Сапакова К.Н.
2 курс магистранты
ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ЭЛИТАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН
Түйін
Мақалада ХХ ғасыр басындағы ұлттық элитаның қалыптасу тарихы, отандық тарихты зерттеу тұжырымдамасы билік пен ғылым арасындағы тепе-теңдікті, ынтымақ пен ықпалдастықты сақтайтын мәселе ретінде қарастырылған. Билік басындағы ұлттық элитаның қоғамға бейімделуі және қалыптасуы кезеңдік даму деңгейімен көрсетілген.
Түйін сөздер: элита, билік, Президент, парламент, үкімет, сот, ғасыр, саяси, ұлт, мемлекет.
Мемлекеттi басқару бүкiл халықтың және кез келген аспаздың қолынан келе бермейдi. Кеше де, бүгiн де, ертең де осылай болған, бола бередi. Бұл – бiр. Екiншiден, мемлекеттiк басқару жүйесi әрқашан азшылықтың қолында. Олар халықтың қалың ортасынан шыққан лайықты ұл-қыздары болуы керек. Азшылықтың кешкен күнi жол айрығында тұрған жолаушының қиналысын елестетедi. Қабылдаған шешiмi қате шығып, дiттеген жерiне апарар жолдан адасса, қол астындағыларды соқпаққа ұрындырады, өзi де тарихтың қоқыр-соқырынан орын тебуге мәжбүр болады. Немесе керiсiнше. Ел билеудi мiндетiне алған азшылықтың шын мағынасындағы кемелдiгi, ғасырлар тезiнен өткен салт-дәстүрдiң озығын сақтай алуы, осыларды әдiл заңдармен бекемдеп, бұлжымай орындалуын бiлгiрлiкпен ұштастыра алуы қалың көпшiлiктiң бағын ашып қана қоймайды, нағыз таланттар мен тұлғалардың қанат жаюына iргетас қалайды екен. Ұрпақ жалғастығы дегенiмiз – осы. Сабақтастықсыз iлгерiлеу жоқ. «Мемлекеттi басқара отырып, адамдарды өлтiрудiң қажетi не, - деген екен ежелгi Қытай ойшылы Конфуций. – Егер сiз iзгiлiкке ұмтылсаңыз, халық та iзгiлiкке бой ұсынады. Тектi ердiң моралi желмен тең, жаман адамның моралiн шөп дерсiң. Жел қайда соқса, шөп сонда қисаяды». Ел билеушiнiң бойынан қандай қасиеттердiң табылуы керектiгiн айтқан басқа да ойшылдар аз емес. Кезiнде ұлы жерлесiмiз әл-Фараби да бұл мәселеге арнайы тоқталған. Билiк иелерiне қойылатын талапты отарланған қазақ қоғамына үйлестiре жүйелеуге терең толғанғандар Шоқан мен Абай болатын.
Сонымен, ел тағдырын шешер билiктiң екi тiзгiн, бiр шылбыры кемелдiң кемелiнiң, үздiктiң үздiгiнiң қолында болуы қажет. Топты жарып шыққан осындай кемелдердi, осындай үздiктердi ғана ұлттық элита деген айдармен айшықтауға негiз бар. Бiрақ мемлекеттiк билiк айналасындағылардың бәрi бiрдей ұлттық элитаға кiре бермейдi. Оған тек мемлекет деңгейiнде немесе өз саласы бойынша баршаға мiндеттi шешiм қабылдауға өкiлеттiгi барлар ғана жатады. Бүгiнгi күн жағдаятымен түсiндiрсек, бұлар – Президент, Парламент, Үкiмет және үкiмет мүшелерi, Президентке немесе үкiметке тiкелей бағынышты Жоғарғы Сот, Ұлттық банк, қаржы полициясы сияқты құрылым басшылары. Ұлттық элитаның осынау тобын саяси элита десек қателеспеймiз.
Ұлттық саяси элита елдегi барша әлеуметтiк қауым есебiнен жасақталады. Тап қазiр бұлардың құрамында кешегi металлург те, мұғалiм де, дәрiгер де, құрылысшы да, заңгер де, басқалар да бар. Ортағасырлардағы, жаңа замандағы Қазақстанда да солай болған. Әу бастағы тарихи бастауларын зерделер болсақ, ұйымдық тұрғыдан тұтасуы, қызметiнiң пәрмендiлiгi тәрiздi көрсеткiштерi бойынша саяси элитадан бұрын бой көтере қалғанымен одан биiк сатыда тұрған элита тобын ауызға ала алмаймыз. Қазақ даласында ежелден сазгерлер, сәулетшiлер, ойшылдар ғұмыр кешкенi мәлiм. Бiршамасының аты, еңбектерi тарих зердесiнде сақталып, бүгiнге жетiп отыр: «Алпамыс», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырлары, Қорқыттың күйлерi, Қожа Ахмет Яссауи шығармалары, «Кодекс команикус» қазақ этносы қалыптаспаған уақытта пайда болған. Дегенмен, осылардың ешқайсына қазақтан басқалардың таласы болмауы керек деп шорт кесуге негiз жоқ. Бұлар исi түркiлердiң ортақ қазынасы. Бiреулерiн қазақ топырағында жаралғаны үшiн, екiншiлерiн даланың ауызша тарихнамасында сақталып қалғаны үшiн, үшiншiлерiн өз жерiмiзде тұрғаны үшiн басқадан жақын тартамыз. Ара-кiдiк сыртта қалған асылдарымызбен қайта табысатынымыз бар. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейiн әл-Фарабидiң өзбек ойшылы саналып келгенi осыған дәлел. Демек, мемлекеттiң шаңырағын көтерген саяси элита сол мемлекеттегi басқа элита топтарының кiндiк әкесi саналуы керек. Өйткенi соңғылары, әсiресе мұрагерлерi ұлттық мемлекеттiң шаңырағы көтерiлiп, ресми-заңды билiк жүйесi орнаған соң ғана ұлттық бояуы қанық, ұлт мұраты биiгiнен табылған туындыларын дүниеге әкеле алды. Бұдан шығатын қорытынды бiреу: халықтың, қоғамның кемелденуi негiзiнде мемлекеттiң пайда болуы мен ұлттық саяси элитаның қалыптасуы бiр мезгiлде жүредi екен де, олар iлгерiден жеткен элитаның басқа топтарының шын мағынасындағы ұлттық негiзде өсiп-өнуiне, саясаттың, идеологияның, материалдық өндiрiс салаларының, руханияттың iзашарына айналуға серпiн бередi екен. Ойымыз түсiнiктi болуы үшiн айғақ-дәлелге жүгiнейiк. ХV ғасырда этникалық дамуы әбден пiсiп-жетiлген қазақ халқының мемлекеттiгiн құрған Керей, Жәнiбек сұлтандар өз заманының ойшылдары Асан Қайғы мен Қазтуған жырауды ғана емес олардан iлгерiдегi даналардың мұрасын жетiк бiлгенi күмән туғызбайды. Әйткенмен осы екi тұлға қазақ хандығының шаңырағын тiктегеннен кейiн ғана ұлттық элита топтарының шұғыл да жеделдей өскенi ақиқат. Бұлар содан кейiнде тiлiмiзге, ұлттық болмысымызға, табиғатымызға тән жырау, сал-серi, ақын, бақсы-балгер, би, батыр, күйшi, жұлдызшы, есепшi, т.б. әлеуметтiк-кәсiби топтарға жүйеленiп, ұлттық элитаның шоғырлы да жұлдызды тобын бере алды, бастары қосылды, ұлт игiлiгiне айналды. Бодандықтың қамытын кигенге дейiнгi кезеңдегi осынау элитаны ұлттық дәстүрлi элита деп атаған жөн болар.
ХIХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында империядағы, тiптi әлемдегi түбегейлi өзгерiстер және қазақ қоғамының капиталистiк қатынастарға аяқ басуы себептi ұлттық элитаның жаңа тұрпаттағы топтары өсiп шықты. Ұстанған саяси позициясы, әлеуметтiк-таптық бағдары, ұлттық идеясы жағынан келгенде бұлар бiркелкi емес едi. Атап айтар болсақ, консервативтi ұлттық элита дiни-конфессионалды құндылықтар мен ұстанымдарды басшылыққа алса, радикалды ұлттық элита большевизм жағына шықты. Прогрессивтiк-демократиялық элита Алаш қозғалысының басында тұрды. Тұтас Түркiстан идеясын көтерген М.Шоқай мен оның серiктестерiн ымырасыз – түркiшiл ұлттық элита деп атаған жөн тәрiздi. Ұстанымдары мен құндылықтары қабыспаса да, бәрiнiң көздеген түпкi мұраты қазақ халқының азаттығы едi. Сондықтан да бұлар, тұтастай алғанда, ұлттың саяси-азаттық элитасын құрады. Саяси-азаттық элита өлкедегi әр салада қызмет еттi. Оның iшiнде дәрiгер, инженер, мұғалiм, заңгер, әскери маман, ақын, т.б. бар едi. ХХ ғасыр басында бұларды оқығандар, зиялы деген атау-түсiнiктермен айрықшалайтын. Әрине, оқығандар мен зиялылардың барлығы элита болмайтыны түсiнiктi.
Саяси-азаттық элитаның тарих сахнасына көтерiлуiмен жергiлiктi басқарушы элитаның да, шығармашылық элитаның да қоғамдағы орны мен әлеуметтiк практикасына айтулы өзгерiстер ендi. Жергiлiктi басқарушы элита қауымы ендi негiзiнен екi лагерьге жiктелiп, бiрi ресми отарлық жүйенiң сойылын соғумен тарих алдындағы өз үкiмiн өзi шығарды. Майырдың алса бұйрығын, борбайға қысып құйрығын, елдi қорқытып, онан өзi қорқып томпаңдайтын, жортатын – осылар. Екiншiсi саяси-азаттық элитаның жанына жақын санаған тобына қосылып, 1917 жылдың ақпаны мен қазанында түпкiлiктi таңдауын жасады. Ал шығармашылық элита романтизм, сыншыл реализм, дiншiл мазмұн мен бағыттағы туындыларымен қалың бұқараның көңiл ауанын өрнектей жүрiп, қоғамды иектеп алған өзгерiстерден сырт қалмады. Кейде саналы, кейде стихиялы түрде қай саяси-азаттық элита тобына бүйрегi бұратынын ол да сыртқа шығарды. Қысқа мерзiм iшiнде бiр топтан екiншiсiне өтiп жатқандары да болды. Ғасырлар тоғысындағы толқу мен интеллектуалдық iзденiстер iзi Шәкәрiм қажының, Сұлтанмахмұттың, Бейiмбеттiң туындыларында сайрап жатыр.
Осылайша, ұлттық мемлекетi мен идеологиясы, бiртұтас ақпараттық кеңiстiгi мен байланыс жүйесi жоқ ортада да барша элитаның маңдай алдысы болып саяси элита қала беретiнi және дәлелдендi. Бiрiншi буржуазиялық революция жылдарында, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысында, 1917 жылғы қос революция тұсында халық жергiлiктi басқарушы немесе шығармашылық элитаның соңынан емес, негiзiнен саяси-азаттық элита топтарының соңынан ердi. Оның зердесi мен санасынан Ата тарих сiлемдерi өшпеген екен. 1916 жылғы көтерiлiсте жер-жерде хан сайлауының өткенi, ондаған хандардың пайда болуы осының айғағы.
Әрине, қазақ хандығындағы саяси элита мен отарланған Қазақстандағы саяси-азаттық элита арасындағы айырмашылық жер мен көктей болатын. Бiрiншiсi туған елiнiң нығаюы мен қауiпсiздiгi үшiн жан алып, жан берiссе, екiншiсi империяның табанына түскен елi мен жерiн аман сақтап қалудың жолын iздедi. Керей, Жәнiбек, Тәуке, Абылайлар дәстүрлі, табиғи әлеуметтiк негiзге сүйендi, ал ХХ ғасыр басындағы Әлихан, Сәкен, Мұстафалар тапқа, руға, жүзге жiктелісі деформацияланған, әлемдiк өркениеттен кенже қала бастаған қазақты оянуға шақырды. Қазақ хандығының саяси элитасымен Ресей де, Қытай да, ортаазиялық билеушiлер де есептесушi едi. Ендi әлемнiң алпауыттары қазақтың саяси-азаттық элитасына үлкен ойынға қажет кiшi құрбандық ретiнде қарайтын болды.
Кеңестiк Қазақстандағы ұлттық элита тағылымы мен тарихының келесi ерекшелiгi оның құрылымы мен қатарының бұрынғыдан әлденеше күрделiленгенiнде, өскенiнде жатыр. Социалистiк құрылыс нәтижесiнде, жақсы болсын, жаман болсын, экономиканың, әлеуметтiк инфрақұрылымның бiлiм, ғылым, мәдениет, өнердiң, спорттың бұрын-соңды белгiсiз сан алуан саласы қалыптасқаны рас. Ендеше осының әрқайсының ұлттық өз элитасы өсiп шықты. Әрине, бiреуi ерте, бiреуi кеш деген тәрiздi. Бiрақ бұлар бiрiн-бiрi қайталамайтын, әрқайсы айрықша құбылыс. Қайталанбас айрықша тұлғалар элитаны құрайды. Ал сол элита тұлғалар замандас, сыйлас, пiкiрлес бола қалса, ұлттың несiбесiнiң артқаны. Заманы бiр болғанмен, iстерi қиғаш келiп жатса, ауыздағының кеткенi екен. Ұлт элитасының осынау тағдыранықтағыш жауапкершiлiгi халық философиясымен бекемделгенi бекер емес. Қазақта: «Бiр адам таққа отырса, мың адам атқа отырады», «Бiр адам жүз адамға олжа салады» деген нақыл сөздер бар. Бұл жерде мың адамды атқа отырғызатын, жүз адамға олжа салатын бiр адам – элита өкiлi. Айталық, Қ.Сәтбаевтың Жезқазған кен орнын ашуы, Ғылым Академиясын ұйымдастырудағы кемеңгерлiгi жүздеген мың адамға олжа салған жоқ па. М.Әуезов «Абай жолымен» миллиондардың санасын ашып, эстетикалық талғамын қалыптастырды ғой. Ғ.Мүсiрепов, Ш.Есенов, Н.Тiлендиев, А.Жұбанов, Ә.Марғұлан, I.Есенберлин, Е.Бөкетов, Ш.Айманов, Ә.Қастеев, М.Мақатаев, К.Бәйсейiтова, Ш.Қалдаяқов, Б.Саттарханов, мiне, осындай мәңгi жарық жұлдыздар.
Жинақтай айтар болсақ, ұлттық элита дегенiмiз зерек ақыл-ойымен, тегеурiндi iс-әрекетiмен, интеллектуалдық iзашарлығымен халқының iлгерiлей дамуына шарапатын тигiзген, адамзат өркениетiне лайықты үлес қосқан, ұлтқа үлгi қабiлет-қасиетке ие тұлғалардың шоғыры. Ол қоғамдағы ой еңбегi адамдарының ғана емес, басқа да әлеуметтiк-кәсiби қауым құрамына тән. Мәселен, күрiшшi Ы.Жақаев, тарышы Ш.Берсиев, қойшы Ж.Қуанышбаев, шахтер Т.Күзембаевтар өз ортасының элитасы. Шәкәрiм қажының сауалына оралсақ, жанкештi еңбегiмен ұлтын өрге сүйреген кiсi - «ең жақсы адам».
Қазiргi Қазақстанда саяси элитаға зәрулiк басым. Бұған таң қалуға болмайды. Үш ғасырға жуық тарихи-табиғи дамуға қажетсiнуiмiз бұрмаланумен келдi. Қуыршақ мемлекеттiк басшылық кемел саяси элита ұрпақтарын туындата алған жоқ. Демократия құндылықтары мен заң күшi сақталмаған отар елде элита қауымының бiр бөлiгi iштей шермендiлiкпен тағдыр кешсе, екiншiсi ертеңгi күнiне де, өзiне де сенуден қалып, әр iстiң басын шалумен талант-қабiлетiн рәсуа қылды. Элитаға лайық орында отырғандардан iшкенге – мас, жегенге – тоқ тоғышарлар бой көтеретiн көрiнедi. Элитаға зәрулiктiң бiр себебi ғасырларға созылған қыспақтан халқымыздың мәдени-рухани тамырына балта шабылып, ол басқа өркениеттiң ұстанымдары мен құндылықтарын қастерлеуге бет бұра бастағанында жатыр. ХІХ, ХХ ғасырларда Абай, Ахмет, Мағжан, Мiржақып күйiне, күйзеле сынаған бұл дерттен iлезде сауығып кету оңайға соқпайды. Ауру батпандап кiредi, мысқалдап шығады. Ендеше, елге тұтқа болады деген әкiмдер, министрлер қылмыстық iстерi үшiн жауапқа тартылып жатса, жемқорлық әлемдегi биiк деңгейде сақталып отырса, Мәжiлiс депутаттары мемлекеттiк тiл мұқтажын бiле тұра елемесе, елде оппозициялық партия басшыларын тападай талтүсте сабауға жол берiлсе, Президентiмiз лентасын қиған мектептiң төбесi бiр жыл өтпей құлап жатса, бәрiн ескi мен жаңаның, ілгерілеу мен іркілістің арпалысын бастан кешудемiз деп қабылдайық.
ХХ ғасыр басындағы саяси-азаттық элитаны таптық-идеологиялық келiспеушiлiк титықтатқан едi. Бүгiнгi элитамыздың басын бiрiктiрмей отырған кесел – өркениеттiк таңдауының әрқилылығы. Бiрде шығыстық, бiрде батыстық, бiрде еуразиялық, бiрде америкалық өркениеттi үлгi тұту сәнге айналған тәрізді. Таңдау – ел тағдырын анықтау екенiн ұқса керек едi.
Азаттық элитасының жаңа буынын қалыптастыруды осы бастан кешендi жүргiзген жөн. Бұл орайда екi мiндеттiң жауапкершiлiгi өте зор. Бiрiншiден, жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие iсiнiң сапасын әлемдiк стандартқа сай болуын қамтамасыз етумен жүргенде оның ұлттық болмыс-мазмұнынан айрылып қалмау керек. Жерiмiздiң асты-үстiндегi байлыққа қызығушылар көп. Олар өз жақтастарын студент кезiнен қолға түсiруден тартынбайды. Мәселен, қазiргi Қазақстанда көптеген Ресейлiк институттар мен университеттердiң филиалдары ашылды. Осылар кiмдердi оқытып жатыр, қалай оқытып, ненi оқытып жүргенiн бiр сәтке көзден таса қылуға болмайды. Президенттiк «Болашақ» бағдарламасымен шет елге оқуға жiберiлетiн жастардың бойына қазақы менталитет тән болуын қадағалаған жөн. Өркениет көшiне кеш iлескен бiз сияқты мемлекеттiң тағдырын бiр ғана қайраткер тұлға шешiп жiберуi мүмкiн. Iштен шыққан жау жаман, деген бабалар сөзi бекер емес. Екiншiден, ұлттық элитаны тек қазақтардан даярлауға тырысу дұрыс емес, пайдасынан зияны басым түсуi мүмкiн. Ұлттық элита тарихының ең жауапты кезеңi жүрiп жатыр. Соңғы үш ғасырға жуық уақыт аясында ол еркін де көсіле өсіп-өнуге қажетті мұндай мүмкіншілікті бастан кешпеген еді. «Дүние дамуымен есептегенде,- деді Елбасымыз Қазақстан халқына 2009 жылғы Жолдауында, - жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бірақ біз үшін үлкен кезең тұтас бір дәуірмен барабар. Олай болатыны, тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты. Сол себепті тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша». Енді осыны барынша ұтымды пайдалану үшін аянып қалмау керек. Бұл – ұзаққа созылатын, тіпті мәңгі аяқталмайтын үрдіс. Өйткені жер бетінде қазақ деген халық тұрғанда оның элитасы үздіксіз жасақталып жатуы тиіс. Қазіргідей алмағайып заманда, қоғамның дамуы мейлінше жылдамдаған тұста ұлттық элитаның құрамы мен құрылымы өзгерістерге ұшырап отыратыны сөзсіз. Ендеше ұлттық элитаны даярлаудың мемлекеттік бағдарламасы түзілетін болса, мұны да ескерген жөн. Түптеп келгенде ел тағдырына шешуші әсері бар элитаның қалыптасуы көп міндеттің бірі емес екені күмәнсіз. Ол азаттық элитасы дәрежесiне көтерiлуi керек. Осы жолы уақыт үдесiнен шыға алса, өзiнiң де, Қазақстанның да кемел болашағына есiк ашады.
Резюме
В статье рассмотрена история формирования национальной элиты в начале ХХ века и концепция изучения отечественной истории как вопрос сохраняющий баланс между властью и наукой, согласием и интеграцией. Формирование, уровень развития и адаптация национальной правящей элиты к обществу показаны по периодам.
Ключевые слова: элита, власть, Президент, парламент, правительство, суд, век, политический, нация, государство.
Summary
The article describes the history of the formation of the national elite in the early twentieth century, the concept of studying the country's history as a matter of preserving the balance between power and science, solidarity and integration. Formation, level of development and adaptation of the national ruling elite to the society are shown by the periods.
Key words: elite, power, the President, the parliament, the government, the court, century, political, nation, state.
Достарыңызбен бөлісу: |