Қоғамдық-саяси және мәдени өмірдегі өзгерістер



бет1/3
Дата01.01.2022
өлшемі21,03 Kb.
#107658
  1   2   3
Байланысты:
Мәтін. Е.Бекмаханов.
Ахмет Айгүл СРС тарих, Конспект лекций по физике, inkluzivti bilim beru sillabus2022 (1)

Қоғамдық-саяси және мәдени өмірдегі өзгерістер. Қоғамдық-саяси жүйеде 20- жылдардың ортасында орныққан қатаң әкімшіл-әміршілдік жүйе 40–50 жылдары шарықтай түсті. Бұл қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласынан көрініс тапты. Адамның табиғи құқығын шектеу, ұлттық мүддені ескермеу, мемлекеттік басқару жүйесіне ықпал жасау сияқты олқылықтардың шегі болмады. Қоғамдық-саяси және мәдени өмір орталықтан басқарып отырған Коммунистік партияның қатаң бақылауына алынды. Сталиннің жеке басына табыну қоғамдық өмірде берік орын алды. Үкімет басшылары түрлі желеулермен  заңдылықтарды өрескел бұзып, мемлекеттік билікті теріс қолданып жатты. Оған өзгеше ойлайтын адамдарды қудалауға  жаңа науқан ашқан БКП (б) Орталық Комитетінің 1946 жылдың 14 тамыздағы “Звезда” және “Ленинград” журналдары туралы қаулысы бұл құбылыстың нақты дәлелі бола алады. Қазақстан партия комитеттері өз жұмысын аталмыш қаулының аясында жүргізді. Москва мен  Ленинградта  “Лениградтық іс”, “Дәрігерлер ісі” жүргізіліп жатқанда Қазақстанда талантты тарихшы “Бекмахановтың ісі” ұйымдастырылды. Е.Бекмаханов соғыс жылдары А.П.Кучкин, А.М. Панкратова, Б.Д. Греков, Н.М. Дружинин және тағы басқа кеңес тарихшыларымен бірлесіп Қазақ КСР тарихын даярлаған болатын. Кітап 1943 жылы баспадан жарық көрді. Алғашқыда еңбек жоғары бағаланғанына қарамастан, көп ұзамай сынға алынып, әсіресе, кітаптағы ұлт-азаттық көтерілістерге берілген баға қызу айтыс тудырды. Е.Бекмахановтың 1947 жылы жарық көрген “Қазақстан XІX ғасырдың 20-40 жылдарында” деген көлемді еңбегі де сынға ұшырады. 1950 жылы “Правда” газетіндегі “Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін” деген мақалада Е.Бекмаханов еңбегі айыпталды. 1951 жылы 10 сәуірде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті “Правда” газетіндегі мақала бойынша қаулы қабылдап, “Бекмахановтың буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарасын айыптады”. Қаулыны жүзеге асыру барысында тарих ғылымдарының докторы Е.Бекмаханов Ғылым академиясындағы қызметінен босатылып, барлық ғылыми атақтарынан айырылып, 1952 жылы 4-желтоқсанда 25 жылға сотталды. Е.Бекмахановпен қатар республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары  А.Жұбанов, Х.Жұмалиев, Б.Шалабаев, Б.Сүлейменов, Е.Смайлов, жазушы Ю.Домбровский осындай жалған айыптармен жазаланып, сондай-ақ Ә.Марғұлан, Ә.Әбішев, С.Бегалин секілді ғалымдар мен жазушылар саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп айыпталды. 1948 жылы “космополитизммен”, яғни шетел мемлекетерінің мәдениетіне көңіл  бөлушілермен күрес науқаны басталды. Космополитизм науқанында Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ халқының мақтанышы болып келген Шортанбай, Шәңгерей, О.Қарашев феодалдық-реакцияшылдар деп танылып, ал кейінгі кеңес әдебиетшілері – Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев, Е.Ысмайылов ұлтшылдар ретінде қудаланды. Ғылым Академиясының президенті Қ.Сәтбаев “Едіге батырға” алғысөз жазғаны үшін “ұлтшыл” атанса, М.Әуэзов 1945 ж. жарық көрген “Абай өмірінің және творчествосының биографиялық очеркі” еңбегінде Абайды “феодалдық ақындар Шортанбай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев ортасында суреттегені үшін” қудаланады. Екі зиялыға да осындай орынсыз кінәлар тағылғаннан кейін, Москваға қоныс аударуға мәжбүр болды. “Космополиттер” қатарына белгілі шығыстанушы, академик В.В.Бартольд та енгізілді. Оған “араб, иран, қытай мәдениеттерін жоғары көтерген” деген мағынадағы кінә тағылды. 1952 жылы баспадан С.Мұқановтың “Балуан Шолақ”, С.Мұқанов алғысөз жазған Қ.Аманжолов пен Х.Бекхожиннің “Батырлық эпосы”, Қ.Сатыбалдиннің “Әлия”, М.Хакимованың “Мәншүк” еңбектері қайтып алынды. Осылайша соғыстан кейінгі жылдарда пісіп-жетіліп келе жатқан қоғамда өзгеріс қажет деген ұғымды әкімшіл-әміршілдік жүйе тұншықтырып тастады. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін қуғын-сүргін науқаны біраз баяулады. Сталиннің өз кезінде жоспарлаған Қазақ КСР Ғалым Академиясының тарих, археология, этнография институтын, тіл және мәдениет институтын, Кеңестік жазушылар Одағын “ұлтшылдардан” тазалау саясаты тоқтатылды. 1953 жылы мамыр айынан бастап социалистік қоғамдағы қайшылықтар, жеке тұлға мен халықтың тарихтағы рөлі, Сталиннің жеке  басына табыну мәселелері төңірегінде алғашқы пікірлер айтыла бастады. Кезінде ОГПУ, НКВД-ні басқарып, әкімшіл-әміршіл жүйенің адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарын заңдастырған Берия ату жазасына кесілді. “Үштіктер”, “Бестіктер”, “Ерекше кеңес” жойылып, ГУЛАГ  МҚК-не берілді. Л.П.Берияның қылмыстық іс-әрекетін үзілді-кесілді тоқтату қоғамдық өмірді демократияландыру жолындағы маңызды кезең болды. Бірақ бұл - әкімшіл-әміршіл жүйенің күйреуі емес болатын.

Осыдан 60 жыл бұрын Қазақстан коммунистік партиясы «ұлтшылдық вирусының тамырына балта шабу» жөнінде қаулы қабылдады. Көп ұзамай қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы Ермұқан Бекмаханов 25 жылға сотталды. Республика басшылығы «ұлтшыл» Бекмахановты қатаң айыптай отырып, осынау «ұлтшылдықты жөргегінде тұншықтырмаған» сол кезде Қаныш Сәтбаев басқарған Қазақ ССР Ғылым академиясын аяусыз сынады.. Соның нәтижесінде Бекмаханов қана емес, басқа да ұлтшылдар «табыла қалып», қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, т.б. ғалымдар да сотталды. Ал Қаныш Сәтбаев Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Қамауға алу туралы сөз бола бастағанда КГБ офицерлерінің бірінің астыртын жанашырлық ескертуінен кейін Мұхтар Әуезов те табан астында Мәскеуге ұшып кетті. Бекмахановтың еңбегінде Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың «феодалдық-монархиялық қозғалыс» деп аталмай, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі ретінде қарастырылуынан шыққан даудың соңы қазақ ғалымдарының осылайша тағы да жаппай қуғын-сүргінге ұшырауына әкеліп соқты. Қазақ ғылымын үрей биледі.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет