Сатыбалдиев Дидар Қайратұлы Тақырыбы: XX ғасыр басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы


ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20-30 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУ КЕЛБЕТІ



бет10/22
Дата31.01.2022
өлшемі110,46 Kb.
#116526
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   22
Байланысты:
Дидар дип работа

2 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20-30 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУ КЕЛБЕТІ
2.1 Жаппай ұжымдастырудың іске асыруының көріністері
Большевиктер өкіметі басып алғаннан кейінгі жылдары қазақ жері екі дүркін – 20 – жылдар басында және 30 – жылдар басында жантүршігерлік ашаршылықты бастан өткерді. Осы аштықтарда қазақтың қырылғаны қырылып, аман қалғаны бас сауғалап тоз-тоз болып, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында қалды.

Қазақ қалай аштыққа ұшырады? Архив қойнауында сақталған көптеген ресми құжаттар оқырманды шатастырып, бұл сұрақтың жауабын – ауа райының қолайсыз болып, егін шықпай қалғанынан, әрі кеткенде жергілікті жердегі асыра сілтеуден іздейді.

Ақиқатқа жүгінсек, аштықтың төркінінде большевиктер партиясының көсемі Лениннің және партиялас серіктерінің бұралаң іздері сайрап жатыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін «ұлы көсемнің» көзі тірі кезіндегі зобалаңға бір сәт көз жүгіртіп өтейік. Мұхамеджан Тынышбайұлы ағамыздың есебі бойынша 1917 жылы Қазақстанда 2.910.000 қазақ өмір сүрген болса, М.Г. Сириустың 1924 жылғы жүргізген санағы бойынша қазақтар саны 1.965.443-ке әрең жетіп жығылған. Табиғи өсімді есептемегеннің өзінде 1 млн. қазақ қайда? Профессор С.П. Швецов есеп-қисап бойынша тек 1921 жылғы ашаршылық салдарынан Қазақстанда болған кемудің өзі ғана 30 проценттен кем емес екендігін айта кетеді. Мұны нақты деректер де мақұлдайды.

Десек те, кейбір зерттеушілердің «Мұндай аштық Ресейдің өзінде, Еділ бойында болды емес пе?!» - деуі әбден мүмкін. Ол рас. Бірақ мынаны неге ұмытамыз: орыс жері ақ пен қызылға бөлініп алып, қырылып азамат соғысын жандандырды да, ауыл шаруашылығымен шындап айналысуға өздеріне де, өзгелерге де мүмкіншілік бермеді. Қазақстандағы 1921-22 жылғы ашыршылыққа, шындығына келсек, ауа-райы, құрғақшылық емес, өздері өкіметті бір түнде басып алған соң, кешікпей-ақ азамат соғысы тұтанатынын, ал одан шаруашылық күйзеліп, халық аштан қырылуы мүмкін екенін біле тұра қатерлі бағыттарынан қайтпай қойған большевиктер және олардың партиясының біржақты саясаты кінәлі.

Өкімет билігін өз қолдарына алған Сталин, Голощекин тәрізді лениндік жасақтың мүшелері, Лениннің шәкірттері алғашқы аштықтан қажетті, тарихи тағылым алмады.

Қазақтың алғашқы ашаршылықта да Қытай мен Моңғолияға ауа көшкені белгілі. Сондықтан жоғарыда біз атап кеткен белгілі орыс ғалымы С.П. Швецов «үдере көшу» (откачевка) деген сөзді 1926 жылы Мәскеуден жарық көрген өзінің еңбегінде алғаш пайдаланған еді. Дәл осындай жағдай Қазақстанда 1930-1933 жылдары да қайта қайталанды.

Қазір көпшілікке белгілі Тұрар Рысқұловтың И. Сталинге, Л. Кагановичке, В. Молотовқа жазған (1933 ж. 9 наурыз) хатында мұндай үдере көшу көлемі төмендегідей суреттеледі: «... Ата қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекен - жайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда: қазір Орта Еділде – 40 мың, Қырғызстанда – 100 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Орта Азияда – 30 мың қазақ бар. Қонысынан ауғандар қалмақ жеріне, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге де көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Батыс Қытайға ауды... Бұл қазақтардың көші-қоны (әдетте жаз айларында қолындағы бар малын жайлауға шығарып, өріс ұзатқаны сияқты) емес, көп ретте аш адамдардың талғажау іздеп, басы ауған жаққа кетуі. Кейбір аудандарда қонысынан ауғандардың саны сол аудандарда тұратын барлық халықтың 40-50 пайызына дейін жетеді...»

Арада 20 күннен кейін, яғни, 1933 жылдың 29 наурызында осынау сорақы жағдайды Қазақстанның жаңа басшысы Левон Мирзоян Сталин мен Молотовқа төмендегідей хабарлайды: «...Қонысынан ауғандардың жағдайы күрт ауырлап барады. Біздің деректеріміз бойынша, қонысынан ауғандар 71 ауданды қамтып отыр: оның 50-і көшпенді және жартылай көшпенді, ал 21-і отырықшы-егіншілік аудандар. Олар, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысының, Алматы облысының аудандарында, Қарағанды облысының оңтүстік бөлігінде, Шығыс (Қазақстан) облысының батыс бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік бөлігінде, Батыс (Қазақстан) облысының бірқатар аудандарында қаптап кетті. Бұрынғы егіншілік аудандарынан, мәселен, Әулиеата, Талдықорған, Мерке, Талас, Шу, Созақ, Қордай, Іле, Қаратал, Жітіқара, Семиозер және т.б. аудандарда қонысынан ауғандардың саны өте көп. Барлық облыстарды алатын болсақ, шамамен халықтың саны 300.000 адам болатын 90.000-нан аса қожалық (республика шеңберінен тыс жерлердегіні есептемегенде) өздерінің туған жарлерінен басқа мекендерге көшіп жатыр, яғни қонысынан ауушылық жағдайына душар болуда.

Бұдан басқа соңғы екі айдың ішінде қонысынан ауғандар ішінен Орта Азиядан, Сібірден және Еділ бойынан кері қайтып келушілер тасқыны күшейе түсті, ол күні бүгінге дейін тоқталмай отыр.

Мұндай босқыншылықтың жалпы қазақтар санын шұғыл кеміткені белгілі. Бұл туралы архив қорларында біраз мәліметтер баршылық. Олардың ішіндегі ең құндысы және ең маңыздысы, біздің ойымызша, сол жылдары халық шаруашылығы есебінің бастығы болып жұмыс жасаған М. Саматовтың 1937 жылдың басында (1937 ж. 5 наурыз) Л. Мирзоянға және Мәскеудегі өзінің бастығына жазған хаты. Онда мынадай жолдар жазылған: 1937 жылғы қаңтардағы халық санының барысы туралы жедел хабарламаның алдын - ала мәліметтерімен де расталды. Бірақ салық есептерінің мәліметтерінде халық санындағы өзгерістер бағыты азды-көпті дұрыс берілген. Мысал үшін, 1930-32 ж.ж. орын алған асыра сілтеулермен байланысты босқыншылық және басқа да жайттар (аштан және жұқпалы аурулардан өлу) 1933 жылдың шілдесіне қарай толастады және келесі жылдары халықтың саны өсе бастады.

Қала халқының саны туралы бізде тек 1926 жылғы санақ және 1931 жылы мемлекеттік жоспарлау жүйесі үлкен ақаумен жүргізген жаппай есеп мәліметтері бойынша қала халқының саны – 471 мың, ал 1931 жылғы жаппай есеп мәліметтер бойынша – 732, 7 мың болып шықты. Кейінгі жылдары қала халқының жаппай санағы өткізілген жоқ, ал мемлекеттік жоспарлау болса, бізбен бірігіп 1926 және 1931 ж.ж. нақты сандары негізінде оперативтік жоспарлау және құрылысты дамытуды, өнеркәсіпті, көлікті және т.б. өркендетуді есептеп отырды.

Жылдар бойынша қала халқының есептелген сандары мынадай қатар құрайды:

Қаңтар 1931 ж. ....................................732, 7 мың

- - 1932 ж. ................................................... 1072, 1 - - -

- - 1933 ж. .................................................... 1218, 9 - - -

- - 1934 ж. ..................................................... 1311, 6 - - -

- - 1935 ж. ...................................................... 1437, 6 - - -

- - 1936 ж. ....................................................... 1499, 5 - - -

Бұл мәліметтер, осы жылдары орын алған қала халқының өсу бағытын дұрыс бейнелегенмен де, бәрібір дәлме-дәл бола алмайды; өйткені оларды тексеретін қандай да бір болсын есеп материалдары жоқ. Бұл жердегі дәлсіздік ең алдымен кейбір асыра көрсетулердегі ауытқу түрінде орын алған.

Қала халқына байланысты дәлме-дәл мәлімет 1937 жылғы халық санағы нәтижесінде алынатын болды.

Осы дәлдігі жетісе бермейтін ауыл және қала халқы туралы мәліметтерді салыстыра келіп, мынаны анықтауға болады:

1. Ауыл халқының 1931, 1932 жылдарда (1933 жылдың басына дейін) ойсырай азайып кетуі.

2. Қала халқының ең алдымен ауыл халқы есебінен ұлғайып өсуі.

3. 1933 жылдың маусымынан бастап село халқының жылдан-жылға үздіксіз, көптеп өсе бастауы.

Иә, көріп отырмыз, аштық ауқымын халық саны негізінде сипаттау – қазақ жерінің сол жылдардағы ауыр қасіретінен едәуір толық хабардар етеді.

Ал енді аштықтың нақты да жантүршігерлік көрінісі қалай болды, ол туралы архив қойнауында деректер баршылық.

Жеті адам қол қойған Шу елді мекеніндегі жағдай туралы төмендегі құжат осыны дәлелдейді: «... Шу поселкесінің маңайындағы төңіректе N 75 барақтағы босқындар жатағының және тамақтандыру орнының санитарлық жағдайын тексеріп шықтық. Сонда мыналарға кездестік: ішінде босқындардың жатақханасы және тамақтандыру орны орналасқан N 75 барақ жан төзгісіз лас жағдайда: баспана әл-дәрмені таусылған, көбі әзер дегенде қозғалатын босқындарға лық толы. Баспанасыз, былғаныш, сасық. Аш адамдар (100-ге тарта адам) жерде жатыр. Баспананың айналасы ластанып кеткен: барлық жерде сүйектер, жыртылған киімдер, адамдардың қоқыстары және шығыс жағында тоғыз өлік жатыр, барақтан біраз жерде солтүстікке қарай олардың ішінде тағы да өлік.

Барақтың орнынан шығысқа қарай 1, 5 шақырымдай қашықтықта шұқырда бес өлік жатыр. Көмілмегені, сирақ және қар еттерінің кесіліп алынғаны кісі етін жеудің орын алғанын айғақтайды. Қазақ бейіті жас молаға тола...».

1932 жылы күзде А. Мирзоянның және Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы Төлеповтың атына жазылған, арыз иесінің аты көрсетілмеген өтініште мынадай жолдар бар: «... Орталық Комитеттің 17/ІЧ-32 жылғы шешімімен Алматы облысының Қоңырат ауданында жүзеге асыру нәтижелері:

1. Босқындарға көмек ұйымдастыру...

Егер аштықтан өлген адамдар санын алар болсақ, ауылдарға бөлгенде төмендегідей болып шығады:

N 1 ауыл .........................................................................................................52

N 2 ауыл .......................................................................................................126

N 3 ауыл .........................................................................................................98

N 4 ауыл .......................................................................................................257

N 5 ауыл .......................................................................................................180

N 6 ауыл .........................................................................................................42

N 8 ауыл .......................................................................................................288

N 10 ауыл .......................................................................................................50

N 11 ауыл .....................................................................................................317

N 12 ауыл .....................................................................................................190

Барлығы .........................................................................................1. 600 адам.

Бізде N 14 ауыл туралы мәлімет жоқ.

Бұндағы адамдар ауданның оларды аман алып қалуға мүмкішілігі бар кезде-ақ аштан өліп қалды.

Мұндай масқара құбылыстан басқа мынадай мысалға душар болып отырмыз: «Сталин атындағы колхоздың N 12 «Ақтас-Жартас» ауылында 4 адамды 19 адам жеп қойыпты. Олардан адам еттерін және өлекселерін тауып алдық.

Әлібек колхозында 22 адамның 21-і өлген кезде, қалған біреуі өзінің туған ағасының етін жеген.

Мұндай фактілерді тағы да келтіре беруге болар еді, бірақ, аудан жағдайы туралы түсінік алу үшін келтірілген мысалдардың өзі де жетіп жатыр».

Архив қойнауындағы деректерден ұғынатынымыз, алапат аштық, әсіресе 1933 жылға қарай өршіп кеткен. Хат иелері қол қоймаған тағы бір құжатта мынадай мәліметтер бар:

«1933 жылдың қаңтарынан 31 наурызына дейінгі уақытта Қордай ауданы бойынша жиналып алынған өліктер; ауылдық кеңестің берген мәліметтері:

Ауылдық кеңестердің аттары өлген адамдар

Благовещенский 51 адам

Успеский 80 адам

Горно-Никольский 101 адам

Чернореченский 150 адам

Брикский 213 адам

Георгиевский 76 адам

Барлығы 671 адам

... Успен ауылдық кеңесінде бір байдың баласы көшеде екі адамның басын сүйретіп жүрді. (Ол ұсталды, ОГПУ тұтқынында отыр).

Тағы бір құжатта осыған ұқсас төмендегідей жантүршігерлік деректер бар: «... кемшіліктерге мыналарды жатқызуға болады:

1) Босқындарды оларды орналастыратын жерлерге қайта жөнелтудегі салақтық. Осының арқасында жекелеген станцияларда (теміржол бойында) осындай ошаралып қалулар орын алды.

2) Қаратал аудандық атқару комитеті және Іле поселкелік кеңесі ашығып өлген босқындардың өліктерін жинап алуға немкетті қарады. 23/11-33 жылы Үштөбенің оперативтік пунктінің бастығы жолдас Солавьев және .... жол. Кашкиров Үштөбе поселкесіндегі сүт фермаларына баратын жолға жақын маңайда шашылып жатқан бірнеше өліктерге кездескен. Оның үстіне, бір өліктің көзін құстар шұқып тастапты. Сұрастыра келгенде, бұл өліктердің жатқанына 10 күндей болғаны анықталды. Бірнеше өліктер теміржол бойындағы жағалық орындардан табылды. Оларға мола қазбау үшін осылай істегені көрініп тұр. Ал жалпы тұрғындар әңгімесіне қарағанда, поселкедегі барлық шұңқырлар өліктермен толтырылған және қармен бүркемеленген. Поселкеден 5-10 шақырым қашықтықта жол бойында көп өлік шашылып жатыр. Байқағанымыз: өлгендердің есебін ешкім де жүргізбейді, өйткені, өлгендер санына байланысты қойылған сұраққа поселкелік кеңес төрағасының орынбасары Сихымбаев былай деп жауап берді: «Қар ериді емес пе, міне, сонда өлгендер қаншама екенін көретін боламыз».

Соңғы екі күнде поселке бойынша 30-ға жуық өліктер жиналды.

Бұл деректерді жазып отырған сол жылдары Түрксиб ОГПУ-ы жол қатынасы бөлімінің бастығы Евграшкин деген кісі.

Ал енді облыстық комитет уәкілінің 1933 жылы 22 ақпанда О. Исаевтың атына жазған хаты бұдан да бетер жантүршіктіреді. Онда мынадай жолдар бар: «Азық-түлік қиыншылығына байланысты босқыншылық кейбір мәліметтерге қарағанда Ақсу ауданында 32-жылдың қазан-қарашасында басталыпты.

...Аштық негізінде өлгендер саны, милицияның мәліметі бойынша, 1083 адамға жетеді (15 ауылдық кеңестердің мәліметтері); ал табиғи өліммен өлгендерді қоссақ – 2264 адам, осыған жақын сандарды басқа органдар да беріп отыр.

Жылқының қиынан сұлы жинау, өлген малдың терісін жеп қою жағдайлары жиі кездеседі. Соңғы күндері адамды жеп қою туралы сөздер жиі таралып жүр. Үш жағдайды тексергенімізде мұның өзі азық-түлік алу үшін арандатуға ұқсады. Бірақ сенуге болатын жағдайлар кездесуде (аудандық атқару комитетінің төрағасы Т. Тынысбаевтың мәлімдемесі). Бұл іске байланысты кінәлілер ұсталды. Тынысбаев жолдастың мәлімдеуінше, тіптен, 2 тұтқынға әйелдері алып келген шелектерде пісірілген адам еті бар болып шықты. Аудандық комитет уәкілінің айтуынша бұл адамдар ұдайы таяз молаларды ашумен айналысып, өлік етімен тамақтанып келген. Бұл мемлекеттік банк меңгерушісінің орынбасары Османов Қ-ның айтқаны: олардың ауласына кірген 27 жасар шамасындағы жігіт әжетханада адамның нәжісімен тамақтанған. Сүйек-саяқты немесе көшеге лақтырылған жеуге жарарлықтай әйтеуір бір нәрселерді жеп жатқандары мен Изринович, Масин жолдастармен бірге Үштөбе БК (б) П аудандық комитеті алдында және Ақсуда кездестірдім...

Сонымен, 1932-1933 жылдардағы аштықты сипаттайтын нақты деректерді біраз «сөйлеттік». Ондағы мақсат: оқырман архив қойнауында сақталған нақты мәліметтермен жете таныссын және осы негізде өзінше тұжырым жасасын деген ой. Ал мұның өзі өткен тарихымыздың аса ауыр қасіретін тереңірек түсінуімізге ықпал жасаса керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет