Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй



Pdf көрінісі
бет5/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

ҮШІНШІ ТАРАУ 
Түн желкем. Қаз-қатар тігілген шатырлардың алдындағы баған басына ілген лампылар 
бас шайқап теңселіп тұр. Шам жарығынан үңірейген қараңғы далаға қарай сұлап жатқан 
абажадай  көлеңкелер  де  бірге  теңселіп,  жан  біткендей  қимылдайды.  Жер  қозғалып, 
тербеліп  тұрған  секілді.  Жастардың  бөрі  тыста.  У-шу.  Алқа-қотан  жиналып  билеп  жүр. 
Шиырланған  тақыр  алаңнан  жеңіл  ғана  шаң  білінеді.  Беті  қарғаның  жұмыртқасындай 
тарғыл-тарғыл, шашы өрттей жирен жігіт баянын жыртылғанша созып өзі білетін билерін 
бірінен соң бірін тізіп дарылдатып отыр. 
Жаңа  құрылған  совхозда  қыз  жағы  әлі  аз.  Би  алаңында  етегі  көлбең  етіп,  сұлу 
балтырлар анда-санда бір жердей жарқ етеді. Қолына қыз тиген жігіттер мұндайда жердей 
жеті  қоян  тапқандай,  қашан  аяғы  салдырап  қалғанша  тоқтамай.  самайынан  тарам-тарам 
тер ағып, тоқтаусыз билейді. Ал қыз жетпей қалған жігіттер бірін-бірі ебетейсіз құшақтап, 
арбаң-арбаң  айналып,  екі-үш  жерден  бір-ақ  аттап,  артымен  де,  иығымен  де  кез  келгенді 
қағып-соғып,  ана  жерден  бір,  мына  жерден  бір  жылт  етіп  көрініп  қалады.  Олар 
билеушілерден  гөрі  үлкендердің  ара-арасымен  бірін-бірі  қуып,  тақия  тастамақ  ойнап 
жүрген балаларға көбірек ұқсайды. 
Халел  іші  пысып,  зерігіп,  үйге  сыймай,  шам  жаға  осында  келген.  Бұрын  Қызыл 
Жалауда  өз  таныстарының  арасында  еркін  жүретін  бозбала,  бөтен  адамдардың  арасына 
алғаш  кіргенде  тосырқап,  ешкіммен  шүйіркелесе  алмай  шет  қалды.  Соңда  да  жұрттың 
биіне қарап мәз. 
Әлден  уақытта  бөренеге  қондырған  вагонның  биік  баспалдағынан  түсіп,  19-20-ға 
келген  қыз  осылай  қарай  беттеді.  Жел  өтінде  теңселген  шам  жарығынан  ба,  әйтеуір, 
иірімге түскен қайықтай дөңгелей билеп келе жатқан тәрізді. Халел қасына келіп тоқтаған 
қызға ұрлана қарады. Өңі таныс:  «Апыр-ау, қайдан көрдім? Аяғына жайпақ табан туфли 
киген,  балтыры  оқтаудай  сымбатты  қыздың  қою  ақ  сары  шашы  толқынданып  иығын 
жауып тұр. Айнала шеті ішке қарай шиыршықтала көмкерілген шаштың бір талы шашау 
шықпаған.  Өңіріне  ирек  ақ  жолақ  салған,  ашық  жағалы  қап-қара  күртесінің қынама  белі 
мықынға жабысып, уыздай қос анар сәл бұлтияды. Халел ақ сары шашты ұнатпайтын еді. 
Тұңғыш рет бұрынғы өз пікіріне іштей қарсы болды. Мына қасында тұрған қыздың шашы 
басқа түсті болса, мейлі көмірдей қара болсын, мейлі жібектей жылтыраған қоңыр болсын, 
келіспес еді. Тек қана осы ақ сары шаш қана тал бойына жарасып тұр. 
Халелдің  тапжылмай  қарағанын  аңғарып,  қыз  да  қымсынып  қалды,  көктемдегі 
Арқаның аспанындай тұп-тұнық  мөлдір  көзі жалт етіп соған ауды. Кінәлап қараған жоқ, 


таныс  адамдай  жылы  қарады.  Осы  кезде  топ  ішінен  балағы  далбаңдап,  қайратты  үрпек 
шашын бриолинмен баттастыра майлап алған, әлі анасының сүті аузынан арылмаған жап-
жас бала жігіт шығып: 
–  Мадам,  прошу  Вас!  –  деп  қыздың  алдына  иіле  қалды.  Майлаған  қысқа  шаш  әлі 
шаранасы кеппеген жаңа туған бұзаудың жүніндей жылтырайды. 
Бетінен  нұр  тамып,  күлімсірей  қараған  қыздың  жүзі  әп-сәтте  салқын  тартып,  айшық 
қасы дір етті: 
–  Біріншіден,  мен  мадам  емеспін.  Екіншіден,  Жора,  бұдан  былай  қыз  алдына  қанша 
таныс болсаң да арсалаңдап келуді қой. Бұл сыйластыкқа жатпайды. Этика керек. Солай 
келгенде ғана мен сенімен билеймін. 
Анадай жерде қапсағай, ірі жігіт Дерягин тұрған. Майлы басты жұмсаған сол. Сөздің 
сыңайын  аңғарып,  алдындағыларын  киіп-жарып  өзі  келді.  Ол  жақындамас  бұрын, 
алдымен  арақ  иісі  мүңк  ете  қалып  еді,  қыздың  қарсы  алдында  тұрғанда  бензин  иісі 
араласып кетті. Үстіндегі жұмыс киімін де ауыстырмапты. 
– Қарлығашым, жүр, билейік. 
– Жоқ, билемеймін. – Дерягин ұмтыла бергенде, «Жүріңіз, билемейсіз бе» деп әлгі қыз 
тосыннан Халелді алып, топ арасына сүңгіп кетті. 
Халелдің есіне жаңа түсті. Бұл қызды совхоз жерінде алғашқы боразда тартылған күні 
көрген  екен.  Құйқалы  жерді  таспаша  тіліп,  өрілген  шаштай  бұйра  толқынды  шұбалтып 
бара  жатқан  тракторшы  қыздың  соңынан  жиналған  жұрт  шуылдай  жүгірген  еді.  Мына 
алдындағы  аппақ  мрамордан  құйғандай  мінсіз  қаз  мойынды  қаршыға  төс  сұлу  қыз  бен 
үстіне  комбинезон  киіп,  толқынды  шашын  жұқа  орамалмен  түйіп,  атқа  шабатын 
шабандоздай  жинақы  тұрған  тракторшы  қыздың  арасы  жер  мен  көктей  көрінді  Халелге. 
Ол жолы бұл дала шаруасына ғана лайық жаратылған сом денелі, бөкселі, еркекшора қыз 
секілді еді. Ал қазіргі кейпі мүлдем басқаша. Үстіне құйған нәзік әтір иісі үлбіреген қып-
қызыл ернінен, ып-ыстық лебінен келетін сияқты. Тіпті өзі де үлбіреп тұр. Мидай жонда 
азынаған дала желі де сымбатты, көрікті қыздың мүсіндей тәнін тотықтыра алмапты. 
Халел  қашан  танысып,  араласып  кеткенше  еш  адамға  жұғыса  алмай,  томаға-тұйық 
үндемей,  бұйығы  жүреді.  Онысы  ұяңдығы  емес,  ұялшақтығы.  Ұяң  болса  –  жасық  болар 
еді, ұялшақтығы – ибалылығы. Ал танысып-білісіп алғаннан кейін одан өткен ақ жарқын, 
жайдары  адам  жоқ.  Биді  қанша  жақсы  білгенмен  бөтен  адамдардың  арасында  қазір 
кібіртіктеп үнсіз жүр. 
– Атыңыз кім? – деп бірінші сұраған да қыз. 
– Халел. Халел, – деді екінші рет анықтап. 
– Халел. Менің атым Тамара. 


