Баласы Тұрағұлдың әңгімесінен
Мен бала шағымда әкемді танығанда: жүзі жарқын, ажары сыртында, көзі өткір; ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді. Мәжілісі қызықты. Ойын, сауықшыл, дастарқаны аса мол еді. Бір істі қызықтап отырғанды іздейді. Жай шаруасын ғана істеп отырмайды. Маған десе бала болсын, я үйіндегі қызметкер қатынның да болсын бір тәуір мінезін тауып отырар еді. Сүймеген адамымен ешуақытта жылы ұштаса алмайды. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, сол мезгілін абақтыдай көруші еді. Сыпайылық, сыйлық қылып, әдептіленіп, аяғының басынан, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамды жақсы көрмейді. Жарқын жүзбен, ашық көңілмен қытықсыз келетін адамды аңсап, сағынып, ондай адамды көргенде не баласы, немесе туысқаны, бауыры келген кісідей қуанып қалар еді.
Менің бала кезімде әкем қандайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да қытығына тисе, ашуы тез келгіш болатын. Сондай мінезінен ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілденіп, қорғаныштары кеуделерінен кетпей, қымсынып жүруші еді.
Өзім білген мезгілден бастап үйде отырғанда бірталай уақыттарын тоғыз құмалақ, дойбы сияқты ойындар алатын. Сонда таңертеңгі шайды ішкен соң бауырына жастығын алып, алдына құмалағын құрғызып, ойынға кіріп кетеді. Күндізгі келген ел арасының бас адамдары да ойынға кіріп кетеді. Құмалақтан кезек тимеген, я құмалақтың ойынына жаттықпаған іні, балалары секілділері өз алдына дойбы, карта сықылды ойынның дүкенін құрады. Сонымен бір шет елдің қабілетті адамы келіп қалмаса, я бір үлкен жұмыс кездесіп қалмаса, ертелі-кешкі тамақтарынан басқаға бұрылмай, ойнап жатысады.
Бері келіп кітапты көп оқитын болған соң, уақытының көбін кітап алатын болды. Бірақ кейбір күндерде я кітапқа, құмарлыққа түсіп кетпесе, біреуге ертек айтқызып, я өзі айтып отыратын еді. Біреуге айтқызғанда: есітпеген ертегісіндей ынтасын сала тыңдап, бір сөзін қақпай, әбден айтып болған соң, айтушының адасқан жері болса қайтадан өзі айтып, түзеп беруші еді. Қазақтың ертегілерінде есітпеген, білмеген ертегісі кем шығар. Сонда: "қазақтың ескі ертегісінен, бұрын қай жерлерде жүргені; көршілес, күндес елдері қай жұрттар екені; діні, білімі қандайлық кезде шығарғаны, елдің ескі салты, арманы, кәсіп-қаракеті не екені көрінеді" деуші еді.
Достарыңызбен бөлісу: |