Сайқымазақ ДҮние



бет2/13
Дата20.06.2018
өлшемі445,2 Kb.
#43996
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Несіпбек Дәутайұлы,

жазушы.

БІРІНШІ БӨЛІМ
ШАНШУДЫҢ БАЛКОНЫ
Шаншу шіркін шіреніп балконнан тост айтып тұр екен деймін. «О заман да, бұ заман, дені-қарны сау адам да балконға шығып бақылдап тост айта ма? Байғұстың шынымен-ақ шатаса бастағаны ма?». Құдайдың құдыреті, түсімде санамды сансыратқан сан-сапалақ оқиғаларға өзімнен-өзім таңғалып жататын бір қызық әдетім бар.

Рахмет, - дейді Шаншу, - Шуылдақ атама ескерткіш қойыпсыңдар. Бірақ шалды есекке мінгізудің не қажеті бар еді? Ұзынқұлақтан Айбардың шығарып жүргені деп естідім. Оныкі таза өзінің атын шығару ғой. Естібай мен Кенжебек те шыбындаған жылқыдай бас шұлғи беріпті...

Шаншуды баяғы Хрущевтің пәрменімен соғылған ескі үйдің балконында тұр екен деймін. Зілдей денесін көтере алмай салмағын бір аяғынан екінші аяғына аударған кезде ескі балкон сықыр ете қалды. «Ау, Естібай атам біздің Шаншу жаңа үй алды деп Кенжебекке ылғи мақтанып отырмаушы ма еді?». Жарымжан балкон бір жамбастап, әні-міні құлайын деп тұр. Шаншу сорлы оны сезіп тұрған жоқ. «Ойпырай, мынандай апатты жағдайға қарамастан беймарал өмір сүре беретін адамзаттың баласы не деген көнбіс еді?!.»

Айналайын, Көркемтай, сен ауылдан қол үзбе. Мен басқаларға қарап бой түзеймін деп мына қураған қу балконға байланып қалдым...

«Мә, Шаншу көкем Демосфен болып кеткен бе? Ішіп алғанда «Шумел камыш...» деп, миды ашытқаны болмаса, аузын буған өгіздей үндемеуші еді ғой».

Әй, сендер мені балконнан былшылдатып қой-е-еп, өздерің аузынан сыңғытып жатқан жоқсыңдар ма?

Балкондағы Шаншудың дорбадай аузына қарап тұрамыз деп Асқар екеуіміздің мойнымыз талып қалыпты. Қолымыздағы әлі ашылмаған бөтелкені көрсеттік. «Жоқ, ішкен жоқпыз» деген белгіміз.

Ал, онда «әруақ риза болмай, тірі байымайды», Шуылдақ атамның ескерткіші үшін алып қоялық.

Шаншу қолындағы бір кесе сүтті (Сүті несі? Бұл кісі арақты қойған ба? Түу, мұны естісе елден бұрын Естібай атам қуанатын болды ғой. Апама айтып «жеті нан» құдайы бергізбесе неғылсын?) аузына апара бергенде, жер сілкінгендей болды да, кенет қолындағы кесесі ұшып кетті. Ағарған шашырап келіп үстімізді аймандай қылды. Жоқ, жер сілкінбепті. Опырылып құлап бара жатқан Шаншу тұрған «хрущевканың» балконы екен.

Шаншу аға...

Айғайлайын десем даусым шықпайды. Шаншу да, балкон да, үй де жым-жылас. Қираған қалдықтардан шаң-тозаң көтеріліп, түтін бықсиды...

Жастық бір жақта, басым бір жақта жатыр екен. Желісіне әрең ілініп тұрған торлама қауындай төсектен салбырап қалған сопақ басты көтеріп тұру оңай ма, мойным ұйып, қозғалтпай қалыпты. «Пыссымылда, пыссымылда...».

Үйдің сыртқа есігі ашық тұр. Бөлмеге су себілген саялы ауладан салқын леп келеді. Қыт-қыттаған тауықтардың табалдырыққа дейін тақымдай түскенін сеземін. Байғұстар үйдің ішіне аңсары ауып, мойындарын созып, қайта-қайта қарағыштағанымен «жә, бір малын кәйтсем екеу қылам деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Естібайдың бір бәлесіне қалармыз» дегендей, өрістерін қайтадан аулаққасалады. Дүниені дүрліктіріп жатқан «құс тұмауынан» бейхабар қызыл әтеш қана нәпсісін жеңе алмады. Табалдырыққа секіріп шығып, қызылды-жасылды мамығы мың құбылған мойнын қылт-қылт еткізген кербез неменің жаны дәліздегі аяқ-табақты салдыр- гүлдір еткізіп бір-ақ тыншыған.



Кіш, әй. Адамды түтіп жейтін шығар мыналар.

Жаздым-жаңылдым дегендей қоқ-қоқтап қаша жөнелген кербез әтешті атамның жыңғыл таяғы сақпандай ысылдап шығарып салды.

Тұру керек шығар. Басқа жер құрып қалғандай ала мысық көрпемнің үстіне шығып пырылдап жатыр. Сілкіп тастадым. Тәтті ұйқысын бұзғанымды жақтырмағандай даусын соза мияулаған мысық қағынып-сілкініп, керіліп алды да атамның мыж-мыж мәсісіне барып оралды. Осы кезде даладан Кенжебектің даусы естілген.

Ай, Естібай, үйдемісің.

Е, үйде болмай Мекке-Мәдинеге кетті деп еп ең?

Кенжебек үйге өзімен бірге даланың бір құшақ бәйшешегіндей көктемнің хош иісін ала кірді.

Оу, мына сабаз әлі тұрмаған ба?

Шарбақтыдан шығатын алғашқы пірімір-міністір болам дей ма, көзінің майын тауысып жұлдыз ауғанша кітап оқиды. Түске шейін тырайып жатпағанда кәйтеді сосын.

Біздің қара шұнақ ертелі-кеш кәмпитүрге қадалады да отырады. Онысы ыңғи атыс-шабыс бірдеңе...

Апам далада самаурынмен алысып жүр екен, үйге «бу машинасын» тура деректі фильмнің өзінен алып келгендей болды. Дастарқан басынан құлаққа жағымды әдемі әуен естіліп, табалдырық пен төрдің арасын сексеуіл шоғының жағымды иісі жайлаған. Жарнамадан түспейтін «Шах» шәйінің жаңа демделген сәтіндегі жұпар иісі тәмпіш мұрнымды қытықтады. Кенжебек атам жөткірінді. Сосын менің бас жағымдағы кітапты алып, Бейімбет Майлиннің қамалмай тұрған кездегі кекіл шашы бұйраланып түскен әдемі суретін аялай сипап отырды да:



Анауың құлап қапты, - деді. - Өсетін бала сондай-ақ болар деуші ем.

Таң қалдым. Оқуға кұжат тапсырған талапкерлердің тест деген бәледен құлайтын кезі былтыр өтіп кеткен. «Құлап» қайтқан көзі тірі куәнің біреуі өзім. Биылғы «құлайтын» уақыттың ауылы әлі алыс. Сонда наурызда тыраң ете қап жүрген кім болды екен? Ойымдағы ойпырайлаған сауалдың орайын Кенжебек атам оңайлатты.

Кімді айтасың?

Кім болушы еді, Шаншуды айтам.

Оның қай құлағанын естімей жүр ек?

Бәсе, әңгіме талапкерлер туралы емес екен. Кенжебек атамның құлқын сәріден құпиялап жүргені қалада тұратын Шаншу қақындағы гәп болды. «Түсімді айтып берсем бе екен?..»

Жоқ, бұ жолғысы бөлек құлас дейді.

Қанадай құлас дейсің?

Бөлек құлас деймін.

Жүрек пе?

Қайдағы жүрек.

Қаны таситын бәлесі бар ма еді?

Қан да емес...

Енді не? Айтатыныңды айтсай адамды діңкәләтпай.

Әкімнің үстіне құлапты.

Не дейт?!

Атам шошып кетті. Шалдардың әңгімесін құлағының сыртымен тыңдап, шәй құйып отырған апам да шыдамаса керек.

Қай әкімнің үстіне құлапты теректей болған байғұс?

Айбар деген әкім бар емес пе еді әлгі.

Ие...

Бот, түп-тура соның үстіне құлапты.

Алда сорлы-ай, сорлап қалған екен-ау онда. Ұрмап па әйтеуір?

Әзірге ондай інпәрмасиә жоқ.

Бұл әңгімені сонау ит өлген жерден кім айтып кеп жүр саған?

Ай, анау Шауыпкелдің айтысқа қатысатын баласы бар емес пе?

Иә, осы өткенде ғана айтысқа барам деп далаңдап жүргенін көргем.

Со неме сахнада айтысып отқанда бопты уақиға. Апам бетін шымшылады.

Апырай, жұмысынан шығарып жібермесе неғылсын.

Атам ақиды.

Енді жалтыраған басынан сипайт деп пе ең?!

Шешем сірәдағы шегінбес.

Е, маған десе таз басын үйітіп жесін. О несі, ай. Шуылдақ жәкемнен қалған жалғыз тұяқ қой деп жаным ашып отса, маған айғайлағаның қай сасқаның.

Мағұлым болды, баяғы Шаншудың арағының жыры. Апам айтпақшы, бұдан да әлгі Айбар деген әкімнің аяғын құшып құлаған күйі қата қалғаны жақсы еді. Профессор жеңешеміз қалай қапы қалды екен? Үйіне тас қып қамап кетпеуші ме еді?

Шақыртып, өз аузынан естіп білейік те, былай.

Кі - ім -ді?

Атам ә дегенде Кенжебек қаладағы Шаншуды шақыртайық деп отыр екен деп қалды-ау деймін, даусы созалаңданып, қабағы қырыстана қалды.

Ақын баланы.

Ой, құдай-ай, сенің де ақын, ақын деп таңдайың тақылдай қапты ғой.

Шаупкелдің баласы десейші онан да. Осы күні ақын деген ат та арзандап кеткен ба, немене өзі?

Атам үшін ақиық ақындар арғы ғасырларда Шортанбай, Дулаттармен бірге өтіп кеткен. Бергі дәуірлерден Абай мен Жамбылды ғана мойындар. Ал ауылдағы ақын-жазушымыз деп көкіп жүргендердің аты-жөнін естісе, ер тоқымын бауырына алып тулап шыға келеді. Кенжебекке шешем көмекке келді.

Кенжебек байғұста нең бар? Өкпең боса «ақын бала» деп алақандарына салып жүрген әкімдерге айтпайсың ба?

Әй, Көркемтай тұр да, ана Шауыпкелдің баласын ертіп кеші.

Асқарды ма?

Біліп тұрып сұрайтындарың-ай осы, иә, со лоқиды ертіп ке...

Атам Шауыпкелдің баласын адам құрлы көрмегенімен, маған айтыс ақынының үйіне кіру кедейдің кеденінен өткеннен де мұң болды. Жеңгеміз жартылай ашылған есігінен дода-дода басын шығарар-шығармастан:

Оскардың қолы бос емес, состязаниеге дайындалып жатыр, - деді де, ініне зып берді. Қолын қусырынған молдадай жолдың бойында шоқиып тұратын сарышұнақтан да жылдам. «Жейше-ау, атам Оскар Уайльдты шақырып жатқан жоқ, сіздің үйдегі Асқар Суайтты шақырып жатыр» деп те үлгере алмадым.

