САЛ-СЕРІЛЕР ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ӨРНЕКТЕРІ
Ф.ғ.к., професссор Таласпаева Ж.С.
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан
мемлекеттік университеті, Петропавл қаласы.
Солтүстік Қазақстан өлкесі - артында мол мұра қалдырған, елді асқақтаған әнімен, өнерімен сүйсінткен Ақан серіні, аспандағы аққудың сұңқылына әнін қосқан Үкілі Ыбырайды, от ауызды, орақ тілді дүлдүл ақын Шал ақынды, қазақ халқының маңдайына біткен шоқтығы биік қайталанбас біртуар перзенттерінің бірі Сегіз серіні, ұлттық сананың биік шыңын, ұлттық сергелдеңге душар болғандағы мұңын бір дастанға сыйғыздыра жырлап, «Елім-ай» дастанымен елге танылған Қожаберген жырауды, жырымен жұртын оятқан ақиық ақын Мағжан Жұмабаевты дүниеге әкелген киелі өңір.
Қазақтың сал-серілер мектебінің алтын ордасы болған Есіл-Көкше өңірін асқақтатқан өнер тарландарының ұлттық поэзия тарихындағы орны ерекше.
Үкілі Ыбырайдың тіл өрнегіне назар аударсақ, оның мейірімі мен қайырымы тартып, өзгеден айырымы ашық көрініске жолығамыз. «Гәкку» деген сөздің өзі де қазақтың поэзиясы мен бүкіл тіл әлеміне алтын айдардай болып кірген ғажайып. «Үліпкер сүт бетінде балдай қаймақ» - десе «үліпкері» үздік тілдің белгісі ғой. «Қарақат көзді, сым саусақ» – теңеуге жүйріктігі. «Көк зеңгір, жасыл жартас Жалғызтауым» - дегені қандай әсем. «Қайқақтамай көтерер, досы үшін тау-тасын» - дегені де нағыз қазақы тіл. Ал: «Бір атым насыбайдан көңіл қалар, айта бер, айтсаң сағың сынбағанға» - дегені тереңдіктің көрінісі.
Атақты Сегіз сері де осы өңірдің тумасы. Алғаш ақынның есімі мен мұрасын еске түсіріп, қозғау салған әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов өзінің «Ұлпан» атты романында Сегіз сері туралы «Бұл келген Керей аталатын көп рулы елдің аты шулы ақын-әншілер жыраулар еді. Бәрі де атақтының атақтысы – Сегіз сері ақынның мұрагерлері деген болатын.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының ұлттық мәдениетін биікке көтеруге өз үлесін қосқан аса дарынды тұлғалардың алдыңғы сапында Ақан сері Қорамсаұлы тұрады.
Саясында сексен көлі шалқыған, баурайында шоқ қайыңдар ырғалып өскен, жазығында жасыл желек жайқалған, биігінде қыран құстар қалықтап, етегінде киіктер жүйіткіген көрікті де көркем Көкшетау аймағы болашақ ақынның туып-өскен асыл мекен еді.
Ақан серінің шығармашылық болмысының басты қасиеттері өмір шындығын боямасыз, жырлауы, психологиялық иірімдерге толы, эмоциялық бояуының қанықтығы. Шығармаларының басым бөлігін қамтитын кеңінен танымал көңіл-күй және махаббат лирикаларында ғажайып табиғат суреттері мен нәзік мұң, өмір қиыншылықтары туралы трагедиялық пайымдаулары шынайы да шымыр, қатар өріліп жатады. Оның стиліндегі жоғары жетістік кең тыныстылық, ән иірімдерінің нәзіктігі, әуен әсемдігі, интонациялық суреттерінің молдығы, сазының биік те асқақ, ырғақтары мен қайырымдарының ұзақтығы [1, 48 б.].
Шыңнан шыққан бұлақтай өзінің мөлдір таза үнімен, асқақ өлеңімен Шал ақын бабамыз арамызға екі жарым ғасырдан соң қайта оралып, қайта түлеп, жаңаша жаңғырып жетіп отыр. «Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады, таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» деп Асан қайғы айтқандай асыл сөздің атасы - Шал ақын Құлекеұлы.
Шал ақынның өлең-жырларының қаймағы бұзылмай, іркілмей ел арасында сақталуы ақынның дарындылығынан, адалдығынан, сезімталдығынан, ұшқыр әзілқойлығынан деп білеміз. Зерттеушілер ақынды суырып салма, төкпе ақын деп тегін айтпаған. Сондықтан да мұндай ақын халық жүрегінен мықтап орын алып, сүйікті ақынға айналуы заңды құбылыс.
Қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов: «Шал ақын сегіз қырлы, бір сырлы, онда бәрі бар» деп келеді де: «Ол айтыскер, суырып салма – импровизатор, қолы тиген жерді жұлып алар, көзі түскен жерді үзіп алар, өткір экспромт иесі, тапқыр сөздің үздік шебері, ауыз әдебиетінен жазба әдебиетіне көше бастаған қазақ поэзиясының көш басындағы кемеңгері» деп біледі [2, 172 б.].
Ғибратты ғұмырлары мен ұлағатты сөздері исі қазаққа ортақ от ауыз, орақ тілді би-шешендер, елдік пен ерліктің қорғаны батыр-бағыландар мен ел ұстыны болған қайраткер тұлғалар тарихы Қызылжар өңірінде аз емес. Ал нағыз мәніне келер болсақ, қасиетті бабамыз қазаққа ғана қорған боп, қалмаққа қарсы шапқан көп батырдың бірі емес, әділ билігімен, хас батырлығымен алты алаштың айбыны болған ірі тарихи тұлға - Қожаберген жырау.
Мағжан – сыршыл да өршіл маржан жырларының құдіреті арқылы өзінің бүкіл болмысы мен поэзиясының ерешелігін танытып кеткен ұлы ақын.
Ұлының ұлылығын ерте таныған Мұхат Әуезовтің «Мағжан жырынан басқаның бәрі күмәнді, одан басқаның сөзі өте сенімсіз» деуі тегін емес. Кемеңгер Мұхтар қазақ әдебиетінде Мағжан сынды мәңгілік өлмейтін құбылыстың пайда болғанын сұңғылалықпен сезді [3, 6 б.].
Ақынның суреткерлік дәрежесі мен сөз қолдану мәдениеті де, оның шығармаларының көркемдік сипаты да, қолданылған сөздердің жалаң сандық молдығынан емес, ішкі ой сұлулығын берерлік үйлесімді сөз асылын сұрыптап, талғап қолдана білуі арқылы танылады. Көңілдегі сайрап жатқан ойды ықшам, көрнекті, ажарлы етіп ұсына алу, әрине суреткердің тіл байлығына байланысты болуына орай, көркем образдардың көріктеуіш құралдар арқылы, көркем де бейнелеуіш сөздермен сомдалуы суреткерлердің шығармашылығында ерекше орын алады. Сондықтан ақындардың табиғи суреткерлік қабілеті, дүниені образды қабылдауы, көркемдік ассоциацияға ұсталығы поэтикалық тілдің айқындау тәсілі – эпитет арқылы ажыратылып, аңғарылады. Эпитет барлық халықтың фольклорында, жазба әдебиетінде кеңінен орын алып, әдеби персонаждардың портретін жасауда, табиғат көріністерін суреттеуде, кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін сипаттауында, ұтымды стильдік тәсіл ретінде мейлінше мол пайдалынылады. Сонымен қатар, ұлттық поэзияның қорында бар, ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік дәстүр болып табылады. Эпикалық өрнекпен астастыра суреттеуде ақындардың тыңнан жол салып, фольклорлық дәстүрді шебер қолданатындығын аңғарамыз. Әсіресе, кейіпкерлердің портреттерін бергенде, олардың мінсіз бейнелерін көз алдымызға әкеледі. Мысалы Үкілі Ыбырайдың «Қаракөз» өлеңінде:
Қара көзің сүзіліп,
Қыпша белің үзіліп
Ақан сері де:
Аузың бал, тілің шекер, нәзік таңдай,
Сөйлеймін, абзал құрбым, сізді талмай.
Алтын қол, күміс саусақ, қалам бармақ,
Қиғаш қас, нұрлы жүзің, жазық маңдай
Тұтастай эпитетке құрылған өлең шумағы. Арудың бейнесін бұлай суреттелуі сырт қарағанда лиро-эпос жырларына ұқсас сияқты көрінгенмен, ақын бұл суреттеуге өзінше келген. Халық даналығының жемісін Сегіз сері де ұтымды жұмсаған:
Аршын төс, аққу мойын, айбарлы қыз
Ішінде қатарының жайдары қыз.
Қазақ халқы қашаннан аққуды сұлулықтың символы, киелі құс ретінде қастерлеп келеді, сондықтан оны жырға қосып, арудың сипатын бергенде тілге тиек етуі заңды да. Ақын оқырманының қиялы мен сезіміне, көңіліне ерекше әсер ететін қасиеттерді даралап көрсету үшін зооморфизмдік теңеулерді жиі қолданған.
Ақ құба, бүркіт қабақ, марал көзді,
Ерекше асып туған аққұба қыз.
Қолаң шаш, жазық жауырын, қыпша белге,
Жігіттер, көре қалсаң сұқтанарсыз.
Ежелден аң аулау кәсібімен айналысқан халқымыз аң-құстардың сипатын, қасиеттерін жақсы білген. Әрине, оның ұлтымыздың ой-санасынан, сөз өрнегінен орын табуы да табиғи нәрсе.
Ақындардың эпитетті қолданудағы келесі бір қыры, адамның ішкі сезім иірімдерін, мінез-құлқын айқындауда жиі пайдаланған.
Түседі өлең десе қайғы-шерім,
Шығады айқайласам ащы терім.
Көңілің тас та болса бір жібиді,
Таңертең қараторғай сайрағанда
О баста нем бар еді, жүрсем жәй-ақ,
Кетті ғой қалың қайғың түсті бояп.
Түріктің шын ұрпағы болғаннан соң,
Өгіздің өнері оған жұққан екен.
Қазақтар қоршай соққы берген кезде,
Ит қалмақ құтыла алмай қырылыпты.
Төріңде кәрі тарлан жатты дерсің,
Өткенді ертегі-жыр, қазына ғып,- делінеді.
Сөз – образдың эстетикалық өрісін кеңейтуге келгенде «ноқтасыз ой, бояулы дін, улы жүрек, долы тіл» дегендері сияқты жүрек, тіл, көңіл, ой сөздерінің айқындауыштарын сан құбылтып отырады. Мысалы, «толқынды көңіл, өлген көңіл, жаралы жүрек, от жүрек, аптыққан жүрек, жарық жүрек, таза жүрек, ақ жүрек, жылы жүрек» сияқты тіркестері оқушының ой сезімін қозғап күшті әсер етеді.
Мағжан Жұмабаевтың «Зар» өлеңінде сүйгенінен айрылғанына жаны күйзелген ақын, өзінің көңіл-күйін:
Енді бір өлгенім де, жүргенім де,
Қолымнан ұшқаннан соң қоңыр қазым,– деп сүйгеніне қосыла алмай налиды. Мағжан Жұмабаевтың «Тұранның бір бауырында» деген өлеңіне назар аударайық:
Ай туды, күңгірт кеш еді, алтын табақ,
Ару ғой ай дегенің алтын қабақ,
Жүзінен сол сұлудың нұр төгілді,
Жайырақ – суда ойнаған алтын шапақ.
Өлең жолдарында «алтын» сөзі «табақ», «қабақ» және «шапақ» деген сөздерін айқындап, ерекше эпитеттік түзілім жасап тұр. Оның ақ нөсердей төгілген жыр жолдарында өзіндік өмір өлшемдері, түйінді, тұғырлы таным дүниесі кестелі өрнекпен нақтыланып, даралық сипатқа ие болып тұрады. «Көкшетау» өлеңінде:
Аспанменен тірескен
Тәңіріменен тілдескен
Көкшетауым біп-биік
Қою қара көк бұлт
Жайнап, ойнап, құлпырып
Көкшетауды тұр сүйіп ,- делінген жолдардың «аспанменен тірескен Көкшетау», «Тәңіріменен тілдескен Көкшетау», «қою қара көк бұлт» деген айқындаулар Көкше тауларының асқақтығын, асқарлығын айшықтап, өлең өрісін кеңейтуде ерекше қызмет атқарып тұрғандығын аңғартады. Оқушының жан-жүйесін тебірентіп, ойын өрістетіп, сезімін оятатын қуатты жолдар екендігі сөзсіз.
Ақындар өлеңдері қисапсыз көркемдік-бейнелеушілік құралдарға бай. Солардың ішінде сөз оралымдарында ең жиі қолданыс тапқан көркемдегіш құрал – теңеу екенін байқадық. Теңеу ең алдымен адам санасымен, ассоциациялық ойлау нәтижесімен тығыз байланысты. Әр ұлттың тілі мен діліндегі ұлттық ерекшелігі де осы теңеуден көрінеді. Әр ұлттың өз танымына жақын сөздерді қолдануы заңды да. Себебі тіл иесінің ой-өрісі мен концептуалды әлеміне байланысты әр тіл дүние - ғаламның үзіктерін өзінше жеткізіп, бейнелеп суреттейді және ол өз тіліндегі ғалам бейнесіне сай болады. Сол себепті теңеулер халықтың тұрмыс-тіршілігі, оның ойлауы мен танымдық қабілеті жөнінде бай мәлімет береді.
Әсіресе ақын-жыраулардың өлеңдерінде төрт түлік мал, қазақ танымына жақын жан-жануарлар мен құстар әлемі теңеу образын жасауға негіз болады. Жалпы құспен қатысты теңеулерде мифтік мазмұн басым болып келеді және олар туралы таным-түсінік тілімізде молынан сақталған. Бұл жөнінде Б. Ақбердиева: “...әлемдік мифологиялық жүйелердің қаймағы бұзылмай сақталып қалған жалғыз көз – қазақтың ұлттық тілі мен мәдениеті. Біздің тіліміздегі кез-келген сөз – символ. Өйткені оның астарында мифтік мазмұн жатыр” [4,30 б.] – деп ой тұжырымдайды. Мысалы:
Сыпырған томағасын қыран құстай,
Самғаушы ем әр қияға кешкі тұрым
Нәпсің бір көкжал бөрідей,
Иманың бағлан қозыдай
Қыран құстай, көкжал бөрідей, бағлан қозыдай ұғымдары қазақ танымына жақын және ақындардың қаламында дәстүрлі қолданатын теңеулер.
Сені ойлап, жібек едім болдым жүндей,
Бұлт басты көңілімді шыққан күндей
Замана құбылып тұр жел құйындай,
Дүние көзге ілінбес бір тиындай
Толқынды айту керек жалындай боп,
Екпіні емен жыққан дауылдай боп.
Мамырда майда мақпал жауып өткен,
Төгілтіп нөсерлеткен жауындай боп
Табиғат сырын терең түсінген ақынның ғана қолынан келетін сурет. Дәл тауып бейнеленген жанды көрініс. Осындағы көңілді шыққан күнге, заманды құйындай желге, толқынды жалынға, дауылға, жауынға теңеуде сырттай ұқсастық жоқ, бірақ ішкі байланыс мықты. Поэзия жолдарында реализм тудырып түрған да сол. Табиғат тынысын ақын жанының ішкі сезім дүниесімен астастыра суреттеуге ақындар өте шебер.
Ақындар поэзиясының тілі өмір құбылыстарын сан құбылта сырлауға, құйқылжыта жырлауға жетеді.
Көктемнің көркем айындай,
Қытайдың қағаз шайындай.
Еркелейсің жан сәулем,
Қысырдың арда тайындай
Үкілі Ыбырай сынды шебер ақынның қолындағы сөз соны мәнге, жаңа қолданыстарға, ішкі иірімдерге, нәзік ишараға, дәмді тұспалға, мағыналық астарға ие болады.
Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби тілдің шығармашылық мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеуді өз шығармасында талғампаздықпен Мағжан Жұмабаев шебер қолданады. Ақын «Еділде» атты өлеңінде:
Бүктеліп жатқан бел,
Сүтке тойған марқадай
Бұйра қою қарағай,
Белге біткен шалқалай.
Су жеп қойған жұмыр тас
Түйір-түйір малтадай,
Арнада өзен қылықты
Қылмыңдаған қалқатай, - деп келтіріп, халық тілінде қалыптасқан «сүтке тойған қозыдай» деген тұрақты теңеуді қолдану арқылы, өлең жолдарына ұлттық нақыш береді. Қазақтың ұлттық тағамының бірі малта құртқа су ағысымен екшелген жұмырланған тастарды ұқсатуы таныс құбылыс. Табиғаттың манаурап жатқан бейнесін суреттеу үшін қолданған «марқадай» теңеуі - өзінің тапқырлығының жемісі. Ал, өзеннің арнасынан асып, бұлықсып ағуын, жігіт алдында әртүрлі ерке қылықтар көрсеткен қыздың мінезіне теңеп, оқырманын өзеннің ағысын қыздың «қылмыңдаған» әрекетімен ойша салыстыру қиялына жетелейді.
Өлең өрнегіндегі көркемдік қуатқа ие айқындау мен теңеулер қазақтың қара өлеңінің қай-қайсысында болсын кездесе береді. Ақындардың өлеңдеріндегі көркем теңеулердің көптігі кейде бірнешеуінің бір шумақта іркес-тіркес қатар келуі оқырманды жалықтырмайды. Ол теңеулер бірін-бірі жай қайталай бермейді, әрқайсысы көркемдік мақсатқа құрылып, айтысқа түсіп, сөз таластырып отырған ақынның әрқилы қасиетін айқындап, оның бейнесін әр қырынан танытуға себін тигізеді.
Таранған аққудайын айдын көлде,
Көз тартқан шолпыдағы алтын теңге
немесе
Бұлбұлдайын үні бар
Қараторғай деген құс
Ақындар өлеңдерінде теңеу образы қызметін атқаруға қазақ танымына жақын құстар – торғай, аққу, лашын, қыран, бүркіт, бұлбұл – зооморфизмдері қолданылған. Теңеу образы қызметін атқарған құс атаулары адам бойындағы әртүрлі қасиеттерді бейнелеп, адам басынан кешкен жағдайларды, көңіл-күйін таныту қызметін атқарған.
Ұшады бозша торғай аспанменен,
Бұйрықсыз жан шыға ма сасқанменен?!
Жиырмаға жеткенде тәйке деген,
Аюша жиған малын төске алады
Сайланып сол мезгілде шықтық жонға,
Қыранша көз жүгіртіп оң мен солға
Құрсанып қылыш өтпес мұздай темір,
Қиядан қыран құсша жауға ұмтылдық
Зооморфизмдік теңеулер шығармадағы сөзге айырықша өң береді, үстеме мағына қосады. Сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын тереңдетіп, ажарландырып, суретті көрінісін түрлендіреді. Оқырманының түсінігі үсті-үстіне тереңдейді, ойы айқындалады. Эстетикалық әсер береді. Демек, көрген-білгенін ой елегінен өткізіп, түрлі болжам мен баламалардың, өрнекті, нақышты сөздердің суреттілігімен бейнелей білген суреткерлердің ақындық қуаттылығы осында болар.
Әдебиеттер:
Айыртау// Құрастырған. – шығармашылық топ.- 2009. – 192 б.
Шал ақын. Өлеңдер. Зерттеу деректер. – Алматы: Арыс, 2003. – 200 бет.
Мағжан Жұмабаев. Өлеңдері, прозасы және әдеби зерттеулер. Құрастырған Ж. Сүлейменов.- Петропавл: Полиграфия, 2006. - 428 бет
Ақбердиева Б. Қазақ тіліндегі мифтік жүйе: оқу құралы. – Алматы: Арыс, 2005. – 136 б.
Достарыңызбен бөлісу: |