«Тақырып қандай?» әдісі. Жаңа сабаққа уәждеме жүргізу. Оқушыларға бірнеше суреттерді ұсынып, сабақ тақырыбы қандай болуы мүмкін екендігін болжауды сұраймын. Оқушылар болжау жасайды.
Сабақ мақсаты таныстырылып, өтілетін жаңа тақырып аясында талқылау жүргізіледі.
1-тапсырма.
Мәтіннің құрылымдық ерекшелігін сақтай отырып 30-40 сөзден тұратын аннотация жазыңыз. (Жинақы мәтін жазуға қажетті ақпараттар беріледі) Бас әріппен жазылатын күрделі атауларды анықтаңдар
Көне түркі руника жазуы
Алфавиттік жазудың пайда болу тарихы, шығу тегі өте күрделі әрі шешілмеген жұмбақтарға толы. Өйткені алфавиттік жазу дүниежүзі мәдениетінің қол жеткен орасан зор табысы болса, бұл мәдени мұраға біздің ата-бабаларымыз да өзіндік үлес қосып, келер ұрпаққа мирас еткен. Алғашқы әріп жазуының бір тармағы руникалық көне түркі алфавиті болып табылады. Бұл алфавитпен жазылған ескерткіштер – көне түркі тайпаларының жоғары тіл мәдениеті мен білім өресінің ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіші.
Осы ескерткіштердің бүгінде мәлім болған аймақтары Сібірдегі Енисей, Лена өзендерінің аңғарлары, Моңғолиядағы Орхон, Онгин, Селенга өзендерінің алқабы, Орта Азия мен Қазақстандағы Талас пен Сыр бойы, Ертіс пен Іле қойнауы екені айқындалып отыр. Мұндағы жазу таңбаларын ғалымдар алғашқы табылған жердегі өзен аттарымен «Орхон-Енисей жазуы» немесе сыртқы нұсқалық көрінісі жағынан Скандинавия руналарына біршама ұқсас болғандықтан, оның «құпия» таңбаларына балап руникалық деп атап кетті.
Талай ғалымдарды тамсандырып, сырын ішке бүккен асыл мұраның әлі де айтары көп екені даусыз. Көне түркі руникалық жазуы – дүниежүзілік мәдениетпен ұштастырып, тамыры тереңде жатқан асыл қазына.
Көне түркі тіліндегі руникалық жазуларды тек тастарға қашау әдісімен ғана емес, үй жиһаздары, түрлі бұйымдарға да ойып жазылғандығы айқындала түсті. Сазбалшықтан ыдыс-аяқтар мен құмыраларға кескінделген руникалық бірнеше жазулар Ферғанада және Дон өзенінің құйылысынан табылды. Алтай мен Хакасиядағы ескі мола-қорымдарды қазғанда археологтер алтын, күміс табақтар мен құмыра, тостағаншаларға және күміс қапсырмаға ойылған руникалық жазулардың куәсі болды.
Кең тараған руникалық жазудың VIII-IX ғасырларды қағазға жазылған нұсқаларын Шығыс Түркістаннан ХХ ғасырдың бас кезінде ұйымдастырылған археологиялық экспедициялар айқындады десек, Алатаудың оңтүстік өңіріндегі Талас алқабынан ағаш таяқшаға ойып жазылған нұсқасы табылды.
Руникалық көне түркі алфавитінің құрамында 35 әріп бар. Жазудың бағыты оңнан солға қарай оқылады. Көне грек жазуы да ең алғашында оңнан солға қарай, екінші жолы солдан оңға қарай жазылатын гректің «бустрофедон» деген жазуы пайда болған.
Көне түркі жазулары, негізінен, осылайша оңнан солға қарай жазылғанмен, Енисей өзенінің бойындағы бірен-саран ескерткіштерде керісінше солдан оңға қарай жазылатын нұсқалары да кездеседі.
А.Аманжолов
Дескриптор
-мәтінді мұқият оқиды;
-мәтін бөліктерінен ақпараттар жинақтайды;
-мәтіннің құрылымын сақтап, аннотация жазады;
Берілген пікір негізінде өз ойыңды жалғастырып жаз.
Шын мәнінде, ешбір халықта жазу мәдениеті қалыптаспаған кездің
өзінде біздің бабаларымыз өз тарихын тасқа қашап жазып кеткен. (Олжас Сүлейменов)
|