Осыдан  кейін-ақ  екеуі  баяу  билеп  жүріп,  бір-бірімен  шет  пұшпақтап  танысып, 
әңгімелесіп кетті. Тамара Ақбөпе секілденген ашық мінезді, ақ жарқын қыз екен. Қайдан 
келгенін,  қазақ  жері  туралы  өзінің  бұрынғы  естіген-білгендерін  айта  жөнелді.  Бірақ  көп 
ұзамай бұл 
...jr....–бұзылды.  Әлдекім  айнала  беріп  иығымен  қағып  жібергенде,  аңдаусыз  жүрген 
Халел мен Тамара мұрттай ұшты. Бишілердің тығыздығынан ғана құламай қалды. Екеуі де 
ештеме сезбегендей қайтадан дөңгелей беріп еді, жауырын еті дөңкиген, шоқтықты жуан 
әйелмен билеп жүрген Дерягин екінші бүйірден келіп қақты. Бұл жолы Тамара Халелдің 
иығынан қолын алып, әдепсіз жігітке тіксіне қарады. Дерягин де мойнын бұрып бөгеліп 
кекесінмен езу тартты: 
– Что уставилась, не узнаешь?! 
– Узнаю! – Тамара Халелді қолтығынан алып би алаңынан шыға берді. 
–  Халел,  –  деді  ол  біраз  жер  жүрген  соң,  қоштасып  тұрып,  –  сен  әлгі  жігіттің 
көргенсіздігіне  ренжіп  қалған  жоқсың  ба?  Ол  өзі  сондай  әумесерлеу  адам.  Маған  жасап 
жүрген  қыры.  Біздің  адамдардың  бәрі  ондай  емес,  жақсы  кісілер  көп.  Біраз  аралассаң 
білесің... 
Шатыр  маңындағы  бишілердің  шуылы,  сырнай  үні  алыстай  берді.  Халел  үңірейген 
қараңғы  түнге  тереңдеп,  кішкентай  терезелерінен  шам  жарығы  сығырайған  өз  үйіне  де 
жетті. 
Есік алдында әлденелер қараңдайды. Үйілген тезек пе деп еді, жоқ, тезек емес  – мал. 
Жүгендері сылдыраған бір үйір жылқы. Қасында құлыншақтары да бар. Көктен түскендей 
бір түнде келген жылқыларға Халел тосырқай қарап тұр еді, үйден екі адам шықты. Бірі – 
әкесі  Қарасай,  екіншісі  –  қыстың  масағы  қалғандай,  құйрығы  бұлтыңдаған  қалың  тері 
шалбар,  малақай  киген  біреу.  Халел  бейтаныс  адамға  қол  беріп  амандасып  жатудан 
қашып, үй қабырғасына жабысып тұра қалды. Жарықтан шыққандар оны абайламады, тап 
қасына келіп күңкілдесіп тұр. 
–  Ал  енді,  мен  кетемін,  Қареке,  –  деп  тері  шалбарлы  көмейіне  келіп  қалған  сөзін 
жалғағанша болған жоқ, Қарасай да: 
–  Жолың  болсын,  түнделетіп  жүрмей-ақ,  қона  кетсең  де  болатын  еді,  елге  баратын 
шығарсың? – деп алдын орап кетті. 
– Қареке-ау, қазір жайланып жататын уақыт па?! Жылқы басына барамын. 
– Ә, жәрәйді, жәрәйді онда, бөгелме. Жылқы «Жаман тұзда» шығар. Енді сол жақтан 
басқа қолайлы жайылым да қалмас. Бүкіл ен дала қара жыртынды болып кетіпті ғой. 
–  Е,  әлі  де  жылқыға  жер  жетеді.  «Жаңа  талаптың»  маңын  онша  көп  жыртпайтын 
түрлері бар. Анада Райхан келіп, ел адамдарымен ақылдасып кеткен. Тегі біздің қолхозды 


мал  совхозына  айналдырмақ  ойлары  болса  керек,  –  деп  жылқышы  байлаулы  айғырын 
шешіп  алды.  –  Шіркін,  Сілеті  жақ  беткей  малға  жат  қой.  Райхан  да  жасынан  осы  маңда 
өскен бала. Бәрін біліп отыр. 
–  Олары  дұрыс  болған  екен,  –  деп,  айғырдың  айылын  тартып  жатқан  жылқышыға 
таянған Қарасай ішкі қалтасынан етектей күмәжнек шығарды. Арасынан шыртылдақ қағаз 
ақша алды да, жылқышының қойнына сүңгітіп жіберді. – Ал, енді айтып-айтып не керек. 
Жағдай  өзіңе  белгілі.  Айдалада  түртпектеп  әйтеуір  өлмешінің  күнін  кешіп  жатырмыз. 
Еңбегіңе рақмет! Әзірше мынаны ала тұр. Кейін ақыңды жемеймін. Бір-бірімізді  көрмей 
кететін адамдар емеспіз ғой. Колхозың мал совхозына айналса, мына жылқыларды қайта 
берем. Өзің бақпағанда менде не қауқар бар дейсің. Күйеу бала да саған ырза. 
Жылқышы «ыңқ-ыңқ» етіп, айылды іштен тартқан сайын ыңқылдап, Қарасайдың сөзін 
салғырт  тыңдаған.  Тегі  мәймөңке  сөз  құлағына  жақпаса  керек.  Ашумен  тұрып  айылды 
ырғап қалғанда, айғыр да жақтырмай, шыбжың етіп, шыр көбелек айналды. 
–  һай!  Ант  атқыр!  –  деп  жылқышы  да  тізгінді  жұлқып-жұлқып  қалғанда,  айғыр 
осқырып, иесінің алдында жуаси берді. – Ақымақ неме, қайтеді тыпырлап. 
Айылды тартып, ер-тұрманын жөндегесін барып жылқышы қойнына қолын салды да, 
жаңа Қарасай тыққан екі жапырақ қағаз ақшаны алды. Аузына сөз түспегендей қиналып, 
ақшаға біраз қарап тұрды да, Қарасайға қайтып берді: 
–  Қареке,  мен  күн  көре  алмай  қайыр  сұрап  жүрген  тіленші  емеспін.  Құдайға  шүкір, 
біреуден  ілгері,  біреуден  кейін  дегендей,  ішіп-жемім  жетеді.  Құдай  біреуге  күнімді 
салдырмасын! 
– О не дегенің. Аллам сақтасын. 
–  Бірақ  сізден  ақ  адал  еңбегімді  сұрап  тұрмын.  Бес  жыл  бойы  малыңызды  бағып, 
шашау шығарған жоқпын. Жылда көбейтіп, буазын аман құлындатып, көтеремін аяғынан 
тік тұрғызып бердім. Менің еш жазығым жоқ шығар. 
– Алда разы болсын! 
–  Әйтсе  де,  айтқан  уағдаңыз  бар  еді,  күні  бүгінге  дейін  сүйретпеге  салып  келесіз. 
Мынаны  өзіңіз  алыңыз,  бес  жыл  түгіл,  бес  күн  боранда  ұйқысыз  жүрген  еңбегіме 
татымайтын  дүниені  алғаннан  алмағаным  жақсы.  Рақмет!  –  деп,  тері  шалбармен 
қорбаңдаған  жылқышы  үзеңгіге  аяғын  сала  бере  ауыздығымен  алысып  ойнақшыған 
айғырдың  үстіне  тәп  ете  қалды.  Қарасай  тағы  да  күректей  жүз  теңгелікті  қосып  ұсына 
беріп еді, қараған да жоқ. 
– Қареке, енді жылқыңызды совхоз малына қосам десеңіз жаңа бастықпен сөйлесерсіз. 
Ендігі билік Райханда, қос дейді екен, қосамын. Бірақ, енді сізден ақы алармын деп иегім 
қышымас,  –  деп  жылқышы  Райханның  атын  әдейі  атап,  атының  басын  бұра  беріп  еді, 
Қарасай шырт түкіріп зілдене қалды. 


–  Мейлің.  Шақырғанға  келмесең,  шақыруға  зар  боларсың  демекші,  беріп  тұрғанда 
алмадың.  Мұның  бәрі  менің  маңдайыма  басқан  мал  дедің  бе.  Ана  күйеу  баланың, 
бастықтардың соғымы. Өзің біл. 
Жылқышы тізгінін оқыс тартып қалғанда, астындағы ат та шыр айналып, аяғымен жер 
тарпыды. 
–  Қареке,  Қосимановпен  иманымызды  ұшырып  болдың  ғой.  Бар  онда,  қиратып  ал. 
Қолынан  бір  келсе,  екі  қылсын.  Қожа  бір  кескен,  –  деді  де  желе  шоқытып  кете  барды. 
Жерге сүйреткен құрығымен жерді солқылдатқан ат тұяғының дүбірі де: «қолыңнан келсе 
қиратып ал!» деп дүңкілдеп бара жатты. 
–  Қап,  мына  иттің  құтыруын-ай,  –  деп  зығыры  қайнап  қала  берген  Қарасай  қасына 
таянған Халелді жаңа аңғарды. – Халелмісің. Түн ортасына дейін қайда жүрсің? 
– Жәй, ана жаққа барып, – деп Халел күмілжіп, үйге беттей беріп еді, әкесі тоқтатып 
алды: 
– Тоқта. Бері жүр, ақылдасатын шаруа бар. 
Қарасай  мен  Халел  жылқылардың  ту  сыртынан  келіп,  белдігінен  шойырылған 
жарымжан радуанға отырды. 
–  Әлгі  жаман  неменің  танауын  көтеріп,  әлдеқандай  болып  кеткенін көрдің  бе?  Иттің 
қиы дәрі болса, дарияға... – деп Қарасай алақанына салып сығымдаған насыбайын ерніне 
тығып, шырт түкірді де, қабағы түксиіп, Халелге тіксіне қарады. Баласы оның жүзін көре 
алмаса  да  күжірейіп  отырысынан,  қарлыға  шыққан  даусынан-ақ  ашулы  екенін  аңғарып, 
ыңғайына  көше  берді.  –  Сен  де  бала  емессің  енді.  Бозбалалық  құратын  шақтан  кеттің. 
Отау  иесісің.  Ана  тарқылдақтардың  арасына  бас  жеймін  деп  барамысың.  Не  бар  осы 
уақытқа дейін салпақтайтын. 
–  Көке,  мына  жылқылар  кімдікі?  –  деп  Халел  әңгіме  бетін  аударып  еді,  Қарасай 
райынан қайтпады. 
Бос жүрген құлынның бірі жақындауға бата алмай тұрған. Айналшықтап жүріп, ақыры 
Қарасайдың иығын иіскеледі. Қарасай үркітіп алмайын деп баяу көтерген қолын жалына 
апарып  түбіттей  үлпілдеген  жүнін  сипап,  ақырын  қасығанда,  бар  ашуы  сыпырылып 
түскендей болды. 
–  Мал  –  көздің  құрты  деген  рас-ау,  жарықтық!  –  деп  жирен  қасқа  тайдың  мойнын, 
алқымын қасып отырып, жуаси сөйледі. – Халел, енді алды-артыңа қарап, жақсы-жаманды 
айыратын  мезгілің  болды.  Байқаймысың,  заман  өзгеріп  барады.  Мына  целина  келмей 
жатып  өрісімізді  тарылта  бастады.  Тарылтқан  емей  немене,  пәлен  жылдан  бері  колхоз 
табынында жүрген жылқыларымызды түгел айдап әкеп тастады. Әлі де совхоз малының 
ішінде  жүре  берсе,  ешкімнің  төбесін  оймас  еді.  Бірақ  не  керек...  Оның  үстіне  шолақ 


байталша  шолтаңдап  Райхан  деген  пәле  тағы  келіпті.  Ол  әу  баста-ақ  оңбаған  адам  еді. 
Менімен жұлдызы қарсы. 
– Оны бұрын да білетін бе едіңіз, көке? 
– Білем, білем, – дей салды Қарасай. – Ал енді  «заманың түлкі болса, тазы боп шал» 
деген үлкендер. Біз де құр жатпайық, балам. Сен енді күзге дейін жылқыларды осы маңда 
бақ.  Қой,  сиырларға  Дика  бар  ғой.  Сосын  жата-жастана  «Жаңа  та  лап»  мал  совхозына 
айналса,  сен  жылқышы  болып  орналасарсың.  Әйтеуір  санатта  жүрсең  болды  ғой.  Саған 
кім бақтырып қояр дейсің. Жылқышы қанша малын табынға қосса да ешкімнің шаруасы 
болмайды. 
– Көке, сіз маған жылқышы бол деп отырмысыз?! 
– Eh, болса несі бар. Әзер болса бір-екі жыл жүрерсің. Мына жылқыларыңды тоғытып, 
біраз жолдас-жора тауып алған соң, басқа жұмысқа ауысарсың. 
– Мұның бәрін қалай ұстап тұрмақпыз, көке. Бір-екі  қара жетпей ме. Сол үшін өмір-
бақи  жылқы  бағып  көрмеген  мен  қалай  жылқышы  болам,  одан  да  совхозда  машина 
жүргізгенім жақсы емес пе. 
–  Не  дейт...  –  Бұл Қарасайдың  ашу  шақыра  бастағандағы  сөзі.  –  Мені  асырайтын  да, 
адам  санатына  қосатын  да  осы  жылқы.  Қолыңа  күрек  алмай,  осы  күнге  дейін  сенің 
еркіңмен жүргенің де осылардың арқасы. Қыр елінің жылқысыз күні жоқ. Жылқы – ақша, 
жылқы  –  соғым.  Ана  келіп  жатқан  желөкпелерге  елігіп  желігуіңнің  алды-арты  осы 
болсын.  Ондай  ақымақтықты  таста.  Істің  өнімді  жағына  жүгін,  –  деп  Қарасай  орнынан 
тұрды. 
* * * 
Май айының орта тұсы. Мақпал түн. Он төрт жаңасына ілініп, алтын табақтай толған 
ай шырқау биікте баяу жүзіп барады. Жаздың жеңіл бұлты шудалана жылжып кеп, бетін 
бүркесе, тығылмақ ойнағандай жасырынып, біраз ұрланып тұрады да, енді  бір сәт бұйра 
бұлттың  арасынан  қылмия  шығып,  маңдайын  көрсетеді.  Көрсетеді  де,  суға  батқан 
қалытқыдай  қайта  сүңгіп,  домалай  жөнеледі.  Түтілген  түбіт  түстес  торғын  бұлтқа  кезіге 
қалса, шәйі перденің ішіндегі аппақ арудай, нұры көрініп, күліп бара жатқан секілденеді. 
Наздана ма, қайтеді? 
Халел бес құлынды биені Қыземшектің бауырына әкеп кең шалғынға тұсап жіберген. 
Күн  ұзақ  ағаш  ішіңдегі  желіде  жатып  іштері  пысқан  құлыншақтар  асыр  салып  ойнап, 
күлте құйрықтарын көкке шаншып, енелерінің қасында шапқылап жүр. Табынға үйренген 
семіз үйірсек биелер, қасына құлындары ерген соң мына жерді өгейсіп, үйірін іздеп, жерге 
басын  анда-санда  салып,  жиі  кісінеп,  секіре  оттап  барады.  Аяқтарындағы  тұсамыс 
сақиналары сылдырап, ай астында қара-құра тартып ұзап кетті. 


Халел  жабағы  күпіні  жамбасына  төсеп,  әуеде  жусаған  аспандағы  жұлдыздарға  қарап 
ойда жатыр. Аспанның терістік жақ етегіне таққан маржандай жылтыраған жеті қарақшы 
шалқасынан түскен саптыаяқ секілді. Құс жолындағы жыпырлаған сансыз жұлдыз қалың 
елге  ұқсайды.  Бәрінде  бір  ғажайып  сырлы  өмір  бар.  Халел  бала  күнінде,  үй  төбесінде 
жатып ұйықтар алдында түпсіз тұңғиық аспанға қарап ұзақ қиялдайтын-ды. Сәби қиял еді. 
Салқын  самал  тұрып,  таң  ағара  бере  жиі  аққан  жұлдыздарға  қарап,  «менің  жұлдызым 
жоғары» деп қайта-қайта қайталап жатып жылы көрпенің астында бұйыға түсіп ұйықтап 
кететін. Тәтті бір алаңсыз ұйқы еді-ау! 
Қазіргі қиялы одан бөлек. Көзі жұлдыздарда болғанмен ойы Қыземшек дөңінің ар жақ 
бауырындағы кең жазықта жылтыраған он шақты отта. Бәрінен де оған ең бергі шетіндегі 
жалғыз от ыстық. Ол Тамара жүргізіп жүргем трактор оты. 
Тамара  Халелге  ешбір  емеурін  білдірмесе  де,  өзінің  ашық  жайдары  мінезімен 
жақындық тапты. Анада ең алғаш би алаңында кездескенде-ақ таныс құрбысындай жылы 
сөйлесіп, бірден үйіріліп кеткен. Бірақ ол қанша ашық сөйлесіп, жарқын мінез көрсетсе де, 
Халел  өз-өзінен  бұйығып,  сөз  таба  алмай  қысылыс  тапқан.  Неге  олай  екенін  өзі  де 
білмейді.  Тек  сұлу  қыздың  алдындағы  жас  жігітте  болатын  әдеттегі  ыңғайсыздық  деп 
ұғынған. Әйтпесе бөтен ой келген жоқ. 
Бірақ сол кездесуден бері, неге екенін кім білсін, Халелдің Тамараны көргісі келеді де 
тұрады. Жүрек ынтықтығы емес, әшейін сұлу суретке құмар, нәзіктікке құштар адамның 
әуресі секілденеді. 
Қазір  де  Халел  сол  Тамараға  барып  жүз  көрісіп  қайтқысы  келіп  жатыр.  Бірақ  онысы 
өзіне ерсі көрініп, не істерін білмей іштей өзімен-өзі арбасқан белгісіз толқу бар. 
Әлден  уақытта  Халел  орнынан  тұрды.  Ширатыла  созылған  тәтті  қиялдың  ұшығына 
жете алмай, маужырап жатып, уақыттың да қалай зымырап өткенін білмей қалды. Айнала 
жым-жырт.  Кең  дала  тым-тырыс  мүлгіп,  аспан  қалғып  тұр.  Тек  Қыземшек  жақтан  тр-тр 
еткен  трактор  үні  алыстан  әлсіз  естіледі.  Аудан  жолынан  көрінген машина  оттары  бірде 
шақырая  қалып,  бір  орнынан  тапжылмай  ұзақ  тұрып  алса,  енді  бір  кезде  жыпылық  етіп 
жоғалып кетеді. Лезде ғайып болып, әлден уақытта тағы сол арадан шығады. Әлдекіммен 
ойнап  тұрған  секілді.  Батыс  жақ  беттен  көтерілген  жазғы  торы  ала  бұлттың  арасына 
сүңгіген ай алтын табақша бар салмағымен терең батып кетіпті. 
Бағана тұсамыстары сылдырап оттап жүрген жылқылар қазір көрінбейді. 
Халел жылқылар кеткен жаққа қарай аяндай басып келе жатыр. Қолына топтай ұстаған 
жүгендердің  ауыздығы  мен  сағалдырық  айылбасы  сылдырап,  анда-санда  алдыңғы  жаққа 
бұқпантайлап  еңкейіп-еңкейіп  сүзіле  қарайды.  Әудем  жерде  қараңдаған  бірдемелер 
көрінгенге  оттап  жүрген  жылқылар  екен  деп  жақындай  келсе,  онысы  шоқ-шоқ  өскен 
тобылғы болып шығады. 
Қою  түнге  сүңгіп  алыстаған  сайын  Халелдің  жүрегіне  әлдебір  суық  ой  кіре  бастады. 
«Апырай, соншама ұзақ жатып қалғаным ба? Әлде, жылқылар тұсамысын үзіп,  бос кетті 


ме? Қой, бар жылқы тайлы-тұяғына дейін тұсамысын үзуі мүмкін емес. Әйтеуір, ит-құстан 
аман болса жарар еді. Әлде мен қисық кеттім бе?» – деп күмәнданған Халел Қыземшекке 
қарай бұрылды. 
Бағанағыдай  емес,  түн  қараңғылығы  бірте-бірте  қоюлана  түскен.  Шығыс  жақ  беттегі 
жұлдыздар  жоғалып,  көкжиектен  ауыр  қара  бұлттың  ірі  тұлғасы  көрінді.  Әлден  уақытта 
алыстан  күн  күркіреді де,  нажағай  оты  әлсіз  ғана  жарқ  етті.  Халел  ентелей  басып  жүріп 
келеді. Жабағы қаудың арасында бұғып жатқан боз торғай тап үстіне адам кеп қалғанда 
үркіп, пыр етіп ұшады. Халел селк етіп, қалшиып тұрып қалады да, аз уақыт тың тыңдап, 
тағы да әрмен қарай жүре береді. 
Айыр  өркешті  Қыземшек  жақындаған  сайын  зорайып,  түн  қараңғылығында 
бұрынғыдан  бетер  состиып  биіктей  берді.  Жауын  бұлты  оның иығына  жасырынды.  Биік 
шоқының  тұсына  іліп  қойған  қап-қара  құрым  киіз  тәрізді.  Әлдекім  шақпақ  тас 
жарқылдатқандай  Қыземшектің  ершігінде  әлсін-әлсін  от  ойнайды.  Ол  кезде  қос  арнаға 
біткендей діріл қағады. 
Аздан  соң  түн  ішінде  бозамық  тартып  жатқан  бетегелі  жер  түнеріп,  бері  жылжыған 
қою бұлтпен астасып, тұтасып кетті. Қалың жыртындыға тірелген Халел тұра қалып тың 
тыңдады. Арғы беттен талып естілген трактор үнінен басқа ештеме құлаққа шалынбайды. 
Оң  жақ  бүйірдегі  бір  түп  көденің  түбінен  жалғыз  бөдене  «бытпылдық,  бытпылдық»  деп 
екі-үш рет тақылдады да, тым-тырыс тына қалды. Алыста күн жарқылдады. 
Жүгендері  сылдырап  Халел  тағы  да  алға  аттай  беріп  еді,  тап  сол  жағынан  оқыс 
шыңғырған  дауыстан  іші  қалтырап  кетті.  Ышқына  шыққан  әйел  үні  түн  тыныштығын 
бұзып  бір-ақ  рет  шыңғырып  қалды  да,  сүйекке  қақалғандай  тұншығып,  булығып  барып 
үзілді.  Бір  шоқ  ерменнің  тасасында  көзі  бақшиып,  мойнын  екі  иініне  тығып  қасынан 
аңдамай  өтіп  бара  жатқан  адамға  бажырая  қарап  отырған  жапалақ,  тосын  шыққан 
дауыстан  үркіп,  Халелдің  тап  алдынан  жарбаң  етті.  Халел  дауыс  шыққан  жаққа  қарай 
жүгіріп келеді. 
* * * 
Сол  түн.  Айлы  түн.  Күн  ұзақ  дауылдатып  соғатын  сібірдің  асау  желі  күн  батар 
алдында басылады да, осынаy жатқан жалпақ өңір түн тыныштығына бөленеді. Дамылсыз 
үрлеген  жел  өтінде  қалбаң  ойнап,  діріл  қағатын  өсімдік  атаулы  бұл  кезде  жерге  мойны 
салбырап, маужырап ұйқыға кетеді. 
Бірақ  аспан  асты  биылғы  көктем  басталғалы  көз  іліп  ұйықтаған  емес.  Шұбатылған 
шымыр  қара  жолдың  бойында  күні-түні  жосылып,  зымыраған  автомашиналар,  қырда 
қыбырлаған трактор атаулы қара жерді солқылдатып, түн тыныштығына маза берген күні 
жоқ. 
Кузов  жақтауынан  асыра  шофер  артқан  «ЗИС»  осы  жарым  түнде  тақтайдай  жолмен 
«Қайыңды»  совхозына  қарай  безілдетіп  келеді.  Жазық  даланың  жолы  қанша  тегіс 


дегенмен,  анда-санда  жерде  доңғалақ  ойып  кеткен  шұқанақтар  да  жоқ  емес.  Әйтсе  де 
машинаны жұлындай ұшырып келеді. 
Жолай  асханаға  кіріп,  ұйқыдан  сергу  үшін  екі  стаканды  қатарымен  тастап  алған 
Дерягиннің қалың қабағы түйіліп, екі көзі  қанталап, қызарған. Аузындағы шылымын екі 
езуіне  дамылсыз  жүгіртеді.  Отырғанда  да  еңгезердей  шоқтықты  жігіт,  кабина  төбесіне 
тиер-тимес басын терезеге қарай ие түсіп, аспанға ұшуға бейімделген буркаше алға қарай 
қомданып  алған.  Саусағының  ұшына  дейін  қалың  түк  басқан,  білекті  қолы  машинамен 
бірге дірілдеп, баранкеге қатып қалыпты. 
Вася  Дерягин  жоқ  нәрсеге  шырт  ете  қалатын  қызба  жігіт.  Оның  мінезін  тыңға  бірге 
келген жолдастарының бәрі біледі. Өткен өмір жолы оларға бес саусағындай. Сондықтан 
да  алғашқы  кезде  ең  жақын  досы  Володя  Котеноктан  басқалары  бұдан  өзін  аулақ 
ұстайтын. Бұл да ешкімге араласпай өзімен-өзі жүреді. Бірақ күн өткен сайын Дерягиннің 
беделі  шоферлердің  арасында  көтеріліп,  күн-түн  демей  тоқтаусыз  рейсте  жүретін 
қажырлы  жігіттің  жұмысы  совхоз  басшыларына  да  ұнай  бастаған.  Оның  үстіне 
машинасына да әлі еш ақау түскен жоқ. Адаммен салқын сөйлесіп, қатал тұратын завгар 
Морозовтың  өзі  тәжірибелі  жігітті  іштей  жақсы  кереді.  Тек  өркөкірек,  менмен  мінезін 
жақтырмайды.  Оны  Дерягиннің  өзі  де  сезеді.  Бірақ  өзіне  ұнамаған,  ойлаған  жерінен 
шықпаған адамды күшпен жеңіп алам деу – оның жаратылысына сіңген мінез-ді. 
«Малжан ағашының» бауырына совхоз алғаш орнаған түні-ақ Дерягин өзінің жайсыз 
мінезін жолдастарына көрсетіп алған. Оқиға былай болды. 
Он  шақты  жігіт  бір  вагонның  ішінде  тұрады.  Басқа  вагондағылар,  палаткадағылар 
ұйықтаған  мезгіл.  Бұлар  болса  вагонның  тап  ортасына  төңкеріп  қойған  жәшіктің 
айналасында  төрт-бесеуі  карта  ойнап,  қалғандары  төне  түсіп  олардың  қызығына  қарап 
отыр.  Кілең  он  сегіз,  он  тоғыздағы  бүлдіршіндей  жас  жігіттер.  Ішіндегі  ересегі  Дерягин 
мен Котенок. Бәрінің қалтасы сықырлаған ақша. Ойынды шығарған Дерягин. Қазір карта 
таратып отырған да сол. Дерягин сусылдаған атлас картаны араластырып жіберіп: 
–  Стук.  Кон  400  сом,  –  деп,  жәшіктің  үстінде  қампиып  жатқан  бір  төбе  ақшаның 
үстінен нығарлап басып қойды. 
– Отыз сомына. 
– Қырық сомына. 
– Жүз сомына, – деп жағалай отырған үш жігіт қатарымен күйіп шықты. 
Ең  соңында  қалған,  беті  секпіл-секпіл  үрпек  бас  жирен  бала,  мұрнын  қайта-қайта 
тартқыштай, отырғандарға бір, картасына бір қарай береді. Дауылда жаншылған өлең шөп 
құсап  икемге  көнбей  шекесіне  қарай  селтиген  қайратты  шашын  сипалап,  қасындағы 
жолдасымен ақылдасты. Қолында тұз отыр. Ақылшысы да не дерін білмей: 


–  Давай,  бәріне  бар,  –  деп  елеурей  көтеріледі  де,  –  бірақ  өзің  білесің,  –  деп  лезде 
райынан қайтады. 
– Барсаң бар. Үшеуміз де қатарымызбен күйдік, сенің алатын кезегің. 
–  Бас!  –  десіп  басқалары  да  шыдай  алмай  кетті.  Түні  бойы  сымпитып  ұтып  алған 
Дерягинде еселері кетіп, зығыры қайнап отыр. 
–  Әкел  бәріне  де,  –  деп  үрпек  бас  та  қайратына  мінді.  Танауының  қуысы  дем  алуға 
тарлық  еткендей  аузын  ашып  жіберіп,  қоп-қою  түтін  аралас  бөлменің  ауасын  кеудесін 
кере  жұтып,  оқыс  күрсініп  алды.  Бұрын  карта  ойнамағандығы  көрініп  тұр.  Қолындағы 
тұзын  маңайындағылардан  қызғыштай  қорып,  қолы  дірілдеп  бауырына  басып  алған. 
Маңдайынан  маржандай  тер  бұршақтай  ағып,  тұздай  көзімен  Дерягиннің  қолындағы 
картаға ежірейіп, тесіле қалыпты. 
Дерягиннің берген картасын ала бере тағы бір күрсінді. Жүрегі тайдай тулап, лүп-лүп 
етеді.  Екі  картаны  бірінің  сыртына  бірін  қосарлап  алып,  шетінен  сығалап  аша  бастады. 
Тоғыздық – жиырма. 
– Ізде! – деді жұлып алғандай. 
Дерягин  алдындағы  картасын  секірте  лақтыра  беріп,  көз  ілестірмей  бір  картаны 
суырып тастады. Екі ондық – жиырма. Үрпек бас бала астына кірпі тастай бергендей селк 
етіп, көзі шарасынан шықты. 
–  Тоқта,  қай  жерден  суырып  алдың!  –  деп  Дерягиннің  қимылын  аңдып  отырған 
сырттағы бір жігіт баж ете қалды. 
– Иди ты... соп-ляк! – Дерягин гүр етіп, артында тұрған қырлы стаканды бір-ақ атты. 
Әккі бөденеше бұға қойған кінәлі жігіттің төбесінен стакан жалап өтіп, тақтай қабырғаға 
соғылып күлпаршасы шықты. Қанын ішіне тарта қойған ашулы Дерягиннің сондағы түрі 
атылып  келе  жатқан  ала  шұбар  жолбарысқа  ұқсайды.  Әр  жерінен  қылғындыра  буа-буа 
салған  тырсылдаған  бүйендей  бұлшық  еттері  бұлтыңдап,  ұшып  тұрғанда,  ашық 
көйлегінен  көрінген  кеудесіндегі  ұйысқан  қос  уыс  сабалақ  жүн  де  тікірейіп,  бастарын 
көтеріп, селдірей қалды. «Төбелес қайдасың» деп елеңдеп тұрған секілді. Бірақ ешкім оған 
жағының  жігін  ашқан  жоқ.  Жап-жалпақ  кеуде  түндікше  желпілдеп  барып,  желі  шыққан 
керікше баяу басыла берді. 
Карта  ойыны  осымен  тынды.  Жәшік  үстіндегі  бар  ақша  Дерягиннің  қалтасына  түсті. 
Бірақ  ол  оған  қуанбады.  Қайта  артынан  қынжылды.  Отырған  жігіттер  ләм  демей,  үнсіз 
шешініп  нарға  шығып  ұйқыға  кетті.  Ал,  Дерягин  болса  не  шешінерін  білмей,  не  тысқа 
шығып желпінерін білмей, жалғыз шоқиып отырып қалды. Бәрінен батқаны жасынан бірге 
өскен,  бірге  оқыған  момын  жолдасы  Котенок  та  бір  ауыз  сөз  айтпады.  Көзілдірігінің 
үстінен бір қарады да,  бүркеніп жата кетті.  Жақтырмай қарағаны да, жұғымсыз мінезіне 
іші ашып, аяй қарағаны да белгісіз. Әйтеуір салқын қарағаны аян. 


Дерягин қашанда бірдемені ашу үстінде бүлдіріп алып, артынан түсінетін әдеті. Талай 
күндер  бойы  оған  іштей  қиналып,  дел-сал  болып  жүреді.  Осы  жолы  да  ол  май  шамның 
астында жападан-жалғыз отырып, басы салбырап ауыр ойға қалды. Өз кінәсін мойындады. 
Бірақ  артынан  жолдастарының  алдынан  өтіп,  кешірім  сұрау  оның  табиғатына  жазбаған 
нәрсе. 
Міне, Дерягиннің жолдас-жораларынан аулақтап, алыстай беретіні де осы мінезі. Оны 
өзі  жақсы  біледі.  Бірақ  не  керек,  арада  бірнеше  күн  өтпей-ақ,  тағы  да  осындай  өкінішті 
іске тап болады. 
Дерягин  қазір  жол  үстінде  келе  жатып  осы  мінезін  ойлап  отырған.  Бір  кезде  тап 
алдынан жүз метрдей жерде ағараңдаған бірдемені көзі шалып қалды. Жарыққа қамалып, 
көзі шарасынан шығып шоқиып отырған дала қояны. Машина жақындай бергенде шолақ 
құйрығы шолтаң етіп зыта жөнелді. Бұл кезде ай да жұқа бұлтқа еніп, дала қараңғыланған. 
Қоян  жарықтан  шыға  алмай  тақтақ  жолмен  жан  ұшырып  зымырап  барады.  Дерягин  де 
газды  басты.  Алғашқыда  құлағын  жымырып  алып  оқтай  атылған  қоян  көп  ұзамай-ақ 
болдырып қалды. Буаз қоян екен. Жолдың екі  бетіне алма-кезек бұлталаңдап, тоңқаңдап 
келеді. Бір кезде машина төніп келгенде, Дерягин сигналды басып-басып қалып еді, қоян 
ышқына секіріп жолдан шығып кетті.  Дерягин де машинаны бұрып  алып қалың көденің 
үстімен  бастырмалатып  қуа  берді.  Қоян  ышқынып  ытқып-ытқып  қашады.  Машина 
жарығынан  шығып  кетсе,  әлгіндей  болмай  қайта  қамалады.  Дерягин  бұлтартатын  емес. 
Үстіне төніп келді. Қоян жалт бұрылып бір түп шидің түбіне бұғып жата қалғанда машина 
үстінен  өте  шықты.  Доңғалақ  арасында  аман  қалған  қоян  қайда  барарын  білмей 
сасқалақтап қашқанша болмады, кері  бұрылған машинаның жарығына тағы түсті.  Әбден 
титықтап  болдырған  қоян  жиі  бұғып,  екі  бүйірін  соғып  жатып  қалады.  Машина  өте 
шығады.  Осылайша  он  шақты  рет  қайталады.  Бір  кезде  Дерягин  қалың  көдеде  бұғып 
жатқан  қояннан  көз  жазып  қалды.  Шыр  көбелек  айналып  шимайды  салып  шарлап  жүр. 
Әлден  уақытта  барып,  қоян қылт  етіп тағы  да  көзіне  түсті.  Сәл  дем алып,  әлденіп  алған 
екен,  басын  оқыс  көтеріп  алып  зыта  жөнелді.  Дерягин  де  тақымдап  қояр  емес.  Қоян 
біразға дейін жеткізбеді. Алысқа түсетін машина отының жарығында ағараңдап ұзап кетіп 
еді, Дерягин құйындай ұшырып, жолсыз көдемен салдыр-гүлдір тағы бастырмалатты. Бір 
кезде  әбден  зорығып  шаршаған  қоянды  ұстап  алатындай  халге  келтіргенде  алдынан  кең 
қара  жыртынды  кездесіп,  айырылып  қала  берді.  Қара  бұрымдай  өріліп,  кең  көсілген 
жыртынды бетінде бір-екі рет омақаса құлап, қайта тұрып шоқырақтай қашқан қоян лезде 
көзден ғайып болды. 
Дала тым-тырыс. Қалың ұйқыда. Желсіз түндегі жарық ай да бұл кезде қалың бұлтқа 
еніп,  батып  кетті.  Жер  жыртқан  тракторлар  да  сиреген.  Бір-бірінен  жырақ-қашықтап 
анадай жерден оттары жылтырап, жалқы жүр. 
Дауыстары  да  бәсең  секілді.  Олар  да  түн  ортасы  ауған  шақта  қалжырап,  ұйқы 
меңдегендей самарқау тырылдайды. Үні құлаққа талып жетеді. 
Дерягин  қоянның  әлегімен  қай  жаққа  шығып  кеткенін  аңғармай,  маңайына  көз 
тастады. Сонау етекте жатқан совхоз үйлерінің тұсынан баған басындағы өлі сөнбеген екі-


үш  от  көрінеді.  Тегі  Қыземшектің  тұсы  болса  керек.  Совхозға  тура  кетуге  жол  жоқ. 
Машина қалың жыртындыға тіреліпті. 
Ғасырлар  бойы  тың  жатқан  жердің  қалың  қыртысы  айырылған  иен  даладан  дымқыл 
иіс  білінеді.  Дала  дем  алып  қозғалып  жатқан  тәрізді.  Жер  иісінде,  неше  түрлі  шым 
тамырының иісінде үлкен бір тірлік бар. Дала ұйықтаған жоқ екен. Дала ояу. Жалпақ жон 
кеудесін ашып тастап адамша дем алады. 
Дерягин  қара  жыртындыны  бойлап  жүріп  кетті.  Кейде  адамға  ойламаған  жерде  оқыс 
оқиғаның кездесетіні  болады. Бүгін, тап осы  жарым түнде Тамарамен кездесем деген ой 
Дерягиннің үш ұйықтаса түсіне енбеген еді. 
Жыртындының  орта  тұсына  жеткенде  жалғыз  трактордың  үстінен  шықты.  Шамын 
сөндірген.  Артына  тіркелген  соқа  тілін  де  жерден  көтермепті.  Жыртып  келген  бойында 
тоқтаған. 
Дерягин  машина  жарығын  жыпылықтатып  бір  жағып,  бір  сөндіріп  тақай  бергенде, 
алдынан әлдекім жүгіре шықты. Тамара. Жападан-жалғыз. 
Трактор соляркасы таусылып  тоқтағалы жарты сағаттай  уақыт өтіпті.  Соқадағы жігіт 
алыста  қалған  бригада  басына  кетсе  керек.  Жалғызсырап  отырған  Тамара  алғашқыда 
машинаны керіп қуаныш еді. Бірақ онысы ұзаққа бармады. 
Машинасын сөндірген Дерягин қасына келіп бірден ескі әңгімені қозғады. 
– Тамара, мен саған әдейілеп келдім. Еркін отырып бір сөйлесейікші. 
–  Бекер  түнделетіп  келгенсің.  Күндіз  де  уақыт  табуға  болатын  еді  ғой.  Тіпті  осы 
әңгіменің  керегі  не.  Біздің  сөзіміз  баяғыда-ақ  таусылмап  па  еді,  –  деп  Тамара  қайтадан 
тракторына  беттей  беріп  еді,  Дерягин  білегінен  шап  беріп  ұстай  алды.  Комбинезонын 
шынтағына дейін түрініп алған қоңырқай білек дір етіп, қалтырап кетті. 
–  Жоқ,  Тамара.  Әңгіме  енді  басталады.  Сен  менен  ешқайда  кетпейсің.  Сенен  еш 
уақытта айырылмаймын. Басымды ажалға тігуге бармын. 
– Қой, Вася. Басынды мен үшін арзандатып қайтесің. Совхозда менен басқа да қыздар 
бар емес пе, Маған маза бер. 
– Жоқ, жоқ, Тамара. Мен осы Тыңға тек сен үшін келгемін. Сенсіз маған енді өмір жоқ. 
Тыңдашы. 
Жұлқына тартқан Тамараны Дерягин қапсыра құшақтап кеудесіне басты. 
– Кешір мені, Тамара. Ағаттық ісімді кешір. Мен өмірімде ешкімнен кешірім сұраған 
жан емеспін. Өзің білесің ғой. 
– Оның несіне мақтанасың, Вася. Ол жақсы қасиет деймісің. Жібер енді, жібер деймін. 


–  Жоқ  жібермеймін.  Сен  енді  менің  адамымсың.  Менікісің.  Енді  бірге  өмір  сүреміз. 
Бірге. Түсінемісің. Мен қазір жынданудың аз-ақ алдында жүрмін. Бер тілегімді. Не айтсаң 
да орындайын. Енді сенің қолыңдамын. 
– Жоқ, Вася. Адам жүрегіне зорлық жүрмейді. Мен сені сүймеймін. Сүймеймін. Өтірік 
айта алмаймын. Жіберші өзің. 
– Ә, солай ма?! Онда сен бәрін ұмытқан екенсің. Мен қайта басамын бұрынғыма. Егер 
көнбейді екенсің, осы далада өлігің қалады, – Дерягин Тамараны айқара қысқан күйі шық 
түскен бозға құлай кетті. 
–  Жібер  деймін.  Қорқытып  көндіре  алмайсың.  Жібер,  босат,  –  деп  Тамара  жан 
даусымен шыңғырып жіберді. 
Жылқыларын  іздеп  келе  жатқан  Халел  осы  дауысты  естіген.  Жан  ұшырып  жүгірген 
бойы,  жерде  домалап  жатқан  екеуінің  үстінен  шықты.  Дерягиннің  тегеурінінен  босаған 
Тамара атып тұрып Халелді құшақтай алды. Қалтырап, дірілдеп тұр. 
Дерягин  орнынан  созалаңдау  тұрып,  Халелге  қарай  жақындап  еді,  анау  қолындағы 
жүгендерін топтай ұстап үрейлі айқай салды. 
– Жақындама. 
–  Жақындаса  не  болады  екен.  Жұқпалы  ауруың  бар  ма  еді,  –  деп  Дерягин  тістеніп 
қасына  келді.  Қараңғыда  біраз  сүзіле  қарап  тұрып,  иегінен  көтере  беріп  еді,  Тамара 
Халелдің алдынан кес-кестеп: 
–  Тарт  қолыңды.  Жаңа  ғана:  «Адам  болдым.  Кешір»  деп  жалынғаның  қайда,  –  деп 
араға түсті. 
– Менің адам болғанымда, сайтан болғанымда сенің енді шаруаң болмасын. Түні бойы 
жер  жыртып  жүреді  екен  десем,  мидай  далада  мына  біреумен  кездесіп  сауық  құрады 
екенсің ғой. 
– Мұнда жұмысың болмасын. Мұқатсаң мені мұқат. 
–  Көрсетермін  әлі  мұқатқанды.  Әй,  боқмұрын,  кездесерміз  тағы  да.  Өзің  батыр  неме 
екенсің. Қолыма бір түсерсің. Сау бол. 
– Жарайды, қорқытпай-ақ қой, бұл да сен секілді жігіт, байқа. 
– Ә, солай ма, онда көрерміз. 
Дерягин  ойлы-қырлы  жолсыз  көдемен  машинасын  құйындай  ұшырып  кете  барды. 
Халел  жүрегі  лүп-лүп  соғып  ұзап  кеткен  машинаға  бір,  Тамараға  бір  қарай  береді.  Өнe 
бойын суық үрей аралап, тізесі сәл қалтырағандай болды. 


* * * 
Екеуден-екеу қалған соң Тамараның алғаш сұрағаны мынау болды: 
–  Сен  қайдан  келе  қалдың?  Көктен  түстің  бе?  «Көктен  түстің  бесі»  естір  құлаққа 
тұрпайылау болса да, бұл арада қуаныштан туған таңырқау еді. Оның үстіне «Сен» деген 
Халелге өзімсінген адамның жақын тартар сөзіндей естілді. Халел жауап беру орнына жай 
ғана жымиып еді, Тамара шын білгісі келіп тағы сұрады: 
– Рас айтам, түн ортасында бұл жақта не істеп жүрсің? 
– Жылқы бағып жүрмін. 
– Жылқы? Қайдағы жылқы? 
– А-й, әшейін, өзіміздің жылқы, – дей салды Халел. 
– Жүр, Халел, ана жерге барып отырайық, әлгі прицепил келмей, неғып жатыр, – деп 
Тамара шөптесінге етпетінен түсіп жатты. Халел де жүгендерін сылдыратып қасына кеп 
отырды. 
– Халел, жылқыларың  көп пе?  – деп, Тамара  басқа не жайында әңгімелесерін білмей 
тағы да жылқы жайын сұрады. 
– Көп. 
– Нешеу? 
– Он шақты болар, құлындарын қоспағанда... 
Тамара қау шөптің бір талын жұлып алып тістеп жатқан, басын оқыс көтеріп алды: 
– Не деген көп. Бәрі өздеріңдікі ме? 
– Әрине, өзіміздікі. Бұрын колхозда болатын. 
– Ал енді, оларды сен жалғыз бағып жүрсің бе? Түнде байлап тастамайсыңдар ма? 
– Жоқ, байлауға болмайды. Жылқы малы түні бойы оттайды. Күндіз күн ыстықта ағаш 
арасында  саялап  тұрады,  –  деп  Халел  түсіндіре  бастады  да,  алысқа  еңкейе  бір  қарап 
қойды. – Түнде қасында жүріп жаймаса, ұзап кетеді. Және, кім біледі, далада қасқыр да 
болады. 
– Да, Халел, айтқандай жақында мен қасқыр көрдім. Өмірімде бірінші  көруім.  Біздің 
трактористер төрт күшігін ұстап алыпты. Әдемі-ақ, тура овчарканың күшіктері секілді. 
Қасқыр  жайы  айтылғанда  Халел  тықырши  бастады.  Әлсін-әлсін  далаға  көз  сүзіп 
қояды. 


– Жалғыз өзің айдалада жүріп қорықпайсың ба, ішің пыспай ма, Халел? 
–  Енді  қайтесің,  амал  жоқ,  –  деп  қалды  да,  Халел  өз  жауабынан  өзі  қысылып  қарсы 
сұрақ қойды. 
– А, сенің ішің пыспай ма? Сен де күні-түні жалғызсың ғой. 
–  О,  о,  Халел,  сен  тракторист  болып  көрсең  егер,  –  деп  Тамара  әлдебір  романтикаға 
берілгендей  екі  тізесін  құшақтап  тас  төбеге  жақындаған  қара  құрым  бұлтқа  шалқая 
қарады. Дәл осы мезетті күткендей алғашқы ірі тамшы да сырт етіп Тамараның маңдайына 
тиіп,  одан  соң  қау  шөптің  арасына  тырс-тырс  тама  бастады.  –  Алагөбеде  торғайлармен 
бірге  тұрып,  шық  басқан  даланы  трактор  үнімен  дүр  сілкіндірген кезді  ойласаң.  Жалпақ 
жонды тіліп алға қарай ұмтыла бересің, ұмтыла бересің. Артында толқындай болып қара 
қыртыс  қала  береді.  Көбейген  сайын  жырта  түскің  келеді,  молайған  сайын  тоқтағың 
келмейді. Тіпті кейде тамақ ішуге уақыт өткізгің келмейді. Рас айтамын. 
Әбден көзіңе ұйқы тығылғанда барып бір-ақ тоқтайсың. Кейде осы айдалада ұйықтап 
қалам.  Күні  бойы  тырылдаған  мотор  үні  кілт  сөнгенде,  бүкіл  әлем  тым-тырыс  болып, 
төңкерілген  аспан,  қалықтаған  құс,  алыстағы  қыраттар,  төбелер  маужырап,  бәрі  саған 
қарағандай болады. Сен айналаңа көз тастап, сал-сал болған  өне бойыңды жазып, қалың 
шөпке фуфайкеңді төсеп кетесің. Содан кейінгі ой қандай тәтті. 
Тамара маңдайын тізесіне қойып сәл отырып қалды да, тағы бір ой оралғандай қайта 
көтеріп алып тағы сөйледі: 
–  Халел,  кейде  мен  ойлаймын.  Адам  баласы  ғой  өз  өмірін  әр  түрлі  өткізеді.  Мен 
колхозда да, қалада да өстім. 
Міне,  қазір  бір  сәт  қала  өмірін  ойлашы.  Тап  осы  кезде  талай  жерде  жастар  әлі 
танцплощадкада жүр. Ұйықтамастан би билеп жүр. Оның ішінде демалу үшін жүргендері 
де,  өзіне  таныс  пар  іздеушілер  де  бар.  Ал  қайсыбірі  құр  босқа  секектеп  жүр.  Оларға  би 
тебу  әшейін  әдет  болып  кеткен.  Таң  ата  үйлеріне  оралып,  бірдеме  тындырып  келгендей 
мамасы  пісірген  асты  жылытып,  не  суықтай  апаш-құпаш  ішеді  де,  жата  кетеді.  Ертеңгі 
өмірі  тағы  сол.  Не  өзіне,  не  жұртқа  бес  тиын  пайдасы  жоқ.  Мен  жасы  кәмелетке  келген 
адамдар  туралы  айтып  отырмын.  Солар  жатар  алдында:  «Неге  шаршады,  неге  күн  ұзақ 
қажыды,  не  үшін  ұйықтайды»  –  оған  есеп  бермейді.  Халел,  сен  ойлап  қалма,  мен 
әлдекімдердің  бейғам  өмірін  күндеп  отыр  екен  деп.  Шынын  айтам,  мен  әр  ұйықтаған 
сайын  көз  алдымда  жыртылған  жер.  ертең  жыртар  тың  жер  елестеп  жатады.  Мүмкін 
біреуге  бұл  ойым  наивно  көрінер.  Әйтеуір,  бір  іс  тындырсам,  жеңіл,  тәтті  ұйықтаймын. 
Тіпті ондай кезде жауып тұрған жауын астында да тамаша демалып тұрамын. 
– Сонда жер жыртпаған адамдар қалай ұйықтайды, – деді Халел. Ол өзінің сұрағының 
қиястау екенін аңғарып, іле түзеп жіберді. – Жоқ... Тамара, мысалы, оқушы, студент дейік. 
Олар... 


–  Ол  да  сондай,  –  деді  Тамара.  –  Сеніңше  олар  бездельник  пе?  Мен  механизация 
мектебінде  оқығанда  кітапханаға  көп  барушы  ем.  Кешке  билейміз,  қыдырамыз,  сауық 
құрамыз.  Түнде  талып  ұйықтағанда  көз  алдыма  би  де,  сауық  та  келмейді,  оқыған 
кітаптарымның  беттері  келеді.  Көп  оқыған  күні  рақаттанып,  өз-өзімнен  қуанып  жатам. 
Оқымаған күні уақыттың зая кеткеніне өкініп жатамын. Жо-оқ, рас айтамын, – деп Тамара 
біреу  онымен  таласып  отырғандай.  –  Мысалы,  мына  сені  алайық.  Мектепті  қашан 
бітірдің? 
– Былтыр... 
– Былтыр... Содан бері не істеп жүрсің...  – Тамара таңдана қарады да, қайта жалғады 
сөзін. – Ал мейлі, оны өзің білесің. Сен ғой күнде жатарда келесі күннің жоспарын ойлап 
жатасың. Ертеңінде соны орындай алмасаң, қандай өкінесің. Солай емес пе? 
Халел не дерін білмей күле берді. Шынында да онда пәлендей жоспар болмайтын. 
Жауын тамшылары жиілей бастады. Алыстағы отқа тесіле қараған Тамара: 
– Ox, прицепші бала келе жатыр, – деп орнынан тұрды. – Жүр, Халел, жауын астында 
қалатын түріміз бар. Кабинаға кіріп отырайық... 
* * * 
Таңға  қарай  әлсін-әлсін  өткінші  жауын  құйып  өткен.  Дала  тынысы  кеңіп,  ауадан 
дымқыл жер иісі білінеді. 
Қызыл  күн  қылт  етіп  кеудесін  көтергенде,  Қарасай  да  ақ  дамбалымен  қылаң  етіп 
төбеге  шыққан.  Жан-жаққа  көз  тастады.  Бұл  уақытта  құлын-тайын  ертіп  үйге  келетін 
жылқы  да,  жылқы  соңындағы  Халел  де  жоқ.  Қыземшектің  етегіндегі  жазық  жонда  кең 
дастарқанда шашыла жатқан он шақты бауырсақша домаланған тракторлар жер жыртып 
жүр. 
Қарасай  тас-түйін  киініп,  ағаш  бауырында  тар  тұсамыспен  ұзай  алмай  жүрген  атын 
ерттеп  мінді  де,  Халелді  іздеп  шықты.  Көңілінде  еш  қауіп  жоқ,  тоқ  атты  жай  аяңдатып 
ойда  келеді:  «Апыр-ай,  мына  целина  келмей  жатып  бүкіл  жапан-түзді  ғана  асты-үстіне 
аударып тастамай, жалғыз үйдің де шаруашылығын шайқал, қопаңдатып аудара бастады-
ау.  Ертең  бұл  маңдағы  жыртылмаған  бос  жерге  совхоз  малы  жайылса,  Қарасайдың  көп 
жылқысы, сиыр, қойы көзге шыққан сүйелдей көрінеді-ау. Ертеңгі күні Халел жылқышы 
болса  да,  осынша  көп  малды  тоғытып  жіберу  енді  оңайға  түспес.  Одан  да  біразын  ақша 
қылып  алу  керек...  Бірақ  жаз  ортасында  есіл  малды  текке  күйдіруге  де  болмайды.  Ұсақ 
малдың жөні бір басқа: қой-ешкі уақыт талғамайды. Олар қыстан гөрі, қайта қазір өтімді. 
Әттең Халел әлі ысылмаған. Сауданың ретін білмейді... Әйтсе де бір-екі рет жалғыз өзін 
базарға  жіберіп,  төселдіріп  алу  керек.  Ақбөпе  де  келмеді-ау.  Келінді  де  биыл  мықтап 
жекпесе  болмас.  Әйтеуір  көп  малды  орнын  тауып  жұмсау  қажет.  Одан  арғысы  тағы 
бірдеме  бола  жатар.  Енді  малдан  гөрі  басқа  шаруашылықтың  көзін  таппай  болмайды. 
«Заманың түлкі болса...» 


Қара  жыртындыға  тірелген  ат  жарға  киліккендей  осқырып  шегіншектей  беріп  еді, 
Қарасай аттан бетер осқырып, бетіндегі қара қал жыбыр етті. «Апырмай, мына ескі жерді 
де қайта жыртып тастапты-ау. Бұл баяғы уақытта Сұлу мұрт пен Күргерей егін еккен орын 
ңой.  Балта  аулы  қайтып  бұл  жерге  аттап  баспап  еді,  меселі  қайтып,  тауы  шағылғаны 
қайда. О, заман-ай, заман!» 
Жалпақ  жыртындыны  жағалаған  Қарасайдың  есіне  өткен  өмір  түсті.  Мына  алдында 
жатқан қара жыртынды ойына Сұлу мұрт пен Күргерейді салды. Жер тырмалап егін еккен 
кедей ауылды салды. 
Ол оқиғаны Күргерей де Жантасқа жыр ғып айтып берген еді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет