456-бап. Еуразиялық экономикалық одақта тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығын есептеу және төлеу тәртібі
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Еуразиялық экономикалық одақта қосылған құн салығын есептеу және төлеу тәртібі осы Кодекстің 48-тарауына сәйкес айқындалады.
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердiң аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарлардың, оның ішінде алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімдері болып табылатын тауарлардың импорты кезінде салық төлеуші орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органына импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі, оның ішінде лизинг шарттары (келісімшарттары) бойынша декларацияны, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей, қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда не тек электрондық нысанда ұсынуға міндетті.
Салық төлеуші салық органына импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде мынадай құжаттарды ұсынады:
1) тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті (өтініштерді) қағаз жеткізгіште (төрт данада) және электрондық нысанда не тек электрондық нысанда.
Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініштің нысанын, оны толтыру және ұсыну қағидаларын уәкілетті орган бекiтедi;
2) импортталған тауарлар бойынша жанама салықтардың іс жүзінде төленгенін растайтын банктің үзінді көшірмесін және (немесе) Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасында көзделген, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтарды төлеу жөніндегі салықтық міндеттеменіің орындалуын растайтын өзге де төлем құжатын немесе уәкілетті орган берген, салық төлеушіге салық төлеу мерзімін өзгертуге құқық берілгенін растайтын өзге де құжатты немесе осы Кодекстің 451-бабының талаптарын ескере отырып, қосылған құн салығынан босатылғанын растайтын құжатты.
Бұл ретте көрсетілген құжаттар қосылған құн салығын төлеудің өзге тәртібінде, сондай-ақ салық төлеуші салық және бюджетке төленетін төлемдердің басқа түрлері бойынша аталған артық төленген сомаларды есепке жатқызуға немесе есептік шотқа қайтаруға өтініш бермеген кезде импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығы бойынша алдағы төлемдер есебіне жатқызылуға тиісті импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығы бойынша жеке шоттарда артық төленген төлемдер болған жағдайда ұсынылмайды.
Лизинг шарттары (келісімшарттары) бойынша осы тармақшада көрсетілген құжаттар есепті салықтық кезеңге келетін лизинг шартында (келісімшартында) көзделген лизингтік төлемнің мерзімі бойынша осы тармақта белгіленген мерзімде ұсынылады;
3) тауарлардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына өткізілгенін растайтын тауарға ілеспе және (немесе) өзге де құжаттарды. Егер тауарлардың жекелеген түрлерінің өткізілуі, оның ішінде тауарлардың көлік құралдарын пайдаланбай өткізілуі үшін мұндай құжаттарды ресімдеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмесе, көрсетілген құжаттар ұсынылмайды;
4) егер оларды ұсыну (жазып беру) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайда, тауарларды тиеп-жөнелту кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес ресімделген шот-фактураларды.
Егер шот-фактураларды ұсыну (жазып беру) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында көзделмеген болса не тауарлар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет болып табылмайтын мемлекеттің салық төлеушісінен сатып алынса, онда шот-фактуралардың орнына сатушы ұсынған (жазып берген), импортталған тауарлардың құнын растайтын өзге құжат ұсынылады;
5) солардың негізінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарлар сатып алынған шарттарды (келісімшарттарды), тауарлар лизингі (лизинг нысаналары) жағдайында – лизинг шарттарын (келісімшарттарын), заттар түрінде қарыз берілген жағдайда – қарыз шарттарын, тауарларды дайындау туралы шарттарды (келісімшарттарды), алыс-беріс шикізатын қайта өңдеуге арналған шарттарды (келісімшарттарды);
6) Қазақстан Республикасының салық төлеушісіне Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің салық төлеушісі не Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің салық төлеушісі ұсынған, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше үшінші мемлекеттің аумағынан импортталған тауарларды өткізетін ұйымның басшысы (дара кәсіпкер) қол қойған және ұйымның мөрімен расталған, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше үшінші мемлекеттің салық төлеушісі және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше осы үшінші мемлекеттің салық төлеушісімен импортталған тауарды сатып алу туралы жасалған шарт (келісімшарт) туралы мынадай:
тұлғаны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық төлеушісі ретінде сәйкестендіруші нөмір;
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық төлеушісінің (ұйымның, дара кәсіпкердің) атауы;
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық төлеушісінің орналасқан (тұрғылықты) жері;
келісімшарттың (шарттың) нөмірі мен күні;
ерекшелік нөмірі мен күні туралы мәліметтерді қамтыған ақпараттық хабарламаны (осы Кодекстің 454-бабының 2, 3, 4 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларда).
Егер одан тауар сатып алынатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің салық төлеушісі өткізетін тауардың меншік иесі болмаған жағдайда (комиссионер, сенім білдірілген өкіл болып табылса), онда осы тармақшаның бірінші бөлігінің екінші – алтыншы абзацтарында көрсетілген мәліметтер өткізілетін тауардың меншік иесіне қатысты да ұсынылады.
Ақпараттық хабарлама шет тілінде ұсынылған жағдайда қазақ және орыс тілдеріне аудармасының болуы міндетті.
Егер осы тармақшада көзделген мәліметтер осы тармақтың екінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген шартта (келісімшартта) қамтылса, ақпараттық хабарлама ұсынылмайды;
7) комиссия немесе тапсырма шарттарын (келісімшарттарын) (олар жасалған жағдайда);
8) солардың негізінде комиссия немесе тапсырма шарттары бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарлар сатып алынған шарттарды (келісімшарттарды) (қосылған құн салығын комиссионер, сенім білдірілген өкіл төлейтін жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 454-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда).
Бөлшек саудамен сатып алу-сату жағдайында осы тармақтың екінші бөлігінің 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттар болмаған кезде Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарлардың алынғанын (не сатып алынғанын) растайтын құжаттар (оның ішінде бақылау-касса машинасының чектері, тауар чектері, сатып алу актілері) ұсынылады.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 2) – 8) тармақшаларында көрсетілген құжаттар салық төлеушінің басшысы мен бас бухгалтерінің (ол бар болған кезде) не салық төлеушінің шешімі бойынша оған уәкілеттік берілген өзге де адамдардың қолтаңбаларымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша салық төлеушінің мөрі болмаған жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің мөрімен расталған көшірмелерде ұсынылуы мүмкін.
Бұл ретте көрсетілген құжаттардың көшірмелері соңғы парағында парақтардың жалпы саны көрсетіле отырып, тігілген, нөмірленген және соңғы парағын салық төлеушінің басшысы мен бас бухгалтерінің (ол болған кезде) не салық төлеушінің шешімі бойынша оған уәкілеттік берілген өзге де адамдардың қолтаңбаларымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша салық төлеушінің мөрі болмаған жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің мөрімен расталған кітап (кітаптар) түрінде ұсынылуы мүмкін.
Лизинг шарттары (келісімшарттары) бойынша салық төлеуші салық органына импортталған тауарларды (лизинг нысаналарын) есепке қабылдаған айдан – салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) – 8) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынады. Кейіннен салық төлеуші салық органына лизинг шартында (келісімшартында) көзделген төлем мерзімінің айынан – салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген құжаттарды (олардың көшірмелерін) ұсынады.
Егер лизинг шартында (келісімшартында) көзделген тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігін төлеу мерзімі тауарларды (лизинг нысаналарын) Қазақстан Республикасының аумағына әкелгеннен кейін басталған жағдайда, салық төлеуші салық органына импортталған тауарларды (лизинг нысаналарын) есепке қабылдаған айдан – салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде осы тармақтың екінші бөлігінің 1), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынады. Бұл ретте салық төлеуші импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда және тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште қосылған құн салығы бойынша салықтық базаны көрсетпейді.
Егер лизинг шарты (келісімшарты) бойынша тауарлар (лизинг нысаналары) құнының бір бөлігін төлеу мерзімінің күні тауарларды (лизинг нысаналарын) Қазақстан Республикасының аумағына әкелген күнге дейін белгіленген жағдайда, салық төлеуші салық органына импортталған тауарларды (лизинг нысаналарын) есепке қабылдаған айдан – салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) – 5) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынады.
Кейіннен салық төлеуші салық органына лизинг шартында (келісімшартында) көзделген төлем мерзімінің айынан – салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген құжаттарды (олардың көшірмелерін) ұсынады.
Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияның нысанын, оны жасау және ұсыну қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.
3. Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияны қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті (өтініштерді) қағаз жеткізгіште (төрт данада) және электрондық нысанда:
1) тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен қосылған құн салығын төлеуден босата отырып және (немесе) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге төлеу тәсілімен;
2) осы Кодекстің 458-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда салық төлеуші;
3) осы Кодекстің 444-бабының 8-тармағында көзделген жағдайда салық төлеуші ұсынады.
4. Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация мен тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш (өтініштер) электрондық нысанда ғана ұсынылған кезде осы баптың 2-тармағы екінші бөлігінің 2) – 8) тармақшаларында көрсетілген құжаттар ұсынылмайды.
Осы тармақтың ережесі осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларда қолданылмайды.
5. Импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығы салық төлеушілердің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей төленеді.
Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда төлеуге есептелген жанама салықтардың сомасы тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште (өтініштерде) есептелген жанама салықтардың сомасына сәйкес келуге тиіс.
Импортталған тауарлардың бағасы осы Кодекстің 444-бабының 8-тармағына сәйкес ұлғайту жағына өзгертілген жағдайда импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығы шартқа (келісімшартқа) қатысушылар импортталған тауарлардың бағасын өзгерткен айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей төленеді.
6. Тауарларды, оның ішінде алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімдері болып табылатын тауарларды, лизинг шарттары (келісімшарттары) бойынша тауарларды (лизинг нысаналарын) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импорттау кезінде жанама салықтарды есептеу мен төлеуге арналған салықтық кезең осындай импортталған тауарлар есепке қабылданған немесе лизинг шартында (келісімшартында) көзделген төлем мерзімі басталатын күнтізбелік ай болып табылады.
Бұл ретте салықтық міндеттемені салықтық кезең ішінде орындауға жол беріледі.
7. Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация осы Кодекстің 209-бабының 5-тармағында көрсетілген жағдайларда, сондай-ақ тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш ұсынылмаған жағдайда салық органдарына ұсынылмаған болып есептеледі.
Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш осы Кодекстің 209-бабының 5-тармағында көрсетілген жағдайларда, сондай-ақ импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация ұсынылмаған жағдайда салық органдарына ұсынылмаған болып есептеледі.
8. Салық органдарының тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште импортталған тауарлар бойынша қосылған құн салығын төлеу фактісін тиісті белгі қою арқылы растауы не растаудан уәжді бас тартуы уәкілетті орган көздеген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.
Қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда ұсынылған өтініштер бойынша қосылған құн салығын төлеу фактісін растауды салық органы өтініш қағаз жеткізгіште келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде осындай өтінішке тиісті белгі қою арқылы жүргізеді.
Осы баптың 4-тармағына сәйкес ұсынылған өтініштер бойынша қосылған құн салығын төлеу фактісін растауды салық органы өтініш электрондық нысанда келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге жанама салықтарды төлеу фактісін растау туралы электрондық нысанда хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
9. Қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда ұсынылған өтініштер бойынша қосылған құн салығын төлеу фактісін растаудан бас тартуды салық органы өтініш қағаз жеткізгіште келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге қағаз жеткізгіште уәжді бас тартуды жіберу арқылы жүргізеді.
Осы баптың 4-тармағына сәйкес ұсынылған өтініштер бойынша қосылған құн салығын төлеу фактісін растаудан бас тартуды салық органы өтініш электрондық нысанда келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге электрондық нысанда уәжді бас тартуды жіберу арқылы жүргізеді.
10. Осы баптың 9-тармағында көрсетілген жағдайларда, салық төлеуші салық органына уәжді бас тартуды алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде бұзушылықтарды жоя отырып, тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті ұсынуға міндетті.
11. Осы Кодекстің 444-бабының 8-тармағына сәйкес импортталған тауарлардың бағасы ұлғайту жағына өзгертілген жағдайда, импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация және тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш қағаз жеткізгіште және электрондық нысанда шартқа (келісімшартқа) қатысушылар импортталған тауарлар бағасын өзгерткен айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
Бұл ретте импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда және тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште сатып алынған импортталған тауарлардың өзгертілген құны көрсетіледі.
Бағаны өзгерту туралы шарт (келісімшарт), салық салынатын импорт және қосылған құн салығы бойынша өзгертілген мән қамтылған қосымша шот-фактура (егер шот-фактураны ұсыну (жазып беру) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе) және (немесе) импортталған тауарлар бағасының өзгергенін растайтын өзге де құжат импортталған тауарлар бағасының ұлғайғанын растайтын құжаттар болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |