167-бап. Бақылау-касса машиналарын салық органында есепке қою
1. Осы тармақта белгіленген жағдайды қоспағанда, модельдерi мемлекеттік тiзiлiмге енгiзiлген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар, техникалық ақауы жоқ бақылау-касса машиналары пайдаланатын жері бойынша салық органдарында есепке қоюға жатады.
Ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машиналары салық органдарында есепке қоюға жатады.
2. Аппараттық-бағдарламалық кешендерді қоспағанда, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасын салық органдарында есепке қою үшін салық төлеуші салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) салық төлеуші туралы мәліметтері бар бақылау-касса машинасын;
3) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен (болған кезде) куәландырылған тауар чектерінің кітабын ұсынады.
3. Аппараттық-бағдарламалық кешен болып табылатын, деректерді беру функциясы бар бақылау-касса машинасын есепке қою үшін салық төлеуші салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) аппараттық-бағдарламалық кешеннің функционалдық мүмкіндіктері мен сипаттарының қысқаша сипаттамасын;
3) есепке қою үшін өтініш жасалған аппараттық-бағдарламалық кешен моделінің "Салық инспекторының жұмыс орны" модулін пайдалану жөніндегі нұсқаулығын ұсынады және оған қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
4. Аппараттық-бағдарламалық кешендерді қоспағанда, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде пайдаланылатын деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасын есепке қою үшін салық төлеуші салық органына:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті;
2) фискалдық режимді орнатпай-ақ мәліметтерді енгізу мүмкін болатын, салық төлеуші туралы мәліметтері бар бақылау-касса машинасын;
3) нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен (болған кезде) куәландырылған қолма-қол ақшаны есепке алу кітабын және тауар чектерінің кітабын ұсынады.
5. Аппараттық-бағдарламалық кешен болып табылатын, ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде пайдаланылатын деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машинасын есепке қою үшін салық төлеуші салық органына мынадай құжаттарды ұсынады:
1) бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш;
2) аппараттық-бағдарламалық кешеннің функционалдық мүмкіндіктері мен сипаттарының қысқаша сипаттамасы;
3) есепке қою үшін өтініш жасалған аппараттық-бағдарламалық кешен моделінің "Салық инспекторының жұмыс орны" модулін пайдалану жөніндегі нұсқаулық.
6. Бақылау-касса машинасын есепке қоюды салық органдары бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
7. Бақылау-касса машиналарын есепке қою бақылау-касса машинасын салық органында есепке қою туралы салықтық өтініш алынған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірі беріле отырып және бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасы қалыптастырыла отырып жүргізіледі.
8. Бақылау-касса машинасының тіркеу карточкасының, тауар чегінің, қолма-қол ақшаны есепке алу кітабы мен тауар чектерi кiтабының нысандарын уәкілетті орган белгілейді.
РҚАО-ның ескертпесі!
168-баптың осы редакциясы 01.01.2024 дейін қолданыста болады - ҚР 25.12.2017 № 121-VI Заңымен (тоқтатылған редакциясын ҚР 25.12.2017 Салық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасынан қараңыз).
Достарыңызбен бөлісу: |