Үйдің ішінен «еу-еу» деп бақсыдай буынған Асқардың ащы даусы талып естіледі. Қалжырай бастаған ба, қалай? Жеті қат жердің астынан жеткендей домбырасының үні де құмығыңқы. Амал жоқ,жеңешемнің аузымен құс тістеген Оскары арқасын құрыстырған жын-шайтанымен әбден арбасып болғанша жалықпай күтуге тура келді. «Қанша мықты ақын болсаң да, түзге отыруға бір шығарсың» деймін қасарысып.



Мен де ақын болып көргем. Бірақ атамнан аса алмаған соң қойдым. Қазір атамның Шаншу туралы «Арақта кеткен есесі, басынан үлкен кесесі» деп Шортанбай, Дулат жырауларша термелетіп басталатын өлеңі бүкіл Шарбақтының аузында жүр. Үлкен-кіші жатқа айтады. Ал менің «Самал желмен шайқалып, жас қайың тұр жайқалып» дегенімді аудандық газет екеш аудандық газет те баспай қойды. Сосын өлең шіркінді өкпелете бермейін деп поэзия пырағымен ат құйрығын кесіскем.

Далаға сорайып шыға келген Асқар ақын мені көріп состиып тұрып қалды.

Өй, үйге нәғып кірмей тұрсың?

Айтысқа дайындалып жатыр дегесін...

Той деп, беташар деп ел әбден ығыр қылды, елки,

Асқар тізесіне шейін түсетін ұзын қолын екі жағына созып, масаттана керіліп алды. - Кеше Кәкімжанның баласы келін түсіріп, қоярда-қоймай ертіп кетті. Ақша дегенің соларда екен ғой. Банкирлерің сәлемге жүз доллардан тастады...

Құлақты сарсытқан мақтан.

Атам шақырып жатыр.

Жәй ма?

Білмейім.

Асқар ақын шарбағының аяқ жағындағы қамыстан далдалап қойған әжетханасына кіріп кетті. Арзанқол қытай белдігінің ілгектерін сылдырлатып ағыта бастағанына қарағанда, біраз бөгеліңкірейтін түріміз бар.

Бірдеңе жазып жүрсің бе?

Асқар ақынның үні әжетхана деген аты ғана бар қамыс далданың ішінен күшене шықты.

Бәрібір атамнан аса алмаймын.

Оның да жөн.

Не оқып жатсың?

Гюнтер Грассты.

Қайдан шықса, одан шықсын, өтірікті соғып жібердім. Шарбақтыдағы тап-тұйнақтай үйінің астынан су шыққандай «атажұртым Алмания қайдасың!» деп көшіп кеткен Гауфлердің қиқар отандасы Гюнтер Грассыңның Нобель сыйлығын алған сұңғыла екенін жақында ғана газеттен оқығанмын.

Астарлап отырып үкіметінің аузын ұратын ит екен.

Қамыс далданың ішіндегі Асқардың үні шықпай қалды. Осы өңірдің жар дегендегі жалғыз ақыны «ә, анау ма, оқып ем ғой» демеді. «Ау, оның кім еді?» деп сұрауға да намыстанатынын сезем. Ауданның бетіне қараған жалғыз суырып салма ақыны әлі күнге шейін оқуға түсе алмай, тест деген сынақтан торғайдай топ ете қап жүрген боқмұрынға осалдығын білдірмеуі керек. «Бәлем, қатының әбден қанымды ішіп еді, сол керек өзіңе» деймін ішімнен.

Аптаның аяғында Арқаға жүрем. Есбол батырдың әруағына ас беріп, айтыс өткізбек. Бас жүлдеге «иномарка» тігіпті...

Бір жағына қарай қисайған қамыс далдадан ышқырын көтеріп, ауын түймелей шыққан Асқардың мұнысын «Гюнтер Грассыңның әке ғанасының аузын... Пәлсәпаңды езіп, басыңа жақ. Қазағымның айтысына қуат берсін» деген дөң айбатты ұғып, ақынды үйге қарай бастадым. Екеуіміздің әдебиет һәм шығармашылыққам-қаракет турасындағы толғанысымыз осымен тәмәмдалған...



Балам, жөндеп, рет-ретімен айтшы өзін былай. Ана әңкиген сорлы не бүлдірді?

«Атаң жауап алу үшін шақыртқан екен ғой» дегендей, маған алакөзімен ата қараған Асқар:

Айтысып боған соң залға кеп отқам... - деді сүлесоқ.

Қош.

Шаншу балаңыз («балаңыз» дегенді кекесіндеу кейіппен, екпін түсіре айтты) удай мас боп қазылардың қасында тұр екен.

Алда сорлы-ай, атауын ішіп алған екен, арт жағында-ақ отыра бермеді ме? Аузынан жыны ағып жүріп қазыларда несі бар ей, а?

Жә, кемпір, сөзін бөлме.

Бір кезде Айбар ағайдың қасына келіп, бұрыла берді де...

Өйтіп әдемілемей-ақ қойсайшы, сыры белгілі ғой.

Әйтеуір бастықтардың қасындағы қатындары баж ете қалды. Соған қарағанда әкімді ұрайын деп жатыр деп қалды-ау дейім.

Бәсе, қосылған қойы жаман екен деген елдің сөзінен шошушы ем. Содан...

Содан бойын билей алмай Айбардың үстіне кескен теректей құлап түсті.

Астапыралла!

Әкім байғұстың зәресі қалмаған шығар?

Көкпаршы адам ғой. Дер кезінде қамшылар жағына қарай жалт беріп үлгерді.

Қаматып қойған жоқ па?

Білмейім, әйтеуір әлекедей жалаңдаған тақырбас көмекшілері жетелеп ап кеткен...

Атам ернін тістелеп отырып қалды. Сосын «таз ашуын тырнаудан алар» дегендей, Кенжебекке ежірейді.

Сен бағана айтысып отырып көріпті демеп пе ең,әй?

Кенжебек те сақалы шошаңдап дес берер емес.

Айтысып отырып көрді не, шәй ішіп отырып көрді не? Мәселе, мас боп әкімнің үстіне құлаған Шаншу деген албастыға кеп тіреліп тұрған жоқ па? О заманда, бұ заман, ел естімеген масқараның бәрі біздің Шарбақтыға үйір болатыны несі екен осы?

Атамнан маза кетті.

Әй, жетесіз сүмелек-ай, - дейді тістеніп. - Әулетіміздің сүйегіне таңба салды-ау. Шуылдақ марқұмның бұл сұмдықты көрмей өліп кеткені абырой болған екен да.

Шуылдақ атамыз қазақтың аңқау шалдарының бірі болса керек. «Істәліннің ескерткішін ауылға әкелем деп жүріп жазықсыз қамалып кетті ғой байғұс» деп атам аузынан тастамайды. Сосын «о кезде кәзіргідей көлік қайда» деп әңгімесін бастап кететін.

Аупарткомдағылар Сталиннің ескерткішін аулыңа алып бар деп қоймаған соң Шуылдақ атам қайткен. Кеуде мен бастан ғана тұратын домаланған тасты есекпен алып жүру оңай шаруа емес. Өзі зілдей ауыр бәле тағы. Ақыры атам ары ойланып, бері ойланып, қақшиған бас пен талыстай кеудеден тұратын тасты құм салған қанар қаппен теңдеп байлайды да, қауын артқандай есегінің үстіне көлденең тастай салып «Шарбақты қайдасың?» деп тартып кетеді. Айтпақшы, қырсық шалғанда, ауылға бірден тартып кете бармайды екен. Үйдегі апамызға қант-шәй ала салайын деп ауданның орталығындағы дүкенге барса, мойнына бұғау салынған Сталиннің басы да салақтап дүкенге барады, ауылдан ала шыққан ала тоқтының терісін өткізе салайын деп базарға соқса, бас та ала-құла жұрты жыртылып-айырылған базарға соғады. Шәйханаға аялдап, аяқ суытса да есектің сауырындағы қу бас салақтап соңынан қалмайды. Шәйханада не көп, көк шәй ішіп кеу-кеулескен қылжақбастар көп.



Шуеке, есегіңізге не артып алғансыз? - дейді шәйханашы ұйғыр қутыңдап.

Атамыз саспайды.

Не боушы еді, Істәліннің басы, - дейді шып-шып тер шыққан маңдайын дәу беторамалымен сүртіп.

Қапта не бар?

Сарыкемердің құмы.

Құм дейсің ә, - деп сыздаусиды төрде төбедей боп жатқан шегір көз, таңқы танау, бақа тамақ қазақ.

Құмға теңдеп артпағанда, сенің қарныңдағы боққа теңдейін ба енді?

Құп қатырдың, әка, - дейді көк шәй ішіп көсіліп жатқан ала шапанды өзбек қарқ-қарқ күліп.

Шуылдақ атамыз осы арада шегір көз, таңқы танау, бақа тамақтың НКВД-ағы лақап аты «Қаламұш» боларын аңдамас. Сөйтіп ойында ештеңе жоқ атам Істекеңнің басы екеуі Шарбақтыға жеткенше әбден қыдырар. Бірақ қыдырғаны бар болсын, атамның есегімен құйрық тістесе жеткен әпербақандар шалдың қолын артына қайырып, ауданға қайтадан алып кетеді. Атам сол кеткеннен мол кетіпті. Тепсінген тергеушілер қазақтың жүкті көлікке теңдеп артатынын құлақтарына да ілмепті. Арада пәленбай жыл өткеннен кейін ҰҚК мұрағатынан табылған айыптау қорытындысының қысқаша мазмұны мұны былай деп шежірелейді:

«Шуылдақ Шопанбайұлы Жапондармен астыртын байланысып, жапон әскерлері Сы-Сы-Сырға басып кіре қалған жағдайда Шарбақтыда кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс жасауды жоспарлаған. Иосиф Виссарионұлы Сталин жолдастың басын шиландай жұрттың көзінше есекке артып, ВКП(б) саясатына қарсы ашық түрде қасақана акция ұйымдастырған...»



Шаншу сол аңқау Шуылдақ Шопанбайұлынан қалған жалғыз тұяқ.

Тұяғың қиылғыр тұқымына тартпай шәрәмік боп кетті десейші.

Асқар ақын маған көзінің қиығымен қарап қояды. Қылмиған көзінің жылмиған қиығында «Шаншудың ана тірлігін естісе, ататайың мына түрімен қылғынып өлетін шығар» деген табалау тұр.

«Талапкер - 2000»-нің тестінен топалаң тиген тоқтылардай топырлаған бір топ боз өкпелермен бірге мен де «құлап» қайтқам демеп пе ем. Атам мені сонда Асқар ақынға қосып, «құжаттарыңды реттеген соң анау Шаншу ағаңның үйіне барып сәлем бер» деп тапсырған. Асқар кәдімгідей қала көріп, ысылып қалған ғой. «Алдымен Шаншу ағаның үйіне телефон шалып, Естібай атамыздың аманатын айтайық» деп маңызсыды. Бірақ телефонның трубкасын құлағына тақап, желінің ар жағындағы Шаншумен тілдесе бастауы мұң екен, түрі бұзылып сала берді. Айтысқан кезде тілі мен жағына тоқтау болмайтын Асқар ақын «мақұл» деген сөздің түбіріне түп етектен байланып қалғандай басын шұлғи берді. Таксофонның трубкасын орнына тарс еткізіп қонжитқан соң:

Кеттік, - деді бұртиып.

Қаяқа?

Комокқа.

Шарбақтының шарап зауытынан шығатын қызыл арақтардың түр-түрі «комокта» самсап тұр екен.

Қаншау аламыз? - деді Асқар ақын.

Екеуі жететін шығар.

Екі бөтелке шарапты марқұм Шуылдақ атамшалап кәстөмімнің екі жағындағы қалтасына «теңдеп» алдым.

Соңғы кезде намаз оқып, арақ-шарабыңызды татып алмайтын айтыс ақындарының «партиясында» Асқар да бар. Сайрамдағы сансыз бапқа барғыштап, Түркістандағы түмен бапқа түнегіштеп, Арқадағы Алаша, Жошы, Домбауылдардың мазарларына зияратшылап жүрген Асқар ақын да арақ-шарап қойылған жерден бойын аулақ салып жүреді. Сондықтан сәлем бермей жатып шарапқа жұмсаған Шаншуды да, кемпірінің шәйін ішіп, құдай деп жатудың орнына «Шаншуға барып сәлем беріңдер» деп арқамызға аманат арқалатып жіберген Естібай атамды да, екі бүйірімді мұп-мұздай боп қарып түскен Шарбақтының екі бөтелке шарабына мәу демей келе жатқан мені де сыбап келеді.

Шаншу ағайдың құжырасы қаланың қиыр шетіндегі бетон үйдің бесінші қабатында екен.

Шаншу, Шаншу дегенге коттеджде тұрады екен десем, қазақтардың маңдайына жазылған пәтерде тұрады екен ғой, - дедім.

Көңіл-күйінің барометрі шайқалақтап қалған Асқар ақынды күлдірейін дегем. Бірақ ол аузын буған өгіздей қасарысып үндемеді.

Қаланың сыртына қараған балконынан сыраханадағы араның ұясындай құжынаған думанды топқа сілекейі шұбырып, жарға қонған жауыр қарғадай қарауытып тұрған Шаншу болып шықты. Асқарды таниды екен. «Келдіңдер ме?» деді да, балконнан шелегін асығыс түсіре бастады. Шелекке жіптің орнына ақ жаймаларды байлапты. Көзім бақырайып кетті. Асқар ақын үндеме дегендей бүйірімнен түртіп қалды. Шелек үйдің іргесіндегі көк майсаның үстіне НЛО сияқты қалықтап кеп қонақтады да, екі бөтелке қызылды «бортына» тиеп алған соң, жоғары қарай қайтадан қалықтай көтеріліп кете барды. Біз ғарышқа тұңғыш «ғарышкер» Лайканы шығарып салған коммунистер сияқты басымызды шалқайтып, қаттық та қалдық. Шаншудың шелегі кедергісіз ғарыш кеңістігіне шықты-ау деген кезде «уһ» деп бір-ақ демалдық. Шаншу екі бөтелке шарапты шаң-шаң бүйірінен шөп-шөп сүйді де, бізге «кәзір» деп, қорбаңдап үйіне кірді де кетті. Біз де, шелек те жаңағы ғарыштық қиял-ғажайып дүниеден жерге оралғандай, қоңылтақсып қалдық. Кенжебек атам асар жасап, ауылдың қолы бос балаларына анда-санда қорасының төбесін сылатып алатын. Сонда жіптің ұшына жалғаған темір ілгекке балшық толы шелекті іліп, жоғарыдағы сылақшыларға жіберіп тұрушы ек. Мынаның содан айырмасы шамалы.

Мынау тура Кенжебек атамның асары болды ғой.

Шаншу таздың «бас жазары» десейші одан да.

Ойыным осылып бара жатқан мені Асқар ақынқабақ шытып, әлі жақтырмай тұр. Жақтырмаған сайын құтырамын.
Мен кәйтейін аласын ұшқан қаздың,

Асарлатып Шаншудың басын жаздым, еу, еу...
Көмейімнен өзінің мақамын естіген Асқар одан бетер ыза болады. Дегенмен, тырсия бергеннен түк шықпасын түсінді-ау деймін табан астында:

Шелегін шарапқа сап шөлін басқан,

Қорлығын қарасаңшы-ай мына таздың, еу, еу...

деп, тапқырлығымен ішек-сілемді қатырды.

Күн шақшиып, тас төбемізден өтіп барады.

Шаншу қорбаңдап үйіне кіріп кеткеннен әлі жоқ. Екі бауырының емешегі езіліп келіп тұрғанын мүлде ұмытып кеткен. Бір уақыттар болғанда ағамыздың жалтыраған дәу басы көрінді-ау. Бағанағыдай емес, қабағы ашылып, жүзі жадырап қалыпты.

«Жедел жәрдемнің» өзі бүйтіп тез жетпейді, жігіттер. Шыбын жанымды бір ажалдан алып қалдыңдар. Рахмет, бауырларым!

Оқасы жоқ, Шаншархан аға, ұлықсат болса, біз енді қайта берсек.

Оу, қайда асығасыңдар? Ауылдың әңгімесін айтпайсыңдар ма? Анау қара пұшығың кім?

Естібай атамның баласы емес пе?

Ауылдың балдары тері-терсек жинап жүр деп естіп ем. Базардамысың?

Аға, бұл ініңіз сіз сияқты бастық болам дейді. Ертең университетте тест тапсырады...

А-а... Кәзір...

Шаншу қолындағы бос бөтелкені балкондағы өз қызметін адал атқарған шелекке атып ұрды да, мен туралы әңгіменің аяғын тыңдамай ішке қайта кіріп кетті. Тағы күтіп тұрмыз.

Екінші бөтелкені жайғауға кетті, - деді Асқар ақын.

Бұл кісі бізді неге үйіне шақырмайды? - дедім мен жыным ұстап. «Ауылдың балдары тері-терсек жинап жүр деп естіп ем. Базардамысың?» дегеніне кәдімгідей намыстанып қалғанмын.

Әйелінің істеп жүрген бәлесі. Арақ іздеп, қаңғып кетпесін деп сыртынан әдейі құлыптап кетеді.

Мәссаған, ұят емес пе? Дап-дардай кісі ғой.

Жеңгең орысша оқыған, балтай-шалтайыңа қарамайды.

Атамның «арақта кеткен есесі, басынан үлкен кесесінің» мәнісін енді түсіндім.

Шаншу балконға шықты. Масайып қалыпты. Осы кезде үйдің бұрышынан бізден басқа тағы екі адамның сұлбасы көрінді. Біреуі ұзын, екіншісі тапал. Бұлар да біз сияқты «жедел жәрдемдер» екен. Сөздеріне қарағанда Шаншу ағайдың қызметтестері сияқты. Шаншуды көре салысымен Ұзын қутыңдап:

Майна! - деп, айқайлады.

Ағамыз қорбаңдап қауғасын төмен түсіре бастады. Шелекке Шарбақтының шараптарын әп-сәтте «тиеп» біткен екеудің Тапалы жоғары қарап:

Вира! - деп, айқайлайды.

Ұзын мен Тапалдың бізге қарағанда тәжірибелі екендері мен-мұндалап тұр. Құрылысшылардың терминдерін де ұтқыр қолданады екен көксоққандар.

Шаншу «түсіндім» дегендей шелегінің «жібін» саумалап тарта бастады. «Дәрі-дәрмектерін» бесінші қабатқа аман-есен аттандырған екеу бір бөтелкені өзара жәукемдеуге көшті. Шаншу балконда, ана екеуі жерде, қызу әңгіме-дүкен басталды да кетті. Кенжебек атамның асары түске қарай о жақ, бұ жақтың адамдары кеп, жұмысшылардың қарасы көбейе бастаған кезде қызушы еді. Сол қызық енді басталғандай. Шаншу бағаналы бері илеуіне дән тасыған құмырсқадай бөтелкені қайта-қайта үйіне алып кіріп кетуші еді, енді балконда тұрып-ақ сілтеп жатыр.

Ал, жігіттер, Шаншархан ағаларыңның денсаулығы үшін ап қоялық.

Біздің ауылда о кісіні Шаншу дейді.

Ұзыны Асқарға үңіле қарады.

Тіліңнің тікенегі бар екен, осы сен... ақын емессің бе? Бәсе, қай жерден көрдім деймін.

Мэлсті айтасың ба, Булгаковты айтасың ба? - деп қасын керді Тапал.

Айтыс төңірегіндегі кәлләсына жинақталып қалған біраз-міраз тәкбірлерін тәмсілдемек түрі бар. Бірақ Асқар:

Булгаков емес, Айтақын Бұлғақов деңіз, - деп Тапалды тиып тастады.

Ой, олардай болу қайда? - деді Ұзын.

Асқардың қабағы түйіліп кетті. Көзіңді бақырайтып қойып кемсіткенді кім жақсы көрсін. Әшейінде Асқарды іліп-шалып жүретін менің де жүрегім шым ете қалды. Бірақ Ұзын өзеуреп қояр емес.

Сенің осы «еу-еу» деп сыңар езулеп отырып алатының қалай?

Сөзге тоқтамайтының деп, тоқ етерін айтсай,деп балконға қарап, керги берген Тапалдың қалың көзәйнегінің ар жағынан аларып көрінетін ақ түскен көзі шеңберінен шығып кете жаздады. Біздің бастарымыз да жоғары қарай кегжең-кегжең ете қалысты.

Шаншу балконда басы тап-тақыр бір бәлемен алысып жатыр.

Атаңа нәлет, бермеймін деген соң, бермеймін, - деп кіжінеді кеп. Анау бірдеңе деп орысшалайды да, ағамыздың қолындағы бөтелкеге жармасады.

Баласы ғой, - деді Ұзын.

Түрмеден шығып кеп пе еді бұ пәлесі? - деді Тапал таңданып.

Баяғыда шыққан. Қаны бөлек қатынымен ажырасып тынды.

Қызметтестер командасынан түзілген «жедел жәрдем» мүшелері негізгі жұмыстары «бас жазу» екенін тарс ұмытып, Шаншу ағамызды көзімізді бақырайтып қойып жамандай бастады. Балкондағы төбелес тақыр бас бәленің жеңісімен аяқталды. Ұлының шиландай жұрттың көзінше шарабын тартып алғанына қорланған Шаншу ағамыз кемсеңдеп жылап жіберді. Шелектің түбінен басқасын алып, тығынын тістеп ашты да қызылкүрең сұйықты көмейіне лақылдатып құя бастады. Сосын салпиған ерінін қолының сыртымен сүртіп, кавказшалау қоңқақ мұрнын қорс еткізіп бір тартып, үйіне кіріп кеткен ұлының соңынан екілене айғайлады.

Атаңа нәлет, нашақор! Жиырма жыл түрмеде отырып, қанымды сүліктей сорғаныңмен қоймай, үйде де тыныштық бермейін дедің бе? Атаңа нәлет, кет үйден, жоғал! Сұм, құзғын, жүлік...

Тақыр бас бәле балконның есігінен басын шығарды да әкесіне:

Таблетка керек маған, таблетка, - деп, ақырып ішке қайта кіріп кетті.

Топылиыма шейін тәблеткіңе айырбастап құрттың ғой атаңа нәлет, енді не қыл дейсің маған?!.

Шаншу аузынан ақ көбігі шашырап «атаңа нәлет» деп бақырған сайын есегіне Сталиннің басын теңдеп алып, ойында ештеңе жоқ тепеңдеп келе жатқан Шуылдақ атам есіме оралды. Шаншудың дорбадай аузынан шыққан нәлеттер Шуылдақ атама НКВД-ның әпербақандарының күрзісіндей дүңк-дүңк тиіп жатқан сияқты. Жазықсыз сотталып кеткен ақкөңіл атамды аядым. Көңілім босап кетті. Шаншуға қосылып жылағым келді. Асқардың жүзі де қарауытып кетіпті. Ұзын мен Тапалдың ғана әттегенайлары жоқ. Ыржыңдап қойып, қалған-құтқан шараптарының түбін төбеттерше жалап-жұқтап жатыр.

Ішпейтіндерің дұрыс екен, - деп паңданды Тапал.

Асқар ақынның соңынан Ұзын әлі қалар емес.

Шаншудың, тойыс Шаншарханның атасы шығарған мына өлеңді білесің бе? Қалай еді? Ә - ә, былай екен ғой...

Қыңқапты мен кәйтейін кимеген соң,

Сұлуды мен кәйтейін сүймеген соң.

Шаншудың деректірлігінен не пайда бар,

Насыбайдай пайдасы тимеген соң...

Атамның өлеңі сонау Шарбақтыдан ұлы жіңгір шаһарға да жетіпті. Бірақ оған мақтанып, Ұзынмен мылжыңдасып тұратын уақыт қайда.

Көр-кем-тай...

Кенет еңіреп жіберген Шаншу балконнан құлап кете жаздады. Торға түскен торғайдай азаттықты аңсай ма, жұлқынып-жұлқынып қояды.

Мен қор болдым ғой. Қорлады ғой мыналар. Ауылға ап кетіңдерші. Естібай атам қайда? Апарыңдаршы...

Бағанағы танымай тұрғаны көлгірлік екен. Көркемтайлап ботадай боздаған кезде сай-сүйегім сырқырады. Бұдан ары шыдап тұра алмадым.

Кетейікші, Асқар.

Шаншу мен баласының әуеніне төңкеріліп, бесінші қабаттағы «бас жазарға» қарап тұрам деп мойыны талған Асқар желкесін уқалап:

Кеттік, - деді.

Көркемтай, Асқар, кетпеңдер. Кәзір мен бір тост айтайын, сосын кетесіңдер...

Шаншу ағамыз трибунада тұрғандай әңкілдеді. Бесінші қабатта тұрып тост айтатын дәстүрінен көршілері де зәрезап болса керек. Лезде дүрлігіп шыға келді. Екінші қабаттағы көзі бақырайған, бұйра шашты басының қарақұсына тақияға ұқсас бірдеңе жапсырған семіз көршісі балконына шығып:

Шаншархан Шуылдақович, егер атан түйеше бақыра беретініңізді қоймасаңыз, кәзір полиция шақырамын, - деп сызылды.

Бішкектің базарынан жаңа ғана кеп мызғып ем, адамға маза бересіңдер ма, жоқ па? Сұмдық-ай, бұл жерде осыдан соң қалай өмір сүресің, - деп, үшінші қабаттағы жирен шашты қатын бажылдады.

Бірінші қабаттағы терезесін айқара ашып тастаған қазақ:

Шаншу тағы да балконда тұрып бөсуге кіріскен бе? - деп мырс етті де, бұлтиған бөксесін буаз кесірткедей бұраңдатып көзден ғайып болды.

Шаншудың халі мүшкіл екен, - деді Ұзын.

Асқар ақынның талағы тарс айырылды.

Мүшкіл деп мұрындарыңызды шүйіргенше, қой демейсіздер ме?

Ау, қанша айттық, құлағына ілмейді. Оның үстіне білдей бастығымыз емес пе?!.

Тоқсандық есептің қызған кезіндегі түрі мынау...

Енді осы ішкеннен бар ма, тұп-тура үш апта жатып ішеді, сосын үш апта жатып емделеді. Сендер білмейсіңдер ғой, нағыз рахат осыныкі...

Байқауымда Шаншудың еркелігінен Ұзын мен Тапал да қажыған.

Әй, екі ит, былшылды доғарыңдар.

Балконда тұрған Шаншу Кенжебек атамның байлаулы төбеті құсап арс ете қалды. Қызыл шарап көбейген сайын әңгіменің де мәнісі кете бастаған. Шаншу енді ауылға ауыз салды.

Ауылдан келдік дедіңдер ма маған. Бәрің де итсіңдер. Естібай да, Кенжебек те, бәрің. Жақсы атты көрінгілерің келеді, ә. Аттарын шығару үшін ескерткіш дегенді шығарып апты түге. Түкірдім мен ондай... ондай...

...Халтураларыңа, - деді, шарабы таусылып балконға шыға келген тақыр бас бәлесі.

Ақылдым менің, бетті әкеш-ш...

Шаншу жаңа ғана жер-жебіріне жеткен ұлын емірене құшақтады. Әке де, ұл да қып-қызыл мас еді.

Мұндай шошқаға сәлем береміз деп әуре боп жүрген біз де ақымақ, «сәлем бер» деп жұмсап жүрген атаң да...

Атамда шаруаң болмасын. Шаншудың адам сиқынын шығып кеткенін шал қайдан білсін.

Асқар ақын екеуміз ұлы жіңгір шаһардың бір қиырында тұрып төбелесіп қала жаздадық...

Асқар ақынның маған қараған кездегі қылмиған көзінің жылмиған қиығындағы табалау осы еді.

Адам болмайтын жаққа шықты десеңші...

Кенжебек күрсінді.

Әкесінің ескерткішіне келмегенінен-ақ ішімді жиып ем.

Естібай атам қалтасынан дәу беторамалын алып көзін сүртті. Жылап отыр. Шалдарға керек болмай қалғанын сезген Асқар ақын ыңыршағы айналған көтерем сиырша шұбалаңданып орнынан тұрды. Әкімдер мен кәсіпкерлер әлпештеп жүрген алтын басын аса сыйлай қоймайтын шалдарга деген қыжыл бар жүзінде. Әжетхана деген аты ғана бар қамыс далдасына шейін шығарып салдым.

Айтыстан қашан келесің?

Бір аптадай болатын шығармыз...

Қайтарда Қазанбас болыс атындағы мектептің алдындағы ескерткішке соқтым. Қара есегіне Сталиннің басы мен бір қап құмды теңдеп алған Шуылдақ атам тепеңдеп барады. Былтыр көктемде Алматыдағы сәулетшілерге тапсырыс беріп Айбар әкім арнайы соққызған ескерткіш. «Елде жоқ ескерткіш» деп сарысы бар, бозы бар, күллі газеттер жабыла мақтады. Құдайдың құдыреті, бұрын жер бетінде бар-жоғы білінбейтін әкіміміздің аты осыдан кейін аспандап шыға келді. Себебі Айбар ескерткішті Сталиннің басы туралы аңызды негізге алып соғыңдар депті. «Үкімет басшысынан ыңғайсыз болады ғой» дегендерге «Шаншу сияқты балконына байланып қалған боркемік деп пе еңдер оны, өнерді түсінеді» депті. Шуылдақ атамның ескерткішіне қойылған Қордайдың қызыл тасына Сталиндік жазалауға ұшыраған шарбақтылық 77 адамның аты-жөндері жазылған. Ескерткіш ашылғанда бәрінің ұрпақтары келді. Абыр-сабыр жұрттың ортасынан тек Шаншудың ғана жалтыраған дәу басы көрінбеген. Елдің сәлемін жеткізе барған атамды «сендер ескерткіш деп елден ақша жинағанды ғана білесіңдер» деп, үйіндегі қасқыр итше қауып алыпты. Келіні шәй ішіңізге жарамапты. Атам жағасын ұстап келді. Ендігісі мынау айдың-күннің аманында әкімнің үстіне құлап, масқара болып жатқаны...



Бір аптадан кейін Асқар келді. «Арқаның ақындары соңғы кезде сұмдық өсіпті» дейді күпілдеп. Өзі үшінші орынға әрең дегенде ілініпті.

Әзірге «иномарканың» ауылы алыстау болып тұр.

Жеңіліп қалғанына ыңғайсызданып, өтірік ыржиған болады.

Құдай беташар мен тойдан берсін де. «Елде болса ерінге тиеді», - дедім мен.

Е, сөйдесейші ағаңды қажай бергенше. Астанаға кету керек. О жақтағы министрлердің тойына асаба болсаң мың жарым долларды шытырлатып тұрып санап береді екен.

Асекеңнің соңғы жылдары жабысқан дерті ұстай қалды. «Дүние, доллар...». Өнер, білім туралы әңгіме бастасың бітті, түйінін айналдырып әкеліп айтыс пен ақшаға тірейді. Анадан оқыдым, мынадан үйрендім деген бір ауыз сөз айтсайшы сабазың. Оның тісі опырайып ылғи үшінші орыннан аса алмайтынын мен осы түк оқымайтынынан көрем.



Шаншу туралы ештеңе естімедің бе?

Қызметінен алып тастапты. Соны Айбардан көріп, газетке жазыпты дейді.

Не деп?!.

Жас болған, мас болған деп...

«Жығылып жатып, сүрінгенге күлетін» сорлы екен ғой.

Департаментіндегілер де сөйдеп жүр...

Атам «үлкенмен жағаласпа, көрінбей қаласың, баламен жағаласпа, көмілмей қаласың» деуші еді. Кәртейген шағында жастармен жауласып, жексұрын атаныпты ғой.

Шіріген жұмыртқаға жүйкеңді жұқартып қайтесің. Нашақор баласымен алысам деп өзі де өлетін бопты.

Түсім осыған көрінген екен ғой.

Түс көріп пе ең?

Атамдар сені шақыртқан күні түс көргем. Жамандыққа жорып жүрер деп ешкімге айтпам ем.

Құрбан айттың алдында базарға барған Кенжебек атам Шаншудың тері жинап жүрген делдал балалардан арақ сұрап, ілмиіп тұрғанын көріп шошып келді. «Әй, енді адам болуы қиын-ау» дейді түңіліп. Естібай атам «Ойда сиыр мөңіресе, тауда арқардың мүйізі сырқырайдының» кері ғой біздікі, деп қояды Кенжебекке. Бірақ мен «ойда сиыр мөңіреді екен деп, тауда мүйізі сырқыраған арқарды» көрмедім. Шаншу да, шелек те, балкон да таз қалпында.

Асқар ақын екеуіміз Астанаға кететін боп қол алыстық. Банкир келінінің бетін ашқанына риза болған бір беделді сенатор Асқарды министрлікке қызметке тұрғызатын болыпты. Сол кісі арқылы маған да түріктердің құрылыс компаниясына жұмысқа жалдануға қол ұшын беретін болды. Жазда Гумилев атындағы университеттің ең мықты факультетіне тест тапсырамын. Атам айтпақшы, Шарбақтыдан шыққан алғашқы «пірімір-міністір» өзім болмасам, балконға байланған Шаншудан ауылға қайран жоқ...



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет