Салық ЖӘне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы


-бап. Халықаралық тасымалдарға салық салу



бет328/626
Дата12.10.2020
өлшемі1,37 Mb.
#65606
түріКодекс
1   ...   324   325   326   327   328   329   330   331   ...   626
387-бап. Халықаралық тасымалдарға салық салу

      1. Халықаралық тасымалдар бойынша көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымға нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынады.

      Мыналар халықаралық тасымал деп танылады:

      1) Қазақстан Республикасының аумағынан экспортталатын және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларды, оның ішінде пошта жөнелтілімдерін тасу;

      2) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жүктерді тасу;

      3) халықаралық қатынаста жолаушыларды, багажды және жүк багажын тасымалдау;

      4) халықаралық қатынаста жолаушылар поездарының (вагондарының) жүріп өтуі бойынша көрсетілетін қызмет.

      Егер тасымалды ресiмдеу осы баптың 4-тармағында белгіленген бiрыңғай халықаралық тасымалдау құжаттарымен жүзеге асырылса, осы тараудың мақсаттары үшін тасымал халықаралық тасымал болып есептеледi.

      2. Осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, халықаралық тасымалды бірнеше тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайда, халықаралық тасымалға Қазақстан Республикасының шекарасына дейін тасымалдаушы немесе соның көлігі арқылы жолаушылар, тауарлар (пошта жөнелтілімдері, багаж, жүк багажы) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тасымалдаушы жүзеге асыратын тасымал жатады.

      3. Тікелей халықаралық теміржол-паром қатынасында халықаралық тасымалды бірнеше тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайда, тасымалдаушылар теміржол және су көлігімен жүзеге асыратын тасымал халықаралық тасымал деп танылады.

      4. Осы баптың мақсаттары үшін мыналар халықаралық тасымалдарды растайтын құжаттар болып табылады:

      1) жүктерді тасымалдау кезінде:

      халықаралық автомобиль қатынасында – тауар-көлік жүкқұжаты;

      халықаралық теміржол қатынасында, оның ішінде тікелей халықаралық теміржол-паром қатынасында – бірыңғай үлгідегі жүкқұжат;

      әуе көлігімен – жүкке арналған жүкқұжат (әуе жүкқұжаты);

      теңіз көлігімен – коносамент немесе теңіз жүкқұжаты;

      көліктің екі немесе одан көп түрімен транзитпен (аралас тасымал) – бірыңғай тауар-көлік жүкқұжаты (бірыңғай коносамент);

      магистральдық құбыржолдар жүйесі арқылы:

      есеп айырысу кезеңi iшiндегі экспорт және ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімдерімен орналастырылған тауарларға арналған декларацияның көшірмесі не есеп айырысу кезеңi iшiндегі кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға арналған декларация;

      орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актiлерi, жүктердi сатушыдан не көрсетілген жүктерді бұрын жеткізуді жүзеге асырған басқа да тұлғалардан сатып алушыға не көрсетілген жүктерді одан әрі жеткізуді жүзеге асыратын басқа да тұлғаларға қабылдап алу-тапсыру актiлерi;

      2) жолаушыларды, багажды және жүк багажын тасымалдау кезінде:

      автомобиль көлігімен:

      тұрақты тасымалдар кезінде – Қазақстан Республикасында сатылған жол жүру билеттерін сату туралы есеп, сондай-ақ жол жүру бойындағы автовокзалдар (автостанциялар) жасаған жолаушылар билеттері туралы есеп айырысу ведомостары;

      тұрақты емес тасымалдар кезінде – халықаралық қатынаста көлік қызметтерін көрсету туралы шарт;

      теміржол көлігімен:

      Қазақстан Республикасында сатылған жол жүру, тасымалдау және пошта құжаттарын сату туралы есеп;

      Қазақстан Республикасында халықаралық қатынаста сатылған жолаушылар билеттері туралы есеп айырысу ведомосы;

      теміржол әкімшіліктері арасындағы жолаушылар тасымалдары үшін өзара есеп айырысу жөніндегі баланстық ведомость пен жол жүру және тасымалдау құжаттарын ресімдеу туралы есеп;

      әуе көлігімен:

      бас декларация;

      жолаушы манифесі;

      карго-манифест;

      лоджит (орталық-тиеу кестесі);

      жинақтау-тиеу ведомосы (жол жүру билеті және багаж квитанциясы);

      халықаралық қатынаста жолаушылар поездарының (вагондарының) жүріп өтуі бойынша көрсетілетін қызмет кезінде:

      жолаушылар поезының заттай парағы.

      Осы тармақта көрсетілген құжаттар қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық нысанда жасалуы мүмкін.

      5. Салық органдарының ақпараттық жүйелерінде кеден органдарының тауарларды іс жүзіндегі әкету туралы хабарламасы бар, электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация да тауарлардың экспортын растайтын құжат болып табылады. Осы тармақта көзделген, электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация болған кезде осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігі 1) тармақшасының сегізінші абзацында белгіленген құжаттарды ұсыну талап етілмейді.



388-бап. Халықаралық ұшуды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпаниялардың әуе кемелеріне жанармай құю кезінде әуежайлар жүзеге асыратын жанар-жағармай материалдарын өткізуге салық салу

      1. Халықаралық ұшуды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпаниялардың әуе кемелеріне жанармай құю кезінде әуежайлар жүзеге асыратын жанар-жағармай материалдарын өткізу бойынша айналымға нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынады.

      Осы баптың ережелері халықаралық ұшуды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпаниялардың әуе кемелеріне жанармай құю кезінде жанар-жағармай материалдарын өткізетін әуежайларға қатысты қолданылады.

      2. Осы баптың мақсаттары үшін:

      1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді қоса алғанда, шет мемлекеттердің авиакомпаниялары шетелдік авиакомпаниялар деп танылады;

      2) әуе кемесі шет мемлекеттің шекарасын кесіп өтетін әуе кемесінің ұшуы халықаралық ұшу деп танылады;

      3) тасымалдауда немесе қайта тиеуде үзілістің бар-жоғына қарамастан, тасымалды орындау кезінде жөнелту және межелі пункттері:

      екі немесе одан көп мемлекеттің аумағында;

      егер басқа мемлекет аумағында аялдау көзделсе, бір мемлекеттің аумағында орналасқан әуе тасымалы халықаралық әуе тасымалы деп танылады.

      Егер Қазақстан Республикасының аумағы жөнелту және межелі пункттер болып табылса, осы тармақшаның үшінші абзацының ережесі қолданылмайды.

      3. Халықаралық ұшуды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын шетелдік авиакомпаниялардың әуе кемелеріне жанармай құю кезінде әуежайлар жүзеге асыратын жанар-жағармай материалдарын өткізу кезінде нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдарды растайтын құжаттар мыналар болып табылады:

      1) тұрақты рейстерді жүзеге асыру кезінде – әуежайдың шетелдік авиакомпаниямен жанар-жағармай материалдарын өткізуді көздейтін және (немесе) қамтитын шарты;

      тұрақты емес рейстерді жүзеге асыру кезінде – шетелдік авиакомпанияның өтінімі және (немесе) әуежайдың шетелдік авиакомпаниямен шарты (келісімі).

      Бұл ретте өтінімде мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:

      тіркелген мемлекеті көрсетіле отырып, авиакомпанияның атауы;

      әуе кемесінің болжамды қону күні.

      Форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан шетелдік әуе кемесі қонған кезде осы тармақшада көзделген өтінім толтырылмайды.

      Осы тармақшаның мақсаттары үшін:

      Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен авиакомпания белгілеген және жариялаған кестеге сәйкес орындалатын рейс тұрақты рейс деп танылады;

      тұрақты рейс анықтамасына кірмейтін рейс тұрақты емес рейс деп танылады;

      2) әуе кемесіне жанар-жағармай материалдарының құйылғанын растайтын кеден органының белгісі бар шетелдік әуе кемесіне жанармай құюға арналған шығыс ордері немесе талап, онда мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:

      авиакомпанияның атауы;

      құйылған жанар-жағармай материалдарының мөлшері;

      әуе кемесіне май құйылған күн;

      әуе кемесі командирінің немесе шетелдік авиакомпания өкілінің және әуежайдың жанармай құюды жүзеге асырған тиісті қызметі қызметкерінің қолтаңбалары.

      Осы тармақшаның ережелері Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес оларға қатысты кедендік ресімдеу және кедендік бақылау көзделмеген халықаралық ұшуды, халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын авиакомпаниялардың әуе кемелеріне жанармай құю кезінде қолданылмайды;

      3) әуежай өткізген жанар-жағармай материалдары үшін ақы төлеу фактісін растайтын құжат;

      4) қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомаларының анықтығын растау бойынша тақырыптық тексеру жүргiзуге қатысатын азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамының шетелдiк авиакомпания әуе кемесiнiң рейстi жүзеге асыру фактiсiн және уәкiлеттi орган азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органмен келiсу бойынша бекiткен нысан бойынша және тәртiппен өткiзiлген жанар-жағармай материалдарының (авиакомпаниялар бөлінісінде) мөлшерiн растайтын қорытындысы.

      Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес оларға қатысты кедендік ресімдеу және кедендік бақылау көзделмеген рейстер жүзеге асырылған жағдайларда азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамы осы тармақшада көзделген қорытындыны ұсынады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   324   325   326   327   328   329   330   331   ...   626




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет