Проблемалық оқытудың мақсаты – ғылыми таным нәтижелерін, білімдер жүйесін ғана меңгеріп қоймай, сонымен бірге бұл нәтижеге жету жолының өзін де, процесін де меңгеру, оқушылардың таным дербестігін қалыптастырып, оның шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Проблемалық оқытудың міндеттері:
- оқушылардың білім жүйелері мен ақыл-ой және практикалық қызмет тәсілдерін меңгерту;
- танымдық дербестігі мен шығармашылық қабілеттерін дамыту;
- оқушылардың өз бетінше ойлау қабілеттерін дамыту.
Проблемалық оқытудың теориялық негіздері. Проблемалы оқыту кезінде мұғалімнің жетекшілігімен проблемалы жағдай жасалып, оқушылар оны шешуге белсенді түрде қатысады, осы іс-әрекеттің нәтижесінде оқушылар кәсіби білімді, дағды мен біліктерді меңгеріп, ойлау қабілеттерін дамытады.
Педагогикалық проблемалы жағдай белсенділікті оятатын әрекеттердің, таным объектісінің жаңалығын, маңыздылығын, сұлулығын және басқа да ерекшеліктерін айқындайтын мұғалім сұрақтарының негізінде туындайды.
Психологиялық проблемалық жағдай жасаудың өзіндік жеке ерекшеліктері бар. Тым қиын, не тым жеңіл танымдық міндет оқушылардың ойында проблемалық жағдай туғызбайды.
Проблемалы жағдайларды оқу үрдісінің барлық, яғни жаңа тақырыпты түсіндіру кезінде, жаңа сабақты бекіту, тексеру кезеңдерінде ойластыруға болады. Мұғалім проблемалы жағдай (ситуация) туғызып, оның шешімін іздеуге оқушыларды бағыттайды. Сөйтіп, бала өз оқуының субьектісіне айналады, соның нәтижесінде бала жаңа білімді игеріп, әрекет әдістерін меңгереді, белсенділіктерін жетілдіреді, пәнге деген қызығушылықтарын арттырады, пәннен терең білімділіктерін дамытады. Оқушылардың ғылыми тұрғыдан ойлау дағдылары қалыптасады. Көтерілген мәселе бойынша ақпарат құралдарының мәліметтерімен, кітапханадағы қосымша әдебиеттермен, энциклопедиялық сөздіктермен, т.б. жұмыс істей отырып білім қорларын молайтады. Қозғалған мәселе бойынша бір-бірімен ой бөліседі, өз көзқарастарын білдіреді, оны дәлелдейді. Проблемалық жағдайларды шеше отырып, оқушылар өз беттерінше саралап, түсініп, игеріп, талдап, баға береді.
Проблемалық оқыту жағдайындағы мұғалімнің қызметі мынадан тұрады: ол қажетті жағдайда неғұрлым күрделі ұғымдардың мазмұнын түсіндіре отырып, ұдайы проблемалық ситуациялар жасайды, оқушыларға фактілерді хабарлап, олардың оқу-танымдық қызметін фактілерді талдау негізінде оқушылар өздіктерінен қорытындылар мен жинақтауларды жасайтындай, ұғымдарды, ережелерді, теоремаларды, заңдарды тұжырымдайтындай немесе белгілі жаңа ситуацияға өздігінен қолданатындай (ойлап табады, жоспарлайды, әдемілеп жасайды) немесе шындық болмысты көркем бейнелейтіндей (өлеңдер, шығармалар жазады, сурет салады,ойнайды) етіп ұйымдастырады. Соның нәтижесінде оқушыларда ақыл-ой операциялары мен әрекет дағдылары, білімдерді тасымалдау дағдылары қалыптасады, зейін, ерік, творчестволық қиял, ойлап тапқыштық дамиды, жаңа білімдер мен гипотезалар ұсыну және оларды негіздеп дәлелдеу жолымен әрекеттің жаңа тәсілдерін табу қабілеті қалыптасады
Проблемалық оқыту оқушының білетіні мен білмейтінінің арасындағы қайшылыққа құрылып, ол мәселелерді шешуге деген проблемалық жағдаят туғызады. Проблемалық жағдаят оқушының ойлау қабілетін жетілдіреді, өздігінен шешім қабылдауға жетелейді, ізденушілік қабілеті дамиды, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға игі әсер етеді. Оқушының алдына проблемалық жағдаят қою арқылы материалды меңгерту – проблемалық оқытудың басты шарты. Проблемалық оқытуды қолдану үшін мұғалім тақырып бойынша оқушының білім деңгейін және олардың шығармашылық қабілетін ескеруі тиіс. Іріктеліп алынған сұрақтар оқушының жауап беруін талап ететіндей, салыстыру мен талдаудан тұратындай болуы қажет. Проблемалық оқыту оқушының ерекшеліктерін ескере отырып, оның алдына шешілуі тиіс мәселелерді қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |