Бейнелеу өнері пәнінен өткен ашық сабақ жоспары Сыныбы: 3 Сабақтың тақырыбы: Портрет түрлері. Салтанатты портрет. Сабақтың мақсаты: Білімділік: Оқушыларды портрет түрлерімен таныстырып және олар туралы мәлімет беру. Оны бейнелей білуге үйрету. Дамытушылық: Портрет түрлерін ажырата білуге, суретшінің айтайын деген ойын, модульге көз қарасын түсіне білу дағдыларын дамыту. Тәрбиелік: Өнерді қастерлеуге, эстетикалық тәрбие беруге, ұқыптылыққа, сұлулықты түсіне, сезіне білуге тәрбиелеу. Сабақтың түрі: Саяхат сабақ, білік, дағды қалыптастыру сабағы. Сабақтың әдісі: Түсіндіру, сұрақ - жауап, портретті бейнелеу. Көрнекілік: Оқулықтағы иллюстрациялар, белгілі суретшілер жұмыстарынан әр түрлі портреттердің репродукциялары, интерактивті тақта, слайдтар.
Сабақтың бөлігі: І Ұйымдастыру. ІІ Үй тапсырмасын тексеру. ІІІ Жаңа сабақ ІV Оқулықпен жұмыс V Сергіту сәті VI Сарамандық жұмыс. VII Сабақты қорыту. VIII Үйге тапсырма. IХ Бағалау
Сабақтың барысы: І Ұйымдастыру: 1. Сәлемдесу, түгендеу, дайындық, назарларын жаңа сабаққа аудару. Шырылдады қоңырау, Біз сабақты бастаймыз. Партамызға отырып, Өзара көз тастаймыз. Табыс тілеп көзбенен, Жаңа білім алуға, Алға қадам аттаймыз. - Балалар, біз бүгін «Портреттер әлемі» атты көрмеге саяхатқа барамыз. - Осы көрмеге барғыларыңыз келе ме? - Ия. - Қарайықшы көрме ашық па? - Жоқ. - Көрме есігі ашылу үшін, мына тапсырманы орындайық.
ІІ Үй тапсырмасын тексеру: - Үйге қандай тапсырма берілді? - Үйге «Пейзаж» тақырыбына өз бетінше сурет салып келу. - Жарайсыңдар, сабаққа өте жақсы суреттер салып келіпсіңдер, тамаша! (суреттер тақтаға ілінеді)
- Пейзаж деген не? - Пейзаж бейнелейтін қандай суретшілерді білесіңдер? - Жарайсыңдар, енді қараңдаршы көрме есігі ашылды ма? - Ия. - Олай болса, көрмеге қош келдіңіздер! - Балалар, көрмеде қандай суреттер ілулі тұр? - Портреттер - Дұрыс айтасыңдар портреттер. - Портреттер туралы білгілеріңіз келе ме? - Ия. - Олай болса сабаққа қатысып мұқият тыңдап отырайық.
ІІІ Жаңа сабақ: - Біз өткен сабақта пейзаж түрімен танысқанбыз. Пейзажда табиғат бейнесін бейнеледік, ал бүгін біз портрет түрлерімен танысамыз, соның ішінде салтанатты портрет түрімен танысамыз. - Балалар, қараңдаршы көрмедегі портреттерден қандай бейне көріп отырмыз? - Адам бейнесі. - Дұрыс айтасыңдар, портрет өнерінде адамды бейнелейді. Портрет өнері өте ертеде бірнеше мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Ең көне портреттердің бірін, өте ертедегі Египет фараондарының мүсіндерінің бейнелерін айтуға болады. Оны бейнелейтін адамдарды суретші дейміз. Сендер қандай қазақ суретшілерін білесіңдер?
- Қастеев Әбілхан (1904 - 1973) – Қазақстанның бірінші халық суретшісі. Екі мыңнан астам кескіндемелік пейзаждар мен портреттері бар суретші. Осы кісінің атына ашылған Алматы қаласында музейі бар. Мынау Қастеев Әбілханның шығармалары қарап танысайық.
- Балалар, біздің осы Маңғыстау суретшілерінен кімді білесіңдер? - Білмейміз. - Біздің осы Ақтау атақты суретшіміз, ол Айтбай Құлбаев. Оның «Арт» галереясы бар. Көптеген шығармалары, жетістіктері көп кісі. Ол осындай жетістіктерінен кейін тоқтап қалмай, өз өнерін жастарға үйретуде. Оның шығармалары: - Міне, біз көріп отырғандай портреттердің түрлері бар екен. Портреттер бірнеше түрге бөлінеді. - Кәне, тақтаға қарайық; 1. Камералық портрет: Адамның ішкі дүниесін көрсететін, көлемі шағын портрет түрі. Камералық портреттегі модель суретшіні байқамайды, олардың назары мүлдем басқа жақта, табиғи қалыпта тұрады. 2. Топтық портрет: Екі немесе бірнеше адамның суреті бейнеленген портрет. 3. Жұптық портрет: Екі адамның, ерлі-зайыптылар, жақын достар бейнеленген портреттер. 4. Автопортрет: Суретшінің өзін бейнелеуі. 5. Салтанатты портрет: Модельдерді салтанатты, мерекелік түрде бейнелейтін портрет түрі. Модельдердің суретшінің алдына арнайы салтанатты киініп, ұстамды қалыпта тұруы.
- Бүгін біз осы портрет түрлерінің бірі - салтанатты портретпен жақынырақ танысамыз. Салтанатты портреттердің алғашқыларына Мысыр патшаларына - перғауындардың мүсіні жатады. Ал мынау сол замандағы ең сұлу әйел Мысыр патшайымы Нефертитидің кескіні. Ежелгі портреттер көбіне атаусыз табылған. Сол кездегі суретшілер өз тапсырыс берушілеріне жағымпазданып, портреттерін әдемілеп жіберген.
IV Оқулықпен жұмыс: - Балалар, мен сіздерге оқулықтан өте қызық тапсырма берейін, тыңдаймыз ба? - Жақсы, оқулықтарымыздың 125 бетін ашып мұқият тыңдайық. (оқушыларға түсіндіріп, жауабын тыңдату) - Балалар, мына сурет бізге көрінбей тұр, ол көріну үшін мына сиқыр сөзді пайдаланып, серігіп алайық.
V Сергіту сәті: Алдым қолға қарындаш, Бейнеледім суретті. Бояуларды аламын, Қыл қаламмен саламын Суретімді болған соң, Үлкен бестік аламын. - Суретіміз көрінді ме? - Ия. - Бұл сурет қандай портретке жатады? - Салтанатты портретке. - Олай болса, біз қазір осы суретті бейнелейміз.
VІ Сарамандық жұмыс: Салтанатты портрет Ұлттық киім киген қыздың бейнесін бейнелеу
VІІ Қорыту: 1. Портрет көрмесі ұнады ма? 2. Портрет дегеніміз не? 3. Портрет нешеге бөлінеді? 4. Көрмедегі суреттерге қараңдаршы, портреттердің қай түріне жатады? 5. Сіздерге бүгінгі сабақ ұнады ма?
VІІІ Бағалау: - Жарайсыңдар балалар, бүгінгі сабаққа өте жақсы қатыстыңыздар. Көп - көп рахмет! (сабаққа қатысып, жақсы бейнелеген балаларды бағалау)
ІХ Үйге тапсырма: 1. Суретті аяқтап келу. 2. Суретшілер туралы мәлімет жинап келу.