141-бап. Кешенді тексеру
1. Салық органы салықтардың, бюджетке төленетiн төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің барлық түрі бойынша салықтық міндеттеменің орындалу мәселелері бойынша салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты жүргізетін тексеру кешенді тексеру болып табылады.
2. Кешенді тексеруге тақырыптық тексеру мәселелері, оның ішінде мынадай мәселелер:
банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың осы Кодексте, сондай-ақ "Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы", "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" және "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мiндеттердi орындауы;
халықаралық шарттардың (келiсiмдердiң) ережелерiн қолданудың құқыққа сыйымдылығы;
трансферттiк баға белгiлеу;
акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерінің өндірісін және айналымын, сондай-ақ авиациялық отынның, биоотынның, мазуттың айналымын мемлекеттік реттеу;
орындалуын бақылау салық органдарына жүктелген Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуы бойынша өзге де мәселелер енгізілуі мүмкін.
3. Салық төлеуші (заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі) таратылған (қызметін тоқтатқан) кезде салықтық тексерулер тек қана кешенді тексеру (бұдан әрі – таратудың салықтық тексеруі) нысанында жүргізіледі.
Салық төлеушінің осындай тексеруді жүргізуге арналған салықтық өтінішті ұсыну жағдайларын қоспағанда, резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі тіркеу есебінен шығарылған кезде кешенді тексеру жүргізілмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |