Салықов К. Евней Бөкетов дарынды аудармашы / К. Салықов // Орталық Қазақстан. 2005. 19 наурыз



Дата28.01.2018
өлшемі93,67 Kb.
#34111
Салықов К.

Евней Бөкетов - дарынды аудармашы / К. Салықов // Орталық Қазақстан.- 2005.- 19 наурыз.
Евней-ағаның поэзия жəне драматургия салаларындағы аудармаларын қолға алып, бір ауыз сөз жазуға кіріскенім əдеби талдау не ғылыми зерттеу емес, тек қана сансыз қырлы, бір сырлы дарабоз дарынның бір қырын аша түсу ғана. Жалпы алғанда ақындық дерті Евнейге жастайынан жабысты. Ол анасынан ақын болып жаратылды, бірақ бодандық өміріміздің оны бала күнінен əр саққа салуы тағдырдың сан түрлі қиындықтарынан өткізді. 1932 -1933 жылдар əкелген аштықтың жеті жасында жабысқан тауқыметі көкірегінде өшпес із қалдырды. Ұлы Отан соғысының ауыртпалығы мектептегі оқушы, қыршын жас тағдырына өз белгісін салды. Көп бейнеттің де зейнеті сол шығар ол өмірдің қызу ортасында өсті, тайғақ кешу, тар кезеңдерді өз көзімен көрді. Демек, тағдыры қандай тəлкекке салса да, ол -өлең мен жазудан, орыс ақын-жазушыларын қазақшаға аударудан ешқашан қол үзбеді.

Е. Бөкетовтің аудармашылық өнерін сөз еткенде, Есениннен есіп өтіп, Шекспирге бірақ жетті десек асыра сілтегеніміз болар еді. Оларға жеткенше жас талант əу бастан халқымыздың əдеби бай мұрасынан шөлі қанғанша сусындады. Ауыз əдебиетін жіті білді. Евней Абайды жатқа білді десек еш жаңалық ашпаймыз, ондай ұлағатты мысалдар толып жатыр, ал оның Жамбыл атамызды, Мұхтар, Сəбит, Ғабит, Ғабиденді өте терең, мейлінше толық игергеніне таңдануым, қайран қалуым шексіз еді. Талай жылдар кездесіп жүргендегі мен байқағам шоқтығы биік бір байлығы - Жамбылдың бар болмысын мұқият меңгергендігі болатын. Жəкеңнің үздік «Манасшыл» ақын екенін де Евекеңнен естідім. Тоғызыншы сыныпты үздік бітірген Евнейді соғыс жылдары мұғалімге тапшылықтан Марьевкедегі аудан басшылары қазақ, орыс ауылдарындағы мектептерге сабаққа жекті. Бұл күндердің өз бергені сол, əсіресе жатқа айтуға, оқуға, көркем сөздің ауызекі шеберлігіне ынтыққан шағының, бүршік жарған кезі еді. Ол сол кездердің өзінде орыс тілінде өлең жаза бастады, орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне аударуға жаттығуға кірісті.

Міне, осының барлығы оның үстіне күнделікті ізденімпаздығы мен орасан еңбекқорлығы Алматыда оқып жүрген студент, аспирант кезінде əдеби қауымға таныс етті. Орысшадан қазақ тіліне аударылған бірсыпыра еңбектермен танысып, газет, журнал беттерінде оларға өзінше адал баға беруге кірісті. Аударманың сыншысы бірде: «мука» мен «му'каны» айыра алмаған ақын Маяковскийді аударуға қалай барады» - деп үлкендерге де ауыз сала бастады. Кейін өз аудармаларын жариялауға еркін кірісті.

Е. Бөкетовтің қомақты деген аудармаларына тоқталсақ: В. Шекспирдің «Макбет», «Юлий Цезарь», Джон Флетчерден «Испан соғысы» атты драмалық шығармаларын атар едік. Сондай-ақ, В.Маяковскийдің «Қандала», «Тамара мен Демон», «Керемет» атты поэмалары; Есениннің «Анна

Снегина» атты поэмасы жəне де «Советтік Русь», «Келіншекке хат», «Кочаловтың итіне» атты өлеңдерінің аудармалары сөтті шыққан.

Əрине, Евней Бөкетов дегенде оның В.Маяковскийді əрі аударып, əрі өзге аудармашыларға сыншы көзбен қарап, демеу бергені еске туседі. Евнейдің аударуында В.Маяковскийдің «Қандаласы» қазақша қалыбына дəл түсті. «Еркекке күш те керек, іс те керек, білек те, жүрек те керек» — дегендей Евекеңде күш молынан, білек пен жүрек ере туған серіктері, ал солардың арқасында үлкен-үлкен істер де дүниеге келді. Тиген жерін тесіп өтер Маяковскийдің өткір де, жер-жебесіне жеткір ұшқыр сөздері Бөкетовтің аудармасында өз баламасын сөтті тапты. «Қандаладағы» түйме сатушының:

«Түйме үшін азаматтар үйленбе!

Түйме үшін əйеліңнен жиренбе!

Басып қалса сұқ қолымен бармағы,

Шешілмейді азаматтың шалбары» - дегені;

Қайрақ сатушының:

«Қайрап ұста пышағыңды

болсын десең жүзі өткір,

Қайра, безеп тіліңді

болсын десең сөзі өткір» - деуі;

Селедка сатушының:

«Республикада ең тұздысы тамақтың,

Жан серігі құймақ пенен арақтың» - деп шалқуы;

Слесарьдың:

Ол қыз емес, ол бір құт,

Екі емшегі екі пұт» - деп айғайлауларды сол күндерде ауызға ілігіп, қанатты сөздер болып кетті. Маяковскийді аударушылар қаншама аты шулы адамдар, əрі көп болса да Бөкетовтің «Қандаласы» ең тамаша аударма болып, əділ бағасын алды.

«Қандаладағы»-: «Қандалиус нормалис,

Тоғышарис вульгарис» - дегені де тапқырлығын танытты.

«Тоғышарис вульгаристер» қай заманда да болады екен. Осы күнгі кей қауіпті алпауыттарға үңілсек, даңғазасы көп, өрі іске олақ, əрі қадалған жерінен қан алып өзіне керегін сорып жатқаны көзге елестеп, санаңа орнығады. Бейімбет Майлиннің «Мырқымбайы» секілді Маяковскийдің «Қандаласы» да қазақ зиялы қауымына кең тарады.

Евней Маяковскийдің шығармаларын белгілі мақсатпен аударды. Біріншіден, өжет мінезі, екіншіден, астарлы да ойлы сөзі бауыр тартты. Қоғамдағы хайуанат сипаттыларды Маяковскийше əшкерелей білу де үлкен өнер ғой. Сол ерен мінезінен тапқан кедергілері де аз емес, орыстың ұлы ақынының өлімі де жұмбақ болып өтті. Маяковскийде үлкен ойшылдықтың, тарихтың тереңіне қарай білудің нышаны анық белгі береді. Оның өзі үлкен сабақ еді, тамаша үлгі көрсетті.

Бөкетовтің сырлы сөздің саңлағы, көркем сурет шебері Сергей Есенинге баруы да əрі ерлік, əрі заңды құбылыс, Сергей көрген селендерді Евней де көрді. Орыс пен қазақ қатар шеккен шым-шытырық өмір құбылыстарының да

ұқсастықтары аз еместі. Есениннің жинақтары алғашқы рет қолға түскенде ауыл өмірінің айнасындай, тіршіліктің тірі суретіндей бауыр тартқаны айдан анық. Оның үстіне біздің де, Евнейдің де мектептегі кезінде Есенин жабық жатты. ал ол ақталып ашылған кезде, яғни халық пен орыстың дүлдүл ақынының арасындағы заңсыз перде ашылғанда Евекеңдер əу дегеннен керегін аңдап, сүйгенін аударуға кірісті. Ақ қайыңдардың арасында өскен Евнейге орыстың құдды сондай сулу табиғатын жайлап ескен Есениннің өлеңдері қызғылықты құбылыс болып көрінді де аудара келгенде аударма емес, жеңіл оқылып өзінің төл туындыларындай тартымды əсер қалдырды.

«Анна Снегинаның» барлық көріністері біздің Есіл - Көкше өңіріне өте ұқсас, поэмадағыдай талай диірмендерді де, диірменшілерді де көріп өскен елміз ғой. Кез келген екі селен, не екі ауылдың арасындағы талас-тартыс, араздық, достық, бəсеке, бақастық бəрі-бəрі де танымал өз өміріміздей көрінеді. Сондықтан да Евнейдің:

«Айтпасқа жетпес əліміз,

Бейнесі өшпес жан екен.

Жас күнде сүйдік бəріміз,

Бізді де сүйген бар екен» - дегені нағыз қазақы өлеңдей емес пе. Тап осындай үздік аудармалар қай жүректен де орын табады ғой. Бұл поэмадан орыстың иісі аңқып тұр, поэма ашық, мырза-орыс өмірі. Орыс мінезді дүние жеткілікті, ал соңғы шумаққа келсек əмбеге ортақ. Есенинді аударып Евекең өз шер-шеменін бір емдесе, қаншама тағдыры ұқсас оқырманның сауабын алды. Бəріміз де бəрекелді, шындық сыры осындай болу керек қой деп бір серпіліп қалдық.

«Бізді де сүйгем бар екен» дерлік өткен күннің асыл белгісіндей абзал арумен кездесу кімнің көңіл өрісін кеңітпейді. Ақын өз өкініші, өз жұбанышы арқылы бүкіл оқушы жұртшылықтың көңілінен шығып отыр, аудармашы да ұлы ақынның туындысын дəлме-дəл көрсете білген. Поэманың аяққы кезінің əр жерінен дəмі жүрекке дем берген кейбір шумақтарын алып романс құрасақ былай түседі екен:

«Қызарып атқан таң ба бұл?

Көкжиек өртке ұқсайды.

Сепкендей елес жанға нұр,

Жақсылық сезім ұштайды.

Балдырған бала кезіміз,

Қоштады күзгі гүл алаң.

Жарасты ынтық сөзіміз

Он алты жасар екі адам.

Тағы да елге келемін,

Шілденің түні еркелі.

Арбада жеңіл желемін,

Самал жел мұңын шертеді.

Көзтаныс есік тұр жолда,

Он алты жаста ем, үмітті ем.

Ақ көйлек албырт қыз сонда.

Елжіреп еді: «ұмыт» — деп.

Айтпасқа жетпес əліміз,

Бейнесі өшпес жан екен.

Жас күнде сүйдік бəріміз,

Бізді де сүйген бар екен».

Қандай тамаша романс десеңші, бұл аудармашының үлкен жетістігі. Тіпті аударма деуге де қимайсың. Əнге қосу əрине, композиторлардың ісі.

Евней Арыстанұлы нақ осындай аршынды қадамдардан кейін Джон Флетчердің «Испан соғысын» аударып, ол жорықтан да жеңіспен оралып, Шекспир əлеміне сапар шекті. Қазақ ақыны В. ІІІекспирдің ең ауыр трагедияларының бірі «Макбетті» аударып үлкен жетістікке жетті. Аласапыран күрделі де қиянкескі уақиғаларды сипаттау драматургиялық шеберлік пен тілге өрнектеу оңай сауда емес, əсіресе көркемдік жағына баса қарап, көз тойып, құлақ құрышы қанардай еткен жерлері көп-ақ. Жалпы аударма сəтті шықты.

Шотландияның королі Дунканға келіп, қолбасшысы əрі оның туысы Макбет:

«Патшаның адал қиялы болып,

Көппен бірге қосылып,

Намыс пен ілтипатқа лайықты,

Қайрат көрсету біздің ісіміз» — деген-де Макбет сияқты əрі туысы, əрі қолбасшысы Бамко:

«Мен де Макбет сияқты алма ағашын һəм оның жемісін өзіңізге дайындағанмын» — дейді. Ақыры Макбет корольді өлтірді. Ал, Макбет корольді өлтіру азғырындысына көніл əйелі леди Макбеттің құйрығына тұз салған құйтұрқы ықпалында жүрді. Күнəға батпайын деп, корольге қол саларының алдында тəубаға келгендей жұбайына: «Осымызды қояйық. Ол маған көп жақсылық істеді, əрі халық ардақтайды. Мен де сыйлы күйімде біраз өмір сүрейін дегенде қанпезерлігі қозған, мансапқор леди Макбет:

«Сонда сенің арманың,

Тұрғаннан кейін бір ұйықтап,

Райыңа қайтатын, лепірме мастық болды ғой?

Сөзге батыр, іске жалтақ.

Бүйтіп сүйгенің де құрысын!

Ұмтылсаң асқақ мансапқа,

Тоқтат қалтырап қорқуды,

Достаспас тақ пен қорқақтық,

«Тəттіні татқың, қаттыдан қашқың келеді»,

Болғаның ба сен мысық» — деп қыршаңқы тілмен ашындыра түседі.

Бұл сөздерден кейін Макбет көкірегіндегі жақсылықтың соңғы шырағын сөндіріп залым қаныпезер Леди Макбеттей зайыбына табынған мапсалқорлық жеңген зұлым болып шығады. Е. Бөкетов аударған «Макбет» қазақ сахнасына алғашқы рет Қарағанды облыстық драма театрында тұсауын кесті. Қойылым жемісті болып, жетістіке жетті. Елдің де, аудармашының да қуанышында шек болмады. Өйткені үлкен азаматтың тап осы мезет өмірлік

арманы еді. Спеқтакальдің Алматыда қойылуы республикамыздың мəдени өміріндегі тамаша құбылыс деп саналды. «Макбет» еліміздің көптеген қалаларында сəтті қойылып болашаққа бет бұрды. Е. Бөкетовтің бұл аудармасы Қазақстанда жарық көрген В. ІІІекспирдің таңдамалы шығармаларының екі томдығына кіргізілді. Мұхтар Əуезов бастаған, Ғабит Мүсірепов, Хамит Ерғалиев, Əбіш Кекілбаев қостаған шекспиршілердің асыл ортасына Евней Бөкетов те қосылды. Қазақ əдебиетінің даму, өркендеу, өрістеу жолында Евней Арыстанұлы өзінің алтын қазығын осылай қағып кетті. Ғалымдығына паралар тартқан көкейкесті асыл нысанасы да осы еді, абзал азамат ол арманына толық жетті.

Е. Бөкетовтің философиясы өзі айтқандай: «Адамның мүмкіншілігінде шек жоқ, ұлылық жалғасып жатады» деген үлкен ойға орныққан. Ол үшін Абай мен Мұхтар Гете мен Шекспирдің жалғасы, Қаныш, Шоқанның жалғасы. Ал бұл дау тудырмайтын ұғым болса, В. Маяковскийді А. Пушкиннің жалғасы деген де əдебиеттанушы ғалым, ойшыл ғұлама Евней Бөкетов. Бұл ұғымның дау тудырған кездері де болды, бірақ Маяковскийдің поэзиясыдағы алғашқы жас беймелер Онегиннің жалғасы деген дерегін қазақ əдебиеттанушы ғалымы, тамаша аудармашы ақыны Е. Бөкетов тайға таңба басқандай етіп дəлелдеп берді. Сондықтан бұл ерекше шешім, Евней айтқан сара жол, дара ұғым оның заманымыздың көкірегі гуманизмге толы үлкен ойшыл перзенті екенін анықтап берді.



Кітаптағы: «Өмір - елес, адам сахнадағы ойыншы», «Мияулап мысық тосып тұр, бақа да көлде бақылдап оған үнін қосып тұр», «Қаны бір арысым, жібермесін намысын»; «Атақ пенен сыйлыққа дағды керек», «Адамның жүзі алдамшы», «Тіліңді тіре тісіңе», «Тəттіні татқың, ащыдан қашқың келеді», «Мықтап ұста тағыңды, тағыңа келер қағынды» — деген сияқты қанатты сөздер аз емес. Бұл мысалдар да тұпнұсқадағы ұлы ойшылдықтың Евней қазақшалаған жалғасы.

Аса көрнекті ғалым, ақ иық ақын, тамаша жазушы, үлгілі аудармашы ғылым мен əдебиеттің терең зерттеушісі Евней Бөкетов бар дарынын туған еліне, қазақ атты қасиетті ұлтына арнады. Сол ұланғайыр еңбектерінің ішінде шоқтығы биік көрініп тұрған жоғарыда аталған аудармалары əлемдік əдеби мұраны меңгеруде кəсіби шеберлікті, көркемдік талантты, шынайы сауаттылық пен мəдениеттілікті айдан анық көрсетіп тұрған үлкен жетістік, ол тамаша қаламгердің жетістігі, ұлтымыздың үлкен мерейі.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет