724-бап. Жалпы ережелер
Қол қою бонусы жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт аумағында (жер қойнауы учаскесінде), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен келісімшарт аумағы (жер қойнауы учаскесі) кеңейтілген кезде жер қойнауын пайдалану құқығын иелену үшін біржолғы тіркелген төлемі болып табылады.
725-бап. Төлеушiлер
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын алу конкурсының жеңiмпазы болған немесе жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын алған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай келісімшарттардың біреуiн:
1) барлауға арналған келісімшартты;
2) пайдалы қазбаларды өндiруге арналған келісімшартты;
3) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартты;
4) геологиялық зерделеуге арналған лицензияны;
5) жер қойнауының кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны;
6) кен іздеушілікке арналған лицензияны жасасқан (алған) жеке немесе заңды тұлға қол қою бонусын төлеуші болып табылады.
Осы баптың бірiншi бөлiгi 2) тармақшасының ережесi тиiстi келісімшарт аумағында (жер қойнауы учаскесінде) барлауға арналған келісімшарттың шеңберiнде коммерциялық табуға байланысты өндiруге құқық алуға айрықша құқығының негiзiнде келісімшарт жасасқан жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес өткізілетін "конкурс" ұғымы, осы заңнамаға сәйкес өткізілетін "аукцион" ұғымымен бірдей.
Достарыңызбен бөлісу: |