Сайқымазақ ДҮние



бет5/13
Дата20.06.2018
өлшемі445,2 Kb.
#43996
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ ШАЛДАРЫ
Дегенде біздің ауылдың адамдары мақтана біледі. Мақтанғанда, оның құпиясы қалай мақтануда жатқан сияқты. Әйтпесе тауы да, тасы да, көлі де, көгала үйрегі де жоқ құладүздегі біздің ауылда жүрген қандай мақтан? Жұмаққа бергісіз жер-суын айтып желпінгендері жуасытып тастайтын қандай құдірет ол? Ойлап отырсам, әңгіменің тақырыбы можантопай адамдарға ауысқанда аманкелділіктердің айы оңынан туып, айдарларынан жел есіп шыға келеді екен.

Мәселенкиге кешегі КСРО деген күндей күркіреген елдің тұсын алайық. Сол кезде біздің ат төбеліндей ауылдан Еңбек Ерінің бақандай он екісі шығыпты. «Біле білсеңіздер, бір ауыл түгілі кейбір облыстың маңдайына жазбаған мұндай саяси мәні зор атақты Аманкелдінің шалдарына қалай таратып жібергенін қара басып Сталиннің өзі де білмей қалған» дейді Жолтан жездеміз. Дейді де «енді бұл мәселеде аманкелділіктердің алдына немістер мен жөйттердің өзін жолда қалдыратын менің ошақтыларымның өздері де түсе алмайды» деп жымыңдайды.

Кейде Сарыарқаның төріндегі Астанадан келген қонақтардың Еңбек Ерлерін айтып есін алғандарға онша елең ете қоймайтындары да болады. Ондайда ағаларымыз Аманкелдіден шыққан ақын-жазушылардың шоғырын көлденең тарта қояды. Ақындардың ең алдында шоқ тілді Шаншархан тұрғасын ба, қымыз ішіп қызара бөртіп отырған шенеунік «бәледен машайық қашыпты» дегендей, жастығына жантая кетеді. Тегінде, Жолтан жездеміздің «Аманкелдінің шөбінің басына дейін сөйлеп тұрады» дейтіні бекер емес.

Ардагерлері мен ақын-жазушыларын арқаланған аманкелділіктер осылай алаңсыз жүре берер ме еді, әлде қайтер еді, бір күні жолың болғыр Жолтан жездеміз қайындарын қағытып-мұқатам деп отырып Аманкелді ауылының ел ескермей жүрген тағы бір артықшылығын жалпақ жұртқа жария етті де жіберді.

Аманкелдінің шөпшілері Жолтанның бортын жалпайтып жайып тастаған «ГАЗ-53»-нің көлеңкесіне таласып-тармасып жайғасып алғаннан соң айрандарын сораптап, нандарын бұралақтап жеп отырған. Осыны жақтырмады ма, Жолтан:

Немістердің бомбысы орыстың жері жетпегендей, сендердің ауылға кеп түскен бе осы? - деп күңк ете қалды.

Ештеңеге түсінбей қалған шөпшілер аң-таң болып Жолтанға қараған. Бірақ ол табан астында мүттәйім түрге еніп, кепкісіндегі қиқым-сиқымды қаққыштап отыр екен.

Жездеке-ау, қайдағы бомба?

Қайындары лезде Жолтанды қаумалап алды. «Әй, не тантып отсың? Мытып алайын ба осы?» деп, әзіл-шыны аралас ажырая бастағандары да бар. Осы кезде бомба мәселесінің сыры санасына ақырындап жеткендердің алғашқысы-Аязбектің көзі күлімдеп қоя береді. Сөйтсе, Жолтан жездеміз Аманкелдідегі өңкей ақсақ қайнағаларын кекетіп, қайындарында кеткен есесін қайтарып отырған кезі екен ғой. Аязбек бастап, Сапарғали қоштап санап кеп жіберсе, құданың құдыреті, өңкей ақсақ-тоқсақ шалдар самсап Аманкелдіде жүр екен де. Алақандай ауылдағы ақсақ-тоқсақ шалдардың қарасы бір ауданның мақтанышы болып отырған А.А.Жданов атындағы кеңшардағы ақсақтардан көп деп кім ойлаған. Және ақсақ болғанда қандай! Шетінен «керман» соғысына қатысып келген қаһармандар.

Айтпақшы, о кезде кеңшарда тұратындар орталықтарының қайдағы бір Аманкелді емес, Сталиннің «оң қолы» болған А. А. Ждановтың аты-жөнімен аталатынын әжептеуір мақтан тұтатын. Ойық деген аталарының атын қойып алған ауылдың адамдарын мазақ қып, ыржақ-ыржақ күлетін. Ыржақ-ыржақ күлгені бер жағы, кеңес өкіметінің нанына адал бір белсенді аудандық партия комитетіне «көрші ауылдағы коммунист жолдастар кеңшарларына ата- бабаларының атын қойып алған кертартпа шалдардың саяси сауатсыздығына жол беріп отыр. Ондай ескілікті көксеген рушылдардың мәселесін бюрода қарау керек» деп арыз жазып жіберіпті. Әлгі домалақ арыз қолына тиісімен аупарткомнан көзіне қалың көзілдірік ілген бір қара пұшық нұсқаушы сүрініп- қабынып жетіп келсін. Жетіп келсін де «так, так» деп, тақылдап жүріп айрандай ұйыған жұртты қасқыр тиген қойдай дүрліктірсін. Сөйтіп, Ойық ауылындағы «рушылдық» мәселесі аупарткомның бюросында май шаммен қаралсын. Біраз ойық-коммунистер мен комсомол-ойықтар партия, комсомол қатарынан шеттеліп, қызметтерінен қуылсын. Құмның жиегінде қойын құрттап, айранын ұрттап жатқан Ойық ауылы Мәскеудің назарына іліксін. Желтоқсан оқиғасындағы Мәскеу айтқан «ұлтшылдықтың» бір ұшығын осы жақтан іздеп тапқан әлгі көзінде қалың көзілдірігі бар қара пұшықтың газетке «Ойық ауылының атын Ұлы Қазан төңкерісі деп өзгерту керек» деген мақаласы бастауыш партия, комсомол ұйымдарында қызу талқыланып жатқан кез де осы түс еді. Бірақ, Ойықтың ескіше ойлайтын еңкіш шалдарының о баста қойған атын құдай қош көргендей қазақ жұрты аяқ астынан дербес саясат ұстаған дербес мемлекет боп шыға келді.

О құдая құдуанда, осыдан кейін әлгі «так, так» дейтін тақылдақ қара пұшығыңыздың аузындағы «кәлимасы» табан астында 180 градусқа бұрылды. Бұрылғанда, жүзін жіліктеп, ата-бабасының тарихындағы «ақ таңдақтарды» анықтап, ру басыларын ұрандатып шыға келді. Ауылына ата-бабасының атын қойғыш рушылдың нағыз өзі осы қара пұшық екен дә. Бір-екі жылдың мезіретінде Малтабар, Қойбағар деген күлкілі аттардан аяқ алып жүре алмай қалдық. Бірақ, Жолтан жездеміз «оныкі «жау кеткен соң қылышыңды боққа шаптың» кері. Сол «так, тағыңыз» Ойыққа келіп тұрып, іргесіндегі Аманкелдінің қай Аманкелді екенін білмей кеткен жоқ па? Басында бір шайнам ми болса «тойыс, мынау Аманкелдінің соңында неге Иманов деген фамилия жоқ? Оны неге алып тастағансыңдар?» деп бәле салмас па еді» дер еді ғой» дейді күліп.

Шынында да партия комитетіндегілер Шауыпкел деп атап кеткен қара пұшық, Жолтаншалап айтқанда, мұрнына боқтың иісі бармайтын маубастың нағыз өзі еді. Әйтпесе, тексеріп келген арызының отқа май құя түсетін нағыз «күйіп» тұрған жері осы Ойықтың ұрпағы Аманкелдінің атында тұрған. Әдетте біздің ауылға келген есті қонақ бір-екі күн жатқаннан кейін Аманкелді деген аттың соңында Иманов деген фамилияның қосақталып жүрмейтінін аңғара бастар еді. Аңғара бастар еді де «бұл қалай?» деп сұрар еді. Аманкелділіктер болса әңгімені әріден бастайтын. Әріден бастайтын да «Жоңғар шапқыншылығының жан алып, жан беріскен кезі боса керек. Қайда барсаңда «ақ табан шұбырынды, алқа көл сұламаға» ұшырап, «Елім-айды» еңіреткен қазақ. Әйгілі Аңырақай шайқасына Ойық бабамыздың жалғыз ұлы Жауатар да аттанады. Батыр ұл бес қаруын бойына асып, «Әруақ!» деп аттанып кеткенде кимешегінің ұшымен көзінің жасын сүрткіштеп артында қалған жары қошқардай ұл туады. Ойық атамыз ырымдап немересінің атын Аманкелді қояды. Біздің ауылдың аты сол Ойық атамыздың ұлы Жауатардан қалған тұяқ Аманкелдінің атымен аталады. Иманов берідегі батыр ғой...» дер еді. Таңқалған қонақ талып қала жаздайды. Айнала түгел Большевик, Ленин, Ильич, Коммунизм, XXVII партсьезд... Ал мыналар болса сонау 1723 жылдың ар жақ, бер жағында митыңдап әлі жүр. Мұндай тал түстегі таңқалыстар ауылдың шекарасынан аспай, айтылған жерінде қалса жақсы ғой. Бірақ қойдан жуас боп келетін қонақтардың арасында көрген-білгенін аупарткомға сыбырлап қоятын «жетербайлар» да жетерлік. Аупартком болса ауылдың басшыларына шүйлігіп «әй, осы уаққа шейін ауылдарыңның атын өзгертпей шошқа тағалап отсыңдар ма? Ең болмаса Аманкелдінің соңына Иманов деп жаза салсаңдар болмайтұғын ба еді? Сендер үшін біз таяқ жейміз де жатамыз» дейді. Сосын ауылдың ақсақалдары ақылдаса келе осы уақытқа дейін «Аманкелді сегіз жылдық мектебі...» деп жазылып келген мектептің атының соңына Иманов деп жазуға келісімін берді. Ұйғарымдары «ол да бөтен емес». Ата-бабаларының атына адал біздің ауылдың ақсақ шалдарының коммунистік идеологияға қарсы жүргізген «астыртын» күресіне осыдан кейін қалай мақтанбайсың енді!

Қойшы, сонымен Жолтан жездеміз Аманкелдіде соғыс мүгедектерінің Ібір — Сібірдің орманындай сыңсып жүргенін ең бірінші болып есімізге салып жіберді. Салғанда, ғалымның хатындай шегеледі де тастады. Бұл сөз енді ойықтардың оныншы ұрпағына дейін өлмейді.

Жолтекеңе бұл «қанатты сөзді» айтқызған да әлгі өзінің «бомба түскен» қайнағаларының бірі. Бірі болғанда, Әуесхан көкемнің ұзынды-қысқалы балдақтарының әуресінен шыққан гәп. Жер барып хабарламасын, Әукеңнің иә сол аяғы, иә оң аяғы Герман жерінде қалып қойған. Сол Әукең Жолтанның бастығы. Бастығы болғанда, шөпшілердің бригадирі. Шөпшілерге бөлінген бортын жалпайтып жайып тастаған машинаның шопыры – Жолтан. Ал Жолтан қу ойыққа күйеу. Біздің Аманкелдіде ойықтың бір-бірімен қыз алыспайтын Қызылқұрт деген баласының үрім-бұтақтары ғана тұрады. Сондықтан, тілінің қотыры бар Жолтанға аманкелділіктермен күйеу болып ойнау тақыр басын қасығандай рахат!

