Сайқымазақ ДҮние


САМҒА, КӨКТІҢ ЕРКІН ҚҰСТАРЫ



бет11/13
Дата20.06.2018
өлшемі445,2 Kb.
#43996
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

САМҒА, КӨКТІҢ ЕРКІН ҚҰСТАРЫ
Тоқ-Қуаттың әңгімесін Бағдаршам демін ішіне тартып, тіпті қыбыр етіп қозғалуға да батылы жетпей отырып тыңдады.

– Уһ, не деген аянышты еді. Байғұс, Ана кептер қайда ұшып кетті екен?

Тоқ-Қуат та күрсіңді.

– Оны ешкім білмейді. Бірақ оның ендігі ұрпақтарына қауіп-қатері жоқ, тыныш мекен іздеп кеткеніне мен кепіл.

– Ондай жерұйықты таба алар ма екен?

– Білмеймін, Елгезегім. Осы сұрақ менің де жүрегімді ауыртып, алқымыма жұдырықтай тас боп тығылғанына міне бірнеше күн.

– Шіркін-ай, іздеген жерұйығын тапса, қандай жақсы болар еді.

Тоқ-Қуат кенет көңілі босап бара жатқанын сезіп, әңгіме тақырыбын өзгерте қойған.

– Бағдаршам, сен немене, бүгін 1 Мамыр мерекесі екенін ұмытып кеттің бе?

– Жоқ, неге ұмытайын.

– Ендеше, қарап тұрмайық. Әне, танауы делдиіп сенің Аусар-Алмасың да келе жатыр.

Қала, шындығында, бүгін ерек құлпырып кеткен еді. Бағана сайын жалаушалар ілініп, көшелердің үстіне салтанат ұрандары жазылған қызыл маталар тартылған. Көшенің бойында машиналар жоқтың қасы. Есесіне адам деген ығы-жығы. Ата-аналарының иықтарына қонақтаған сәбилер қолындағы алқызыл жалаушаларын бұлғап-бұлғап қояды. Қызыл, сары, көк түсті неше алуан әсем шарларды ерке жел балалардың қолынан жұлқа қашып, сонау аспанмен таласқан зау теректерден де ары асырып, зеңгір көкке қарай қақпақыл ойнатып, қуалайды.

Аусар мен Володя үйреншікті таспа жолымен аяңдап келіп, Бағдаршамның қасынан өте берді. Өздерінің түндегі құпия тірліктерінен Тоқ-Қуат пен Бағдаршамның құлағдар екенін сезбеген, әрине.

– Володя, қалай ойлайсың, Мақсат пен Бағдаттың қылықтарын апайға айтқанымыз мақұл ма?

– Әзірге өздерімен сөйлесіп көрейік. Кінәлерін мойындаса, бэлкім, айтудың да қажеті бола қоймас.

– Володя десе, маған бір ой келді. Осы бар ғой, мектептегі көше қозғалысының жас инспекторлары отрядының қатарына кірсек қайтеді?

Володя осы әңгімені шынымен-ақ сенің аузыңнан естіп тұрмын ба дегендей Алмасқа таңдана қарап қалыпты. Ойлы жанарында «Ертеңгі күні азар да безер болып, айнып кетпейсің бе?» деген дүдәмал сұрақ та жоқ емес.

– Шын, оллаһи-білләһи, шын айтып тұрмын.

Володя өз ойын көзінен оқып, түсініп қойған досының зеректігіне риза болып қалды.

Әпкел, қолыңды!

Әпкелсең әпкел! Уәдем, уәде!

Екі балақайдың уәдесіне бәрінен бұрын Бағдаршам қуанып кетті.

Тоқ-Қуат, а Тоқ-Қуат, Алмастың не дегенін естідің бе?

Естігенде қандай! Енді қолқанат достарымыздың қатары бұрынғыдан да көбейе түсетін болды.

Сәлден кейін көк жүзіндегі ақшарбы бұлттардың астына көгершіндер пайда болды. Ақ қанат құстар көк жүзінде ойнақ салып, билеп ұшып жүр. Мерекеге жиналған халықтың көгершіндердің бейбітшілік биіне сүйсіне қол соқпағаны жоқ. Ал Бағдаршам мен Тоқ-Қуат мынау әсем көгершіндердің Алмас пен Володяныкі екендігіне шүбәсіз сенімді еді.

Самға, көктің еркін құстары!

Самға!

КҮНГЕ ҒАШЫҚ ӨЛКЕДЕ
ертегі – хикаят
БІРІНШІ ТАРАУ
Көкжасыл көркем өлкедегі қуаныш. Күн Ана!

Қызыл шатырлы үй. Әлімбек атасы күшігінің

атын неге Ақпарақ қойды екен?
Қарақтарым!

Біз баян еткелі отырған бұл көкжасыл көркем өлкеде мейірімді Күн-Ана ұйқысынан оянып, сонау көз ұшындағы Аждаһа жыланша жон арқасын күжірейтіп, қарауытып жатқан биік қырқадан алтын орамалын жарқ еткізіп бой түзгенше күллі Жер беті алма ағаштың гүліндей аппақ нұрға малынып тұрып алады. Осы бір елес сынды буалдыр ақ нұрдың ішіндегі қызыл шатырлы еңселі үй мен қалың тал-дарақтар: қаратал, сәмбі тал, қайың, қарағай, шырша бәрі-бәрі таңғы уыз тіршілікке елтіп, осылайша ұзақ-ұзақ мүлгіп тұра берер ме еді, әлде қайтер еді... Бірақ, тәкаппар Түн сұлу шымқай қара түсті сылаңнан тіккізіп киген көйлегінің етегін шұбатып, сонау батыстағы қырдың арғы беткейіне барып көзден ғайып болған сәттен бастап, әлгі қызыл шатырлы еңселі үйдің ауласындағы жүні парақтай аппақ, тұмсығы мен көзі ғана мойылдай қап-қара күшік шәу-шәу үріп, Қызыл Айдарлы Кербез Әтеш өңешін жырта қиқуға басып, бәрекелді, жасыл жапырақтан мақпал шәлі жамылған талдардың бұтақтарына қонақтаған шымшықтар бір-біріне жамырай жар сала шырылдап, айналаны қызықты думанға толтырды. Бұл, әлбетте, олардың мынау тып-тыныш таң әлетіндегі сәби кейіпті бейкүнә әлемге тағы бір жып-жылы шуаққа толы жарық сәулені аман-есен жеткізген Күн-Анаға деген қошуақ көңілдері болатын. Таңғы тылсым тыныштықта қоңыраудай сыңғырлап, ауыл үстінен аса, түу-түу алысқа естіліп жатқан осынау ерекше қуанышқа мелдектеген шат-шадымен үндер көңілін қытықтап, қарадай елітіп кете ме, кім білсін, келесі сәтте Күн-Ана: «Менің кішкентай ғана балапандарым- ау, бір түн көрмегенге бола сонша сағынып қалдыңдар ма?!» деп, емірене тіл қатып, бал-бұл жайнаған сұлу жүзін балаларынан жасыра берудің енді асылық екенін ұққандай әлгі Аждаһаға ұқсас сұсты қырқадан жарқ етіп толық бой көрсететін. (Қарақтарым, егер сөзіме мұқият құлақ қойып отырсаңдар, онда мына ертегішінің өзі қайта-қайта «көркем» деп, «көкпеңбек» деп, тамсанып отырған осынау шынында да ғажайып өлкедегі күншығысты көлбеп, төңкерілген астаудай тып-тыныш жатқан қырды қайдағы бір азуы алты құлаш Аждаһаға теңеп, неменеге үрейімізді ұшыра береді деп ойланып қалатындарың кәдік. Мен де оны бекерден-бекерге еске алып отырған жоқпын, бұл бір ұзақ әңгіме. Сәтті уақыты соққан кезде ол туралы әлі егжей-тегжейлі баяндап беремін). Сол сол-ақ, жарқ еткен көз қарықтырар өткір сәуле көзді ашып- жұмғанша жалпақ жаһанды көктей өтіп, көлденең кездескен көлеңке-кедергілерден аттап, тәкаппар Түн- бикештің жаңа ғана шашылған көмірдей қап-қара болып сайрап жатқан ізін сүттей әппақ сәулесімен шомылдыра жуып-шайып, тәкәппар тау сілемдерінен де ары асып, төрткүл дүниені кезіп кете баратын.

Ә-ә, айтқандай, біз баян еткелі отырған бұл көкжасыл көркем өлкеде Күн-Ана осылай бой көрсетті дегенше бітті, сен кірпік қағып үлгергеніңше оның зымыран құстың жылдамдығындай ұшқырлықпен сонау зеңгір көкке барып қалай тез қонақтай қалғанын аңғармай да қаласың. Қожайындары Әлімбек қарияның шығыс көкжиекке мезгіл-мезгіл қараған сайын, өзіне-өзі «Жарақтық Күн Ием ұясынан арқан бойы көтеріліп қалыпты ғой» деп, шүкіршілік ететін өзіне ғана тән «ұзындық өлшемінің» бойымен бір пәсте зыр ете түсер еді.

Қош, сөйтіп Күн-Ана көкке түгел иелік қып, бүкіл әлемге шекесінен қараған кезде бойына сенген көп қабатты үйлер мен аспанмен таласқан тәкаппар теректердің мен-менсіген көлеңкелерінің құты қашып, қайда тығыларға білмей сасады әуелі. Көлеңкелердің өзі бүйтіп пұшайман халге тап болып жатқан кезде, әлбетте, жан-жануарлар да баспана іздеуге кірісетіні хақ қой. Солардың бірі – Ақпарақ.

Ақылдылығымен һәм айналасындағы басқа тіршілік иелеріне деген артық-ауыс жамандығы жоқ момындығымен сүйкімді көрінетін күшік - Ақпарақтың мекен-жайы қызыл шатырлы еңселі үйдің ауласының қақ төрінде. Ақпарақ осы мекен-жайының есігінен басын шығарып, жерге жабысқан бәкене табалдырығына иегін сүйеп мызғығанды ұнатады. Бірақ, көзі жұмулы болғанымен, көңілі ояу. Құлағы-тыныс тіршілікте! Әлдеқайдан біреу сырт еткізіп сіріңке тұтата қалса да қос құлағы едірейіп, орнынан ұшып түрегеледі. Ересектердің көбінекей өз іс-әрекеттеріне есеп бермейтіндегі бар ғой.

Атын о баста неғып Саққұлақ деп қоймаған десеңші! Бірақ, қожайыны ғой Ақпарақ деп еркелетіп жүрген. Сірә, күздігүні жусанның басына түйдектеліп жабысып тұратын, болмаса көш-құлаш болып шұбатыла қалқып жүретін мизам сықылды мақтадай ақ ұлпа түсіне бола атын Ақпарақ қойған болар.

Бәрекелді, сонымен Күн-Анамыз шашақтары алтыннан өрілген сап-сары жібек орамалын жарқ еткізіп көк зеңгіріне барып аялдағанда ақылы асқан Ақпарағымыз өзінің бағзы машығына басып үйшігінің есігінен алдыңғы екі аяғын сыртқа көсіп жіберіп, иегін тізесінің үстіне төсеп, мау-жы-ра-а-ап жатыр еді. Ол осы маужырап, мүлгіген қалпында-ақ үйшігінің үстінен көлеңкенің асығыс аунап түсіп, тал-дарақтардың қалың жапырағының астына қашып барып тығылғанын сезді. Енді Ақпараққа да тез түрегеліп, үйшігінің түкпіріндегі салқын сызға бауырын төсеп, тәтті ұйқысын одан әрі жалғастыра беруіне болғандай еді. Бірақ, ол жарқ ете түскен өткір сәуледен жасқанып кірпігін жұма түсудің орнына, ұшып түрегеледі, әлгі үйшігінің түкпіріндегі салқын сызға бауырын төсеп рахаттанудың орнына, қос құлағы едірейіп сыртқа шығады.

Міне, Күн-Ана көкжасыл көркем өлке иелеріне осылай армысыңын жолдап, ал Ақпарақ үйшігінен керіле бауыр жазып, тысқа шыққан сәттен бастап қым-қуыт тіршілік те жанданып жүре беретін. Ал іліктің басы, әлбетте, Қараладан шығады...

ЕКІНШІ ТАРАУ
Тәкаппар Шәргез Қараланың қылығын-ай.

Көкжасыл көркем өлке не деген ғажап еді.

Қарлығаштарға не керек?
Ақпарақ ауланың қақ төріндегі үйшігінің алдында, өзімен өзі ертеңгілік дене шынықтырумен әуреленіп жатқан. Бір, екі, үш... бір, екі, үш...

Бәрінен де құлақтары селтеңдеп ауланың ішін айнала шапқылап алғаны қызық. Осы кезде әлдене жұмсақ пырылдап мұның үйшігіне сүйкеніп өте берген. Өзінен-өзі танаурап, ауланы айналып шапқылаймын деп таңғы астарын алдарына алып, қуаныштан қыт-қыттап жүрген мекиендері мен сирақтары сыйдиған шөжелерінің тәбетін бұзғаны үшін кербез әтеш – Қызыл Айдардан ескерту алып қалған Ақпарақ ентігін әзер басып, дыбыс шыққан жаққа жалт қарады.

Біреуге тиісіп, сүйкенбесе жүре алмайтын Шәргез Қарала екен. Осы ауланың қожайынымен бірге ас ішетін жалғыз өзі болғанын бұлдай ма, жалғанның тәкаппары өзі. Қашан көрсең де көзін сығырайтып, біресе терезенің алдында, енді біресе күншуақтағы емен орындықтың үстінде бүк түсіп, мүлгіп отырғаны. Аяқтарын олай бір көтеріп, бұлай бір көтеріп, асқан кірпияздықпен бауыр жүнін сылап-сипалап, ертеден қара кешке дейін қайта-қайта жуына беретінін қайтерсің тағы.

Ақпарақ ауланың ортасымен өзінен басқа мұқым дүниеге менсінбей, керенау көз тастап, көлбей өтіп бара жатқан Шәргез Қаралаға құлақтары селтиіп қарады да қалды. Қараланың боса да мұнда шаруасы жоқ. Аяқтарын еппен көтеріп құрғақ жерді, жаңа ғана жаңбыр жауып өткен, қағуылдап қана басады. Табанына ілкіде бір жабыса қалған лай болса жақтырмай, аулақтата сілкіп тастайды. Мұндай кірпияз болар ма?



Ақпарақ жымың ете қалды. Есіне, өткенде Қараланың осы маңғаздығының салдарынан Қарлығаштарға таланып қалғаны оралған.

Ой-хой, дүние-ай десеңші! Өзі көкжасыл көркем өлке болса, оған көктемнің келуі мүлде ғажайып қой. Ертегіші оны майын тамызып баяндап, ақындар оның бар бояуын жоғалтпай мөлдірете жырлап бере алар ма екен, сірә?!..

Ақпарақтың білетіні: қожайынының қызыл шатырлы үйінің ауласына бір жаңа леп, жаңа тыныс келгенін сезгендей болған. Жер-Ананың тәні бусана жіпсіп, таңертең тұрып қарасаң көкмайса шалғынның сабақтарына шық тамшылары мөлт-мөлт етіп тұнып тұратын. Құрт-құмырсқалар да жан-жағына баспалай қарап, індерінен шығады. Таңғы ауаның кәусар лебіне мас болып, бақтың көз көрмес бір бұрышына қонақтап алып, әуезді үнін қызыға қайталап, тамсанып отыратын құмыр көмейлі Көкектің сазын айтсаңшы, шіркін!

Міне, тап осы кезде бұл өлкеге жұбымен жарасқан Қарлығаштар да келіп жеткен. Қарлығаштар келген бетте үйдің боғатындағы былтырғы ұяларын қайта жөндеп, болашақ тұрмыстарына қам-қаракет жасай бастады. Олардың тыныс-тіршіліктерінен Ақпарақ та көз алмай, бейкүнә, момын көршілеріне іштей тілектес болып жүретін. Бірде, ымырт жабыла екі мұңлықтың өзара: «Жұмыртқаларымыз жарылып қалмас үшін мамықты қайдан табамыз?» деп кеңесіп отырғанын құлағы шалып қалды да, шапқылап отырып Қаралаға келді.

– Қарала, сөзіме құлақ сал, - деді Ақпарақ танаурап. Ақпарақтың басқаларға ұқсамайтын бір мінезі, ақкөңіл батырлар сияқты аңғал еді. Аңғалдығы сонша, өзі ойлаған қандай бір игі іс болмасын жұрттың бәрі қуана құптап, келісе кетеді деп сенетін.

– Иә, ол неғылған мәселе таң атпай тынышыңды алып, тағатыңды тауысып бара жатқан, - деді Қарала пыр-пыр етіп. Демек, жақтырмағаны.

– Естіген жоқсың ба? Қарлығаштар келді ғой!

– Келсе қайтейін. Екеумізді сағынып, емешегі езіліп отыр ғой дейсің бе?

Ақпарақтың аптыққан көңілін Шәргез Қараланың маңызсыған осы сөзі-ақ су сепкендей басып тастаған. «Айтсам ба екен, айтпасам ба екен?»

– І-і-ім, білесің бе, Қарала, жақында олар ұя баспақшы. Соған...

– Немене соған? Жұмыртқаларын басып бер деп отырсың ба маған?

– Қарала, мен саған өйт деп тұрған жоқпын ғой. Сен қазір түлеп жүр емессің бе? Әр жерге жабысып қап жүрген сол мамығыңнан Қарлығаштарға.... біразырақ қарассаң демек ем.

– Мияу! - Қарала баж ете қалған. -Жомарт болсаң өз жүніңді жұлып бер! Ал менің тастайтын мамығым жоқ! Өзің білесің, қожайынның үйі болса да суық.

– Қап, енді қайттім! Сені бір шөкім мамыққа бола сараңдық жасай қоймас деп ойлап едім. Ал мен түлегенше қай заман...

– Жә, жә, бос сөзбен басымды қатырма! Мейірімді екенсің өзіңнің құйрық жүніңді жұлып бер!

Ақпарақ намыстанып қалды. Өйткені, оның құйрығы шолақ болатын. Қарала қу соны меңзеп, мазақ қып тұр.

– Жарайды. Ақылың кірген күні осы қылығың үшін әлі-ақ бармағыңды тістейтін боласың!

Пішту, маған ақыл үйрететін кісінің түрін қара!

–Ақпарақ сөз таластыра бергенді бойына лайық көрмей, тілі удай Қаралаға тап берген. Ол да Ақпарақтың әр қимылын аңдып, сақ тұр екен сол заматта-ақ биік теректің басына өрмелеп шығып кетті.

– Абай бол, ендеше, Қарала! Берсең-қолыңнан, бермесең - жолыңнан аламыз мамығыңды!

Қарала жауап орнына «мияу» деп, тұмсығын тыржита айбат шекті де, әп-сәтте зау теректің бұтақтары арқылы шатырдың үстіне шығып, зым-зия жоқ болып кетті.
ҮШІНШІ ТАРАУ
Қызыл Айдар да шікірейе қалыпты.

Қарлығаштар Шәргез Қаралаға неге шүйлікті?
Сол жерде Қаралаға әбден ыза болып, кіжініп кеткенімен былай шыға бере Ақпарақтың алды дауыл, арты шуақ өткінші жауындай ашуы тарқады да кетті. «Енді не істеу керек? Кімге барып ақылдасқаны жөн?» Ал Қарлығаштарға мамық ауадай қажет. Өйткені, олардың жұмыртқа басатын мезгілі әне-міне дегенше жақындап қалатын түрі бар. Ау, айтпақшы, Қызыл Айдарға барып жағдайды айтып, түсіндіріп көрсе қайтеді? Мекиендерінің бір-бір ұлпасын сыйламас деймісің! Ең бастысы бұл мамықты өзінің қарақан басының қамы үшін сұрап жүрген жоқ қой.

Ақпарақ ауланың бір бұрышын жайлап жатқан Қызыл Айдардың патшалығына қарай аяқ басқан. Көкейінде «Патшасынып паңданар болса да Қызыл Айдардың алдынан өтіп көрейін. Ошарлы жанның бас иесі ғой, түсінер» деген ой, ниет баяғы.



– Ассалаумағалейқұм, ақылы айбатына сай, аса көрікті алдиярымыз Қызыл Айдар хан! Күн сәулетті патшалығыңыз һәм сұлу бибілеріңіз бен шөжелеріңіз сау-сәләматта болсын!

Бір аяғын бауырына тығып, кірпіктерін ашып-жұмып, әскер басыдай оқшау биікте серт тұрған Қызыл Айдар Ақпараққа: «тағы да тынышымды алуға келдің бе?» дегендей, қабағынан қар жауып, шүйліге қарады. Бірақ, Қарлығаштардың шарасыз халін ойлаған Ақпарақ Қызыл айдардың қаһарынан қорыққан жоқ. Өзінің салтанатты мақамын жалғастыра берді.

Қызыл Айдардай кекірейген, кербез патшаны бір жеңсе, оны қызылды-жасылды бояуға малынған қанатындай сұлу сөзбен ғана жеңетіні хақ.

– Датым бар, тақсыр! Егер, мейіріміңіз құлап, «дат» десеңіз, баян етейін.

– Айт, датыңды! Бірақ, қысқа сөйле! Қызыл Айдар бауырына тығып тұрған сирағын баппен жерге тіреп, қызыл-ала қанаттарын сатыр-сұтыр еткізіп қағып-қағып жіберді.

– Сөйлесем, сонау алыс қиырлардан өлкемізге бейкүнә Қарлығаштар пана іздеп, ұшып келіп жатыр. Солардың бір жұбы жылдағы әдетінше біздің қожайынның босағасына келіп қонақтады. Жақында ұя баспақшы. Соған ұябасар Қарлығаштың бауырына жұмсақ, жылы болсын деп...

– Сөйлей бер...

–Соған... Қаралаға барып, ақыры түлеп жүрсің ғой. Қарлығаштарға мамығыңнан қарас деп едім, көнбеді.

Қайта өзімді мазақ қылып, қашып кетті. Енді Сіздің патшалықтан бір шөкім мамық табылар ма екен деп келіп тұрмын.

Хоқ, хоқ, хоқ... Мамық Қаралаға керек болғанда, маған адыра деп көкіп жүрген кім саған!? Жоқ, бере алмаймын, мамық менің шөжелеріме де керек! Қысқа біз де қам жасағалы жатырмыз...

Қызыл Айдардың мақамынан оның бұдан арыға сөз шығындағысы да келмей тұрғанын түсінген Ақпарақтың салы суға кетті. Үйшігіне келіп бүк түсіп, жатып қалды. «Апырай, бұлардың бәріне не болған? Қарлығаштардың да қас қылғандай мұның түлейтін кезіне тап келмегенін көрдің бе?»

Қамығып жатып көзі ілініп кеткен екен, Қараланың баж ете түскен ащы даусынан шошып оянып, орнынан атып түрегелді. Оған деген бағанағы ашу-ызасын ұмытып кеткен. Оны айтасың, мешкей мысық мекиендердің дәмі тіл үйіретін жұмыртқаларынан дәметіп, қаһары қатты қанатты патшаның кәріне ұшырап қалса, көмектеспек те ойы бар-тұғын. Сөйтсе, мына қызықты қараңыз! Басқа жер жетпегендей кең ауланың қақ ортасында «мені көрдіңдер ме» дегендей көсіліп жататын Қарала от басқандай орнынан ұшып тұрып, баж-баж етеді. Сол кезде барып байқады: Қаралаға шүйлігіп жүрген Қарлығаштар екен! Екеуі екі жақтан жебедей зуылдап келген бойы көз ілеспес шапшаңдықпен Қараланың арқасындағы қобырап түсіп жүрген жүнін іліп алады да, аппақ, омырауын жарқ еткізіп көкке қайта самғайды. Ондайда бопыраған түте-түте жүнді іліп әкетпекке әрекеттенген Қарлығаштардың өткір тұмсығы Қараланың денесіне қаттырақ батып кете ме, мысекеңнің әшейінде күжірейіп жүретін жон арқасы қайқаң ете қалады. Мұртын тікірейтіп, айбат шегіп, азу тісін Қарлығаштарға білеп- білеп қояды. Бірақ оған үрке қоятын Қарлығаштар қайда, шықылықтап Қараланың төбесінде ойнақ салып жүр.

Ақпарақ аң-таң. Мына тосын оқиғаға сенерін де, сенбесін де білмейді. Ақыры Қарлығаштардың батырлықтары балалардың ерке қылықтарын есіне салған да, сақылдап тұрып күліп жіберген. Ақпарақтың көңілді күлкісін құлағы шалып қалған Шәргез Қарала Қарлығаштарды тастай бере бұған қарай шапшысын. Ызадан екі көзі шоқтай жайнайды.

– Әп, бәлем, сен екенсің ғой шағыстырып жүрген!

Ақпарақта шалт қимылдың иесі еді. Әбжіл әрекетке көшіп, қорғанып үлгермегенде тап сол жерде беті Қараланың нысанасына айналып, қан жоса болары хақ тұғын. Әйтсе де Ақпарақ әп-сәтте болып өткен оқиғадан ес жиып:

Әй, Қарала, бері кел! Менің бұл оқиғаға қатысым жоқ, - деп айғайлағанша ол қалың жоңышқаның арасына зып берген. Әшейінде бойындағы бар маңызы сонда тұрғандай желпуішше бұлғап-бұлғап қойып жүретін ұзын құйрығын бұл жолы аспанғатік шаншып алыпты.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Тынымсыз-Тышқан Қызыл Айдардың

патшалығынан не көрді? Қарлығаштар қандай

аяулы құстар! Ақпарақ та тым ақкөңіл-ау...
Қызыл шатырлы еңселі үйдің бұрышына жапсарластыра соққан сенектің іші әсет-шілденің өзінде денеңді тітіркендіргендей салқын. Қабырғасы қызыл кірпіштен өріліп, күннің көзі түспейтін көлеңке тұсынан терезе орнына кішкене ғана саңылау шығарса, оның үстіне отқа жаға-жаға еден ағашы ада болса, салқын болмағанда қайтсін енді. Әдетте, мұндай сенектердің ішіне ескі-құсқы заттар тән. Сондықтан олардың бәрін жіпке тізіп, санап жатпаймыз.

Тынымсыз-Тышқан бүгін осы сенектің ішінен тамағына талғажау қыларлық ештеңе таба алмаған соң есіктің табалдырықпен қиюласатын жеріндегі тесіктен баспалап далаға шықты да, Қызыл Айдардың патшалығына қарай жорытты. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, ылғи аста-төк болып жататын Қызыл Айдардың патшалығының маңайынан бір-екі түйір дән табылып қала ма деген үміт те баяғы. Бірақ Қызыл Айдардың патшалығына тұмсық тірей бергені сол еді, Қызыл Айдар кеудесін керіп, өткір тырнақтарын шеңгелдеп дәл желке тұсынан төніп келді де: «Хоқ, хоқ, хо-оқ!...» деп бар даусымен қиқуға баспасы бар ма! Аяқ астынан тап болған Қызыл Айдардың қаһарынан иманы қасым болып, зәресі зәр түбіне кеткен Тышқан өзінің кері қарай қалай құстай ұша жөнелгенін білмей де қалды. Тек сенектің түбіне келгенде ғана өзін күштеп тоқтатып, ентігін басты. Сөйтсе, соңында әні-міне дегенше ұстап алатындай болып білегін сыбанып, әлекедей жалаңдап келе жатқан қуғыншы жоқ екен. «Ұят-ай! Әсіресе, мұны Қарала ести көрмесін!»

Әйтсе де Тынымсыз-Тышқан қарап тұрмады. Ол енді Қызыл Айдардың патшалығына алыстан дүрбі салып, маңайындағы қауіпті-ау деген қалтарыс- бұлтарыстарды бір шолып шықты. Жоқ, көңілге қорқыныш ұялататыңдай күдікті ештеңе байқалмайды. Дүрс-дүрс соққан дыбыс та өзінің алып-ұшып тұрған жүрегі екен. Бірақ «қорыққанға қос көрінеді» дегендей, Тышқан дүрбінің әйнегіне бәрібір байыз тапқызар емес. Дүрбінің ұңғысындағы шыныдан алдарына шашқан дәндерді асықпай шоқып жүрген мекиендер мен астау орнына қойылған ернеуі кетік ескі табақтағы шөп-шалам аралас суға тұмсықтарын батырып, шөл басып жатқан шөжелерді көргенде Тынымсыз-Тышқан тамсанып-тамсанып қойды.



«Ой, мынау кім? Ақпарақ қой! Бүл қайдан жүр мұнда? Өзінің жүзі сынық, қабағы салыңқы ғой жүдә. Әшейінде, селтиіп, өзін сүйкімді көрсетіп тұратын құлақтары да салпиып қалыпты».

Тышқан дүрбісін жылжытып, басқа «қарауыл» іздеді. «Ә-ә, енді түсінікті болды. Қызыл Айдар екен ғой қоқиланып тұрған. Қызық, оның алдында айыпты болатындай Ақпарақ не жазып қойды екен? Жоқ, Ақпарақ, керек десең, тұмсығына қонақтап, мазасын алған шыбын екеш шыбынды да қаппайды.

Ән-нә-ні қара, әтешпісің деген, қолын сермеп-сермеп қояды өзі Ақпараққа. Қой, мынандай жаңалықты естімей құр қалғаным болмас. Неде болса жақынырақ барып тыңдайын. Нартәуекел!»

Тынымсыз-Тышқан дүрбісін иығына іле салды да, таса-тасамен бұқпантайлап жүгіре жөнелді. Ол сарайдың жанына ентігіп жеткен кезде манағы біз әңгіме етіп кеткен Қызыл Айдардың қаһарына мініп тұрған кезі болатын. Бұл оқиға сендерге белгілі болғандықтан тоқ етерін бір-ақ айтайын.

«...Сөйле, тобық жұтқандай неғып түйіліп қалдың?

Қызыл Айдар кеудесін керіп, олай-бұлай ойқастап, Ақпараққа шекесінен қарайды. Дүрбі алдамапты-Ақпарақтың жүні жығылып, мұңайып қалыпты. Үні де пәс.

– Содан... Қаралаға барып, ақыры түлеп жүрсің ғой Қарлығаштарға мамығыңнан қарас деп ем көнбеді. Енді Сіздің патшалықтан бір шөкім мамық табыла ма екен деп келіп тұрмын.

– Хоқ, хоқ, хоқ... Мамық маған адыра деп көкіп жүрген кім саған? Жоқ бере алмаймын...»

Тынымсыз-Тышқан Қызыл Айдардың бұдан арғы сөзін шала-шарпы тыңдаған. Өйткені, өзінің ата жауы Қараланың да, бұлардың көкжасыл көркем өлкесіне жыл сайын сәуірдің соңын ала ұшып келіп, боғаттағы ұяларына қонақтап, шүйіркелесе ме кім білсін, дауыстарын мың құбылтып, түтін түтете бастайтын екі Қарлығашты да жақсы білетін. Бұрышта жатып алып Қарлығаштардың моншақтай қап-қара көздеріне, тамақтарының астындағы мойындарын бұрған сайын мың сан түске боялып, көздің жауын алатын қызыл қоңыр мамығына, одан соң аспандағы қазбауыр бұлттарға ұқсас аппақ бауырына сүйсіне қарағаннан бір жалықпайтын. Екеуінің құдық басындағы лайдың шетіне бауыр төсеп, одан балшық аралас шөптің бірер тал сынығын тұмсығына іліп алып тыным таппастан отауларының қабырғаларын жөндейтұғын еңбекқорлығы да, таңғы һәм кешкі тымық ауада жоғары-төмен құлдырай ұшып, бір-біріне еркелеп, асыр салатындары да жарасымды емес пе? Әсіресе, татулықтарын айтсаңшы, татулықтарын!

Тышқан өзінің қалай күрсініп жібергенін байқамай қалды. Шіркін, осыны Қарала неге түсінбейді екен? Қашан көрме, өзінен кішіге де, үлкенге де көз алартып жүргені. Онымен қоймай, қыбын тауып тырнақ батырып алатынын қайтерсің. Өзін қойшы, Тышқан тағы да ауыр күрсініп қойды, мұны ол көзі шалған заматта-ақ тарпа бас салуға бар. Ал оның Ақпарақты жек көретін қай жөні бар? Сондай аяулы, ақылы асқан күшікпен күндес болатындай не жетпейді десейші өзіне!



Ақпарақ та ақкөңіл. Әйтпесе, Қараланың мінезіне сыралғы болатын кезі болды ғой. «Мамығыңнан қарас...» деп, жетіп барыпты. Ау, тоқта, осы мамықтың Қарлығаштарға не керегі болды екен сонша? Әй, бірақ, Ақпарақ алаңдаса тегін болмағаны ғой. Қой, мен мұны Оқымысты-Тотықұстан сұрайын. Бұл жұмбақтың шешуін бір білсе, сол Оқымысты - Тотықұс біледі.

Тышқан қожайынының салқын сенегіне қарай домаланып, жүгіре жөнелді. Қияндағыны қасына әкеліп, көзіне шұқығандай ғып тұрып көрсететін дүрбісі ол секіріп-секіріп жүгірген сайын жалп-жалп етіп, жамбасын соғып барады.
БЕСІНШІ ТАРАУ


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет