396-бап. Жерге және тұрғын ғимараттарға байланысты өткізу бойынша айналымдар
1. Мыналар қосылған құн салығынан босатылады:
1) тұрғын ғимараттың тек қана тұрғын емес үй-жайлардан тұратын бөлігінен басқа, тұрғын ғимаратты (тұрғын ғимараттың бөлігін) өткізу;
2) тұрғын ғимараттың тек қана тұрғын емес үй-жайлардан тұратын бөлігінен басқа, тұрғын ғимаратты (тұрғын ғимараттың бөлігін) жалға (қосалқы жалға) беру;
3) студенттік және мектеп жатақханаларында, жұмысшылар кенттерінде, балалар демалыс үйлерінде, теміржол жатын вагондарында тұруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтер.
2. Мыналарды:
1) автомобильдердi, сондай-ақ өзге де көлiк құралдарын қоюға немесе сақтауға жер учаскесiн беру үшiн төлемақыны;
2) тұрғын ғимараттың тек қана тұрғын емес үй-жайлардан тұратын бөлігін өткізу кезінде жер учаскесін иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын немесе жер учаскесіне ортақ меншік құқығындағы (ортақ жер пайдалану құқығындағы) үлесті беруді;
3) тұрғын ғимаратқа жатпайтын ғимарат (ғимараттың бөлігі) орналасқан жер учаскесін иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын беруді, оның ішінде қосалқы жалға беруді қоспағанда, жер учаскесiн иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын беру және (немесе) жер учаскесiн жалға беру, оның iшiнде қосалқы жалға беру қосылған құн салығынан босатылады.
Достарыңызбен бөлісу: |