3. ӘКЕМ ҚАРАГЕРДІ ЕРТТЕП ЖАТАДЫ
Мінезі қатал болатын әкемнің. Қабағы ашылып, көп жадырамайды. Түзде де, үйде де сұсты. Кейде әкемнің осы мінезіне күйіп кеткен анамның «Осы сенің елдің еркегі құсап дастарқан басында күліп-ойнап, балаңмен шүйіркелесіп отыратын күнің бола ма?» деп бұрқылдайтыны бар-ды. Жауап орнына әкем күректей алақанымен бетін бір сипап, дастарқанның жиналуын күтпей орнынан тұрып кететін. Артынан мен де ілесе тұрсам да еруге қаймығамын. Сосын амал жоқ құлағым қалқиып терезенің әйнегіне жабысамын. Әйнектен Қарасам әкем қарагер айғырды ерттеп жатады. Ал сәлден кейін көкжиектегі шабындыққа қарай көзі ұшында сағымға араласып бұлдырап сіңіп кетеді. Одан арғысы мен үшін тылсым, жұмбақ. Оны әйнектен өкшемді көтеріп, мойнымды созсам да көре алмаймын. Анамның айтуына қарағанда әкем осы ауылдағы жоңышқаның қарауылы. Ал қарауылдықтың қиын жұмыс екенін мен әкемнің Сайлау деген мақаумен төбелесінен кейін білдім.
Тілі жоқ, бір ауыз сөз сөйлей алмайтын, оның орнына көмейінен ысылдаған үрейлі дыбыс шығаратын Сайлауды ауылдағылар атын атамай «Мақау» дейтін. Жастайынан қара жұмыс істеп, бұлшық еті білеудей боп өскен Мақау алып күш иесі болатын. Мемлекеттің шөбіне түссе туған-туысқанының малы болса да аямайтын менің әкем бірде осы Сайлаудың жалғыз тайын Мырзабек баздың ішіне апарып, қамап қойыпты. Осыған ашуланған Мақау аузынан түкірігі шашырап үйге келді. Әкем, абырой болғанда, аттың үстінде еді сірә, жоңышқалықты бір шолып қайту үшін жиналып жатты-ау деймін, Мақау әкеме есіктің алдында жатқан киіз үйдің бақанын ала ұмтылды да, анамның «әке, көке» деп аяғына оратылғанына қарамастан салып-салып кеп жіберді. Бақанның ауыр соққысы қарагер айғырдың жамбасына тиіп, жануар шатқаяқтап кетті. Соққы, бәлкім әкемнің қара санына да батқан шығар, бірақ ол сыр берген жоқ. Көзі от шашып Сайлаудың жон арқасынан сегіз өрім қамшысымен осып-осып жіберді. Мақаудың дүлейленген түрін алғаш көруім: маған диюдай өкірген Сайлаудан қарагер айғыр да, атам да тайсақтап қалғандай көрінді, әлде аяды ма екен...
Осы бетімен жалғаса берсе ұрыстың қажырлы жас жігіттің жеңісімен аяқталатынына күмән жоқ еді. Құдай оңдағанда, Мақаудың өзі ішіндегі кей-кейде кемеріне сыймай ағатын Талас өзеніндей бұрқырап, тасыған ашуға шыдамай жас балаша жылап отыра кетті. Анам байғұс бәйек боп жұбатып жатыр.
–Қайтсін. Жетім жігіт қой. Жалғыз шешесі ғана бар,-дейді әкемнің Мақауға мейірімі түсіп, райынан қайтсын дегендей.
Әкемнің жауар бұлттай бұрқ-сарқ еткен ашуы болмаса, қайтымы тез. Кек те сақтамайды. Сол күні-ақ Мақаудың тайын қамаудан шығарып жіберді.
4. АНАМ АЙТЫП ОТЫРСА...
Әкеме дүниенің керегі жоқ. Өмір бойы осылай Мойынқұмның жиегіндегі Мырзабек баздың жанындағы ескі үйде қарауыл қарап отыра беретін сияқтымыз. Ал, Шоңбай, Әбітай сынды құрдастарының орталықта жарқыраған ақ шатырлы кең сарайдай үйлері, астарында бояуы жалт-жұлт еткен жүйрік мәшинелері бар. Әкеме өкіметтің шөбін өрт шалмаса, мал түсіп, таптап, зиян келтірмесе болды. Қорадағы азын-аулақ малын да орталықтағы сол құрдасы «Мейірқұл, қысылып тұрмын, қол ұшын бер» деп сұрап келсе «мынау қыл құйрық жылқы тұқымы екен-ау» демей, ноқталап беріп жібереді. Анау жоңышқаның шетіндегі құмдауытқа еккен қауын-қарбыздың иісі мұрыныңды жарып пісті дегенше бүкіл ауыл осында дей бер. Мәшине де, мотоцикл де, есекке екі-екіден мінгескен бала-шаға да. Әкемнің осындай мырзалығынан шошыған анам «Бақытжаным жесін» деп аздаған қауын, қарбызды есіктің алдындағы шөмеле ғып үйген шөптің астына жасырып қоятын...
Мен онда анамның ондай қулығын қайдан білейін.
Бірде әкем өзімен бірге еріп келген кісілер «ет піскенше шөл бассын» деп анама «қарбызыңнан қалса әкел» деді. Анам «қалған жоқ қой, Мәке» деген. Шынында да қауын-қарбыздың әлдеқашан қазан боп кететін кезі еді бұл. «Ә, мейлі онда, шәйіңді тездет» деп әңгімеге енді кірісе бергенде мен өзімнің білгіштігімді көрсеткім келіп:
–Әке, есіктің алдындағы шөптің астында қауын-қарбыз бар,-деп тақ ете қалайын.
Әкем маған бір, анама бір қарады. Адамның өңменінен өтетін отты жанары, әсіресе, анамды тесіп барады.
–Әкел!
Әкем шарт ете қалды. Ашуланғанда өстетін. Ыңғайсыздықты жуып-шайғысы келген кісілер:
– Балалы үйдің ұрлығы жатпайды, - деген осы, - деп күлкілері келмесе де күлген боп жатыр.
Мен кейде өстіп жанымдай жақсы көретін анамның жүрегіне байқамай қаяу түсіріп те алатынмын.
5. АППАҚ ҚАРДЫҢ ҮСТІМЕН ЖАЛАҢ АЯҚ...
Ауруханада жатқанда көрген түсім де болды бұл оқиға. Аппақ қардың үстімен жалаң аяқ жүгіріп келеді екем...
Жә, бәрін басынан бастап айтайыншы.
Анам үйдегі он-он бес қаралы қойдың жүнін жинап, одан әйбат текемет басатын. «Әйбат текемет басатын» деп айтуға жеңіл, әйтпесе оған дайындықтың өзі қыруар жұмыс. Жүн жабағы болса оның ағын, қарасын, қоңырын бөлек-бөлек алып түтеді. Сосын Жамбылдың базарындағы өзбектерден сатып әкелген бояуға салып қызыл, жасыл, сары түске, анам оған менің асықтарымды да қосып жіберетін, бояйды. Бұл текеметтің бетіндегі қызылды-жасылды ою-өрнектер үшін керек. Осының бәрі дайын болды деген кезде жүнді көпсіте жайып, бетіне әлгі түрлі түске боялған жүннен ою-өрнек салып, шимен орап, таңып тастайды да, үстінен ыстық су құйып басады, білектейді, балаларға тепкізеді...
Маған осының ішіндегі ең ұнайтыны – шидің үстіне аппақ ақ жүнді көпсіте жайып жататын сәті. «Қой, тентек болма!» дегендеріне де қарамаймын, мап-мамық жүннің үстімен жалаңаяқ ары-бері жүгіріп өтіп ойнаймын. Мысықтың мамығындай ұлпаның аяғымды қытықтағанын ұнатамын ба, әйтеуір, құмармын. Соңымнан, аяғымның астынан жүн - жұрқалар бұрқырап ұшып, шашылып жатады.
Бірақ анамның көңіліне қарай ма, көмекке келген көрші үйдің қыз-келіншектерінің ешқайсысы үндемейді.
Түсімде өстіп аппақ ақ мамық жүнді қызылсирақтан кешіп, жүгіріп ойнап жүр екем деймін. Анамның «Қой, Бақытжан, жүнді шашасың» деп жекігенін де елемей сақ-сақ күлемін кеп. Бірақ бақытты сәтім ұзаққа созылмады, күліп жүр екем десем ботадай боздап жылап жүрмін. Жүгірейін десем жүгіре алмаймын. Екі аяғым зіл батпан, қозғауға әлім жетпейді. Анам дегенім – әкем, аппақ ақ мамық жүн дегенім – аппақ ақ ұлпа қар... Қардың үстімен жалаңаяқ жүгіріп келеді екем... Аяғымның басы дуылдап, үсіп тоңып барады. Шіркін, анам болса ғой қазір қып-қызыл болып жаураған саусақтарымды әкемнің сеңсең тонына орап, ошақтың жанына жатқызып қояр еді» деп ойлаймын. Осы кезде әкем келіп әулетті қолдарымен қардың үстінен көтеріп алып қарагеріне мінгестірді де баяғы өзі кететін, маған беймәлім көкжиектегі шабындыққа қарай шаба жөнелді. Мына қызықты қара: айналамда қар да мап-мамық жүн де жоқ, төңірек түгел жап- жасыл шабындық. Менің қуанышым қойныма сияр емес. «Әке, қашан келдің?» деймін шаттанып. Ол үндемейді, күледі де қояды, «Әке сен өліп қап едің ғой, қалай атқа мініп жүрсің?» деймін. «Жоқ, тірімін, балам! Саған шабындықты, жылқыларды көрсету үшін әдейі келдім» дейді ол...
Өстіп жатып оянып кетсем, бәрі түсім екен. Тамағыма өксік тығылды. Жылағым келеді. Әкемді, анамды тағы да көргім келді. Марқұм әкемді айтам да, күлмеуші еді...
(Сіз аға білмейсіз ғой, әкем мен ауруханаға түсерден екі-үш ай бұрын көкпар тартып жүріп қарагер айғырдан құлап қайтыс болған...).
6. БІР УЫС ТОПЫРАҚ
Әкемнің сүйегін үйден алып шығарда анам шыңғырып, беті кілеммен жабылған мәйітті құшақтап қатты жылады. «Мейірқұл-ау, жалғыз шыбыныңды кімге тастап кетіп барасың...» деп дауыс салғанда қабырғасы қайыспаған кемпір-шал қалмаған шығар.
Әкемнің қазасына көңіл айтуға адамдар көп жиналды. Үйдің жанына, бұл кезде орталыққа көшіп келгенбіз, неше түрлі машиналар толып кетті. Бәрінің аузында әкемнің істеген жақсылығы: «адал еді» дейді, «ақкөңіл еді» дейді, «мәрт еді...» дейді.
Бір аяғын тізеден төмен соғысқа беріп келген Берден молда: «Құдай тағала да адал пендесін жақсы көреді. Жақсы адам о дүниеге де керек» дейді де, әкемді жоқтап, қоймай қойған анамның өксігін басып, тоқтату үшін қырағыттап құран оқиды: «Ағзу-бил-л-лаһи...»
Әкемнің сүйегі салынған машинаның қорабына «баласынан да бір уыс топырақ бұйырсын» деп мені де мінгізіп алды. Анам аңырап есіктің аузында қала берді. Орамалы желкесіне түсіп, қалың қара шашы жайылып кеткен. Екі қолтығынан ұстап, сүйемелдеп тұрған кемпірлер болмаса құлап түседі-ау...
Әкемді ауылдың шетіндегі төбенің басына құран оқып, арулап қойды. Мен әкемнің ақ кебінге оралған мәйітін көрге түсіріп жатқан кісі: «баласы қайда, шақырсаңдаршы, бір уыс топырақ әперсін» деген кезде жақындап көрдім, төрт бұрышты етіп қазған көрдің құбыла жағынан тағы да ойып, тереңдетіп қазады екен. Мұны «үй» немесе «лақат» дейтін көрінеді. Қолымдағы дымқыл топырақты көрдің ішіндегі адам уыстап алар-алмастан мені бір қарулы қол артқа қарай қаңбақша жұлып, көтеріп әкетті де, бір топ адамдар әкемді жатқызган әлгі аузы кішкентай қуыс боп қалған лақатты кірпішпен бекітіп, топырақпен тез-тез көме бастады. Көрді көміп жатқан күректерін бір-біріне ұсынбайды, жерге, топырақтың үстіне тастай салады. Оны кезек күтіп тұрған екіншісі алады. Ырым ғой...
Көп ұзамай ауыл шетіндегі төбедегі Әміре атамның төрт құлақты сағанасының жанында топырағы әлі кеуіп үлгермеген менің әкемнің қабірі қарауытып жатты.
7. ЗЫРЛАП КЕЛЕ ЖАТЫР ЕДІМ...
Велосипедіммен төбеден төмен қарай зырлап келе жатыр едім... бір шетімнен машина шыға келді. Ол тоқтап үлгермеді, мен машинаның астынан бірақ шықтым. Одан арғысы есімде жоқ. Көзімді ашсам ауруханада жатыр екем, басымды, аяғымды таңып тастапты...
Әкем қайтыс болғаннан кейін тұрмыстың бар тауқыметі анамның мойнына түсті де мен ұзақты күнге үйде жалғыз қалатын болдым. Сосын ермек етіп, ойнап жүрсін деді ме, анам маған үш дөңгелекті велосипед сатып әпереді. Велосипед болғанда, керемет енді! Артқы дөңгелектерін қозғайтын шынжыры, ортасында аяқ қоятын басқышы бар мұндай велосипед бұл ауылда некен-саяқ еді.
Балалардың бәрі менің соңымда. Қызығады. Айдағысы келеді. Көңілім түскенде ішіндегі өзім тәуір көретін Нұрқанат, Ербол сияқты балаларға кішкене беріп, тепкізіп алатынмын. Нұрқанаттың шешесі Нұрғаным мұнымды жақтырмайды. «Өзі де жұмыс істемейді, өзге балаларға да, жұмыс істеткізбейді» деп Жарқынай апайға пыш-пыштап жатқаны.
«Әлден баласының айтқанын істейді. Ертең мәшине әпер десе қайтер екен» деп оған Жарқынай апа қосылады. Міне, сол велосипедті көзге күйік қыла бермей көрші ауылдан келген бір мас жүргізуші машинасымен мыжып өте шықты, ал мен алыстағы ауруханадан бір-ақ шықтым.
8. КӨЗІМДІ АШСАМ КӨРЕТІНІМ КӨК АСПАН...
Көзімді ашсам терезеден көретінім-көк аспан, ақша бұлт, одан кейін... өрмекші. Ол мен жатқан палатаның төбесіндегі бұрышқа, лүп еткен самал болса үзіліп кетердей боп дір-дір етіп тұрған өзінің торын мекен етеді. Мен оның аяқтары арбиған кішкентай тұрқына күнұзақ қараймын да жатамын. Салбырап, төмен түссе екен деймін. «Егер төбеден өрмекші түссе үйге қонақ келеді» дейтін анам Мырзабек баздағы жападан-жалғыз үйде тұрған кезімізде.
Бір жолы, шынында да үйге өрмекші түскен күні, қолында тор дорбаға салып алған алмасы бар бір ағай екі-кештің арасында жылмаң етіп кіріп келеді. Мен төргі бөлмеде әкемнің тізесіне шығып, еркелеп ойнап отырғанмын.
–О, үйге қонақ келді,-деп қуанғанымнан алдынан жүгіріп шықтым. Сөйтсем әлгі ағай әкемнің Шымкенттегі нағашысының баласы екен.
Айтуына қарағанда мәшине алған, оның үстіне үй соғып жатыр... Соған көмек керек. Әрине, менің мұндай шаруамен ісім жоқ, алдымдағы алқызыл алмамен әуремін.
Ертесіне әкем нағашысының баласына бір жылқысын сатып ақша ғып берді де, жолға аттандырып салды. Мұның бәрін мен кейін анамнан естідім ғой, әйтпесе қайдан білемін.
–Сөйткен нағашылары кейін әкеңнің қазасына келіп, бізге көңіл айтуға да жарамады,-деп күрсініп отырар еді анам.
Бауырына ораған жібін аяғандай өрмекші түспей қойды. Кейде бір жаққа жолға шығуға бел буғандай төмен қарай жылдам-жылдам салбырап түсе бастайтыны бар. Бірақ әлденеге ойланғандай кенет салбыраған күйі тоқтап қалады да, ұясында бірдеңесі ұмыт қалғандай жоғары қарай қайтадан өрмелейді. Мен қараймын да жатамын. Әттең қол созым жерге жетсе ғой. «Егер өрмекшінің төмен салбырап түсіп келе жатқанын көрсең жібін үзіп жібер, сонда сағынып күтіп жүрген адамың келеді» дейтін анам. Ал менің сағынып, сарғайып күткен адамым сол шешемнің өзі...
Анам алғашқы кезде, онда мен дене жарақаттарын алып түскендерді емдейтін ауруханада едім, араға ай аралатып келіп тұратын. Тәтті тоқаш, май, құрт, кәмпит әкелетін. Екеуміз, ол менің төсегімнің аяқ жағына отырып алады, күңкілдесіп ұзақ әңгімелесетінбіз. «Әкеңнің басына құлпытас орнатып, құран оқыттым...» дейді. «Нұрқанат, Ербол достарың шапқылап ойнап жүр...» дейді. «Ауылда қазір жан бағу қиын боп кетті» дейді. Не айтса да мен үшін маңызды, мен үшін қызық. Қолынан ұстап жатамын, айта берсе екен деймін. Бір кезде менің жағдайыма ауысады. «Ұзақ жатқызды ғой...» дейді. «Аяғың жүруге жарады ма?» дейді. «Қабырғаң қозғалғанда ауырмай ма?» дейді. Сосын мені машинасымен қағып кеткен мас шопырды қарғайды: «Жүрімің қысқарғыр, жүр әлі көшені шаңдатып. Ондайларды құдай да, жау да алмайды» деп.
Кейін анам, сырын соңыра білдім ғой, келмей кетті.
Мен мұны өзімді басқа ауруханаға ауыстырып жібергенінен көріп жүргенмін, «үлкен қалада адасып, таппай жүрген шығар» деп. Сөйтсем... анам ылғи келеді екен, бірақ дәрігерлер кіргізбей, бетін қайтарып жібереді екен ғой. Ал мен жүруге жараған аяғымды көрсетіп, секіріп ойнап бір мәз қылайын деп жүрсем.
9. БІР КҮНІ МҰҢАЙЫП ОТЫРСАМ...
Дәрігер келіп: «Мейірқұлов, жүр бері» деді. Осының алдында ғана «тексеру болады, палаталарды тазалаймыз» деп әлекедей жалаңдаған тазалыққа қарайтын апайлар өңкей ауруларды далаға қуып шыққан. Менің жүрегім әлденеге қобалжығандай болды. Өрмекшіме қарағам: ол болса қапелімде торына «тұтқынға» түсіп қалған шыбынмен әуре боп жатыр екен. Апайлар «палатаны тазалаймыз» деген сайын осы өрмекшінің ұясын бұзып тастар ма екен? деп зәрем қалмайтын. Ішім бірдеңені сезіпті... Даладан қайтып келсем бұрыш тап-таза – менің өрмекшім де, ұясы да жоқ. Жылап жібердім. «Енді анам мүлде келмейтін болды» деп жорығам. Осы кезде ғой дәрігердің «Мейірқұлов, жүр бері» деп зекігені. Соңынан ілестім. Бас дәрігердің бөлмесіне кірсем... міне ғажап, анам отыр! Жылап көрістік. Анам ауыз басымнан түк қоймай шөпілдетіп сүйіп жатыр, сүйіп жатыр... Менің ішіме симай жүрген сағынышым көзімнен жас боп төгіліп жатыр, төгіліп жатыр.
Мені ауруханадан шығаратын болды. Бірақ анам оған қуанып жүрген жоқ. Әлсін-әлсін басымды кеудесіне басып, көзінің жасын орамалымен сүрте береді. «О, құдайым-ай, не жаздық саған!» дейді. «Сап-сау балама қан құямыз деп ауру ғып берді ғой» деп дәрігерлерді қарғайды. Ауылдағы дәрігерге берілген жолдама қағазға қарайды да тағы жылайды.
Анам ауылға келгеннен кейін мені үйден көп шығармайтын болды. Анда-санда орталықтағы дәрігерге апарады. Маған дәрігер қыз мені көрген сайын «селк» ете қалатын сияқты болып көрінеді. Бір түрлі құтылғанша асыға ма, қалай... Мені бөлмеден шығарып жіберіп, анамды оңаша алып қалады да ақыл айтып құлағын сарсытады. Бір жолы: «Өзіне жеке ыдыс-аяқ беріңіз. Ауылдың балаларына қоспаңыз» деп жатқанын естіп қалдым. «Ол...тек қан арқылы жұғады ғой» дейді анам жыламсырап. «Бізге енді жетпегені қан арқылы жұғу еді» дейді қыз зіркілдеп. Не керек, анам мені дәрігерге әкелген ғұрлы оның қабылдауынан екі көзі қып-қызыл боп, жылап шығады. Бұл құпия әңгіменің астарында не бүгулі жатқаны менің санама да біртіңдеп ұялай бастаған соңғы кезде.
10. ДОСТАРЫМДЫ ТАНЫМАЙ ҚАЛДЫМ
Шынымды айтсам, мен емес, олар танымады мені, танығысы да келген жоқ.
Аузы жеңіл ауылдық дәрігер арқылы маған жабысқан ауру хақында елдің бәрі құлақтанған болып шықты. Бәрі... үлкені де, кішісі де менен сырт айналатын болды. Күн сайын танауын таңқайтып анамнан «Бақытжан үйде ме?» деп сұрап, келіп тұратын Нұрқанат пен Ербол зым-зия жоғалған. Тіпті қарасы да көрінбейді. Ал егер зәуімен біздің үйдің жанымен жүре қалса тезірек өтіп кеткенше асығады. Менің «Нұрқанат!» деп шақырғаныма мойын да бұрмайды. Естімеген болады. Кейін шақыруды мен де қойдым. Түңілдім бәрінен. Мектепке, сабаққа да бармайтын болдым. Ол жақтан «келе ғой» деген де ешкім болған жоқ. Көзге шыққан сүйелдеймін. Алғашында анам:
–Бақытжан, бүгін сабағыңа бармаушы ма едің?-деп сұрайтын. Менің мектепке барғым келмейтінін, барғым келгеннің өзінде де бара алмайтынымды біліп тұрса да өзін-өзі алдарқатып осылай дейтін.
–Жоқ, бармаймын, - деймін мен.
–Неге?
Мен: «анашым-ау, неге екенін білесің ғой. Оның несін сұрайсың?» дегендей жүзіне тесіле қараймын. Менен басқа жауап естігісі келіп, солай болады да деп сеніп тұрған анам осыдан кейін көрер көзге бейшара боп, ұнжырғасы түсіп кетеді. Өшін көзінің жасынан алады әйтеуір.
Бірде анам екеуміз өстіп бір-бірімізге мұңымызды шағып отырғанымызда тереземіздің әйнегі сыңғыр етіп қирап түсті. Одан... екінші әйнектің күл-талқаны шықты. Еденеге шашылып түскен шынылардың арасында дәу-дәу тастар жатыр...
Түсіне қойдық. Анам сыртқа, мен терезеге ұмтылдым. Қарасам, бір топ балалар сайға қарай қашып бара жатыр екен. Алдарында Нұрқанат пен Ербол қайқандап құйын-перен ұрып барады. Балалар мен мектепке бармаған соң «көзімді жоймаққа» үйге келіпті.
Анам «бұларды үлкендер әдейі жұмсап отыр» деп, ал кеп көзінің жасына ерік берсін.
11. ӨЗІМЕ ӨЗІМ ЖАЗА КЕСТІМ ДЕ
Қораның ішіне кіріп асылып өлмек болдым. Ол үшін бәрі дайын: бұғаулап байлаған арқан да, аяғымның астына қоятын орындық та...
Арқанның бұғауланып байланған ұшын алдым да жәйләп мойныма ілдім. Жуан ғып өрген арқанның қап-қатты болатынын сонда білдім, менің ырғайдай мойныма батып кетті. Буын-буыным дірілдеп, тынысым әлден-ақ тарыла бастағандай. Көзімді болар-болмас қып жұмдым. Кіреуке сәуленің арасынан алдымен анам көрінді: текемет басуға шидің үстіне жайып қойған аппақ ақ мамық жүннің үстінде жүгіріп ойнап жүрген маған ұрсудың орнына, еркелетіп күле қарайды, әкем де жүр, ол қарагерімен көкжиектегі шабындыққа қарай сар желіп кетіп бара жатыр. Мен әкемді қуып жетіп алғым келеді. Енді кешіксем сағымға сіңіп, біржола көзден ғайып болмақшы. Әке...
Аяғымның астындағы орындықты құлата бергенімде біреу, оның анам екенін бірден білдім, артымнан келіп қапсыра құшақтай алды. Құшақтаған күйі күйікке булығып жылап жіберді.
–Құлыным-ау, бұл нең? - дейді өксіп. -Ең болмаса мені аясаң қайтеді... Мен де жыладым. Жылап тұрып көкейіме кептелген сөзді айтып жатырмын.
– Енді не істеймін, бізді бәрі жек көреді. Кетейікші бұл жерден. Кетейікші тез...
–Мақұл, құлыным, кетеміз. Тек сен жылама, ауырып қаласың, - дейді анам.
* **
Біреулер сиырымыздың ішіне айыр тығып өлтіріп кеткен күні таңертең біз, анам екеуміз ешкімге айтпастан, айтқанымыз кімге керек боп жатыр, киім-кешегімізді алдық та, үй-жайымызды, бау-бақшамызды бір құдайға аманаттап ауылдан қарамызды біржола батырдық. Келіп паналаған жеріміз міне, осы ара.
СУРЕТ СЫЙЛАЙ АЛМАЙТЫН БАЛА
немесе кейіпкеріммен қоштасу
Бақытжанның әңгімесін тыңдап отырып кештің батқанын байқамай қалыппын. Оның әңгімеге қызыға берілген кездегі сезіміне селкеу түсіріп алмайын деп әдемі жапырақты айналдырып қараған боп, ойланып отырған едім: бақтың іші, манағыдай емес, алакөбең тарта бастапты.
Зерек-ақ бала, амал қанша. Ойымды сезіп қойды ма дегендей Бақытжанға жалт қарасам ол анадай жердегі орындыққа тізе бүгіп, бірдеңе жазып отыр екен.
Осындағы дәрігер айтып еді: бұл ауру адам санасындағы психологиялық жарақатты жылдам қабылдайды. Сондықтан осы аурумен ауырған адамдардың айналасындағылар сақтанған күннің өзінде өзін-өзі адамгершілік тұрғыдан ұстай білуі керек. Ал, Бақытжанға көп қорлық көрсетіпті: бұл ол адамдардың тарапынан – мейлі дәрігерлер, мейлі ауылдастары, мейлі достары, мейлі ол мұғалімдері болсын-тағылық болып табылады. Өйткені, Бақытжанның құдайдың алдында да, адамдардың алдында да ешқашан жазығы жоқ. Бейкүнә. Өкінішке орай, біздің қоғамымыз мұны түсінетін өркениетке әлі жеткен жоқ.
–Аға!
Ойға батып кеткен екем, құлағымның түбінен шыққан дауысқа жалт қарадым. Бақытжан.
–Аға, Сіздің балаларыңыз бар ма?
–Бар, оны неге сұрадың? - Көз алдыма үшінші сыныпта оқитын қызым-Индира, бірінші сыныпқа биыл барған бір-біріне тете балаларым Досхан мен Олжас келіп тұра қалды.
–Мына суретте Алтайдың әсем табиғаты бейнеленген. Өзім салдым. Балаларыңызға алып барып беріңізші. Менен ескерткіш болсын.
Алдым. Суреттің сыртына «Бақытжан Мейірқұлов. Алтай, 199... жыл. Қыркүйек» деп жазыпты. Толқып, тебіреніп кеттім.
–Рахмет, Бақытжан! Міндетті түрде апарып беремін.
Ымырт үйіріліп, қараңғылық бояуы қоюлана бастаған.
Бақытжан мен анасы жататын емдеу орталығының шамдары да жанды.
–Ал, Бақытжан, сау боп тұр. Мен енді қайтайын. Анаң да іздеп жатқан шығар сені.
–Шығарып салайық па? Пойызыңыз қаншада?
–Жо-жоқ, керегі жоқ. Өзім-ақ... бірдеңе ғып қайтам ғой... Ал, жақсы...
Екеуміз қол алыстық. Тек қана қол алыстық. Кіп-кішкентай нәзік саусақтары менің күректей қолыма сүңгіп кетті. Алақаны жып-жылы. Білегіндегі тамыры бүлк-бүлк етеді. Соғып тұр...
–Ал, анаңа сәлем айт!
Жалт бұрылып кетіп бара жатыр едім Бақытжан «аға» деп айқайлады. Кілт тоқтадым.
–Ау, не боп қалды?
Жүгіріп келе жатыр.
–Жаңағы суретті бере тұрыңызшы.
–Неге?
Десем де төс қалтамдағы суретті алып Бақытжанның өзіне қайтып ұсына бердім. Бақытжан анандай жердегі талдың түбіне барды да сіріңкесін жарқ еткізіп суретті жағып жіберді.
–Бақытжан-ау, мұның не? Не боп қалды?
–Ағай, кешіріңіз, керегі жоқ екен...
Анасының «Осы күні балам нені пайдаланса да жағып жіберетін болды. «Неге бүйтесің?» десем, «Басқалар мен сияқты ауырып қалмасын» дейді деген сөзі ойыма сарт ете қалды.
–Ренжімеңіз. Айтпақшы қай газетте істеймін дедіңіз... Ә-ә...есіме түсті... Сіздің атыңызға хат жазып жіберемін. Күтіңіз, мақұл ма...
– Мақұл, мақұл...
Мен басқа не дерімді білмей терезелерінен жарықтары жапырлаған үйдің тым-тырыс құлазыған ауласынан ұзай бердім.
* **
Бақытжа-н екеуміз қоштасқалы бері де арада бір жыл өтті. Менің қайтып ол жаққа жолым түспеді. «Хат жазам аға! Күтіңіз...» деп жәудіреп қалған одан әлі хабар жоқ. Хат келмеген сайын қорқам. Себебі... белгілі ғой.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ЖАСАСЫН ҚҰЗҒЫНДАР
Бөктердегі бір ағаштың саясына тоқтадық. Бұтақтарында құзғындар қарауытады. «Біздің мазамызды алған бұл кімдер өзі?» дегендей, бір шуласып барып басылды. Еркінсулеріне қарағанда, мынау қатып-семе бастаған ағаштың көлеңкесіне жан жуымайтыны көрініп тұр. Діңі мен жапырақтарына саңғырық жұғып, әбден айғызданған. Саясындағы өлекседен жағымсыз иіс шығады.
– Ойпырмай, мынау әп-әдемі ағашқа обал бопты-ау.
–Е, осындағы жапырағы жайқалған талдардың бірі еді... Бар сәнінен жұрдай болды байғұс. Бұлбұлдар да безіп кетті. Қазір көлеңкесіне мал екеш, мал да жоламайды.
–Құзғындардың айы оңынан туған екен онда.
–Айтпа, қызық-думан осыларда.
–Жасасын Құзғындар!
Тымық ауаны жаңғырықтыра айғай салдым. Ащы айғайды жақтырмағандай ағаштың ұшар басында отырған дәу қара Құзғын орнынан қалбалақтай көтеріліп барып, қайта қонақтады. Сірә, мынау өлекселі өңірдегі ешкім мазаларын алмайтын беймарал өмірге «жамбастары» әбден үйреніп қалса керек.
«Мәжнүн» талға араша сұрағандай қияға қарағам. Үмітім ақталмады. Қырандар бөктерден тым-тым биікте қалықтап жүр екен.
Достарыңызбен бөлісу: |