Әуесхан көкемнің де мінезі оңып тұрған жоқ. Болмашы нәрсеге бола көздері алайып, шатынап шыға келеді. Артық-ауыс сөз бен әзіл-қалжыңды көтере алмайды. Жолтанның машинасын шөпшілерге бекіткелі бері тақыр бас күйеу баласымен талай рет жүз шайысқан. Талай рет татуласқан. Сол жолы да керісіп қалды.

Әукең балдағына сүйеніп Жолтанның машинасының табалдырығына секіріп мінді. Содан соң кабинаға жайғасып, балдақтарын жиыстырып жатыр еді, бүктеуге келмейтін серейген екі ағаш орындықтағы Жолтанның жүні жалбырап жатқан тонына ілініп қалды. Әрі-бері тартқылап көріп еді, ұзын балдақ кәбіңкенің төбесіне тіреліп, жоғарақпанда икемге келе қоймады. Қаны басына шапшыған Әуесхан көкеміз балдақтары да, басы жалтыраған жазықсыз Жолтаңды да бір-ақ қайырды.

Ой, әкеңнің... Жаман тоныңның жүнін жалбыратып жазда да тастамайсың. Кәбіңкеңді қуықтай ғып, тарылтып жіберіпті ғой түге.

Жолтанның бойы тапалдау болатын. Пружинасы босап, «ойылып» қалған орындығына қыс киер қара тонын төсеп биіктетіп отырып жүргені сондықтан. Бірақ, Әукең сөйдеді екен деп тілін тістеп, сөзден жеңілетін Жолтан жоқ.

Өзің мінгеніңмен қоймай, кабинаға Ждановтың барлық «строй материалдарын» тиеп алсаң, әрине сыймайсың, - деп, қайнағасының саудыраған ағаш балдақтарын кекетіп тақ ете қалады.

Көкеміздің алақұйын ашуымен бірге жөн сөзге жығыла білетін мәрттігі де бар. Күйеу баласының жалтыр басын келістіріп бір боқтайды да қояды. Бірақ Жолтанның «строй материалдар» жөніндегі тапқырлығын Аманкелдінің аттөбеліндей қушыкештері біразға дейін жыр ғып жүрді.

Бір аяқтарын немістерге беріп келді демесек, біздің ауылдың Әуесхан бастаған «бомба түскен» шалдарының ұпайлары түгел еді. Жағдайлары он екі мүшелері сау жоғары білімді дыңдай мұғалімдерден артық болмаса, кем емес. Жолтан жездеміздің тілімен айтқанда «ақсақ-тоқсақ» ағаларымның бәрі сол кезде-ақ қызыл шатырлы «модный» үй соғып алған-ды. Қара жұмыс істеген біреуін көрген жоқпын. Әуесхан – шөпшілердің бригадирі, Мәдібай-қамба меңгерушісі, Шәкір... әйтеуір о да шіреніп жүреді.

Соңғы жылдары ағаларымыздың әдемі үйлерінің жанына «Запорожец» деген әңгелектей томпиған мәшинелер кеп қаңтарылды. Бұл таңсық дүниені ауылға ең алғаш Берден молда алып келді. Соғыстан кейін қала жақты айналшықтап, туған жеріне соңыра көшіп-қоныстанған Бекеңнің де иә сол аяғы, иә оң аяғы тізеден жоғары жоқ болатын. Өзі бала кезінде Қарақожа мешітінен арабша хат таныған. Сондықтан дін жолына түсіп, кеңес өкіметінің жасқа да, жасамысқа да ортақ саясатынан бойын аулақ ұстап жүретін. Осы Берден молданың тобатайдай «Запорожеці» ауылдағы барлық мүгедек көкелерімнің көкейлеріндегі құртқа айналып, «мүгедек-майдангер» деген құжат жинау, таныс іздеп ауданға, облысқа шапқылау басталды да кетті. Көп кешікпей ауылға «Запорожецтердің» алдыңғы легі де келе бастады. Әуелі Әуесхан көкем алды. Сосын Ақатай, одан кейін Мәдібай мінді. Соңын ала Шәкір де бір «Запорожецті» тақымға басты. Алақандай ауылымыз қызыл, жасыл, көк, сары, ақ түсті «Запорожецтерге» толды да кетті. «Жигули» мен «Москвич» ілуде біреу: атақты шопандар мен автоләпкешілерде ғана бар. «Волга» деген арғымағыңыздың тұяғы Ждановтан бері қарай әлі аспаған. «Кемелденген социализмнің сықпыты осындай болса өлеміз ба енді?» дейтін Жолтан жездеміз бір күні қарап отырмай машинасының көлеңкесінде тісін шұқып жатып мәселе көтерсін.

Менің ақсақ-тоқсақ қайнағаларымның арманы жоқ қой, шіркін! Бір-бір аяқтарын бір-бір мәшинеге айырбастап алып, Аманкелді мен Ждановтың арасын шаңдаты-е-еп жүріп жатыр. Бірақ Махамбет қайнағамның не жазығы бар? Кеңес өкіметін тек қана ақсақтар қорғап па? Шолақтарға неге машина бермейді? Соғыста аяқпен жүгірсе, қолмен атысты емес пе?!.

Әй, жатқан жерің жайлы болғыр, Жолтеке-ай! Жазушылардың газет-жорналдардың бір бетіне көлдей ғып жазатын мәселесін сен бір-ақ ауыз сөзбен, онда да бортын жалпайтып жайып тастаған машинаңның көлеңкесінде тісіңе тұрып қалған қай күнгі етті тазалап отырып-ақ айта салушы ең-ау!

Жолтан жездеміздің мәселе «көтеретініндей» барды. Шынында да Махамбет сияқты бір қолы жоқ майдангерге өкімет неге мәшине бермейді? Бұл төрт жыл қан кешіп, сонау Курскі доғасы деген жерде бір қолынан айырылып келген майдангерді көпе-көрінеу көзге ілмеу емес пе?

Махаңның да иә сол қолы, иә оң қолы иықтан төмен жоқ болатын. Кәстөмінің салбыраған бос жеңін жан қалтасына, болмаса белдігіне қыстырып алатын. Өзі пошташы. Қазіргі жүгемектерден пошташы туралы «білімін» сұрасаң бақырайған көздерінің алдына Эдуард Успенскийдің экраннан түспейтін «Почтальон Печкині» келіп тұра қалатынына күмәнім жоқ. Тәрбие солай болса амал бар ма. Ал менің көз алдым «пошташы» десе ең алдымен Махамбет көкем елестейді.

Аманкелді сегіз жылдық мектебінде оқып жүрген кезімізде Сымағұл ағайдың есеп сабағы миымызға қонбай жалыға бастасақ терезеден сыртқа телміретінбіз. Себебі, осы есеп сабағы өтетін сәске түске қарай мектептің алдына пошташы Махамбет көкем келіп, қоңыр есегінен түсіп жатады. Қоржынының қос бүйірі толған газет-жорналдар. Махаң үйді-үйді аралауға еріне ме, әлде сол үйлердің бір-бір қара домалағы осы мектепте де оқып жүр ғой, апарып бере салар дей ме, әйтеуір А.А.Жданов атындагы кеңшардағы байланыс бөлімшесінен шыққан бетте біздің мектептің алдына кеп қоңыр есегінің тізгінін бір-ақ тартады.

Пошташы Махамбет көкем келіп қоңыр есегінен түскен соң Сымағұл ағайдың сабағынан сән кетеді. Қолы бос мұғалімдер мен далада улап-шулап жүрген оқушылар Махаңның жанына балға үймелеген арадай құжынап, бір-бір газет-жорналды алып рахатқа батып жатқанда қайдағы сабақ. Сымағұлдың «үй, әт-тәңә нәлет, тақтаға қара!» деп жекірген үнін ешкім тыңдай қоймайды.

Қыстың күні Махаңды да, Махаңның қоңыр есегін де мектептің алдынан көру қиын. Ауылдағы үйлерді аралауды да сиретеді. Соғысқа берген қолдың шорт кесіліп, қарақотырланып барып жазылған тұсы суыққа шыдамай сырқырайтын болса керек, жып-жылы пештің түбінен көп ұзамайды. Газет-жорнал алдырып оқитындар Махамбетті ауылдың бір шетіндегі үйіне іздеп баруға мәжбүр. Жолтан қудың қыршаңқы тілі ондайда Махаңды да «сыбағасынан» құр қалдырмай бір түйреп өтеді. Әйтпесе, Жолтан Жолтан бола ма?! «Махамбет шолаққа қыстың күні газет-журнал сұрай барсаң, «адам жаурап өлейін деп жатқанда қайдағы газет» деп өзіңе ұрсып бәле қылады» деп күліп отыратын. Міне, сол Жолтекең сол Махамбет қайнағасының жыртысын жырта қалыпты деп таңғалудың да жөні жоқ. Жолтекең «дұрыс» дейтін жерде «дұрыс», «бұрыс» дейтін жерде «бұрыс» дейді.

Махаңа мәшине не паложыны ма сонда?

Аязбек Жолтанға аузын ашып, аңқия қарайды.

Мәселе қолда көрінеді.

Бала-шағалары бар емес пе? Солар айдайды ғой.

Оны сөйдеп мынау кең далада кеңірек кесіп-пішетін біз айтамыз. Ал анау Кремльдің тас қабырғасында отырғандар сол тас қабырғаша сіресіп қалған тәртіпке бағынады. Тас қабырға да тас керең адам сияқты, ештеңе естімейді. Тас қабырғаға дүниеде не боп, не қойып жатқанын көретін көз де бітпеген.

Осы Махамбет көкемнің қай қолы шолақ?

Сол қолы.

Жоқ, оң қолы.

Оны қайдан білесің?

Пенсия таратқанда сол қолының саусақтарына түкіріп қойып, ақша санағанда жылдамдығына көз ілеспейді ғой тегі.

Аурушаң апасының зейнетақысын Махамбет көкесінен өзі барып алып тұратын Аязбекке сенбеске ләж жоқ.

Оны неге сұрадың?

Соғыста «сол қолдар» деген бопты ғой.

О не пәле тағы.

Өз қолдарын өздері ататын дезертірлерді сөйдейді екен.

Сен оны қайдан білесің?

Виктор Некрасовтың «Сенкасын» оқы...

Жолтан жездеміз өзара күңкілдесіп кеткен Асқармен Аязбектің сөздеріне елең ете қалған.

Әй, не деп оттап отсыңдар түге? Мен күйеу болған соң ойнап әрнәрсені айта берем. Сендерге не жоқ. Әйтпесе, Аманкелдінің сарбаздары шетінен асылдың сынықтары емес пе!

Жолтан өзінің «ақсақ-тоқсақ» деп, «бомба түскен» деп, кекетіп-мұқатып жүретін шалдарының төбесін кейде осылай көкке бір көтеріп тастайтын.

Дәстүрлері қандай, тәлім-тәрбиелері қандай!

Жолтан елжірей сөйлейді. Оның да қалжың араластырмай, қабағын түйіп, әр сөзін қорғасындай салмақтап сөйлейтін кезі болады екен.

Анау атаңа нәлеттерде дәстүр жоқ қой. «Ат тұяғын тай басар» деген қазақтың мәтелін білсе, өсте ме? Махаңды қоңыр есектің үстіне қор ғып отырғызып қойып, хат-хабар тасыта ма? Махаңның қос қолыСабыры мен Бабыры бар емес пе! Сабырдың көзі ашық, ізденетін шығар. Әй, Махамбет жәкемнің де қолы не демесең, аяғы ұзын. Устиновке дейін барады әлі. Бермей көрсін сосын, «Запорожецін»!..

Жолтан жездеміздің бортын жалпайтып жайып тастаған мәшинесінің көлеңкесінде күйіп-пісіп отырып айтқан зары періштенің құлағына шалынды ма, көп ұзамай Махамбет көкем де бір «Запорожецке» ие болды. Ұмытпасам, Берден молда бұл кезде ескі «Запорожецін» өткізіп, жаңасын алған. Ал Әуесхан көкем «Мәскеуішке» ауысып мінген.

Бүгінде біздің Аманкелдінің «бомба түскен» шалдарының қатары кетік тістей сиреп, орындары үңірейіп-үңірейіп қалған. Оқпен оттың ортасынан бір қол, бір аяқтарын беріп оралған осы қайсар қара нарлар қалмаған соң ауылдағы өмір де бұрынғыдай қызық емес сияқты. Олардың орнына әскерге майданның соңын ала шақырылып, қираған үйлер мен бықсыған түтіндері ғана көріп қайтқан аяқ-қолдары балғадай, он екі мүшесінде мін жоқ ағаларым ардагер атанған. Әттең, Жолтан жездем тірі болғанда бұл көкелерім де осы сияқты бір әңгіменің тақырыбы болып шыға келер еді.

Айтпақшы, аманкелділіктер десе тілі қышып тұратын Жолтан жездеміздің соғыстан қайтпай қалған алпыс қайнағасы туралы қалжыңдағанын естіген емеспін. Қанша қужақ десек те боздақтардың әруағымен ойнауға дәті бармаған шығар...
ШОПАНБАЙДЫҢ ШАРБАҒЫ
Шалдың мойнына ораған көлдей ақ орамалдағы қыраудай әппақ шаш екі тізесінен сәл жоғарырақ, бір жерде шашусыз жинаулы жатыр. Иіс сабынның көбігіне жабысқан шашын ұстараның жүзінен түскенін түскенше еті қашқан тарамыс саусақтарымен іліп алып, аса бір ұқыптылықпен жинап отырған да шалдың өзі.

Еркебұлан-әй, мына шашты ал да анау дәу талдың түбіне көміп тасташы.

Немересі кеше ғана әкесі екеуі қораның көңін ойғай кетпенге қарай томпаңдай жөнелді. Ауланың төріндегі көлеңкесі үлкен қара талдың қасындағы ошаққа асылған тай қазандағы қайнап жатқан суды дәліздегі үлкен ақ шылаушынға шелектеп тасып жүрген кемпір:

Еркеш, терең қазып көм, аяқ асты болмасын, - деп дауыстады.

Кейуана ырымшыл. Бұл мәселе жөнінде ол кісіні «академик» десе де болады. «Үйге қарай жүгірме», «күлді шашпа», «от шығарма», «суға түкірме»... Қариясының қыраудай аппақ шашының қотыр ешкінің қылшығындай жыңғыл қораның қабырғасына ілініп тұрғанын көргісі келмеген шығар.

Шал көзінің қиығымен баласын бағып отыр. Шалдың асылдың сынығындай ардақтап жүретін ұстарасы болатын. Баласы жас кезінде оның қызғылт түсті мүйіз сабына қатты қызығушы еді. Бірақ қытымыр шал оны өзінен басқа тірі жанға ұстатпайтын. Шашын алдырып болғаннан кейін мұқият тазалап, жуады. Сосын оны құрғақ шүберекпен баппен, асықпай сүртеді. Осыдан кейін ғана ұстарасын барқытпен бипаздап орап, сопақша келген қоңыр қорабына салып, тығып тастайды. Шалдың буырыл шашы тікірейіп қайта шыққанша оған енді бұл үйде ешкім жоламайды. Шал сол өзі бағалап ұстаған дүниенің қадірін баласы білер ме екен, білмес пе екен дегендей, сынай қарайтын сынайлы. Шалдың әрбір көзқарасын жас кезінен ұғып өскен баласы бұл «емтиханнан» сүрінбей өткен сияқты. Шал, әсіресе, баласы ұстараның алмастай өткір жүзін жасырып тұрар ұңғысындағы су тамшыларын үрлеп кетіріп, бір тал сіріңкемен шаштың қиқымдарынан тазартқанда масаттана қозғалақтап қойды.

Суды томыртқалап қойдым. Таза іш киімің де дәлізде тұр.

Кемпірдің көңілі хош. Соңғы көздері қыңқыл-сыңқылы көбейіп кеткен шалы бүгін алабөтен қунақ. Күншуаққа шығып баласына шашын алдырып отырып бұған: «Бұлбике-әй, су қайнатшы. Әшірәлім барда бір рахаттанып шомылып алайын» деді.

Бала кезінде кешке дейін аттың үстінде жүріп үйіне шаршап қайтатын әкесі кемпіріне етігін шешкізіп жатып: «суыңды томыртқалап әкелші» дейтін. Сонда кемпірі ошақтың үстіндегі буы бұрқырап тұрған құдықтың мұздай суынан араластырып, қанжылым ғып әкелетін. Баласы бұл сөзді естімегелі қашан.

Шалдың шашын алып, сақал-мұртын бастырғанда бұлай қиналмап еді. Дүниеде еті қашқан кісінің терісіне сабын сүйкеуден өткен қиямет-қайым жоқ екен. Жон арқасынан шып-шып тер шықты. Бір кездегі нар кісінің сүйектері қушиған пүшайман халін көру қандай азап. Қолындагы сабынды сүйкеген сайын шалдың қабырғасы ырсиған арқасын қажап жатқандай қысылды. Тізеде шодырайған сүйек қана қалған. Бір қырым ет жоқ. Әйтеуір, өзі отырып, өзі тұрып, жүретіні дәтке қуат. Кемпір дәліздің есігінің сыртынан: «әй, болдыңдар ма түге» деп үшінші рет келгенде, шал мен баласы есіктің ілегін ағытып, сыртқа да шықты-ау...



Шал ақ матадан тігілген кең көйлек-дамбалын киіп, иығына жеңіл шибарқыт шапанын желбегей жамылған соң сұсты қалыпқа түсті. Құйқасы аршыған жұмыртқадай әппақ болып тұрған басына үлкен дәу дәс орамалын жауып, үстінен қара тақиясын баса киіп алды. Қара талдың көлеңкесіне төселген тақтайдың үстіне дастархан жайып, ас қамдап жүрген кемпір:

Көптен бері өзін құр аттай жеңіл сезінгені осы шығар, - деп өзінен-өзі күбірлеп қояды.

Десе де, бағлан қозының былбырап піскен етінен шал аузына көп салмады. Алдындағы майлы етті баласының тұсына қарай ысыра берді. Жілікті немересіне ұсынды. Бір керемет шөл қысып отырғандай оқтын-оқтын жұтынып, тілімен таңдайын жібітіп, тамсана берді. Шалының көңілі нені қалайтынын қас-қабағынан сезе қоятын кемпір шалына арнап дереу бөлек шай жасады. Жиегіне жез түсті сызық жүргізген ақ кесеге ерні тиіп, сүт қатқан ыстық шайдан шым-шым ұрттаған сайын шалдың реңі кіре бастады. Маңдайы жіпсіп, тұла бойы бусанды. Көңілі әбден жадыраған мезгілде немересіне:

Қарагер мен торыны ертте,-деп әмір етті.

Баласы:

Әке-ау, аттарды ерттетіп неғыласыз? - деп қалған.

Жә, мына Еркебұланға атамекенін көрсетіп қайтайық.

Кеше жол-жөнекей машинамен келе жатып бәрін көрді ғой.

Ой, сөзіңе болайын сенің. Туған жер төсін атасымен аралағаны бір төбе емес пе. Сосын... саржелдіріп атпен жүргенге не жетсің! Солай ма, Еркебұлан?

ЬІрымшыл кемпір құдайға сыйынып, дұғасын оқи бастады. Шалдың қылығынан көңіліне секем алып, шошына бастаған сықылды. Тәрізі «осы жарықтық бой жасағалы жүрмесе неғылсын» дейтінге келеді.

Аттылы кісілер ауыл сыртындағы құмның жиегіне жетіп қалды. Шал немересін атына мінгестіріп алыпты. Баласы шөбіне шалғы тимеген даланың кәусәр ауасын ашқарақтана жұтып, жаны жадырап сала берген. Оның айналасына ынтыға қарап, құм гүлінің жұпар иісімен кеуде кере тыныстап келе жатқанын байқаған шал ақырын жөткірініп алып:

Даланың келбеті өзгеріп пе, балам? - деген.

Тайтөбе бала кезімде биік сияқты еді, қазір шөгіп, аласарып кеткен бе?

«Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ екен» деген осы. Бір орында тұрмақ дүние жоқ.

Еркебұланды әдейі ертіп шықтым. Көрсін. Түйсін көкейіне. Өзің туған жеріңнің төбелерін ұмытып қалған жоқсың ба?

Жоға.

Өткенде қырғыздағы Құрманқұл құдамыз келіп кеткен, - деді шал қарагердің басын қалың құмның биіктеу бір бұйратына қарай бұра беріп. - Сол әңгіме ғып, күліп отырды қызталақ. Қылжақпас неме ғой өзі. Біздің ауылда біраз қазақтар тұрады дейді. Солар бірде желпініп отырып: «Біздің шыққан тегіміз мықты. Ақсүйектердің тұқымынанбыз» деп, мақтанса керек. Сонда қырғыз ауылының тіліне теріскен шыққыр қулары: «Мына Манас жақта Ақсүйек деген сай бар. Ашаршылық жылдары ауып келген қазақтар «ақ сүйек» болып, қырылып қалған сайды солай атап кетсе керек. Сіздер, сірә, сол жақтан болдыңыздар ғой» деп, ауыздарына құм құйыпты. Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ. Менің ата-бабаларымның сүйегі де жат жұрттың бір аңғарында әппақ болып қурап қалмаса неғылсын.

Алтынбек деғен ағайынның қырғыз құдасын баласы білетін. Ұмытпаса, аты-Құрманқұл. Өзі қушыкеш, әңгімешіл кісі.

Әшірәлі, - деген бұған бір келгенінде кездесіп қалып, - біздің қырғыздарға қарағанда қазақтардың діні қатты, тілі тәтті. Менің Қатира деген көршім болды. Қазақтың қызы ғой жаманшылық жылы біздің елге келіп, тұрмыс құрып, тұрақтап қалған. Сол апаң өле-өлгенше қазақша сөйлеп кетті. Бүкіл ауыл осы күнге дейін таңғалып отырады. Ал, мына Алтынбек құдам менің қызым Канымчаны айналасы бір-екі жылдың ішінде қазақ қып жіберіпті...

Шал, баласы және немересі бұйрат-бұйрат құмның биік жалына ілікті. Бұл арадан етектегі ауыл да, құмның ортасындағы қорымдар да алақандағыдай анық көрінеді.

Анау, - деді шал қабырғасы мүжілген шеткері моланы көрсетіп, - Айдарбек атаңның қорымы. Оның жанындағы Әлімбек атаңдікі. Атам мен әкемнен тірідей айырылып, шешем екеуміз әр үйге бір түнеп, көрінгенге көз түрткі болып жүргенде басымызға баспана тұрғызып берген Айдарбек атаң болатын. Ұста еді ғой жарықтық. Жүр, жақынырақ барайық.

Шал қарагерін тебінді. Әкесінің ерсілеу көрінген бүгінгі мінезінен баласы да шошып, қобалжи бастады.

Шал қорымның жанына келіп аттан түсті. Тізгінін құранды ердің қасына іле салып, шылбырдың ұшын белбеуіне қыстырды. Сосын тізе бүгуге лайықты шөбі қалыңдау жерді таңдап жүріп тауып алды да, жүрелей жайғасты. Қырағыттай оқыған құранын аяқтап, алақанымен бетін сипады. Әләзір асығар ишарасы байқалмайды. Шөп басқан ескі қорымның кетеуі кеткен кесегіне айнала қарап жүр.



Тозып кетіпті-ау.

Жөндетсе болмас па екен?

Моланы жаңартпас болар. Мейірімің түссе одан да жұма сайын құран оқытып тұр. Сол сауап болады.

Шал ескі қорымды әлі айналшықтап қарап жүр. Ұлы қипақтады.

Әке, біз шыққалы да біраз уақыт болып қалды...

Жә, асықпа.

?

Тыңдап алыңдар. Мынау екі шалдың моласының жанындағы анау кішкентай алаңқайды көріп тұрмысың. Мен көз жұма қалсам сол жерге қойыңдар.

Ой, сіз де қайдағыны айтады екенсіз. Құдайға шүкір, әлі тыңсыз ғой.

Қайдағыны айтып тұрған жоқпын. Мен қатыбас өкіметтерді көп көріп, аузым күйген адаммын. Ата-бабамның малы мен жерін тартып алып, өздерін қаңғыртып жібергендері де болды. Мынау саған көрсеткен жерге ертең ауылдың әкімі үйіндегі төрінен көрі жуық шешесін жерлеймін десе қайтесің? Ә-ә, әкімнің дегені болады. Анау ылғи бидайық өскен шұрайлы саздың қалай аталатынын ұмытқан жоқпысың?

Шопанбайдың шарбағы деуші едіңіздер ғой.

Сол Шопанбай мына біздің бабамыз болады. Осы жер үшін ол қарашекпендермен де қырбай болған. Бірақ, қызыләскердің қиғылығы одан да асып түсті. Төтеп бере алмады. Байтал түгіл бас қайғымен жан сауғалап, шүршіт асып кетті.

Баласының шалмен тәжікелесуге дәрмені жоқ еді.Қай жылдары еді құдай-ау. Шал сол кездегі кеңшардың директорына барып: «Мынау менің ата-бабамның жері. Елдің аузында Шопанбайдың шарбағы деп бекерге айтылып жүрген жоқ. Лұқсат етсең, сол жердің шөбін ауылдың шалғышы жігіттерін жалдап өзім орып алайын» дейді ғой. Кеңшар директоры Ерман деген есті кісі екен. «Ағасы-ау, мен ол жерді мынау Мейірқұлдың ата-бабасының жері. Шөбін өзі орып алсын» деп бұйрық берсем, күні ертең аупарткомның бюросы менің екі аяғымды бір етікке тықпай ма? Баяғы бай-құлақтардың жырын жырлап жүрсің деп мені де, анау әні-міні коммунистке өтем деп далаңдап жүрген прораб балаңды да құртады ғой. Одан да сізге тура Шопанбайдың шарбағының өзі болмаса да, соның іргесіндегі Сасық көлдің бидайығы мен жантағын орғызып берейін» деп қалың қасы қар жауғандай түнеріп отырған шалды үйіне әрең қайтарыпты деп еститін.

Осы түгін тартсаң майы шығып жатқан жерді бір сенатор бәленбай жылға жалға алыпты дейді.

Жерді де, малды да түгел бөліп берген жоқ па еді?

Атасының басы. Жүні жылтыраған мал да, шөбі белуардан келетін шұрайлы жер де бастықтардың қанжығасында кетті. Бұрынғыны ақ патша дедік, кешегіні кеңес өкіметі дедік. Мақұл. Ал бүгінгілерге не жорық. Министрлер, сенаторлар, әкімдер... «Аспаннан туырлық жауса да кедейге ұлтарақ бұйырмайды» дегеннің кері осы.

Ұлы қылпылдай бастады. Шалдың тілі ащы. Бұдан гөрі Құрманқұл қырғыздың қылжағы имантаразы. Әйтеуір абырой болғанда қастарында ауыл басшылары жоқ.

Шал кейіп тұрған сенатордың кім екенін ұлының іші сезеді. Обалы не керек, облысты басқарып тұрған кезінде өзіне деген ықыласы түзу болды. Тиісті орындарға телефон шалып, бұның қызмет көлігін жекешелендіріп алуына ықпал етті. Үмітсіз шайтан. Бір майлы жіліктің басы көрінетін сияқты. Ол қызметке қолы жетсе... Бұйыртса Астанаға барып, арнайы сәлемдесіп шықсам ба деп жүрген. Шалдың сөзінің жаны бар. Сенатор балаларына мыңдаған гектар жерді жалға әперіпті деп бұл да естіген. Бірақ бұл мәселе мұның әкесінің тура жанды жарасының аузын тырнап кететінін білген жоқ-ты. Ол кісінің жерден бөлек жекешелендіріп алған зауыттары қаншама. Шіркін...



Әке-ау, ол енді қаржысы бар кісілер...

Жә, неменеге шыр-пыр боп тұрсың. Маған енді анау өзіңе көрсеткен бұзау терісі-шөншіктей ғана жердегі қара бұйра топырақ бұйырса болды.

Шал ашуланамын деп шаршап қалды. Кеудесі сыр-сыр етіп, ентіге демалады. Ерні кеберсіп қалған. Ұлы атының тізгінін әперіп, шалдың шапанының етегіне жабысқан шөп-шаламдарды қаққыштады. Шал қарагерге немересінің сүйемелдеуімен әрең мінді. Еркебұлан шалды аяп кетті. Бір жағынан қартайса да емендей илікпейтін қайсар мінезіне таңғалады. Шал, әкесі және өзі. Үшеуі үш бөлек жан. Әкесінің өз пәлсапасы бар. Шал шындығын бүгін ашты. Апасының айтқаны рас болса...

Мейірқұл кеңес өкіметінің қара жұмысына илікпеді. Үнемі ат үстінде жүрді. Өзі о бастан ыстық, суығына көндіккен жылқы малын бақты. Астында мойнын доғаша иген сұлу қара айғыр. Кейде оны әкесінен қалған ескі көз – күміс ертұрманмен ерттеп мініп шығады. «Байшікеш!» Бұл – басқарманың сөзі. Мейірқұлдың жүнін жығып, аяғына құлдық ұрғыза алмаған соң айтқаны. Тісін қайраумен талай түнді ұйқысыз өткізді. Ақыры тапты. Мейірқұлдың сағын сындыру үшін оны қалайда жансерігіне айналған қара айғырынан айыру керек. Бұл үшін Мейірқұлдың соңына аудандық милицияның әпербақан бастығын салып қойса болды. Айтқаны келді. Милицияның бастығы Мейірқұлға «не атты таңда, не түрмені таңда» деп шарт қойды. Ойлануға үш күн пұрсат. Мейірқұл қатты қиналды. Үшінші күн дегенде сылаңдаған қара айғырды қорадан алып шықты. Қорадан алып шықты да құдықтың мөлдір суына әбден шомылдырды. Құйрық- жалын сүзіп, үстіне әппақ ақ жабуын жапты. Күміс ертұрманның айыл-әбзелдерін күнге жарқыратып ерттеді. Қара айғырды тойға баратындай сылап-сипады. Кемпірі көзіне келіп қалған жасты шалына байқатпай орамалының ұшымен сүртіп алды...



Мейірқұл бұл кезде ауданға қарай баратын жолға түсіп еді. Майлы топырақты борпылдата кешіп, соңынан «әке» деп жүгірген баласына да бұрылмады...

Кемпірі сол күні түнімен кірпік ілмей шықты. Мейірқұл таң аққаймақтанып атып келе жатқанда бір-ақ оралған. Қара жаяу. Түрі өрт сөндіргендей. Әлемтапырық. Қолының саусақтарына, етігінің басына қан дақтары жұғыпты. Екі мұңлық бір-бірінің көңілін айтпай түсінді. Мейірқұл кемпіріне «су әкел» деп ым қақты. Мейірқұл алдымен қалтасынан ұстарасын алып жуды. Оның жүзі де қан екен...

Сәске түсте ауданнан ат терлетіп милициялар жетті. Мейірқұлдың қолын қайырып байлап, бір мәстекке мінгізді. Мейірқұлдың қара айғыры мен күміс ертұрманның тарихы ел аузында жыр боп жүрді. Біреулер Мейірқұл қара айғырын сойып алыпты десті. Енді біреулер қара айғырын құмның ішіне өз қолымен бауыздап, күміс ерімен бірге көміп кетіпті деп жүрді. Түрмеден соң трудармияға алынып, елге соғыс біткен соң бір-ақ оралған Мейірқұл да бұл туралы тіс жарған емес.



Еркебұлан қалтасына қолын салды. Имек сапты ұстара қолына тиді. Алақанына салып, сабын қысып-қысып қойды.

Апа, - дейтін Еркебұлан кішкентай кезінде еркелеп,атам ұстарасын неге тығып қояды?

Е, қарағым-ай, ол ұстараның жүзінде қан бар ғой... Соны көрсе қай-қайдағы есіне түсетін шығар. Шашын алдырарда амал жоқ шығарды...

Еркебұлан атасының артына міңгесті. Белінен ұстап еді қолы еті жоқ қабырғаға тиді. Қампитып тұрған құр шапан екен. «Қайран атам...».

Қарагер мен торы ауылдың жолына түсті. Үш ұрпақтың өкілі үш түрлі ойдың құшағында. Еркебұланның қолы ұстарада... Текті тұқымның қаны өз жүлгесін тапқандай лып-лып етіп түбіт мұрт жасөспірімнің алпыс екі тамырын қуалай ақты.

Ырымшыл кемпір босқа күдіктенбепті. Келесі күні таңсәріде Шолпан жұлдыз туа шал дүниеден озды. «Арманы жоқ екен. Ақ өліммен өлді деген осы. Баласын шақыртып, бақұлдасып қалды. Қызметте ғой. Немерелері де жеті жұрттың тілін біледі екен. Бақыттымын деген адам Мейірқұлдай-ақ болсын» десті жұрт. Қайтсін. Бақыт деген сөздің мәнін өздерінше ойлап, өздерінше топшылағаны ғой.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет