Сабақтың тақырыбы: Қызылорда. Күрделі сөздердің емлесі. Сабақтың мақсаттары



Дата14.09.2017
өлшемі81,15 Kb.
#32099
Сабақтың тақырыбы: Қызылорда.  Күрделі сөздердің емлесі.

Сабақтың мақсаттары:

1.     Білімділік- Қызылорда облысының әкімшілік,әкономикалық және мәдени орталығы,Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан Қызылорда қаласы туралы таныстырту;

2.     Дамытушылық-берілген мәтінді түсініп,сұрақтарға дұрыс жауап беруге дағдыландыру,жаңа сөздерді меңгерту,сауатты жазуға ,өз бетімен сөйлем құрастыру,мәтіннен есім сөздерді табуға,тіл байлығын,терең ой,шығармашылық қабілеттерді дамыту;

3.     Тәрбиелік-Қазақстанның ірі-ірі қалаларына саяхат жасап,олардың тарихы мен көрікті  жерлерімен танысуға үйрету .Тарихи мұраларды сақтау,қорғау және насихаттауға тәрбиелеу;



Түрі - аралас сабақ

Әдіс-тәсілдері- түсіндіру,сұрақ-жауап,әңгімелесу,тіл дамыту

Көрнектер- слайд «Ежелгі қалалар», «Тарихи-мәдени ескерткіштер»,презентация «Астана»,бейне фильм «Кең - байтақ Қазақстаным»

Сабақтың барысы:

I.                  Психологиялық кезең «Тілек айту»

II. Үй жұмысын тексеру

1.Мәтіннен күрделі сөздерді  теріп жазу

2. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді теріп,түрлерін ажырату.

III. Қайталау кезеңі «Қазақстанның ірі қалалары»

Мұғалім: Біздің қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз?
Қазақстан дейтін менің бар елім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл даланы анам жаспен суарған,

Бұл далада атам қолға ту алған.

Бұл далаға жылап келіп ,уанғам,

Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,

Бұл далада өскен жанда жоқ арман!        (№1 слайд көрсету)

Мұғалім:  Қазақстанның ірі қалаларын атап,олардың халық саны,дамуы қандай?
Қала мәртебесі берілген елді мекендер Қазақстанда көп. Облыстық қалаларда халық саны 50 мыңнан ,аудандық қалаларда 8 мыңнан асуы тиіс.Елімізде Астана,Алматы,Қарағанды,Шымкент,Семей,Өскемен,Ақтөбе,Павлодар,Тараз,Петропавл,Теміртау,Орал,Қостанай,Қызылорда,Атырау,Талдықорған,Көкшетау сияқты қалалар бар.Үлкен қалалар қатарына жату үшін халық саны 10 миллионнан асу керек.Дүниежүзінде мұндай үлкен қалалар 2 мыңдай,ал 100-120 қаланың халық саны бір миллионнан асады. Халық саны 1 миллионнан асатын қала саны Қазақстанда -2, олар:  Алматы және Шымкент.

Әрине,қалаларда өнеркәсіптік өндіріс, құрылыс,қаржы, сауда, көлік, ғылым, білім,мәдениет салалары дамыған болуы керек.

Қазіргі қалаларда күрделі байланыс жүйесі бар.Олар: газ,су,жылу құбырлары,электр желілері,телефон желілері,көлік жолдары, ғаламтор,теледидар,радио.

Қала өмірінде халықты азық-түлікпен, сумен,жарықпен, тазалықпен қамтамасыз ететін, медицина және мәдени-ағарту қызметін көрсететін мекемелер үлкен рол атқарады.



Мұғалім:  Қазақстанның байырғы халқы қандай халық?
   Мәтін «Бірлік пен ынтымақ елі»

Қазақстанның байырғы халқы-қазақ халқы. Қазақ халқының тарихы бай,аса ірі тарихи тұлғалары көп.

Халық туралы білу үшін ең алдымен оның тілін,салтын,тарихын,ұлы адамдарын білу керек. Тарихи тұлғалардың өмірін,ойларын,ісін білсең,қазақ халқы туралы да білгенің.

Әл-Фараби былай деген: «Адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық-қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатында бір-біріне көмектесіп отыратын болса,бүкіл жержүзі осылайша қайырымды болмақ».

Қазақ халқы осындай қайырымды халық. Ол әрқашан мейірімді,қонақжай.

Қазақстан –көп ұлтты мемлекет. Онда 130-дан астам ұлт өкілдері бір-біріне көмектесіп,өзара тату,ынтымақты тұрады.



Мұғалім: Қалалардың келбеті үнемі өзгеріп тұрады.Елімізде қаланың дамуы қазіргі заманғы талаптарға сай жүреді. Сонымен қатар қалалардың тарихи дәстүрі сақталады. Біз қаланың өткен тарихын,көне қалалар тарихын білгенде ғана қала бейнесін толық елесте аламыз. Сондықтан да көне қалалары туралы білу маңызды.
  Мәтін «Қазақстанның ежелгі қалалары»

VI-IX ғасырларда Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қала мәдениеті жақсы дамыды. Көшпенділерден бөлініп,егіншілік пайда болды,тұрақты қыстаулар салынды.Сауда,қолөнер дамыды,жазу қалыптасты,қалалар салына бастады.

Оңтүстік Қазақстанда ең ірі қала Исфиджаб деп саналады,ол кейде Сайрам деп те аталған.

Арыс өзенінің төменгі ағысында Отырар қаласы VIII-IX ғасырлардағы жазба деректерде кездеседі. Ол кейде Фараб деп аталған. Фарабта үлкен кітапхана болғаны жазба деректерде айтылады.

Жетісуда қалалардың өркендеуіне қолөнердің , егіншіліктің, құрылыстың дамуы әсер етті. Осында Тараз қаласы әлемге әйгілі болды. Ол Жібек жолы бойындағы ең үлкен қала саналды. Мерке,Құлан,Талғар сияқты қалалар Жібек жолы бойында орналасып,сауда мен қолөнер орталықтарына айналды.

Тарихи деректерге қарағанда,VI-X ғасырларда Оңтүстік Қазақстанда барлығы қалалар саны-33,Жетісуда-27 болған. (№2 слайд )

 

  «Түркістан қаласы туралы»

Түркістан-Қазақстанның көне қалаларының бірі. Бұл қала еліміздің оңтүстік аймағында орналасқан.Қазір Түркістан- тарихи және түрістік қала. Түркістанға келгендер алдымен Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне барады.Кесененің жанында шығыс моншасы бар. Жер астында 44 бөлмеден тұратын «қылует» аталатын ғибадатхана салынған.Түркістан қаласы Қожа Ахмет Иасауи атымен әлемге әйгілі болған.

Бүгінгі  Түркістан-туристердің назарын аударып отырған қала. Мұндағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде мыңдаған қазақстандықтар жастар білім алады. Түркістан қаласында туризмнің дамуына мүмкіндіктер мол. Туризмді экономиканың бір саласы деуге болады.

Қожа Ахмет Иасауидің кесенесі-ортағасырлық сәулет өнерінің озық үлгісі. Кезінде атақты Әмір Темір данышпан Қожа Ахметтің ақындық сөзіне таңғалады.Көшіп-қонып жүрген қазақтар Әмір Темірдің қылышынан қорқпайды,ал ақынның уағыз сөзіне сенеді. Осыны ойлаған Әмір Темір Қожа Ахметтің құрметіне алыс елдерден ұста,зергер,сәулетші жинайды. Сөйтіп,ақын зиратының басына ғажайып ғимарат орнатуға жарлық берді.Ғимаратты тұрғызу үшін мыңдаған адам қатар тұрып,күйген қышты бір-біріне қолдан беріп,алыстан осы әдіспен жеткізген. Құрылыс іргесін үйір-үйір жылқы айдап,мал тұяғымен қатайтады. Ғимарат 35 бөлмеден тұрады.  Солардың бірі «қазандық»деп аталады.Осы бөлмеде салмағы 2 тонна ,биіктігі-162 см,диаметрі-242 см үлкен қола қазан орнатылған.Тайқазан  7 түрлі металдан жасалған. Оның қабырғаларына араб әріптері мен құран сүреледі,хадистер жазылған. Оған 7 жылқының еті сияды.

Бұл ғимараттың салғанына қанша уақыт болса да, оның өздігінен бір қышы сынбаған,бір шегесі босамаған,сыры кетпеген. (1399 ж)  (№3 слайд)

Мұғалім: Еліміздің  қалалары туралы айтқанда,тарихи-мәдени ескерткіштерді айтпау мүмкін емес.
 Мәтін «Тарихи-мәдени ескерткіштері»

Қазақ даласы тарихи-мәдени ескерткіштерге бай. Батыс Қазақстан аймағында 300-ден астам тарихи-мәдени ескерткіштер тіркелген. Олар көбінесе тастан тұрғызылған әртүрлі құрылыстар.

