Пән: Қазақ әдебиеті Сабақтың түрі: Теория
Сабақтың тақырыбы: М. Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы, 2-том ІІ кітап Тайғақта – Құнанбай қажылыққа жол тартады. Абай мен Ербол Байшораның Бекей ауылында Әйгерімді (Шүкіманды) кездестіреді. Әйгерімге құда түседі.
Жайлауда – Абай ауылына Біржан қонаққа келеді. Оралбай мен Керімбала бір-бірін ұнатып қалады. Бұл сезім Жігітек пен Бөкенші арасында шайқас тұдырады.
Еңісте – Абай Ақшоқыға отау тігеді. Тәкежанның Мақұлбайы қайтыс болады. Оспан мен Нұрғанымның тартысы. Ералыда болыстық сайлау өтеді. Керімбаладан айырылған Оралбай ел бүлдіруді бастайды. Абай каталашкаға түседі. Салтанат оны мың сом төлеп шығарып алады. Лосовский ояз болады.
Оқапта – Дүтбай мен Үмітей тойында Әмір бастауында сал-серілер өнер көрсетеді. Құнанбай Әмірді өлтіре жаздайды. Абай достарымен аңға шығып, жолдан адасып кетеді. Найман ауылында ғашығы Тоғжанды көреді. Асуда – Патша өлтіріледі. Орнына Александр ІІІ отырады. Дәркембайдың дақылдарын Тәкежанның малдары жеп кетеді және жеті жылқысын ұрлап кетеді.
Тарауда – Балқыбекте сияз болады. Семейдің оязы Лосовский келіп, Абай екеуі Көкбайдың арызын көреді. Абай Дәркембайдың отыз малын алдыртады. Салиқа мен Байгөбектің мәселесін шешеді. Абай балаларын орысша оқуға береді. Өзі өлең жаза бастайды.
Биікте – Татьянаның сахарадағы әні жырланады.
Эпилог – Татьянаның әні ел сыртына да тарап, есіткендердің бәрі Абайды мақтаныш тұтады.
«Тайғақта» деген бірінші тарау Құнанбайдың қажылыққа аттануынан басталады. Семейдегі құдасы Тінібектің (Құнанбайдың Ұлжаннан туған Мәкіш деген қызының атасы) үйінен аттанар алдында жолын тосып тұрған Дәркембай Қодардың інісінен туған жетім Дәрменге құн сұрайды. Дәркембай – «Мұсақұл соғысында» Құнанбайды атпақ болған кедей жатақтардың бас көтерер адамы.
Майбасарлар Дәркембайды жолдан ысырып тастамақ болғанда, әкесі үшін
намыстанған Абай араша түсіп, Дәрменге қалтасынан 100 сом беріп, жөнелтіп
салады. Құнанбаймен бірге баратын Ізғұтты – Құнанбайдың баласындай болып
кеткен асыранды інісі. Азан шақырып қойған аты ұмытылып, қарулы, тапқыр
және жолы жеңіл болғандықтан, «Ізі құтты» атанған.
Әкесін шығарып салып, қайтып келе жатқанда Орда тауының етегінде орналасқан Байшора аулына түседі. Жолдан шаршаған Абай мен Ербол тынығып алмақ болып, жатып қалады. Абай әсем әуен үнінен оянады. Ән салған Тоғжан екен деп ұйқылы-ояу далаға атып шыққан Абай ән шыққан үйге Ерболды жібереді. Осылайша, Тоғжан салатын «Топайкөк» әні арқылы Шүкіманмен танысады. Ертеңінде Абай «Керім… Керім… Несін айтасың…» десе, Ербол да «Әй, керім, Әй, керім…», – дейді. Осы сөзден барып, Абай оны Әйгерім атайды. Әйгерім атанған әнші-сұлуға Абай көп ұзамай қыздың да, үй ішінің де келісімін алу үшін Жиренше мен Ерболды жібереді.
Абайдың Ербол сияқты жақсы достарының бірі – Жиренше. Ол – көтібақ Байсалдың немере інісі, Қоңыркөкшеде отырған мамай елінің болысы. Ал Әйгерім – осы мамай елінің қызы. Сөзге шебер, жылпос жігіт Жиренше бұлардың келісімін алып қайтқаннан кейін, Абай енді одан шешесі Ұлжанмен сөйлесіп беруін сұрайды. Ұлжан бұл істі мақұл көрмей, Абайдың өзін шақырып, сөйлеседі. Баласының кейін опық жейтінін айтып, ұзақ сөйлеген Ұлжан: «Ендігісін өзің біл. Өзің ойлап, өзің шеш», – дейді. Абай үндемей кетеді. Біраз уақыт өткен соң, Жақып, Жиренше, Оспан, Ғабитқандар барып, құда түседі.