445-бап. Жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша салық салынатын айналымның мөлшерін айқындау
Егер осы тарауда өзгеше белгіленбесе, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша салық салынатын айналымның мөлшері осы Кодекстің 380, 381 және 382-баптарына сәйкес айқындалады.
446-бап. Еуразиялық экономикалық одақтағы тауарлардың экспорты
1. Тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына экспорттау кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі қолданылады.
Егер осы тарауда өзгеше белгіленбесе, тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына экспорттау кезінде қосылған құн салығын төлеушінің осы Кодекстің 46-тарауына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызуға құқығы бар.
2. Осы баптың ережелері оларды дайындау туралы шарттар бойынша жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын, аумағында оларды дайындау бойынша жұмыстар орындалған Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына әкетілетін тауарларға қатысты да қолданылады. Көрсетілген тауарларға алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды орындау нәтижесі болып табылатын тауарлар жатпайды.
3. Тауарларға меншік құқығының лизинг алушыға өтуін көздейтін лизинг шарты (келісімшарты) бойынша, заттар түрінде қарыз беруді көздейтін шарт (келісімшарт) бойынша, тауарларды дайындау туралы шарт (келісімшарт) бойынша тауарларды (лизинг нысаналарын) Қазақстан Республикасының аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына әкету кезінде қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |