434-бап. Қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібі
1. Қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібі қосылған құн салығының асып кетуін қайтаруды салықтық тексеру жүргізбей жүзеге асыруды білдіреді.
2. Қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талапты көрсете отырып, қосылған құн салығы бойынша декларацияны ұсынған, салықтық мониторингте кемінде қатарынан он екі ай тұрған және қосылған құн салығы бойынша декларацияны ұсынатын күнге салықтық есептілікті ұсыну бойынша орындалмаған салықтық міндеттемесі жоқ қосылған құн салығын төлеушілердің қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы бар.
Осы тармақшада көзделген талаптарға сәйкес келетін салықтық мониторингке жататын, салық төлеушіні бөлу, бөліп шығару, қайта құру арқылы қайта ұйымдастырған кезде, қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы қайта ұйымдастырылған тұлғаның құқықтық мирасқорына (құқықтық мирасқорларына) өтеді.
Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, салықтық мониторингке жататын, осы тармақта көзделген талаптарға сәйкес келетін салық төлеушілерді біріктіру немесе қосу арқылы қайта ұйымдастырған кезде, егер біріктіру немесе қосу арқылы қайта ұйымдастырылатын барлық заңды тұлғалар қайта ұйымдастырылғанға дейін салықтық мониторингке жататын салық төлеушілер болып табылса, қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы құқықтық мирасқорға өтеді.
Салық мониторингіне жататын салық төлеуші заңды тұлға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес біріктіру немесе қосу арқылы қайта ұйымдастырылған кезде қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы құқықтық мирасқорға өтеді.
Мынадай шарттар бір мезгілде сақталған кезде:
біріктіру және (немесе) қосу арқылы қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғалардың біреуі салық мониторингіне жататын салық төлеуші болып табылса және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптарға сәйкес келсе;
біріктіру және (немесе) қосу арқылы қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғалардың бірінің акцияларының бақылау пакеті қайта ұйымдастырылу күніне ұлттық басқарушы холдингке тиесілі болса, осы тармақтың төртінші бөлігінің ережелері қолданылады.
Осы тармақтың екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көрсетілген құқықтық мирасқорға (құқықтық мирасқорларға) қатысты қосылған құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдану құқығы ірі салық төлеушілердің мониторингіне жататын салық төлеушілер тізбесінің немесе көлденең мониторинг туралы келісімнің қолданысы тоқтатылғанға дейін қолданылады.
Бұл ретте:
ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілер үшін – есепті салықтық кезеңде қалыптасқан қосылған құн салығының асып кету сомасының 70 пайызынан аспайтын мөлшерде;
көлденең мониторингте тұратын салық төлеушілер үшін – есепті салықтық кезеңде қалыптасқан қосылған құн салығының асып кету сомасының 90 пайызынан аспайтын мөлшерде қосылған құн салығының асып кетуі оңайлатылған тәртіппен қайтарылуға жатады.
3. Қосылған құн салығының асып кету сомасын оңайлатылған тәртіппен қайтару қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талап көрсетілген салықтық кезең үшін қосылған құн салығы бойынша декларацияны салық органына ұсыну үшін осы Кодексте белгіленген соңғы күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде ұзарту кезеңі ескеріле отырып жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |