Сахиев Жүніс. Су әлемінің саздары. ғылыми-фантастикалық роман. «Фолиант» баспасы, Астана – 2008



бет15/39
Дата26.01.2018
өлшемі9,74 Mb.
#34042
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   39

Шындыққа айналған түс

Раушан бүгінгі түнді де шала ұйқымен өткізді. Өзін-өзі алдандырып әрі шаршату үшін түннің бір мезгіліне дейін стереотеледидар көрген. Онан берілген түрлі қызықты хабарлар көңіл-күйін әжептеуір көтерген. Көңілді концерттер де бір жасағандай еткен. Тек бір мезетте стереотеледидардың экра­ны жыбырлап, қарайып, әлгі концерті аяқ астынан зым-зия жоғалды. Алғашында ештемені түсінбеген Раушан: «Стансадан болар. Түзелер»деп үміттенген. Бірақ телехабар жуық арада түзеле қоймады. Раушан жастыққа сүйене қисайып, экранға қарай-қарай бір кезде екі көзінің жұмылып бара жатқанын да байқамай қалған еді. Кенет күтпеген жерден экранда «Жайын» кемесі пайда болды. Содан соң ішкі жағы көз алдына келе қалды. Кеменің ғажайып фойелері, дәліздері мен адам демалатын каюталары, ғалымдар жұмыс жасайтын бөлімдер өз ретімен көрініс тауып келеді. Раушан сол сәтте басын жастықтан қалай тез көтеріп алғанын байқамай да қалды. Енді бір сәтте тұла бойы дірілдеп, жаураған, тоңған адамша қалш- қалш етті. Аяздан тонғандай тісі-тісіне тимей кететін де түрі бар. Мұндай қорықпас па? Сонда да болса Раушан іштей өзін тәубеге шақырып, сабырлылық сақтады. Сабырлық сақтағаны ғалым сақшылардың бейнетелефон соққандарын түсінгені еді. Егер экранда «Жайын» емес, басқа бір дене көрінген бол­са, оның саусақтарының ұшы әлде қашан басқа түймелерді нұқып үлгерген болар еді.

Бұл жолы өйтпеді. «Жайын» кемесі көзіне оттай басылды. Алғашында: «Ғалымдар менің уайымымды ойлап, мынандай телехабар жасапты-ау» деп те қуанып қалған. Артынша бос каюталарды көргенде екі алақанымен бетін жауып, экрандағы көріністерді саусақтарының ара-арасынан ғана сығалап бақылауға көшті. Көрініс тоқтаусыз өтіп жатыр. Енді бір кезде көрініс зерттеу жүргізетін орталық бөлімге жетті. Рау­шан екі алақаның екі жаққа қарай ашып, оны анықтап көріп алу үшін орындығына жайғаса түсті. Сол кезде барып ол бөлімнен қызу зерттеу жұмыстарын жүргізіп тұрған оөіне таныс ғалымдар көрінді. Сол мезетте Раушан да елең ете түсіп, олардын арасынан сағынып-сарғайып көптен күтіп жүрген жар дегендегі жалғыз ері Айдынбекті дереу іздей бастаған еді. Бірақ ол ол жерден көрінбеді. Раушаннын жас жүрегі дүрсілдеп ала жөнелген. Не істерін білмей қатты састы. «Кім мұны ма­ған көрсетіп жатқан?», «Не үшін көрсетеді?», «Айдынбек қайда кеткен? Ол өзі бірдемеге ұшырағаннан сау ма? Ол бәрінен де бұрын экран алдында көрінуге тиісті еді», - деп күбірледі жападан-жалғыз отырса да. Ол күбірі мұндай тыныштықта үй ішіне де ап-анық тарап кеткендей болды. Бірақ дәл қазір бір өзінен өзге ешбір пенде жоқ.

Сәлден соң көріністер ауысып, қайтадан бос каюталар көріне бастады. Раушан экранға қарай ентелей түсіп, иегін қос алақанымен тірей қадала қарап отырып қалған еді. Кенет каютаның біріндегі шырт ұйқыда жатқан Айдынбекті анық көрді. Селк ете түсті сол мезетте Раушан. Не болғанын да білмей кетті. Осының алдындағана ол ерінің жайын ойлаған болатын. Енді көзі теледидарда болғанымен ойы сол мұхит тереңіне кеткен. Қызық болғанда, сол ойын біреу сезе қойғандай дәл соны көрсете де бастады. Кеше түнде Айдынбектің төсек үстінде дәл осылай ұйықтап жатқанын көрігі шыққан. Енді сол түсі өңіне айнапып шыға келгендей. Раушан не істерін де білмеді. Бейнетелефон қоңырауын басып, көрші-қоландарды шақырып, мына ғажайып жаңалықты көрсетпек те бол­ған. Бірақ артынша ол ойынан айныды. Түннің бір мезгілінде оларды оятып қайтсін. Ұят емес пе? Неде болса да енді тек өзі ғана көрмекке бекінді. Көрініс әлі өтіп жатыр. Тап кәдімгі арнайы телетілшілер түсіріп алған хабардай. Сәлден соң көрініс басқа каютаға ауысты. Онда ешкім жоқ. Раушан ештемені түсінбеді. Тіпті біраздан сон ол: «Осы, менің есім дұрыс па? Не көріп отырмын? Әлде мұның бәрі тек елес пе? Айдынбекті жібергім келмегені де осы еді ғой», — деп ішінен күбірледі. Әлі де болса шыдап, көріністің соңын күтті. Басқа жасар шарасы да қалмаған еді.

Әлден уақытта көрініс кеменің сыртына ойысты. Қап- қараңғы мұхит теренінде зымырап жүзіп кетіп бара жатқан «Жайынның» сырт пошымы да адам сескенерлік екен. Рау­шан оны бірінші рет көріп отыр. Су астында қай нәрсе де қорқынышты көрініске айнала ма, қалай? Айдынбектердің сондай ортада қалайша қорыкпай жүргендеріне таңданып қойды, Раушан. Ал өзі болса, үй ішінде отырып-ақ шошынған жоқ па? Өзі мұндай көріністі телеэкраннан бере қояды деп қай кезде ойланыпты. Енді оны қаласа да, қалмаса да көріп отыр. Жаңағы Айдынбектің каюта ішіндегі жападан-жалғыз жатқан ұйқыдағы күйі жанын онан сайын шошыта түскен. Бірақ қолынан келер еш шарасы жоқ. Енді қолы Айдынбекке бір жетсе, бұдан былай мұндай қатерлі сапарға жібере қоймас-ау. Ол кеткен сайын өзіне осындай уәде береді де, ол келген кезде мауқы басылып, қайтадан жұмсарып, бәрін де ұмытып кетеді. Бәрін де кешіреді. Айдынбек мұхит тереңінен алып келген асыл тастар мен ондағы небір қызық көріністерді бейнелеген бейнефильмді көрген соң бәрін де ұмытады.

Осылай отырып Раушан енді бір сәтте ері сол мұхит тереңінен әкелген неше түрлі қызық пішінді жәндіктердің кептірілген қанқаларына да көз тастап алды. Мойнындағы алқа да мұхит тереңінен алынған асыл тастардан тізілген еді. Ал мұндай ғажайып бұйымдар Раушанның бірде-бір құрбысында жоқ. Және оларда ешқашан болған емес. Сол құрбыларының кызығушылығы мен қызғаныштарын есіне түсіргенде, Айдынбектің мұхит асты сапарына бара бергенін де қалайды. Солай бола тұрса да осы жолғы сапарын тоқтатпақ болып та әрекеттенген. Бірақ онысынан ештеме де шыққан жоқ. Ай­дынбек тіпті, Академия басшысын да тыңдамаған. Ендігі жалғыз қалғаны, мынау. Раушан орнынан еріксіз түрегеп кетті. Теледидар экранына төне түскен. Бар кереметте тап осы кез­де басталды.

Жаңағы көріністер күрт өзгерген. Мұхит астының көрінісі де, «Жайын» да экраннан ғайып болды. Экран беті қайтадан жыбырлауға көшкен. Бірақ Раушан оны сөндіруге асықпады. Аралық басқару пультін сұқсаусағымен баспады да. Бірақ өзін біреу тап осы жерге қадап қойғандай қозғалмай тұр. Те­ледидар экраны жиі жыбырлауда. Мұндайда батылдық та қажет. Раушан енді қолындағы кішкене панельдің қажетті бір - екі түймесін сұқ саусағымен нұқып-нұкып қалды. Ондағы мақсаты жаңағы көріністерді қайта әкелмек-ті. Бірақ ол қайдан енді қайталана қойсын. Өтті — кетті. Раушанның бұл әрекеті ештемені түсінбейтін жас баланын әрекетімен бірдей еді. Оны Раушанның өзіде түсінді. Бірақ дәл қазір ол қандай әрекетті болса да жасауға дайын. Тек Айдынбектің жағдайын анық көре алса болғаны. Енді онан да айрылды-ау. Жоқ, жағдай күрт өзгерді. Сәлден соң экраны жыбырлаған теледидардың дыбыс күшейткішінен өзі өмірінде естіп көрмеген бір әуен естіле бастады. Тамаша әуен. Тереңнен ойлап қараған адамға, күй сазы секілді көп нәрсені аңғартатын да секілді. Су астының дыбыстары сан алуан болып келеді емес пе?! Рау­шан ондай әртүрлі дыбыстарды күшейткіштен, бейнетаспадан талай рет тыңдаған да. Айдынбек түсіріп әкелген бейнефильмнің өзі неге тұрады. Балықтардың өздері де неше түрлі дыбыс шығармай ма? Олар жемін көргенде, жауынан қорғанғанда, ұрық шашқанда әр түрлі дыбыс береді. Ол ғылымға о бастан жақсы белгілі жайт. Раушан соларды қаншама рет тыңдап жүрсе де олардың біріне де мән бермепті. Ал мына ды­быс олардан мүлдем бөлек сияқты. Айдынбек айтқан елес- кыздың әуеніндей ме?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет