уақытша тұруға арналған күрке, сиықсыз, кедей қолды баспана.
Саумал – биенің жаңа сауған, ашытылмаған сүті.
Кездік – қысқа сапты кішірек пышақ.
Көкпек – аласа боп өсетін, дәмі ащы, қатты шөп.
Мүләйімсу – дым білмегенсу, мүсәпірсу, момақансу.
Егеу – металл заттарды егеп, өткірлейтін құрал.
Кісе – күміспен, жезбен әшекейлеп істеген пышақ қыны, шақпақ салатын қалташалары бар.
Торғын – қымбат бағалы жұқа жібек мата.
Араз – тату емес, өкпелі.
Кендір – 1. Сабағының талшығынан арқан, дәнінен май алатын өсімдік;
2. Кендірден есіп жасалған жіп, арқан.
Қулық бие – тұмса құлындаған жас бие.
Жирен – қызғылт сары түс.
Жабы – қазақ жылқысының нашар, қарабайыр тұқымы.
Ептейле – икемдеу, ыңғайлау.
Шақпақ – от шығару үшін пайдаланылатын тас, оттық.
Суат – өзеннің, бұлақтың мал суаратын жері.
Бесті ат – бес жасар жылқы.
V Жаңа сабақты бекіту:
Оқулықпен жұмыс:
1. Ер Төстіктің көмекшілеріне сипаттама жасаңдар.
2. Ертегіден халық тұмысына, сенім-нанымына байланысты әдет-ғұрып, салт-сана көріністерін тауып, әңгімелеңдер.
3. Ертегінің ұнаған жері туралы шығарма жазыңдар.
VІ Үй тапсырмасын беру:
Ертегілер және оның түрлері.
Ер Төстік ертегісі туралы түсінік.
VІІ Оқушыларды бағалау: оқушылардың ынтасына, сұраққа жауап бергеніне қарай білімдері бағаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |