Ішкі саудаобьектілеріндегі мемлекеттік ветеринарлық қадағалау 1. Осы Ішкі сауда қағидалары (бұдан әрі -Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында ішкі сауда қызметін жүзеге асырудың тәртібін айқындайды.
Ішкі сауда түрлеріне көтерме және бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, аукциондық, комиссиондық, шекара маңы, көшпелі, көрме-жәрмеңкелік, электрондық, биржалық сауда және тапсырыстар бойынша сауда жатады
2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) автодүкен – сауда жабдықтарымен жарақталған мамандандырылған автокөлік құралы;
2) автомат – тауарларды сатуға арналған автоматтандырылған құрылғы;
3) ақпараттық-жарнамалық сауда алаңы – сатушылар, сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды-сатуды ұйымдастыру мақсатында олар туралы жарнамалық (ақпараттық) мәліметтері бар интернет ресурс;
4) арзандатылған тауар – кемшілігі болуға не кемшілігін жоюға байланысты төмендетілген бағамен сатылатын тауар;
5) асхана – тұтынушылар өзіне өзі қызмет көрсететін қоғамдық тамақтану объектісі;
6) аутлет орталық – бірыңғай тауар белгісімен немесе маркасымен айналымға шығарылған өнімдер шығарылымының алдыңғы маусымынан азық-түлік емес тауарлар тобын (киім-кешек, аяқ киім, аксессуарлар және басқалар) елеулі жеңілдіктермен (жиырмадан тоқсан пайызға дейін) сатуды жүзеге асыратын сауда объектісі;
7) әмбебап сауда базары – әртүрлі сыныптағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда орындары бар сауда базары;
10) бар – тұтынушыларға тіске басар, десерттер және кондитерлік бұйымдар, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;
11) бөлшек сауда – сатып алушыға жеке, отбасылық, үй ішінде немесе кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға арналған тауарларды сату жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
12) бақылау аймағы – ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық бақылауды, санитариялық-эпидемиологиялық және Қазақстан Республикасының заңмамасына сәйкес өзге де бақылау түрлерін жүргізуге арналған аймақ;
13) гипермаркет – бірнеше ішкі сауда субъектілерінен тұратын, он бес мыңнан және одан астам атаулы (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауарлар ассортиментін өткізетін, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін көтерме-бөлшек сауда объектісі;
14) дәмхана – тұтынушыларға міндетті түрде даяшылар қызмет көрсететін, дайындалуы күрделі емес тағамдар ассортиментін, сондай-ақ алкоголь өнімдерін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;
15) дискаунт орталық – бір немесе бірнеше ішкі сауда субъектілерінен тұратын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, күнделікті сұраныстағы нарықтық бағадан төмен бағадағы азық-түлік тауарларының (тез бұзылатын азық-түлікті есепке алмағанда, жалпы көлемінің жиырма пайызы негізінен "құрғақ" немесе терең мұздатылған өнім) және азық-түлік емес (жалпы көлемнің сексен пайызы тамақ өнімдері, тұрмыстық химия және қосалқы тауарлар) тауарлардың шағын ассортименті бар эконом сыныбының сауда объектісі;
16) дүкен – сауда, қосалқы, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тауарларды қабылдауға, сақтауға және сатуға дайындауға арналған үй-жайлармен қамтамасыз етілген тұрақты жұмыс істейтін күрделі құрылыс немесе оның бөлігі;
17) дүңгіршек – бір немесе бірнеше сауда орындарына есептелген, азық-түлік тауарларын сақтауға арналған сауда залы және үй-жайлары жоқ, сауда жабдықтарымен жарақталған күрделі емес тасымалданатын құрылыс;
18) жаппай сату – сапасы тиісінше тауарларды төмендетілген бағамен өткізу;
19) жарамдылық мерзімі – аяқталғаннан кейін тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңі;
20) жылжымалы сөре – арнайы бөлінген орынға орнатылатын, сауда орнын білдіретін, тасымалданатын уақытша құрылыс (конструкция);
21) заманауи форматтағы сауда объектілері – ассортименті бір мыңнан бастап және одан астам атау (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауар бар, қызмет көрсетудің дәстүрлі әдісімен бірге өзіне-өзі қызмет көрсету әдісі бойынша, сондай-ақ қосымша сауда қызметтерін көрсете отырып жұмыс істейтін, төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтары (құрылғылары) бар, еңбек өнімділігі және сауда алаңының шаршы метрінен сатылымы жоғары, аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаң көзделген, ауданы кемінде 500 шаршы метр стационарлық сауда объектілері;
22) қоғамдық тамақтану – тамақ өнімдерін өндірумен, өңдеумен, өткізумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты кәсіпкерлік қызмет;
23) қойма аймағы – жүктерді түсіруге, сақтауға және жинақтауға арналған құралдармен жабдықталған аймақ;
24) көтерме сауда – кейін сатуға немесе жеке, отбасылық, үй ішінде және осындай өзге де пайдаланумен байланысты емес, өзге мақсаттарға арналған тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
25) көтерме-тарату орталығы (бұдан әрі – КТО) – азық-түлік тауарларымен, кейін оларды ішкі және сыртқы нарықтарда көтерме өткізу үшін арналған сатып алу, дайындау, тарату және өзге операцияларды орындау үшін және қойма құрылыстарынан, сауда павильондарынан және арнайы жабдықтары бар басқа да үй-жайлардан тұратын көп функционалды сауда-логистикалық инфрақұрылым кешені;
26) көшпелі сауда – мамандандырылған немесе сауда үшін арнайы жабдықталған көлік құралдарын, сондай-ақ тек көлік құралымен жиынтықта қолданылатын мобильді жабдықты пайдалана отырып, тұрақты жұмыс істейтін бөлшек сауда желісінен тыс жүзеге асырылатын бөлшек сауда;
27) мамандандырылған дүкен – ассортиментінің көлемі жиырма бес мың атауға (бірлікке) дейін болатын, ассортименті мамандандырылған (құрылыс материалдары, тұрмыстық электротехника, жиһаз және тағы басқа), сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін ішкі сауданың көптеген субъектілерін білдіретін сауда объектісі;
28) мамандандырылған сауда базары – тауарлардың жалпы санының жетпіс және одан астам пайызы бір сыныптағы тауарларды сатуды жүзеге асыруға арналған сауда базары;
29) мамандандырылған электрондық сауда алаңы – экономикалық қызметтің бір түрінің бір сыныптағы тауарлары, жұмыстары және көрсетілетін қызметтері өткізілетін электрондық сауда алаңы;
30) мейрамхана – тұтынушыларға міндетті түрде даяшылардың қызметін ұсынатын, тапсырыстық және фирмалық тағамдарды, сондай-ақ алкоголь өнімдерін қоса алғанда, дайындалуы күрделі тағамдар ассортиментін ұсынатын қоғамдық тамақтану және демалыс объектісі;
31) сақтау мерзімі – белгіленген сақтау шарттары сақталған кезде тауар (жұмыс нәтижесі) осы уақыт кезеңі ішінде тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттарда және (немесе) шартта көрсетілген сапасын, қасиеттерін және сипаттамаларын сақтайтын уақыт кезеңі;
32) сатушы – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сауда қызметін жүзеге асыратын ішкі сауда субъектісі;
33) сатып алушы – тауар сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
34) сауда ақпараты – тауар, дайындаушы, сатушы туралы заңнамада көзделген және тауармен және оны пайдаланудың ерекшеліктерімен таныстыру мақсатында сатушыға жеткізілетін мәліметтер;
35) сауда базары – аумақта шаруашылық қызметін көрсету, басқару және күзет функциялары орталықтандырылған, тұрақты негізде жұмыс істейтін және өз аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қою үшін алаңмен қамтамасыз етілген, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігі, сәулет-құрылыс талаптарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптарға сәйкес келетін сауда қызметіне арналған оқшауланған мүліктік кешен;
36) сауда желісі – сауда базарларын қоспағанда, ортақ басқарудағы және бірыңғай коммерциялық белгі және дараландырудың өзге де құралдары аясында пайдаланылатын екі және одан да көп сауда объектілерінің жиынтығы;
37) сауда залы – сатып алушыларға қызмет көрсетуге арналған сауда үй-жайының арнайы жабдықталған негізгі бөлігі;
38) сауда қызметі – жеке және заңды тұлғалардың тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған кәсіпкерлік қызметі;
39) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган – сауда саясатын қалыптастыратын, сауда қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
40) сауда мүкәммалы – сауда қызметін жүзеге асыруға арналған заттар;
41) сауда объектісі – арнайы құрал-жабдықпен жарақтандырылған, тауарлар сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын ғимарат немесе ғимараттың бір бөлігі, құрылыс немесе құрылыстың бір бөлігі, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлік құралы;
42) сауда-ойын-сауық орталығы – көптеген ішкі сауда субъектілерінен тұратын, тауарларды, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық қызметтерін (фуд-корт, сұлулық салондары, ойын-сауық, кино-театрлар) қоса алғанда, жиырма бес мың және одан астам атаулы (бірлік) аралас ассортименті бар, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағы шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңы бар сауда объектісі;
43) сауда орталығы – көптеген ішкі сауда субъектілерінен тұратын, аралас ассортименті бар, ассортиментінің көлемі жиырма бес мың және одан көп атаулы (бірлік), сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, өз аумағы шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңы бар сауда объектісі;
44) сауда орны – тауарларды сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет көрсетуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын құрал-жабдықпен жарақтандырылған орын;
45) сауда үйі – тұтас объекті ретінде басқарылатын сауда объектілерінің және қоғамдық тамақтану объектілерінің жиынтығы орналасқан сауда қызметіне арналған және сауда, әкімшілік-тұрмыстық және қойма үй-жайларымен және өзінің аумағының шекарасы шегінде автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңмен қамтамасыз етілген күрделі стационарлық құрылыс;
46) сауда үстемесі – тауарды көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыруға байланысты шығыстар мен пайданы қамтитын тауар бағасының бір бөлігі;
47) стационарлық емес сауда объектісі – инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылуының (технологиялық қосу) болуына немесе болмауына қарамастан, жермен берік байланыстырылмаған уақытша құрылыс немесе уақытша конструкция, оның ішінде автоматтандырылған құрылғы немесе көлік құралы;
48) стационарлық сауда объектісі – жермен берік байланыстырылған және инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосылған (технологиялық қосу) ғимарат немесе ғимараттың бір бөлігі (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй-жай), құрылыс немесе құрылыстың бір бөлігі (қосарлас, қосарлас-жапсарлас, жапсарлас салынған үй жай);
49) сауда-көрме аймағы – тауарларды көрсетуге, жайып қоюға, сондай-ақ сатып алушыларға қызмет көрсетуге және шарттар жасасу мен төлемдер жүргізуге арналған, арнайы құралдармен жабдықталған аймақ;
50) супермаркет – бірнеше ішкі сауда субъектілерінен тұратын, бір мыңнан бастап жиырма бес мыңға дейінгі атаулы (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауар ассортиментін сататын, сауда желілеріне кіретін немесе кірмейтін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуын көздейтін сауда объектісі;
51) тауар – айналымнан алынбаған, сатуға немесе айырбастауға арналған кез келген еңбек өнімі;
52) тауар ассортименті – қандай болмасын бір немесе жиынтық белгілері бойынша біріктірілген тауарлар жиыны;
53) тауарлар сыныбы – функционалдық мақсаты ұқсас тауарлар жиынтығы;
54) тауарлардың көршілестігі – шикі және дайын өнімдерді бірге сақтауды және өткізуді, олардың ластануын және тауардың сапасына әсер ететін бөгде иістердің сіңуін болдырмайтын шарттар;
55) тауар сапасы – тауардың тұтынушылық сипаттарының жиынтығы;
56) тез бұзылатын тамақ өнімдері – қатаң регламенттелетін мерзімдерде тасымалдаудың, сақтаудың және сатудың арнайы шарттарын талап ететін тамақ өнімдері;
57) терминалды аймақ – жүкті түсіру және тиеу операцияларын өткізуге арналған аймақ, сондай-ақ жүкті және жеңіл автомобилдерге арналған тұрақ орындары;
58) технологиялық аймақ – жууға, өңдеуге, кептіруге, құрғақ тазалауға, сұрыптауға, калибрлеуге, өлшеп орауға, орауға және/немесе ұқсас операцияларды орындауға арналған аймақ;
59) үй жанындағы дүкен – негізінен сауда желілеріне кірмейтін бес мың атауға (бірлікке) дейін күнделікті қажетті тауарлардың мамандандырылған ассортиментін өткізетін бір ішкі сауда субъектісін білдіретін сауда объектісі;
60) шағынмаркет – он мыңға дейінгі атау (бірлік) мамандандырылған немесе аралас тауар ассортиментін сататын бірнеше ішкі сауда субъектілерін білдіретін, автокөлік құралдарын қоюға арналған алаңның болуы көзделетін сауда объектісі;
61) шатыр (павильон) – құрастырмалы-жинамалы конструкциялардан, бір немесе бірнеше сауда орындары үшін сауда жабдықтарымен жарақталған, сауда қорына арналған алаңы бар және арнайы белгіленген орынға орналастырылатын жеңіл құрастырылатын құрылыс;
62) ішкі сауда – Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сауда қызметі;
63) электрондық коммерция – электрондық саудадағы, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын көрсетілетін қызметтер саудасындағы кәсіпкерлік қызмет;
64) электрондық коммерцияға қатысушылар – сатып алушы, сатушы және (немесе) электрондық сауда алаңы ретінде қатысатын, тауарларды, көрсетілген қызметтерді және ақпараттық-жарнамалық сауда алаңдарын өткізетін жеке және заңды тұлғалар;
65) электрондық сауда – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
66) электрондық сауда алаңы – электрондық саудаға қатысушыларға инфрақұрылымды, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып жұмыстар мен қызметтер көрсетуге арналған шарттар жасасуды қамтамасыз ететін интернет-ресурс;
67) электрондық саудаға қатысушылар – сатып алушы, сатушы және (немесе) электрондық сауда алаңы ретінде қатысушы жеке және заңды тұлғалар.