458-бап. Еуразиялық экономикалық одақта тауарлардың импорты кезінде тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті кері қайтарып алу
1. Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш салық төлеушінің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органына ұсынылған салық төлеушінің салықтық есептілікті кері қайтарып алу туралы салықтық өтініші негізінде салық органдарынан кері қайтарылуға жатады.
2. Салық төлеуші осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтық өтінішті:
1) тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш қате ұсынылған;
2) тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішке өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда, оның ішінде осы Кодекстің 459-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда;
3) осы Кодекстің 459-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті кері қайтарып алу жағдайларында ұсынуға құқылы.
3. Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті кері қайтарып алу мынадай:
1) қате ұсынылған немесе тиісті сапада және (немесе) жинақта болмауы себебінен толық көлемде қайтарылған импортталған тауарлар бойынша ұсынылған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініштер бойынша қолданылатын салықтық есептілікті қабылдау және өңдеу жүйесінің орталық торабынан алып тастау;
2) тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішке өзгерістер мен толықтырулар енгізуді салық төлеуші бір мезгілде жаңа өтінішті ұсына отырып, бұрын ұсынылған өтінішті кері қайтарып алу арқылы жүргізетін ауыстыру әдістерінің бірімен жүргізіледі.
Осы тармақтың мақсаттарында тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш, егер мұндай өтінішті ұсыну жөніндегі міндет осы Кодексте көзделмеген жағдайда, қате ұсынылған болып есептеледі.
4. Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішке өзгерістер мен толықтырулар енгізумен бір мезгілде салық төлеушi импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі қосымша декларацияны ұсынуға міндетті.
Осы тараудың мақсаттарында тұлға бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген кезде осы тұлға салық төлеуші болып табылатын осы импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі өзгерістер және (немесе) толықтырулар жататын кезең үшін ұсынатын салықтық есептілік импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі қосымша декларация болып табылады.
Бұл ретте тұлға бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген кезде салық органы осы тұлға салық төлеуші болып табылатын импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды анықтаған кезең үшін ұсынатын салықтық есептілік хабарлама бойынша импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі қосымша декларация болып табылады.
5. Салық төлеушінің тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішке:
1) тексерiлетiн салық кезеңi – қосылған құн салығы және салықтық тексеру жүргiзуге арналған нұсқамада көрсетiлген акциздер бойынша кешендi тексерулер мен тақырыптық тексерулер жүргiзу кезеңiнде;
2) шағым жасалатын салық кезеңi – қосылған құн салығы және салық төлеушінің шағымында көрсетілген акциздер бойынша шағым берудiң қалпына келтiрiлген мерзiмiн ескере отырып, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым беру және оны қарау мерзiмi кезеңiнде өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне жол берiлмейдi.
6. Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті кері қайтарып алу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |