519-бап. Салық салу объектісі
1. "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкерлерді қоспағанда, дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының аумағындағы:
1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі қаражат, жылжымайтын мүлікке инвестициялар құрамында есепке алынатын, техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, құрылыстар, осындай ғимараттардың бөліктері;
2) халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұзақ мерзімді дебиторлық берешек ретінде есепке алынатын тұрғынжайды сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша жеке тұлғаларға берілген техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, осындай ғимараттардың бөліктері;
3) иелік ету, пайдалану құқықтары концессия шарты бойынша берілген, концессия объектiлерi болып табылатын ғимараттар, құрылыстар;
4) осы Кодекстiң 260-бабында көрсетілген активтер;
5) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ғимараттарды (ғимараттардың бөліктерін) және құрылыстарды қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес екiншi деңгейдегі банктер активтерiнiң құрамында есепке алынатын, кепiл, өзге де қамтамасыз ету ретiндегі мүлiкке өндiрiп алу нәтижесiнде меншiкке өткен техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгiлеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын ғимараттар, құрылыстар, осындай ғимараттардың бөліктері;
6) осы Кодекстің 518-бабының 6-тармағында көрсетілген ғимараттар, құрылыстар салық салу объектісі болып табылады.
2. "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмайтын дара кәсiпкерлер үшiн техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын және осы Кодекстің 201-бабының 9) тармақшасына сәйкес негізгі қаражат болып табылатын Қазақстан Республикасының аумағындағы ғимараттар, құрылыстар салық салу объектiсi деп танылады.
3. Мыналар салық салу объектілері болып табылмайды:
1) осы Кодекстiң 500 және 501-баптарына сәйкес жер салығын салу объектiсi ретіндегі жер;
2) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша консервацияда тұрған ғимараттар, құрылыстар;
3) ортақ пайдаланылатын мемлекеттiк автомобиль жолдары мен олардағы жол құрылыстары:
бұрылу белдеуi;
жолдардың конструкциялық элементтерi;
жол жағдайы мен оны абаттандыру;
көпiрлер;
өткерме жолдар;
виадуктар;
жол тарамдары;
тоннельдер;
қорғаныш галереялары;
жол қозғалысы қауiпсiздiгiн арттыруға арналған құрылыстар мен құрылғылар;
су бұрғыш және су өткiзгiш құрылыстар;
жол бойындағы орман алаптары;
желiлiк тұрғын үйлер және жол пайдалану қызметiнiң кешендерi;
4) 518-баптың 6-тармағында және осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген объектілерді қоспағанда, аяқталмаған құрылыс объектiлерi;
5) метрополитеннің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін көліктік кешеннің ажырамас бөлігі болып табылатын ғимараттар, құрылыстар;
6) мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару талаптарына сәйкес жасалған шарттар бойынша мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы сатып алған ғимараттар, құрылыстар;
7) салықтық база осы Кодекстің 529-бабына сәйкес айқындалатын және салық есептеуді салық органдары осы Кодекстің 532-бабына сәйкес жүргізетін жеке тұлғалардың кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын тұрғынжайлары мен басқа да объектiлері;
8) концессия объектiлерінің құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 50 000 000 еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда, оларға иелік ету, пайдалану құқықтары қолжетімділік үшін төлемақы қолданыла отырып, концессия шарты бойынша тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше маңызды концессиялық жобалар бойынша берілген концессия объектiлерi болып табылатын ғимараттар, құрылыстар.
Достарыңызбен бөлісу: |