Тақырыбы: Жұмбақтар әлемінде. 7 класс
Мақсаты: 1) Оқушыларға жұмбақтар және олардың түрлері туралы түсінік
беру, әңгімелеу;
2) Оқушылардың ойлау қабілетін арттыру, сөздік қорын молайту;
3) Халық ауыз әдебиетінің ерекшеліктерін саналарына енгізу. Қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру.
Көрнекілігі: Ребустар, қима қағаздар, әртүрлі жұмбақтар жинақтары.
Сабақтың түрі: аралас
Сабақтың әдісі: сайыс-сабақ
Сабақтың барысы:
Жүргізуші:
– Құрметті оқушылар, қатысып отырған қонақтар! Бүгінгі біздің «Жұмбақтар әлемінде» сайысымызға қош келдіңіздер!
Мұғалім:
- Сайысымызды бастамас бұрын, балалар, әдебиеттен білетінімізді еске түсіріп, жұмбақ дегеніміз не деген сұраққа жауап беріп көрейік.
Ж – жасырын нәрсе
Ұ – шешуі болады
М – ойын
Б – сұрақ
А – ойлануды қажет етеді
Қ – бір адам жасырады, басқалары шешеді
Жұмбақ – халық ауыз әдебиетінің түрі
Мұғалім: - Дұрыс-ақ, балалар. Енді мен сендерге «жұмбақ» сөзінің анықтамасын айтып көрейін. Жұмбақ дегеніміз – таныс, бейтаныс заттардың, қимылдың не табиғат құбылысының сөзбен салған суреті.
Жұмбақта заттар, құбылыстар толық болмаса да, ықшам түрде дөп басып, дәл суреттеледі. Басы артық сөздер атымен болмайды. Мына жұмбақтарды шешіп көрейік:
Қолы жоқ –сурет салады,
Аузы жоқ – тістеп алады. (Аяз)
Үй үстінде жарты қалаш (Ай)
Осы екі жұмбақтың қандай айырмашылығы бар деп ойлайсыңдар?
Бірінші жұмбақ өлең түрінде, екінші жұмбақ қара сөз түрінде берілген екен. Жұмбақтар әртүрлі тақырыптарға құрылады: оқу құралдары, адамның дене мүшелері, табиғат құбылыстары, жануарлар, өсімдіктер туралы, үй жиһазы, техника туралы және т. б.
Жүргізуші:
- Ерте заманнан бері адам табиғат сырларын ашып,үйрену үшін әуелі балаларына жұмбақ шешкізіп үйреткен. Қазақ ауылында жатар орынға үй-іші болып жиналып, үлкендер бүлдіршіндерге ертегі, аңыз, ата-бабаларымыздың басынан өткен тарихи-жауынгерлік оқиғаларды баяндап беретін болған. Мұндай кезде жұмбақтар да айтылып, шешілетін. Жұмбақ шешуде ешкім де қағыс қалмаған.
Жұмбақ шешу дегеніміз – ақыл алғырлығын сынасу.
Жұмбақ шешу дегеніміз – балаларды ой жүйріктігіне,табан астында тапқырлыққа баулу.
Мұғалім: - Ендеше, балалар, сайысымызды бастайық! Бұл сайыста сендерге тек жеңіс тілейміз. Өз білімдеріңді жан-жақты көрсете біледі деген сенімдеміз.Қай топ көп жұмбақ шешсе, сол топ жеңіске жетеді.
І сайысымыз – «Өз жұмбағым». Екі топ бір-біріне жұмбақ жасырады.
ІІ сайысымыз – «Әртүрлі тақырыпта» Топ басшылары қима қағаздарды алып, қандай тақырыпқа жұмбақ шешетінін анықтайды. Берілген тақырыптар: Оқу құралдары
Жануарлар туралы
Табиғат құбылыстары
Адамның дене мүшелері
Жүргізуші: - Жұмбақтар құрылыстарына қарай ребус, метаграмма, анаграмма, кроссворд болыпта бөлінеді.
ІІІ сайысымыз – «Метаграммалар»
Жазда өсіп,піседі,
Дәмі тәбет ашады.
«Қ» орнына «Ж» қойсаң,
Көктен тамып түседі,
Жердің шаңын басады.
(Қауын -Жауын)
Жатам құстар тобына,
Азығымын адамның.
«Ы»-ны қоссаң соңыма,
Жылқы етімін – тағаммын.
(Қаз - Қазы)
Қыста суды қаптаймын,
Бірақ жазда жатпаймын.
Алғашқы әріп ауысса,
Онсыз тамақ татпаймын.
(Мұз - Тұз)
«Т»-дан бастап оқысаң,
Төлі болам пырақтың.
«Т»-ны сызып тастасаң,
Көкте қалған орақпын.
(Тай – Ай)
Жүргізуші: - Жарайсыңдар балалар! Келесі сайысымыз – «Ребустар сыр шертеді». Екі топқа екі-екіден ребустар беріледі, онда мақалдар жасырылған, шешіп көрелік.
Жасырылған мақалдар: «Піл күшті,
Піл күшті емес, тіл күшті»,
«Еріншектің ертеңі бітпес»,
«Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры»,
«Өз елің – алтын бесік»
Жүргізуші: - Рахмет, балалар! V сайысымыз – «Ұйқасын тап» деп аталады.
Мен айтқан сөйлемдерді аяқтайсыңдар.
Өзінше ноян,
Қорқақ кім?.. Қоян.
Шабақ аңдып жағада,
Шарқ ұрады ... Шағала.
Сылдыр қағып,таудан құлап,
Жатыр ағып, мөлдір ... Бұлақ.
Тұмсығымен шымшып,
Құрт тереді ... Шымшық.
Орыннан-орынға ауысқан,
Ұшқалақ қарала ... Сауысқан.
Жүгіретін қуанып,
Бала біткен андыздап,
Қандай тәтті ... Балмұздақ.
Жүргізуші: - Соңғы VI сайысымыз – «Ұқсас атаулар» сайысы.
Бірі – ағаш кесу құралы,
Бірі – шырынды бал бұлағы
(Ара)
Санасаң,
Бір үйде төртеуі бар.
Қаласаң,
Ауызды өртейтін нәр.
(Бұрыш)
Жел соқса,
Жайқалып толқиды,
Ел оқыса,
Тұла бойың балқиды.
(Өлең)
Бірі – ыдысқа керек,
Бірі – жүріске керек.
(Аяқ)
Жүргізуші: Осымен балалар, сайысымыз аяқталып, өз мәресіне жетті. Сөз кезегін қазылар алқасына береміз.
Жеңімпаздар марапатталып, дипломдар табыс етілді.
Жүргізуші: - Сайысқа белсене қатысқандарыңыз үшін рахмет!
Сау болыңыздар.
Жалпы білім беретін А.Оразбаева атындағы негізгі мектебі
«Жұмбақтар сайысы»
(тәрбие сағаты)
Өткізген: 7 – сынып жетекшісі
Н.Н.Шампиев
|
Достарыңызбен бөлісу: |