САЙЫН НАЗАРБЕКҰЛЫ
КАСПИЙ ЖАҒАСЫНДА
КАСПИЙМЕН СЫРЛАСУ
...Мен келдім шыңына "Нар құздың"...
Жартастың басында жалғызбын...
...Қартым-ау, деймін мен, күбірлеп,
Не үшін шақырттың, алғыздың?..
...Ой толғап қауіптің шыңында,
Жоқ емес жүректе мұңым да.
Құрғаған Аралды біз көрдік,
Уланды тау мен тас, құмым да...
...Кезінде "Е" деспей қалыппыз...
...Қолдарын кеш сермер халықпыз...
...Дәрменсіз едік біз, бірақ біз,
Биледі қатыгез, парықсыз...
...Сол кезде Каспий де тіл қатты...
...Күрсінді, ышқынды тым қатты...
Қаһарлы қайраттың ішінде,
Сезіндім қайғылы ың жатты...
...Сақ болшы дейді ол балақай...
...Бұл дәуір арпалыс, талапай...
Мыңдарды құрбан ғып бірді алса,
Жемқорға – бір мейрам, алақай.
Едім ғой қазақтың мақтаны,
Бабаң да түкірмей сақтады.
Қажетін алатын, бірақ та,
Қастерлеп кірлетпей баптады.
Адамы бұл заман өзгерді...
Қай жақтан қарақшы тез келді?..
Тірілей бекіре сорлының
Жатырын жарғанын көз көрді.
Асырап бұл теңіз сақтады,
Оң жаға, сол жаға жақтағы –
Асырап кезінде құтқарған
Дейтіндей бір кісі таппады.
Ақынсың, ей балам, "десеші",
Қайтады қалай да есесі.
Қуарған, суалған демесін,
Бұ Каспий теңіздің нешесі?..
...Шошындым Каспийдің үнінен,
Қорықтым бастағы күнінен.
Тарығып жатады екен ғой,
Сескендім тұңғиық түнінен.
Ойлаушы ем теңіздің есі мен,
Шоқырдай шомылып өсіп ем.
Ержеттім ерлікті үйреніп,
Тулаған толқынның төсінен.
Анам ең, ашықсам асым ең,
Өзіңмен мақтанып тасып ем.
Атамдай білгірім, тақтағым,
Сыр сандық сақтаған басым ең.
Жасымнан үніңді жаттадым,
Өлең ғып, жыр қылып хаттадым.
Бар еді менің де арызым,
Еліме жан сырым, айтпағым.
Бұл сөзім демеймін тосын үн,
Дегенмен дұрыс-ты, осыным.
Ұшақпен үстіңнен өтіп ем,
Түріңді көрдім де шошыдым...
...Бетіңде қап-қара таспалар,
Түсінбес бұл сөзді басқалар.
Су беті – су емес мұнайлар,
Қарауға көзің де жасқанар.
Мұнайдың астында балақтар,
Жағада итбалық, халық бар.
Алмай ма тазартып теңізді,
Дейтіндер ақша бар, нарық бар.
Қорғамай қолдағы асылын,
Ұрлайды күні-түн жасырын.
Жібекті түте алмай қор етіп,
Баймын деп, бармын деп тасыдың?
Байқаймын адам мың, надан мың,
Бұл теңіз жемтігі арамның.
Жемсаудың тырнағы бетіңде,
Етіңде жазылмас жараң мың.
Маңғыстау – ғажабы Жер, Көктің,
Бабамды, әкемді жерлеппін.
Каспийім өзіңде туғанмын,
Өзіңде денемді көмбекпін.
Өзіңе телмірем таңғала,
Қараймын құмарта, паңдана.
Ақ шулан, көк шулан толқынды
Көргенде бастаймын жандана.
Құмармын қарауға жасымнан,
Көруге өзіңді асығам.
Қарт бура, ақ көбік түріңнен,
Әкемдей сескенем, бас ұрам.
Өзіңде еркемін, сергекпін,
Толқындар сәндісі өрнектің.
Құмарта жұтамын, сол ауа
Мен үшін исіндей жөргектің.
Теңізім, мақтаным, көрнектім,
Апыр-ай бар нәрін термек кім?
Мың рет шыдаған, бір рет,
Сынатын бірімін шөлмектің.
Мен өзім қандаймын, нешік ем?..
Сынбасам осы жол кешігем...
Қамқорлап қалайша қалмаймын,
Бабамның, анамның бесігі ең.
Қарт Каспий елімнің ардағы,
Қарашы, ғажап қой, жан жағы,
Қазаққа бұйырған сыбаға,
Ырысы табиғат маржаны.
Саған деп адалы еңбектің,
Саған деп маңдайды терлеттім.
Ержеттім, өзіңнің алғысың,
Айта алмас босына тер төктің...
...Кенеттен бір үннің жеткені,
Сарыны, ызыңы кекті еді.
Қарт баба күрсіне – шырағым,
Орынсыз мақтанба деп пе еді?
...Бұ теңіз әуелден текті еді...
...Байқатпай жүріпті өкпені...
....Масайрап босына тұрыппын...
...Бос сөзді болма деп сөккені...
...Ақыным өзіңді алғыздым,
Білсін деп жағдайын жалғыздың.
Өкпеде тесік бар, бітемей,
Қалайша бұрғыны салғыздың?
Жетімек, егесіз дегізбе,
Ие бол, қорған бол теңізге.
Жиналар, тағысын тағылар,
Жат жұртқа талатпа, жегізбе...
Әуелі жыртықты бітесін,
Содан соң қол созсын семізге...
...Не жауап қатамын теңізге...
...Ақиқат, дұрысқа, негізге...
...Не десем атама, абызға...
...Дірілдеп тоңамын тамызда...
...Жас көріп көзімнен ақырды...
...Сүрт жасты тамызба, ағызба...
Ақын боп туғаның құрысын,
Тапсашы бұлардың ұрысын!
Қолыңнан келмесе осы іс,
Сен де тап солардың бірісің!
Көмектес жаралы жалғызға,
Найзаны бүйірге салғызба!
Әуелі емдесін, жөндесін,
Әзірге бір балық алғызба!
...Биіктеп толқынның асқары...
...Қабарып қабағы, қастары...
...Қозғалып шайқалып бастары...
...Қарт Каспий құтыра бастады...
...Ашумен ақыра тіл қатты...
...Үнінде тым ауыр зіл жатты...
...Жылай ма, сұрай ма біледім,
Түсіндім тек қана бір затты...
...Құмарлар балық пен мұнайға –
Ұмытса Теңізді, Құдайды...
Жанталас...
Бәсеке...
Бәрібір –
Байың да, биің де сұлайды...
...Мен тұрмын қалтиып жағада,
Оқушым жағдайды бағала...
...Осылай сырласқан Каспиймен,
Не ақыл айтасың ағаңа?..
...Бұ сөздің болар ма жалғасы?..
...Жүректі қинап тұр талмасы...
...Жинадым есімді, бетіме
Тигенде теңіздің көз жасы...
Ақтау. 14.02.2009 ж.
ТОЛҚЫНДАР
Бiрi жетпей, бiрi асып жығылып,
Жанға жайлы бетке ұсақ шық ұрып –
Қара бұйра, ақжал толқын тулайды,
Тап болған-ау шыға алмастай тығырық.
Ұстап қалса ит мiнезi жын ұрып,
Қорқыныштан құтылмассың тығылып.
Кейде мысық жүнiндей боп жып-жылы,
Түсiнбейтiн жан баласы бұ қылық.
Сезiмдердiң шынайысын, шынын ұқ,
Алдыменен, күлкi емес, мұңын ұқ.
О, табиғат! Жараттың ба әуелден
Түсiнiксiз заттың бәрiн ұлы ғып?!
23.08.1991
ТАЛҚАН ҚАЗАН
…Бұл дауылдың атын теңiзде талқан қазан дейтiнбiз.
Кiшi қазан дауылы үлкен қазанға ұласып кетсе,
жаныңды шүберекке түйгiзетiн. (Балықшы қарттың әңгiмесiнен)
Iшегiн тартып ышқына,
Мың бөрі ұлыр далада.
Қысылшаң шақта қыстыға,
Көңiлге үрей сала ма?!
Екпiндей ендi үредi,
Әлемдi күреп тастар ма –
Айлапат, түссiз, күрегi
Ысыра бәрiн басты алға.
Дауылы талқан қазанның,
Кiм одан қауiп етпейд?!
Құл болып тусаң – сазаң мың,
Батылдар азап шекпейдi.
Көк теңiз майдан болды анық,
Толқынын жатыр сапырып –
Алапат күшпен долданып,
Арыстан сынды ақырып!
ЖАҒАДА
Не боп қалды, қақ айрылып, жарылып,
Назың ба бұл, қалдың ба әлдi қағынып?
Неге сонша алағай да бұлағай,
Мен келiп ем тек өзiңдi сағынып.
Тасып тұрмын, өлең тоқып ойыма,
Тап болдым ба бұл теңiздiң тойына?
Сен де мендей кемерiңнен асасың.
Қуанышың сыймай ма әлде бойыңа?!
ТОЛҚЫН САНАП
Толқын санап мен одан сыр сұраппын...
Толқымаса, жазады жыр сұрап кiм?..
Тамшыларды маржанға айналдырған
Құдiретiн сеземiн нұр шуақтың.
Толқын жұмбақ – осы ма үлкен тiрлiк,
Жазбаған ғой бекерге әркiм жыр ғып.
Жете алмай сөнедi кейбiреуi,
Ал бiреуi жағаны сiлкiндiрiп.
Толқынсыздар, түбiнде бiр шiрiдiң,
Толқын жуар көкiрек кiл шiрiгiн.
Тек толқындар, қорқамын тұнғандардың
Кете ме деп лайлап тiршiлiгiн.
25.07.1992 ж.
ҚАРА ДАУЫЛ
Жеткенде қара дауыл азынаған
Шошыды үрейлі күй сазына жан.
Суық жел – мың найзалы, бет күйдірер,
Тәңірге болды қандай жазығы адам?
Бар әлем үш күн, үш түн астан-кестен,
Пенденің жайы нешік бастан кешкен?
Жандыны, жансызды да үрей басқан,
Тек қана қос жартас тұр “саспан дескен”.
Қазылып өлі, тірі тамырлары,
(Тапсырған табиғатқа тағын бәрі).
Бір терек байғұс жандай жалбаңдайды,
Білмеймін – қағынғаны, табынғаны...
Жаратқан – өз ғаламын жалмағандай,
Бір белгі тіршіліктен қалмағандай...
Аң қайда, құсы, жаны, құмырсқасы –
Сыяды бұл құбылыс заңға қандай?
Жеткенде өкініш зар сазы маған –
Дегендей “кеттің неғып азып адам?”.
...Тазалап қоқысынан жатыр ма екен?,
Кетер деп иістеніп тағы заман...
...Ойланбай сезімді жан көз ілген бе?..
...Апырай көпте неге сезім кенде?..
...Басылды қара дауыл ақырында,
Ақ нұр боп, Тәңір жасы төгілгенде...
...Тазарып қалар ма екен жан сарайың,
Күйзеліп анда-санда егіл пенде...
25.07.1992 ж.
ҚЫСЫР БҰЛТТАР
Бұршақ шашып, шеке жарып,
Нөсерлетер бұлттар да бар.
Сол қасиет кеткен дарып,
Тау бойында ұлттар да бар.
Маңғаз дала, ашық аспан –
Асықтырмас еш адамды.
Соданда ма бабам бастан,
Білмей өскен еш алаңды.
Күркілі жоқ, жарқылы жоқ,
Күн сәулесін көлеңкелеп
Тұрған бұлтқа жазғым келіп,
Кетті менің өлең, кенет.
Ашылмайтын қас-қабағы,
Жасқап өскен басқаларды,
Пенделер бар, “тұман-түнек”,
Көктен күлкі шашса дағы.
Тарсыл да жоқ, жарқыл да жоқ,
Бір тамбайтын “қысыр” бұлтта.
Ұқсатамын кей пендеге,
Берері жоқ “қысыр” қыртқа...
25.07.1992 ж.
ТОЛҚЫНДАР
Мәңгiлiк махаббат сезiмдей,
Бiр сәтке көбесi сөгiлмей,
Шалқарын шалқыта тербейдi
Толқындар, ғажап-ай, көз iлмей!
Қайырмасы:
Толқындар, ғажайып толқындар,
Өмiрде сендей бiр жойқын бар.
Еркелiк мiнезiң ұстаса
Бар Әлем жүрек боп солқылдар!…
Толқындар, сезiмдер, толқындар!..
Толқындар соға ма, аға ма,
Еркесi аққу мен шағала.
Соңғы дем, күрсiнiп қоштаса
Толқындар өшедi жағада.
Қайырмасы.
Толқындар тiршiлiк бастауы,
Толқиды жүректiң жастауы.
Ақпаған тұнады лай боп,
Толқындар тыныштық қас жауы.
Қайырмасы.
КАСПИЙДІҢ ЖАҢА ЖАҒАСЫ
Теңіз ғажап – мәңгі жазар тақырып,
Теңіз бізге шабыт сыйлап жатады ұқ.
Міне содан мен аспанға қол создым,
Бұлт сияма қаламымды батырып.
Ел мен жерге әуен керек, ән керек,
Тау мен дала, теңізге де сән керек.
Жаңа жаға – Каспийімнің жайлауы,
Сөзім бүгін бұрынғыдан мәндірек.
Жаңа жаға көрік берген жастарға,
Бұрынғыдан әдемілеу аспан да.
Теңіз беті әжімдерін тегістеп,
Айналыпты жартас бейне асқарға.
Бұлт сияға жазып тұрмын батырып,
Бал сезімдер жағалауда атылып.
Алтын ордаң – анау Ақтау, балалар,
Сезім шақыр, ақындықтың затын ұқ.
Бүгін қалай, мен кенеттен жастаумын,
Жаңа сезім жаңа көзі бастаудың!
Жаңа жаға жастығы ма Каспийдің,
Мерекесі жастар менен Ақтаудың!
Ақтау, 01.12.2013 ж.
КАСПИЙ ТОЛҚЫНДАРЫ
Ойыны ма – толқындардың жарысқан,
Ерегес пе – мен де сенен қалыспан.
Табанына тапталмауға басқаның
Соңғы дем бе, қорқыныштан жан ұшқан?
Асау толқын шалқарыңа сен симай –
Қайда асықтың, неге сонша жан қинай?
Пешенеңе әуел баста жазылған
Соңғы сапар, соңғы жол ма, сан шимай?
Көзсіз батыр, жал-жал ғажап толқынның
Жан шошытар қорқынышты жойқынның –
Жекпе-жегі аяқталды жартаспен,
Бір күрсініс, демі екен ол кімнің?
Соңғы демі толқындардың бір дыбыс,
Ұлы дыбыс – теңіз зары, күрсініс.
Жағасында отырамын жалықпай,
Қарі Каспий алғанынша бір тыныс.
Бұлт тарқады, дауыл кенет тиылды,
Етек-жеңі толқындардың жиылды.
Моп-момақан, жатыр міне көк теңіз,
Жүрек сезіп тұр ғой сенің сыйыңды.
20.03.1989
БҰЛ МАҢҒЫСТАУ – ЕР БЕКЕТТІҢ ОТАНЫ
(толғаудан үзінді)
Осылайша толғанамын оңаша,
Бар өмірім осы ойлар, санаса.
Содан қашып, теңіз бардым мен бүгін,
Ғажап жер ғой, ой тазартар, тамаша.
Асау теңіз, арпалысқан, шарпынған,
Күтпеп едім сонша ашу қартымнан.
Дыбыс қандай, ұлы сарын, ежелгі,
Дүлей күйдің үні дерсің тартылған.
Шақырама мені де сол шеруге,
Құмар ең ғой дей ме ғажап көруге.
Екпінінен тау толқынның сескене,
Маған қайда деймін саған еруге.
Сен – құдірет, біз пендеміз жай ғана,
Шаршағанбыз, қарау ерсі айнаға.
Сенің ойың – күрес, тартыс, төңкеріс,
Жарамаймын, тентегім-ау, пайдаңа.
Сен жолдассың жүрек жұтқан ерлермен,
Қорықпайтын, құпияңды меңгерген.
Айдыныңа ақ желкенді кердірсең,
Тұз татисың солар төккен терлерден.
Мен жолдаспын кілең жуас, мақұлмен,
Сөз сөйлейтін, іс тындырар ақылмен.
Маған туыс кісілігі көп болса,
Бір кіндіктес, бауырымнан, жақыннан.
Ерегеспе, толқын – тауды, сапырып,
Күрсінбеші – жартас соғып ақырып.
Пенде күші санаулы ғой әуелден,
Жалғыз мен бе, бұл ескірген тақырып.
Өмір – күрес, деген екен арпалыс,
Менде қазір, ол тоқтаған, қаңтарыс.
Көрінеді үлкен олжа сыздамай,
Бір түн тыныш ұйқы берсе, сол табыс.
Жанартауда бір заманда сөнеді,
Ал адамдар тез тозады, көнеді.
Сапарыңа шақыр өжет жастарды,
Біз қарттардың саған аздау көмегі.
Пана тұттық Отаным деп, саяңды,
Ойлама тек сақтанды деп, аянды.
Сенің әрбір тамшың менің көз жасым,
Енді міне, қоштасар күн таянды.
Сөз де, іс те келе жатыр тартылып,
Күш-қуат та бара жатыр сарқылып.
Есесіне ойлар қамап, жамалар,
Асып-тасып, күннен күнге артылып.
Бұл сапарға шақыр енді жастарды,
Армандылар бағындырар асқарды.
Жастар ғана тіршіліктің қожасы,
Қамқорламақ жерді, теңіз, аспанды.
Арман жолда жастар енді алқынсын,
Жігер жанып, жеңіс іздеп талпынсын.
Ана сүттің, ата қанның қуаты,
Елім деген ұран жолда сарқылсын.
Астана, 21.06.2012 ж.
ТЕҢІЗ ТЫНЫШТЫҒЫ
Айдынынын жарқырата жайып салып, бір шөкім бұлты жоқ аспанның бар нәрін өз бойына құныға жұтып, содан шексіз рахат тапқандай боп моп-момақан, тып-тыныш маужырап жатқан теңіз – жаныңа рахат, тәніңе қанағат сыйлап жатса, саған не керек бұл әлемнен... Бейжай тыныштықтағы «шылп-сылп, шылп-сылп» әуенімен кісі құлағына жететін бір дыбыс, ол – теңіз тыныштығының музасы.
Осы дыбыс жанға жайлы бейтараптық пен бейқамдықты тұла бойыңа сіңіре бастаса болды, мынау арпалыс өмірдің барлық зорлықтары мен сұмдықтарын ұмыттыра, сені басқа адам етіп жібереді...
Сондай пендеге айналып ал да, жағадағы бір жайлы орынға жайғасып алып, теңіз бетінен көз алмай қара да отыр. Отырсаң болды ойға батасың...
Теңіз тынысы, толқындар дыбысы қашанда естіліп жатады. Ұсақ толқынның құмды жағадағы шылпылы, ірі толқынның жартасқа соққан гүрсілі өзгермейтін құбылыс.
Бүгін жел жоқ, теңізде тыныштық. Бірақ толқын атты ғажап құбылыс желдің бар жоғына қарамай, өз тіршілігін жалғастыра бермек.
Ұсақ толқындардың «мен теңіздің ерке ұлымын», «мен міне аман-есен жағама жеттім» деп сүйінші сұрап жататын қуанышты шылпылын естіген кезде жаның жай табады.
Теңіз сәл тынышсызданса болды, әрегіректе, бір шақырымдай жердегі жартасқа соғылып, торыға күрсінер толқындар да теңіз тіршілігінен хабар бере бастайды. О дыбыс ойын баласының шуылы емес, ол ұлы тіршілік дыбысы секілді.
Ол – теңіздің жүрек соғысы, алған демі... Қасіреті мен қуанышы... Ойы мен өкініші... Теңіздің тірі жаратылыс екенінің куәсі...
Теңіздің әлсіз қума толқындарындай ойлар тұла бойыңды қуалай, ойға батырып бара жатады. Ойға батыра бастаса болды сенің қан тамырларыңды аралай жүрекке жетіп оны сезімге елегізітер, миыңа шауып ойлардан ой туындатар... Сол кезде саған көз алдыңдағының бәрі әдемі, бәрі қызық...
Сондай кезде аққуды жемдеп тұрған жас нәресте көзге түсті. Жақынырақ барып бақылап тұрмын. Адамдар мойындаған екі кіршіксіз тазалық. Бұл көрініс өзінің мәңгілік тақырыбымен еріксіз ойландырар құбылыстар...
...Әппақ көйлекті періштедей жас сәби қолынан әдемі қимылмен (сақтық па, ептілік пе) ол ұсынған дәнді таласпай алып жеп жатқан, бүкіл әлемдегі бар сұлулықты бойына жинаған екі аққу...
Жаратылыстың екі ғажабынан көз айыра алмай қарап тұрған әлгі сәби әкесі...
Осы екі көріністі көзімен көріп, көкірегімен сезіп тұрған тағы біреу...
Бұлар көркем суретке тақырып болар көріністер еді...
Мен оған (әкеге) таңдана қарап қалыппын...
Ал ол болса балапан қызы мен қос аққуға таңдана емес, тамашалай қарап қалған түрі бар. Оның жүзіне не мақтаныш сезімі, не ләззат сезімі қонақ болып жатырғандай... Өзінің қандай күйде тұрғанын өзі де сезініп тұрмаған болуы керек...
Оның мына сезімі бөбегіне бола оянды ма екен?
Әлде аққулар қылығына бола оянып тұр ма?
Әлде, сәті түсіп, тіршіліктегі ең таза, ең сүйкімді, ең жан тебірентер екі сұлулықтар ғажабының бір суретке айналып кеткені сезімді жанның есін кетіріп жіберді ме?
Періште сәби мен сұлулық патшасы аққу құстың жарасымы – осы теңіздің не үшін қажет екенінің, не үшін жаратылғанының түсінігі секілді болып кетті, маған... Ұлы Жаратушымыздың шеберлігіне, мейірбандығына риза бола, басымды шайқай беріппін...
Шындығында мен де сұлулыққа құмар болсам әлгі бөбек пен аққуларды қызықтуым керек секілді еді ғой. Ал мен болсам әдемі бөбек әкесінің жүзінен көзімді аудара алар емеспін... Оның бетінде сүйіспеншілік пен сұлулыққа деген құштарлықтан лап ете қалған махаббат сезімі лаулай тұтанып, жан-жағына нұр шашып тұрған секілді еді...
Әке махаббаты мені де шарпып өткендей. Теңіз тыныштығы сыйлаған осы өмір мағынасы атты құбылыс, менің де бойымнан бір сезім көзін ашып жібергендей, қолыма қалам алдырған еді...
...Жан-жағына тыныштық орната, «шылп-сылп, шылп-сылып» деп, бүкіл әлемді тыныштық пен жарасымға үндеген ұлы теңіз, енді қайтып мінез көрсетпестей, енді қайтып буырқанбастай, тура Әз Анадай мейірбан, ауыл иті Бөрбасардай жуас, тура Әз Атадай жылы құшақты еді...
Әлгі дыбыс тұла бойыңды бір тыныштық ләззатына бөлеп қайталана береді, қайталана береді...
Теңіз мәңгілік осы сазын ойната алса ғой...
Мен мәңгілік сол сазбен рахаттана алсам ғой...
Қайда ондай жарасым?.. Қайда ондай бақыт?..
Ертең-ақ не бір жел тентек, не бір адам тентек бәрінің де тас-талқанын шығарар-ау...
Ертең-ақ ақымақтау адам пендесі өз кір-қоқыстарын теңізге лақтырған кезде, не бір билігі қолда қожайын лайлары мен майларын теңізге тоғытқан сәтте біз бұл суреттен де, бұл тыныштықтан да көз жазып қалармыз...
Сол сәттегі теңіздің өксік көз жасы мен жоқтау сарынын бізге естірте көрме, Жаратқан!..
ДАУЫЛДАН СОҢ
Екі күн бойы есті жидырмай, көзді аштырмай екілене соққан есірік жел кенет тына қалды. Бұл оқиға менің бір тентек көршімнің шарапқа тойып алған кезіндегі мінезі секілді болды. Сол көрші бір жақтан тойып келсе болды, ол үйде сұрапыл дауыл басталатын. Өзі құтырынып, әйелі жылап, бала-шаға шулап, осы мазасыздық көршілер үйіне де көше бастайтын. Баяғы әдеттерімен көршілер кіріп шығып, сансыз ақылдарының біреуін әлгі масқа тегін бере салып, балаларды жұбатқан болып, кетерінде балалардың аналарына да бір ақыл сыйлай сала, міндеттерін орындап үйлеріне қайтып жататын. Бірақ олар ақылына бірден көне қоятын көрші бізде жоқ еді. Дегенмен оның бір қызық мінезі бар болатын. Осылай бәріміздің жүкелерімізді бір шама жерге жеткізіп алып, кенеттен келген бір бұйрыққа бағынғандай қор ете түсетін.
Біздің теңіз де әлгі көршімнен үлгі алғандай...
Есірік жел екі күн бойы есті жидырмай, көзді аштырмай екілене соғып тұрды да кенет тына қалды. Қалай тынғанын? Әлде желді жел айдап кете ме екен?
Дауыл кезінде Каспийдің тау толқындарына көз тігіп, ой жүгіртіп көрдіңіз бе?..
Екі-үш күн бойы өзінен де құдіреттірек бір сұрапыл күшпен айқасқа түсіп, шарасынан шығып кете жаздаған теңіз өз тағдырына шүкіршілік еткендей...
Теңіз толқындары да бірте-бірте аласарып, аспан бұлты да бірте-бірте ыдырап, тіршілік дегеніміз тек қана сұрапыл дауыл емес, оның арты тыныштық дегісі келетіндей...
Бірақ екіленіп алған толқындар кешегі үстемдігінен бүгін айрылғысы келмейтіндей, соңғы күштерін сарқа пайдаланып жатыр. Толқындарын тауға айналдыра жағаға қарай қуғанмен, бар күшін жинап алай-дүлей арпалысқа түскенімен, өзінен кейінгі тау толқындарының астына басыла кері қайтып жатты
Ал мен болсам жартас басында тұрып толқындарды адамдармен салыстырып әлек боп тұрмын...
Тау толқындар жай толқындарды басып-жаншып жағаға ұитылғанда не тапты? Бар болғаны мәңгі жартасқа маңдайын бір соғып, өзі де теңіз атты ащы судың бір ұрттамына айналып, өзін туғызған теңізіне сіңіп жоғалып жатыр. Дәл атақты адам жиһангерлері секілді, әлемді дүрліктіріп, тітірентіп, қырып, жойып, өртеп, жағып келеді де, басын жарға соққан күні бір шөкім топыраққа айналады...
Бұл біздің жағада тұрып көрген суретіміз, ойымызға оралғаны...
Жел кеше басылған. Ал толқындар болса біздің жақта әлі қайта қоймаған өші қалғандай бірінен соң бірі өкіре жарды соққылап жатыр...
ТЕҢІЗ ШЫЛПЫЛЫ
Теңіз тыныш екен. Сен сол шақта теңізге назар аудар. Теңізе қайдағы тыныштық... Теңіз деген – мәңгі қозғалыс. Алдымен көзіңе теңіз бетіндегі жыбырлаған ұсақ толқындар көзге түседі. Күн сәулесімен сан құбылуға ұсақ толқындар құмар-ақ. Олар бұлттардан да тез құбылғыш. Сан түске боялып, әр толқын күн сәулесін өзінше түсінетіндей, өзінше қабылдайтындай бір-біріне ұқсамайтын түр тауып алып, адам жанын шаттыққа бөлейді, сезімін ләззәт сәулесіне шомылдырады... Теңіздің беті баланың алғашқы салған суретіндей түсініксіз өрнектер мен түстер. Жыбыр-жыбыр... Жыбыр-жыбыр... Сан құбылған түстер мен өрнектер картасы... Балалардың күнге қаратқанда сан түске бөленетін ойыншығындай...
...Мен бүгін де өз әдетімнен айныған жоқ едім. Бірақ сәл ертелеу ме, әлде тұман әсері ме, аяқ жолыңды анық аңғара алмайтын шамада шығыппын. Тұманның арғы жағында қалың бұлт та бар болар, әйтеуір әлі қараңғылау.
Теңіз дыбысы естіліп жатыр. Ұсақ толқынның құмды жағадағы шылпылы, ірі толқынның жартасқа соққан күрсілі өзгермейтін құбылыс.
Бүгін жел жоқ, теңізде тыныштық. Бірақ толқын атты ғажап құбылыс желдің бар жоғына қарамай, өз тіршілігін жалғастырып жатады.
Ұсақ толқындардың «мен теңіздің ерке ұлымын», «мен міне аман-есен жағама жеттім» деп сүйінші сұрап жататын қуанышты шылпылын естіген кезде жаның жай табады.
Әрегіректе, бір шақырымдай жердегі дауыл күндері жартасқа соғылып, торыға күрсінер толқындар теңіз тіршілігінің хабаршысы. О дыбыс ойын баласының шуылы емес, ол ұлы тіршілік дыбысы.
Ол – теңіздің жүрек соғысы, алған демі... Қасіреті мен қуанышы... Ойы мен өкініші...
Ал теңіз тыныш тапқан кезінде естілетін мына шылпыл – теңіз бөбектерінің үні... Бұ дыбыс, бұл ойын – ата-анасының рұқсатымен үйінен шығып, далада ойнап жүрген теңіз бөбектерінің қылығы болар ма...
КАПИТАН
Темір тырнағымен Каспий жотасын батырыңқырай қасып, балықшылардың шағындау ескі кемесі ақжолақ ізін шұбалта жағаға қарай барынша асығып келе жатты. Теңіз оянып кеткен, бірақ әлі долдана қойған жоқ. Ол қаһарына бірте-бірте енеді. Өз теңізінің мінезіне қанық қарт капитан бүгін екі бірдей жойқын құдіретпен айқасқа түсетінін сезіе келеді. Ондай кезде балықшылар «балық түгіл бас қайғы» деп, теңіздің таяздау жеріне, жағаға қарай асығады. Бұл кезде оларға ешкім көмектесе алмайды. Олардың жалғыз сенері – капитаны. Ғажап құбылыс – дауыл капитанға ерекше бір қасиеттерді ала келетін секілді. Сол кездегі оның даусының қаһарлылығы, мінезінің ұстамдылығы балықшыларға табиғат алапатынан кем әсер етпейтін.
Құтырынған дауыл оны ұшырып әкетпек...
Аждаһадай асау толқындар оны шайып жібермек...
Екеуі де бүгін шындап кіріскен. Бар айласын қолданып әлекке қалуда.
Байлаулы қасқыр иттей арпалысысқан ақжал толқындар анау қасарысқан қара сіңір балықшыға бір жету арманындай. Өкіре ақырып, құтырына жұлқынып, екілене ерегесіп ескі кеме маңдайына соғады келіп, соғады келіп. Бірақ қапысын таппай қақ жарылып қалып жатыр. Кәдімгі арпалысқан айқастың, сұрапыл соғыстың жекпе жегі...
Пенде бойында жүретін өлімнен қорқыныш атты жексұрынға ерік берсең онда шаруаңның біткені. Әлгілерге қосылып алып, бар шаруаңды бірден бітіре салады.
Терістік мұз таулардың арасынан құтырына сапарға шыққан бұл дауыл азынай ұмтыла Каспий айдынына жеткен содыр еді. Әзірге бұл тентектің басына ноқта салар күш кездеспеген. Бәрін жапырып келген. Бәрін сапырып келген. Енді келіп мына ескі кеменің қара сойылдай қатып қалған капитаны бұларды мойындар емес... Дауыл соған ызалы секілді...
Ал бұл болса нағыз капитан еді...
Даусынан бір діріл білінсеші, шіркіннің... Бір ауыз сөзбен бәрін жүгіртіп түр. Дауысындағы сенімді үн бәрінің қайратына қайрат қосып жіберуде. Әлгі содырлар мына сойылдай қатып қалған, тұла бойында қуырым ет жоқ, қара сіңір балықшыны орнынан бір сүйем қозғалта алар емес. Оның табанын палубаға не желімдеп, не шегелеп тастағандай...
Жел-дауыл өз құдіреті жетпеген соң теңіз толқындарын көмекке шақырып, екеулеп көрмек. Бірақ балықшылар капитаны өз орнынан бір сүйем мызғыр емес. Кеме әлгі құдіретті күштермен жағаласа, өз бойындағы қорқыныш атты сезімді бұқтыра теңіздің таяз жағасына да ілінді...
Кешегі шайқастан шаршағаны ма, әлде адам түсінбес бір себептері бар ма, не болсада теңзде бір өкініш бар секілді. Бүгін ерекше күрсініп жатты...
Қара сіңір капитан жағада тұр, теңіз толқындарын қызықтап тұрғандай.
Әлде ол өзінің мәңгілік сапарласы теңізбен сырласып тұр ма...
Қалай екен! Өкініштен күрсініп жатырсың ғой. Ала алмадың ба? – деп өз жеңісіне масаттанып тұр ма екен...
Ал теңіз болса әлі солығын баса алмай күрсініп жатыр...
ТЕҢІЗ
Ойлы жандар ой түбіне жете алмай күрсінеді емес пе.
Теңіз де күрсінеді. Оның кейде күрсініп жататыны ойлайтынының, ұлылығының белгісі болар ма. Әлде ол оның дем алғаны ма, тіршілік тынысы ма, оған менің ақылым жетер емес. Бірақ бұл дыбыс, бұл саз адам жанына мазасыздық емес тыныштық сыйлай естіліп жатады...
Теңізге не деп емес, теңіз деген кім деп сөйлеу дұрысырақ секілді. Теңіз – тірі! Оның жаны бар. Теңіздің мінезі де бар, құпия сыры да көп.
Теңіздің шөлдейтін де кезі болады. Мыңдаған шақырымға созылып жатқан ұлы теңіз шөлдесе ортая бастайды.
Теңіздің көңілі көтеріліп, кенересінен асып-тасып кететін де кездері болады. Теңіздің мейірлі шағында жағадағы жандарды сүйсіндірер қылығы да көп. Бірақ бұның бәрі бір кісінің ойы ғана. Теңіз бар сырын ешкімге айтпайды да, ашпайды да...
Қызылбалық
Мен теңізді алғаш рет 15 жасымда, 1956 жылы көрген екенмін. Ол заманда Маңғыстау түбегінің қақ ортасында орналасқан Тиген секілді ауыл адамдары өмір бойы теңізді көрмей өтіп кететін жағдай жиі кездеседі екен. Әкем 1942 жылы отанын қорғауға аттанып, Харков түбіндегі соғыста тұтас армия немістерге плен болады. Мюньхен маңындағы лагерден әкемді американдар босатып, советке тапсырады.
Анам Жаңылдықтың еңбек күніне біздің шаңырақта алғаш рет жылқы малы пайда болып жирен құнан.
Жол жорғасы бар, сұлу мал еді. Құйрық-жалы мол, сұлу жануар. Мен өз өмірімде соншалықты құлай жақсы көрген малым сол болар.
«Маленков берген байталды – Хрущев келіп қайта алды» дейтін мақалдағы Маленковтың елге мал тарата бастаған кезінде менің қуанышыма құнан тап болып, мініп жүретінмін. Көктемді піштірдік. Ақмыш басындағы жартылай құлап жатқан үйді сол жылы жеті бітіргенбіз.
Келесі жылы мен каникулға келсем, мені әкем Сартасқа жұмсады.
Ағаштан ер жасаған екен. Соған балық желімі керек екен. Сартаста балықшы бар. Сол кісіге бар. Екі күннен кейін өзім барамын. Маған екі қызылбалық ұстап қойсын.
Мүңгүрт пен мәңгүрт (әңгіме)
...Бұл бір ерекше әңгіме...
...Көркем шығарма деуге де ауыз бармай отыр...
...Бар уақиға көзге көрінген, құлаққа естілген, түс болып елестеген күйінде баяндалмақ...
...Мен, демалысқа шыққан, уақытын өзі пайдаланатын, қалада тұратын көп зейнеткерлердің бірімін. Бірақ үлкендікті толық мойындай қоймаған қартпын. Әлі де болса әлемде болып жатқан уақиғаларға елең ете қалатын, әсем көріністерге сезім шығындай алатын кісімін. Осыларға қосымша мен табиғатты қызықтаудан, ұлы жаратылыс құдіретіне табынудан жалықпайтын адаммын. Содан болар, күн жаңа шығып келе жатқан кезде теңіз жағасында қыдыруды әдетке айналдырып алған әдетім бар...
...«Ерте тұрған жігіттің ырысы артық» дегендей, сол мезгіл аспанның да, жер бетінің де нағыз нұрлы, нағыз әсем шағы. Сезімді адамға сол сәтте табиғаттың сыйға тартар әсері мол. Аспан алашұбар бұлтты болса тіпті жолым болғаны.
Па, шіркін, талай әдемі суреттер көз алдымнан өтті ғой! Жаңа рауандап келе жатқан күн сәулесі әуелі бұлтқа түсер еді. Сол кезде бұлттардың әр қабаты сан түрлі түске боялады да, көре алатын көзі барларды, ояна алатын сезімі барларды бір ерекше рахат сезімге бөлей бастар еді. Бұлттар бірде айдаһардай иреңдеп асығып бара жатса, ендігі сәтте арыстандай азуын көрсетіп бір орында тұрып қалады. Енді бірде шудасы желкілдеген қара бураға айналса, келесі сәтте арындаған арғымақ боп бауырын жаза, ұшып бара жатады...
Тек қана сол суреттердің тез алмасатыны қандай өкініш десеңізші. Бірақ сол аз уақыт ішінде біраз басыңды шайқатып, біраз таңдайыңды қақтырып та үлгереді...
...Бұлтттарды не түрлі құбыжықтарға айналдырар сәулесімен біршама еліктетіп алғаннан соң, жылтырап Күн жарықтықтың өзі де көріне бастайды. Құдды, көкжиектен тура саған қарай ағып келе жатқан сұйық алтын қарғыны ма дерсің. Бірақ құдіреттің аты – құдірет. Ұзақ қаратпайды.
Сен сол сәттен бастап теңізге назар аудар. Енді күн сәулесімен құбылуға теңіз толқындарының кезегі келеді. Толқындар бұлттардан да тез құбылғыш. Сан түске боялып, әр толқын күн сәулесін өзінше түсінетіндей, өзінше қабылдайтындай бір-біріне ұқсамайтын түр тауып алып, адам жанын шаттыққа бөлейді, сезімін ләззәт сәулесіне шомылдырады... Теңіздің беті баланың алғашқы салған суретіндей түсініксіз өрнектер мен түстер. Жыбыр-жыбыр... Сан құбылған түстер мен өрнектер картасы... Балалардың күнге қаратқанда сан түске бөленетін ойыншығындай...
...Мен бүгін де өз әдетімнен айныған жоқ едім. Бірақ сәл ертелеу ме, әлде тұман әсері ме, аяқ жолыңды анық аңғара алмайтын шамада шығыппын. Тұманның арғы жағында қалың бұлт та бар болар, әйтеуір әлі қараңғылау екен.
Теңіз дыбысы естіліп жатыр. Ұсақ толқынның құмды жағадағы шылпылы, ірі толқынның жартасқа соққан күрсілі өзгермейтін құбылыс.
Бүгін жел жоқ, теңізде тыныштық. Бірақ толқын атты ғажап құбылыс желдің бар жоғына қарамай, өз тіршілігін жалғастырып жатады.
Ұсақ толқындардың «мен теңіздің ерке ұлымын», «мен міне аман-есен жағама жеттім» деп сүйінші сұрап жататын қуанышты шылпылын естіген кезде жаның жай табады.
Әрегіректе, бір шақырымдай жердегі жартасқа соғылып, торыға күрсінер толқындар да теңіз тіршілігінен хабар беруде. О дыбыс ойын баласының шуылы емес, ол ұлы тіршілік дыбысы.
Ол – теңіздің жүрек соғысы, алған демі... Қасіреті мен қуанышы... Ойы мен өкініші...
...Мені осы ойлардан оятып жібергісі келді ме, әлде қапыңды таптым деп қуана ма, бір ерке толқын аяғыма аялай сүйкене, шаттана шылп ете қалғаны. Таңғы салқында аяқты сулап алғанмен үйге барып киім ауыстыруға еріндім. Кептірініп алмақ болып теңіздің күрсіне ыңқылдап жатқан жақтағы үйреншікті тас орындығыма беттедім. Ол тас үстінде өзім әкеліп төсеген ешкі терісі жататын. «Е, әнеки!» деп көңілдене жақындап келемін.
Кенет тоқтай қалыппын. Тағы да, аяғымды суға малып алғандай шошына тоқтадым. Менің меншік тасымның үстінде жарбиып біреу отыр. Мені көрмеген секілді, қасына келгенше қозғалмады. Ал мен болсам шошып қалғандықтан болар, сәлем жоқ, сауқат жоқ:
Ау, кімсің? – деппін. Ол маған сәл бұрылып қарады да:
Мәңгүртпін! – деді.
Мәңгүрті несі?
Мәңгүрт! Немене естімеген сөзің бе? Кәдімгі мәңгүрт тағы!
Әкеңнің қойған аты ма?
Жоқ! Мен балықшы едім. Қылжақпас балықшыларға теңіз үстінде ермек керек, мен дегенде бір жыны бар. Солардың таңып жүргені ғой.
Содан басқа сөз таппағаны ма?
Жоқ, олар тапқыш. Олар мені бұрын олай атамайтын. Маған бұл атақ мен «Мүңгүрт» деген балық етін жей бастағаннан бері таңылды. Балықшылар солай атай бастап еді, Құдайдың құдіреті, сол атақ маған желімдей жабысты да қалды. Осы күні кейбір келіндерім сыртымнан «Мәңгүрт қайнаға» дейтін көрінеді. Қанша тырыссам да құтыла алмадым. Енді өзім де үйреніп кетіппін, тіпті байқамай «Мәңгүртпін» дейтінді шығарыппын.
– Қызық екен.
Солай. Бұл қызық уақиға. Ал енді өзің кім боласың?
– Мен ау салған атақты балықшы болмағанмен, қармақ салып балық ұстауға құмарлардың бірі едім. Содан зайыбым мені «Балықшы» деп атап кетті. Сен де солай атай беруіңе болады...
...Сәл үнсіздік орнап қалды...
...«Мүңгүрт» балық етін жей бастағаннан бері...
...Қызық уақиға дейді. Бір нәрсе есіне түсіп отыр. Шынымен қызық уақиға ма екен?..
...Осы сәтте мүңгірт балыққа қатысты бір уақиға маған да елес беріп өтті...
...Бала кезіміз. Күні бойы теңізден балық аулаймыз. Ұстаған балықтарымызды шелектегі суға тастай береміз. Бір жолы әкем кілең уақ балықтар арасында жүзіп жүрген екі-үш мүңгірт балықты теңізге лақтырып жіберіп, бұл балықты өлтіруге де болмайды, жеуге де болмайды, бұл балық қасиетті балық деген болатын. Кейін үйіміз теңіз жағасынан алыстап кетті де мүңгірт балық естен шығып та үлгеріпті...
– Мүңгүрт балықты жеуге болмайды деп естіп едім, оны неге жемейді?
– Балықшылар мүңгүрт балықты «арам балық» деп те атай береді.
– Арамы несі? Мына шексіз көк теңізде, мына шалқыған шалқарда жүріп те арам болатын нәрсе бола ма?
– Болатын болғаны ғой. Олар бір түрі келіссіздеу, өңсіз балықтар. Құдды, орыс қатындар жетектеп жүретін, бет-ауызы ыржиып кеткен ит секілді. Ұлы Жаратушы солай жаратқан. Теңіздегі барлық лас нәрсені сол балықтар ас етеді екен. Тіпті балықтардың нәжісін де сол балықтар қорек ететін көрінеді. Былайша айтқанда теңізді тазартып тұру үшін Ұлы Құдіреттің жаратқан тіршілік иесі.
– Соны біле тұра сіз неге жейсіз?
– Бұрын мен де жемейтінмін. Менің мүңгүрт балықты жеп кетуіме Хрущевтің кесірі тиді.
– Кәдімгі Никита Сергеевичтің бе? Қалайша!? Сонда Сіз, Сіз Хрущевпен таныс болдыңыз ба?
Бірнеше сұрақты бірден қойып, жауап алғанша асығып отырмын.
– Дәлірек айтқанда ол емес оның күйеу баласы болатын... Атын ұмытып атасының атын айтып отырғаным ғой.
– Аджубей ме?
– Сол болса керек.
– Сіз онымен де таныссыз ба?
– Таныспын деуге де тұрмайды. Бір күнге жуық бірге болып едім.
– Қызық екен! Москвада кездестіңіз бе, әлде Киевте жолықтыңыз ба?
– Жоқ. Сол жігіт бір жылы, атасы СССР-ды басқарып тұрған кезде, біздің Ақтауға келіп кеткен болатын. Мен сол уақытта бір банкте шофыр, қазір жүргізуші деп атайтын болып жүр ғой, жүргізуші болып істеп жүр едім.
– Ал... Сосын...
...Ол ойланып кеткендей еді. Есіне түсіріп отыр ма, әлде қай тұсынан бастағаным дұрыс деп ойлана ма, әйтеуір біраз отырыңқырап қалды да, әңгімесін қайта жалғастырып әкетті.
Бұрын да көп айтқан, өзіне ұнайтын уақиға болса керек, менімен ісі болмай, ойлана отырып, өзімен-өзі қалғандай кейіпте сөйлеп кетті...
...Бір кезде өзіне қалай «Мәңгүрт» атағы тағылғаны туралы естелік әңгімесін баяндап отыр...
...Москвадан атақты қонақ келеді деп, теңіз жағасына үш киіз үй тіктірді. Нағыз қазақ ауылы болды да қалды. Қазіргі он бесінші шағын аудан жобасы. Сол қонақты қарсы алып, құрмет көрсету біздің банкке, мен жүргізуші болып істейтін, банкке тапсырылыпты. Мен сол жаңа тігілген ауылдың қарауылы да, қызметшісі секілді болып үш күн жаттым. Үш күн бойы теңіз жағасында өзім қосшы, өзім қожа дегендей.
«Бұндайлар балық аулауға құмар келеді. Балық аулаймын десе қасында боларсың» дегесін үйімдегі барлық балық аулайтын құралдарымды әкеліп қойдым.
Бастықтар қапылып жүр. Әуелі әдемі киіз үй іздеді. Үлкен басшылар үш үй тігіңдер депті. Тәуір үй тігетіндерге бұйым салдық. Үйлер де табылды. Ол уақытта үйді жалға тікпейтін. «Бәленшенің үйі түгенше келгенде тігіліп еді» деген атаққа риза болатын.
Үйлерді жабылып жүріп тігіп те алдық. Банкімізде қыз-келіншектің шеті жоқ. Бірақ үй тіге білетіндері аз екен. Үй тігіліп болғасын, құрметті қонаққа қазақы ақ қой іздеп, оны азар таптық.
Маңғыстаудың атақты құнан қойлары құрып кетуге айналғанын сол жолы, сол орыстың арқасында түсіндім. Қайда барсаңда құйрығы салпылдаған кілең қаракөл. Көз үйреніп кеткенсін оны да мал деп бақтық қой, әйтпесе түрі де, мінезі де өзгеше жануар болатын. Тапқан қойымыз құйрығы дирмендей әдемі мал екен. Жарықтықты өлімге қимай біраз отырдым. Ақыры білетінімді айтып, құбылаға қаратып бауыздап, ішек-қарнын әйелдерге тапсырып, бір шыбықпен ішін бүріп алып, асықпай үйітуге кірістім. Тап-таза боп әдемі үйітіліп еді. Бас терісі тұтас аппақ екен, бір қылтан қалдырмадым, бір жерін күйдірмедім. Қандай мәртебелі қонақ болса да ұялмай ұсынатындай бас болып шығып еді.
«Қонағымыз келе жатыр, қазанға ас сала берсін» деген хабар жеткеннен соң тайқазанға қой етін түгел салып асып қойдық.
Бір кезде шаңын шұбалта шұбырған машиналар легі көрінді. Рет-ретімен тоқтап жатыр. Олардан түскен айғыр топ адамдар ілгері қозғалды. Біздер ортадағы киіз үй маңында бір топ адам болып күтіп тұрмыз. Үй иелерінің ішінде қазақша киінгендері де бар болатын. Үшінші күнге созылған қарбалас қимылдар мен нұсқаулар біздерді біршама тәртіпке келтіріп те тастаған болатын. Бірақ бәрі бос еңбек болыпты. Біздің қапылысымыз кәдімгі «дәм болсын» болып шықты. «Қай жағынан шығып қаламыз» деп уайымдай күткен қонағымыздың киіз үйлерде де, бізде де шаруасы болмады, бірден теңіз жағасына тартты. Біздің ортамыздағы жасамыс әйел, бір киіз үйдің егесі: «Аталарымыздың орыспысың дейтіні осы екен-ау, арнайы өзіне тігілген үйге әуелі бас сұқпас болар ма?» – деп, ренішін білдірді. Оның өкініш сөзі біздерге де ауыса бастағандай. Бәрімізді көңілсіздік сезімі билеп алғандай болып еді.
Бірақ әлгі орыс теңізді көріп кәдімгідей көңілденіп қалды. Мен де маңайында жүрмін. Бастықтар маған «дұрыс киініп келерсің» деп тапсырған. «Жұрт мені қонақ орыстың қасында жүрген ауыл атқамінерлерінің біреуі деп ойлайтын болар» деп өзімді-өзім масаттандырып қоямын. Жағада олар біраз жүрді. Не айтқандары есімде де қалмапты. Тек қана әлгі қонақтың «Қандай таза теңіз! Теңіз қандай таза еді!» деп қайта-қайта мақтағаны, таңданғаны есімде қалыпты.
Мен болсам әлгі орыстың аңқаулығына таң қалған едім...
...Теңіз таза болмағанда қайтеді...
...Алла тағала таза болсын деп шетсіз, шексіз етіп жаратып, шалқарын шалқытып қойса?...
...«Қасиеті атады, теңізге түкірме» деп ақсақалдар ақыл айтып жатса...
...Ұлы Жаратушы нәжістен тазартып тұр деп мүңгүрт балығын жаратса... Теңіз таза болмағанда қайтеді...
...Қонақ басқаны жүре тыңдап, көбіне өзі сөйлейтін кісі екен. Көп сөйледі...
...Бір уақытта мына ұлы теңіздің жағасында өтіп жатқан, Москва мен Маңғыстау жайсаңдарының кездесуіне менің де қажетім болып қалыпты. Кейін ойланып қарасам сол күні құрметті қонағымызға менен басқа ешкімнің де, ешнәрсенің де қажеті болмаған секілді...
...Қонақ сөйлей-сөйлей жалыққан кезде «бұ теңізде балық бар ма?» деп сұрапты. Сұрауы мұң екен біздің бастық мені шақырып алды. Орысша мектеп бітірген едім. Саулап тұрмын. Орысшаны әлгі орыстың өзінен артық сөйлейтін секілдімін. Теңіздің, теңіздегі балықтардың жағдайын баяндап бердім. Қажет болып қалса деп балық аулау құралдарын дайындап қойғанымызды да естіртіп жатырмын.
Ара-арасында көз қиығымды бастығыма салып қойып, Каспий теңізінің қызыл балықтары туралы, патша заманында оларды Мәсеу мен Петербургке қалай жеткізіп тұрғаны туралы әңгімелеп тұрмын. Басын изеп, бастық маған риза екенін байқатып қояды. Мен бастығымның пайдасына асқаныма едәуір арқаланып, көңілдене сөйлеп тұрмын...
...Бір кезде әңгіме де аяқталды. Әлгі орысты біз қабылдап жатырған секілді емеспіз, ол бізді, тіпті Маңғыстау өлкесін өзі қабылдап тұрғандай еді.
Ақыры қабылдау уақыты аяқталғандай болды. Ол біздің атқамінерлеріміздің бәрін таратып жіберіп, қасында мені ғана қалдырды. Менің балық ұстайтын құралдарымды бір қарап шығып іске кірісті.
Балық аулаудың жөнін білетін болып шықты. Ет піскенше біраз мүңгірт балық ұстап та үлгерді. Қуанышында шек жоқ. Әр Мүңгүртті теңізден суырып алған сайын масаттана риза болып, шаттана қуанады.
Мен ішімнен: «Біздің балықшылардың бір қайық толтырып бекіре шығарып жатқан сәтін көрсе, мынаның жаны шығып кетуі мүмкін-ау» деп ойлап қоямын. Түс мезгілінде ағаш үйдің маңында топталып жүрген бастықтар бізді етке шақырды. Қонақ ұстап отырған қармағын қимады ма, қайта-қайта қармаққа ілініп жатқан балық қызығынан айыға алмады ма, шақырғанға бармай отыра берді. Жалғыз ауыз тіл қатты.
– Өздерің тамақтана беріңіздер...
...Ол ауық-ауық шелегіне қарап қояды. Санап отырған секілді боп көрінеді маған. Санын онға жеткізгісі келе ме? Мен де санамақ боламын. Бірақ олар араласып кетіп санатпайды. Он шақты Мүңгірт шелектегі су ішінде жүзіп жүр.
Түскі тамақтың мезгілін әуелі қарынның сездіретін әдеті бар емес пе. Балық аулау қанша қызықты болғанмен, «жұтқын тамақ» бұйрығы одан өктемірек қой, қашанда. Бір кезде ол балық қуыратын таба сұрады.
Қонақ қабылдауға дайындық кезінде бәрін ойлапты, бәрін ұйымдастырыпты. Бірақ Мүңгүрт қуыратын табаны ойламапты. Таба қыздыратын газ мәселесін шешпепті. Таба жоқ екенін естіген ол қонақ үйге барып өзі ұстаған балығын қуырып жемек болды. Біздің бастықтардың өтінішіне қолды бір сілтеді. Мені ала кетті.
Балық қуырудың мәнісін біледі екен. «Ұн бар ма, тұз бар ма» деп қажет заттарын түгендеп алған болатын. Қатырып қуырды. Күйген майдың, қуырылған балық етінің иісі, қарынның сұрағына өз үлесін қосып жатыр.
Солардың әсері де болған болар, әрі жемеуге орыстан да қаймығып мен де «Мүңгүрт» етіне тойып алдым. Әуелі аздап сескеніп, «арам балықты қалай жеймін» деп тітіркенген де болатынмын, бірақ қырлы стаканды толтыра бір-екі тартып жіберген соң, «Мүңгірт» еті, «арам балық еті» ата тамағындай үйреншікті болып кетті. Өңештен ойланбастан өте бастады. Содан бастап оны жей беретін болдым...
...Осы жерден мен әңгімеге араластым.
– Ол саған же деп те айтпапты, өзің жепсің. Сонда сенің алдыңда оның қандай жазығы бар деп ойлайсың?
– Жазығы да жоқ болар, мен тек қана үйітілген ақ қойдың етінен ауыз тимей, оны құмар қылған Мүңгірттің дәмі қандай екен деп, әуелі дәм татып қарадым. Жұп-жұмсақ, тәп-тәтті балық екен.
– Саған да обал болған екен. Өзің үйіткен ақ қойыңның адал етінен ауыз тие алмай, арам балықтың етіне тап болып...
– Шошқа етін жегендей нәрсе ғой. Арамнан бір ауыз тисең, арғы жағы жалғасып кетеді екен. Арақ та сол, шошқа еті де солай.
– Шыныменен солай ма екен? Сонда адам біраздан соң арамның арам екенін де ұмытатын болғаны ма?
– Қайдан білейін? Бірақ осы кезде мен мүңгірт етін жемейтін болдым.
– Арамсынасың ба?
– Жоқ! Мүңгүрттерді шетінен май басып, еті дәмсізденіп кетті.
– Семірсе дәмдірек болмай ма?
– Жоқ, оның етінен мұнай исі шығатын болып жүр...
– Ол қалай?
– Бұ күнде олар, Мүңгірттер, теңізді ластап жатырған қоқыстар ішінде ең қауіптісі мұнай екенін сезетін секілді. Содан барып әуелі соларды құртпақ болып жанталасады-ау деп ойлаймын.
– Сезеді деймісің? Ғажап-ай!
– Құдай біледі, сезеді. Алла тағала оларды теңізді тазарту үшін жаратқан ғой. Содан барып олардың өз міндетін атқартатын түйсігі әуелі теңізге тамған мұнай қалдықтарын залалсыздандыруға жұмсайтын болар.
Ғажап екен...
Солай шырағым...
Бірақ мен ол балықты «Мүңгірт», Сізді «Мәңгүрт» атау орынсыз ба деген ойға қалып отырмын.
Оны өзің білесің. Маған тіпті осы атым ұнайды. Соңғы кезде мүңгүрт балықтарды өте жақсы көріп кеттім де, өз атымның соларға ұқсайтынын мақтаныш тұта бастадым.
Мүңгірттерді жақсы көріп кеттім дейсіз бе? Демек теңіз тағдыры сізді ойландыратын болғаны ғой?
Солай болар.
Түн ортасында бұ жерде неғып отырсыз?
Теңіздің күрсінгенін тыңдаймын... Маған теңіз түнімен жылап шығатындай боп көрінеді... Көмектескім келеді. Жұбатқым келеді... Бірақ алып теңізге асықтай балықшының не пайдасы тимек?..
...Маған бұрын да теңіз тереңінен күрсіне шығар дыбысы ғажап әсер ететін. Ол бір ұлы ойдан туар, шешуін ақыры адам пенделері ойлап табар, содан барып бір ғажап жаңалық ашар құбылыс секілді көрінетін.
Мәңгүрт ақсақалдың Мүңгүрт балық туралы әңгімесін естігеннен кейін мен бұл құбылысқа басқаша мән бере бастағандаймын. Теңіз дыбысы бұрындар мен ойлағандай ойлы жанның ойдан туған күрсінісі емес, ол енді жетім баланың жылау алдындағы тұншығысы секілді әсер ететін болып алды...
...Осы ой басымнан кетер емес. Қартайған шағымда аса ауыр жүк болып алды...
...Сол дыбыс ішінен Мәңгүрт ағайдың даусын да ажыратып алатын болдым...
...Сол дыбыс ішінде Мүңгүрт балықтың да жан айқайын сезіп отырғандай боламын... Мәңгүрт ағай секілді мен де шарасыздық күй кеше бастадым...
...Енді күнде ерте тұрып өзімнің тас орындығымнан Мәңгүрт ағаны іздейтін болып алыппын.
Кездестіре алмай жүрмін. Кездесе қалсам оған осы орындықта отырып қалғып кеткен сәтте көрген бір түсімді айтып бергім келеді. Аурып қалмады ма екен?..
...Қайда жүрсе де аман болғай да, ағайын...
...Сол түсімді енді сіздерге әңгімелеп бермекке бекіндім...
...Ешкі терісін төсеген өзімнің тас орындығымның үстінде отырып қалғып кеткен екенмін деймін...
...Ойыма Мәңгүрт ағаймен арада болған әңгіме түсіпті...
...Мәңгүрт ағай теңізді мұнай майынан тазартамын деп Мүңгірт балықтар тез семіріп барады деп еді-ау! Сорлы балықтардың ден саулықтарына мұнай қалдықтарының зияны тимесе жарар еді...
...Осы ойдың басқа келуі мұң екен, теңізді шолп еткізе шоршып шықты да, құйрық қанаттарын аяқ етіп, қақшаң-қақшаң, қаздаң-қаздаң ете бой жазып, бір Мүңгірт балықтың алдыма келіп тұра қалғаны. Адамша сөйлейді... Тапсынып сөйлейді...
– Әй, Мәңгүрт! Амансың ба? – дегені.
– Менің атым Мәңгүрт емес, Балықшы. Мен Мәңгүрт емеспін.
– Жоқ Мәңгүртсің! Біз үшін барлық адам Мәңгүрт! Сіздер де біздің әр қайсымызға ат тағып жатпайсыңдар ғой. Сіздер үшін біздердің бәріміз де Мүңгүртпіз. Сол секілді Сіздер де біздер үшін шеттеріңнен Мәңгүртсіңдер.
– Қой олай деме! Мәңгүрт деген жаман сөз. Мәңгүрт деп ошақ қамын ойламайтын, туған жеріне деген сағынышы жоқ, анасын ардақтамайтын, ұрпағын қамқорламайтын адамдарды айтады.
– Міне дұрыс, онда адам біткеннің бәрі Мәңгүрт екені рас болып шықты. Біздер адамдардың әлгі өзің айтқандай қасиеттерін байқаған емеспіз. Жер Ана, Теңіз Ана деп атайсыңдар. Басқаны былай қойғанда сол Жер Аналарыңа, Теңіз Аналарыңа не құрмет көрсетіп жатырсыңдар?..
...Мүңгірт қызынып алған...
...Ыржиған аузы да жып-жинақы болып кеткен. Жып-жып етеді.
Кәдімгі трибунаға шығып сөйлеп үйренген шешен шенуіктен бір айырмасы жоқ...
...Бұлтты атқыласа...
...Теңізді жаңбырдай айырса...
...Бұлақты құрғатса...
...Жер ылғалын төменге түсіріп жіберсе...
...Өзен арнасын бұрса...
...Көлді кептірсе..
...Әлемді қоқыспен толтырса...
...Маймен былғаса...
...Балықтың тірілей жатырын жарса...
...Ұрпағын қырса...
...Бомба жарып есалаң қылса...
...Уылдырық шашуға өзенге жібермесе...
...Мен естімеген сұмдықтарды Мүңгүрт білетін болып шықты. Апандай аузы жып-жып етіп сөйлеп тұр. Қанатынан қол жасап алыпты, шошаң-шошаң етеді. Саусақтарын басып санап жатыр, санап жатыр...
...Құдайға шүкір санап шығуға қауырсын қанатының саусақтары жеткілікті екен, әйтпесе адам пендесінің саусақтары жетпей қапаланар еді...
...Ойланып кетіп тағы не санағанын естімей қалыппын, бір кезде:
– Каспий ластанбағанда қайтушы еді, а? – шаңқ ете қалғаны...
...Мен де адам баласымын. Адам ісі үшін арланамын. Мүңгірттің адамдарға таққан кінәларына шамдана бастаған секілдімін. Оған есе жібергім келмейтіндей. Олардан мен де жалма-жан кемшілік іздей бастаппын.
– Сіздердің де өз міндеттеріңді ойдағыдай атқарып жүргендерің шамалы.
– Жала жаппа. Оны қайдан байқадың?
– Сендер, Мүңгүрттер, соңғы кезде теңізді тазартуды қойдыңдар...
...Мен де мүңгірт балыққа шындап ұрса бастаппын. Өзінің маған істегенін өз алдына келтірмекпін...
...Теңіз түсі өзгеріп барады...
...Күннен-күнге көкшіл теңіз сарғыш теңізге айналып барады...
...Лайлана бастады...
...Жағадағы құмға дейін шіріп, көгеріп бастады...
...Жағада өздеріңнен басқа балық қалмады, таза су іздеп тереңге кетіп жатыр...
...Сенің қырсығыңнан басқа балықтар қырылып жатыр...
...Сен болсаң жатып ішер болып алғансың..
...Бір тұтам кішкентай балық едің, енді бір қарыстан асып барасың. Осылай жалғаса берсе бара-бара бір құлаш балыққа да айналарсың...
...Жұмыс жасамайсың...
...Әбден семіріп алғансың...
...Жатып ішерсің...
...Теңізді тазартпайсың...
...Бір мезгілде әлгі балықтың әжептарқы қатты дыбыс шығарғаны. Дыбыс болғанда мен ешқашан естімеген дыбыс.
Соншалық қорқынышты дыбыстан шошып, аң-таң болып қарап қалыппын. Сөзден де, ойдан да айрылып қалыппын...
...Ол билікті өз қолына алып алды. Енді ол маған қайтадан жекіп бастады...
...Ей кілең Мәңгүрт! Мені кінәлауға қалай дәттерің барады!..
...Теңізді ластап жатырған мен емес, сендер емессіңдер ме?..
...Сіздердің теңізге тастаған қоқыстарыңды жеймін деп, теңізге ағызған мұнайларыңды ішемін деп, мен Жаратқан бұйырған өз міндетімді атқаруға қолым тимейтін болды!..
...Тұла бойым толы тұз бен мұнай!..
...Міне қараңдаршы! Мен енді кімге ұқсаймын!..
...Осыған Мәңгүрт сен жауаптысың!...
...Мойында Мәңгүрт екеніңді!..
...Ол мені жауапқа тартып тұрған тергеушіге айналған секілді...
...Ал мен болсам оның алдында күнәлі жандай мүсәпір халге түсіппін...
...Шындық мойындатпай қоя ма, мен Мүңгірттің айтқанына түсіне бастағандаймын, мойындай бастағандаймын... «Кілең Мәңгүрт» деген сөзіне шамданбайтын да болып қалыппын...
...Мүңгірт тақылдап сөйлеп тұр. Мен тілден айрылғандай, үнсізбін...
...Мүңгүрт мені масқаралауын тоқтатар емес. Бірте-бірте үдетіп барады. Ал мен болсам ақталар ештеңе таба алмай, адамдық болмыстан айрылып, өзімді-өзім қорғарлық халім қалғанмаған секілді. Ұят пен өкініштен өртеніп барамын. Тынысым тарыла бастады...
...Енді сәл уақыт өтсе шыдай алмай «Жетер! Мен Мәңгүртпін! Мен Мәңгүрт екенімді мойындадым!» деп айқайлап жіберуге шақ қалып тұрмын...
...Осы масқара сәтте мені қасымнан ұшып өткен шағаланың шаңқ ете қалған ащы даусы оятып жібермегенде менің одан арғы тағдырым не болары белгісіз еді...
Ақтау. Ақпан 2010.
АДА АҢЫЗЫ
Каспий теңізі – ғажап жаратылыс. Қазақстан, Түркіменстан, Иран, Әзірбайжан, Ресей елдерін біріктіріп, ортақ мүдделі етіп, жаулық құлықтан достық сезімнің қасиетті екенін еске сала, бір астаудан ас ішкізіп, ас ішкен табағыңды таза ұстау қажеттігін түсіндіре шалқып жатады.
Қазіргі түркімен елінің шекарасына жақын жерде жаратылысы да ғажап, аңызы одан да өткен бір жер бар. Жер емес теңіз бетіндегі қолдан тастаған таспа секілді ме, Каспий теңізіне салына бастап бітпей қалған көпір секілді ме, баяғы аталарымыз Ада деп ат таққан, жағаны теңіз толқынынан сақтау үшін әдейі жасағандай: енінен ұзындығы 200 еседей, адам денесінен ұқсастық іздесек соқыр ішек секілді ме, жетім бауыр секілді ме, әйтеуір, қазіргі Кендірліні теңіз толқындарынан сақтау үшін қолдан тұрғызылған бөгет секілді бір жаратылыс бар.
Қай заманда екені белгісіз, есті адмдар естелігі бойынша тірлікте айтпақ болып отырған аңызымыз қасиетті адамдардың ғажайып құбылыстар қолынан келетін заманында болған болса керек...
...Каспий теңізінің Кендірліге жақын жағасында Шопан Ата мен Темір баба кездесіп қалады. Кездейсоқ кездесіп қала ма, әлде аруақтарын салыстыруға әдейі осы жерді белгілей ме, әйтеуір екі әулиенің кездескен жері қазір Темір Баба аталады. Құрықтан өтіп оңтүстік шығыс бағытымен теңіз жағалап жүз жүз шақырымға жуық жүрсеңіз Темір Бабаға жетесіз.
Ел санасы қасиет тұтып қастерлеген кез келген сөз, уақиға айтыла-айтыла аңызға айналады. Ал аңыздардың көпшілігі қасиетке ие болады.
Сонымен екі ұлы тұлға кездеседі, аруақ салыстырмақ болады.
Әуелі Темір Баба бастайды. Ол жайылып жүрген қарақұйрықты шақырып алып сояды. Етін асып пісіріп, қонағын сыйлайды. Етін жеп болған соң сүйегін құрастырып, дұғасын оқып тірілтіп жібереді. Қарақұйрық ешнәрсе болмағандай отын оттап, жөніне кетеді.
Шопан Ата өз аруағын көрсетпекке теңіз бетімен батысқа қарай жүріп кетсе, ата ізінде теңіз бетінде жер пайда бола бастайды. Біраз жерге кетіп қалған Шопан Атаны Темір Баба дауыстап шақырып: «Жарар, аруағыңды таныдым, кейін қайт. Кәпірге жол салып берме», - деген екен дейді...
Бүгін сәті түсіп біз Шопан Ата салып кеткен сол жол бойындамыз. Шопан Ата бөгетін, адайлардың Ада деп атайтын осы ғажайып жерін демалыс орнына айналдырылып, бірнеше шағын үйлер салыныпты.
Ақтау – Сисем Ата – Кендірілі – Ада деп белгіленген сапар еді, бұл. Адаға дейінгі жолымызды тік ұшақпен өтіп, күн батуға таянғанда біз сол үйлерге жетіп қондық.
ТЕҢІЗ ЖЫЛАНДАРЫ
Бұл сапарымыз: Ақтау – Сисем Ата – Кендірілі – Ада деп белгіленген сапар еді, бұл. Бар жолымызды тік ұшақпен өтіп, күн батуға таянғанда Адаға жетіп қондық.
Таңертең ерте тонып теңіз жағасында отырмын. Күн көріне бастады. Теңіз тыныш. Тек қана теңіздің жүрек соғысынан туатындай теңіз дірілі, сол діріл тарататын, теңіз тірлігін паш етер ұсақ толқындар. Мен өзім мынау қара жерді де, теңізді де тірі жаратылысқа жатқызамын. Теңіз тірі болса немен қоректенеді екен?.. Теңіздің біздерге, адамдарға, көз қарасы қандай екен?..
Осы секілді орынсыз ойларды ойлап отырып, көзім теңізде болғанмен, көңілім далаға лағып отырғанда теңіз бетінде не болып жатқанын байқамай қалыппын. Әуелі таң қалып, артынан шошынып қалдым. Теңіз бетіне шеті жоқ қамыстарды қадап тастағандай. Теңіз бетіне ұзындары бір қарыстай, қысқалары төрт елідей шошайып, бір түнде қамыс құрағы өсіп шығыпты. Кеше кеште бұндай қамыстар жоқ болатын. Көз айырмай қарап отырмын. Жоқ, қамыс емес екен. Көзім түсіп отырған жағаға жақын орналасқан әлгілердің қысқасынан ұзыны озып кетті. Жағаға жақындап келеді. Жалпы көп қорқа қоймайтын, ойдан шығарылған ғажайыптарға сене қоймайтын кісі едім. Мына ғажапты көргенде денем түршігіп, кетті. Бойым шіміркеніп, белгісіз сезімдер мені қобалжыта бастады.
О, ғажап! Әлгі қамыс деп тұрғаным жыландар болып шықты. Таласа-тармаса жағаға жетіп, біреулері жаға бойын жағаласа, енді біреулері құрлыққа шығып жатыр. Құрлыққа шыққандарының көбі демалғысы келетін секілді, тып-тыныш қозғалмайды.
Су жыландары шақпайды дейтін. Бірақ түстері суық болады екен. Сені көріп тұр ма, көрмей тұр ма, байқатпайды. Сені адамға санамайтын кейбір бастықтар секілді, беттерінде жылу да жоқ, күлкі де жоқ.
Бойымды жинап қалған секілдімін. Енді жыландарды түстей бастадым.
...Сол кезде бір кезде Алматы теледидары көрсеткен, өзім бір танысымнан естіген бір ғажап құбылыс туралы әңгіме есіме түсе кетті...
1975 жылы ма, әлде одан сәл кейінірек пе, Қапшағай жақтан кенеттен қалың жылан қаптап, Алатауға бет алады.
Біз теледидардан тым алыстан түсірілген көріністі көріп шошынғанбыз... кейінірек бір танысым көзімен көрген уақиғаны былайша сипаттап еді...
...Ол жеңіл машинамен Ұзынағаштан Алматы жаққа тау жақтағы жолмен келе жатады. Шамалған тұсынан өте бергенде тоқтап тұрған машиналарға кездеседі. Олар жолды жауып тастаған. Біреулер соғысып қалған болды-ау деп, машинасын тастап жаяу ілгері жүреді. Тоқтап тұрған машиналардың ілгері тұрғандарының маңына жақындай бере өзі секілді жаяу барлауға шыққандардың кейін қарай есі кете қашқанын көреді. Сәлден кейін өзі де әлгілердің кейпін киеді. Тек қана есінде қалғаны шексіз жыландар шеруі. Асфальт жолды кесіп өтіп бәрі тау жаққа өтіп жатқан жыландар. Жыландар да адамдар секілді неше түстісі, неше түрлісі болады екен. Ағы да, қарасы да, аласы да, түрлі түстісі де көп болса керек. Пәлен метр болатын ұзыны да, бірнеше сантиметр қысқасы да, саусақтай жіңішкесі де, білектей жуандары да жетерлік болған секілді... Бұ кісінің бір байқағаны шеттегі жыландар ұзындары мен жуандары болса, шерудің орта жағына қарай ұсақталтынын байқайды. Сол кезде айтылған әңгімелерден бе, әлде баспасөз бетінен оқып есте қалғаны ма, әйтеуір шұбырған жыландар шеруінің ені жарты шақырымдай, ұзындығы бес-алты шақырымдай болса керек. Шеру кенеттен Қапшағай жақтан басталып, Шамалған мен Қаскелең ортасынан тау жаққа өтулі. Ерте хабарланғандықтан тік ұшақпен жолдағы елдерді хабарлап елге зақымы болмапты. Жолда кедескен бірнеше мал зая болған секілді...
Енді жүрек тоқтатып мен де өз жыландарымды бақылай бастадым. Біздің жыландардың айтарлықтай аждаһасы болмаса да, ұзындықтар екі метрге жететіндері бар секілді. Ал түстеріне қарасаң санап шыға алмайтындай. Ағы да, қарасы да, шұбары да, түрлі түсті се де, түссізі де жетіп жатыр.
Біраз жыландар біздер жатқан үйлерге қарай жорғалап бара жатты. Мен адамдарды оятуға үйлерге қарай асықтым. Кеше күні бойы жолдан шаршап келіп, кешке қарай әр түрлі тамаққа тойып алғандар оянғысы келмей, мені әлекке қалдырды. Ақыры мендегі үрей оларға да ауысып, бәріміз үрпиісіп теңіз жағасына беттедік. Ішімізде бір жігіт, реті осы маңайдың адамы болса керек, бұлар, анау көрініп тұрған Жыланды тауының жыландары ғой деді. Жылына бірнеше рет олардың осы маңайға осылай шұбыратын әдеті бар. Бұлар шақпайды, шетінен жуас деп, біреуін жерден көтеріп алап, бізге көрсетіп тұрып бір естелік әңгіме айтып берді...
...Осындай жыландар шеруі осы Адаға шақырылған құрметті қонақтар келер алдында болып, біздерді бір састырғаны бар. Амалсыз ауыл балаларын жинап әкеліп, қолдарына қаптар беріп, күні бойы жылан жинатып, жағаға, Жыланды тауына тасығанымыз бар. Балаларға бір қап жыланға біраз ақша беріп, жыландарды жинатып алғанбыз... Бұлардың қай мезгілде өтетінін білмеуші едік, түнде сапарға шығады екен ғой... Бұларды ешкім өлтірмейді. Жер астынан шығып, көбіне күнге қыздырынып жатады. Бір-бірімен аралас жата береді. Ұзыны мен қысқасы. Жуаны мен жіңішкесі. Аласы мен шұбары. Бір-біріне зақым салмайтын секілді. Тамағын теңізден табатын болуы керек...
Ойпырмай қалай тату өмір сүруді үйренуге болатын жан иелері де бар екен ғой деген ой келіп, мен енді әлгі жыландарға басқаша көзбен, жылы сезіммен қарай бастадым...
Бірақ жыланға жақындауға жүрексінеді екенсің...
2016 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |