Нұржанова Рима Сұлтанбекқызы
Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы
№24 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Қазақ әдебиеті 10-сынып.
Сабақтың тақырыбы: Ы.Алтынсарин әңгімелері
Сабақтың мақсаты. Білімділік:Ы.Алтынсарин шығармашылығы туралы оқушыларға тереңірек түсінік бере отырып, әңгімелерінің мазмұнын ашу, тақырыбы мен идеясын түсіндіру;
Тәрбиелік: әңгімелердегі кейіпкерлердің іс-әрекетіне таладау жасай отырып, адамгершілікке тәрбиелеу;
Дамытушылық: оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру,ойын әдеби тілмен жеткізе білуге дағдыландыру;
Сабақ түрі: жаңа сабақ
Сабақтың көрнекілігі: Ы.Алтынсариннің шығармашалығына байланысты слайд
Сабақтың әдісі: СТО стратегиялары, сұрақ-жауап
Сабақтың барысы:
І.Ұйымдастыру.
Оқушылармен амандасу, түгелдеу, оқу құралдарын тексеру. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару. Оқушыларды үш топқа бөлу.
ІІ.Үй тапсырмасы.
Зымыран сұрақтар. Әр топқа бөлініп беріледі.
І топ:
1.Ы.Алтынсарин кім?
2. Ыбырайдың ұстаздық жолға аяқ басуына ықпал еткен кім?
3. «Қазақ хрестоматиясы» қай жылы шықты?
4. «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңін жатқа айт.
ІІ топ:
1.Ыбырай қайда білім алды?
2.Ең алғаш рет қай жерде, қай жылы мектеп ашқан?
3.Табиғат тақырыбына жазған өлеңдерін ата.
4. «Өзен» өлеңін жатқа айт.
ІІІ топ:
1.»Қазақ хрестоматиясы» оқулығын жазудағы мақсаты не?
2.Ыбырайдың орыс достарын атаңыз.
3.Әлеуметтік теңсіздік тақырыбында қандай өлеңдер жазды?
4. «Әй, достарым» өлеңін жатқа айт.
ІІІ.Жаңа сабақ.
І.Қызығушылықты ояту.
Әңгіме дегеніміз не? Кластер жасау.
Прозалық шығарма
Шағын көлемді
Сюжетке құрылады
Тақырыбы болады
Ойы болады
Тәрбиелік мәні болады
Әңгіме – шағын көлемді, қара сөзбен баяндалатын көркем шығарма.
ІІ.Мағынаны ашу.
1.Түсіндіру.
Ыбырай Алтынсарин қазақ балалары үшін мектеп ашқан ұлы ағартушы, орыс әдебиеті классиктерінің балаларға арнап жазған шығармаларын қазақ тіліне аударған аудармашы ретінде ғана емес, қазақ жазба әдебиеті тарихында тұңғыш прозашы ретінде ерекше орын алады.. Өйткені Ыбырайға дейін көркем проза қазақ жазба әдебиетінде қалыптаспаған еді. Мазмұны жағынан Ыбырай әңгімелері өз заманының келелі мәселелерін қамтиды. Оның шығармалары жас ұрпақты мейірімділікке, адалдыққа, ізеттілікке, ақылдылық пен білімділікке, еңбекті сүюге тәрбиелейді.
Ыбырайдың шығармаларын оқи отырып, ол өз заманының беталысын анық аңғарғанын, халық өмірін жаңа арнаға салуда білім мен тәрбие мәселесі қатар жүру керектігіне назар аударғанын байқауға болады. Оның шығармалары қысқа мазмұнды, балалардың түсінуіне жеңіл. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, мақал-мәтел мен афоризмдерді орынды қолдану, әр әңгіменің тағылымдық мәніне ерекше көңіл аудару Ыбырай шығармаларының өзіндік ерекшеліктері болып табылады. Шығармалары мазмұны жағынан да, түрі жағынан да балалар әдебиетіне қойылатын талаптарға сай келеді.
Ыбырай әңгімелері:
1.Еңбексүйгіштік тақырыбындағы шығармалары:
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Әке мен бала», «Асыл шөп», «Қыпшақ Сейітқұл» т.б.
2.Тәрбие мәселесіне арналған әңгімелері:
«Бақша ағаштары», «Талаптың пайдасы», «Мейірімді бала», «Аурудан аяған күштірек», «Шеше мен бала» т.б.
3.Аудармалары:
«Бір уыс мақта», «Алтын шеттеуік», «Силинчи ханым», «Жаман жолдас», «Қайырымды түлкі» т.б.
2.Ы.Алтынсарин әңгімелерін оқу. Мазмұндау.
І топ. «Бақша ағаштары» әңгімесі
ІІ топ. «Атымтай Жомарт» әңгімесі
ІІІтоп. «Мейірімді бала» әңгімесі
3. «Кубизм» стратегиясы.
1.Зерттеңіз.Ыбырай әңгімелерінің тақырыбы мен идеясын ашыңыз.
2.Салыстырыңыз. Ы.Алтынсариннің «Бақша ағаштары» мен «Атымтай Жомарт» әңгімелерін салыстырып, ортақ қасиетін табыңыз.
3.Қолданыңыз. Жоғарыдағы үш әңгімесі бойынша қандай мақал-мәтел қолданар едіңіз?
4.Байланыстырыңыз. Ы.Алтынсарин әңгімелеріндегі негізгі ойды бүгінгі күнмен байланыстырыңыз.
5.Суреттеңіз. «Мейірімді бала» әңгімесіндегі баланы суреттеп көріңіз.
6.Талдаңыз. Ыбырайдың бір әңгімесіне сатылай кешенді талдау жасаңыз.
4.Сәйкестендіру
Аз жұмысты қиынсынсаң,
Көп жұмысқа тап боларсың «Мейірімді бала»
Еңбек етсең, емерсің «Жаман жолдас»
Тәрбие басы – тал бесік «Атымтай Жомарт»
Өнерлі өрге жүзер «Бақша ағаштары»
Жаман дос – көлеңке «Әке мен бала»
ІІІ.Ой толғау.
І топ: «Ыбырай» сөзіне бес жолды өлең құрастыру.
ІІ топ: «Шағын әңгіме шебері» 5 минуттық эссе
ІІІ топ: Ыбырайға хат жазу
ІҮ. Сабақты бекіту.
Әңгіме деп қандай шығарманы айтамыз?
Ы.Алтынсарин шығармаларының ерекшелігі неде?
Ыбырай шығармаларының басты тақырыптары.
Ыбырай әңгімелерінің тәрбиелік мәні қандай?
Ы.Алтынсарин аудармаларының көркемдік ерекшелігі неде? Ол кімдерден аударды?
Ү.Үйге тапсырма. Ғ.Қайырбековтің «Дала қоңырауы» атты поэмасын оқу.
ҮІ.Бағалау.
Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
Бүгінгі таңдағы мектеп пен мұғалімнің ең басты міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған дарынды тұлға қалыптастыру. Оқушылардың белсенділігі мен танымдық іс-әрекеттері арқылы шығармашылығын дамыту, қажетті жағдайда айрықша шешім қабылдай алатын жеке тұлғаны дайындау, осыған орай оқытуды ізгілендіру мектептің алдында тұрған үлкен міндет екені белгілі. Сондықтан баланың шығармашылығын дамытуда ұстаздарға жүктелер міндет те жоғары. Әр мұғалімнің алдында тұрған ізгі мұраты – өз пәнінен білім беріп қана қоймай, әр баланы шығармашылық бағытқа жетелеу. Шығармашылық дегеніміздің өзі ізденімпаздықтан туады. Негізгі мақсат – баланың өзіне деген сенімін туғызу, өзінен шығармашылық қасиет іздете білу.
Шығармашылыққа баулу, қалыптастыру үрдісі мектептен басталады. Кез келген оқушы мұғалімнің басшылығымен орындаған шығармашылық жұмысының нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін байқайды.
Қазақ тілі мен әдебиет сабағында оқушылардың білім деңгейлерін шығармашылық деңгейге дейін жеткізу мақсатындағы іс-әрекеттердің бірі – шәкірттерге берілетін шығармашылық тапсырмалар. Мұндай тапсырмаларды орындау кезінде оқушы өзі іздене отырып, танымдық білімін молайтып, ойлау жүйесін қалыптастыруға жұмыстанады.
Оқушыны шығармашылық деңгейге жеткізу барысында тапсырманы жеңілден күрделіге қарай сатылап беріп жұмыс істеу орынды. 5-6- сынып оқушыларына мәтін бойынша түсінігін өз сөзімен жазу, суреттеме, шағын әңгіме құрастыру сынды тапсырмалар беруге болады. Бұдан кейін оқыған шығармасы бойынша алған әсерін жазбаша жеткізуге, әңгіме немесе ертегіні өз ойымен аяқтауға үйренеді. 7-8- сыныптарда шығармашылық мүмкіндіктерін еркін пайдаланып, пікір, ой толғау, кейіпкерге хат жаздыруға болады. Төменгі сыныпта осындай жұмыстар жасап жаттыққан оқушы 9-11-сыныпқа келгенде, кең көлемді шығарма жазуға қалыптасып қалады. Тіл мәдениеті мен шешендік сөздерге қатысты берілген шығармашылық жұмыстарды қиындықсыз орындауға қол жеткізеді.
Сабақ барысында өткен тақырыптар бойынша оқушылардың ойларын ашық айтуға, бір-бірімен пікір алмастыруға жағдай туғызу да оның шығармашылық қабілетін дамытуға ықпалын тигізеді. Осы орайда, әсіресе, дебат немесе пікірталас түрлерін қолдану жақсы нәтижеге жеткізері анық. Өйткені мұндай кезеңде оқушының жеке көзқарасы танылып, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуде шығармашылық қабілеті байқалады.
Әдебиет сабағында көркем шығарма кейіпкерін талдай отырып, оның ішкі жан дүниесіне үңіле қарап, сезімін жете түсіну және алған әсерін сөзбен жеткізе білу де шығармашылықты қажет етеді. Кейбір оқушылар мұндай сәтте қатты тебіреніп, өлең жазуға талпынады. Шығармашылықтың негізгі сипаты жаңалық ашуға, жаңа тәсілдер табуға ұмтылу болып келеді. Шығармашылыққа жаңа, тың нәрсе жасау тән. Олай болса, оқушы бұрыннан белгілі, таныс нәрселердің өзінен қандай да бір ерекшелік табуға, оны жаңаша түрде жасауға, ерекше қасиеттерін табуға ұмтылуы тиіс. Сондықтан ол өз бойынан жаңа сарын, жаңа леп іздейді. Ойын жеткізуде тың дүниелерді өмірге әкелуге ұмтылады.
Төменгі сынып оқушыларына ұйқас түрлерін ұсынып, соған байланысты өлең жолдарын құрастыруға тапсырма беру арқылы да шығармашылығын дамытуға болады. Сондай-ақ баланың қиялын дамытып, ойын ілгері жетелеуде түрлі лингвистикалық жаттығулардың да рөлі зор. Сабақ үстінде материалды салыстырып, қарама-қарсы қою әдісі арқылы ұғындыру да өз нәтижесін береді. Мұғалім сабақта әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, балалардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға, өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыру қажет. Әдіс-тәсіл дұрыс таңдалып өткізілген әрбір сабақ оқушылардың қиялын, ойын дамытып, оны жүйелі жеткізуге үйретеді. Түрлі әдістемелік тәсілдер пайдалану арқылы балалардың қабілетіне түрткі болып жұмыс жасау, оны жан-жақты бақылап отыру мұғалім үшін өте қажет.
Оқушыларды шығармашылық жұмыстарға баулуда олардың көркем сөйлеу қабілеті артады, жеке тұлғалық қасиеттері дамиды, өз ойын ашық айтуға дағдыланады. Шығармашылық ізденістері қалыптасады, сауатты, мәдениетті, шешен сөйлеуге үйренеді. Сондықтан шығармашылық жұмыс – оқушылардың ана тіліне, әдебиетіне деген қызығушылығын ояту мен ізденімпаздығын арттырудың ең маңызды бөлігі.
Нұржанова Рима Сұлтанбекқызы
Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы
№24 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |