Сарыарқаның ертедегі кен өндірілген орындарын ашу және оны зерттеу тарихы


САРЫАРҚАНЫҢ ЕРТЕ ЗАМАНДАРДАҒЫ КЕН БАЛҚЫТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ



бет3/9
Дата23.05.2020
өлшемі117,09 Kb.
#70774
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Сарыарқаның пайдалы қазбалары

САРЫАРҚАНЫҢ ЕРТЕ ЗАМАНДАРДАҒЫ КЕН БАЛҚЫТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ

Кенді ұсатып, үгітіп, және жуған кейін оны балқыту әлдеқайда жеңіл болып келеді. Кенді өңдеудің бұл сыры сонау ерте замандардан Сарыарқаны қоныстанушы тайпаларға мәлім болды. Бұл процесс бүгінгі металлургия өндірісінің де негізі болып табылады. Байырғы кеншілер өндірілген кенді сұрыптап алғаннан кейін кендегі пайдалы құрамбөліктерін көбейту, оны таза күйінде даралау, зиянды қоспалардан ажырату, көп бөлшекті кендегі әр түрлі кұрам бөліктерді жіктеу, сапасын бір қалыпқа келтіру секілді бірнеше мәрте байыту жұмыстарын жүргізген. Кенді алғашқы бос жыныстардан тазартып алу забойдың ішінде жүргізілген. Өндірілген рудадан металдың құрамына қарай бай кен іріктеліп алынып, бос жыныстар мен кедей кен үйіндіге шығарылып немесе жер асты қазбаларын бітеуге пайдаланылған. Лабораториялық анализдің көрсетуінше, кен қалдықтары үйінділерінен құрамында көп мөлшерде металл бар кен кесектері жиі кездеседі. Бұл туралы өткен ғасырда Қарқаралы, Баянауыл аудандарындағы көне кен қазба орындары маңындағы кен қалдықтары үйінділерінен көп мөлшерде алынған кен үлгілерін зерттей отырып, тау-кен инженері И.А. Антипов жазған болатын. Жезқазған кен қазба орындарының да өте ертедегі кен қалдықтары үйінділерінен алынған кен үлгілеріне химиялық анализдер жасалды. 1930 жылы ірі кен орындарының бірі Кресто - Центрдің кен қалдықтары үйінділерінен алынған 320 кен үлгілеріне жасалған анализ нәтижесі олардың 47 - ісінде 5% мыс, қалғандарының құрамында 2 % мыс болғанын көрсетті. Бұл секілді көп еңбек шығынын қажет етпейтін байлық көзі көптеген көпес - кәсіпкерлердің назарын аударды. Жезқазған, Қарқаралы, Баянауылдың ертедегі кен қалдықтары үйінділерінен табылған кен қалдықтары Попов, Ушаков секілді кәсіпкерлердің кен балқыту заводтары үшін негізгі шикізат көзі болып табылды.

Ерте кездерде кенді алғашқы өңдеу қазба орындарынан басқа жерде, кеншілердің қоныстары маңында өзен, көл, құдық, жасанды су қоймалары тәрізді су көздеріне жақын жерлерде жүргізілді. Өзендердің ағысы тігінен қойылған гранит шойтастардан жасалған плотиналармен бекітілді. Көптеген плотиналар Қарқаралы, Баянауыл далаларында ашылып, зерттелді. Жезқазғандағы көне кен қазба орындары маңынан табылған толып жатқан плотиналар легі де зерттелді.

Кен байыту іздерін - ерте заманнан қалған су қоймалары қалдықтары, көптеген шұңқырлар, кен қалдықтары үйінділері, үгітілген және жуылған кен үйінділері күйінде көруге болады. Орталық Қазақстанның барлық байырғы Саяқ, Қоңырат, Алтын су, Шақпақтас, Жосалы, Майқайың, Бестөбе, Степняк, Иман тау қазба орындары маңынан, Жезқазғанның Кресто - Центр, Златоуст, Карпиенский участкелері, Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөл мыс балқыту орталықтарынан кездестіруге болады. Үгітілген кен үйінділері бар кен байыту орындары Орталық Қазақстанның көптеген аймақтарынан ашылды. Ұлытау ауданындағы тауларынан, Сым тас қонысынан төменірек Сарысу өзенінің оң жағалауынан, Әулие ата көне кен қазба орындары маңынан, Терісаққан өзенінің бастауларынан Қ. Сәтбаев тауып, зерттесе Бетпақдаланың солтүстігінен үш бірдей үгітілген кен үйінділері табылды. Олардың екеуін Кенқазған мен Миқайнар кен қазба орындарына жақын жерден Д.Х. Хайрутдинов тапса, ал үшіншісін 1931 жылы Сарысу өзенінен оңтүстік бағытта геолог И.Г. Николаев тапты.

Сарыарқа территориясында қола дәуірінде кенді ұсату және байыту негізінен балқыту орталықтары жанында жүргізілген.

Бұдан өндірістік процестердің кенді байыту мен балқыту бір жерде кешенді түрде жүргізілгенін көруге болады.

Мұндай процесті Жезқазғандағы көне қоныстар (Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөл), Қарқаралы I, III (Суықбұлақ), Қоңыратта, Саяқта, Шұрықта (Қарқаралы ауданы), Степняк, Бестөбе, Майқайың, Жосалы, тағы басқа кен қазба орындарынан кездестіруге болады.

Су көздері жоқ Кенқазған, Миқайнар, Қосқұдық (Бетпақдаланың солтүстігі), тәрізді ен далада орналасқан кен қазба аймақтарында кен балқыту іздері мүлдем жоқ. Бұл жерлерден үгітіліп, шайылған кен Атасу, Сарысу өзендері аңғарындағы кен балқыту орталықтарына жеткізіліп отырған (Атасу, Бөрібас, Қызыл еспе т.б. қоныстары).

Ертедегі кен балқыту орталықтарының мыс, қорғасын, қалайы, т.б. бай кен шоғырлары бар кенді аймақтарда пайда болуы заңды.

Төбе-төбе кен қалдықтары үйінділерімен кен қазба орындары, балқыту пештері, плотиналар, су жинайтын шұңқырлар, кен ұсататын құрал-саймандар, кен қождары, өндірістік қоқыстар, жуылып, балқытуға дайындалған кен үйінділері, құйма металл кесектері, от бақыраштардың сынығы, балқытылған кенді құятын қалыптар - осылардың бәрі ертедегі дамыған металлургия өндірісінің негізгі белгілері болып табылады. Осы белгілердің бәрінің табылуы негізінде Сарыарқа территориясында қола дәуірінде Ұлытау, Жезқазған, Сарысу, Балқаш бойы, Батыс Қарқаралы, Шығыс Қарқаралы, Баянауыл, Орталық Қазақстанның солтүстік-шығысында үлкен-үлкен металлургия орталықтары болғанын дәлелдеу қиын емес. Олардың негізгі сипаттамасына тоқталайық. Жанғабыл өзені бойында орналасқан көне қоныс орындары Сиыр қоңы және Ұлытау - Ұлытау балқыту орталығын қурайды. Арғанаты тауларында Бекболатсай өзені бойында Алтын шоқы кен орындарының жанында кен қождарының үлкен үйінділер шоғырымен балқыту пештерінің қалдықтары табылды. Орта қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын балқыту пештерінің қалдықтары 1972 жылы Торғай облысы, «Ковыльный» совхозының орталығынан 18 шақырым оңтүстік - батыс бағытта Бала теріс аққан өзені жанынан табылды.

Дөңгелек шұңқыр түріндегі балқыту пеші өзен сағасына қарай еңкіштеу келіп жардың түбінде жарылып кеткен. Бүгінде өзен жиегі пеш тұрған жерден 3-4 метрге тартылған. Пештің жоғарғы бөлігін су шайып, тек қатты күйген, керіштенген түбі жақсы сақталған. Оның диаметрі 2,8 м, биіктігі 0,4 м. Пештің түбінде сақталған 0,35 м күл қабатынан көмір, қож бөліктері, малахит кесектері және пештің қабырғасын сылаған саз балшық кесектері табылды. Пеш маңынан орта қола дәуірінен Бегазы - Дәндібай кезеңіне ету дәуіріне тән ою-өрнектері бар керамика сынықтары көптеп табылды. Табылған кен және кеннің анализі олардың негізгі құрамы мыс кені екендігін, сонымен қатар құрамында қосымша қорғасын, күміс және мырыш барын анықтады (қосымшадағы № 4 кестені қараңыз).

Кезінде Б.Ф. Герман, И.П. Шангин, А.И. Шренк, П.Л. Семенов – Тян - Шанский, Қ.И. Сәтбаев тағы басқа ғалым - геологтар суреттеген көп мөлшерде қож жиынтығы сақталған мыс балқыту пештерінің үлкен тобы Терісаққан өзенінің бастауларында, байырғы Әулиетас (Жантелі) көне кен қазба орындарынан табылды. Әулиетас кен қазба орындары күресін үйінділері мен «шаю апандарының» түзілуі Жезқазғандағы кен қалдықтары үйінділеріне ұқсас. Бұл жерлерде де айнала кен қалдықтары үйінділерімен қоршалған дөңгелек шұңқыр формалы мыс балқытқан пештердің қалдықтары, көптеген су жинайтын шұңқырлар табылды. Кейбір шұңқырлардың түбінде балқыту пештерінің қабырғалары қапталған ірі тас плиталар, үгітілген және жуылған кеннің үйінділері сақталған. Спектральді анализ олардың көп металдылық құрамын анықтады (№ 4 қосымша кестені қараңыз). Қола дәуірінде Сарыарқадағы ең ірі мыс балқыту орталығы - өте бай мыс кен орны Жезқазған болды. Орталық Қазақстанның мал бағушы тайпалары үшін неолит дәуірінің соңғы кезеңіндегі Жезқазған мысы Евразия даласында металлургия өндірісінің пайда болуы және қалыптасуы үшін шешуші фактор болды.

Кресто - Воздвиженский (Кресто), Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөл, Златоуст секілді Жезқазған қоныстары Кеңгір, Жезді өзендері бойында ара қашықтықтары 3-8 шақырымнан тізбектеле орналасқан. Ертедегі кен ісінің және мыс балқытудың жарқын іздері бүл жерлерде жойқын үйінділер, көптеген шұңқырлар, су жинайтын бассейндер, плотиналар, құдықтар, мыс балқыту пештерінің қалдықтары, қождар шоғыры, от бақыраштардың, кен уатқыш құрал-саймандардың сынығы, құйма қалыптар тағы басқалардан байқалады.

Ертедегі металлургия өндірісінің іздері Жезқазғанның балқыту орталықтарында -Милықұдықта, Сорқұдықта, Айнакөлде, Жезқазғаннан 15 шақырым оңтүстікте орналасқан Жезді өзенінің жарында шоғырланған. Милықұдықтың барлық үйінділері мен ертедегі металлургия өндірісінің белгілерін бәрін қоса есептегенде жалпы аумағы 10 гектарға жуық. Қоныс орнындағы алаңның барлау қимасы үгітілген кеннің үш қабатын көрсетті. Қабаттар қола дәуіріне және орта ғасырдың ерте және соңғы кезеңдеріне жатады. Кеннің әр қабатының аралығы қалыңдығы 8 - 15 см құмдақтармен бөлінген. Үгітілген кен әр қабатта әр түрлі болып келген, мысалы, жоғары қабаттағы үгітілген кен кесектері ірі келген 1-2 см. Төменгі қабаттағы кен одан гөрі ұсақ - кесек мөлшері 0,5 - 1 см. Бұл жерлерден қола дәуіріне жататын керамика үлгілері табылды.

Жезқазғандағы «шаю апандары» айнала үгітілген кен үйінділерімен қоршалған диаметрі 40 м, тереңдігі 1,5-2 м көлемді шұңқырлар тобы болып келеді. «Шаю апандары»- ның дәл ортасында диаметрі 3 м, тереңдігі 2- 3 м су жинайтын бассейн орналасқан. Қ.И. Сәтбаев: «осы секілді апандардың ертеде үгітілген кенді сулап байыту үшін арнайы су жинауға арналғаны сөзсіз», - деп жазды. Ағын су болмаған жағдайда бассейн құдық суларымен толтырылып отырған. Осындай бассейнде кенді жуу және кеннің сулану ерекшелігіне қарай байыту процестері (флотация) жүргізілген.

«Шаю апандары» - ның сипаттамасын толық тексеру үшін және Милықұдық кен орнының мәдени қалдықтарын зерттеу мақсатында Жезқазған мыс комбинатының геологы А.В. Кузнецов 1939 жылы мәдени қабаттардың стратиграфиясын анықтауды мүмкін еткен терең траншеялар қазған болатын. Милықұдық қоныстарының мәдени қабаттарынан көптеген қойма - шұңқырлар бары анықталды. Бұл қоймалардың түбінен сонау ерте замандарда дайындалған, көп мөлшерде мысқа бай - тотықтанған кен табылды. Комбинат зертханасында жүргізілген кеннің химиялық анализі оның құрамында 8 -10 % таза мыстың барын көрсетті. Бұл байырғы кеншілердің балқыту үшін дайындаған байытылған 2000 тонна көлеміндегі кен жарты жылдық дайындық жұмыстары нәтижесінде толық жер астынан шығарылып, Қарсақпай мыс балқыту заводына жіберілді.

Бос қалған алаңда Н.В. Валукинский археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді, Бірнеше жыл аралығында (1945 - 1949) Н.В.Валукинский барлық кен өндіру орындарын, кенді сұрыптау, үгіту, байыту балқыту және металл өңдеу орындарын зерттеп шықты. Нәтижесінде Жезқазғанның ертедегі металлургия тарихы туралы есепсіз бағалы дерек көздері жинақталды. Бұл зерттеулер балқыту пештерінің құрылымы, балқытуға дайындалған байытылған кенді сақтау қоймаларының, кенді сулану ерекшеліктеріне қарай байыту үшін жасалған су жинайтын шұңқырлардың, кенді қорытуға арналған ыдыстардың (тигельдердің) құрылымдарын, ерекшеліктерін түсіндіреді.

Милықұдық алаңдарынан диаметрі 40 метрлік, тереңдігі 2- 3 метр 140 шұңқыр тіркелді. Булардың көпшілігі металлургия өндірісімен байланысты және тек шағын бөлігі ғана қоныстар орны. Милықұдықта гравитациялық сулап байытумен қатар арнаулы пештерде кенді алғашқы күйдіру жұмыстарының іздері байқалды. Сульфидтердің толық тотықтануы үшін күйдірілген кен ұсақталып, содан кейін құрамында углерод бар материалмен (тас немесе ағаш көмір) қайта балқытылған. Бабаларымыздың өндірілген кеннен мұндай ұтымды әдіспен сонау қола заманында - ақ металл алуы таңқаларлық жай. Байытылып дайындалған кен қорының көптігіне қарағанда, кен балқыту тек металдың қажеттігіне қарай жүргізілген. Барлық қойма - шұңқырлардың түбіндегі үгітіліп, байытылған кен қорының көптігі, тіпті қалыңдығы 0,5-0,6 метрге дейін, осының дәлелі. Кен балқытумен әрине арнаулы адамдар тобы шұғылданған және металлдың қажеттігіне орай дайын кенді қоймадан алып, балқытып отырған.

Осы орайда осы қойма - шұңқырлардың қызығушылық тудыруы даусыз. Милықұдықта 11 қойма - шұңқырлар зерттеліп, олардың пайдалану мақсатына қарай 3 түрі анықталды.

Дөңгелек пішінді қойма - шұңқырлардың іші құмтас плиталар төселген, диаметрі 1,5-2,5 м, тереңдіктері 0,8-1 м. Бүл қойма - шұңқырларда байытылған, балқытуға дайын руда сақталған (Н.В.Валунскийдің № 3, 10, 20, 29 суреттері). Дөңгелек пішінді, конус түріндегі жіңішке коридоры бар, қойма - шұңқырлардың диаметрі 4 м, тереңдігі 1,5 м. Бұл шұңқырлар үгітілген кенді сақтауға арналған (№ 27, 75 суреттер). Сопақша пішінді, размері 5х 2 м, 5 қойма - шұңқыр күйдірілген кенді сақтауға арналған (№15, 19, 34, 35, 67 суреттер). Барлық қойма - шұңқырлардың балқыту пештеріне жақын орналасқаны анықталды. Жартылай шөлді Жезқазған аймағында металлургия өндірісі үшін жер асты суларын құдықтар қазып, су қоймаларын, тоғандар жасау арқылы пайдаланудың маңызы ерекше болды. Милықұдық су деңгейі 1- 1,5 метрден темен түспейтін, жоғарғы деңгейде үлкен еу қоры бар кең қазаншұңқырда орналасқан. Милықұдықта металлургия өндірісінде аса қажетті болып табылатын кенді жуу және сулап байыту үшін (Н.В.Валунскийдің жазуында «примитивная флотация») пайдаланылған көп мөлшерде құдық қалдықтары табылды. Бұларды 3 түрге бөлуге болады.

а) іші құмтас плиталарымен қаланған және жіктері саз балшықпен сыланған.

б) жерден қазылып, құмтас плиталармен қаланған, бірақ сыланбаған.

в) іші еш қаланбаған, тек қазылған шұңқыр күйіндегі құдықтар.

Плитамен қаланған, тереңдігі 2,5-5 метрлік 20 құдық зерттелді.

Мұндай құдықтар Сорқұдық пен Айнакөлде де көп кездеседі.

Көпжылдық археологиялық қазбалар Жезқазған, Милықұдық, Сорқұдық және Айнакөл мыс балқыту орталықтарында әр кезеңге жататын балқыту пештерін ашып, зерттеуге мүмкіндік туғызды. Тек бір Милықұдықтың әр бөлімдерінде 25 мыс балқыту пештері ашылды. Олар әр түрлі. Өте ертерек кезеңдерде балқыту пештері от жағатын шұңқырлар және құмтастың үлкен шой кесектерін немесе кварцитті шойтастарды дөңгелете қатарлап қою арқылы жасалған, диаметрі 1,5-2 м, тереңдігі 60-80 см ошақтар күйінде кездеседі. Мұндай шұңқырлардың түбінде ағаш көмірдің қалдықтары, қож, сап мыстың сынықтары сақталған. Бұл әрине мыс балқытудың ете ерте кезеңі.

Жезқазған мыс балқыту пештерінің үлкен тобын дөңгелек шұңқыр түріндегі кішірек керік күйінде көруге болады. Олар жұқа тақтатас плиталарымен қаланған немесе балшықпен сыланған, пештің түбі ауа айдап түру үшін әдейі сағасына қарай еңкіш жасалған.

Осындай пештердің біреуі 1945 жылы Милықұдықта траншеялық қазба жұмыстары кезінде табылды. Тереңдігі 1 метрден асатын, диаметрі 3 метр дөңгелек шұңқырдың жартысын экскватор бөліп алған болатын. Бұл ертедегі мыс балқыту пешінің түбі болатын және онда қож жиынтығы, көмір қалдықтары мен күйдірілген кен қалдығы сақталған. Кейіннен осы секілді пештердің қалдықтары Орталық Қазақстанның көптеген аймақтарынан табылды. № 30, 45, 48 пештерге байланысты деректерді ұсынамыз.

№ 30 - пеш террассаның аяқ шеніне қарай тереңдігі 1 метр дөңгелек шұңқыр түрінде сағасына қарай еңкіш келтіріліп, жерден ойылып жасалған. Дөңгелек шұңқырдың диаметрі 2,5 м, сағасының ені 1 м. Шұңқырдың қабырғалары жоғарғы жағын жиегінен асыра, тақтатаспен қатар-қатар тік тұрғызу тәсілімен қаланған. Пештің жалпы биіктігі 1,5 метр. Пештің ауыз жағы солтүстік-батыс жаққа, яғни Жезқазған желдерінің негізгі бағытына қаратылып жасалған. Пештің үстіңгі жағында ауа тартатын болғанын құдық -пештің түбінен табылған қыштан жасалған түтікшенің сынықтарынан байқауға болады.

№ 42 - пеш алдыңғы пешке өте ұқсас - террассаның аяқ шеніне қарай дөңгелек шұңқыр түрінде сағасына қарай еңкіш келтіріліп, жерден ойылып жасалған. Дөңгелек шұңқырдың диаметрі 3 м, тереңдігі 1 метр, сағасының ені 1 м. шұңқырдың қабырғалары дәл №30 пештікіндей, жоғарғы жағын жиегінен асыра, тақтатаспен қатар-қатар тік тұрғызу тәсілімен қаланған.

№ 48 пештің алдыңғы сипатталған №30 және №42 пештерден айырмашылығы - бұл пештің қабырғалары қаланбаған, керісінше, саз балшықпен қалың етіп сыланған, тіпті саусақтың іздері де сақталған.

Бұлақ жиектерінде қазылып жасалған дөңгелек пішінді пештер Орталық Қазақстанның және Солтүстік-шығыс Қазақстанның барлық жерлерінде кеңінен тараған. Әсіресе Қарқаралы далаларында көне қазба орындарына жақын жерлерде өте көп табылды. Бала теріс аққан және Қарқаралы өзендері жарларында, Қайыңды өзенінің Шығыс Қалбаға құяр тұсындағы жарда жақсы сақталған пештер табылды. Дөңгелек пішінді, мойыны бар пештердің үлкен тобы Қарқаралы ауданының «Бесоба» совхозының орталығына жақын, Жаман тас тауының оңтүстік шығыс етегінде табылды.

Ерте кезеңдердегі Жезқазғанда жиі кездесетін пештердің бір түрі, қалдықтары Милықұдықтың мәдени қабаттарының кейбір жекелеген бөліктерінде ғана қалдықтары сақталған - шала үрлегіш пештер (сыродутные печи). Бұл пештер қола дәуірінің соңғы кезеңіне, тіпті, мүмкін ерте сақ дәуіріне жатуы мүмкін. Бурнашевтің пайымдауынша, шала үрлегіш пештер Сібір мен Қазақстанда орта ғасырдың соңына дейін болған. Оларды мыс және темір балқыту үшін «көшпелі халықтар мен бірге Сібірдің орыс тілді тұрғындары да пайдаланған». Ертедегі Жезқазғанның осындай пештері негізінен саз балшықтан жасалған, дегенмен, сирек болса да тақтатас плиталарынан жасалғандары да кездеседі. Олардың кейбіреулерінің сипаттамасы мынандай:

№ 1-ші пеш тік төртбұрыш пішінді ауыз жағы жартылай дөңгелек. Пештің астыңғы жағы 1 метр тереңдікте жерден қазылған. Пештің сырты тақтатас плиталарымен қаланған, биіктігі 0,6 м. Үстінде кесілген конус түрінде орнатылған. Пештің размері: ұзындығы 2 метр, ені 1 метр, биіктігі 1,2 м. Шахта типтес № 2-ші пеш құрылымы жағынан біріншіге өте ұқсас болғанымен размері одан үлкен (ұзындығы 4 м, ені 1 м, биіктігі 2 метрге дейін). Балшықтан жасалып, астыңғы жағы 0,4 м жерден қазылған, үстіңгі жағында екі кесілген конус секілді сопло орнатылған. Пеш ішкі жағынан көлденең қабырғамен екі камераға бөлінген. Олардың бірінде алғашқы балқыту жасалса, екінші бөлігінде қайталап балқыту жүргізілген. Әр бөліктің жеке соплосы бар. Кенді қайталап балқыту бөлігінің үстіңгі жағында сопломен қатар металл қорытуға арналған ыдыс тигельдің тұтқасы үшін арнайы тесік жасалған. Балқыған металл әуелі тигельге құйылып, сонан соң қалыптарға бөлінген. № 2-ші көріктің жанынан ішіне қатып қалған қож қабыршақтары бар, қабырғасы қалың етіп жасалған тигельдердің ірі сынықтары табылды. Олардың биіктігі 35 м, қабырғаларының қалыңдығы 3,51 м, аузының диаметрі 30 см. Тигельдер түбі дөңгелек болып келген сопақша пішінді, сазға құм араластыру арқылы қолдан жасалған үлкен ыдыстар. Мұндай тигельдердің сынықтары Милықүдык, Айнакөл, Сорқұдық, Қарқаралы I, II, III (Суықбұлақ) секілді байырғы металлургтердің көне қоныстарының мәдени қабаттарынан табылды.

№ 3-ші пеш Жезқазған металлургия орталығындағы барлық балқыту пештерінің ең үлкені. Бүл квадрат пішінді размері 4x4, төменгі жағы жерден қазылып жасалған, үстіңгі жағы кесілген конус пішінді. Көріктің қабырғаларының биіктігін 2 метр етіп құмтас плиталарынан жасаған. Бүйірінде тері қаптармен ауа айдау үшін сопло кіргізетін тесік сақталған (саздан жасалған түтік). Мұндай тесікшелердің бірнеше болуы да мүмкін.

Айнакөл мыс балқыту орталығы Жезқазған рудниктерінің шетіне қарай орналасқан. Мәдени қалдықтары Милықұдық қоныстарымен ұқсас келеді. Айнакөлге жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарында да Милықұдық кен орындарында байқалған балқыту пештерінің қалдықтары, шеберханалар, қождың үлкен шоғырлары, үгітілген кен үйінділері, қойма - шұңқырлар, іші таспен қаланған құдықтар, көне плотина қалдықтары, тоғандар мен су қоймалары тағы басқа металлургия орталығына тән белгілері табылды. Балқыту пештерінің маңынан ішіне қатып қалған қабыршақтары бар, қабырғасы қалың етіп жасалған тигельдердің ірі сынықтары, размері әр түрлі мыс құйма кесектер, қорғасын кесектері, өндірістік қоқыстар табылды.

Айнакөлде екі мәдениеттің: қола дәуірі және орта ғасыр мәдениеті куәлері табылды. Үлкен аймақты қамти отыра, көлемді шатқал террассасына дейін бүкіл қазаншұңқырға бойлаған көне мәдениет дайындалған керамика үлгілерін көрсетті. Қола дәуірі қоныстары үлкен шатқалдың жайылма террассасын жайлаған. Бүл жерден диаметрі 2,5-3,5м, тереңдігі 0,8 шұңқырлар легі табылды. Шұңқырлардың қабырғалары бойымен төменгі жағы жерге қағылған құмтас плиталары қаланған. Ал Айнакөлдің мәдени қабаттарынан тау-кен ісіне арналған құрал-саймандар: тастан жасалған келсаптар, балғалар, кен үккіштер, келілер, құю қалыптары, тигель сынықтары, мыстан жасалған заттар, тас үтіктер, кремнийден жасалған найзалар мен жебелердің ұшы секілді қарулар, керамика сынықтары, жануарлардың сүйектері секілді қола дәуіріне тән күнделікті қолданыста болған заттар табылды.

Жезқазғандағы үшінші мыс балқыту орталығы - Сорқұдықты алғаш рет 1945 жылы А.В. Кузнецов пен Н.В. Валунскийлер ашып, зерттеді. Негізгі қоры Жезқазғандағы мыс шоғырлары болғандықтан және бір мезгілде қатар дамығандықтан бұл байырғы металлургия өндірісінің үш ошағы бір-біріне ұқсас. Байырғы кеншілердің қонысы Сорқұдық Милықұдықтан 15 шақырым солтүстікте сансыз таралымдары бар екі суды жалғаған үлкен өзеннің оң жағалауында орналасқан. Су қоры жиналып отыру үшін мойынның үш жерінен плотинамен бөгет жасалған. Сорқұдық қоныс орындары кен қалдықтары үйінділерімен, «шаю апандарымен» қоршалған сансыз шұңқырлар күйінде алаңның солтүстік бөлігінде, мойын аралығындағы алаңшада орналасқан. Диаметрі 6-7 м, тереңдігі 1,2 м шұңқырлардың түбінде кезінде қоныстардың қабырғалары қапталған ірі құмтас плиталар қалған. Қоныс орындарының жанынан шеберханалардың орындары, сегіз мыс балқытылған пеш, үгітілген кен үйіндісі және қож қалдықтары табылды. Қоныстардың мәдени қабаттарынан жақсы өңделген кенді үгітуге пайдаланған тас құрал-саймандар, тигель сынықтары, тотыққан кен үйінділері, өндірістік қалдықтарды күреу үшін қалақ ретінде пайдаланған үлкен малдың жауырыны; кремнийден жасалған қалақша, найза мен жебелердің ұштары, нуклеустар, аралар, біздер тағы басқа қажеттіктер табылды. Бұл заттардың құрамына қарай, Сорқұдықтың мәдени қабаттары қола дәуіріне жататынына күмән келтіруге болмайды.

Жезқазған, Қызыл еспе және тағы басқа мыс балқыту орталықтарынан табылған деректерге сүйенсек, балқыту жұмыстарын жүргізуде отын ретінде сексеуіл, даладағы бұталар, тезек және жануарлардың сүйектері пайдаланған. Жезқазғанның балқыту пештерінде сақталған күлдің құрамынан тобылғының, сексеуілдің, тезектің және күйген сүйектердің қалдығы байқалды. Милықұдықтың мәдени қабаттарынан табылған сексеуілдің ағаш көмірлері бүгінде Жезқазған геология музейі мен Қазақ КСР - і Ғылым Академиясының геология музейінде сақтаулы.

Геологтардың есептеуі бойынша 15 кг қара мыс алу үшін 1 тонна бұтақ керек.

Жезқазған қорыту пештеріне қанша кен салынғанын онда жиналған қож шоғыры байқатады. Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөлден алынған қождардың анализі Жезқазған қождарының сапасының әр түрлі яғни, тығыз қождар (қара және қара қоңыр түсті ) және кеуекті екендігін анықтады. Жезқазған мыс комбинатының геологиялық бөлімі жасаған кеннің және қождың химиялық анализі олардың құрамындағы мысты пайызды түрде көрсетті.

Жезқазғанның байырғы металлургтерінің үш қоныс орнынан алынған қождардың салыстыру анализі мыстың көп бөлігі Айнакөл кен үлгілерінде екенін көрсетті. Буған себеп Милықудық пен Сорқудықпен салыстырғанда Айнакелде мыс төменгі температурада қорытылып, пештерге жеңіл қорытылатын тотыққан мыс кендері ғана салынды.

Сарысу өзені бассейні өзіне түйісетін Бетпақдала шөлінің оазистерімен бірге мыстың және көп металды темірлі марганецті кеннің күні бүгінге дейін қоры сарқылмаған ең бай кен орны. Жезқазған, Успенское (Нілді), Спасское (Соранық) секілді өте сирек кездесетін бай кен орны осы Сарысу өзені аңғарында. Бұл жерлерде байырғы Бесшоқы, Тасты бұлақ, Қазан сынған, Кен төбе, Жаман тас, Тас қора, Оғызтау, Атығай, Қалайы қазған тәрізді көптеген кен қазба орындары сақталған. Бұл кенорындары қола дәуірінде Сарысу, Атасу өзендері аңғарында жұмыс істеген балқыту, қорыту орталықтарының негізгі шикізат базасы болды.

Сарысу өзені бойында қож шоғыры Сымтас өзені ауданындағы Конек, Толағай тауларында жиналған.

1931 жылы геолог И.Г. Николаев ашқан, Қызыл еспе өзені аңғарында, Сарысу өзенінен 40 шақырым оңтүстік бағытта орналасқан ертеде мыс қорытқан кен қазба орны ерекше қызығушылық тудырады. Бұл жерден қождар, саздан қалың етіп жасалған ішінде мыстың шикі құрамы бар ыдыс - тигель табылды. Бұл мыс қорыту орнының негізгі кен көзі -базасы Сарысу өзені жанында және Бетпақдаланың солтүстігінде болғаны даусыз.

Қызыл еспе ауданы шұңқырлар, төбешіктер, «шаю орындары», таспен қаланған құдықтардың қалдығы тәрізді мәдени массивтердің көптігімен сипатталады. Бұл аудан жергілікті қазақтар арасында күні бүгінге дейін Тасқұдық және Құм жайлау деп аталады.

Ерте кезде мыс балқытқан орын Сарысу өзенінің сол жағасындағы Бөрібас қонысынан табылды. Бұл Жезқазған темір жолына қарасты Қызылжар станциясынан 18 шақырым төмен. Осы жерде шайылып кеткен көне қоныс орнының іздерімен біршама кремнийден жасалған құралдар, қождар, тигельдердің сынығы бар алаң сақталған. Жезқазғаннан кейінгі осы Сарысу өзені алабындағы ірі мыс балқыту орталығы байырғы металлургтердің Атасу қонысы. Атасу Жаңаарқа ауданы, Ақтау совхозының аумағындағы Қаражал руднигінен 98 шақырым шығыс бағытта. Аумағы 5 ға шамасындағы көне қоныс алаңында керамика сынықтары, малдың сүйектері, кен ұсататын құрал-саймандар, қож шоғырлары, мыс кені үймелері өте көп мөлшерде кездеседі. Металлургия өндірісіне тән белгілер -алаңда төбешік секілді үйінді мыс кенін байытқан орындар, ертедегі каналдар қалдығы, су жинаған шұңқырлар, плотиналар да аз емес.

1955 жылы көне қоныс орнын қазу кезінде екі суды жалғаған өзеннің тік жарында ұзындығы 10 м, ені 4,5 м күлдік қабатының қалыңдығы 0,6 м, сопақ шұңқыр болып келген ертедегі шеберхана орны табылды. Шеберхананың түкпіріне қарай дөңгелек пішінді, диаметрі 2-2,8 м, тереңдігі 25-30 см, үш балқыту көрігінің астыңғы бөлігі сақталған. Пештің айналасында және түбінде қождың, күлдің, көмірлердің шоғырлары, үгітілген кен үйіндісі, мыс түйіршіктері, қоладан жасалған торт қырлы біздің сынығы т.б. табылды.

№ 4-ші қоныс орнының мәдени қабатынан, тек жылыну үшін ғана емес сонымен қатар мыс балқыту үшін де пайдаланған үлкен ошақ қасынан көптеген тастан жасалған құрал-саймандар, қож шоғырлары, құйма мыс кесектері (бір мыс кесегінің салмағы 5 кг), тигельдердің сынықтары, мыс құятын қалыптар тағы басқа металл өңдеуге қажетті құралдар табылды. Т.А. Сәтбаева жүргізген Атасу қонысынан алынған қождың химиялық анализі көрсеткендей, балқыту үшін ендіруге оңай, жоғарғы қабаттағы мысы көп шоғырланған кен пайдаланған. Полярография әдісімен олардың құрамында өте көп мөлшерде 20-47 % мыс бары анықталды. Қождың спектральді анализі де мыс құрамының көптігін байқатты (қосымшадағы 4-ші кесте). Тас қора, Жамбас қонақ, Атығай тәрізді Атасу кен орындарының кен құрамында сульфидтер тобына жататын минералдар халькозин және ковеллин көп мөлшерде кездеседі.

Атасу қоныстарына жақын, Жамантас тауында, Шажағай өзенінің оң жағасында байырғы қорғасын өндірген Қалайы қазған руднигі орналасқан. Атасу қонысы тұрғындары кенді осы рудниктен өндірген. Санғыру I, И, III кешендерінен табылған қоладан жасалған әшекейлер және құрал-саймандар (қосымшадағы кесте), осы Атасу шеберханаларында жасалғаны күмән тудырмайды. Қола дәуірінің орта кезеңінен соңғы кезеңіне өтудегі (б.г.д. ХІІІ-ХІ ғғ.) өтпелі кезеңде бұл орталықтың металлургияның дамуындағы ерекше маңызын атап айтпау мүмкін емес және қола мәдениетінің таралу аймақтарында дәл Атасу қонысына тең келер қоныс болмаған.

Атасу өзенінің оң жағалауына жақын, Ай шырақ ауылынан 12 шақырым солтүстікке және Саңғыру І - ден 52 шақырым оңтүстік батыста, Сары табан қонысынан қорыту пешінің қалдықтары табылды. Пеш диаметрі 4 м, биіктігі 1 м, іші гранит плиталардан қаланған дөңгелек ғимарат. Құдық пештерді қазу барысында ортасынан құрамында қож араласқан қалыңдығы 0,6 м күл қабаты табылды. Құрылымы бойынша пеш Бала теріс аққан өзені мен Қалба тауларынан табылған пешке өте ұқсас, тек олардан көлемді.

Кен қорыту белгілерін В.А. Селевин мен Д.И. Яковлев Атасу және Шажғай өзендерінен оңтүстікке қарай, Бетпақдаланың орталық және солтүстік оазистерінен тапты.

Қортылған мыс пен қорғасынның қож үйінділерін В.А. Селевин оңтүстіктен солтүстікке керуен жолы өтетін Домбыра тауының жанынан Көкөрім қонысынан тапты.

Қождардың үлкен шоғырын геолог Д.И. Яковлев Бетпақдаланың орталық бөлігіндегі Жол құдық қонысынан тапты.

Ертедегі ірі қорыту орталықтарының бірі Балқаштың солтүстігі болды. Бұған дәлел Қарашоқы тауының оңтүстік беткейінен, Қоңыраттың шығыс бөлігінен, Кенелі, Тесік тас, Жаман – Қызыл арай тауларынан, Жаңғыз тауының Буырлы байтал биігінің беткейінен табылған кен қалдықтары үйінділермен шұңқырлар, балқытылған мыс және қорғасын қож шоғырлары.

Ертедегі кен өндіру және балқытудың жойқын іздерін Саяқ I, III, IV, V- тен табылған орасан үлкен кен қалдықтары, үйінділері, тасынды, сансыз су жинаған шұңқырлар, қождардың, кен ісіне арналған құрал-саймандардың үлкен шоғырлары, металл құйма кесектері дәлелдейді.

Саяқтан табылған қож үлгілері Қазақ КСР - і геология музейінде сақтаулы.

Қола дәуірдегі металлургия өндірісінің біршама қалдықтары Қарқаралы даласында сақталған.

Мыс қорыту іздері Батыс Қарқаралы далаларында (Шет ауданы) байқалды. Ірі қож шоғыры мен металл қорытуға арналған ыдыстар тигельдердің сынықтары атақты Қызыл еспе руднигінен 15-20 шақырым солтүстік батыс бағытта, гранитті Қызылтас массивінен жарықшақ суларымен қоректенетін үлкен жырасай аңғарынан табылды.

Бұл жерден қож шоғырлары туралы XIX ғасырдың соңында тау – кен - инженері М. Копалов та жазған болатын. Атақты Қызыл еспе, Ақшағыл, Ақжал, Қасқа айғыр, Қызылжар, Жалпақ ірі көп металлды кен қазба орындарына жақын Батыс Қарқаралы далаларындағы ең негізгі қорыту орталығы осы жерде болатын.

Ертедегі көне кен қазба орны Қызыл еспе руднигінен алынған мыс кесегіне инженер Аптиповтың 1891-жылы жасаған химиялық анализі бұл кен орынының көп металды екенін көрсетті (қосымшадағы 1-ші кесте).

Ертедегі кен балқыту іздері және қож қалдықтарын 1816 жылы Көрпетай тауларынан, Мыңшұқыр қазба орындары жанынан Н.П. Шангин көрген, олар Алтынды қарасу көне кен қазба орындары маңында да бар.

Байырғы кеншілердің қонысы мен металл қорыту бөлімі Жарлы өзені аңғарында, көне Егіз қызыл қазба орны жанынан, Айнабұлақ қонысынан табылды.

Ақбілек өзені жағынан көне Кен шоқы және Сәмембет кен орындары жанынан табылған дөңгелек пішінді, іші гранит плиталармен қаланған ертедегі кен балқытылған құдық пеш зерттелді. Пештің көп бөлігі ағын, жауын-шашын, кар сулармен шайылып, тек түбінде қож кесектері және қалыңдығы 8-10 см күлдік қабаты бар пештің астыңғы бөлігі сақталған. Бұл пеште осы жерден 0,5 шақырым оңтүстік-шығыс бағытта орналасқан Кен шоқы кен қазба орнының кені балқытылғанына күмән жоқ. Кен шоқы кенінің құрамындағы қорғасынның көп болуы, Кен шоқыда ертеде тек қорғасын өндірген деген ойға әкеледі (қосымшадағы 1-ші кесте). Ақбілек өзенінің жоғарғы аңғарында түгелдей қола дәуірінің орта және соңғы кезеңдеріне жататын сансыз қорған қабірлер орналасқанына қарағанда, (аңғар бойында бірнеше ондаған жеке қабірлер бар). Бүл ауданда ертедегі қоныстар болуға тиісті. Қоныс орындары ғасырлар бойғы жауын-шашын, қар суларымен шайылып кеткен болу керек.

Балқыту пештерінің бір тобы Қарқаралы ауданы, «Бесоба» совхозының аумағындағы Жаман тас тауларынан басталатын шағын бұлақтың жанынан табылды. Осы топтан тазаланған 6 балқыту пешінің қалдықтарынан біреуі басқаларына қарағанда көп үлкен және жер асты жолы - далда арқылы кіші пешпен байланысқан. Әр пештің жанынан қож шоғырлары мен күл түріндегі өндіріс қалдықтары табылды.

Балқыту пештерінің басқа бір тобы Қарқаралы ауданы, «Нүркен» совхозының территориясынан, Нұра өзені жарынан, Алайғыр руднигінен 3 шақырым солтүстік -шығыс бағытта, Қомыттың Қарашоқысы қонысынан табылды.

Осы жерде қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын көлемді мазарлар легі бар. Ертедегі қорыту пештерінің қалдығы. Шет ауданында қола дәуірінің Бұғылы I қонысынан табылды. 80 тұрғын және шаруашылық кешендері бары анықталды. Шурф жасау кезінде № 17, 22, 24, 40 орындардан көне шеберханалар мен металл өңдеп, мыс балқытқан пештер қалдықтары табылды. Шеберханалардың түкпірінде өндірістік қалдықтар мен қождар, үгітілген кен жиынтығы, мал сүйектері, кен ісіне арналған құрал - саймандар мен керамика сынықтары қалған. Сонымен қатар балқытылған кенді құятын қалыптар, тастан жасалған штамп - матрицалар, алдымен балқытылған металлды құйып, сосын келесі жалпақ металл табақшаға өрнек салу үшін көшіруге арналған муссонды өрнегі бар қалып. Ертедегі Шортанды бұлақ қонысынан қазу жұмыстары кезінде металл өндірісі қалдықтары табылды. Көне қоныстағы екі орынның мәдени қабаттарынан (№ 14, № 21) ертедегі шеберханалар кескіні байқалды. Бұл жерден қож шоғыры, көмір қалдықтары, мыс кесектері, керамика сынықтары жиналған үлкен күл қабаты бар балқыту пештерінің қалдықтары бары анықталды (қосымшадан қараңыз 4 кесте). Пештің айналасынан қоладан жасалған жалпақ, жұқа металл табақшалар - пластиналар, жебенің ұштары, қапсырмалар секілді заттардың табылуы. Бұл қоныста металлдан түрлі заттар дайындалумен шұғылданғандарының дәлелі.

Шортанды бұлақ қонысының кеншілері үшін негізгі шикізат базасы оңтүстік батыс бағытта 8 шақырымда орналасқан көне Алабұғы руднигі еді.

Балқыту пештерінің бір тобы басты Қарқаралы жоталарының шатқалдарынан табылды. Қола дәуірінде бұл жерде бүгінгі Ақтоғай, Шет, Егіндібұлақ аудандары аумағын қоса есептегенде бүкіл Қарқаралы даласындағы ең ірі металлургия орталығы болды.

Балқыту көріктерінің қалдықтары үлкен Қарқаралы жоталарының батыс сілемдеріне түйісетін Мырзашоқы тауының етегіндегі Қарасу өзені аңғарынан табылды.

Бүкіл аңғар бойын жайлаған көне қоныс орындарының көптігі мен сансыз ескерткіштер ерте заманда одан кейінгі кездерде де бүл аймақ адам өте тығыз қоныстанған орын болғаны жайлы хабар береді.

Мырзашоқыдан орта қола кезеңі, қола дәуірінің соңғы кезеңі және ерте сақ кезеңіне жататын үш дәуірдің тарихи ескерткіштері табылды. Қойдың, тау ешкі, жабайы қабан бейнесіндегі қоладан жасалған мүсіндер ерте сақ заманына жатады. Бұл мүсіндер, әрине, Мырзашоқы тауының етегіндегі көріктерде жасалды. Қола дәуірі ескерткіштері мәдени қабаттарында қож жиынтығымен балқыту пештерінің қалдықтары, тас қалыптар сақталған қоныстар мен көне мазарлар күйінде кездеседі.

Өкінішке орай, өте сирек кездесетін Мырзашоқы ескерткіштерінің негізгі бөлігі плотина суы астында қалған.

Ертедегі қорыту пештерінің үлкен тобы Қарқаралы қаласына жақын жерден табылды. 1940 жылы тау-кен инженері И.А. Могилевский қаланың солтүстік батыс маңындағы Каркаралинка өзені жарынан Қарқаралы I көне қонысы алаңынан ертедегі балқыту пештерінің қалдығын тапты. И.А. Могилевский алаңның жалпы суретін салып және жоспар сызбаларын қағазға түсіріп, кейін оларды Қарағанды облыстық тарихи өлкетану музейіне тапсырды. Каркаралинка өзені жарынан жергілікті өлкетанушы В.Е. Ясенецкая да бірнеше қорыту пештерінің орнын тапты.

1957 жылы жазған өзінің хабарламасында В.Е. Ясенецкая: «в овраге вблизи города Каркаралинска много шлаков и остатки плавильных печей небольшого размера в виде ям с обожженным подом, многое разрушено уже водой, но многое сохранилось», - деп жазды. Осы құжатта Қарқаралы I қонысы алаңында сақталып қалған ескерткіштердің жалпы кескіні берілген. 1955 жылы осы қоныс орнын алғашқы қарап шыққанда Каркаралинка өзені жарынан қождың көп шоғыры көңіл аударған болатын. Араға жеті жыл салып, бұл жерлерге қазба жұмыстарын жүргізу үшін келген топ, өкінішке орай дәл осы массивтің құрылыс жұмыстары нәтижесінде жойылғанын көрдік.

Қарқаралы қаласының оңтүстік маңында орналасқан Қарқаралы II қонысына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде металл қорыту өндірісінің іздері анықталды.

Үш жер үйдің орнын зерттеу кезінде мәдени қабаттарынан қалың күл қабаты, қож шоғыры, жуылған кен үйіндісі, қола қорытпасы, темір кесектері т.б. сақталған ертедегі өндірістік бөлменің кескіндері айқындалды. Мыс балқыту іздері № 2 және № 3 жерүйлерде үлкен ошақ жанында анағұрлым байқалады. Осы жерден қоладан жасалған пышақ, біз, сым темір табылды. Қола дәуіріндегі ірі балқыту орталықтары Қарқаралы III (Суықбұлақ) және Қарқаралы IV екені анық.

Қарқаралы III (Суықбұлақ) қонысы Қарқаралы қаласынан 2 шақырым оңтүстік батыс бағытта, Мухтарово шатқалында орналасқан. 1955 және 1962 жылдары қоныс орындарын қазу кезінде ағаштан жасалған 12 үйдің орны анықталды. Қоныстың оңтүстік-шығыс бөлігінде түбінде бірнеше өндіріске байланысты тастан жасалған ошақ, екі балқыту көрігі, тау-кен ісіне арналған құрал-саймандар сақталған үлкен өндірістік шеберхананың орны зерттелді. Балқыту пештерінің және ошақтардың айналасында қож шоғырлары, мыс және темір рудаларының кесектері, металл өңдеуге арналған құрал-саймандар соның ішінде маралдың мүйізінен жасалған балға, қалыптар, мыс құйма металдары, мыс түйірлері т.б. табылды. Қоныстың мәдени қабатының жалпы қалыңдығы 1,2 м, үгітіліп, шайылған кен қабатының қалыңдығы 0,5 метрге дейін жетеді.

Ертедегі ірі қорыту орталығы Қарқаралы IV қонысы Қарқаралы қаласынан 2 шақырым оңтүстік шығыс бағытта байырғы сан жетпес мыс, қорғасын, күміс және алтын қазба орындарының шоғырланған ауданында орналасқан. Орталық Қазақстанның археологиялық экспедициясы 1962 жылы айнала көптеген шұңқырлармен және тастан жасалған нысандармен қоршалған үлкен жырасайдағы 6 балқыту пешін зерттеді. Дөңгелек және сопақша формалы диаметрі 4 см пештер солтүстіктен оңтүстікке тізбектеле орналасқан. Барлық пештер бір-біріне ұқсас. Милықұдықтағы шала үрлегіш пештерге ұқсас табаны бар, ұзындығы 8 метр 1,5 м тереңдікте ауа үрлегіші, оттығы бар және дөңгелек пішінді көрігі бар. Қарқаралы және Ұлытаудан табылған пештерге ұқсас дөңгелек пешті, 1951 жылы Г.Н. Щерба Шығыс Қалбадан, Шығыс Қазақстан облысы, Самара ауданы аумағындағы Қайыңды алтын прийскісі жанынан тапқан болатын. Табылған кезеңде пеш өзінің алғашқы қалпын жақсы сақтаған күйінде еді. Қалбадан табылған пеш Қайыңды өзені құяр басының екінші террассасындағы табаны еңкіс келген дөңгелек шұңқыр. Шұңқырдың диаметрі 4,5 м, тереңдігі 1,5 м. Пештің қабырғалары көлемі 60 - 70x30 - 40 х 10 - 15 см, күйдіргеннен кейін керіш болып қалған сазбен жапсырылған. Пештің түбінде қож жоқ, ағаш көмір қалдықтары табылды. Бірнеше ғасыр куәсі, екі кәрі қарағай пештің түбін жара шыққан.

Қарқаралы металлургтері үшін ертеде негізгі шикізат көзі 2-30 шақырым радиусте орналасқан рудниктер болды. Қазан төңкерісіне дейінгі тау-кен инженерлерінің зерттеулері бойынша Үлкен Қарқаралы жоталары бойындағы пайдалы кен қазба орындарының бәрі көп металлды: құрамында мыс, қорғасын, сурьма, мырыш, күміс, алтын, сирек болса да қалайы бар.

Мыс өндіру деңгейі бойынша біршама кенді байырғы Қарамырза, Қарағайлы, Айдарлы кен орындары, оңтүстікбағытта28 шақырымда орналасқан өте бай кен орындары Шұрық, Жаңғыз қарағай (Иоанно - Богословский), Атабай әділ (Иоанно - Предтеченский), ал ең ірі мыс кен орны Сары адыр (Благовещенский) болды. Мыс рудниктерінің үлкен тобы Қарқаралы тауларының батыс жақ етегінде орналасқан. Бұлардың ең ірісі Мырза шоқы кен орны.

Қорғасын кенін ертедегі кеншілер Қарқаралы III (Суықбұлақ) кеншілер тұрағына жақын күні бүгінге дейін қорғасынды - күмісті кен үйінділері сақталған Мухтарово (Хронос) қонысынан өндірді. Тағы бір қорғасын руднигі Ақжал (Вознесенский) кеншілер тұрағынан 20 шақырым оңтүстік - шығыс бағытта 704, ең ірісі - қорғасынды мыс және күмісті Жартас (Генерал Колпаковский) руднигі Каркаралинскіден 45 шақырым оңтүстікте орналасқан.

Қалайыны Қарқаралы және Баянауыл таулары аралығында орналасқан Шайтанды тауларындағы рудниктерден өндірді.

Шығыс Қарқаралы аймағындағы ертедегі рудниктер мен қорыту орталықтары өз дәрежесінде зерттеле қойған жоқ, олар туралы деректер нақты емес. Дегенмен, бұл ауданның біраз жерлерінде ертедегі кен балқытудың іздері байқалды. Қу тауларынан, Егінді бұлақтың Түндік өзеніне құяр жеріндегі XIX ғасырда С.Попов Благодатно -Стефановский заводын салған Қайыңды шат қонысынан үлкен қож және үгітілген кен үйінділері табылды. Ертедегі кен шайындылары және үгітілген кен төмпешіктеріне шөп өсіп, бітеліп кеткен, көп жерлерді топырақ басып қалған. С. Попов балқытқан өнімінің көп бөлігін осы үйінділерден алып қайта қорыту арқылы пайдаланған. Завод қабырғалары жақсы сақталған және бұл жерден табылған қож қалдықтары ертедегі кеншілер балқытқан кен қождарынан ерекшеленеді. Завод қож қалдықтары шыны пішіндес, қара түсті болса, ертедегі қож қалдықтары қалың, тотықтанған мыс және қорғасын қабатымен қапталған.

Көне Кентөбе қазба орындары жанынан, Каркаралинскіден 50 шақырым шығыс бағыттағы Бала бүркітті тауларынан да едәуір мөлшерде қож шоғыры бары анықталды.

Шығыс Қарқаралы ауданынан табылған қож қалдықтары негізінен темірлі. Олар Бақты тауындағы Бестөбе, Қарашоқы кен қазба орындарынан Қара шұңқыр және Жалпақ байырғы қазба орындары жанынан, Темірші, Мыржық тауларынан табылды.

Баянауыл таулы металл қорыту орталығында қож жиынтығы Жосалы, Шақпақтас, Ескіжұрт, Қазанауыз және Сарыадыр (Александровка) қазба орындарында. Жосалыдан басқа қазба орындарының бәрі Баянауылдың орталығы мен Жасыбай көліне жақын, Баянауыл жоталарының солтүстік етегінде орналасқан. Сонау 1843 жылы А. Шренк бұл жерлерден мыс кені қождары мен балқыту пештерінің қалдықтарын тауып, зерттеген болатын. Ертеден мыс қорыту іздерін П.Л. Драверт қож кесектері, тотықтанған мыстан жасалған заттардың сынықтары, металл қорытуға арналған қалың қабырғалы күрішке тигельдердің бөлшектері және кремнийден жасалған құрал-сайман қалдықтары бар Қазанауыз және Сары адыр қазба орындары маңынан Баянауыл тауларының солтүстік етегінен және Жасыбай көлінің жағалауынан тапты. Көп мөлшердегі қож жиынтығы Қу тауларындағы мыс қорытқан орын Қайыңды шат қонысынан, сонымен бірге Үшқатын қазба орны жанынан табылды. Темірлі қож жиынтықтары Кентөбе (Тоғай), Ақшоқы (Ақтөбе) қазба орындары маңынан, Бақты тауының солтүстік беткейінен, қола дәуірі тұрақтары Шортанды Бұлақ, Қарқаралы III (Суықбұлақ), Тағыбай бұлақтан, Темірші тауларынан, Бекберген ескі қыстағы жанынан табылды (қосымшадан 4 кесте қараңыз).

Қорыту пештеріне қарағанда, қож шоғырлары жинақталған жерлер жиі кездеседі. Ертедегі кен қорыту нәтижесі ретінде, қож үлгілері Орталық Қазақстанның көп жерлерінен жиналды. Олар Қарағанды, Жезқазған, Балқаш қалаларының музейлерінде, Қазақ КСР - і ғылым академиясының геология музейінде сақталған. Бұл үлгілердің негізгі бөлігі қорыту пештерінің болмауына қарамастан, көне қазба орындары маңындағы «тасындылар» мен «шаю орындарынан» табылды. Пештер қар, жауын суларымен шайылып кеткен болуы керек, немесе әлі де ашылмай көмулі жатуы да ғажап емес.

Орталық Қазақстанда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының ерекше нәтижелілігі металлургия жақсы дамыған осы регионда темір балқыту іздерінің табылуы. Бізде скиф дәуіріне дейінгі кезеңде Орталық Қазақстанда темір балқыту істері басталғанын дәлелдейтін бұлжытпас деректер бар:

1. 1839 жылы байырғы Қу қазба орындарынан 3 шақырым оңтүстік бағытта «ертедегі тұрғындардың тас үйлерінің» мәдени қабаттарын қазу кезінде көпес кәсіпкер С. Попов темір кесектерін тапқан болатын.

2. Ең алғаш рет, жақсы іріктелген темір кенінің үйіндісі мен темір қождары Қарқаралы III (Суықбұлақ) қонысын қазу жұмыстары кезінде шеберхана түбінен табылған болатын. Керамика үлгілері бойынша қоныс мәдениеті біздің э .д. 1 - мыңжылдыққа жатады және Орталық Қазақстанның Беғазы - Дәндібай мәдениеті ескерткіштері қатарына кіреді.

3. Темір қождары мен жақсы іріктелген және шайылған темір кенінің үйіндісі байырғы металлургтердің қонысы Шортанды бұлақтағы №14 және №21 тұрғын үйлердің мәдени қабаттарынан табылды. Қождар мен шайылған темір кесектері қорыту пешінің жанындағы шеберхананың түбінен табылды.

4. Шортанды бұлақ қонысындағы №21 тұрғын үйдің мәдени қабатынан алғаш рет пішіні бойынша Айшырақ, Ортау, Бала құл болды топтарынан шыққан қола жебенің ұшына ұқсас темірден жасалған жебенің ұштары табылған болатын. Темір қождары мен темірден жасалған жебенің ұштары Беғазы - Дәндібай мәдениеті ескерткіштері қатарына кіретін қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі керамикамен қатар жатты.

5. Қола дәуірінің соңғы кезеңіне кіретін Тағыбай бұлақ (Баянауыл ауданы) қонысын қазу жұмыстары кезінде № 1 тұрғын үйдің мәдени қабатынан темір күршек табылды.

6. Г.Н. Щерба 1956 жылы Қарқаралы ауданындағы Сәмембет қонысынан ілмек құлағы бар темір иненің үлкен сынығын тапты.

7. Салмағы 500 грамм, көркемдеп өңделген, көлемді темір құйма металы және қола құймасы байырғы Саяқ штольнясынан 12 метр тереңдіктен табылды.

8. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде темір өндіру мен темір қорыту жұмыстары жүргізілгеніне Орталық Қазақстанның темір өндірген көптеген рудниктері куә. Олар Шығыс - Қарқаралы ауданындағы Кен төбе (Тоғай) және Бала бүркітті, Бақты, Мыржық тауларында орналасқан Кен қазған, Қарашоқы, Қара шошақ, Қарсы, Жалпақ I, Қара шұқыр қазба орындары. Лабораториялық зерттеулер нәтижесі бойынша, Қарқаралы Ш (Суықбұлақ) қонысындағы шеберхана түбінен табылған іріктелген темір кенінің құрамы қоныстан 50 шақырым шығыс бағытта орналасқан Кентөбе көне руднигіндегі кенмен сәйкес келетіні анықталды.

Темір өндірген ірі рудник Бақты тауының солтүстік жағында, Каркаралинскіден 60 шақырым шығыста орналасқан Ақшоқы руднигі болды. Негізгі кен түзуші материал -қызыл теміртас және темір жылтырағы.

Ерте замандарда темір ендіру орындары Шығыс - Қарқаралы ауданындағы Темірші тауларында, Қызыларайда, Саяқ тобында, Қарқаралы тауларының батыс жағындағы Қызылеспе, Ақшағыл, тасындылардың магнетитті тобында, Қоныспай, Арзықұл қазба орындарында болды. Баянауыл ауданында темір кенінің қазба орындары Шақшан пикеті жанында, Мырза шоқыда, Сары төбеде және Үшқатында. Ертедегі темір кенінің қазба орындарының біршама тобы Қотыр - Қызылтау және Манатау тауларында шоғырланған. Олар Ұста, Темір, Қара темір, Алабұға қазба орындары. Сондай-ақ Атасу тобында да ертедегі темір кен қазба орындары бар.

Темір кенінің кесектері және темір қождары, жебенің темір ұштары және біріге отырып Орталық Қазақстанның Бегазы - Дәндібай мәдениетінің негізін құрайтын қола дәуірінің соңғы кезеңіне тән керамикамен, қоладан жасалган заттармен және тау-кен ісіне арналған құрал-саймандармен бірге табылды. Темір қождары және темірден жасалған бұйымдардың Беғазы - Дәндібай кезеңіне жататын ескерткіштердің табылуы, темірді өндіру мерзімі туралы қалыптасқан пікірді түбірімен өзгертті. Табылған деректер Орталық Қазақстанда темір балқыту ісі скифтер кезеңінен бұрынғы мерзімде (б.д.д. IX-VIII ғғ.) басталғанын дәлелдейді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет