"Күз" Абай Құнанбаев
Қазақ тілі және әдебиеті
Мәнерлеп оқуға үйрету бойынша ашық сабақ
Сабақтың тақырыбы: «Күз» Абай Құнанбаев
Сабақтың мақсаты: күз туралы А. Құнанбаев өлеңімен таныстыру; лирикалық өлеңді мәнерлеп оқуға үйрету; оқушылардың эстетикалық қабылдау сезімдерін дамыту; сөзбен сурет сала алу, қиялдай білу біліктіліктерін дамыту; табиғатқа, көркем әдебиетке, ана тіліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Көрнекілік: күзгі дала суреттерінен слайдтар, аудиожазба, музыка,
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру, тілдік жаттығу
Дем алуды жақсартуға арналған жаттығу «Маса»
Түзу отыру, иықты тік ұстау, қолдарымызды алақандарын бір - біріне қаратып, кеудеміздің алдына ұстаймыз. «Бір» дегенде мұрын арқылы терең үнсіз демалып, қолдарымызды бір - бірінен алшақтатамыз, содан соң ақырын демімізді шығарып, алақандарымызды қосып, шапалақтаймыз. Қолдарымызды қосқанда (З) дыбысын айтуымыз керек.
Дем алуды жеңілдететін жаттығулар.
Ааааа уууу
Ннннмммммм
Артикуляциялық аппаратты жақсарту жаттығулары
Қаз маңғаз
Маңғаз қаз,
Әр қаз маңғаз.
Қарындашымды
Қарындасыма бердім.
Қарындасым
Қарындашымды
Қасымға берді.
1. Әрбір дыбысты анық айтып, баяу оқыңдар;
2. Тез оқу.
3. Өте тез оқу.
«Образбен айту» Күз де келіп жетті. Осы сөйлемді мына суреттер бойынша әр түрлі көңіл - күймен айтып беріңдер: « күздің келгеніне қуану»; «күздің келгеніне ренжіу», «күздің келгеніне жылау».
Мимика.
Суреттегі сөздер бойынша балалар мимика арқылы көрсетеді. «күлкі», «қорқыныш», «қуаныш», «жабырқау», «жылау»
1. Слайд - шоу көрсету «Күзгі дала»
2. Суреттер бойынша әңгімелесу
- Бұл суреттерді көргенде қандай сезімде боласыңдар?
Суреттердің мазмұны бойынша балалар өздерінің әсерлерін айтады:
Бұл суреттерде күзгі даланың көрінісі бейнеленген. Аспанды бұлт торлаған, жел ағаштардың жапырақтарын ұшырып әкеткен. Жердегі шөптің барлығы сарғайған, қураған. Құстар баяғыда жылы жаққа ұшып кеткен, тек дала бүркіті ғана ұшып жүр. Орманда да тыныштық орнаған. Бұл күздің соңғы айлары.
3. Өлең мазмұнын ашу жұмысына дайындық.
Бүгін біз күз туралы өлеңмен танысамыз.
- Қалай ойлайсыңдар, бізді бұл өлең қандай көңіл - күйге бөлейді?
Балалар алдын ала қандай көңіл - күй болатынын айтады.
Өлеңнің аудиожазбасы тыңдалады.
4. Өлеңді талдау.
- Сонымен сендердің айтқандарың дәл келді ме?
- Өлең сендерге ұнады ма?
Өлеңнің көңілсіз екендігін біз қайдан білдік?
Енді өлеңді іштеріңнен оқып шығыңдар.
Көз алдарыңа қандай көрініс келеді?
Сөзбен сурет салу. Аспан бұлтты. Жердің бетін тұман басқан. Далада жылқылар шауып жүр. Жерде жасыл шөп жоқ. Жастар да күлмейді, балалар да шуламайды. Ағаштар жапырақтарынан айрылған. Барлық ауылда да көңілсіз. Үйде иттер де жоқ, олар тышқан аулап қаңғып кеткен. Күзеу тозған, шөбі қалың емес.
Бұл өлеңді оқығанда біздің көңіл - күйіміз қандай болады?
Көңілсіз. Айналаның барлығы тыныштық, суық, аспанда сұр бұлт.
Енді өлеңді дауыстап оқуға дайындаламыз. Ойланыңдар, өлеңді қандай көңіл - күймен оқыған дұрыс?
Көңілсіз күйді көрсете білу керек.
5. Мәнерлеп оқуға үйрету жұмыстары:
Өлеңді оқығанда, алдымен ақынның көңіл - күйін түсінуге, соны бере білуге тырысыңдар. Ақынның көңіл - күйі қалай өзгеріп отырады, соған мән беріңдер.
Сонымен бірге, өлеңді мәнерлеп оқу үшін тағы нені ескеру керек?
Ол үшін әр шумақта ақынның сөзбен салып отырған суретін көз алдарыңа елестете білулерің керек, өздеріңді бір мезгіл ақын орына қойып, осының барлығы өз бастарыңнан өтіп жатқандай сезіну керек.
Сонымен бірге өлеңде кідіріс, яғни пауза жасауға да үлкен мән беру керек.
Пауза не үшін керек?
Пауза бір бөлімнен екінші бөлімге асықпай өтуге керек. Пауза тек үнсіздік немесе дем алу үшін ғана емес, ойлану үшін керек.
Өлеңге пауза қойып шығыңдар. Пауза өлең ішінде сөйлемдер арасында, тармақтар арасында шумақтар арасында да болуы мүмкін.
Енді осы айтқандардың барлығын ескере отырып, өлеңді ақырын дауыспен айтуға дайындалыңдар.
6. Жұптық жұмыс. Балалар бір - біріне өлеңді оқиыд, бағалайды.
- Кім өлеңді дауыстап сыныпқа оқып бергісі келеді?
Қорытындылау. Сонымен бүгінгі сабақта біз не білдік? Сабақ қызықты болды ма?
Үйге тапсырма. Өлеңді мәнерлеп жатқа айтып беруге дайындалу.
Достарыңызбен бөлісу: |