136-бап. Жалпы ережелер
1. Тәуекелдерді басқару жүйесі тәуекелдерді бағалауға негізделген және салық органдары тәуекелді анықтау және алдын алу мақсатында әзірлейтін және (немесе) қолданатын шараларды қамтиды.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) мемлекетке нұқсан келтіруі мүмкін және (немесе) нұқсан келтіре алатын салықтық міндеттемені орындамау және (немесе) толық орындамау ықтималдығы тәуекел болып табылады.
3. Салық органдарының тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану мақсаттары:
1) назарды тәуекелі жоғары салаларға шоғырландыру және қолда бар ресурстарды анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
2) салық салу саласында бұзушылықтарды анықтау бойынша мүмкіндіктерді ұлғайту;
3) қызметі бойынша тәуекел дәрежесі төмен деп айқындалған салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты салықтық бақылауды барынша азайту.
4. Салық органдары салық төлеушілер (салық агенттері) ұсынған салықтық есептіліктің деректерін, уәкілетті мемлекеттік органдардан, жергілікті атқарушы органдардан, уәкілетті тұлғалардан алынған мәліметтерді, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі туралы басқа құжаттарды және (немесе) мәліметтерді талдауды жүзеге асырады.
Салық органдары осындай талдау нәтижелерінің негізінде:
салық төлеушілерді (салық агенттерін) қызметін тәуекел дәрежесі төмен, орташа немесе жоғары санаттарға жатқызу арқылы оларды санаттарға бөлуді;
осы Кодексте белгіленген жағдайларда салықтық әкімшілендіру шараларын саралап қолдануды жүзеге асырады.
5. Тәуекелдерді басқару жүйесі осы Кодексте көзделген жағдайларда салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру кезінде пайдаланылады.
6. Тәуекелдерді басқару жүйесі тәуекелдерді басқарудың ақпараттық жүйесі қолданыла отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |