Самал Мамытова, Ә. Қастеев атындағы Қр мемлекеттік өнер музейінің



Дата29.01.2022
өлшемі24,52 Kb.
#115952
Байланысты:
статья для конф. Мамытова С.М.



Самал Мамытова,

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің

«Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімі кескіндеме секторының жетекшісі, өнертану магистрі

Айша Ғалымбаева – киносуретші және ұлттық костюм білгірі

Айша Ғалымбаеваның өнері сан қырлы. Ол қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық тақырыпты жырлайтын дарынды кескіндемеші ғана емес, сонымен қатар киносуретші, әрі қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісін жасаған бірегей тұлға. Суретшінің қазақ кинофильмдерінде жасаған эскиздері мен костюм үлгілері оның өзі өмір сүрген кезеңдердегі «уақытты жазып алуымен» пара-пар. Осы орайда, оның қоюшы-суретші, безендіруші, костюмдер авторы ретіндегі еңбектерін қарастыру бүгінде аса маңызды. Себебі, ол тұңғыш киносуретшілердің бірі ретінде еліміздің кинематография саласында сара жол салды.

Ол «Абай әндері» киносценариіне декорациялар, костюмдер мен кадрлар көрінісінің эскиздерін, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Махаббат туралы дастан», «Шабандоз қыз», «Бұл Шұғылада болған еді», «Дала қызы» кинофильмдеріне костюмдер эскиздерін жасаған. Сонымен қатар, Шоқан Уәлихановқа арналған «Оның уақыты келеді» кинофильмінің түсірілу кезінде қазақ тұрмысы және костюм бойынша кеңесші болып қызмет атқарады. Суретшінің кино өнері саласындағы осындай қажырлы еңбек етуіне оның кәсіби білімі мен төл тарихын жете білуі ықпал етті.

А. Ғалымбаева Алматы театр-көркемсурет училищесін, кейіннен Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография институтының сәндік-көркемсурет бөлімін тәмамдаған. Оған белгілі суретшілер Ю. Пименов, П. Котов, Ф. Богородскийлердің шеберханаларында білім алудың сәті түсті. Әйгілі кинорежиссер Сергей Юткевичпен бірге жұмыс істеу оның шығармашылық көзқарасының қалыптасуында ерекше рөл атқарды. Оқу орнында ол фильмнің көркемдік-сценографиялық образын ашып көрсету, кадрды композициялық тіркеу, сюжет қақтығыстарын көркемдік құралдармен көрсетуге баса назар аудару, тұлғаның дәлдігі мен шынайылығын сақтау сынды кинематографиялық көркемдік әдістерді үйренді.

Суретшінің кино өнеріндегі ең алғашқы жолы, әрі дипломдық жұмысы М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының жалғасы іспетті, режиссер Г. Рошальдің «Абай әндері» фильмінен басталған еді. Бұл күллі қазақ ұлтының ағартушысы, хакімі әрі философы Абай Құнанбайұлының бейнесін ғана емес, барша қазақ ұлтының болмысын, мәдениеті мен өмірін көрсеткен шығарма болғандықтан, суретші Абай әлемін, оның руханиятын қайта тану үшін, қайта аша түсу үшін көп еңбектенеді. Дәл осы шығармада А. Ғалымбаева киносуретші әрі ұлттық киім білгірі ретінде жан-жақты танылады. Бұл кезең екінші дүниежүзілік соғыс кезінде орын алады. Мәскеудегі киностудиялардың Алматыға көшіп келуі үлкен құбылыс болып, қазақ киносының жаңа баспалдаққа өтуіне дем береді. Кинотанушылардың тарихта ЦОКС кезеңі деп атап кеткен уақытында жарыққа шыққан фильм, бір жылдан соң, 1945 жылы Абайдың 100-жылдығына тұспа-тұс келген еді. Сондықтан да, бұл өз кезегінде қазақ мәдениеті мен өнерінде үлкен құбылыс атанды.

Үлкен жауапкершілікті қажет ететін тақырыптың маңыздылығы мен мен тереңдігін түсінген суретші материалдар жинау бойынша үлкен жұмыс атқарады. Ол Абайдың отанынына барып, сол елдің табиғатының, тұрмыстық көріністерінің, ұлттық киімдерінің көптеген суреттерін салады. Сөйтіп, нәтижесінде осы тақырып бойынша екі жүзден астам эскиздер орындайды. Сонымен қатар, сол дәуірдің көрінісін шынайы, нақты беру үшін мұрағаттық материалдарды, сақталған фотосуреттерді зерттеп, Алматы және Мәскеу қалаларының кітапханаларында көп уақыт өткізеді.

«Абай әндері» фильмінің оқиғасы Абай бейнесін, оның болмысын надандық пен көре алмаушылық, ішітарлыққа жаны қас қазақ ұлтының жанашыры әрі сол қоғамдағы жарық сәулесі ретінде береді және мұнда кино суретшісі А. Ғалымбаеваның еңбегі зор. Себебі, мұндағы Абай бейнесі ғана емес, барша атмосфера суретшінің көзімен, оның көзқарасымен суреттеледі. Абайдың шәкірттері, ауыл көріністері мен тұтастай сюжет суретшінің ішкі қайнаған әлемінен, ой елегінен сараланып шығады. Абай бейнесі басты кейіпкерге қарағанда, негізгі адамгершілік таразысы іспетті. Абай арқылы, осы «адамгершілік таразысы» арқылы көрермен өз ақиқатына ие болады. Киносуретші А. Ғалымбаева әрбір кейіпкердің мінез-құлқын, оқиғаның атмосферасын идеялық және психологиялық тұрғыда айқын суреттейді. Мәселен, фильмдегі жағымсыз кейіпкер Шәріп бейнесінің сыртқы көрінісін оқиғаға сай қу, іші тар, арам ойлы екенін шапанының алалығымен бейнелейді. Шәріп бейнесін белгілі актер, режиссер Шәкен Айманов сомдайды.

Фильмдегі драмалық оқиғалар, кейіпкерлердің өзара тартыстары суретші композицияларында түстік шешімдермен өзара байланыста кәсіби түрде шешімін табады. Мәселен, Абайдың сүйікті шәкірті Айдардың шариғат жолын бұзды деп, қатаң жазлануына салынған эскиз оқиғаның драмалық шиеленісуін нанымды суреттейді. «Абай әндері» фильміне жасаған эскиздерінің ішінде «Қорған», «Қадірдің (Айдар) өлімі», «Абай шабыт үстінде», «Отау үй», «Айтыс» еңбектері автордың идеясымен астасып, оның мазмұнын үдете түседі. Мәселен, «Отау үй» туындысында жинақы киіз үй ішінде төрт әйелдің қызыл матаны жайып отырған сәті бейнеленген. Мұнда қалыңдықтың көйлегі, ақ кимешек киген әйелдер суреттеледі. Бұл жай ғана қарапайым көрініс сияқты көрінгенімен, терең мағынаға ие ұлттық салт-дәстүр жөнінен мағлұмат береді.

Киносуретші ретінде А. Ғалымбаева Абай әлемімен тығыз қарым-қатынас орнатады. «Абай әндері» фильмі оған кинодағы алғашқы тәжірибе ғана емес, поэтикалық Абай бейнесін бейнелеу өнерінде жаңаша мәнерде жасауға, жаңғыртуға негіз болады. Мұнда Ә. Өмірзақова, Ш. Айманов сынды дарынды саңлақтармен бірге еңбек етеді. «Абай әндерінен» кейін, суретші «Қозы Көрпеш Баян сұлу» киносценарине декорация эскиздерін жасайды.

1954 жылы суретші режиссер Ш. Аймановтың «Махаббат дастаны», 1955 жылы режиссер П. Боголюбовтың «Шабандоз қыз» және режиссер М. Бегалиннің «Бұл Шұғылада болған еді» фильмдерінің костюмдеріне эскиздер жасайды. Сондай-ақ, М. Бегалиннің Ш. Уәлихановқа арналған «Оның уақыты келеді» фильмінде костюм бойынша кеңесші болады.

«Шабандоз қыз» фильміндегі басты кейіпкерлер Ғалия, Айдар, Аңғарбайдың бейнесі мен костюмдеріне эскиздер жасауда суретші түске баса назар аударады. Әрбір кейіпкердің бейнесі мінез-құлқы, мазмұнға сай іс-әрекеттері олардың костюмдерінде шешімін табады. Колхоз жылқышысы Айдар мен жылқы зауытының бас жылқышысы Ғалияның махаббаты арқылы кеңестік тұстағы бірқатар мәселелер көрініс тапқан, аталмыш фильмде ер және әйел адам, егде кісілердің костюмдері кеңінен көрініс табады. Мұндағы костюм үлгілерінің көркемдік құндылығы мол, әрбір детальдарға аса мән берілген. Осыған қарап, суретшіні қазақ халқының дәстүрі мен болмысына ерекше құрметпен қарайтын, оның өмір сүру салты мен тарихын тереңінен меңгергендігін байқауға болады. Ол: «Сурет салуға деген ықыласым өте артып жүр. Өз халқымның өмірінен үлкен шығарма жазсам ба деп ойлаймын. Тақырыптық кариналарды аса керек етіп тұрған уақыт қажеттілігі менің ойыма сай келеді. Неден, қалай бастарымды білмей жүрмін. Студентке үлкен шығармаларды қалай жасауды ешкім де оқытпайды ғой. Бірақ мен оны қарау, іздену үстіндемін», - деген пікірі мақсаты айқын, талғамы қалыптасқан суретшінің ойы еді. Оның жан-жақты ізденістері фильмдер, костюм эскиздерінде айқын көрінеді.

1966 жылы А. Ғалымбаева режиссер Ш. Айманов, К. Гаккельдің «Дала қызы» фильміне эскиздер жасайды. Аталмыш фильм Кеңес өкіметі тұсындағы бай мен кедейдің, жалпы адамдардың өмірін суреттейді. Ескіліктің жолынан құтылып, жаңа өмірге аяқ басқан қазақ әйелінің білім алып, қоғамда өз орнын іздеуге ұмтылуы Нұржамалдың бейнесі арқылы жиынтықталып беріледі. Бір айта кетерлік жайт, суретшінің осы фильмге жасаған эскизін қазақ эпостарының дастандарына иллюстрация ретінде қолдануға болады. Себебі, мұнда нағыз қазақ қызының дәстүрлі бейнесі суреттеледі. Декоративті шымылдық қазақ ұлтының мінез-құлқының ұстамдылығын, оның нәзік те бай дүниетанымын, сұлулығын айқын көрсетеді.

А. Ғалымбаеваның кино саласындағы атқарған еңбектері оның ұлттық киімдер бойынша алғашқы байыпты мамандардың бірі болуына жол ашты. Ол Қазақконцерт пен Республикалық филармония ұжымының тарапынан қойылған қазақ билеріне костюм үлгілерін жасайды. Матаның жаңа түрлерін пайдалану, халық киімдерінің дәстүрлі үлгілерін жетілдіру арқылы сәнді костюмдердің билеуге қолайлы сахналық нұсқаларын жасап шығарады.

Айша Ғалмбаева шығармашылығында қазақ халқының ұлттық бейнесі маңызды орынға ие. Ұлттық сыр-сымбатпен қазақтың киім үлгілерінің түрлерін өзіндік сипатта сақтауға көп жылдар еңбек етіп, зерттеу жасаған. Оның талай жыл тер төккен еңбегінің нәтижесі 1958 жылы «Қазақтың ұлттық киімдері» деген суретті альбом болып басылып шығады. Онда қазақтың ескі халық киімдерінің түрлерін, әйелдер мен ерлердің мерекелік және күнделікті костюм үлгілерін әрбір адамның өзіндік тұлғасымен ер адамның киімін ер адамға кигізіп, әйелдердің киімдерін әйелдерге кигізіп айрықша суреттермен беріледі. Олардың ішінде алтынмен зерленген, Ақтөбе уезінің билеушісі Нұрмағамбет Түбетовтің, Мұхамед Таукиннің бас киімдері, Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгірдің әйелі Фатиманың түпнұсқа киімі, адайлықтардың зергерлік әшекейлері, жастарына қарай кестеленген әйелдердің әртүрлі бас киімдері және басқа да бұйымдар бар. Аталмыш костюмдер көркемдік жағынан ғана емес, тарихи-этнографиялық тұрғыда бағалы болып табылады. Суретшінің өз ісіне деген адалдығы, ұқыптылығы сондай, костюм үлгілерін жасағанда әрдайым оны киетін адамның бейнесін жасауға ұмтылады. Бүгінде, біз суретшінің бұл еңбегін қазақтың көркем мәдениетіне қосқан құнды байлықтарының бірі деп толық айта аламыз.



Костюм білгірінің қызыл, таңқурай түстес көйлектері мен орамалдары әйел затына әдемілік, нәзіктік пен романтикалық рең береді. Осындай керемет костюм үлгілері мен өнердегі үздік шығармаларда еңбек етуде суретші өз замандастарының галереясын ешбір кедергісіз жасап шығады.

Сонымен, қазақ ұлттық костюмдерінің А. Ғалымбаева жасаған иллюстрацияларында, олардың композициясы қарапайым, табиғаттың құбылыстары мен өмір сүру салтына лайықталып, жасандылықсыз жасалғанын байқауға болады. Ер, әйел адамның киімдерінің сыртқы пішіндері қазақтың ұлы, орта және кіші жүздерінің орналасқан аймағы мен өзіндік ерекшеліктеріне қарай әр қилы болғандықтан, олардың үлгілерінде де осы үрдіс сақталынған. Осыған қарап, суретшінің эскиздер мен костюм үлгілерінде қазақ ұлтының мәдениеті мен тұрмысы, шынайы болмысы тарихи шындықпен біте қайнасып жатқандығын аңғарамыз. Бұл дегеніміз, А. Ғалымбаева тек киносуретші, кескіндеме шебері ғана емес, тарихты, мәдениетті жалғастырушы әрі жаңғыртушы тұлға. Ол тарихи кезеңдерді, уақыттарды өз шығармалары, костюм үлгілері арқылы жазып алып, келер ұрпаққа мұраға қалдырған бірегей суретші.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет