Байланысты: Абайтану 9-с.сабак жоспары Office Word (3)
Мұғалімнің қосымша түсінік толықтыруы Абай әкесі Құнанбайдың 41 жасында туған. Ақынның өз шешесі - Ұлжан. Тегі Құнанбай көп қатынды болған. Үлкен қатыны қыздай алған — Күңке. Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжан — ол Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалындық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі — Айғыз. Одан Қалиолла, Ысмағұл деген балалары болған. "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтін Абай өлеңінің мәнісі осы. Төртінші әйелі — Нұрғаным. Бұдан бала болмаған. Күнкенің жасы Құнанбайдан үлкен екен. Берірек келгенде жасы ұлғайып, күйеуін күте алмайтын болған соң, Құнанбай Ұлжанның қолына шыққан. Бірақ Ұлжаннан туған балаларының бәрі бірдей өз шешесінің қолында тәрбиеленбеген. Үлкен баласы Тәңірбердіні жас күнінде Өскембай қолына алып өсіріпті. Ысқақты Құдайбердімен бірге Күнкенің қолында өсірген. Күнке ерте уақыттан бөлек ауыл болып кеткен. Ұлжан мен Айғыз бір ауыл болып, Құнанбай осылармен тұрған уақытта, екі шешесінің ортасындағы тел баласы кішкене Ыбырай болады. Бұл екі шешесінен кейінірек Оспан, Ысмағұл деген екі бала туған. Бірақ бұлардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы Қалиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешесінің ортасындағы жалғыз баланың қалпында өткізген. Екі шешеге бірдей бала болып жүргендіктен, сол кездегі үлкендері Абайға "Телқара" деп ат қойыпты. Кейін Абай ер жеткен уақытта бірталай жеңгелері ертеден қойылған атпен "Телқара" дейді екен.