Аса ірі тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі,Сарыарқадағы Алаш хан кесенесі,Тараз өңіріндегі Айша бибі кесенесі,Жетісудағы Шоқан мемориалы,Алматы қаласындағы Абай ескерткіші,Абай туған жеріндегі Абай мен Шәкәрімге арналған мемориалы,Астана қаласындағы «Бәйтерек»кешені,т.б. жатады.

Тарихи және мәдени ескерткіштердің түрлері көп.Әрбір қалада,әрбір ауылда жергілікті ескерткіштер көптен кездеседі. Олар тарихи-мәдени ескерткіштер болып табылады.

Тарихи ескерткіштер Қазақстан Республикасы Заңдарымен қорғалады. Тарихи мұраларды сақтау,қорғау және насихаттау үшін елімізде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ұйымдастырылған.

Мұғалім: Қай елдің болса да астанасының аты оның мемлекеттік рәмізі  сияқты. Мысалы,Мәскеу десе- Ресей,Лондон десе-Англия мемлекеттерін көз алдымызға елестейміз. Біздің мемлекеттің бас қаласы қай қала? (№4 слайд)
Мәтін «Астана»

Біздің мемлекеттіміздің бас қаласы- Астана. Бүгінде Астаның аты әлемге әйгілі. Астана -болашағы үлкен қала.  Ол-еліміздегі көрікті қалалардың бірі. Ас тана қаласы Есіл өзенінің екі жағында орналасқан.Өзеннің бір жағауында- бұрынғы қала. Ол да жедел жаңарып жатыр.Екінші жағауында-жаңа қала. Жаңа қаланың жалпы көрінісі Қазақстанның тарихын,мәдениетін,халықтық салт-дәстүрлерді білдіреді. Сондай-ақ,қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның күш-қуатын,асыл құндылықтарын көрсетеді. (№5 слайд)



I.                  Жаңа сабақ

1.Сөздікпен жұмыс

А) оқу-аудару

Ә) сөйлем құрастыру

2. Мәтінмен жұмыс

А) оқу-аудару

Ә) талдау (бір-біріне сұрақ қою)

Б)жоспар құру

3. Қызылорда қаласы туралы слайд көру

V. Ереже кезеңі

1. Күрделі сөздерге қандай сөздер жатады?

2.Қай сөздерді біріккен сөздер дейміз?

3. Қай сөздерді қос сөздер деп аталады?

4.Қысқарған сөздер қандай сөздер?

5. Тіркескен сөздерге қандай сөздер жатады?



VI.Дәптерде жұмыс

 

1.     Көп нүктенің орнына тиісті әріптерді қойып,сөз тіркестерін көшіріп жазыңдар.



Сырдария ...зенінің оң жа..алауында;балық ...ңдеу зауыты; су б...геті;тарихи орындар жа...ғыртылды;...нерк...сіп қатынастары; саяси қу...ын-с...ргін қ...рбандары.

 

2.Мәтінді көшіріп жазып,қос сөздердің арасына дефис қойыңдар.

 

Қызылорда қаласы қазіргі таңда үсті үстіне көркейіп келеді. Бас аяғы үш-төрт жылдың ішінде танымастай өзгерді. Шынында,Сыр елі бақ береке қонған,өз сән салтанаты бар өлке. Жылда ақмаржаны үйіліп төгіліп жатады. Соңғы жылдары әлеуметтік экономикалық жағдайы да көтерілді.



 

3.Карточкамен жұмыс

(Құрмалас сөйлемдердің түрлерін ажыратыңдар)

 

*Таудағы шыршаларға алыстан қарасаң,еріксіз таңдай қағасың.



 

*Бірте-бірте туризм саласы қалыптасты,ойткені Алматы тамашалайтын көрікті жерлерге бай.

 

*Ел ордасы Астана қаласына көшсе де,Алматы одан әрі қарқынды дамыды.



 

*Шыңғыс хан шапқыншылығы Алматыны қиратты,бірақ қала қайта өркендеді.

 

*Ер Төстік жыланды өлтіріп,Самұрық құстың алтын жұмыртқасын аман алып қалады.



 

* Құрылыс іргесін үйір-үйір жылқы айдап,мал тұяғымен қатайтады.

 

* Бұл ғимараттың салғанына қанша уақыт болса да, оның өздігінен бір қышы сынбаған,бір шегесі босамаған,сыры кетпеген.



VII. Үй тапсырмасы -142 бет

1) берілген сөз тіркестерін  қазақша айтыңдар;

 2) хабарламаны жалғастырып жазыңдар;

3) Қызылорда мәтінді мазмұндаңдар;



VIII. Қорытынды. ( «Кең-байтақ Қазақстаным» бейнефильм көрсету)                     

   IX. Бағалау.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет