Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй



Pdf көрінісі
бет3/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

ЕКІНШІ ТАРАУ 
Қыс бойы түтеген ақ боран көміп тастаған даланың қалың қары биыл күрт еріді.  Бір 
жұма  ұдайы  соққан  өкпек  жел  қардың  өкпесін  тесіп,  шөгіп  жатқан  түйе  бұйраттарды  аз 
күнде жалаңаштап кеткен. 
Тек кешеден бері ғана жел райынан қайтып, аспанда сірескен қорғасын түстес зілдей 
бұлт  ыдырап,  күннің  көзі  жылтырады.  Көктемнің  алғашқы  шуағы  бұл.  Аз  күнде  дүр 
сілкінген  Сарыарқа  шуаққа  маужырап,  бусанып  тұр.  Зәрі  сынған  ызғарлы  қар 
қыраттардың  көлеңкесін  паналап,  жыралардың  қуыс-қуысында  бұғып  жатыр.  Терең 
сайлардың іші шала ұйыған айрандай ірк-ірк етеді. 
Қызыл жалаудан шыққан он шақты трактор жұбын жазбай ауыр жылжып келеді. Жаңа 
бұзылған  лайсаң  жолды  бауырымен  сызып,  күн  сәскеге  көтерілгенше  едәуір  жерді  ұтып 
тастады.  Әрқайсысының  соңында тіркеген  алып  шаналар  ауыр  табанымен  жіби  бастаған 
тоңды  көк  бауырша  тіліп  келеді.  Шаналардың  үстіне  жасыл  вагондар  орнатылған. 
Алыстан қарағанда үйлерге жан бітіп, қимылдап келе жатқан секілді. Жылан бауыр темір 
табаны  шақыр-шұқыр  етіп,  жерді  солқылдата  гүрілдеп,  қырқадан  көтеріле  берген  он 
шақты трактордың арасынан екі «Газ-69» сытылып шықты. 
Алдыңғы  машинада  отырғандар  –  болашақ  жаңа  совхоз  директоры  Моргун,  бас 
инженер Райхан, шофермен қатар отырған өкіл артына бір жамбастай бұрылып, екеуімен 
сөйлесіп келеді. 
–  Сіздер  Сібірдің  қақаған  суығына  ұрынбай,  нағыз  көктемде,  жыл  құсымен  бірге 
келдіңіздер.  «Ленинград»,  «Чернигов»  совхоздарының  жаңа  орныққан  кезімен 
салыстырғанда қазіргі күнді айт пен тойдай деуге болар еді. Нағыз ақпанның үскірігінде 
құрылған  совхоз  адамдары  талай  көресіні  көрді.  Суыққа  ұшып,  үсікке  шалынғандар  да 
кездесті. Енді не керек, соның бәрі бір күнгідей болмай ұмыт болды. 
–  Ол  рас,  –  деп  Райхан  құптай  беріп  еді,  жаратылысында  қалжыңшыл  ақ  жарқын 
Федор Васильевич іле сөйлеп кетті. 


–  Осы  көктем  бізге  әр  кезде  алдымыздан  шығып,  салмақ  сала  бермесе  игі  еді.  Бірақ 
әлгі  өзіңіз  айтқан  жыл  құсын  да  әмсе  ұмытпағайсыз.  Жыл  құсымен  қатар  келгенмен 
арамыз  жер  мен  көктей-ау.  Табиғат  өзеннің  сеңін,  көлдің  мұзын  бұзып,  қырдың  қарын 
сөгіп, көгорай шалғынын оларға алдын ала даярлап, дастарқанын жайып отырған жоқ па? 
Біздің  қолымыздағы  барымыз  мынау  ғой,  –  деп  қолынан  тастамай  отырған  бояу 
қарындашпен  қолдан  сызылған  жаңа  совхоз  жерінің  картасын  жая  беріп,  үшеуі  де 
рахаттана күлісіп алды. 
Осы  арада,  бағанадан  бері  сөзге  араласпай  баранкеге  жабысып,  алға  қадала  қарап 
отырған шофердың шегір көзі күлімдеп, арттағыларға бір көз тастады да, ойламаған жерде 
оқыс сөз тауып, отырғандарды одан бетер күлкіге батырды. 
–  Федор  Васильевич,  жыл  құсына  табиғат  көлі  мен  қамысын  дайындағанымен,  сүзіп 
алар  балдырын,  ұя  басар  орнын  әзірлеп  қоймайтынын  да  әмсе  жадыңыздан 
шығармағайсыз. 
–  Сөз  тапқанға  қолқа  жоқ,  –  десіп  машинадағылар  біраз  күлісіп  алған  соң,  енді 
әңгіменің бетін басқаға бұрды. 
–  Шынында,  сіздер  жылына  келіп  бір  жағынан  ұтсаңыздар,  екінші  жағынан  кештеу 
қалып ұтылып отырсыздар, – деп аудандық өкіл қар суы сіңіп, дегди бастаған жонға көз 
тастады. Жел қағып кепкен сары қаудан селдірей шайқалып, бүкіл өңір дірілдеп тұр. Әр 
ойпаңға  жиналған  жайылма  сулар  жұмсақ  самал  өтінде,  терең  көлдерше  толқынданып 
жатыр.  –  Қыста  ашылған  совхоздар  осы  уақытқа  дейін  құрылыс  материалдарын  тасып, 
тұрғын  үйлер салуға біраз әзірленіп алды. Ал сіздер үшін бар науқанның басы бір келіп 
отыр.  Құрылыс  жұмысымен  қоса,  ертелі,  бүгін  биылғы  егістік  жерді  жыртуға 
кіріспесеңіздер болмайды. 
–  Рас,  тракторшыларды  ертеңнен  бастап  бригадаға  болу  керек,  –  деп  биылғы  қауырт 
келген көктем даласына қарап отырған Райхан да жеңіл күрсінді. 
Сосын,  естеріңізде  болсын.  Тың  даласын  көтеруге  сіздерден  аз  да  болса  бір  көйлек 
бұрын тоздырған тәжірибеміз бар, мына жағдайға көңіл бөліңіздер: жаңа тұрғындар үшін 
ең қажетті нәрсе – асхана. – Өкіл машинадағылармен қоса езу тарта күлді. – Оны кішігірім 
нәрсе деп ойламаңыздар. Қазақта  «ас  – адамның арқауы» деген сөз бар. Көктемдегі қара 
суықта жастар жағы тоң-теріс боп жүрмесін. Кей адамдардың ши шығатын осал жері сол. 
Бұл  жерге  алғаш  сапар  шегіп  шықпас  бұрын-ақ,  Федор  Васильевич  Тың  өңірінен 
құлаққағыс болып, талай нәрсені шет пұшпақтап естіген. Сондықтан да совхозға аттанар 
алдында ең бірінші ойға алып, келіскен жері де – сауда орны. Қазір артта келе жатқан бір 
трактордың жүгі де түгелімен сол асхана жабдығы. 
Болашақ  совхоздың  рабкооп  бастығы:  «Мына  адам  асхана  бастығы.  Бұрын  үлкен 
қаланың ресторандарында зал меңгерушісі болып істеген, шаруашылыққа көзі  қанық»,  – 
деп тығыршықтай дөңгелек, сұлу келіншекті таныстырған. 


–  Агафия  Никаноровна,  –  деп  буындары  шұңқырайған  сүйріктей  аппақ  саусағын 
ұсынған,  қырықтарға  тақаған  көрікті  әйел,  ұшы  қайқиған  әдемі  кірпіктерін  жиі  қағып, 
көзін  төңкеріп-төңкеріп  тастаған.  Егде  әйел  болғанмен  әлі  жып-жылтыр  бетінде  шар 
тартқан  адамға  тән  әжім  сызаты  жоқ.  Тек  бөксе  тұсы  артық  шодырайып,  шымырлана 
толған мүсінінде ғана сәл мосқалдық сезілмесе, қыз күніндегі ойнақы қылығы да, келісті 
бәдені  де  таймаған.  Есімі  құлаққа  ерсі  естілгені  болмаса,  бет  пердесін  келістіре  бояған 
бояуымен, түрпімен көбесін мұқият тазалаған шымқай қызыл тырнағына дейін әлі талай 
дәмдіден дәмесі бар қала келіншектерінің қалпын аңғартады. 
Өзінен  мүшел  жас  үлкен  болса  да,  салған  жерден  құрдасындай  қағыта  сөйлеп,  көзі 
буалдырлана  тұрып,  еміне  қараған  әйел  Федор  Васильевичке  ұнамай  қалды.  Салғырт 
танысып, салқын сөйлесті. Бірақ былай шыға бере осы мінезін өзі де ұнатпай, іштей мінеп
сынға алды. Бір көрген адамның ішіне терең сүңгімей жатып, күстаналай қоюды ағаттық 
деп есептеді. 
Міне, қазірде сөз орайына қарай Ағафия Никаноровна Япишкина есіне түскенде, ертең 
қарамағында  жұмыс  істейтін  адамдардың  сан  қилы  мінезі,  тұрмыс  жайы,  өмір  еткелі 
жұмбақ екені, сол себепті олармен шапшаң араласудың қиындығы ойын мазалап, көсіліп 
жатқан кең далаға көз тастады. 
Федор  Васильевич  Моргун  Тыңға  келген  совхоз  директорларының  ішіндегі  ең  жасы. 
Сондықтан да оның өмір тарихы онша ұзақ емес. Бұдан он шақты жыл бұрын Тимирязев 
атындағы  Академияны  бітірісімен  Украина  жерінде  агроном  болып  істеді  де,  кейінгі 
уақытта  сырттан  аспирантурада  оқып,  Киев  қаласындағы  ауыл  шаруашылық 
министрлігінде  жүрген  жерінен  Қазақстан  тыңына  аттанды.  Бұрын  мектепте  жүрген 
кезінен спортпен шұғылданған Федор Академия қабырғасында жүргенде гимнаст-акробат 
болып, спорт мастері атағын алған. Бертін келе жұмыс басты болып спорттан қол үзді де, 
бірер  жылдың  ішінде  талдырмаш  денесі  толып,  семіріп  кетті.  Әйтсе  де  бұрын  сымдай 
тартылған  иықты,  келбетті  жігіттің  сырт  тұлғасы  онша  бұзылған  жоқ.  Қайта  жасы 
ұлғайған  сайын  құлақтың  түбінен  мойынға  қарай  жылжитын,  көздің  құйрығына 
жұлдыздана  сызық  тартатын  әжімдер  толықтықтан  білінбей,  бұрынғыдан  да  сұлуланып, 
жасара  түскен  секілді.  Қырықтарға  тақаған  Федор  Васильевичтің  отыздағы  жігіттей 
көрінетіні де содан. 
Міне, енді жүйткіген машинамен шыр көбелек айналып жарысқан мидай даланың бір 
пұшпағы  сонау  Украина  даласында  өскен  кішкентай  сары  бала  –  Федяның 
жауапкершілігіне берілмекші. Бұрын соқа тілі тимеген, тусырап жатқан құйқалы тың жер 
Федор  Васильевич  үшін  де  қақпағы  ашылмаған  сыр  сандық  тәрізді.  Бұрын  қарыс  қадам 
аттап баспаған жері. 
Тың совхозға келетін адамдар да жаңа. Тілі де, салты да бөлек  жандар. Тек мақсаты, 
ізгі арманы ортақ жандар. Ертең жас та, кәрі де, жуас та, тентек те, елгезек те, жалқау адам 
да  кездеседі.  Совхозға  келетін  адамдардың  көпшілігі  жастар.  Бәрінің  тілін  тауып,  ұстай 
білу  үшін  үлкен  парасаттылық,  өнер  керек. Ақыл  сұрап,  сүйеніш  табар  ең  жақын  адамы 
мына қасында отырған Райхан Сұлтановна. 


Федор  Васильевич  бас  инженердің  өзін  анық  білмейді.  Кеше  райком  секретарының 
кабинетінде  тұңғыш  рет  кездесіп,  жаңа  совхоздың құрылысы,  шаруашылығы  жайлы  екі-
үш сағат кеңескен. Ол екі арада оның мінез-құлқы, ішкі сарайы қандай адам екенін тани 
қою қиын-ау. Бірақ сол аз мерзімнің ішінде Моргунның анық көзі жеткені Райханның екі 
қасиеті:  Ана  тілінде  қалай  сөйлейтінін  кім  білсін,  бас  инженер  орыс  тіліне  мейлінше 
жетік.  Акцентсіз  Сөйлейтіні  оз  алдына,  логикасы  бай,  сабырмен  отырып,  айтатын  ойын 
мәнерлеп жеткізеді. Сөйлей түссе екен, айта түссе екен  дерлік. Бұрын Шығыс халқымен 
көп араласпаған, тарих, қайсыбір әдебиет кітаптары арқылы сырттай ғана білетін Моргун 
Райхан алғашқы сөйлегенде таңырқап қалды. Шығыс еркектерінің бәрі Федор Васильевич 
үшін жасында оқыған Хаджи Мұрат секілді  өжет, қайсар, ат құлағында ойнайтын батыр 
тұлғалы  адам  болып  көрінетін  де,  ал  әйелдері  өмірі  аузының  жігін  ашып  сөйлемейтін 
бұйығы,  тіпті  тұрмыс  ауыртпалығының  бәрі  бір  өзінің  мойнына  түсіп  езілген,  бөтен 
адамның көзіне тіке қарай алмайтын жасқаншақ болып елестейтін. Бұл бала күнінен бері 
қалған  елес.  Ал  мына  Райхан  Сұлтановнаны  көргенде,  жас  директор  жаңа  бір  дүниеге 
келгендей,  байтақ  даланың  әлі  де  біле  білмейтін  мың  қақпасының  бірін  ашып  кіргендей 
болды. Кеше ғана Киев ауыл шаруашылық Академиясында аспирант болып жүргенде, өз 
елінің  тарихын,  географиясын  бес  саусақтай  білетін  сияқты  еді.  Сөйтсе,  ол  –  мектеп, 
институт  қабырғасында  оқыған  көне  тарих  қана  екен.  Бүгінгі  тарих  қандай  тез  өзгеріп 
кеткен.  Класс  қабырғасында  ілулі  тұратын  Совет  жерінің  картасынан  он  алты 
республиканың  шекарасын  оқушы  Федя  көз  жұмып  тұрып  айырып  беретін.  Қай  жерде 
қандай кен – көмір, темір, мұнай шығады – оған мүдірмейтін. Бірақ соның бәрі саяз білім 
екен.  Тау-тасын,  экономикалық  байлығын  білу  –  адам  басындағы  байлықты  білудің 
ширегіне  келмейді  екен.  Жалғыз  Райханның  өзі  Моргун  үшін  шетсіз-шексіз  мидай  дала 
өмірінің де терең сыры барын мегзегендей болды. 
Бас  инженердің  тағы  бір  қасиеті  бұл  өлкенің  сай-саласын,  өзен-көлін,  ой-шұқырын 
жатқа  білетіндігі  өз  алдына,  жер  қыртысына,  топырағына  дейін  бес  саусақтай  айырады. 
Кеше егістік жер мен мал жайылымының картасын жасап, қағаз бетіне түсіргенде, райком 
секретарының  өзі  оның  алдында  шәкірт  секілді  бас  изеп  отырды.  Үш-төрт  жыл  агроном 
болған  Моргун,  жеті  қат  жер  астының  топырағына  дейін  білетіндей  көрініп,  ендігі 
жетпейтіні тек ғалымдық атақ қана деп ойлап еді. Енді қараса, мына көсіле жатқан жапан 
түз  аспирант  Федор  Васильевичке  тағы  да  жаңа  кітаптардың  бетін  ашты.  Тұңғыш  рет 
қазақ  даласының  табалдырығын  аттағанда  Моргун  қиян  түкпірде  жатқан  елге,  тусырап 
жатқан жерге білім таратып, үлгі берем деп, биіктен қарап келіп еді, енді алдынан шыққан 
ақ  шашты  ана-Райхан  мен  ақ  селеу  жапқан  мына  жер-ана  да  жаңа  бір  ұстаздай  көрінді. 
Енді өзі төменде тұрып, биікке, алысқа көз тастады. 
Не деген ұшы-қиырсыз кең-байтақ дала. Тауы да, тоғайы да жоқ тақтайдай кең жазық. 
Бір қырат пен екінші қырат арасы көз жеткісіз. Анда-санда оң жақ бүйірден, сол жақтан 
айнадай  жарқыраған  көлдер  көрінеді.  Айналасы  тұнып  тұрған  қамыс.  Қайсыбірінің  орта 
тұсында ойдым-ойдым ғана жалтыры болмаса, биік қоға басқан қалың қопа. 


Жол  бойы  шыр  айналған  жұмыр  жерден  көз  алмай,  терезеге  қараған  Райхан  туып-
өскен даласын қатты сағыныпты. 
–  Ана  бір  көл  «Қамысты  көл».  Одан  әрі  жарқыраған  үлкен  көлді  «Саржан»  дейді. 
Баяғы  заманда  Саржан  деген  біреудің  жайлауы  болған  екен,  –  деп  Моргунға  түсіндіріп 
қояды. – Сонау бір алыстағы қарайғанға көзіңіз жете ме? Ол екі-үш жерге шашырай өскен 
шоқ  тал.  Соның  бауырында  есіз  қыстау  бар.  Есдәулет  қыстауы.  Оның  оң  жағындағы 
қыраттың  төбесінде  көрінген  Сәлім  қыстауы.  Сәлім,  Мәлім  деген  ағайынды  адамдар 
болыпты. 
Федор Васильевич аудан орталығынан шыққалы санап келеді. Екі-ақ колхозды басып 
өтті. Ал қыстау саны он екі болды. Колхоз аралары жырақ та, қыстау аралары жақын. 
–  Райхан  Сұлтановна,  –  деді  Моргун  Сәлім  қыстауының  қасынан  өте  бергенде.  – 
Бұрын ауылдар жиі отырған секілді, кейін сиреп кеткені қалай? 
Райхан жеңіл күрсінді. 
–  Сіз  адамдар  азайған  ба  дегіңіз  келеді  ғой,  жоқ,  адамдар  азаймаған.  Рас, 
революциядан  бұрынғы  кездерді  есептемегенде,  отызыншы  жылдары,  қала  берді  соғыс 
кезінде  халық  саны,  ер-азамат  саны  біраз  кеміді.  Бұл  араның  ол  тарихына  жүре  келе 
қанарсыз. Диалектика, жолдас Моргун, диалектика, – деп Райхан сәл езу тартты. Ернінің 
бір бұрышы ғана сәл бүлк етті де, көзі күлген жоқ. – Бірақ ауыл араларының сиреу себебі 
ол  емес.  Қазақ  халқы  ежелден  көшіп-қонып,  кең  далада  шұрайлы  жерді  қуалап,  қыс 
қыстауды,  жаз  жайлауды  мекен  етіп  өскен  жұрт.  Тек,  отызыншы  жылдардың  басында 
мойын  серікке  бірігіп,  колхоз  ұйымдасқаннан  кейін  ғана,  әр  жерде  бытырап  қонып,  өз 
ошағының басында жеке өмір сүргендер бір араға қоныс теуіп, отырықшылыққа үйренді. 
Сонау шашырап жатқан қыстаулар сол ескі қоныс, жеке ошақ, жалғыз шаңырақтың белгісі 
ғана. Жергілікті адамдардың мына жалпақ жондағы ориентирі. «Пәлен қыстау мен пәлен 
қыстаудың  арасы  пәлен  шақырым,  Есдәулет  шабындығы,  Сәлім  шүйгіні»,  –  деп  жер 
танабын,  жол  жобасын  осылай  айырады.  Федор  Васильевич,  сіздің  де  біліп  қойғаныңыз 
артық  емес.  Алғашқы  жылдары  олар  да  бізге  ориентир  болуы  мүмкін.  Енді  жаттай 
беруіңізге  до  болады.  Жаңағы  Есдәулет  қыстауынан  былай  қарай  біздің  совхоз  жері 
басталады. 
Моргун  бұл  атауларды  кеше  де  естіген.  Райхан  мен  райком  секретары  «Қайыңды» 
совхозының  картасын  сызғанда  көл,  сай  қыстауларды  белгі  еткен.  Федор  Васильевич 
солардың  аттарын  екі-үш  қайталағанда-ақ  қағып  алып,  тілін  сындырып,  дұрыс  айтып, 
Райхандарды таң қалдырған еді. Моргун, тегінде лингвистикалық қабілеті де күшті жігіт. 
Француз,  неміс  тілін  де  жақсы  сөйлейді.  Қазақ  тілінің  де  француз  тіліндей  топқа 
жататынын бір естіп алуы мұң екен, қазақ сөздеріне келгенде, маймаңдай ала жөнелген. 
Жеңіл  машина  тар  жолдың  бойымен  құмырсқаша  өрмелеп,  қоянның  бөксесіндей 
төңкерілген  еңселі  қырқаға  шықты.  Көсе  адамның  иегіне  үрке  шыққан  сирек  сақалдай 
қырбық қаудан бөтен ештеме өспеген жалаңаш тақыр төбеден осы маңның төрт құбыласы 
алақанға салғандай тегіс көрінеді. Жаңа жолда қалған қыстаулар сағым көтергендей қайта 


бұлдыраса,  бір-бірінен  аласа  жатқан  жалтыр  көлдер  айдалаға  шашып  тастаған  ірі 
сөлкебайша  күнге  шағылысады.  Машина  радиаторы  қайқаң  етіп  қырқаның  басына  бір 
көтерілді  де,  мойнын  ішіне  тыққан  сүзеген  малша  тұқырайып,  қайтадан  төмен  сырғанай 
берді. Қазан тәріздес кең ойпаттың түбіне қарай зулатып келеді. 
–  Колхоздардың  арасы  қандай  алыс  еді.  Жолдағы  ауылдан  шыққалы  жобасы  отыз 
километрдей болып қалды білем, – деп Моргун спидометрге қарады. – Анау алда көрінген 
колхоз болар тегі? 
–  Ауыл  әлі  алыста.  Ол  постоялый  двор.  «Малжан  ағаты»  сол.  Сіздің  резиденцияңыз, 
Федор Васильевич, – деп өкіл мойнын бұрып жымиып қойды. 
Совхоз  орнайтын  шоқ  ағаштың  тұсына  сәскеде  жеткен  Райхандар,  жалпақ  төбелі, 
шатырсыз жалғыз үйдің қасынан өте шықты. Анадайдан төтелей жарысқан өңкей ақ төс 
ұяластар  машина  доңғалағының  астына  түсіп  кетердей  тақымдап,  біраз  жерге  дейін 
шабалана үріп қала берді.  «Бәлем, енді жоламайтын болған шығарсың»,  – деп әжептәуір 
шаруа тындырғандай жеңіл жортақтап бәрі кейін қайтты. 
Болашақ  «Қайыңды»  совхозының  басшылары  «Малжан  ағашынан»  үш  жүз  метрдей 
жерге қазық қағып, осы маңды жаяу аралап жүріп ескі жұртқа тірелген. Бұл – Райханның 
көзіне  жас  әкелген  ескі  жұрт.  Бұл  –  Райхан  мен  Қарасай  кездескен  жер,  бір-біріне  тіл 
қатпай үнсіз тұрып қалған ескі жұрт. 
* * * 
Иә, Қарасайдың көзі: «Сен өлген жоқ па едің», – деп тұрса, Райханның көзі: «Сен әлі 
тірі екенсің ғой», – деп тұрды. Үнсіз меңіреу түзде әлденеден үркіп быр-быр етіп ұшқан 
итала қаздай қос машина дүр етіп алып, қатар түзеп жөнеле берді. 
Қашан бір қыр асып, көзден тасаланғанша Қарасай да, қаңтарулы қара бие де айдалада 
сілейіп, ұзақ тұрып қалды. 
Ал  Райхан  бағанағы  әзірде  туып-өскен  жерін  сағынып  көргенде  көктемнің  бүгінгі 
алғашқы  шуағындай  жадырап,  көңілді  отыр  еді.  Қарасаймен  кездескеннен  кейін  лезде 
томаға-тұйық,  түнеріп  алды.  Не  қалың  ойда  отырғанын,  не  ұйқысы  келіп  бейжай  боп 
отырғанын айыру қиын. Бәрі де үнсіз. 
Машина айырық жолға тіреліп тоқтағанда барып алдағы адам тілге келді. 
–  Ал,  енді  ертеңге  дейін  сау-саламат  болыңыздар.  Мына  жол  тура  «Жаңа  талапқа» 
апарады.  Ертең  арттағы  адамдар  «Малжан  ағашына»  келетін  болар.  Алдын  ала  барып, 
қарсы  алғандарыңыз  жөн.  Мен  де  көп  аялдамаспын.  Түске  таман  соңдарыңыздан 
жетермін,  –  деп,  құйрық  тістесе  келе  жатқан  соңғы  өз  машинасына  отырып,  жаңа 
құрылған «Озерный» совхозына қарай бұрылып кетті. 


Бұл  жақтың  жері  қыратты  болатын.  Маңайдағы  ауылдарға  түскен  қардың  астына 
қызыл су жаңа жүре бастағанда, бұл араның қары елден аққұла бұрын еріп, шаңы шығып 
жататын әдеті. Жаман түз жақ беті сортаң. Изен мен сасыр кей жеріне миа өскен ащылы, 
созаңды  жерде  ұзақ  қыста  бір  көлем  қар  жатпайды.  Ызғырық  жел  бір  шөкім  қарды  жер 
иіскетпей қопа-қопаға үйіріп тығады. Дала дегдіп, құрғап қапты. Жел қағып судыраған өлі 
қау шабдар аттың шоқтығындағы бір түп қияқ жалдай желбіреп, бозаң тартқан. 
– Федор Васильевич, – деді бағанадан тұнжырап отырған Райхан ауыр ойдың бұлтын 
серпіп, Моргун да «е, бәсе» дегендей елең етіп, жадырап, Райхан мегзеген жаққа қарады. – 
Біздің совхоз шекарасы осы тұсқа дейін келеді. Байқайсыз ба, бұл  араның қары ежелден 
ерте  кетеді.  Тоңы  да  жібіген.  Енді  бір  жұмада  соқа  салмаса,  құрғап  кететін  түрі  бар. 
Биылғы жер жыртуды осы арадан бастаған жөн болар. Әрине, жер жайын сіз менен гөрі 
жақсы білесіз. 
–  Жоқ,  Райхан  Сұлтановна,  қашан  үйреніскенше  бұл  араның  агрономиялық 
спецификасын сізден сұрауға тура келер. 
– Қазіргі келе жатқан «Жаңа талапты» колхозшылардың келісімімен бізге қосатынын 
да естіген шығарсыз. Көп ұзамай ол да болып қалар. Бірақ есіңізде болсын, бұл колхоздың 
жері ала-құла. «Жаман түз» деген үлкен ащы көлді картадан көрдіңіз ғой. Ол жаққа қарай 
соқа  салу  пайдасыз.  Кеше  райкомда  ол  араны  да  жоспарлап  отырған  сияқтанды.  Кейін 
көрерміз оны... 
* * * 
–  Райхан  келіпті,  Райхан  келіпті,  –  деген  хабар  «Жана  талап»  колхозының  тап 
ортасына түсіп жарылған бомбадай болды. Ауыл адамдары тайлы-таяғына дейін жүгіріп, 
күн  батыс  жақ  беттегі  шатырлы  үйге  қарай  шұбырды.  Екі  бөлмелі  шағын  үйдің  алдын 
жиналған жұрт әп-сәтте басып кетті. Қаншама ентелей түсіп, асығып жеткенмен қораның 
аузынан әрі аса ал май шоғырлана береді. Қалың тақтай қақпаны кең жауырынымен тіреп 
алған шопр Оспан күжілдеп, ішке жібермей тұр: 
–  Араның  ұясындай  болмай  тарандар.  Ертең  де  күн  бар.  Келерсіңдер, 
амандасарсыңдар. Қазір кіруге болмайды. 
Жиналған жұрт кетер емес. Соңын ала жеткендері шопр Оспанның мына ісіне қайран 
қалып: 
– Өй, мынасы несі. Мынауыңа жол болсын. Естімеген елде көп,  – деп ентелей басып 
барса  да  шопр  Оспаннан  қаймығып,  лезде  жуаси  сөйлейді.  –  Қой,  мұның  жөн  емес. 
Біртіндеп кіріп амандасып шығайық та. 
– Сендердің бас-басыңа түсіндірейін бе енді,  – деп шопр Оспан кейіп тұр.  – Айттым 
ғой жаңа:  кемпір талып жатыр. Өзі  дімкәс, әлжуаз адам, жұрт  топырлап кірген соң одан 
сайын тынысы тарылып, жүріп кетпесіне кім кепіл. Енді болды ма?! Ал барыңдар. 


Кемпірлер жағы еріндерін сылп еткізіп, бас шұлғысып қалды. 
– Қайтсін, байғұс. Ол тұрмақ менің өзім естігенде не болғанымды білмеймін. Тіпті есім 
шығып, кебісімді теріс киіп келіппін, – деп бірінің тұмсығы шығысқа, екіншісі құбылаға 
қараған кебісін көрсетті. 
– Е, жаны сірі де қайта ол кемпірдің. Мынадай қуаныш үстінде ана-мына адам болса 
жүрегі жарылып өліп кетуі де ықтимал. 
–  Әйтсе  де  өзінің  тілегі  дұрыс  екен.  «Райханымды  бір  көріп  өлсем,  арманым  жоқ. 
Құлынымның тойын көрмей өлмеймін» деп күдерін үзбеуші еді. 
–  Қырық  жыл  қырғын  болса  да  ажалды  өледі.  Тап  Райхан  тірі  оралады  деген  кімнің 
ойына  келген.  Кіші  aпa-ay,  биыл  бар  ғой,  ұмытпасам  қыс  іші  болу  керек,  Райханды 
түсімде  көріп,  ертеңінде  Тәшім  моллаға  құран  оқытып  ем.  Күн  жұма  ғой,  бірдеме 
дәмететін шығар деп, өзімше аруаққа балап жүрмеймін бе. Әй, бірақ содан бар ғой, кіші 
апа,  Райхан  кәдімгідей  қасыма  таяу  келіп  сөйлесіп  еді,  ой  аллай,  –  деп  алпыстардың 
ішіндегі кемпір беті қатпар-қатпар мыжырайған еңкіш кемпірге әңгімені соға жөнелді. 
Енді  біреулері  ішке  енуден  мүлдем  күдер  үзген  соң  шопр  Оспанды  қаумалап  Райхан 
жайын сұрап тұр: 
– Әй, өзің анықтап көрдің бе? Қартайған шығар, ә? 
– Шіркін-ай, жанып тұрған от еді-ау. Енді не бір сұрқылтайды көрмеді дейсің, жасып 
қалған шығар. 
– О кезде сен жастау едің. Толық білмейсің де ғой. Мына біз ғой қатар құрбы болып 
өскен. Шашы көмірдей қап-қара, көзі мойылдай, ұзын бойлы, деген аққұбаның сұлуы еді. 
Сұлу болатын, сұлу... 
– Осы күнге дейін хабар-ошарсыз қайда болды екен, білдің бе? 
– Е-е, қайда болды дерің бар ма. 
Бұл үйге қуаныш пен реніш қоңсы кірді. Қуанышты ала келген Райханды зорға танып, 
сүріне-қабына құрақ ұшып мойнына асылған кемпір жан дауысымен баж етті. Одан әрі су 
түбіне  шымырлап  батып  кеткен  адамдай  үні  тұншығып  қиралаң  етіп  құлай  берді. 
Жолаушылар қаумалай кеп, биік темір кереуетке көтеріп салды да, жан дәрменде бетіне су 
бүркіп, ауылдағы фельдшерге шофер баланы жіберді. 
Қыртыс-қыртыс суалған жақ болмашы жыбыр етіп, опырайған ауыз ішке қарай бүрісіп 
тереңдеп  барады.  Шүңірек  көздің  түбі  көгеріп,  жуан  тамырлы  тарамыс  қолдар  қуарып, 
бозара  бергенде  ақ  селеу  шашын  сипап  тұнжырай  қараған  Райхан  да  даусын  шығарып 
жылап жіберді: 
– Апа, мама! Ойпырмай, үзіліп барады ғой. Енді қайтейін... 


Бұл – Райханның анасы Лиза еді. 
Қызының көзінен тамған ыстық жас таңдай-таңдай қатпарланған маңдайына тигенде, 
жанары тайған көкшіл көзі  қайта ашылып, бір сәт тұра қадала қалды.  «Райханымбысың, 
осы шын ба, әлде өтірік пе?» деген өң мен түстің арасындағы бұлдыр көз қарас шүңірек 
көздің  терең  түкпірінде  «Жаным-ау,  қалай  қартайып  кеткенсің»  деген  аяныш  көлеңкесі 
бар. Осыны түсінген Райхан да: 
– Мен, апа, келдім. Біржола келдім, – деп естілер-естілмес күбірледі. «Рас, өңім екен» 
дегендей Лиза шешейдің де жүзі қайтадан тірлік нышанын білдіріп, батып кеткен күннің 
табы  қалған  күзгі  жанарсыз  бұлттың  бетіндегі  сөніп  бара  жатқан  қызыл  күлгін  түстей 
сұйық қан жыбырлап шыға берді. 
Сонда  барып  бағанадан  бері  қызы  еншісіне  тимей  сілейіп  тұрып  қалған  нар  адам 
күркіреген  күндей  боп  Райханды  бас  салып  құшағына  алды.  Бұл  –  Райханның  әкесі 
Григорий  Матвеевич  Федоров.  Бойы  үйге  тіреу,  мрамордан  сомдап  құйғандай  бар  тұлға 
ерекше мол біткен. Бүкіл жақ пен шықшытты басқан қою сақалдың жоғарғы жағы қызыл 
күрең де, етекке қарай жақындаған сайын бурылдана түседі. Дәл ұшы айналдыра күміспен 
қаптап  тастағандай  аппақ.  Сақалға  қарап  жетпіске  келген  қарттығын  айырмасаң,  мұрт 
астынан  көрінген  қып-қызыл  ерінге,  ұшқын  атқан  қоңыр  қой  көзіне  қарап  жасын  тап 
басып  айту  киын.  Еңгезердей  алып  қарттың  бойында  қуат,  жүзінде  әлі  таймаған  жалын 
бар:  екі  беті  шиқандай,  нұры  тамып  тұр.  Кіре  бере  көз  қиығын  тастағанда-ақ  «Шіркін, 
кезінде нағыз болған адамсың-ау» деген ой келген Моргунға. Енді оның алдына басқа бір 
таңғажайып  сұрақ  көлденең  түсті:  «Қалайша  бұл  Райханның  әкесі.  Мына  талып  жатқан 
кемпір қалайша анасы. Тым құрымаса түстерінде титімдей ұқсастық болса бір сәрі». 
–  Құлыным  менің,  жалғызым  менің,  –  деп  Григорий  Матвеевич  таза  қазақшалап 
Райханның  қолаң  шашынан  ұзақ  иіскеп,  бауырына  басты.  Жасынан  осылай  еркелетіп, 
еміренуші еді. Райхан да баяғы бала күндегісіндей әкесінің кең кеудесіне маңдайын сүйеп 
тұрып қалды... 
Лиза шешей шам жаға ширап, тілге келді. Сүйретіліп жүріп Райханын айналып толғана 
береді. 
– Мені өледі деп қорықтыңдар ма? Жүрегі бар болғыр тарс айрылып жарылып кетсе де 
енді арман жоқ. Ботам-ай, қарашығым-ай, сені де көретін күн болады екен-ау, – деп біресе 
иегі дірілдеп кемсендеп, біресе көзінің аясы жасқа толып күле береді. 
Бұл күні ауылдың біраз ақсақалдары, жастары жиналып үй ішін думандатып жіберді. 
Ән айтылып, күй тартылды. Бірақ тірі пәнде батып Райханнан: «Қайда болдың, не көрдің? 
Қандай  қиыншылықтарды  басыңнан  өткердің,  әңгімеңді  айтшы»  деп  қолқалай  алмады. 
Бәрі  де  түсінікті,  бәрі  де  белгілі  жағдай  секілді,  мынадай  қуаныш  үстінде  ескі  жараның 
бетін  тырнағысы  келмеді.  Түн  ортасына  дейін  отырып,  «жолдан  қажып  келген  шығар, 
тынықсын» деп өре тұрып, үйлеріне тарасты. 


Моргунды  мазалаған  ой  шофер  бала  Жантасты  да  қатты  ойландырып  еді.  Бұл  жерге 
биыл  ғана  келген  бөтен  елдің  баласы  мына  семья  жайына  шынымен  қайран.  Бірақ  «әке, 
апа» деп отырған Райханды олардың қызы емес деуге қимайды да, ауыл адамының бірінен 
шет жағалап сұраудың да есебін таба алмады. Тек жатар уақытта ғана құпия сыр ашылды. 
Григорий  Матвеевич  пен  Жантасқа  ауыз  бөлмедегі  биік  нардың  үстіне  төсек 
салыныпты.  Тыстағы  машинаның  суын  ағызып  келіп  жайғасқан  Жантас  шет  пұшпақтап 
сұрауға  неде  болса  бекінді.  Бірақ  әңгімені  неден  бастау  керек.  «Райхан  сіздің  туған 
қызыңыз  ба?»  деп  түйеден  түскендей  тоңқ  еткізу  ұят.  «Е,  мені  әкесі  деуге  қомсынып 
отырмысың» десе не деп жауап қайырмақ. 
Шал  аяғын  шешіп  отырған.  Жантас  келепандай  етігіне  көзі  түскенде  таң-тамаша 
қайран  қалды.  Қалың  былғарыдан  долбарлап  тіккен  саптама  қазақы  етік  өзі  көрмесе  де 
жұрттан  естіген  Петр  Біріншінің  етігіне  ұқсайды.  Қара  саннан  келетін  кең  қонышын 
көзбен  мөлшерлеп  еді,  өзі  белуарынан  түгел  сыйып  кететіндей  көрінді.  Григорий 
Матвеевич екі етікті бірінің үстіне бірін томп еткізіп тастағанда, төс-мөсімен мойнын қоса 
кесіп алған екі жылқының басы жатқандай болды. 
–  Григорий  Матвеевич,  мына  етігіңіз  не  қылған  үлкен  еді.  Размері  қанша?  –  деді 
Жантас орысшалап. 
Григорий Матвеевич көрпенің астына кіре бере, мырс етіп күліп алды. 
–  Балам,  атым  Жантас  деп  пе  ең?  Екеуміз  қазақша  сөйлесейік.  Сосын,  сен  мені 
Григорий  Матвеевич  демей-ақ,  құлағыма  таныс  үйреншікті  атпен  ата.  Мені  осы  өңірдің 
бәрі  Күргерей  дейді.  Жастар  жағы  Күргерей  ата  дейді,  –  деп  Жантасқа  қарай  бір  аунап 
түсті. – Ал, етік жайын сұрасаң, айтайын. Аяқ киім тауқыметін жасымнан тартып келем. 
Ғұмыр бойы қолдан жасаған етік кием. Дүкенде менің аяғыма шақ киім жоқ. Бес жылдан 
бері Қарағанды қаласындағы аяқ киім фабрикасы менің заказыммен арнайы тігіп жібереді. 
Ал,  мына  жатқан  осы  ауылдағы  бір  деген  етікші  шалдың  тіккені.  Қалыбын  өзім  жасап 
бергем... Енді осы етіктің размері қанша деп ойлайсың? Жобалап көрші. 
– 44-45-размер шығар, – деді Жантас одан әрі айтуды ерсі көріп. 
–  Таппадың,  балам,  48-размер.  –  Жантастың  көзі  бақшаң  етті.  –  Қазір  ештеме  емес. 
Баяғы заманда, тапшылық кезде бұл аяқтың қылмағаны жоқ қой. Екі қой беріп, бір етікті 
әрең тіктіріп алған күндер болған. 
Екеуі де біраз жатты. Апырмай, енді әңгімені неден бастау керек. 
– Күргерей ата,  сіз қазақшаға судай екенсіз. Тегі,  бұл  жақта  ертеден бері  тұрып келе 
жатырсыз-ау. 
– Е-е, балам, мен бұл  араға келгенде сенің атың түгіл затың да жоқ. Біздің бастан не 
өтпеді дейсің. Жақсыны да, жаманды да көрдік. Қазір, міне, мен түгіл, Райханымның өзі 
егде тартып, жер ортасы жасқа келді... 


Тағы  да  үнсіздік.  Білтесін  болар-болмас  шығарып  үлкен  орыс  пешінің  кенересіне 
қойған  ондық  шамға  қарап  Жантас  ұзақ  жатты.  Бүйірлі  пияланың  мойнына  қарай 
болмашы  ирек  жолақ  түскен.  Бірте-бірте  сұр  жолақ  қалыңдап  қоңырланып  барады.  Tөp 
үйден қатты пысылдаған Моргунның демі естіледі. Лиза шешей мен Райхан әлі ұйықтаған 
жоқ. Сыбыр-сыбыр сөйлесіп жатыр. Ана мен бала мауқын баса алмай жатыр-ау. 
Жантас  орнынан  тұрып  бас  жағына  ілген  пенжегінен  шылым  алып  тұтатты. 
Сыздықтата  тартып  ұзақ  отырды.  Күргерей  атай  да  ұйықтамаған  екен.  Ол  да  басын 
көтерді. Ол да қайқы бел қоңыр трубкасын алып, ішіне темекі толтырды да: 
– Балам, неге ұйықтамай отырсың, – деп сіріңке тартты. 
– Ата, – деді Жантас. Күргерейге бір түрлі жалынышпен қарағандай болды. – Бірдеме 
сұрасам ренжімейсіз бе? 
– Е, сұрай ғой. Неге ренжиін. 
–  Ата,  мен  бір  нәрсеге  түсінбей  жатырмын.  Райхан  апай  ауданнан  шыққанда  өте 
көңілді  еді.  Совхоз  орнайтын  жерде  ескі  жұртты  көріп,  бетінде  алақандай  қалы  бар  бір 
адаммен  кездесіп  жабырқап  қалды.  Енді  мұнда  келген  соң  байқасам,  елден  кеткелі  көп 
уақыт болған екен. Мұның жайы қалай? 
Жантас  шын  қиылып  сұрады.  Бірақ  «Райхан  қалайша  қызыңыз»  деуге  тағы  да  аузы 
бармады. 
Күргерей  қарт  терең  күрсініп  қабырғаға  түскен  көмескі  көлеңкедей  түнеріп  ұзақ 
отырды. Содан соң барып: 
– Егер ұйқың келмесе, мен саған бәрін айтайын. Бір сөзбен айтып ұғындыру қиын. Ол 
үшін басынан бастау керек... Е-е, нелер болмады  дейсің. Мына жұмыр бас нені  көрмеді. 
Бәрін  айта  берсең,  бір  жатқан  хикая,  таусылмайтын  ұзақ  жыр,  –  деп  трубкасын 
қомағайлана сорып-сорып алды. 
Талай  жылдардан  бері  айтылмай  сөнген  оқиға  қайта  тұтанды.  Ұзақ  жырдың  тиегі 
ағытылды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет