149-бап. Салықтық тексерулерді жүргізудің басталуы
1. Егер осы баптың 6-тармағында өзгеше белгіленбесе, салық төлеушіге (салық агентіне) нұсқама табыс етілген күн салықтық тексеру жүргізудің басталған күні болып есептеледі.
2. Тексеруді жүргізетін салық органының лауазымды адамы нұсқаманы салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етеді.
Нұсқаманы табыс еткен кезде салық төлеуші (салық агенті) салық органы нұсқамасының данасына нұсқамамен танысқаны және оны алғаны туралы қолын, сондай-ақ нұсқаманы алған күні мен уақытын қояды.
Осы тармақтың ережелері осы Кодекстің 142-бабы 1-тармағының 12) – 18) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша тақырыптық тексерулерге қолданылмайды.
3. Осы Кодекстің 142-бабы 1-тармағының 12) – 18) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша тақырыптық тексерулер жүргізілген кезде салық төлеушіге (салық агентіне) немесе оның тауарларды өткізуді, жұмыстарды орындауды немесе қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын жұмыскеріне нұсқаманың түпнұсқасы танысу үшін көрсетіледі және оның көшірмесі табыс етіледі.
Нұсқама түпнұсқасына салық төлеушінің (салық агентінің) немесе оның тауарларды өткізуді, жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын жұмыскерінің нұсқамамен танысқаны және оның көшірмесін алғаны туралы қолы, нұсқаманың көшірмесін алған күні мен уақыты қойылады.
4. Нұсқаманы алудан бас тартқан жағдайда, салық органының лауазымды адамы салық органы нұсқамасының данасына тиісті жазба жазады және куәгерлерді (кемінде екеу) тарта отырып, салық төлеушінің (салық агентінің) нұсқаманы алудан бас тартуы туралы акт жасайды.
Бұл ретте салықтық тексеруді жүргізу туралы нұсқаманы алудан бас тарту туралы актіде:
1) жасалған орны мен күні;
2) акт жасаған салық органы лауазымды адамының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
3) тартылған куәгерлердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), жеке куәлігінің нөмірі, тұрғылықты жерінің мекенжайы;
4) нұсқаманың нөмірі, күні, салық төлеушінің (салық агентінің) атауы, оның сәйкестендіру нөмірі;
5) нұсқаманы алудан бас тартудың мән-жайлары көрсетіледі.
5. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеруді жүргізу туралы нұсқаманы алудан бас тартуы салықтық тексерудің күшін жою үшін негіз болып табылмайды.
Салық органының нұсқамасын алудан салық төлеушінің (салық агентінің) бас тартуы салық органының лауазымды адамдарын салықтық тексеруге жібермеуді білдіреді.
Осы тамақтың ережелері осы Кодекстің 154-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайларда қолданылмайды.
6. Салық төлеуші (салық агенті) нұсқаманы алудан бас тартқан жағдайда, салық төлеушінің (салық агентіның) нұсқаманы алудан бас тартуы туралы акт жасалған күн тексеру жүргізудің басталған күні болып есептеледі.
7. Салықтық тексеруді жүзеге асыру кезеңінде осы тексеруді:
1) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық өтініші;
2) егер тексеру сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жүргізілсе, қылмыстық істің тоқтатылуы бойынша тоқтатуға жол берілмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |