Проблемалық оқыту технологиясы - оқушылардың іс-әрекеттік белсендіру және күшейту негізіндегі педагогикалық технологиялардың бірі.
Проблемалы оқыту технологиясы – бұл проблемалы жағдайларды, оқушылардың белсенді танымдық қызметін ұйымдастыруға негізделген технология.
Проблемалық оқыту - проблемалық ситуация туғызу мен оқушылардың оқу проблемасын дербес шешулері бойынша іс-әрекеттерін басқару болып табылатын оқыту түрі. Проблема деп шешілуі оқушылардан білім алу үшін белгілі әрекеттерді талап ететін есептердің, тапсырмалардың, теориялық немесе тәжірибелік мәселелердің әр түрлілігін түсінуге болады. Бұл оқыту оқушы ойына, пікір қайшылықтарына дұрыс бағдар жасай отыра, жауап табу әдістерін үйретеді. Әдетте, оқытудың бұл түрі жаңа оқу материалын түсіндіру кезеңінде қолданылады. Проблемалық оқыту оқушының репродуктивті, продуктивті және шығармашылық қызметін жетілдіруді көздейді.
Проблемалық оқыту теориясын В.Т. Кудрявцев, И.Я.Лернер, М.И.Махмутов, А.М.Матюшкин, М.Н.Скаткин өз еңбектерінде жан-жақты зерттеген. Проблемалық оқыту теориясының негізін қалаушылар оқудағы ойлану қызметі тек қана жаңа білімді меңгеріп қана қоймай, сол мақсатқа жетудің жаңа тәсілдерін де үйрену деп есептейді.
М.И.Махмутов: «Білім мен білім алу әрекеті арасындағы өзара байланыс оқушы өзі білмейтін нәрсемен танысқанда, оны түсінуге тырысқанда пайда болатын қайшылықтардан шығу жолын іздегенде ғана тығыз болады. Өйткені, ол жаңа білімді игеру барысында ізденіс жасап, әрекет етеді», - деп көрсетеді. Мұндай жағдайдан шығу білімді меңгерудің жолын құрастыру кезінде туындаған проблеманы шешу үшін ойлану қабілетін дамытқанда ғана іске асады.
А.М.Матюшкиннің анықтамасы бойынша, «оқытудағы ойланудың негізгі қызметі тек қана жаңа білім алып, жаңаша әрекет етуге мүмкіндік беретіндігінде. Адам өміріндегі барлық білім жүйесі мен іс-әрекеті оның ойлау қабілетінің нәтижесі. Адамның білімі оның ойлануының көрінісі, яғни негізгі танымдық құралы».