Сатыбалдиев Дидар Қайратұлы Тақырыбы: XX ғасыр басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы


ХХ ғ басындағы Қазақстанның аграрлық дамуындағы – ЖЭС ықпалы



бет9/22
Дата31.01.2022
өлшемі110,46 Kb.
#116526
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22
Байланысты:
Дидар дип работа

1.2 ХХ ғ басындағы Қазақстанның аграрлық дамуындағы – ЖЭС ықпалы

Адамзат өзінің тарихи эволюциялық даму барысында мәжбүрлеудің тек екі балама жүйесін қалыптастырды. Біріншісі – адам еркіне әкімшілік ықпал ету және екіншісі – өндірушінің құқықтық еркіндігіне кепілдік бере отырып экономикалық мәжбүрлеу жүйесі. Олардың қатар өмір сүруі іс жүзінде мүмкін емес, өйткені әкімшілік жүйе мәжбүрлеудің экономикалық мүддесінің әсерін әлсіретіп шектейді және керісінше оған экономикалық құралдарды енгізу әкімшілік жүйенің билігіне нұқсан келтіреді.

«Әскери коммунизм үшін» саясаты өзінің меншік қатынастары құрылымдарын мемлекет қарауына алу, орталықтандыру және экономиканы іс жүзінде, тіпті, милитарланған директивалық басқару сияқты негізгі принциптері арықылы мәжбүрлеудің басты үлгісін ұсынғанын білдірді. Мұны мемлекеттің бүкіл саясатының арқауына айналдыру халық шаруашылығының босаңсуы мен тоқырауына әкеп соқтырды [38; 191].

Дағдарысты жағдайда большевиктер революциялық рухтағы романтиканың утопиялық догмаларынан амалсыз бас тартты. Ленин, партия басшыларының едәуір бөлігінің қарсы тұруына қарамастан, тарихи келісімге барды. Оның астарында меншіктің әр түрлі нысандарына қатысты барынша шыдамды саясат және тауар-ақша, нарықтық қатынастар факторлары мен басқа да экономикалық стимулдарды одан әрі мойындамаудың мүмкін еместігін сезіну бар еді. Қазақстандағы орын алған жағдай бүкіл елді қамтыған экономикалық және саяси дағдарыстың сыңайын танытты. Барлық жердегі сияқты Қазақстанда да халық шаруашылығын жүргізу саясатының мүлдем жаңа принципіне көшу қажеттігі айқын байқалды. Оның негізгі арқауы – «тауарсыздық» утопиясынан – нарықтық-экономикалық, тауарлық-ақшалай қатынасқа көшу идеясы еді.

Нарықтық қатынастарды босатудың аса маңызды тұсы сауда еркіндігіне жол беру болды. Алайда мемлекет алғашында идеологиялық сарынмен айырбас саласына өз бақылауын орнатуға тырысты. Ол бірнеше ай бойы қала мен ауыл арасында жергілікті тауар айырбасын ұйымдастыруға әрекет жасады. Сөйтіп айырбас операцияларының арасындағы делдалдық қызметті Кеңес үкіметінің басшылығы, бақылауымен және тікелей тапсырмасымен жұмыс істеген кооперация атқарды. Мемлекет арнаулы декретпен (1921 жылғы 7 сәуір) оған «азық-түлік органдарының фабрика-зауыт және қолөнер кәсіпшілігі бұйымдарын дайындау мен ауыл шаруашылық өнімдеріне айырбастау салаларындағы міндетті тапсырмаларын орындауды» жүктеді, «барлық азық-түлік өнімдерін, мемлекет дайындаған және национализацияланған фабрикалар мен зауыттардан алынған... сонымен қатар шет елден әкелінген көпшілік қолды тауарларды бөлу» тек солар арқылы жүзеге асырылды. Декретте «РКФСР-дің барлық азаматтары тұтыну қоғамына бірігеді», ал «әрбір азамат тұтыну қоғамы пункттерінің біріне жазылады» деп атап көрсетілді [38; 192].

Кооперация туралы айтқанда мемлекет айтарлықтай қулыққа барды, бұл шын мәнінде еркіндік принципі немесе кооперациялаудың кез келген нысанының императивті жағдайы толықтай ескерілмеген, қайсыбір мемлекет иелігіне алынған құрылымдар болды.

Жалған кооперация осылайша жеке меншік нарық айналымы стихиясын мемлекеттік реттеу мен тежеу құралына айналады деп есептелінді. Бұлай болуы әбден мүмкін еді, оған Ленин күдік келтірген жоқ. Партияның X съезінде ол былай деді: «Біз пролетариаттың саяси өкіметін әлсіретпей, қайта нығайта отырып, жергілікті еркін тауар айналымына едәуір дәрежеде жол бере аламыз. Мұны қалай істеуіміз керек – бұл практикаға байланысты іс. Менің міндетім – теория жағынан мұның жүзеге асыруға болатын нәрсе екенін сіздерге дәлелдеп беру» [38; 192].

Алайда бұл идеяның мүлдем жарамсыз екенін практиканың өзі көрсетті. Қазақстанда 15 млн сом алтын ақша және 1921 жылғы ақшаның 14 млрд сомасында тауар айналым қоры (мануфактура, бақалшық, металл бұйымдары, ауыл шаруашылық құрал-жабдықтары, тұрмыстық заттар, махорка, керсин, сіріңке және т.б.) құралды. Алайда белгіленген көлемдегі астық өнімдерінің тек 37 %-ын және ет өнімдерінің 26 %-ын ғана дайындауға қол жетті [38; 192].

Сөз жоқ, бұған тауар айналымы қорының жеткіліксіздігі және жұтаңдығы, бөлу желілерінің дамымағаны, ауыл шаруашылығында астықтың аз шығуы мен күйзеліс әсер етті. Дегенмен, ең басты себеп мемлекеттік тауар айналымының жекеше сауда-саттықпен қай жағынан болса да бәсекеге түсе алмауы еді. 1921 жылдың күзінде Ленин амалсыз: «Тауар айналымынан ештеңе шықпады, жекеше нарық бізден мықты болып шықты және тауар айналымының орнына біз қарапайым сатып алу-сату, сауда-саттыққа ғана қол жеткіздік» деп мойындады.

Кооперацияға сүйену де өзін-өзі ақтамады. Осы кезден бастап оның қызмет аясы тарыла түсті. Ал КСРО ОАК-і мен ХКК-нің желтоқсандағы (1923) азаматтардың бірыңғай тұтыну қоғамына міндетті жазылуының күшін жойған, оған кіру мен одан шығу тек халықтың өз еркінде екендігін жариялаған декретінен кейін, ол «халықты жаппай қамтыған» жүйе рөлін тоқтатты. 1925 жылдың соңында бөлу мен айырбас саласында кооперациялау «еуропалық» тұрғындардың 20%-ын (cол жылдардағы есептердежазылғандай) және қазақ шаруашылықтарының 8,6%-ын ғана қамтыды [38; 193].

Осы кезге дейін-ақ кооперация, мемлекеттік сектор сияқты, жекеше сауда-саттықпен тең бәсекелік күреске түсуге қабілетсіздігін (әр түрлі мемлекеттік дотациялар, несие және тауармен қамтамасыз ету түріндегі жеңілдіктер, тауар босату бағасын төмендетуге мүмкіндігі бола тұра және түптеп келгенде идеологиялық қолдау да солардың жағында болғанмен) көрсетті. Қалалардың тауар өткізу желілері құрылымында оның үлес салмағы барлығы 3-ақ пайызды құрады, ал бұл кезде жеке секторда ол 95,3%-ға жетті(мемлекеттік саудада 1,6%). Республиканың ауылдары мен қыстақтарында тиісінше 12,9 және 85,1%-ды (мемлекеттік саудада – 2,0%) құрады [38; 193].

Сауда айналымына келетін болсақ, ол қалалық және меншік иелері есебінен 84, 7 %-ды, кооператорлар есебінен – 14, 0 %-ды (мемлекеттік саудада – 1, 3 %) құрады. Ауылдар мен қыстақтарда (кооперациядағы бағаның төменгі есебінен) екі сегменттің де үлесі бірдей дерлік болды: жеке меншікте – 50, 5%, ал кооперативтік саудада – 49, 5 % [38; 193]. Демек, экономикалық логикадан тыс әрекет ету талпынысы, яғни тауар-ақша қатынастарына сүйенбей, оны айналып өту сәтсіз аяқталды.

Тап осы кезде, большевиктер мұны қалады ма, жоқ па, қоғам тауар-ақша қатынастарының ақиқаттығын сезіне келе, Т – А – Т формуласы бойынша кең ауқымда және сеніммен өмір сүре бастады. Оның қызметін жеке меншік-капиталистік (жеке тұлғаларға жалға немесе концессияға берілген өнеркәсіп орындары) және ұсақ тауарлы (нарыққа жұмыс істейтін шаруашылықтар) құрылыстар (құрылымдар) табиғи түрде және бірден игеріп әкетті.

Таза социолистік қоғам құрылысын жақтаушылар жаңа ақиқатты жандары қинала және ауыра «күңкілмен» (мыңдаған коммунистер партия қатарынан шықты, онысын «капитализмнің қалпына келтірілуін», «жарқын революциялық мұраттарға және Азамат соғысы құрбандарына сатқындықты» өзінің принципті түрде қолдамайтынын түсіндірді), бұрынғы «капиталға ат қойып қарсы шабуылға шығуды» аңсаумен және әділдік қалпына келер-ау деген үмітпен қабылдады.

Экономикалық өмірде монополист ретіндегі жеңілдіктерін жоғалтқан социолистік, дәлірек айтқанда мемлекеттік сектор, мемлекеттік патернализмнің жайлы қолшатырының астына тығылып, қалыптаса бастаған нарықтық қатынастар ақиқаттарынан бас тарта алмады. Осыған байланысты оның аясында өндіру мен бөлу, айырбас пен тұтыну жүйелерін амалсыз қайта құру процесі жүре бастады.

Фабрикалар мен зауыттарға, басқа да кәсіпорындарға жалақы қайта оралды, олардың заттай құрылымдық бөлігі бірте-бірте азайып, ақша эквиваленті артты. 1923 жылы соңғысының үлес салмағы 80 %-ды құрады [19]. Бұл ретте ХКК-нің 1921 жылғы 10 қыркүйектегі арнайы декретімен жаңа тарифтік жоспар орнықты. Құжатта көрсетілгендей, «жалақының ұлғаюы еңбек өнімділігінің ұлғаюымен, жұмысшының еңбек өнімділігін арттыруға қатысу деңгейімен тура және тікелей байланысты» болды. Нарық қаржы жүйесін сауықтыруды талап етті. Осы міндет аясында эмиссияларды шектеу жүргізілді. Егер «әскери коммунизм» жылдарында ақша белгілерін, дәлірек айтқанда олардың суррогаттарын кез келген мекеме немесе кәсіпорын шығара беретін, ал енді 1921 жылғы қарашада жаңадан ашылған Мемлекеттік банк ғана бірден бір эмитент ретінде әрекет ететін болды.

Коммуналдық қызмет пен көлікке төленетін ақы, өндіру мен айналымның барлық түрлерінен салық жиналымы қалпына келтірілді [31; 194]. Жалақы берілген 1923-1924 жылдары (жалақыдан алынатын салықты қоса есептегенде) бюджеттің кіріс бөлігінің 34 %-ы фискальдық түсімдер есебінен қамтамасыз етілді [31; 194]. 1922-1924 жылдарда ақша реформасы ойдағыдай аяқталды: ел, ақыры, әлемдік ақша нарығында жоғары бағаланған «тұрақты» валюта алды.

Жаңа экономикалық саясатты дамыту барысында ҚазКСР Кеңесінің ІІ съезі БХШК (ВСНХ) Қазақ өнеркәсіп бюросын (Промбюро) «өнеркәсіп саласының әрбір өндірісін біртіндеп ірілендірілген, техникалық жағынан жақсы жабдықталған, дұрыс ұйымдастырылған, сондай-ақ бірін-бірі толықтырып тұратын кәсіпорындармен бір жерге шоғырландыруға» міндеттеді [38; 195].

Өнеркәсіпті шоғырландыру мақсатында трестер құрылды, олар барынша ірі және болашағы мол кәсіпорындарды біріктірді. Партияның ХІІ съезі шешімдерінде: «Бұл шаруашылық бірлестіктерінің, олардың құрамына кіретін жеке кәсіпорындар сяқты өзінің негізгі міндеті қосымша құндылықтарды табу және іске асыру болып табылады» (коммунист ортодокстардың қытығына тимес үшін идеологиялық айлаға көшті: капиталистік өндіріс тәсілімен бірге айтылатын категориялық ұғым «құнның» орнына, «құндылық» сөзді қолданылды) деп атап өтті [38; 195].

Дальше


XX ғасырдың аяғына дейін трестер барлық национализацияланған және жалға немесе концессияға берілмеген кәсіпорындардың 90 пайызын біріктіре отырып, өнеркәсіптің социолистік секторының негізгі өндірістік бірлігі ретінде әрекет етті. Қазақстанда трестер негізінен өндіруші секторды қамтыды. Мәселен, 1923 жылғы қаңтарда одақтық мәні бар «Ембімұнай» тресі құрылды, оның құрамына өзінің мұнай кәсіпшіліктерімен бірге, Ярославль мен Нижный Новгородтың мұнай айдау зауыттары кірді. 1925 жылы бір жыл ішінде тіклей орталыққа бағынатын тағы екі трест – «Алтайполиметалл» және «Атбасар түсті металдар тресі» (мыс өндіру кәсіпорындары) құрылды. Наркологиялық дәрі-дәрмек: сантонин, морфи, кодеин шығаратын Сантонин тресі (Шымкент сантонин зауыты) Одақтың қарауында қалды. Трест Оңтүстік Қазақстанда әзірленген ақ жусаннан жасалатын дерменені әлемдік нарыққа шығаратын монополистке айналды.

Барлық трестер, сондай-ақ оның құрамындағы кәсіпорындар (сонымен бірге бүкіл өнеркәсіп) өзін-өзі ақтауға – шаруашылық есепке көшірілді. Басқаша айтқанда, олар өз шаруашылық қызметін қосымша құн табу принципін, пайда мен табысты, қор шығынын, өзіндік құнды және т.б. ескере отырып қайта құрды. Осыған байланысты Ленин: «Большевиктер, сауда жасап үйреніңдер!» деген ұран тастады.

Шаруашылық есепті бірлестіктер бола тұра, трестер жоспарлау, кадрларды орналастыру мен қаржы бөлу, сауда-саттық операцияларын жүзеге асыру қызметтерін атқарды. Тұтас алғанда трестердің құрылымдары өндірісті шоғырландыру мен орталықтандыру жағдайына орай өзгеретін құрылым ретінде қабылданды, большевиктер одан бас тартқан жоқ.

ЖЭС-тың барлық жылдарында жеке кәсіпкерлік құрылым өкілдері қоғамдық қуғынға түсіп, моральдық террорға ұшырады, насихат көпшіліктің санасына «сүйкімсіз қожайынсымақтың», ашық «қарпып қалушы мен алыпсатардың» бейнесін сомдаумен болды; олар карикатуралар мен фельетондардың үйреншікті нысанасына айналдырылды, олардың келекелеп-мазақтай салынған бейнелерін «бірінші мамыр» және «қазан» мерекелері кезінде алаңға шыққан шулы тобырдың қолдарына ұстатты.

Идеологиялық бағдардың, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тармақтары дамуының түбегейлі өзгеруіне қарамастан мемлекет экономикасы айқын белгіленген шаруашылық сипатын (Д. Тернердің өлшемі бойынша шаруа экономикасына халқының жартысы ауылда тұратын және еңбекшілердің жартысынан көбірегі ауыл шаруашылығында істейтін мемлекет жатады, ал соңғысы экономика секторы ретінде қоғамдық өнімді өндіруде шешуші орын алады) одан әрі сақтады. Сондықтан ЖЭС инновациясының аграрлық салаға таралмауы мүмкін еместігі түсінікті болатын.

Бәрінен бұрын, жоғарыда атап көрсетілгендей, шаруа өнімдерін алып қою принципі түбірімен өзгерді: ол салық қатынастары формасында алынды. 1921 жылғы наурызда БОАК «Азық-түлік және шикізат салғыртын нақты салықпен ауыстыру туралы» декрет қабылдады [38; 197].

Жалақы берілген 1921/22 жылдары ауыл шаруашылығындағы қиын жағдайға байланысты Қазақстанда азық-түлік салығы аз қолданылды. Батыс Қазақстан губернияларында астықты тұтыну тапшылығы 17, 4 млн пұт болды (мұнда егістің 50%-дан 80%-ға дейіні күйіп кетті). Қыстан кейінгі ауыр жұттың нәтижесінде 1921-1922 жылы мал саны 80%-ға азайды, Орал және Бөкей губернияларының кейбір уездерінде малдың өлімі 100 пайызға жетті [38; 197].

Жұтқа байланысты Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, сондай-ақ Қостанай (Қостанай уезін қоспағанда) губерниялары БОАК-тің декретімен (1921 жылғы 18 тамыздағы)елдің ашыққан аудандарының қатарына жатқызылды және салықтан босатылды. Сондай-ақ көшпелі және жартылай көшпелі мал өсіретін шаруашылықтар да салықтан босатылды (ҚАКСР ОАК Төралқасының 1921 жылғы 28 шілдедегі қаулысы) [31; 197].

БК (б) П ұйымдарына 1928 жылғы ақпанда жазған нұсқау хатында Сталин өзіне тән үзілді-кесілді өсиеттік мәнерде: «Біздің жаңа экономикалық саясаттан бас тартатынымыз, азық-түлік салғыртын енгізетініміз, кулактарды тәркілейтініміз және т.б. туралы әңгімелер контрреволюциялық сандырақ болып табылады, оған қарсы табанды түрде күресуіміз қажет. ЖЭС біздің экономикалық саясатымыздың негізі және ол тарихи ұзақ мерзімге созылады» деп жазды [38; 231].

Алайда, кең ауқымды экспроприациялық акциялар, дәлірек айтқанда, жаңа экономикалық саясат өзінің қоғамды үдемелі реформалаудың оң үлгісі ретіндегі ақиқаттығын іс жүзінде жойып, іс-қимылдан жалаң декларациялық сипатқа айналып кетті.

20-жылдардың аяғында төтенше астық жинау науқаны мен тәркілеу, шын мәніндегі салықтық саясат, міне, осының айқын көрінісі еді.

«Социолистік индустриаландырудың сталиндік жоспары» өзінің ауқымдылық («тарихи қысқа мерзімде капиталистік елдерді қуып жетіп, басып озатын») сипатына орай өнеркәсіпке салынатын инвестиция көлемінің тепе-теңдігін халықтың тұрмыс деңгейі мен тұтыну және тіршілік сапасын айқындайтын саланы дамытуға жұмсалатын қаражатты қысқарту есебінен бұзып жіберді. Тек өндіріс құрал-жабдықтарын өндіру саласын ғана ынталандырып, тұтыну бұйымдарын өндіруді естен шығару елде жаппай «тауарға деген мұқтаждықты» тудырды. Тұтыну тауарларына тапшылықтың әбден күшейіп тұрған жағдайында бюджеттің мүмкіндігі есептелмей жасалған «құлаш-құлаш» жоспарлар бағаның мүлдем шарықтап өсіп кетуіне әкеп соқтырды.

Сонымен бірге өнеркәсіпті мемлекет толық өз иелігіне алғандықтан тұтынушыларға да (әсіресе аграрлық секторда) үстемдік жасап, өнеркәсіп өнімдеріне бағаны көтеріп жіберген жағдайлар кездесті, ауыл шаруашылығы өнімдеріне мүлдем төмен баға белгіленді: 1927-1928 жылы астықтың мемлекеттік бағасы «көлеңкелі нарықтағыдан» 40 %-ға дерлік, ал 1928-1929 шаруашылық жылында 50 %-ға төмен болды [38; 231].

Бағада қалыптасқан осындай теңсіздіктің нәтижесінде шаруа шаруашылығы өте жоғары салық салу объектісіне айналды. Осы шектен тыс салынған салықтан түскен немесе дәлірек айтқанда «шаруалар сыйының» қаражатын индустрияны дамытуға жұмсау көзделінді.

Мұны Сталиннің өзі де мойындады БК (б) П ОК-нің 1928 жылғы шілдеде өткен пленумында сөйлеген сөзінде «кеше біз не жөнінде айтыс болды? Бәрінен бұрын, қала мен ауыл арасындағы «қайшылық» туралы. Әңгіме шаруаның әлі де өнеркәсіп тауарларына бағаны артық төлейтіні және ауыл шаруашылығы өнімдерінен пайданы аз алатыны туралы болды. Әңгіме осы өнеркәсіп тауарларына төленетін артық төлемақы мен шаруаның өз өнімінен пайданы аз алуды, шаруа шаруашылығына салынатын шектен тыс салықты, былайша айтқанда, индустрияландыру пайдасына жұмсалатын «сыйды» міндетті түрде құртуға тиіспіз, алайда бүкіл еліміз үшін жұмыс істейтін индустриямызды, халық шаруашылығымызды социолизмге сүйрейтін индустриямызды ақсатпайық десек, біз құрта алмайтын қосымша құн салығы туралы болды». Одан әрі кекесінмен былай деді: «Қайсыбіреулерге бұл ұнамады (бухариндік оппозицияны айтып отыр). Несі бар. Бұл әркімнің қалауына байланысты... Әрине, «шектен тыс салық», «қосымша салық» - жағымсыз сөздер жүйкеге де қаттты әсер етеді. Бірақ, мәселе, біріншіден, сөзде емес. Екіншіден, сөз шындыққа толық сай келеді».

Мемлекет қолдан жасаған өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы тауарларына «құрдым баға» саясатының кең етек алуы, елдегі тауар тапшылығы мен күйзеліс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өз өнімдерін сатудан бас тартуына әкеп соқтырды. Астық қоры бар шаруаның өз асытығын арзан бағамен сатуының еш мәні болмай қалды. Сатқан астығына алатын осы азын-аулақ ақшаның өзіне тауар тапшылығынан және өндіріс тауарларының қымбаттығынан, оны сатып алудың еш мүмкіндігі болмады, ақшаны сақтауда өте тиімсіз еді, өйткені оның құны күн сайын құлдырай берді. Мұндай жағдайда астықтың ең сенімді «валюта» болатыны әбден түсінікті.

Аталған себептер жинақтала келгенде 1927-1928 жылдардағы астық дайындау дағдарысын туғызды. Бұл жағдай кеңестік тарихнамада «ауқатты және контрреволюциялық элементтердің пролетариат диктатурасын аштық пен тұншықтырғысы келеген әрекеті, кулактардың астық ереуілі» ретінде біржақты бағаланды. Алайда, егер бұрынғы идеологиялық дағдының және қасаң таптық көзқарастың шырмауында қалмасақ, мұны басқаша, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің мемлекеттің күштеу саясатына, олардың тағы да бір «әскери-коммиунистік» шараларының объектісі болуын қаламайтын балама, экономикалық өзіндік әрекеті ретінде қарастырған жөн.

Мәселені ашық жанжалға жеткізбеу үшін мемлекеттің экономикалық тұтқалар мен құралдар жиынтығын кең пайдалану мүмкіндігі болды. Айталық, бағаға қатаң бақылау орнату саясатын жұмсартуға (мұны кейбіреулер ұсынды да) болатын еді. Бірақ сатып алу бағасы жөнінде билік лениндік ұстанымнан бір қадам да шегінгісі келмеді. Өз кезінде көсемнің былай үйреткені белгілі: «Егер біз бағаны екі есе қымбаттатсақ, кулактар былай дейді: бізге бағаны қымбаттатып жатыр ашығайын деген екен, күте тұрайық, тағы да қымбаттатады. Бұл – таптауырын болған жол, кулактар мен алып-сатарларға жарамсақтану жолы, мұндай жолға түсу және тартымды етіп суреттеу оңай, біз бұдан барынша бас тартуымыз керек» [31; 233].

Басқа барынша жеке нұсқалар да ұсынылды, мысалы, Н. Бухарин астықтың конъюнктурасына экономикалық тұрғыда ықпал еткеннен гөрі оны шет елден сатып алып, нарықта «астық интервенциясын» жүзеге асыруға болады деп есептеді. Бірақ Сталин бұл арада да өзінің салмақты аргументтерін келтірді: «Одан да кулактарға қысым жасаған жөн және өнеркәсібімізді дамытуға қажетті жабдық әкелу үшін қалдырған валютамызды жұмсағанша, кулактардың артық астығын тартып алу керек» деді.

Демек, Сталин «револвер-шоқпарға» сүйенген әкімшілік-командалық принциппен әрекет еткеннен гөрі жүздеген және жүз мыңдаған шаруаларға қарсы қуғын-сүргін шараларын кеңінен өрістетуді ұсынды. Оның үстіне, мұндай көзқарас Лениннің теориялық жаңашыл ұстанымдарында айтылған болатын, сөйлеген сөздерінің бірінде ол былай деп ашық айтты: «Жаңа экономикалық саясат террорды жойды деп ойлау аса үлкен қателік. Біз террорға және экономикалық террорға әлі де қайтып ораламыз» деді. Сталин өз кезінде Лениннің осы тұжырымын жүзеге асырып, экономикалық террорды саяси террормен толықтырды.

Іле-шала бәрін және барлық жерде астық дайындау, кейін шаруаларға қарсы ұласқан жаппай саяси қуғын-сүргін науқанын «төтенше» ережелер айқындайтын болды.

«Большевик кадрларды таптық күрес өнеріне үйрету және жергілікті партия аппараты қатарын мінезі жұмсақ енжар адамдардан тазарту»үшін Кеңес империясының негізінен астықты өңірлеріне (Оңтүстік Орал, Еділ, Солтүстік Кавказ, Украина және т.б.) Саяси бюро мүшелері Молотов, Каганович, Микоян, Постышев, Андреев, Косиор, Шверник жіберілді, олар астық дайындау науқанына тікелей басшылық жасауға тиіс болды.Қазақстанда бұл науқанды өткізу Голощекинге сеніп тапсырылды, ол «қазақ ауылдарына кіші Қазан төңкерісін» жасауды ойластырып, жоғары партия басшылығы алдында ең қатал да табанды әкімшілердің бірі ретінде көрінді. Партия «белсенділерінің» қолдауымен ауылдық жерлерге қалалардан 30 мыңнан астам коммунист белсенділерден тұратын әр түрлі жедел уәкілетті армия мен жұмысшы отрядтары жіберілді. Соңғыларына селолық кеңестерді арам пиғылдылардан тазарту, жергілікті атқамінерлерден белсенділер қатарын құру, «үштіктер» мен әр түрлі көмекші комиссиялар ұйымдастыру және т.б., яғни «әскери коммунизм» кезеңіндегі тәжірибені өмірге енгізу, оны «таптық күресті күшейту» жөніндегі сталиндік идея рухында шығармашылықпен дамыту міндеттелді [38; 233].

Сталиннің өзі Сібірде «астық майданын» ашты, онда ол үш аптадай дерлік уақыт болды (1928 жылғы қаңтар-ақпан). Новосибирск, Барнаулдың, Рубцовск және Омбының (шамасы Қазақстанның Батыс Сібірмен шектес округтерінің партиялық басшылық өкілдері де қатысқан болуы керек) партия белсенділерін қатаң сынға ала отырып, ол ең қатал шаралар қолдауды талап етті оның көпшілігіне осы кезге дейін де тең келері жоқ.

Мәселен, Новосибирск пен Омбыда сөйлеген сөзінде Сталин (1928 жылғы 18, 27 және 28 қаңтар) үзілді-кесілді нұсқаулы түрде РКФСР ҚК-нің 107-бабын елде жаппай қолдауды талап етті. Бұрын бұл бап «тауарды сатып алу, жасыру немесе нарыққа шығармау арқылы тауарға бағаны қасақана көтергені» (яғни бұл іс жүзінде мемлекеттің ЖЭС тетігіне әкімшілік жолмен араласуын көрсетті) үшін жаза қолдануды көздейтін еді. Астық дайындау дағдарысының тереңдеу барысында ол бап өзінің қолданылу тұрғысынан алғанда елеулі түрде өзгертілді және 1928 жылғы қаңтардан бастап ең алдымен астық өсірушілерге, «артық астығын мемлекеттік баға бойынша тапсырудан бас тартқандарға және алыпсатарларға қарсы» қолданылды. Жаза түрінде 107-бап бүкіл мүлкін немесе мүлкінің бір бөлігін тәркілей отырып, бір жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал бағаны көтеру үшін «топ болып келісіп алғандарды» толық тәркілей отырып, үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздеді. «Бұқараның саяси белсенділігі мен таптық санасын көтеру» (сол жылдардың газеттерінде жазылғандай), ал іс жүзінде ауылдағы ең кедей, жарлы-жақыбайлардың арамтамақтық психологиясын қоздыру және оларды қарпып қалу мен пайдакүнемдік сезіміне ынталандыру мақсатында тәркіленген астықтың 25 %-ын кедейлерге беру көзделді [38; 234].

Сөйтіп, Кеңестік жүйе ашық түрде заңдылықты бұрмалай отырып, Қылмыстық кодекске халықпен санаспай өздеріне қолайлы түзетулер енгізілді (РКФСР ҚК-нің 107, 61, 73, 102, 127, 135, 60 және басқа баптар, оның заңды жалғасы ретінде контрреволюциялық қызметі үшін жаза қолдануды көздейтін 58-10-бап). Бұл ретте өзін елдегі заңдылықты қорғаушы басты тұлға ретінде көрсетуге тырысқан Сталиннің өзі, БК (б) П Мәскеу ұйымы активінің жиналысында (1928 жылғы сәуір) «бірқатар жағдайларда бұрмаланған саясат, (астық дайындаудағы) 107-бапты және басқаларын дұрыс қолданбау, ең алдымен кедейлер мен орташаларға ауыр тиді...» деп сынаған болды.

Ол ешбір шімірікпестен: «Біз осындай бұрмалаушылықтарға кінәлілерді жазалаймыз және мейілінше қаталдықпен жазалайтын боламыз» дегенге дейін барды. Бірақ өзінің екіжүзділігін сол бойда көтеріңкі мақаммен былай деп ашып көрсетті: «Осы бұрмалаушылықтардан партия қабылдаған іс-шараларды, онсыз астық дайындау дағдарысынан шығу мүмкін емес игілікті және шын мәнінде елеулі нәтижелерді көрмеу жөнсіз болар еді. Осылай істеу, ол ең бастысына көзді жұмып қарау болар еді». Осы «басты нәтижелердің» сыртында РКФСР ҚК-нің жаппай тұтқындау мен түрмеге қамаумен тұншыққан ауылдар, адамды айуандықпен қанау мен жүгенсіздіктер кеңестік жүйеге қарсы шыққандар мен әкімшілік террорды сынап-мінеуге батылы барғандарға қатысты қолданылатын қанқұйлы 58-10-бабы тұрды [38; 234].

Заңдылықты жалған сөзбен мадақтап, БК (б) П ОК іс жүзінде жергілікті жерлерде тәртіпті күшейтуге жабық нұсқаулар беріп жатты. Алғашқы нұсқау 1927 жылғы 14 желтоқсанда берілді, ал екіншісі – екі аптадан кейін дерлік – 24 желтоқсанда шықты. 1928 жылғы қаңтардың басында ОК жаңа нұсқау (6/1) қабылдады, оның мәтіні партия ұйымдарының басшыларына бағытталған мынадай үрейлі сипатта: «егер, олар ең қысқа мерзімде астық дайындау науқанында шешуші өзгерістерге қол жеткізбеген жағдайда...» деген сөздермен басталды.

Осындай өзгерістерге қол жеткізу үшін Қазақстанда (басқа кейбір өңірлердегі сияқты) «орал-сібір» әдісі деп аталатын әдіс қолданыла бастады.

Оған қайсібір селоның шаруалары бастамашы болыпты делінеді, бірақ оның әдейі бұрмалауына қарағанда, ол астық өндірушілерден астықты еш қарсылықсыз тартып алуға арналған, тиісті орындарда мейілінше мұқият әзірленген құрал. Оның мәні мынада, кедейлер мен орташалардың жиналысында (село жиынында) көмекші комиссиялар (әрине уәкілдердің тікелей ықпал етуімен) сайланды, олар жеке өздері таңдаған тәртіппен астық дайындау жоспарының 65 %-ын кулактар-байлар есебінен және 35 %-ын орташалар есебінен жүзеге асырды. Егер жиынның бұл шешімі орындалмаса, кулактар мен орташаларға берілген тапсырма құнының бес еселенген мөлшерінде айыппұл салынды немесе бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Сөйтіп, бәрі де кедейлердің қолымен жасалды: селолық кеңестерге немесе селолық жиындарға жоғарыдан астық дайындау жоспары берілді және ол қатал жазалау шараларымен сол бойда орындалды.

Саяси науқандар жүйесінің іс тәжірибесінде, барлық уақыттағы сияқты, ол өте қуатты насихат құралының көмегімен идеологиялық тұрғыда қамтамасыз етілді. Сондықтан газеттерде «Кулактарды түрмеге қамайық!», «Кулак пен байды қатал қыспаққа алайық!», «Кулактар мен байлардың құйыршықтарына соққы берейік!», «Тап жауларына қарсы аттан салайық!», «Астықты шіріткендерге өлім кесілсін!», «Астықты жасырғаны үшін – түрме!», «Аштықты ұйымдастырушыларға – кулактар мен байларға өлім өлім кесілсін!» және т.б. ұрандардың қаптап кеткені тегін емес [38; 235].

Мұндай жалған ұрандар мен саяси іс-әрекеттерге қарсы елде наразылықтар орын ала бастады. БОАК-тің ұйымдастыру бөлімінің ақпараттық мәліметтерінде жергілікті жерлердегі шаруалардың өкімет саясатына ашықтан-ашық қарсы көңіл күйі тіркелді. Көп адам жиналған жиындарда шаруалар: «Астықты еркін саудалауға рұқсат етілсін, сонда бәрі де тоқ болады, әйтпесе жалақау – большевиктер елді аштыққа ұшыратады», «Ауыл шаруашылығын дамытпау керек, бәрібір үкімет салықпен тұншықтырып тастайды», «Ленинизмнен гөрі Ленин жақсы. Жақсы коммунистер өлтірілді, өлді. Оңбағандары қалды», «Кеңес үкіметі крепостнойлық құқықты қайта орнатты», «Жеңілдіктер жалқау-кедейлерге беріліп, соның есебінен орташалар күйзеліп барады», «Қазір жұмысшы – буржуй, ал шаруа мал, енді шаруаның түгін қалдырмай қол астындағылардың бәрін сыпырып алып жатыр», «Кеңес өкіметі шаруаны бұрынғы ескі биліктен де жаман қысып жіберді. Мұндай өкіметке көмектесудің қажеті жоқ» деп ашық мәлімдеді [38; 235].

Ақмола округі, Ленин ауданы Ореховка селосының орта шаруасы Луценко Кремльдің деревнияда не болып жатқанын білмейтініне көзсіз сеніп, Сталинге былай деп жазды: «... Жергілікті жерлердегі қызметкерлерге ешқандай бақылаусыз ойына келгенін істеуге рұқсат етілетіні неліктен? Бізде не болып жатқанын сіз білесіз ғой. Жазаға кулак (оларды жазалаған дұрыс) пен орташаға ғана емес, бір жылқысы бар кедей де тартылды. Халықтың жартысына жуығы дерлік түрмеге қамалды (отбасындағы жеті адамның үшеуі түрмеде отыр), бәрін тартып алуда, маскүнемдер көбейіп кетті, олар айқайлап, аузына келген сөзбен балағаттайды және тұрғындардың арасында үрей тудырғаны сонша, олардың көпшілігі аттарын жегіп алып, үйлерін, қойлары мен басқа да үй малдарын тастап, басы ауған жаққа кетіп жатыр» [26; 35].

Қатаң әкімшілік террор қазақ аулдарында азық-түлік дайындау науқаны барысында күшейіп кетті. Мұнда мал дайындау науқаны бірден-ақ «әскери коммунизм» уақытындағы күштеу әдісімен жүргізілді. Дайындау ауқымы жоспарлы тапсырмалар бойынша белгіленді, бірақ халықтың қолындағы малдың саны туралы бұрмаланған деректерге негізделген есеппен жүргізілді, мүмкіндігінше дұрыс мәліметтер (Қаржы халық комиссариатының салықтық есебі) бір бюрократтық сатыдан екінші бюрократтық сатыға өткен сайын ұлғаю жағына қарай айтарлықтай өзгеріп отырды (бұл қаржы органдары халықтың жасырылған көп бөлігін толық есептей алмады деген желеумен бүркемеленді). Осындай көзбояушылық пен дөрекі волюнтористік жоспарлаудың нәтижесінде жоғарыдан аудандарға қолда бар нақты мал санынан әлдеқайда көп көрсетілген тапсырмалар берілді. Осы ретте Балқаш ауданын мысалға келтіруге болады, мұнда 173 мың қара мал болды, бірақ ауданға 300 мыңға жуық малдың салғырты салынды [26; 34].

Әрине, көп ұзамай-ақ өлкелік органдарға шағымдар түсе бастады. Бірақ мән бергендер аз болды. Егер оларға қайсібір өтініш-шағым түсе қалса да, оның өзі жалпылама тұрғыда жазылатын еді. Мәселен, З. Төреғожин (астық дайындау халық комиссарының орынбасары) өздері есептеген балансқа сәйкес, республиканың мал шаруашылығы өнімдерін қазіргі көрсетілген көлемде дайындай алуы неғайбыл деп хабарлады. Сол-ақ екен, партияның ресми үні «Большевик Казахстана» газеті арқылы бұған іле-шала тойтарысты жауап берілді. Онда, атап айтқанда: «Баланста... Оңшыл оппортунистік, қара дүрсін әдістемелік, теориялық тұрғыдан дәрменсіз, маркстік-лениндік диалектиканы мүлдем түсінбейтін сарын аңқып тұр... Автор малдың сан жағынан азайғанына жармасыпты. Ең соңғы дәлел. Бірақ бұлан құйрық жалтармашы осы дәлелінің ар жағында айтарлықтай экономикалық және саяси өзгерістер тұрғанын байқамапты... Оқиғаның беткі қабатынан әріге өресі жетпейтін эмпирик социолизмнің ақиқат өсімін көре алмапты» [33; 87].

Барынша жоғары деңгейде бұдан да айқын, ерекше шабытпен айтылған сындар да болды. Мәселен, БК (б) П Қазөлкомының бюросы кейбір аудан басшыларының тарапынан айтылған пікірге ашу шақырып, арнайы қаулы шығарды. Онда былай деп жазылды: «Өлкелік комитет жоспарларды орындамай, ет дайындау қарқынын әлсіреткен жекеленген аудандар мен қызметкерлердің әрекетін қатты айыптайды... Олардың малдың азайғаны, жергілікті шаруашылықтардағы қажетті мал басын сақтау туралы әңгімелерді желеу етіп жасаған әрекеттерін оңшыл оппортунистік пиғыл деп танып, мал дайындаудың мал шаруашылығын социолистік тұрғыда қайта құрудың бір бөлігі, елімізді индустрияландырудың маңызды тетігі екенін сезінбейтін әрекеті деп бағалайды» [20; 36].

Сананы жуып-шаю өз нәтижесін берді. Көп ұзамай «асыра сілтеу болмасын аша тұяқ қалмасын» ұраны азық-түлік дайындау науқанының айқындаушы ұранына айналды. Оның үстіне, алдындағы бөлімдерде атап көрсетілгендей, өндіріс әдісінің көшпелілік ерекшелігіне орай, саны жағынан белгілі бір мөлшердегі малдың болуы ең төменгі өмір сүру деңгейі ретінде ғана бағаланғанымен, ел аралаған дайындаушылардың өлшемі бойынша шаруашылығында 25-30 қойы барлар «мол байлық иесі» санала бастады. Алайда мал шаруашылығының өзіндік ерекшелігі назарға алынбады, әр шаруаға әрі кеткенде 2-3-тен қой қалдырды, сөйтіп оны тығырыққа апарып тіреді.

Мемлекеттік мүдде деген желеумен ауылда ауыл шаруашылық өнімдерінің басқа түрлерін дайындау кезінде де заңсыздықтарға жол берілді. Айталық, жүн дайындауды «екпінді» түрде өткізу мақсатында бірқатар жерлерде қойды қақаған қыста қырқу талап етілді, ал мұның соңы малдың малдың жаппай қырылуына ұласты. Астық іздеу барысында дайындаушылардың мал мен егін өсіретін ауылдарды кезіп, оның шаруашылығындағы тұқымға қалдырған аз ғана астығын да тартып алған оқиғалар жиі кездесті. Тіпті олардың тіршілігіне талшық етіп отырған ең соңғы дәніне дейін сыпырып алған.

Астық дайындау науқанының асқынғаны сондай, ақылға сыймайтын жәйттерге де жол берілді, ол тіпті егін екпейтін, таза мал өсіретін аудандарға да қолданылды. Бүлік шығарушылар қатарына қосылып кетуден қорыққан халық қолындағы малын астыққа айрбастап оны дайындаушыларға өткізуге мәжбүр болған.

Мысалы, Іле және Шоқпар аудандарының малшылары бір қойын 6, 8 кг астыққа, ал жақсы атын немесе үлкен түйесін төрт пұт астыққа айырбастады. осы ауданның барлық шаруашылықтары 10 килограмнан ескі киіз тапсыруға міндеттелді; жоқтар киізді сатып алып, оны дайындаушыларға өткізуге тиіс болды. Жетіқара ауданында ескі-құсқылар мен жүн дайындау барысында өлкелік органдардың өкілдері жылқылардың жал-құйрығын да кесуді талап етті, бұған қарсы болған қазақ тұрғындарына қойдың орнына шошқа тапсыруды бұйырды [14; 125].

Оңтүстік Қазақстан аудандарының бірінде дайындау науқаны былай жүргізілді (көргендердің айтуынша): «Азаматты шақырады (уәкіл), астық тапсыруды ұсынады. Ол астығым жоқ дейді. Сол кезде оның етігінің қонышына су құяды және түнде, 25 градус аязда көшеге тұрғызып қояды... Штабқа екіқабат әйел келеді, одан да астық талап етіледі. Ал онда астық жоқ. Оны ұрып-соғады, әйел тап сол жерде, штабта уақытынан бұрын босанады» [38; 237].

Дайындаушы уәкілдердің заңсыздығының шегі болмады. Дайындалған барлық өнімдер аудандарға жергілікті халықтан «жұмылдырылған» керуенмен тасылды және бұл үшін бір тиын да төлеген жоқ. Тасымал құралдары ретінде шенеуніктер осыған қоса шаруалардың жылқыларын мініп кетті, сонымен бірге әдетте, алған жылқыларын қайтармады немесе көрінеу айдап әкетті [38; 238].

Азық-түлік дайындау науқаны барысында Қазақстанда шаруаларға қарсы кең ауқымды қуғын-сүргін шаралары жүргізілді. Анықталған деректер бойынша, осы кезеңде 56 498 село тұрғындарының әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, олардың 34 121-і атылғаны белгілі болып отыр. Материалдар көрсеткендей, тек үш округ (Ақмола, Перопавл, Семей) бойынша 1928/29 және 1929-30 жылдары мұнда 23 млн сомнан астам айып салынып, мүлік тартып алынды, 54 мыңнан астам ірі қара мал, 630 мың пұт қордағы астық, 258 бірлік әр түрлі құрылыстар тәркіленді [38; 238].

Голощекин БК (б) П Қазөлкомының 1930 жылғы 2 қаңтарда өткізілген жабық отырысында дайындау науқаны барысында, 1928 жылғы 1 қазан мен 1929 жылғы 1 желтоқсан аралығында сот органдары 125 адамды ату жазасына кескенін, ГПУ арқылы нақ осы кезеңде 152 адамның атылғанын хабарлады [6; 13].

Оның есесіне республика басшылары Қазақстанның бүкіл одақ бойынша дайындалатын жүннің 33 %-ын, терінің 20, бидайдың 17, еттің 10 %-ын (1928/29) тапсырғаны туралы рапорт берді. Орталыққа жіберіліп отырған кезекті есептегі мәлімдемелер бұдан да сорақы түрде «Шаруашылықтардың тауарлылығын ынталандыру» деген айдармен жарияланып отырды [6; 11].

Индустияландыру үшін қаражат жинау мақсатымен мемлекет 20-жылдардың екінші жартысынан бастап, салық көлемін күрт өсірді. 1926/27 жылы Қазақстан бойынша есептелген ауыл шаруашылығы салығының сомасы 1925/26 жылғымен салыстырғанда 87 %-ға ұлғайтылды [40; 237]. БК (б) П ОК-нің шешімімен 1928/29 жылы ауыл шаруашылығы салығы сомасы елде 400 млн сом мөлшерінде белгіленді (1927/28 жылғы 305 млн сом орнына) [41; 98]. Оның ішінде Қазақстанда салық көлемі 23 млн сомға жетті. Алдыңғы төлемдік жылмен салыстырғанда, салықтық база (салық салынатын көздер) бұл кезде онша ұлғаймаса да, оның ауыртпалығы 100 %-ға өсті [31; 238].

Осы жылдары 400 сом және одан да жоғары табыс салығы салынатын шаруашылықтар үшін норматив бойынша кіріске төленетін пайыздық үстемеақының мөлшері ұлғайтылды. Нәтижесінде, мысалы, 450 сом пайда табатын отбасы жандарына (отбасы мүшелеріне) салық ауыртпалығы 16 % - ға, ал 1 000 сомнан артық болса 41 %-ға өсті. Алайда бұл да жеткіліксіз шарадай көрінді және көп ұзамай «жалпы шаруалар арасынан өзінің табатын пайдасымен ерекшеленетін» шаруашылықтарға салынатын дербес салық деп аталған салық түрі де қосымша енгізілді [31; 238].

Егер республикадағы астықты шаруашылықтардың 21%-ына, мал өсіретін шаруашылықтардың 6 %-ына үлкен пайыздық үстемемен қосымша салық салынса, 21 300 шаруашылық салықты дербес ерекше тәртіппен төлеуге міндеттелінді, оларға 8, 5 млн сом мөлшерінде салық салынды [39; 238]. Қостанай округінде 3 мыңға жуық шаруашылыққа дербес салық салынды, ауыл шаруашылығы салықтарының бүкіл жиынтық сомасының 34 %-ын төлеу міндеттелді, ал Орал округі аудандарының бірінде 50 ауқатты шаруашылықтар ауданға жүктелген бүкіл салық көлемінің 88 пайызын төлеуге тиісті болды [39; 238].

Бірқатар округтер мен аудандарда дербес салық салынғандар саны одан да көп еді және жеке кәсіпкерлікпен айналысатын табысы жоғары шаруашылықтарға салынатын салықтың көлемі олардың ойына да келмейтін ауқымда көтерілді. Бұл кездейсоқ емес-ті, салық комиссиялары қайсыбір шаруашылыққа дербес салық салған кезде, барлық жерде бірдей, оның дәлелі ретінде «мықты қорғаушылары бар», «ауқатты шаруашылық», «ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауға теріс қарады» деген сияқты және т.б. аргументтерді алға тартты. Мұндай фактілер әсіресе Павлодар, Қарқаралы және Семей округтерінде жиі орын алды. Мал шаруашылығымен айналысатындардың қоныс аударуы, оның ішінде Қытайға көшіп кетуі соның салдары болып табылады.

Қоныс аударудың жаппай сипат алғаны сонша, ол аудандарға БОАК-тің хатшысы И.Ф. Киселев басқарған арнаулы комиссия жіберілді, ол бірқатар шара қолданды. Мәселен, Семей округінде дербес салық салынған шаруашылықтардың саны 3 410-нан 1 428-ге, Павлодарда 875-тен 314-ке, Қарқаралыда 875-тен 314-ке кеміді [29; 239]. Дегенмен, комиссиялар кеш қимылдады, олардың іс-әрекеті жергілікті сипатта өрістеді, ал «бассыздық» барлық жерде кең етек алып кеткен болатын.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындаудың күштеп жүргізілуі және салық ауыртпалығының күрт артуы халық шаруашылығын тұқыртуға әкеп соқтырды, тұрғындардың жаппай көшуіне мәжбүр етті, өндірістің ұйымдық құрылымында бейберекетсіздіктер орын алды. ЖЭС тарихи кезең ретінде өз мүмкіндігін аяғына дейін ашып көрсете алмай, нәтижесіз аяқталды.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет