Сайқымазақ ДҮние


Күн-Ананың құдыреті. Алғашқы тарауда



бет12/13
Дата20.06.2018
өлшемі445,2 Kb.
#43996
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Күн-Ананың құдыреті. Алғашқы тарауда

айтылған Айдаһармен танысатын да сәт туды.
Қою қараңғылық бірте-бірте сейіліп, сәресі әлетіндегі тай қазанның түп күйесіндей қап-қара түсті бозғылт бояу алмастырды. Сол бозғылт бояудан айналаға тіршілік белгісі тарап, түні бойы көзге түртсе көргісіз «соқыр теке» қараңғылықтың құзырында демдерін ішіне тартып, тым-тырыс тұншыққан талдар бой түзеп, қолаң шаштай ұйысқан жапырақтарын самал сілкіп, жел тарай бастаған. Сонау күншығысты көлбеп жатқан алып қырдан ат сабылтып жеткен атар таңның хабаршысы-ақ самалдың желөкпе мінезі еліктірмей қойсын ба, жапырақтар да бір-бірімен жапырласа бас изесіп, өзара жарасымды бір жылы сыбырға көшіп жүре берді. Әлбетте, қанаттарын жел көтеріп, бұтақтан-бұтаққа ұшып-қонып, дегбірсіз шырылға басқан шымшықтардың үнін естісеңдер, оны да осы таң хабаршысының сүйіншісінің шашуы деп біліңдер.

Таңғажайып таң арудың еншісіне ғана тән осынау нәзік көріністің әрбір нақышына әсем әуен тыңдағандай бір рахат сезіммен қанағат алып, маужырап жатқан Ақпарақ айналаға көзін төңкеріп, ойлана қарайды.

Аулада тіршілік иелерінен өзінен өңге әлі қыбыр еткен жан жоқ. Қызыл Айдар, жылы төсегін қимады білем, жаңағы бір әлетте үзіп-созып таң хабарының ырымен жасаған да қойған. Қарала болса да анау еңселі үйдің ішінде, қалың көрпенің үстінде пырылдап, тәтті ұйқыны соғып жатқан шығар. Еһ, олар Күн-Ананың қадірін Әлімбек атасындай білмейді ғой.

Қожайындары күнде таң ертең төсегінен тұрып, қалқиып есігінің алдына шыққанда әуелі күнбағысша иіліп Күн-Анаға тағзым ететін. «Күн, - дейтін сосын қолтығындағы балдағына сүйеніп тұрып, - жарықтық, табиғаттың төсін емген тіршілік атаулының ортақ анасы ғой!»

Бірде терезеден түскен жарықты азсынып электр шамын жағып қойған осы әумесер Қаралаға «Бәтшағар, сенің бұл шамыңның жарығы күннің құдыретті нұрына бәрібір жетпейді! Бұдан былай бүйтіп асылық мінез көрсетпе!» деп, зекіп тастағаны бар. Шынында жер-жаһанда Күн-Ананың сәулесінен құдыретті ешқандай керемет жоқ шығар! Иә, ештеңе жоқ! Егер Күн болмаса Қызыл Айдардың патшалығының да, Қараланың паңдығының да құны көк тиын ғой.



Ақпарақ шәу-шәу үріп, қораны бір айналып келді. Аппақ нұр айналада мейлінше молайып, шығыстағы тұтасқан ақшарбы бұлттардың етегі қызыл жалқын түске бояла бастаған. Бұл енді, әне-міне дегенше, Күн-Ана да бой көтереді деген сөз.

Түу, ендеше мынау жұрт Күн-Анамызды қарсы алмай неғып жатыр? Мақұл, Қаралаға Күннің шуағы денесін аяз қарып, тоңғанда ғана керек, ал анау Қызыл Айдарға, Тышқанға не жорық? Қожайыны Күнді қарсы алу дәстүрін боса да бұзбасы анық, әйтпесе, анау аңыз әңгімені майын тамызып айтып бермес еді ғой.

...Мыңдаған жылдар бұрын, кім білсін, бәлкім беріде-ақ болар, көкжасыл көркем өлкедегі тіршілік атаулыға әмірін жүргізіп, Күннің де, Түннің де қызығын жалғыз өзі иемденіп келген бір қатыгез патшаның жұлдызы көк кеңістігін жарқырата ақтық рет жанады да, жерге қарай құлдилай ағып жөнелді. Көп ұзамай оның орнын Айдаһар сынды айбатты патша басты. Бұрынғы қатыгез патшаның темір бұғауынан Күн-Ана да құтылды. Өйткені, әлгі қатыгез әмірші жан-жануарлар алым-салықтарын жыл сайын бір еседен артық апарып тұрмаса Күн-Ананы шынжырлап, ұясынан шығармай қоятын. Сондықтан, осы уақытқа дейін қаһарлы патшаның қысымынан әбден зәрезап болып, жүні жығылып қалған жан-жануарлардың арқа-басын бір жадыратайыншы дегендей мейірімді Күн-Ана алтындай ақсары өңі гүл-гүл жайнап, нұрын төгіп кеп берді.

Қолы кетпенге тиіп, аузы нанға жарыған жан-жануарлардың қуанышында шек жоқ. Қуанған хайуанаттар кездескен жерінде тұра қалып Айдаһардың аманшылығы үшін дұға оқып, тәу етуді әдетке айналдырды. Олардың өз ықтиярларынан айырылғандары сонша бір-бірінен «ау, осымыз ертең өзімізге таяқ болып тиіп жүрмесін» деп, ақыл тоқтататындай халде емес еді. Қайта бір-бірімен жарысқа түсіп, Айдаһардың алдында жақсы атты көрінгісі келетінді шығарды.



Әлбетте, Айдаһар да көктен аяғы салбырап түскен әулие емес еді, оның үстіне тақтың буы бар, сондықтан өзіне көрсетіліп жатқан осынау даңқ пен дақпыртқа мас болып, елтімей тұрсын ба? Төңірегіне «көрдіңдер ме, бұл өлкеде менен өткен ақылды ешкім жоқ, бәрі менің құдіретімнің арқасы» дегендей, насаттана көз тастайтынды шығарды. Оны айтасың, құзырындағы құлдық ұрушылардың жанарынан өзіне деген ессіз табынушылықтың ұшқынын көру оны адам айтып болмас ләззатқа бөлейтін.

Айдаһар осылайша мейманасы тасып, көкжасыл көркем өлкедегі тіршілік иелерін уысында ұстап, сән-салтанатпен дәурен сүріп жатқан. Бірде уәзірлерінің ішіндегі үндемей, көрінгеннен қауіптеніп жүретін Шибөрі топтан жырылып қалды да, мұның аяғын сүйе құлады.

– О, Алдияр хан ием, датым бар!

Шибөрінің жылбысқыдай жабысқан алақанынан жиіркеніп, қолын тыжырына қағып тастаған тәкаппар Айдаһар ақырып жіберді.

– Айт, датыңды!

Бәрі-дағы Сіздің алтын тағыңыздың, асыл тәжіңіздің тұрлаулы болуының қамы, хан ием! - Шибөрі Айдаһарға жаутаңдай қараған күйі құйрығымен жылжып кері шегінді де, шоқиып отырды. - Көк Тәңірі куә, жан-жануарларыңыздың Сізге деген құрметін айтып жеткізу мүмкін емес. Қара тобырыңыз Сіздің басқан ізіңізді жығылып жатып сүюге бар. Бірақ... - Шибөрі жорта мүләйімсіп, сөзінің аяғын әдейі жұтты.

– Не дейсің?! Айт жылдам, әйтпесе ... әй, жендет, ал мынаның басын!

– Ойбай, тақсыр-еке, күнәһәр пендеңіздің шыбын жанын қия көріңіз!

– Айтайын дегенім «іштен шыққан жау жаман» деген. Сіздің әлемге әйгілі әмірші ретінде даңқыңыздың асып тұрғанын кейбіреулер көре алмай жүр. Бұрынғы патшаның заманын көксеп, сыпсың сөз тарататын көрінеді.

Шибөрі аузындағы сөзін айтып болғанша қаһарлы патшаның кәрінен қорқып жонарқасын мұздай тер жуып кетті.

– Айт шапшаң, кім ол!? Қайдан естідің?!

Осы сауалдан қашып құтыла алмасын біліп, оған алдын-ала жауабын қанжығасына бөктеріп келген Шибөрі бұл жолы онша саспады.

– Жау алыста емес, хан ием! Иегіңіздің астында. Түстеп берсем, Сіз ұстанған сара жол ең алдымен Арыстанға ұнамайды. Өткенде Жолбарыс екеуі сөз қылып отырғанын өз құлағыммен естідім. Ойлары қайткен күнде де Сізді тақтан құлату...

Айдаһар аузынан от шашып, алпыс алты кез құйрығымен жерді салып-салып қалғанда жер сілкініп, тау-тас, орман-тоғай жапырылып қалды. Өзен-көлдер арнасынан асып, егіс алқаптарын шайып кетті, жануарлар ешнәрсеге түсіне алмай, у-шу...

– Жоғал, көзіме көрінбей, малғұн! Жаманат хабар жеткізген сені де аямаймын! Әй, жендет...

Айдаһардың алтын сарайынан Шибөрінің шыбын жаны шырқырай шықты.

Төтеннен келген бұл нәубеттің алдында ақылды Арыстан да, алғыр Жолбарыс та төтеп бере алмады. Ертесіне қызыл киімге оранған жендеттің қан сасыған шөркесінің екі жағында екі арыстың басы денесіз домалап жатты.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Ақ шашты әзіз Әулиенің шарты.

Ұйқыға кеткен Айдаһар қайтадан оянып кетпей ме?
Екі бірдей сенімді ақылшыларының асыл текті патша ағзамға деген «қаскүнемдіктері» әшкере болып, бастары алынғаны жайлы оқыс оқиғадан кейін жан жануарлардың санасын қайғы бұлты торлап алды. Арыстан мен Жолбарысты «ақ еді», «обал болды» деп айтуға ешқайсысының да дәті жетпеді. Дәлірегі, бұрын жан-жануарлардың Айдаһарға деген құрметінен шынайы сүйіспеншілік лебі есіп тұрса, ендігі құрметтің астарында «пәледен машайық қашыпты» дегендей, тылсым үрей бар-тұғын. «Біреудің жаманаты-біреудің қанағаты» болған заманда бұған, әсіресе, Шибөрі тектестердің айызы қанып, құдайлары берді де қалды. Олар ұзында өші, қысқада кегі бар біреуді көрсе бітті «міне, мынау ақылы асқан айбатты патшамыз Айдаһардың атақ-абыройына дақ салатын ғайбат сөз айтты» деп, сырттарынан тұзақ құрып жатты. Топырлатып дарға астырды. Жан-жануарлар өлкесі қан сасыды. Көк майса қурап, жапырақтарынан айрылған ну орман арса-арса болып, Алла тағаладан сауға сұрауға көшті. Өзен - көл суалып, жер қақ-қақ айырылды. Жан-жануарлар біткен талғажу қыларлық тамақ таппай туған өлкелерін тастап босып кетті.

Не істерін білмей сасқан жан-жануарлар амалдары таусылған соң небір жын-перілерді аузына қаратып, құрдай жорғалататын, тіпті қалса қара тасқа айналдырып қалшитып қоятын сиқыршы-әулиеге барып жалбарынды. Сонда Әулие ойланып отырып былай деген екен.

– Иә, Айдаһар осал жау емес. Ол өзінің қара басынан басқа біреуді мынау да мен сияқты тіршілік иесі-ау деп аяған емес. Жер-Ана үшін мұның қауіпі өте зор. Өйткені, оның бойындағы осы менмендік ұрығы бүгінде жәми тіршілік иелерінің бойына жайыла бастады. Олар да қәзір бір-біріне өктемдік жасап, бір-бірінен бақ-талайын асыруға құмар. Сондықтан, ей, менің бақытсыз жан-жануарларым, талаптарыңды орындамас бұрын сендерге қояр шартым бар.

– Айтыңыз шартыңызды,-десті, жан-жануарлар күңірене шулап.

– Оңай шарт қояды екен деп ойламаңдар. Асықпай ақылдасып алғандарың жөн.

– Не де болса көндік, Әулием!

– Әбілет басқыр Айдаһардан құтқарсаңыз болды, әйтеуір...

Әулие отқа ұмтылған ессіз көбелектей алды-артын ойламайтын тобырға қабағын түйе қарап, қолын сермеді.

Жә, олай болса, сөзіме мұқият құлақ салыңдар. Бүгіннен бастап бір-біріңе көз алартпай, ауызбірлікті, ынтымақты боласыңдар. Екінші – мынау аспан асты, жер үстінде біреудің басына қайғы бұлты төнсе, соны «ол жаттың басына түскен қайғы-қасірет» демей, ортақ қасірет деп қабылдайсыңдар. Өйткені, мынау Домалақ Жер, Домалақ Күн тіршілік атаулының – Анасы! Домалақ Шаңырағы... Домалақ Бесігі!

Жан-жануарлар Әулиенің талабы мұндай оңай болар деп ойламаса керек, шулап қоя берді. Әсіресе, Қасқыр:

– Ой, бар болғаны осы-ақ па? Ха...ха... Бір-біріңмен дос болыңдар дейсіз ә, мініки, достық құшағымыз қазірден ашық. Әй, Қыли, қайдасың?-деп, көлеңкесінен қорқып отырған Қоян байғұсты өзеуреп шақыра бастады.

– Енді үшінші шартымды тыңдаңдар! Мен бүгіннен бастап Айдаһарды оқып, ұйықтатуға кірісемін. Ол сиқырлы дұғамды оқыған сәттен бастап, қалғи бастауға тиіс. Көзін мәңгі бақи жұмғызсам да болар еді. Бірақ, мен сендерге сенбеймін.

Оған анау қырғынға ұшыраған жәмиғаттарыңның рухы куә. Сондықтан, үшінші шартымның серті өздеріңнің пиғылдарыңа байланысты болмақ. Яғни, жоғарыдағы екі шартты бұлжытпай орындайтын болсаңдар Айдаһар мәңгі бақи көз жұмады. Ал зұлымдық тәңірі мәңгі бақи көз жұмған кезде жер бетінде Қасқыр мен Қоян бірге жайылып, адам сенгісіз бейбіт заман орнайды. Егер өзді-өзіңмен жауласып, бейбіт тіршіліктің берекесін ала берсеңдер Айдаһардың бойындағы зұлымдық қайта күш алып, бас көтеруі мүмкін. Ал ол екінші рет бас көтерді дегенше күллі тіршілік иесі ғана емес, мынау сендерді мәпелеп асырап отырған жомарт Күн-Анаға да қатер төнді дей беріңдер.

Ақ шашты әзіз Әулиенің осы сөзінен кейін көкжасыл көркем өлкеде тату-тәтті тіршілік қайтадан қыз-қыз қайнап жүре береді. Жан-жануарлар бір-біріне «сіз-бізімен» жағып, адамгершілік ұғымы мызғымас ақ туға айналды. Бір кездері өзінің басқан ізін құшып, аяғына қоғадай жапырылатын қара тобырын қынадай қырған Айдаһар болса шығыстан күлімдей көтерілетін Күн-Ананы өзімен бірге ала кетпек болып көк жиекті көлбей құлаған қалпы әулиенің дұғасына ұйып, ұйқыға кетті...



– Ата, Күн-Ананың әлі күнге дейін күлімдеп тұрғанына қарағанда жан-жануарлар уағдаларында тұра білген-ау шамасы. - Қожайынның ертегісін тыңдап біткенше не болар екенмен әр түрлі ой құшағында жаны жай таппай отырған Ақпарақ атасына әнтек сұрақ қойған.

– Жоқ, Ақпарақ. Әулиенің сөзін есіңе түсірші. Ол жан-жануарларға шарт қоярда Айдаһардың бойындағы зұлымдық ұрығы басқалардың бойына да у сияқты жайыла бастады демеп пе еді. Айтқанындай - ақ, жан-жануарлардың бір парасы тату-тәтті өмір сүріп жүрсе, енді бір парасы әлі күнге шейін өзара бәтуаласа алмай,босқа қан төгіп жатыр.

– Сонда, - Ақпарақ шығыс жақты көлбей Айдаһарша ұзыннан-ұзын созылып жатқан қырға үрейлене көз тігіп қойды, - Айдаһар әлі біржолата ұйықтаған жоқ па?

– Иә, күшім, өкінішке орай, Айдаһардың алты кез азуынан қауіпсізбіз деп айтуға әлі ертелеу болып тұр.

Құлағы салбырап ойланып қалған Ақпарақ кенет қыр жаққа қарады да қуана айғайлап жіберді.

– Алақай, алақай! Күн шығып келеді, Күн! Ата, қарашы, әне! Күн, Күн шығып келеді!

Әлімбек қария Ақпарақтың қуанышын бөлісіп, дәрменсіз тіршілік иесінің көңілін ауламаққа күншығысқа қарай мойын бұрған. Шынында мына дүние жаһанның арғы-бергі мыңжылдық тарихында ешқандай қантөгіс болмағандай қырдың үстінен Күн-Ана бейбіт көтеріліп келеді екен. Ақпарақтың көз алдына алтын күннің шапақтарының астында отар-отар болып жайылып жүрген аппақ қойлар, қойлардың үстінде қуана шырылдап отырған бозторғайлар елестеп кетті. Мына қызықты қара, олардың ортасында өзі де шапқылап жүр екен дейді....


ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Тынымсыз-Тышқан мен Оқымысты-Тотықұс.

«Өлке таңындағы» Сауысқанның сандырағы.
Бәрекелді, енді манағы Тынымсыз-Тышқанымыз не істеп, не қойыпты? Жалықпасаңдар, енді соған аз-кем оралайық. «Оқымыстыға қалай да тез жетуім керек» деп ойлаған Тышқан жолындағы кездескен кедергі атаулыға қарамастан етегіне сүрініп-қабынып жүретін әдетімен тапырақтап тұрып-ақ жүгіріп еді. Соңындағы, бораған алақұйын шаңнан қасы-көзі әппақ ақ қырау болыпты. Танауына кіріп кеткен шаңның тозаңдары кеңсірігін жыбырлатып Оқымыстының жанына жете бере сәлемдесуден бұрын түшкіріп-түшкіріп жібергені. Әт-пүш, әт-пүшу...

Жайлы орындыққа шалқая жайғасып, қолына газет ұстаған Оқымысты-Тотықұс Тышқанның бұл қылығын, әлбетте, жақтырған жоқ.

– Кісіге қарап түшкірмес болар, Тышқан мырза. Қашанғы құлағыңа құямын осы.

– Кешірші, Тотықұс! Сәлематсың ба! Өзіңе асыққаным сонша, жүгіремін деп шаңға әбден малтықтым. Ақпарақ пен Қызыл Айдардың ұрыс-керісін бақылаймын деп жүріп түс әлетіндегі тәтті ұйқысынан қағылған Тышқан қолын керіп, рахаттана есінеп алды.

– Кісіге қарап керілуге болмайды. Тышқан күйіп кетті.

– Үйтпе, бүйтпе... Қит етсен осы.

– Жарқыным, өмір дегеніміз-өсиетнамаға толы кітап екенін білмеуші ме ең? Ал енді осы кітапты ашқан екенсің, ендеше оның әліпбиін де меңгеріп алғаның абзал.

– Кешірші, Тотықұс! Қызыл Айдардың мамығы Қарлығаштарға не үшін керек?

Оқымысты-Тотықұс өзінен әлдекім ақыл сұрай келген кездегі ісіп-кеуіп, маңызси қалатын әдетімен Тынымсыз-Тышқанға көзілдірігінің үстінен насаттана қарап-ақ сүт пісірімдей уақытты өткізді.

– Әй, Тынымсыз Тышқан-ай! Зыр жүгіргенің болмаса, бұ дүниедегі бар жаңалықтан бейхабарсың- ау? Мә, оқы!..

Оқымысты-Тотықұс «Өлке таңы» деп аталатын сары-ала газетті Тышқанға ұстата берді.
Соңғы хабар.

ӘУМЕСЕР АҚПАРАҚ
Қарлығаштардың ұясына мамық іздеп

шыққан Ақпарақтың жолы болмады. Әуелі Қараламен шекісіп қалды. Сосын Қызыл Айдардың патшалығына жасаған сапары да

сәтсіз аяқталды. Ақпарақ қайырымды болса Қарлығаштарға өзінің мамығын сыйлауы керек еді.

САУЫСҚАН.
Ашуланған Тышқан газетті лақтырып жібере жаздады.

– Өсекші Сауысқан, Ақпараққа бекерге тіл тигізіпті ғой.

Оқымысты-Тотықұс болса Ақпарақтың көңіл-күйі өзіне түк әсер етпегендей бұрынғыдан бетер маңызданды.

– Олай деуге болмайды.

– Ой, болмайдыңмен бар бол сен! Жаңа ғана өз құлағыммен естіп келдім. Қараланың мамығы түлеп, желге босқа ұшып жүргенге байғұс Ақпарақ елпілдеп жетіп барған ғой. Ал, ол болса...

– Дегенмен, Ақпарақтың әуелі ойланып алғаны мақұл еді.

Тышқан Оқымысты-Тотықұстан опа таппасын білді де мына жерден тезірек кеткісі келіп ініне қарай жүгіре жөнелді. Жүгіріп бара жатып дүрбісі қазыққа ілініп қалды да шаңға тағы бір аунап тұрды. Қасы-көзі аппақ шаң.

– Әт-пүш! Әт-пі-шу!
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Ақпарақ ақ самаурындағы өзінің бейнесімен ойнап,

Қарлығаштарға сый-сияпат әзірледі. Тынымсыз-Тышқанның

әңгімесі біраз жәйттің шетін шығарды.
Ақпарақ іске кіріспес бұрын самаурындағы өзінің бейнесіне тесіліп біраз тұрды. Бейне бір өзіне-өзі: «мынау құлағы селтиіп, қутың-қутың етіп тұрған күшік шынымен-ақ мен бе?» дейтін сияқты. Самаурындағы жүні қағаздай әппақ, тұмсығы мен көзі мойылдай қап-қара күшік тым көңілді. «Бір-бірімізбен осылай «үндемес» ойнап қашанға дейін тұрар екенбіз?» дегендей ол да орнынан тапжылар емес. Ақыры бұл Ақпарақ шыдамады. Күнге шағылысып жарқыраған әппақ самаурындағы күшіктен көзін айырмаған күйі басын оң иығына қарай әнтек қисайтыңқырап, тікірейген құлағын қайшылап-қайшылап жіберіп еді, мазақтағандай ол да мұның істегендерін айнытпай қайталады. Бұл ойын Ақпарақтың көңілін көтеріп жіберді. «Енді не істесем екен?» Әп, бәлем, қазір састырайын сені. Ақпарақ шолақ құйрығын астына басып отыра қалған. Қу екен, ол да шолтиған кішкене құйрығын астына басып шоқиып отыра кетті!

Көк аспанның төріне шығып алған Күн-Ана аула ішін жып-жылы шуаққа бөлеп тұр. Ақпарақ жападан-жалғыз. Ол үшін қазір осы жалғыздық қолайлы.

Ақпарақ қолындағы жүзі қылпып тұрған өткір қайшысын саусақтарына іліп, ыңғайлап алды да іске кірісті. Самауыр – айнадан бәрі ап-анық көрініп тұр...

Ақпарақ алдымен құлағының ұшындағы шашақтарын қиып алды. Сонан соң аяқтарындағы жалбыраған балақ жүндерін қырықты. Оһо, осының өзі-ақ бір ұяға жетіп артылады әуелі. Бәрінен бұрын Қарлығаштарды айтсайшы, бір қуанып қалатын болды. Ақпарақтың Қарлығаштарға берген мамығы жайлы естіген Қарала мен Қызыл Айдар өздерінің сараңдықтарына ұялатын болады әлі.

Қой, енді уақытты өткізбей Қарлығаштарға барайын. Әлбетте, олар сондай мейірімді құстар ғой, мұның өздері үшін осыншама әуреге түскен хикаясын естіп «Ақпарақ-ау, өзіміз-ақ бірдеңе ғып ілдәлдалап жазды өткізер едік қой, түу...» деп, екеуі екі жақтан ал кеп өкінер. Бұл болса, әрине, бәрібір сыр бермейді. «Ой, мен қиналатындай ештеңе болған жоқ. Ә-ә, Қызыл Айдар мен Қараланың қиқаңын айтасыздар ма? Ой, мен олардың мінезіне үйреніп кеткенмін» дейді. Сол кезде ұябасар Қарлығаш бұған жанарындағы бар жылуын сыйлап, мөлдірей қарайды да ата Қарлығашқа әсем мойнын наздана бұрады.

Қайтеміз енді, Ақпарақтай ағайдың көңілін қалдырғанымыз ұят болар. Осы кезде ата Қарлығаш қанатын қайшылай қозғап, ризашылығы болар, елпілдеп қалады.

Әрине, әрине... бірақ осы мамығы түскірді өзіміз де өйтіп-бүйтіп жинап алып едік. Мейлі енді, артық болмас.

Қуанған ұябасар мұның қолындағы мамықты ұясына бипаздап төсей бастайды. Өзі балаша мәз. Тамағын қырағыттап, назданып та қояды.

– Ой, мамық деп міне, осыны айт! Ақпарақ аға, Сізге көп-көп рахмет!

Өзінің момын құстарға жақсылық жасағанына жүрегі кеудесіне сыймай өрекпіп, шын қуанып тұрса да бұл әрине, сыр бермей сабыр сақтайды. Өйткені аға деген аты бар емес пе? Сондықтан, лажы болса олардың рахметіне жосықсыз елпілдемей, қысқа ғана жауап қайтарғаны абзал. Мәселен, былай: «Жар-р-рай-ды!» деген сияқты. Жоқ, бұл тым мардымсыған мырзаларға тән сөз сияқты. Сонда не деуім керек енді? Былай десем қалай болады? «Оқасы жоқ, айналайындар! Бір-бірімізге қол ұшын беріп, көмектесу қай-қайсымыздың да парызымыз ғой». О-о, осы дұрыс сияқты. Тек «ұрпақтарыңның аспаны ашық болсын, айналайындар!» дегенді ұмытпау керек...

–Ақпарақ! Ау, Ақпарақ!

Ақпарақтың балдай тәтті ойын аяғының астынан шіңкілдей естілген жіңішке үн бөліп жіберді. Бұл кезде Ақпарақ мамықтарын себетке салып, Қарлығаштардың шаңырағына қарай енді бет алғалы тұрған.

– Оу, Тышқанбысың! Аяққа оратылып қайдан жүрсің?

– Ой, несін сұрайсың Ақпарақ, өзіңе айтатын әңгімем көп.

Тышқан әбден шаршаған сыңай танытып отыра кетті. Тышқанның әңгімесі шынында көп еді. Әңгіме болғанда, бәрі әлгі Қызыл Айдардың патшалығында өзі куә болған оқиғадан басталды ғой. Оның үстіне Оқымысты-Тотықұстың ызасы тағы бар. Шынында мұндай оқиғадан кейін Тышқан сияқтылардың ештеңе болмағандай үйінде аяғын аспанға көтеріп алаңсыз жатуы мүмкін емес-ті. Сондықтан ол інінен атып шығып, жорғалай жөнелген. Әдепкіде лағып жүріп, өзінің қайда бағыт ұстауы керек екенін де зерделеген жоқ. Бір гәбі болар деген де қойған. Ең бастысы, әйтеуір, біреуге қастандық ойлау ниетінен аулақ қой.

Бір уақытта қараса, құдықтың басына жақындап қалыпты. Дұрыс, дұрыс, дәл осы уақытта Қарлығаштар құдықтың жанындағы шалшыққа келіп қонақтайды. Ойлап қараса, Тышқанның іздеп шыққаны да осы Қарлығаштар екен. Қарлығаштар көп күттірген жоқ. Тышқанның үстінен шыр айнала ұшып, төңіректен қауіпті ештеңе білінбеген соң судың шетіне келіп қонақтады. Қос мұңлық шөлін басып, ауық-ауық тамақтарын қырағыттай шықылықтап өзара әңгіме-дүкенге кіріскен кезде Тышқан да тіл қатқан.

– Армысыңдар, нау құстарым!

Қарлығаштар домбыраның шірей бұралған астыңғы ішегінің үніндей жіңішке дауыстан сескеніп, орындарынан қанат қағып көтеріле берді де дауыс иесінің Тышқан екенін көріп, жерге қайта бауыр басты. Қарлығаштардың өзінен үркіп ұшып кетпегеніне Тышқанның да кәдімгідей мерейі өсіп қалды.

– Достарым, тапа-тал түсте ауланың ішінде асықпай қыдырып жүрген қандай ақымақ Тышқан деп ойлап қалмаңдар. Мен осында сендердің ұрпақтарыңның қамы үшін шыбын жанымды шүберекке түйіп келіп отырмын. Әңгіме былай. Сендердің ұяларыңа мамық қажет екенін екеуара әңгімелеріңнен естіп қалған Ақпарақ деген қожайынымыздың күшігі Қарала атты мысыққа барып, келісімін алып қайтты. Қазір Қарала ауланың ортасына келіп көсіліп жатады. Сендер болсаңдар сол кезде зулап ұшқан бойларыңда Қараланың үстіндегі бұрқырап түлеп жүрген жүндерін іліп алып, ұяларыңа біртіндеп таси беріңдер, таси беріңдер....

«Осы Тышқан өзі рас айтып отыр ма?» дегендей, Қарлығаштар бір-біріне сұраулы жүзбен мойын бұрысып қойды.

– Немене, сенбей тұрсыңдар ма? Әне, Қараланың өзі де келе жатыр. Ал, қайыр-қош, мен кеттім. Егер Қарала мені көзі шалып қалса, уәдесінен айнып қалуы мүмкін. Сондықтан өзі келісіп тұрғанда, қапы қалмаңдар, айналайындар!

Тышқан осыны айтты да, тіпті Қарлығаштардың жауабын да күтпестен шарбақтың қуысына қойды да кетті.

Қарлығаштар қанат қағып, бірден ұшып жөнеле қоймаған. Бірақ «құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, Қарлығаштардың осы әрі-сәрі ойына дөп келгендей Қарала да ауланың ортасына келіп, ұзынынан көсіле жатсын... Басын керенау көтеріп, түрпідей тілімен жамбас жүнін біраз сылап-сипап алды да, салқын жерге қайтадан басын қойды. Қарлығаштар байқап тұр: Қарала, Тышқан айтқандай, шынында түлеп жүр екен, жұмсақ самалдың лебі желпіген сайын мамықтары қызғалдақтың жапырағындай үлбіреп, көздің жауын алады. Ұябасар шыдамады.

– Егер Тышқан өтірік айтса, Қарала ауланың ортасында бүйтіп керіліп жатпас еді.

– Жә, тоқтай тұр. Тағы біраз күтейік.

Арада біраз уақыт өтті. Денесін күн қыздырып, сүйек-сүйегі балқып, маужырап жатқан Қарала өліп қалғандай тыпыр етер емес.

– Әне, көрдің бе, Ақпарақтың Қараламен сөз байласқаны рас болды.

– Ойпырай, ә!.. Осы сөз ата Қарлығаштың аузынан шыққанша ұябасар аспанға көтеріліп, Қараланы торуылдай бастап еді...

...........................................................................................................................

Тышқанның әңгімесін мұқият тыңдаған Ақпарақ ашуланарын да, қуанарын да білмей дағдарды.

Демек, сен екенсің ғой бәрін бүлдіріп жүрген...

Қайтемін енді, сені аяп кеттім. Кегімді бір қайтарайын деп едім.

Тышқанның үні айыпты жандай, бәсең шықты.

Есіңде болсын, «таспен атқанды, аспен атқан» ләзім. Екі ортада Қараланың тырнағына мен арандап қала жаздадым... Айтпақшы, сен осы қылығың үшін Қарлығаштардан кешірім сұрамаушы ма едің?

Әрине, кешірім сұраймын.

Олай болса, жүр...

Ақпарақ өзінің Қарлығаштарға апарып бергелі отырған себет толы жүнін көрсетіп еді, таңғалғаннан Тышқанның көзі бағжаң ете қалды. Сөйтті де адымдай жөнелген Ақпараққа «Өлке таңындағы» хабардың жай-жапсарын айтып, соңынан құлдыраңдай ілесе жөнелді. Ақпарақтың ауладан Қараланы көрген кезде есіне түскен оқиға, міне, осы еді.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Қожайыны далаға шықты дегенше Ақпарақ үшін тылсым

дүниенің өңі кіріп, түрленіп жүре береді. Аспандағы айшықты кемпірқосақты қауыздың үстінен кез-келген уақытта көруге

болады. Осы өлкедегі ең қырсық адам...
Сықырлай ашылған есіктің ар жағынан бой көрсеткен қожайыны балдақтарына сүйеніп табалдырықтан бері аттағанда қап-қара сүйкімді көзін ойнақшытып, селтиген шолақ құйрығын қал-қадерінше бұлғаңдатып, еркелей қарсы алу Ақпарақтың сүйікті әдеті. Өйткені таң атып, қожайыны далаға шықты дегенше Ақпарақ үшін тылсым дүниенің өңі кіріп, түрленіп жүре береді.

Ақпарақтың қожайыны үйінен шыққан кезде қуанғаннан секіріп-секіріп түсетін екінші себебі Әлімбек атасының қолындағы сөмкеге тезірек ие болу. Ал сөмкеге ие болу дегеніңіз, көшеге шығып, дүкен аралап дегендей, бой жазып, қыдырып қайту ғой. Бұған атасы да үйреніп алған. «Қалай, Ақпарағым, түн тыныш өтті ме?» деп, құлағының түбінен қасылап, еркелетеді де, қолындағы сөмкені ұстата береді. Әрине, Ақпарақ атасы берген сөмкені өзіне ыңғайлы болу үшін бауынан тістеп алады да, шалдың алдына түсіп, үйреншікті жолымен жортақтай жөнелді. Ақпарақ содан соңындағы қос балдақты жерге шегеше қадап, жалғыз аяғымен қасқая адымдап келе жатқан атасына жалтақ-жалтақ қарайлап қойып, әуелі газет сатушының шағын күркесінің тұсына аялдайды. Атасы бұл күркеден түрлі газет-жорналдармен бірге «Қазақстан» деген ақ қорапшалы темекі сатып алғанша Ақпарақ анадай жердегі көк майсаның ортасындағы фонтанды тамашалап қайтады. Фонтанның аспанға атқылаған мөп-мөлдір моншақтарға ұқсас кәусар суы – айналаға салқын дым бүркіп, Ақпарақтың көңілін одан сайын сергітіп жібереді.

Кейде фонтан әлдеқайдан леки соққан самалдың лебімен мұның үстіне жаңбыр жаудырып, көңілді ойынға шақыратыны бар. Жаңбыр демекші, бір ғажабы аспандағы айшықты кемпірқосақты қауыздың үстінен кез-келген уақытта, тіпті қол созым жерден көріп, тамашалай беруге болады. Қай түсін қалайсың: көгін бе, сарысын ба, жасылын ба, қызылын ба, ерік өзіңде.

Ақпарақ көшеге шыққан кезде әнтек көңілденіп кететін. Өйткені шарбақтас көршілері Қарала, Қызыл Айдардай емес, көшеде Ақпарақты сыйлайтындар көп. Олар кездескен жерінде бұған тоқтап, жол береді. Көздерінен шуақты нұр төгіліп, ерекше құрметпенен қарайды. Енді өзінен үлкен сөмкеге азық-түлікті сықита толтырып ап, балдақты қожайынының алдына түсіп тыпыңдап келе жатқан күшікті кім жек көрсін.

Бірақ, бүгін Әлімбек атасы сөмкені беруін бергенмен, бұ болса сөмкені бауынан салбыратып тістеуін тістегенмен, қожайыны дүкеннің үйреншікті жолынан бұра тартты. Қайда барады? Ол жағын жанындай жақсы көретін Ақпарақтан әләзір жасырып келеді.

Ақыры қожайыны бір үйдің жанына тоқтады да: «сен осында күте тұр» деп, бұны есіктің аузына қалдырып, өзі ішке еніп кетті. Таудай үйдің қасында, түймедей ғана болып көрінетін Ақпарақ жападан-жалғыз елегізи бастады. «Еһ, осындайда Тышқан болар ма еді?» дегенше болған жоқ:

– Мен мұндамын! - деген Тышқанның шіңкілдеген көңілді үнін естіген.

– Ой, сен қайдан сап ете қалдың? Мына үйде кім бар еді?

– Е, мұнда осы өлкедегі ең қырсық адам отырады. Жұрт оның түр-түсі Қабаннан айнымайтын болған соң Қабан деп атайды. Ал, сенің қожайыныңның ол немеде қандай зәру жұмысы бола қалғанын кәзір білеміз.

Тышқан жамбасындағы дүрбісімен бірге жүретін қорапты алды да, тетіктерін сарт-сұрт бұрай бастады.

– Тышқан - ау, бұның не өзі?

– Мұның атын сиқырлы қорапша, яғни видеотелефон дейді. Қазір іске қоссам болды, мынау үйдің ішіндегі қожайыныңды тура телевизордан көргендей боласың.

–Ойпырай, ә!

Ақпарақтың таңғалғаны сонша көзі бақырайып, аузы аңқиды да қалды.

Шынында Тышқанның сиқырлы қорапшасының экраны біруақ жыпылықтап тұрды да, кенет жарқ ете түскен көгілдір шыныдан бөлме іші көрінді. Бөлменің қақ ортасында қаққан қазықтай түрегеп тұрған қожайыны көзіне оттай басылған Ақпарақ ұмтылып-ақ қалған. Тыңшы: «әй, абайла, сындырасың» демегенде, кім білсін, сиқырлы қобдидың түбіне жететін бе еді.

Бөлменің төріндегі емен столдың ар жағында желкесі күжірейіп біреу отыр. Қабаннан айнымайды екен. Жұрт қалай тауып қояды атты.

– Сен кімсің?

– Әй, береке тапқыр, негып танымай қалдың? Осыдан бір апта бұрын келген жоқпын ба?

– Жұмыс деген шаш етектен, қайсы бірі есте қаласың? Шаруаңды айт!

– Айтсам, майдангерлерге тиісті отынымды әлі алғам жоқ.

– Так... келесі аптада кел.

– Өткенде де өстіп уәде бергенсің. Келесі аптада тағы ұмытып кетесің.

Қабанға ұқсас адам ашуға булығып орнынан атып тұрды. Көзілдірігі секіріп барып мұрнының ұшына қонақтады.

– Бар, боссың!

Ол столды жұдырығымен қойып қалған кезде сауыт-саймандары еденге ұшып-ұшып түсті.

– Ырр-р-р...

Ақпарақтың сиқырлы қобдиды бұдан ары тамашалауға шыдамы жетпей, қожайынына дауыс көтерген тоңмойын пәлені жағадан ала түспекке шапшып есікке ұмтылды. Есік ішке қарай шалқасынан ашылып, Ақпарақ бөлменің ортасына төрт аяқтап дік ете түскенде Қабанның жан дауысы шыға баж ете қалды да, терезеден қарғып жоқ болды. Ақпарақ адымын аштырмай қуып жетіп, желкесінен бүре түсейін деп еді «Ақпарақ, тоқта!» деген қожайынының мейірімді үніне еріксіз қайырылды.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
Қабандікі дұрыс па? Айтпақшы, Тышқан қайда?

Шіркін, құстың бекзаты деп Қарлығаштарды айт!

«Жан-жануарлар театрын» ашу үшін не істеу керек?!
Әйтсе де ақылы асып туған Ақпарақтың жаны нәзік болатын. Кебеже қарын Қабанға байланысты әлгі аяғы насырға шапқан оқиғадан кейін қамкөңіл шіркін ал кеп ойға батсын. «Қалай болды өзі? Дұрыс істемедім білем, сірә. Әлде, қожайынымның әмірін күтуім керек пе еді? Әй, не де болса бас шұлғи қоймас... Бірақ Қабандікі дұрыс па? Бұдан былай кісімен жөндеп сөйлесетін болсын өзі».

Айтпақшы, Тышқан қайда? Тасыр-тұсыр шыққан жерден жаны азар да, безер байғұс зытқан ғой шамасы. Тышқанбысың деген, таппайтыны болсайшы өзінің! Қожайынын бұған тура алақанында тұрғандай ғып көрсеткен жоқ па? Тіпті құлаққа жағымды қоңыр даусына дейін санасына жатталып қалыпты. «Үйім суық...тауықтарымның күркесі құлағалы тұр...» Бәле, бұл сонда Қарала мен Қызыл Айдарға бекерге өкпелеп жүрген болып шықты ғой. Тышқан болса тіпті Қарлығаштардың аңқаулығын малданып Қарала байғұстан шыңғыртып тұрып өшін де алды-ау...

Қарлығаштар... Шіркін, құстың бекзаты деп, міне, соларды айт! Жүздерінен имандары төгіліп тұр-ау! Біреуге деген жаман ой олардың санасына сірәғысында кірмес. Қараладан өшін алам деп өтірік айдап салған Тышқанға өкпелегендерінің бар болғаны сол: «Ұятты болып қалдық» деген жалғыз ауыз сөз болды. Тышқанға осының өзі де жетіп жатыр, қарадай жерге кіріп кете жаздады. Қарлығаштардың сондағы айтқаны ғой, кіп-кішкентай болып алып бастарына осынша ақыл-ой қалай сиып жүр десейші!

–Көкжасыл жапыраққа оранған өлкелеріңіз шынында да ғажап! Күн-Ана да ерекше мейірімді. Бірақ, біз түсінбейтін бір жәйт-мұнда әркім өз бетінше өмір сүреді екен. Біреудің - біреуде шаруасы жоқ...

– Неге, мәселен, Ақпарақ екеуміз...

Тышқан шыдамсыз әдетіне басып ақтала берді де ата Қарлығаштың қас кере қалғанын байқап, оның үстіне өзі айыпты ғой, әрі біреудің сөзін бөлу әбестік деп отыратын Оқымысты-Тотықұстың ақылы есіне түсіп, аузын жұма қойды. Ата Қарлығаш сөзін жалғастырды.

– Ақпарақ аға, Сіз балаларды жақсы көресіз бе?

– Әлбетте.

Ақпарақ бұл қай сұрағаның дегендей иығын қушитып, алақанын жайды.

– Ендеше, олардың әрбір күнін көңілді өткізуге неге атсалыспаймыз?

– Олар онсыз да көңілді емес пе?

Ақпарақтың есіне қожайынымен бірге дүкенге барып жүргенде қауыздың көкпеңбек мөлдір суына шомылып, төңіректеріне күмістей сыңғырлаған күлкілерімен шашу шашып, өздерінше жәрмеңке жасап жататын қара сирақ балалар түскен. Олар мұның екі бүйірі тыңқиған қара сөмкені қайқайта көтеріп келе жатқанын анадайдан көрісімен масадай қаптап қоршап алатын әуелі. Бір-біріне Ақпарақты нұсқап, ым қағып: «қандай ақылды, ә» деп, жарыса мақтайтындары да жадында. Ал қастарына атасы келіп тоқ сөмкеден бас-басына ыссы бәліш алып үлестіргенде – олар үшін бұл дүниеде мынау жұдырықтай күшік пен Әлімбек аталарынан асқан мейірімді адам болмайтын. Ендеше неге көңілсіз болады олар?

Ата Қарлығаш Ақпарақтың ішіне түсіп шыққандай өзінің Тышқан сүйіп тыңдайтын әдемі мақамын одан әрі жалғастырады.

– Рас, балалар мұнда сабақ оқиды, Бау-бақтарды аралап, компьютер ойнауға барады, кафеден балмұздақ сатып алып жейді. Ғажап-ақ! Бірақ сендердің мынадай көркем өлкелеріңнің балдырғандары үшін осы ғажайыптар да көп болып па?!

– Сонда не істеуіміз керек?

Ақпарақ пен Тышқан ата Қарлығашқа аңтарыла қарады.

– Ол оп-оңай. Азырақ тер төксеңдер болды. Мәселен, осы ауладан неге «ЖАН-ЖАНУАРЛАР ТЕАТРЫН» ашпасқа?...

– Сонда қалай, дәл цирктегідей ойын көрсетеміз бе?

Ақпарақ ойланып қалды.

– Цирктегіден де қатырып жіберуге болады. Бірақ бұл үшін көп достар табуымыз керек. Анау Қарала мен Қызыл Айдардың шікірейіп, кеуде қаққанына сендер де қырын қарай бермеңдер. Тілдерін тауып, дос болуға шақырыңдар.

– Ой,-кенет Ақпарақ мұңайып отыра кетті,-біздің өлкемізде Піл жоқ қой. Ал бала біткеннің бәрі циркке Пілге бола баратын әдеттері.

– Түу, Ақпарақ аға, мұндай уайымшыл боларсыз ба? - Ата Қарлығаш қасын керіп, ренжігендей кейіп танытты. - Гәп Пілдің бар, жоғында емес, сіздердің ойындарыңызға байланысты ғой. Орайын тауып еліктіре білсеңіздер балалар үшін сіздерден асқан шын дос жоқ.

– Алақай, алақай! Мен таптым!

– Нені? - Кенеттен айқай салған Тышқанға жалт қараған Қарлығаштар қосарлана үн қатқан.

– Ирек мойын ше?

– Қай ирек мойынды айтасың?

–Түйенің баласы...

Ақпарақ сықылықтап күліп жіберді.

– Оны Түйенің баласы демейді, Ботасы дейді. Сосын осындай әп-әдемі аты бар түлікті Ирек мойын деуің жараспайды.

Тышқан жорта бұртиып қалды.

– Онда мені неге Тынымсыз-Тышқан дейсіңдер?

– Ол үшін өкпеңді Қаралаға айт.

– Жә, мынау ұсынысың жақсы екен Тышқан. Былай, жөндеп айтшы, ол неғылған Ботақан өзі?

Өзінің жаңалығына ата Қарлығаштың ден қойып, әуестене сұрағанына кәдімгідей марқайып қалған Тышқан көп іркілмеді.

– Ой, бұл бір аянышты оқиға. Ақпарақ, сен Қабанды білесің ғой, Ботақанның қазіргі иесі сол. Енесінен адасып қалған жерінен ұстап алыпты.

– Қабан дейсің бе?

Ата Қарлығаш таңғала сұрады.

– Осында Қабаннан аумайтын біреу бар. Өзінің қара басының қамын ғана ойлайды. Міне, сол Ботақанды күнде көшеге алып шығады да, кешке дейін тап-тақыр тастың үстіне шөгеріп қояды. Ал Ботақанды тамашалап, үстіне мініп суретке түскендер әлгіге ақша төлейді. Бота да шыдамады ғой, Қабанның дегеніне бағынып, кешке дейін тыпыр етпей жата береді. Қазір көрсең түрі адам аяғандай. Өркештері жығылып, әбден арықтап кеткен.

Ана Қарлығаштың мойылдай мөлдір жанарына лезде жас үйіріліп шыға келді.

Ойпырмай, неткен қатыгез еді!

Мен мұны білген жоқ едім. - Ойланып қалған Ақпарақ шынын айтты. Өткенде қожайынына жақтасам деп Қабанмен қақтығысқалы есіне анасы Аққаншық орала беріп еді. Иә, иә, дәл сол күнгі алып тіршілік иесі, аузынан от бүріккен темір таяқ... Ол мұның анасына жазықсыз оқ атып, ұяластарын тірідей көмген болатын. Ал мынау аспан да, жер де от болып жанып тұрғанда Ботаны тірідей тулаққа айналдырып тас алаңның үстіне байлап қояды екен. Ұқсас... түрі де, тірлігі де ұқсас... Ата Қарлығаштың да жаны тым нәзік екен, демде шыр-пыр болды да қалды.

Олай болса, Ботақанды тезірек құтқару керек. Меніңше, жаңа ғана сөз еткен ойымызды осы Ботақанды құтқарудан бастағанымыз абзал.

Ата Қарлығаштың ұсынысына ешқайсысы қарсы болған жоқ.
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
Аққаншық – Ақпарақтың анасы.

Қала сыртындағы үйдің қасындағы оқиға...
Ақпарақтың жарық дүниенің қадірін ертерек біліп, өзі құралпы жан-жануарлардан ақылды болып өсуінің әлі ешкімге айтылмаған сыры бар еді. Онда оның әлі ана бауырының жылылығы деген ұғымның не екенін айырып білмейтін сары езу шағы болатын. Санасында қалғаны, бір топ ұяластарымен бірге бірін-бірі жұмсақ бүйірге түрткілеп, енесінің борпылдақ емшегін іздейтін де әбден шаршаған кезде бұйығып, ұйқыға бас қоятын. Содан енелері Аққаншық әлдеқайдан оралғанша тәтті ұйқыны соғатын. Енесінің келетін сәті де есінде: ол бұлар жатқан ұяның қуысына зып беріп асығыс енетін де бауырын күшіктерінің аузына тосып, аяқтарын созып тастап, тыпыр етпей жататын. Сол кезде күшіктері енесінің бауырындағы қатар-қатар тізілген қып-қызыл емшектерге қомағайлана ауыз салушы еді. Ал енесі болса жұмсақ ырылдап қойып, бұлардың езулері ақ көбікке малынып емшегін ашқарақтана борп-борп сорған тәтті қылықтары арқылы ілуде біреу ғана сезініп, түсіне алатын беу, дүние-ай, бір бақытты күйді басынан өткерер еді. Ақылды Ақпарақ болса мұны тәніне тарап жатқан енесінің қанжылым қышқыл сүтінен айыратын...

Өстіп жүргенде Ақпарақ пен басқа да ұяластарының көздері жартыкештеніп ашылды да, тірсектері майысып бауыр көтерді: сосын бір аттап, екі аттап, жығылып-тұрып жүре де бастаған.

Ақпарақтың құлдыраңдап жүгіретін халге жеткен кездегі ашқан алғашқы жаңалығы – ұяластарының ішіндегі анасына ұқсас, қардай әппағы өзі екен. Екінші жаңалығы, неге екені белгісіз, бұлардың мекендері қаладан алшақ, бір жақ қабырғасы құлаған ескі үйдің қуысына орналасыпты. Тағы бір байқайтыны, енесі тіршілік сарыны күндіз-түні дамылсыз естіліп жататын сол қалаға қарай ертелі-кеш бүлк-бүлк желіп бара жатады. Ондайда Ақпарақтың тентек қиялы алып-ұшып, тезірек өсіп, ит болсам екен, сөйтіп сонау көрінген шаһардың думанды қызығына мен де араласып, тыныс-тіршілігіне етене бауыр басып кетсем екен деп шарқ ұрушы еді. Бірақ, кейіннен бұл тәтті арманынан жер май ішкендей өзінен-өзі қараптан-қарап жеріген...

Сол күні басына әні-міне төнгелі тұрған қауіп-қатер айдады ма, кім білсін, Ақпарақ әйтеуір ұяластарынан жырылып, ескі үйдің маңайынан шалғайлау шығып кетті. Төңіректі қызыға тамашалап, көрінген қарайғанға әуестікпен алып-ұшып жетіп барады. Міне, мынау енесі жортатын сүрлеу: табанға жабысатын май топырағында енесінің ізіне дейін сайрап жатыр. Ол осы соқпақпен анау сағымға шомылған сиқырлы шаһарға барады...

Кенет, Ақпарақ ойының ұшығына жетіп үлгерместен қарсы алдынан бір мойны күжірейген алып тіршілік иесі көктен түскендей пайда бола кетті. Бірақ Ақпарақ одан қорыққан жоқ. Қайта өзіне тән әуестікпен әлгіге арсалаңдап-ақ ұмтылған. Бірақ ғажайып тіршілік иесі исі қолқа қабатын былғары етігімен мұны маңына жолатпай, кейін қарай шеки лақтырып тастады. Ақпарақ қыңсылап, қайта ұмтылды. Анау мұны тыңқиған жұмсақ қарнынан әлгі иісі қолқа қабатын етігінің бақа бас тұмсығымен іліп алып, тағы да лақтырып жіберді. Бұл жолы тәніне тепкі кәдімгідей батып кетті. Міне, Ақпарақтың жанары өзі бұрын көрмеген тіршілік иесінің жанарымен осы кезде тұңғыш рет тоқайласып еді. Бірақ, Ақпарақ одан енесінің көзіндегі жылы ұшқынды көре алмай, денесі дір етіп, жалт бұрылды да келген ізімен қорбаңдап қаша жөнелді. Жұмбақ тіршілік иесі соңынан құйрық тістесіп қалар емес, өкшелеп отырып ескі үйге Ақпарақпен қатар жетті. Жеткен бетте өзіне топырлай ұмтылған, әлі ештеңенің мәнісін ажырата қоймаған күшіктерді қолындағы темір таяғымен жандарына батыра нұқып, жасқап тастады. Оғаш қылығын мұнымен доғарса жақсы ғой, қыңсылап-қыңсылап қарадай жүні жығылып қалған ұяластарын бірінен соң бірін құлақтарынан тартып, желкесінен шымшып, жоғары көтеріп ойнай бастады...

Осы кезде қала жақтағы кезең үстінен бой көрсеткен енесі бір сұмдықтың болатынын сезгендей шарасыз үнмен ұлып-ұлып жіберген. Сол-ақ екен әлгі алып тіршілік иесі жүрелеп отырған қалпы артына жалт бұрылып, мұның енесіне темір таяғын кезене берді. Сосын оның қырылдаған үнін құлақ тұндылар тарс еткен дауыс пен әлгі темір таяқтың ұшынан лап ете қалған жалын алмастырып жүре берген. Сол кезде анасының жанұшыра қыңсылаған үні жеткен құлағына. Ақпарақтың жүрегін осып-осып өткен анасының бұл қыңсылы темір ұңғылы таяқ екінші рет құлақ тұндыра тарс етіп, күкірт иісі екінші рет қолқаны қапқанда, бірте-бірте саябырсып барып, біржола семген...

Темір таяқты мұнымен де қанағат таппады. Қан аңсаған қорқау қасқырдай құтырынып алған ол «осыларды қайтсем екен?» дегендей, бейкүнә күшіктердің төбесінен тесірейіп төніп тұрды да «қорғасындарымды шығындап қайтемін» деген болуы керек, темір таяғын апарып былай қойды. Сөйтті де жамбасындағы шолақ күрегін жұмсақ топыраққа кірш-кірш қадап, шұңқыр қаза бастады.

Аналарының емшегін аңсап аянышты қыңсылға басқан күшіктер әп-сәтте не болып, не қойғанын білмей, ырс-ырс етіп асығыс жер қазып жатқан оның аяғына оратылып, одан күректің жүзіне түсе жаздап, бір-екеуі тіпті әлі дайын болмаған шұңқырға домалап түсіп кетіп әбден қорлық көрді. Өйткені жаңа ғана енелерінің түбіне жеткен қанішердің енді өздеріне ажал апанын дайындап жатқанынан көзін жаңа ғана ашқан ұяластары да, өзі де бейхабар еді.

Шұңқыр дайын болған. Ылғалы мол, сап-салқын топырақ шағын ордың шетінде қарауытып көрінеді. Жүректері әлдебір жаманшылықты сезгендей бір- біріне ұйлығыса тығылып, толассыз қыңсылаған күшіктерге қарап тосыннан тап болған тіршілік иесі сөйлеп қояды.

– Тұқымың түгесілгірдің, тұқымының берекелісін көрдің бе сонша! Қанша өздері, құдай-ау? Бір, екі, үш... бес... сегіз! Ойбай-ау, мыналар ертең өріп шыға келсе, тауықтарыма бір зауал келді дей бер. Мынаны қара, мынаусы өзінен айнымай қалыпты!

Ол орнынан кенет ышқына атып тұрды. Атып тұрған бетте мұның ұяластарының домаланған жұмсақ қарнынан күректің басымен ұрып, шұңқырға құлата бастады. Ақпарақ әлсіз қарсылыққа көшіп, шұңқырдың ернеуіне тырнақтарын батырып жіберіп, ажалға ал мойынұсынсайшы! Енді болмаса осы тырбаңдаған қалпы сыртқа шығып та кеткендей еді, бірақ әлгінің күрекпен бірге аяғы да жұмыс істеп, керзі етік тұмсығына сарт ете түсті де, сорлы Ақпарақ ұяластарымен бірге шұңқырдың түбіне тұмақтай болып ұшып кетті. Көзін әрең дегенде ашып, жарық дүниеге соңғы рет үңілгенде жүзін тер жуып кеткен белгісіз тіршілік иесі әлденеден сескенгендей жанұшыра асығыс қимылдап, мұның үстіне сап-салқан топырақты түйдек-түйдегімен қарша боратып жатыр екен. Жентектелген бір уыс топырақ тәлтіректеп, кеудесін шұңқырдың сыз табанынан әрең көтере берген Ақпарақты ұшырып түсірді. Сол сәтте жарық Күннің бетіне әлдекім байқаусыз қара сия төгіп алғандай айнала соқыр қараңғылыққа оранды да, Ақпарақ шыр-көбелек айналып, түпсіз тұңғиыққа шым-шым батып бара жатты....
ОН ЕКІНШІ ТАРАУ
Қарала қараптан-қарап қапа болды.

Қызыл Айдар неге Ақпарақты мақтайды?

Ақтиін де ақылды ә...
Қарала күншуаққа қыздырынып жата-жата жалықты. Егер біреу-міреу сыртынан сөз қылып, әр қылығына тамсана таңдай қағып тұрса, онда одан бетер керіле түсер еді. Бірақ қас қылғандай аула тым-тырыс. Күн сайын неше түрлі мінез шығарып, қырық құбылып жүретіні – әшейін Ақпараққа көрсеткен қыры екен. Ақпарақта мұның әр қылығын жалықпай бақылайтын. Енді ол жоқ. Әнеукүнгі оқиғадан кейін көңілі қалған ғой, сірә. Осылай жаны жүдеу тартқанда бұрыштан бұрышқа қуып, көңілін көтеріп алатын Тышқан да құмға сіңген судай жым-жылас болып әлдеқайда құрып кетті. Сірә, бұлардың бәрі бүйте берсе бұл түптің түбінде жалғыз қалар тегі. Ал жападан жалғыз қалғаннан кейін сенің аяқты шеки басатын әйбат жүрісің, көзді ашып-жұмғанша зау теректің басына өрмелеп шығып кететін әбжіл қимылың кімге дәрі!?

Кеше жападан-жалғыз қалған бұл аулаға сыймай Қызыл Айдарға барған. Үй, бүйтіп барғаны бар болсын! Қызыл Айдар мұны қонақ екен деп төрге шақыру түгілі, үйге кір деп те айтпады. Табалдырықта тұрып сөйлесті. Сенбегені ғой.

«Мен,-дейді кербезденіп,-өткенде Ақпарақты бекерге ренжітіппін. Ол біз жаман болсын демейді екен. Өзің ойлашы, біздің сарайымызды жөндету үшін көмек сұрай барған қожайынымыздың жер-жебіріне жеткен Қабанды бұдан былай адамға қарап дауыс көтермейтіндей ғып үрейін ұшырыпты».

Демек Қараланың енді Қызыл Айдарға да керегі жоқ болғаны ғой.

– Әй, Қарала. Неғып мұңайып отырсың? - Желкесінен шыққан оқыс үннен Қарала шошып кеткен. Артына жалт бұрылғанда байқады, қалың ойдың әсерімен Ақтиін мекендейтін қалың қарағайдың арасына еніп кетіпті. Жаңағы өзін селк еткізген оқыс үннің иесі де сол Ақтиін болып шықты.

– Кел, ойнайық. Жалғыз өзімнің әбден ішім пысты. Қарала ағынан жарылып, Ақтиінге жабыса кетті.

Бірақ бұтақтарға кептіріп қойған саңырауқұлақтарын ұясына көз ілеспейтін шапшаңдықпен тасып жүрген Ақтиіннің ойнауға мұршасы жоқ еді.

– Еңбекпен айналысуың керек, Қарала. Ал сенің дастарқаның жаюлы, төсегің салулы. Ештеңеге бас ауыртып, қиналмайсың... Тіпті күн сайын таңертең тұрып ішіп алатын сүтіңді де дүкеннен ақылды Ақпарақ таситынын білгің келмейді...

– Еһ, Ақпараққа ешқайсымыз жетпейміз ғой. Кеше осы қарағайдың түбінде Тышқан екеуінің, иә, айтпақшы жанында Қарлығаштар да бар екен ғой, құпия әңгімелерін естіп таң-тамаша қалдым.

– Ол қандай құпия? Айтсаңшы маған да.

– Жоқ, ежелгі жаулығыңа басып, істеріне кесіріңді тигізіп жүрерсің, айтпаймын.

– Үйден жаңғақ әкеліп берейін, айтшы енді, Ақтиін.

– Жаңғақты әлдеқашан жинап алғанмын.

– Кәмпитті де алмайсың ба?

– Кәмпит дейсің бе? - Ақтиін ойланып қалды. Барлық балалар сияқты конфетті Ақтиін де жақсы көретін. Конфетке үйреткен де осы баққа қыдырып келетін сол балалардың өзі. Кейде олардың бір-бірімен бәсекелесіп көп конфет әкелетіні соншалық Ақтиін ұясына тасып үлгере алмайтын. Бірақ бұл жолы Ақтиін аузының суы құрып, тамсанып тұрса да келіспеді.

– Жоқ, маған жаңғақтың да, конфеттің де керегі жоқ. Маған сенің оларға бұдан былай тиіспеймін деген уәдең керек.

– Оллаһи, білләһи! - Қарала екі қолын кеудесіне айқастыра жүгінді де Ақтиіннің алдына тізерлеп отыра қалды. - Күн-Анамыз куә!

– Бұл уәде емес. Сен оларға деген достық ниетіңді іспен дәлелдеуің керек. Сенің берген уәдеңнің шындығына сонда ғана көз жеткізуге болады.

– Ол үшін не істеуім керек?

– Ақылың болса өзің ойланбайсың ба? Осында келгеніңе міне, аттай бір сағат болды. Ал маған көмектесу ойыңа да кіріп шығатын емес. Осыдан кейін қалай сенуге болады саған?!

Қарала өмірінде бірінші рет шынымен ұялды. Тіпті қысылғаннан қап-қара тұмсығының ұшына дейін терлеп кетті.
ОН ҮШІНШІ ТАРАУ
Ақпарақтың қуанышында шек жоқ.

«Ботақан» операциясы сәтті өтті.
Ақпарақ бүгін өте көңілді. Көңілді болмай ше? Біріншіден, Қабанның құрсауында жүнжіп жүрген Ботақанды құтқарып әкелді. Қазір Ботақан бұрынғысына қарағанда әл жинап, диланып қалған. Енді біраз күнде түбіттері құндыздай құлпырып, көздің жауын алып шыға келетін түрі бар. Екіншіден, Ботақанды құтқару операциясына Қарала да келіп қатысты. Бәрекелді, айтпақшы оны Ақтиін ертіпкелгенге ұқсайды. Тышқанның сөзіне бақса солай. Мейлі ғой, әйтеуір Ақпарақтың өздеріне қастық ойламайтынын қайсысы болса да ұққандары жақсы. Үшіншіден, Қарлығаштардың ұсынысы да іске асатын сияқты. Міне, бір жеті болды «ЖАН-ЖАНУАРЛАР ТЕАТРЫНЫҢ» алғашқы ойынына дайындалып жатыр. Театрдың сахнасы, әрине, Әлімбек қарияның ауласы болмақ. Есіктің аузында Әлімбек атайдың өзі тұрады. Өйткені теріс ойлы, бөгде жандарға мұнда орын жоқ. Өткенде мекиендері мен шөжелерін бастап кербез әтеш – Қызыл Айдар да келіп кетті. Құр қол емес, сахнаға шыққанда Ботақанның кекіліне байласын деп қызылды-жасылды әсем қауырсындарын тарту ете келіпті. Кеш те болса түсінгенін айтпайсың ба!

Ботақанды құтқаруға Әлімбек аталарының да көп көмегі тиді. Қалай болып еді? Бәрекелді, бұлар келгенде тас алаңқайдың беті оттан суырған табадай күйіп тұр екен. Анда-санда үп еткен керімсал әлгі ыстық лепті үйіріп әкеліп жүзіңе ұрады. Тамырларын тереңге жайған кәрі емендер болмаса, балаң өскіндердің жапырақтары нәр аңсап, бүрісіп-бүрісіп қалған. Осындай шыжыған ыстықта қимылдауға әлі жоқ Ботақанды көру қандай аянышты десеңші! Бірақ бұлар Ботақанды да, қасындағы қожайынын да жорта елемегенсіп, өздерімен-өздері ән салып, би билеп, асыр салып ойнай бастады.

Сол сол-ақ екен су сататын күркешіктің алдында кезек күтіп топырлаған балалар бұларды лезде қоршап алды. Әлімбек атайға да керегі осы еді. Балаларды жан-жануарлардың жанына кезек-кезек тұрғызып суретке түсіре бастады. Балалар болса қолдарындағы тәттілерін бұлардың аузына тосып мәз. Өйткені олар ақылды күшік Ақпарақты, кіп-кішкентай болса да пысық Тышқанды, Оқымысты-Тотықұсты, көкжасыл көркем өлкенің қонақтары қос Қарлығашты, Ақтиін мен Қараланың қол ұстасып, бірге жүргенін өмірі көрмеген еді.

Кенет Ақпарақтың көзі Ботақанға түсіп кетті. Көңілді топты көріп, Ботақанның да жанары жасқа толып шыға келген екен. Ақпарақтың да көңілі босап кетті. Қалай жұбатқаны дұрыс? Ол өзінің достарына білдірмей жырылып оңаша шықты да Ботақанға жақындады.

– Ботақан, сәл шыда. Біз сені құтқаруға келдік. Өзінің бас бостандығы жөнінде ойламақ тұрғай, түсінде де көрмеген Ботақан қапелімде не дерін білмей сасып қалды. Оны лезде сезе қойған Ақпарақ егер Ботақан сөйлесе көңілі босап, бірдеңені бүлдіріп алатынын сезді де:

– Жә, мен кеттім. Анау қожайының сезіктеніп қалар,- деп лезде өзінің көңілді тобына қосылды.

Алайда Қабанның Ботақанмен ісі де жоқ еді. Оның есіл - дерті мынау кішкентай достардың ойынында болатын. «Егер бұлар менің қолыма түссе Ботақанның бір айда тапқан табысын бір күннің ішінде табар едім» дейді күбірлеп. Тәтті қиял түрткілеген ол Әлімбек атайға «мына жан-жануарларыңды маған сат» деп жата кеп жабысты. Әлімбек атайға да керегі осы болатын.

– Сатайын, бірақ ақысына не бересің? - деп, тақ ете қалды.

– Үйіңе отын түсіріп беремін, тауықтарыңның күркесін жөндетемін.

– Жоқ, - Әлімбек атай басын шайқады, - оларға енді сенің көмегінсіз-ақ шамам келеді.

– Ендеше ақшаға келісейік.

– Ақшаның да керегі жоқ. - Әлімбек қария «көрдің бе, міне» дегендей, өзінің кішкентай жан-жануарларының бірер сағаттың ішіндегі ойынынан түскен теңгелерін миығынан күліп тұрып нұсқап қойды.

– Енді не қалайсың? Өзің айтшы?

– Жарайды, қадалып қоймадың ғой. - Әлімбек атай өтірік қиналған бола қалады. Қандай қу өзі. Егер Ботақанның басына бостандық берсең, мен бұларды саған берейін. Бірақ бір шартым бар: анау Қарлығаштардың самғайтан аспаны, Ақтиіннің сайран салатын орман-тоғайы бар екенін ұмытпа. Ертеңгі күні олар сол мекендеріне қашып кетсе, онда маған өкпелеме!

Ары қарай бәрі алдын-ала ойластырғандай болды. Ақпарақ Әлімбек атасы екеуі Ботақанды бұйдасынан жетелеп үйлеріне қайтты да, Қарлығаштар Қабанның иелігінде қалды. «Ботақан» операциясы бойынша олар кешке дейін балаларды қызыққа бөлеп, түнде Қабанның қорасынан қашып кетуі керек. Бәрі соғыста барлаушы болған Әлімбек атайларының ойластырып жүргені ғой...
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Ботақан күшті болып шықты.

Сауысқанның жағымсыз жаңалығы.
Ботақан нағыз ойынпаз болып шықты. Тіпті «ЖАН-ЖАНУАРЛАР ТЕАТРЫНЫҢ» барлық нөмірі соған қатысты десе де болады. Өркешіне Ақпарақтан бастап Тышқанға шейін жабыла мініп алғанда мыңқ демейтін күшін айтсаңшы! Өлкемізде осындай түліктің бар екенін айтқан Тышқанға рахмет! Ол болмағанда Ботақанның күні ендігі не болар еді?

Бәрекелді, енді театрдың ашылғаны жөнінде хабарландырулар жазып, көшедегі афиша біткенге дабыра берсе де болады. Ақпарақ қолына қылқаламын алды да, өзінің ойланған сәттегі сүйікті әдеті бойынша басын оң жағына әнтек қисайтыңқырап қойып былай деп жаза бастады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет