18-бап. Салық органдары, олардың міндеттері мен жүйесі
1. Салық органдары мемлекеттік кіріс органдары болып табылады және мынадай міндеттерді орындайды:
1) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету;
2) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсу толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Кодекске сәйкес әлеуметтік төлемдерді есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу;
5) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
6) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыру, оның дамуын және салық төлеушілер үшін электрондық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындау.
2. Салық органдарының жүйесі уәкілетті органнан және оның облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана бойынша, аудандар, қалалар мен қалалардағы аудандар бойынша аумақтық бөлімшелерінен, сондай-ақ ауданаралық аумақтық бөлімшелерінен тұрады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда, осы аймақтардың аумақтарында уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері құрылуы мүмкін.
Салық органдарының уәкілетті орган бекіткен кодтары бар.
3. Уәкілетті орган салық органдарына басшылықты жүзеге асырады.
4. Салық органдарының нышаны болады, оның сипаттамасы мен пайдаланылу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2018 № 210-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |