ЕРТЕ ЗАМАНДАҒЫ КЕН ІСІ. КӨНЕ КЕН ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ ҚҰРЫЛЫМЫ
Топографиялық зерттеулер нәтижесі көрсеткендей Сарыарқаның көне кен қазба орындары әрі көлемді және сансыз көп. Олар Ұлытаудан және Жезқазғаннан Қалба жоталарынан, Алтай мен Тарбағатайға дейін, кең байтақ қазақ даласының барлық жерінде кездеседі. Хронология бойынша қазба жұмыстарын белгілі бір дәуірге қатысты деп айту қиын. Адамзат баласының сан ғасырлық еңбек жолының жемісі. Өте ертедегі қазба жұмыстарымен кейінгі дәуірлердегі қазба жұмыстары көлемі, формасы және үңгілеу әдістерімен ерекшеленеді.
Қола дәуірінің алғашқы кезеңінде өмір сүрген кен қазушылар тек жердің үстіңгі қабатындағы тотықтанған мыс кенін өндірумен шұғылданды. Сондықтан да қазба орындарының көлемі шағын, ұзындығы 10-12 метр, ені 3-4 метр, тереңдігі 1,5-2 метр (Петрохолм I, Кресто - юг I, II, III).
Сарыарқадағы байырғы кен қазба орындарын зерттеу барысында қола дәуірінің соңғы кезеңіндегі кен қазушылар да, ерте көшпенділер де өздерінің бұрын өмір сүрген ерте заманғы кеншілер қалдырған ізбен жүргендігін көрсететін белгілер байқалды.
Жезқазғанның, Шұрық, Мың шұқырдың, Баянауыл ауданындағы Жасыбайдағы байырғы кен қазба орындарында өте ерте заманғы шағын шұңқырлар мен кейінгі дәуірлерде қазылған үлкен шұңқырлар кешенді түрде қатар орналасқан. Орыс саяхатшы - ғалымдары оларды «чуд қазбалары» деп атады.
Қола дәуірінен қалған кейбір қазба орындарындағы қалың қабақтардан табылған керамика сынықтары орта ғасырлық Милы құдық, Айнакөл, Сорқұдықтағы Жезқазғанның байырғы кеншілердің қоныстардың жоғарғы мәдени қабаттарынан табылған тұрмыстық заттар және көркем керамика туындылары орта ғасырға тән. Осы табылған заттық дәлелдер негізінде Қ.И. Сәтбаев «Жезқазғанда кен қазу жұмыстары көптеген ғасырлар бойы жүргізілгендіктен, ондағы «тасындылар» да әр кезеңге тән деп жазды. Бұл анықтама тек Жезқазғанға қатысты ғана емес, сонымен қатар үйінділері мен шұңқырлардан әр ғасырға тән құрал-сайман қалдықтары мен керамика үлгілері табылған барлық аудандардың қазба орындарына тән. Кен қазумен өндіру үздіксіз ғасырлар бойы жүргізілген қазба орындарына Жезқазған, Саяқ, Ульяновский ауданындағы Алтынды Қарасу, Баянауылдағы Жосалы, Қарқалы ауданындағы Мырзашоқы, Шұрық кен орындары жатады. Байырғы қазба орындарын зерттеу жұмыстары кен қалдықтары үйінділерін, шұңқырларды, карьерлер мен забойларды зерттеу, топографиялық түсір және заттық деректерді жинау нәтижесінде жүргізілді. Жезқазған, Саяқ, Кен қазған, Шақпақтас, Бестөбе, Майқайың, Степняк және Алтын шоқыда қазба жұмыстары жүргізілді. Дегенмен көне қазба орындарының көпшілігі әлі зерттелмеген, өз кезектерін күтуде.
Байырғы кен қазба орындарының құрылымын зерттеуге И.П. Фальк, П.С. Паллас, И.П. Шангин, Г.Розе, А.В. Шлангали, Г.Д. Романовский, М. Белаусов, А.В. Яковлев, К.И. Бривнак, И.А. Антипов, А.А. Краснапольский, С.Х. Болл секілді көптеген геологтардың еңбектері арналған. Геологтардың кейінгі буыны В.А. Тазухин, А. Сборовский, Қ.И. Сәтбаев, М.П. Русаков, Н.И. Наковник, Ф.В. Чухров, Г.Ш. Щерба, Д.Д. Хайрутдиновтар да өз еңбектерін осы тақырыпқа арнады.
Сарыарқаның пайдалы кен қазбалары орындарының алғашқы топографиялық түсір жасау, байырғы кен қазба орындары туралы деректер негізінде XIX ғасырдың 80-жылдарыныңбасында іске асырылған болатын. Бұл топографиялық түсірілім нәтижесі көпес кәсіпкерлерінің өтініш - заявкаларындағы көрсетілген пайдалы кен қазбалар орынын ескере отырып 1885 жылы шыққан Омбы әскери округінің 40 картасында, Батыс Сібірдің 10 картасында және тау-кен инженері А. Сборовскийдің карталарында көрсетілген. Орталық Қазақстанның көне кен қазба орындарының топографиялық түсірілімін Қазан төңкерісіне дейін тау-кен инженерлері Л.Ф. Грауман, А.В. Яковлев, М. Белоусовтар Баянауыл ауданында (Жосалы, Үрпек, Үшқатын, Шақпақтас т.б.), И. Антипов Қарқаралының батыс бөлігін (Күзеу адыр, Қараоба, Қасқа айғыр, Қаражал, Алайғыр т.б.) жасады. Қарқаралының шығыс аудандарындағы кен қазба орындары Г.Д. Романовскийдің, А.А.Краснопольскийдің және Л.Л. Солодовниковалардың геологиялық картасында толық көрсетілді. Кеңестер одағы кезінде Сарыарқаның байырғы кен қазба орындарына топографиялық зерттеу жұмыстарын геологтар Б.М. Чудинов, И. Яковлев-Сибиряк, С.Ф. Осмоловскийлер Степнякте, Ақкөлде, Жолымбетте, Бестөбе мен Атансорда жүргізсе, Қ.И. Сәтбаев, А.В. Кузнецов, Н.В. Валукинскийлер - Жезқазғанда жүргізді. Жезқазғандағы негізгі қазба орындарына топографиялық зерттеулер мен түсірілімдер жасаған Жезқазған мыс комбинатының геологиялық бөлімінің меңгерушісі А.В. Кузнецов, 1945 жылы КСРО-ның Ғылым Академиясының қазақ бөлімшесіне «Шұңқырлар мен тіліктерден, кен шашырандыларынан тұратын ескерткіштерге құрылыс жұмыстары барысында қауіп төніп тұрғаны туралы» хабарлады. Алдын-ала жүргізілген зерттеулер мен көтерме материалдарды жинау нәтижесі біраз бүлінгеніне қарамастан Жезқазған кен қазба орындарына тиісті дәрежеде көңіл аударып, қазба жұмыстарын қалпына келтіруді қажет ететіндігін корсетті. Тау-кен инженерлерінің, оның ішінде Қ.И. Сәтбаевтың ат салысуымен Орталық Қазақстанның көне кен қазба орындарынан Жезқазған кен орындары тиянақты түрде зерттелді. Қ.И. Сәтбаев Арал төбе ауданындағы Сарысу өзенінің сол жағалауындағы мыс қазба орындарын, Қыпшақбай, Айрамбай және Жыланды өзені аңғарындағы Қарашошақ кен орындарын, Бекболатсай өзені аңғарындағы, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы Арғанаты тауларындағы кен қазба орындарын зерттеді. Бұл байырғы кен қазба орындарының бәрінде үйінділердің және карьерлердің аумағы анықталып, мыс шлактары мен ұсатылған кен үйінділері табылды. Дәл осындай зерттеу жұмыстарын Алабұғы, Қызыл еспе, Қоңырат кен қазба орындарында М.П. Русаков.
Көп металды кен қазба орындарында кен денесі көп жағдайда тіктеуіш құлама секілді ұя сала немесе шток тәрізді масса күйінде 30 метр тереңдікке дейін жетеді.
Байырғы кен қазба орындарын зерттеу барысында кен орындары құрылымы кен денесінің түзілу формасына байланысты екені байқалады. Алайғыр, Бесшоқы Бұғылы, Қараоба, Қасқа айғыр, Қызылеспе, Күзеу адыр т.б. кенорындарының кен денелерін шток тәрізді типке жатқызуға болады. Алайғыр көне руднигі диаметрі 10 м, тереңдігі 12 м, дөңгелек формалы тік тілік; Бесшоқыдағы (Қайрақты) диаметрі 15метр,тереңдігі31 метрге жақын; Қараоба руднигі - диаметрі 20 м, тереңдігі 35 метр дөңгеленген формалы, тік тілік.
Шток тәрізді типке жататындар ішіндегі ең ірісі Қасқаайғыр - Ақшатау руднигінен 30 шақырым оңтүстік батыс бағытта орналасқан. Бұл байырғы кен орнының тілігі де дөңгелек пішінді диаметрі 12 м, тереңдігі 35 м. Осы жерден ұзындығы 40 м, ені 4 м, тереңдігі - 2,5 м. Көне ашық шұңқырды байқауға болады.
Қызылеспе кен орындары Қасқаайғырға ұқсас тік тілікті. Шұңқырдың ұзындығы 52 метр, ені 18 м, тереңдігі 32 м. Күзеуадыр көне кен орындары да көп металды кенорындарында пайда болған кен жатысы шток тәрізді барлық пайдалы кен қазба орындары тәрізді. Кейбір ертедегі карьерлерде сатылы тіліктер (Саяқ III, Алабұғы) кездеседі. Байырғы кеншілер осы сатылардың көмегімен едәуір тереңдікте кен өндірген.
Сарыарқа даласында кен қазба орындарының ашық және жер асты секілді екі түрі кездеседі. Кенді ашық түрде өндіру — қола дәуірінің алғашқы кезеңіне тән. Бұлар әлбетте, терең емес және көлемі шағын кен орындары. Олар ұзындығы 8-10 метрден 16-18 метрге дейін, ені 2-3 м, тереңдігі 1,5-3 м кен денесінің жатысына байланысты орналасқан сопақ пішінді таяз шұңқырлар. Сонымен қатар, диаметрі 25-60 м, тереңдігі 5-8 метр дөңгелекше келген шұңқырлар легі мен, 80 метрден 500 метрге дейін созылған ұзын шұңқырлар да кездеседі.
Кен қалдықтары үйінділері, күресіндер мен байырғы кен қазба орындарының түбінде ерте андрон кезеңіне тән (Тесіктас, Алқамерген) тастан жасалған құрал-саймандар мен керамика кездеседі. Бұл секілді ерте замандағы кен қазба орындары Баянауыл, Қарқаралы далаларында, Шідерті өзені аңғарында (Шақшан, Қарабидайық), Өлең аңғары (Ерейментау, Қоржынкөл), Сілеті, Ешім, Нұра, Тоқырауын өзендері аңғарлары мен олардың су құймаларында, сондай-ақ Жақсы Сарысу және Жаман Сарысу өзендері бастаулары аңғарында жиі кездеседі.
Баянауыл ауданында кездесетін ертедегі кен қазба орындары түрлеріне жартылай бітеліп қалған Алтынтас және Жосалы мыс кенорындары жатады. (Бұл мыс кенорындарына жақын «чуд қабірлері»(590) орналасқан). Кеуіп қалған Жосалы көлінің орнында бірнеше кешенді ескерткіштердің орны байқалады, бүл жерде, сонымен бірге, көне мыс қорыту орнының іздері бар. 1834 жылы жазылған заявкада «Шақшан - өте терең емес мыс кені бар шұңқырлар», - деп жазылған. Шақшан және Қарабидайық көне кен қазба орындары маңында археолог - ғалымдар A.M. Оразбаев, M.K. Қадырбаевтар зерттеген Тасмола және Нұрмамбет секілді қола дәуірі және ерте көшпенділер мәдениетін сипаттайтын ескерткіштер орналасқан.
Қарқаралы ауданындағы ең көне кен қазба орындары басты Қарқаралы жоталарының шатқалдары мен жырасайларында орналасқан. Бұларға Ақжал, Ақдоңғал, қазба орындары, Атабай әділ, Қарамырза, Жаңғыз қарағай, Мырза шоқы, Шұрық тағы басқа ерте заманнан қалған қазба шұңқырлар да жатады. Осы аудандағы мыс кенінің көп шоғырланған орындары: Қызыл арай тауларындағы Кент (Берілі бұлақ), Сары доңғал, Талды, Бақты (Бестөбе), Бүркітті, Қу, Арқалық (Матай), Мыржық (Барлыбай, Үкілі), Дегелең (Қара шүкір, Қара шат), Абралы (Қалмақ тас, Мейізек, Сырым, Жер адыр, Берік қара), Көкшетау (Сары шоқы, Сор анық).
Батыс Қарқаралы және Шет аудандарында орналасқан өте ертедегі мыс қазба орындары; Толағай, Егіз қызыл, Тай, Мың шұқыр Кен шоқылар үлкен шұңқырлар күйінде сақталған. Балқаштың солтүстігіндегі ерте замандағы қазба орындарына Тесік тас, Қара үңгір, Қызылтас және Саяқ руднигінің ертеректе қазылған топтары жатады. Тесік тастағы қазылған шұңқырлардың жалпы саны - 20. Ұзындығы 30 метрге дейін, ені 5-12 м, қазіргі тереңдіктері 0,5 метрлік Бұл шұңқырлар бір-біріне өте жақын тіркесе орналасқан. Қазба жұмыстары барысында мәдени қабаттардан 35- 40 см тереңдікте табылған сопақша пішінді, ұштары үшкірленген тас құрал-саймандар өте ыңғайсыз жасалған. Көлемі шағын, ашық түрде кен өндірілген өте ерте заманғы қазба орындары Жезқазғанда өте көп. Кішірек, ұзындығы 6-8 метрлік, тереңдігі 1,5-2 метр шұңқырлар Раймунд II және III бөлімшелерінде, ұзындығы 12 м, ені 8-10 м, тереңдігі 1,5-2 м шұңқырлар Петрохолм, ұзындығы 12- 18 м, ені 6-8 м, тереңдігі 2 метрге дейінгі шұңқырлар Кресто ұзындығы 20-25 м, ені 8-12 м, тереңдігі 2 метрден артық мыс өндірген шұңқырлар Сарпиенский бөлімшесінде (участке), дәл осындай Спасск шұңқырларын айтуға болады. Кейбір шұңқырлардың түбінен кен өндіру құралдары табылды. Әсіресе, әбден бітеліп қалған, бірақ жер қазу жұмыстары кезінде Анненский участкесіндегі шұңқырдан 2,5 м тереңдікте табылған көптеген кен үгітетін құрал-саймандар; шой балғалар, қайлалар мен шот балғаларды келтіруге болады.
Қара шошақ, Қыпшақбай, Айрамбай секілді Жезқазғаннан 45 шақырым солтүстік бағытта, Жыланды өзені аңғарында орналасқан көне мыс қазба орындары да өте ерте кезеңге жатады. Академик Қ.И.Сәтбаев пен Н.В. Валунскийдің зерттеулері бойынша Қыпшақбай көне кен қазба орындары оңтүстік шығыста 70, оңтүстік - шығыста 30 құлау бұрышымен 350 метрге созылып жатыр. Бүл жерлерде кен денесінің созылымына байланысты орналасқан он шақты кішігірім ертедегі «шаю шұңқырлары» бар. Олардың өте ерте заманғы екеуі бүгінде су қоймасына айналған. Ірі кен қазба орындары жанында қола дәуіріне тән белгі қар, жаңбыр суларын жинау үшін жасалған үлкен плотиналар қойылған.
Қыпшақбай қазба орындарына жақын Жыланды өзенінің батыс жағалауында көне мыс қазған 250 метрге созылған Айрамбай шұңқырлары орналасқан. Ұзындығы 40 м, ені 15-20 м, тереңдігі 1,2 м шамасындағы 10 - ға жуық шұңқырдан тұрады. Шұңқырлар маңындағы үйінділерден құрамында малахит, халькозин бар желілі минерал кесектері табылды. Айрамбай қазба орындарынан алыс емес мыс өндірген Құлман шұңқырлары да зерттелді. Ұзындығы 140 м, тереңдігі 3 м, ені 2-2,5 м шұңқырларда кен ісі өте ерте замандарда жүргізілген. Және бұл шұңқырлар басқа шұңқырлардан енсіздігімен ерекшеленеді. Ұзындығы 20 м, ені 5 м шамасындағы ерте заманға жататын Сары оба «шаю апанының» да көлемі шағын. Бұл қазба орындары елді мекендерден жырақ орналасқан себепті жақсы сақталған.
Жыланды тобына жататын барлық байырғы кен орындары қола дәуірінің ерте кезеңін сипаттайтын құрал-саймандар, керамика секілді материалды өндірістің қалдықтарын сақтаған.
Айрамбай мен Қыпшақбай қазба орындары маңындағы кен үйінділерінен тастан жасалған - кен үгіткіш шой балға, қайла, екі жағы да жүзді шот балға секілді мыс өндіруде пайдаланған еңбек құралдары жиналып алынды. Қыпшақбай кен орындары жанынан дөңгелек пішінді төбешіктер мен плотиналардан су келіп тұрған кішірек су жинайтын шұңқырлары бар кенді үгіткен және кен байытқан орындар байқалады. Сонымен қатар жер кепелер мен іші таспен қаланған, тереңдігі 1,5 метрлік құдық іздері сақталған. Ал, төбелердің беткейлерінде жерге тігінен қазылып, орнатылған тас плиталар мен қоршалған тас үйінділерімен жабылған қола дәуірі қабірлері бар.
Шамалы тереңдіктегі көзге байқала қоймайтын ерте замандардан қалған қазба орындары мен қатар ірі-ірі кен ашық түрде өндірілген және жерасты кен қазба орындары көптеп кездеседі. Олар топтаса отырып ұзындығы 3-4 шақырымға созыла тізбектеле орналасқан. Бұл қазба орындары қола дәуірінің шарықтау кезеңін байқатады. Ірі кен орындарының пайда болуы қола дәуірінің осы кезеңінде тау - кен ісінін бірнеше есе өскенін және тайпалардың экономикалық өсу дәрежесін көрсетеді.
Қола дәуірінің соңғы кезеңінде ұзын және ашық кен қазба орындары жерасты кен қазу тәсілдерімен қиюластырып, үңгілеу техникасы күрделеніп, көп түрлі бола бастады. Өндірістік тәсілдер эволюциясының неғұрлым жабайы түрлерінен күрделі түрлеріне ауысуын Жезқазғанның барлық байырғы ірі кен қазба орындарынан Қоңырат, Саяқ, Атабай әділ, (Шұрық, Жаңғыз қарағай), Жосалы, Үрпек, Шақпақтас, Майқайың, Бестөбе, Степняк, Имантау тағы басқа кен орындарынан байқауға болады. Топографиялық зерттеулердің көрсетуінше, Орталық Қазақстанның көптеген ірі кен қазба орындары өз тарихын шағын ашық шұңқырлардан бастап, жүздеген жылдар легінде күрделі рудниктер корпорациясына айналды. Орталық Қазақстанның көптеген ертедегі рудниктерінде штольнялар, шахталар, жер үстіне шығатын аузы бар (Жезқазған, Саяқ, Степняк, Бестөбе т.б.) тік және еңісті қазба орындары, сонымен катар жерасты горизонтальді және еңісті қуа қаз, квершлаг типтес, шығу тесіктері жоқ қазба орындары (Жезқазған, Кен шоқы, Күзеуадыр, Шақпақтас т.б.) сақталған. Үңгілеу қай жағдайда болмасын кен желісінің созылымы бойынша жүргізіліп отырған. Кен денесі шток тәрізді масса пішінмен тік орналасқан болса, қазба орны шахта формалы болды. (Шет ауд. Бес шоқысы, Қараоба, Қызыл еспе, Қасқа айғыр, Боз айғыр т.б.)
Шахта оқпаны Жезқазған, Саяқ, Шеттің Кен шоқысы, Күзеу адыр және Қаражал секілді біраз байырғы қазба орындарында кездесті. Кен желілері негізінен Орталық Қазақстанның әр түрлі кенді аймақтарында 8 метрден 28 метрге дейін баратын грунт суларының деңгейіне дейін жетеді. Шет ауданының Кен шоқысы жерасты қазба орындары 31 метрге дейін үңгіленіп, су астында қалды. Қарқаралы ауданындағы Күзеу адыр мен Берік қара да осы күйді кешті.
Үңгілеу тәсілі штольняның пайда болуына әсер етеді: алғашқы ашылған кен жұмыстарын тереңдете келе үстіңгі қабатты толық түсіру мүмкін емес жағдайда, штольня біртіндеп кен желісінің жатысына қарай созылым бойымен горизонттық тереңге кетеді. Мұндай жағдайда штольняның төбесі және бүйірлеріндегі қуа қаздар бұзылған кен жыныстарының ірі блоктарынан жасалған, оқпанның диаметрі 1 метрден асатын жасанды тіреуіштер жүйесімен бекітіледі. Жерасты кен қазба жұмыстарының ерекшелігі барлық тереңдіктегі қазбалар, штольняның, бос қуа қаздардың, забойлардың кеннен босатылған кеңістіктері кеншілер сыртқа шығармай арнайы үңгілеуді бекіту үшін қалдырған бос жыныстармен бекітіледі.
«Артық жыныстарды сыртқа тасымай, оларды жерасты кен қазба жұмыстарынан кейін бос қалған кеңістікті бекітуге пайдалануды байырғы кеншілер тамаша меңгерген»,- деп жазды Б.М. Чудинцев. Байырғы кеншілерге тән тағы бір ерекшелік - олар штольняға кіретін ауызын сырт көзге байқаусыз, асқан ұқыптылықпен тұтас тақтатаспен бекітіп қоятын болған.
Зерттеушілердің бір ауыздан мойындағанындай байырғы кеншілер көбінесе тотықты кенді және тез балқитын кенді кенорындарын игерген. Дегенмен, Қызыл еспе, Қасқа айғыр, Қараоба секілді порфир араласқан тез балқи қоймайтын кенді орындарда да кен қазба жұмыстарынан бас тартпаған.
Сарыарқа даласында бай кен орындарымен қатар, әсіресе мыс кені шамалы пайдалы кен орындары да аз емес. Байырғы кеншілерді мұндай кен орындары аса қызықтырмаған болуы керек, себебі, бұл жерлерде кен барлау жұмыстары кезінде жасалған шурфтардан өзге қазба жұмыстары іздері байқалмайды.
Байырғы кеншілер кен барлау жұмыстарын кеңінен пайдаланғаны туралы Б.М. Чудинцевтың, В.И. Валунскийдің еңбектерінде көрсетілген. И.В. Валунскийдің байқауынша, байырғы кеншілер пайдалы кен орындарында әуелі әр жерден үшбұрыш болып келетін шағын шурфтар жасаған. Кей жерлерде тереңдігі 1,5 м. болып келетін «сырнай» пішінді барлау шұңқырлары да кездеседі. Күні бүгінге дейін іздері сақталған барлау шурфтарының мыс кенін іздеу, барлаудың бірден-бір жетілген әдісі болғаны даусыз. Мұндай барлау шурфтары Жезқазғанның кенді аймақтары - Кресто Центрде, Петро III, Раймунд І,ІІІ - те, Анненский кен орындарында кездеседі. Саяқ, Шақпақтас, Қазанауыз байырғы кен қазба орындарында да барлау жұмыстары іздері сақталған. Ерте замандардағы кен барлау іздері Атасу өзені бойында, Бетпақдала, Тасқора, Қомпол, Ұрдашағыл, Шалқия пайдалы кен орындары аймақтарында сақталған. Жезқазғанның барлау шұңқырларынан көптеген тастан жасалған екі жағы да жүзді шот балға, қайла секілді құрал - саймандардың сынықтары табылды. Барлау шурфтарының көлемі шағын -ені 2x3 м, тереңдігі 1-1,5 м. Мұндай барлау шурфтарының көптеп кездесуі Орталық Қазақстанның байырғы кеншілері әуелі барлау жұмыстарын жүргізу арқылы пайдалы кен орындарының ерекшеліктерін анықтап, бай кен шоғырлары табылған жерлерде ғана қазба жұмыстарын бастағандарын дәлелдейді.
Қазақстанда Беғазы - Дәндібай дәуірінде тау-кен ісі ерекше дамығандығы байқалады. Бұл кезеңде Сарыарқаның байырғы кеншілері көп ғасырлық тәжірибе негізінде тереңде жатқан жер асты кен қабаттарын игере бастады. Нәтижесінде кенді шахталық, қазу әдісі пайда болды. Кейбір жерлерде шахталардың тереңдігі 30 метрге дейін жеткен. Жезқазған, Имантау, Алтын су, Кенқазған, Шақпақтас, Жосалы, Үрпек, Шұрық, Атабай әділ, Саяқ, Қаражал, Алабұғы, Алтын тас, Сары адыр тағы басқа байырғы кен орындарын үңгілеу әдістері мен жер асты кен қазба жұмыстарын жүргізу түрлері туралы таптырмас материалдар жиналды.
Шұрық - Қарқаралыдан 30 шақырым оңтүстік - шығыс бағытта орналасқан байырғы мыс кені прийскісі. «Шұрық» атауы Атабай әділ (Иоанно - Предтеченский руднигі), Жаңғыз қарағай (Иоанно - Богославский руднигі), Айғыз құдық, Қозы (Козьма Демьяновский руднигі) секілді бір-біріне жақын орналасқан бірнеше шақырымға созылған көне шұңқырлар тізбегін құрайды. Кейбір шұңқырлардың ені 40-50 м, ұзындығы 200-400 метрге жетеді.
Қарқаралы (Суықбұлақ) қоныстарында өмір сүрген кем қазушылар үшін Шұрық кен орнының негізгі кен базасы болғаны даусыз. Шұрық кенін игеру үшін XIX ғасырдың 60-шы жылдары ағайынды көпес - кәсіпкер Поповтар Козьма-Демьяновский заводы 11 салды. Бұл завод XX ғасырдың басына дейін жұмыс істеді. Завод 1861 - 1863 жылдар аралығындағы үш жыл ішінде Атабай әділ кенінен 70 тонна қара мыс, 5,5 тонна таза мыс балқытты. 1886- 1893 жылдар аралығындағы 8 жыл ішінде Жаңғыз қарағай кенінен 610 тонна қорғасын, 4,5 т. күміс, 44 т. қара мыс, 20 т. таза сап мыс балқытты.
Қола дәуірінің кен қазба орындарына Баянауыл ауданында Әулие Қызылтау қыраттарында бір-біріне жақын орналасқан Жосалы және Үрпек рудниктері жатады.
Жосалы - Әулие Қызылтау қыраттары етегінде жазықтың солтүстік шығыс бетінде орналасқан 9 шақырымға созылған атақты мыс және алтын кен орны. Бұл жерде қола дәуірінің әр кезеңінде кен өндірген шұңқырлардың шексіз тізбегін көруге болады. Қазба орындарының ең ірілері Беғазы - Дәндібай кезеңіне жатады. Олар мыс кенін ұсатып, жуып, байытқан. Қабырғаларын үлкен ірі гранит плиталарды тігінен қазып орнату арқылы жасалған үлкен платинаның сақталған қалдықтары Жосалы көліне жақын жерде орналасқан.
Көпес С. Поповтың сұраныс қағазында: «қазба орындарының солтүстік жағында екі қатар тас бағаналар және құдық шұңқырлары»,- деп жазылған.
Үрпек - Баянауыл ауданының «Южный» совхозының территориясында, Көктас - Жартас руднигінен солтүстікке 30 шақырымда, Әулие Қызылтау қыраттарының оңтүстік - батыс (беткейінде орналасқан қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын ірі орны. Шөп өсіп кеткен шахталы оқпанымен терең карьер. Жергілікті тұрғындар «Шыңырау» деп атайды.Сарыарқадағы қола дәуірінде тау-кен ісінде жеткен үлкен жетістік Алтын төбе руднигі болды.
Қаражал руднигі Шет ауданы, «Ақшоқы» совхозы орталығынан 18 шақырым солтүстік шығыс бағытта, ескі Қарашолақ қыстағы жанында. Қазба орны төбесі күмбезделіп келген үңгір тәрізді Қаражал тауының қырат беткейінде. Апанның сагасының биіктігі 1,3 м, аузы солтүстік шығысқа бағытталған, ішкі аумағы 4,5 х 3,4 м, төбесінің биіктігі 2,5 м. Апанның түкпіріне қарай қысқа келген ұзындығы 1,3 м, кен денесінің созылымына қарай жасалған штрек және тереңдігі 6,5 м, тік жүріс (гезенк) жасалған. Қаражалдың барлық үңгілеулерінде мыс және қорғасын өндірген. Барлық оқпақтарда (гезенк) малахит пен азуриттен тұратын мыс тотығы көптеп кездеседі.
Алабұғы қазба орындары формасы бойынша Қаражал қазба орындарымен ұқсас. Рудник Талды нұра өзенінің сол жақ арнасы болып келетін Алабұғы өзені алабында, Есенбек ескі қонысынан 1,5 шақырым Оңтүстікке, байырғы кеншілердің Шортанды бұлақ қонысынан оңтүстік батыс бағытта 8 шақырым. Алабұғы өзені Қотыр Қызылтау ұсақ шоқылық массивінің солтүстік сілемін кесіп өтіп Талды нұра өзеніне құяды. Қазба орындары И.А. Антиповтың схемасында «қыраты» деп белгіленген осы сілемдердің бірінің беткейінде орналасқан.
1889 жылдан 1890 жылға дейін бұл жерлерден 14 байырғы қазба орындары табылды. Олардың 8-і «А қыраты» - ның оңтүстік беткейінде, ал 6-уы үңгіме - шахталы типі осы қыраттың солтүстік және солтүстік шығыс беткейінде.
Бұлардың ішінде ірі шахталар солтүстік беткейіндегі №1 және №2, шығыс беткейдегі № 8 шахта.
№1 шахтаның тереңдігі - 16 метр, №2 шахтаның тереңдігі - 15м, №8 шахтаның тереңдігі -7 метр. Шурф жасаудың нәтижесінде №1 шахтаның тереңдігі - 22 м, екендігі анықталды. И.Антиповтың жорамалдауынша, №1 және №2 шахталардың оқпандары бірнеше метр тереңдікте Қасқа айғыр мен Күзеу адырдағы секілді шағын штрекпен жалғасуы мүмкін. Шахталардың шеткі оқпандарының бірі әлбетте кенге онша бай болмайды да, кейбір зерттеушілердің (И.А.Антипов, М.Белоусов, Б.М.Чудиновтар) пікірі бойынша олар шахталық желдеткіш ретінде қызмет атқарады.
Сарыарқа территориясында шахта типтес жер асты қазба орындар мұндай бос оқпандар жиі кездеседі. Байырғы кеншілер кенді шоғырлардың орналасқан жерлерін таңдап алғаннан соң, осы жерлердің шет жақтарынан белгілі бір тереңдікке дейін төменгі жағы түйісетін екі тік, еңісті және сәкілі (Саяқ III) жүріс жасайды. Төменгі жағында горизонтальді штрекпен қосылған жұпты тік шахта типтес оқпандар Алабұғыда, Шақпақтаста, Жезқазғанда, Кен шоқыда кездеседі. Алабұғыда кен денелері әктасты түзілген ұялы және кен қаптары пішінді. Кен минералдары церуссит, галенит (қорғасын жылтыры), пиролюзит, қоңыр теміртас т.б. Алабұғы кен орнының көп металды кен орны екенін М.П. Русаков, И.С. Яговкин. П.И. Кропоткиндер дәлелдеді.
Алабұғы, Қаражал, Қызыл еспе, Ақ шағыл, Қасқа айғыр т.б. байырғы кен орындарындағы кен қалдықтары үйінділерінің құрамында мыс, қорғасын минералдарынан басқа да каламин, сфалерит, вад, псиломелан, пиролюзит, лимонит, магнетит, темір бары анықталды. Орталық Қазақстанда байырғы кеншілер қола дәуірінің соңғы кезеңінде мырыш және темір кендерімен де таныс болған. Көне қоныс орындарынан табылған әр түрлі қоладан жасалған заттардың құрамында мыспен қатар мырыштың да анықталуы осыған дәлел.
Қарқаралы II, III (Суық бұлақ), Шортанды бұлақ, Тағыбай бұлақ қоныстарында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде жақсы іріктелген темір кені үйіндісі мен темір шлактарының табылуы, темірден жасалған құрал-саймандардың шықпауына қарамастан, темір балқытудың алғашқы әрекеттері жасалғанын көрсетеді. Бәлкім бұл әрекеттерге барған байырғы Алабұғы кен орнының металл балқытушылары болар.
Кен өндірудің күрделі түріне жататын Шақпақтас кен орны Баянауылдан 45 шақырым оңтүстік батыс бағытта орналасқан. Таулардың барлық төбелері мен беткейлері байырғы кен қазған шұңқырлар тізбегіне толы. 1842 жылы С.Поповтың адамдарының қарап шығып, жеткізуіне сенсек, бұл жерде ерте замандарда кен өндірген 40-тан аса шұңқырлар бар. Шақпақтас руднигінің осы топографиялық негізі күні бүгінге дейін сақталған.
XIX ғасырдың орта шенінде ертедегі шұңқырлардың аралықтарына жіңішке траншеялар мен шурфтар жасалды. Олардың бас аяғы оншақты. Негізінен Шақпақтаста ерте кезде мыс өндірген. Кенді өңдеу, ұсату, байыту және балқыту жұмыстары су көздерінің жетіспеушілігіне байланысты басқа жерде жүргізілген. Дегенмен, кен қазба орындарындағы аландарда кенді алғашқы іріктеу мен алғашқы күйдіру жұмыстарының іздері - біршама ұсақталған кен және күйген қара қож шоғырлары сақталған. Кен өндірген шұңқырлар тізбегінде диаметрі 100-150 м, тереңдігі 5 метрге жететін он шақты үлкен шұңқырлар ерекше көңіл аударады. Төбешіктің оңтүстік беткейінде орналасқан үлкен шұңқырлардың бірінен штольняға кіретін тесік және штрек тәрізді жер асты үңгулері табылды. Жерасты забойлары мен штольнялар негізінде Жезқазған забойларына ұқсас. Ірі және өте күрделі байырғы кен қазба орындарының бірі - Саяқ.
Саяқ кен қазба орындарына - шұңқырлардың ересен тізбегі түрінде, забойлармен терең карьерлер, шахта, штольня, штрек типтес жерасты қазбалары секілді түрлі формалары тән. Бұл жерлерде кен қазу ісінің бірнеше ғасырлық ізі бар. Саяқта кен қазу ісі қола дәуірінің әр кезеңдерін ғана емес, орта ғасырды да қамтиды.
Саяқта байырғы қазба орындарының 6 тобы бар. Олар: Саяқ I, Саяқ II, Саяқ III, Саяқ IV, Саяқ V, Саяқ VI (Берік қара).
Саяқ төбелерінің жекелеген жырасайларынан Н.И. Наковник оңтүстіктен солтүстікке созылған төбешік үйінділердің тізбегін қарап шығады. Бұл үйінділерден қара, көк, жасыл түсті магнетитті және құрамында мыс кені бар тақта табады. Кейбір үйінділер құрамы ақ мрамор және көк - жасыл түсті мыс минералдары тарамдала біткен сұр тұрады. Осындай деректер негізінде Н.И. Наковник «Саяқтың мыс порфирлі емес, сканерді екендігі туралы»,- пікір айтқан болатын. Саяқ төбешіктері құмтасты, әктасты және тақтатасты, жырасайларының арнасымен гранитті жыныстар өтеді. Байырғы Саяқ кен қазба орындары түрлі кезеңдерге жатады және оның дәлелі формасының әр түрлі болып келуі.
а) қола дәуіріне тән кенді ашық түрде өндіру іздері - бітеліп қалған шұңқырлар тізбегі;
ә) забойлы терең карьерлер;
б) штольнялар;
в) шахталар.
Ең бірінші рет Саяқтағы көне кен қазба орындарының барлық топографиялық дәлдіктерін планшетке түсіру арқылы басты түсірілім жасаған И.Н. Наковник болатын. Негізгі бастау нүктесі Саяқ IV (немесе Сиқымбай жырасайы) болды да рет - ретімен Саяқ І - ден Саяқ IV - ке дейінгі аралық түгелдей қағазға түсірілді. Кен орындарын чертежде кескіндеп көрсету үшін арқанның көмегімен және тереңдікке тас тастап, оның құлау уақытын белгілеу арқылы штольнялардың тереңдігі анықталды. Жинақталған көп материалдар негізінде қола дәуіріндегі Орталық Қазақстандағы ірі металлургия орталықтарының біріндегі кен өндіру және металл балқытудың тарихын анықтау мүмкіндігі туды.
Кейіннен Саяқтағы барлық кен қазба орындары тобының (Саяқ I, И, III, IV, V, VI) аэрофото кескіндемелері жасалып, Қазақ КСР - і геология Министрлігінің планшеттеріне енгізілді. Кен өндірудің небір күрделі түрлері Саяқ I, Саяқ III, Саяқ IV рудниктеріне тән.
Саяқ төбешігінің шығыс жағында орналасқан байырғы Саяқ I руднигі көлемділігімен ерекшеленеді. Солтүстікке созылған бітелген карьерлер, шұңқырлар тізбегі 1 шақырымнан асады. Бұл жерлерден И.Н.Наковник барлау жұмыстары үшін жасалған кішкене шұңқырларды қоса есептегенде 85-ке жуық шұңқырлар санаған.
Саяқ I руднигінің үйінділері көк - жасыл мыс минералдарының тас тарамыстары бар ақ мрамор мен сұр тұрады. Кейбір үйінділерде қара темір кесектері бар. Қалыңдығы 10-20 см болып келген магнетиттің қара желілері шұңқырлардан көрініп жатыр. Саяқ I руднигінде табылған штольняның кіріс аузы үлкен магнетит шойтасымен жабылған. Штольняның тереңдігін анықтау мүмкін болмады.
Саяқ II көне руднигі байырғы кен қазба орындары күресіндері қаптаған, көлемді де тармақталған жырасай күйінде сақталған. Бұл маңда су көзі, құдықтар және иесіз қалған қазақтардың ескі қыстаулары бар. Саяқ II руднигіне оңтүстік шығыстан батысқа, солтүстік батысқа созылған тотыққан мыс жасылы араласқан магнетит желілерінің болуы тән. Үлкен жырасайдың оңтүстік шығыс жиегі түгелдей кен желілері бойынша қазылған ертедегі шұңқырлар тізбегінен тұрады.
Саяқ III руднигі Саяқ тауларының оңтүстік батыс беткейінде Саяқ II руднигінен 1 шақырым батыс бағытта, ши өсіп кеткен ұзын жіңішке жырасайда орналасқан. Бұл жердің ландшафы Саяқ ұқсас. Саяқ II және Саяқ III рудниктері аралығында мыс кені белгілері мен қара магнетит қатпарлы қошқыл белдеу жатыр. Ертедегі шұңқырлар тізбегі 1 шақырымға жетеді. Кейбір жерлерде карьерлердің ұзындығы 500 метрге, ені 12-30 метрге, тереңдіктері 25 метр және онан да көп. Саяқ III руднигінде байырғы кеншілер біраз тереңдікке түскен сәкілі тіліктер кездеседі.
Саяқ IV руднигі Саяқ таулы массивтерінің батыс беткейінде, Саяқ ІІІ - тен солтүстік батысқа 2 шақырымда. Жергілікті жер доға пішіндес келген 5 шақырымға созылған, төменгі жағы көлемді кең жырасай. Бұл жерлерде Саяқ тауының батыс және солтүстік батыс жиектерін ала тізілген сан жетпес көне шұңқырлар легі бар.
И.Н. Наковниктің экспедициясы дәл осы жерлерден кейбіреулері үлкен карьер іспетті қосылып кеткен 100-ден аса шұңқыр санаған. Жиегі өте тік бір карьерден ені 1,5 метр болып келген штольняға кіру жолы табылған. Порфирит сығылмасының төмен құлау бұрышы 70-800 штольняның тереңдігін анықтау мүмкін болмады. Саяқ рудниктері кен қалдықтары күресіндерінен тастан жасалған көптеген құрал-саймандар, оның ішінде: шойын балғалар, сынбайтын тығыз тастан жасалған келсап, қайла, балға тәрізді кен ұсатқыш құралдар.
Осы күресіндерден табылған салмағы 1 кг қола құйындысы мен 0,5 кг темір құйма кесегі ерекше назар аударады. Бұл құйма металл үлгілеріне қарап Саяқ карьерлерінің қола дәуірінің ең дамыған соңғы кезеңінде ашылғанын айтуға болады. Саяқ тауларында кездесетін тастағы жазулар да осы кезеңге сәйкес келеді. Үлкен күз жартастарда, порфирлі плиталардың тегіс беттерінде арқарлар, құландар мен адамдардың бейнесі берілген үлкен суреттер галереясы сақталған. Бұл бейнелерді тасқа салған Саяқтың байырғы тұрғындары екеніне күмән жоқ.
Ертедегі Жезқазған кен қазба орындарына жүргізілген геолог - археологиялық зерттеу жұмыстары таптырмас деректер жинауға мүмкіндік туғызды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған материалды деректер бүгінде Жезқазған тау-кен және балқыту істері тарихы музейінде, Жезқазған тарихи - өлкетану музейлерінде, археологиялық экспедициялардың күнделіктері, есебі, Қазақ КСР - і Тарих, Археология, Этнография институтының архивінде сақтаулы.
Жезқазған, Қоңырат және Саяқ дүние жүзіндегі ең үлкен мыс кенорындарына жатады. Жезқазған тотыққан мыс кенінің қуаты өте жоғары, оның төменгі жиегі 50-60 метр тереңдікте. Жезқазған жер қойнауы қазыналарын Сарыарқаның байырғы тұрғындары ашқан болатын. Олардың ғасырлар бойғы талпынысы байырғы кен өндірісінің ірі металлургия орталығына айналуына әкелді. Бұған дәлел Жезқазған жеріндегі сансыз үлкен карьерлер, тау, тау - кен қалдықтары үйінділері, байырғы кеншілерден қалған қоныстар (Злотауст, Милы құдық, Айна көл, Сор құдық т.б.). Осы қоныстардың мәдени қабаттарынан өндіріс құралдары, құрал-саймандар, күнделікті тұрмыста қолданыста болған заттар, от бақыраштардың сынықтары, қож секілді өндірістік қалдықтар, жануарлардың сүйектері т.б. табылды. XX ғасырдың 30-шы жылдарына дейін Жезқазғанның барлық байырғы кен қазба орындары зерттелмеген еді.
1930 жылы Жезқазған мыс комбинатының геология бөлімі Жезқазған маңындағы кен өндірілген, өңделген, балқытылған орындарының үлкен топографиялық кескінін жасады. Нәтижесінде Жезқазған маңындағы 400 көне кен қазба орындары картаға түсірілді. Көп мөлшерде кен өндірген кенді орындар Кресто - Центр, Кресто - Юг (I, II, III), Кресто -Восток, Кресто - Запад, Петрохолм, Покровский, Никольский, Златоуст, Раймунд, Беловский, Анненский, Карпиенский, Спасский, Ақши, Тасқұдық екендігі анықталды. Көне кен қазба орындары 4-5 метрге созылған терең карьерлер мен кен қалдықтары үйінділері және үлкен шұңқырлар тобы мен күресіндер күйінде сақталған. Зерттеулер көрсеткендей, байырғы шұңқырлардың бәрі кен желілерінің созылымына қарай тізбектеле орналасқан.
Шұңқырлар легінде ертедегі қазба орындарымен қатар, кейініректе қазылған шұңқырлар да бар. Ерте заманда қазылған шұңқырлар өте терең емес, көлемі де шағын, ұзындығы 12-18 метр, ені 3-8 метр, тереңдіктері 1,5-2 м. Байырғы кеншілер бүл жерлердің жоғарғы қабатынан тек шоғырлана тотыққан кенді алып отырған. Осы жерлерден кейінгі дәуірлерде жүргізілген кен ісі іздерін көруге болады. Ашық түрде кен өндірілген қазба орындары Анненский, Карпиенский, Спасский, Златоуст бөліктерінде жақсы сақталған. Ашық кен қазба орындарының ұзындығы 45-80 м, ені 10-12 м, тереңдіктері 3-5 м. болып келеді. Златоуст карьерлерінде қазба орындарының тереңдігі 5 м, солтүстіктен оңтүстікке созылған сопақша келген тілік пішіндес болса, Спасский карьерлерінде тереңдігі 4 метрге дейін екі сопақша тілік, ал, Карпиенскийде ашық карьердің ұзындығы 25 м, ені - 12 м, тереңдігі 2 метр.
Жезқазғанда Бегазы - Дәндібай кезеңіне жататын ұланғайыр көне қазба орындарының тізбегі сақталған. Осы кезеңге тән белгі 1 шақырымға дейін созылған үлкен карьерлердің кездесуі. Мұндай карьерлер әсіресе Жезқазғанның кенді өзегі болып саналатын Кресто -Центрде үлкен топ болып орналасқан. Бүл бөліктегі кейбір кен қазба орындарының ұзындығы 750-800 метр, ені 50 м, тереңдіктері 8 метрге жетеді. Осындай бір қазба орны алып доға пішінді, екі шетінің ара қашықтығы 460 метр. Көптеген забойлар, штректер, штольнялар мен шахталардың табылуы қола дәуірінің соңғы кезеңі мен орта ғасыр басында Жезқазған кені тереңдік тәсілімен өндірілгенін дәлелдейді.
Забойлардың, штректердің, штольнялардың пайда болуы күрделі және көп еңбектенуді қажет етті. Байырғы кеншілерге кен желілерінің созылымы бойынша жер астына түсу қажеттігі туды. Жоғарғы қабаттағы кенді алу соншалықты тиімді болмағандықтан олар 23 метрге дейін тереңдікке бойлады. Жезқазғанда осы 23 метр тереңдікте тотыққан мыс кені қоры бар екені белгілі. Жезқазғанда штольнялар Кресто - Центр II, Покровский II, III, Петрохолм I, И, III және Анненский бөліктерінде кездеседі. Штольнялардың төбесін үлкен тас кесектерінен жасанды тіреуіштер ұстап тұр. Кресто - Центрдің карьерлерінен ұзындығы 12 метр, тік тіліктің 5 метр тереңдікте штольня табылды. Карьердің түбіне қарай штольняға кіретін ара қашықтығы 3 метр екі тесік жасалған. Оң жақтағы тесіктің биіктігі 1 метр, ал сол жақтағы тесіктің биіктігі 0,6 м. Екінші кішірек тесік - есік алынған кенді шығару және желдеткіш ретінде қолданылған болуы мүмкін. Оң жақтағы штольняның аумағы 30 кв. м (5 х 6). Ірі штольня Покровский II, III кенді бөлігінің карьерінде сақталған. Ол тіліктің түбінде 6 метр тереңдікте. Штольняның аумағы 6x7 м, оған кіретін аузының биіктігі 1 метр, кірістің ені 1,5 метр. Штольняның түбінде биіктің 1,5 метр, ені 2,5 м, ұзындығы 8 метр штрек сақталған.
Петрохолм И, III бөлігінің карьерінен 6 метр тереңдікте штольня - шахтада табылды. Карьердің ұзындығы - 260 м, ені 15 м. Карьердің батыс жақ қабырғасында биіктігі 1,5 метрлік штольняга кіретін тесік есігі бар. Штольняның ұзындығы 12 м, ені 10 м, биіктігі 2 м, төбесін тіреп тұратын екі кентірек және тастардан құралған бір тіреу қойылған. Кентіректердің қима диаметрі 2 метрге дейін. Анненский кен орнында да тік тілікті карьердің тереңдігі 7 м.
Штольняларда, қазба орындарында, кен қалдықтары үйінділерінен байырғы кеншілер қолданған көптеген кварцті құрал - саймандар табылды. Солардың үлкен тастан жасалған кен ұсатқыш шойын балғалар, қайлалар, тастан жасалған сыналар, үлкен тас балғалар, кетпендер т.б. бар. Осындай құрал-саймандардың көп табылған қазба орындары ол: Кресто, Петрохолм, Покровский және Златоуст.
Жезқазған мыс комбинатының геология бөлімі зертханасында жасалған химиялық анализдер нәтижесі, көрсеткендей кен қалдықтары үйінділерінің құрамында 5%-ке дейін мыс кені бар екені анықталды. Мысалы, бұл көрсеткіш Карпиенский үйінділерінде 5,89 %, Кресто - Запад үйінділерінде 2,27 % болды.
Жезқазған кен қазба орындарымен Атасудың Қаражал руднигінен оңтүстікте 90 шақырымдағы Бетпақдала көне кен қазба орындарын салыстыруға болады. Бұл ірі Кенқазған руднигі және Мың қайнар кен орны. Олар бір-бірінен 6 шақырым қашықтықта оңтүстіктен солтүстікке өтетін ескі керуен жолы бойында.
Достарыңызбен бөлісу: |