376-бап. Көлік экспедициясы шарты бойынша жүзеге асырылатын өткізу (сатып алу) бойынша айналымдар
Тасымалдаушының және (немесе) басқа да өнім берушілердің көлiк экспедициясы шарты бойынша клиент болып табылатын тарап үшін көлiк экспедициясы шартында айқындалған жұмыстарды орындауы, қызметтерді көрсетуі экспедитордың өткізу бойынша айналымы болып табылмайды.
Экспедитор бейрезиденттен көлік экспедициясы шартында айқындалған, өткізу орны Қазақстан Республикасы болып табылатын орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді көлік экспедициясы шарты бойынша клиент болып табылатын тарап үшін сатып алған кезде олар экспедитордың бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша айналымы болып табылады.
377-бап. Мүлікті сенімгерлік басқаруды құру нәтижесінде жүзеге асырылатын өткiзу (сатып алу) бойынша айналымдар
Мүлікті сенімгерлік басқару шартына сәйкес немесе мүлікті сенімгерлік басқару туындайтын өзге де жағдайларда сенімгерлік басқарушы жүзеге асыратын тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу сенімгерлік басқарушының өткізу (сатып алу) бойынша айналымы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |