Саясаттану пәнінен дәрістердің тезистері



бет11/16
Дата08.01.2023
өлшемі0,53 Mb.
#165131
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Саясаттану д рістері

Негізгі әдебиеттер:17 [4-25], 20 [12-14]
Қосымша әдебиеттер: 1 [48-76],10 ч.1 [203-223], 4 [136-167], 5 [104-119], 25 [50-80]
Бақылау сұрақтары
1.Мемлекеттiк басқарудың қандай нысандары белгiлi?
2.Билiктi жiктеу қағидаттарының мәнi неде?
3.Құқықтық мемлекеттiң негiзгi белгiлерi қандай?
4.Азаматтық қоғамның негiзiн не құрайды?
8 Дәріс. Саяси режим.
Қазіргі заманғы саяси ғылымда саяси режим түсінігіне біркелкі жауап бермейтіндігін атап өткеніміз жөн. Мысалы Е.Хамауи (Франция) бұл түсінікті мемлекеттік мемкемелердің конституциялық қарым-қатынастарымен байланыстырады; Д.Истон (АҚШ) режимді басқару стилі мен реттеудің және қызмет көрсетудің жиынтығы деп түсіндірді; Н.Ботана (Аргентина) – биліктің шоғырлануы және қайта үлестірілуінің функционалдық үрдісі деп сипаттайды.
“Режим” терминін нақтырақ түсіндірсек французша regime, латыншасы regimen – тәртіп, ережелер жүйесі, басқару дегенді білдіреді . “Саяси режим” түсінігі ғылыми сөздікте ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болды..
Саяси режим – мемлекеттің, қоғамның және жеке адамның арасындағы қарым-қатынастардың сипатын анықтайтын мемлекеттік билік органдарының қызмет-әдістерінің жиынтығы. Басқаша айтқанда, мемлекеттің белгілі бір типіне тән билік жүргізудің тәсілдері мен түрлерінің жиынтығын саяси режим деген түсінік арқылы білдіруге болады. Ең бастысы – саяси режим қоғамдағы саяси бостандық деңгейін бейнелейді. Саяси режим белгілі бір елдегі белгілі бір мемлекеттік басқару нысанымен, қоғамдағы сан алуан саяси күштердің ара салмағымен және мемлекет билігін ұйымдастырудың қалыптасқан дәстүрлерімен сипатталады.
Сясаттанушы ғалымдар саяси режимдерді жіктегенде көбінесе мемлекет аумағында көппартиялыққа, ашық оппозицияның өмір сүруіне жол ашылған ба, билік тармақталған ба, азаматтық қоғамның жағдайы қалай деген сияқты принципті мәселелерді негіз етеп ұстайды. Саяси режим түсінігі биліктің негізгі жүйесі туралы түсінікті қалыптастыруда негізгі рөлді атқарады. Саяси режим қандай болса, қоғамның саяси құрылымының қандай екендігі мәлім болатындығы бұл күнде дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналған. Саяси режим елдегі демократияның деңгейін, жалпы адамзаттық құндылықтардың қаншалықты дәрежеде сақталатындығын, “саяси ахуалдың” шынайы келбетін көрсетеді.
Саяси режимнің негізгі белгілері:

  1. бұқара халықтың саяси билікті қалыптастыру механизімдеріне қатыстылығы қаншалықты деңгейде, сондай-ақ осынау қалыптастырудың мүмкіншілігінің өзі қай деңгейде;

  2. адам мен азамат құқықтарының мемлекет құқығымен ара қатынасы қандай дәрежеде;

  3. жеке адамның құқығы мен еркіндігінің кепілділігі;

  4. қоғамда билік жүргізудің нақты механизмдерінің сипаты;

  5. саяси билікті жүзеге асыруға халықтың нақты қатыстылығының деңгейі;

  6. бұқаралық ақпарат құралдарының ахуалы (БАҚ), қоғамдағы жариялылық пен мемлекеттік аппараттың мызғымастығының деңгейі;

  7. қоғамның саяси жүйесінде мемлекеттік емес құрылымдардың орны мен рөлі қай деңгейделігі;

  8. заң шығарушы және атқарушы биліктердің арақатынасының деңгейі;

  9. азаматтар мен лауазымды тұлғаларға қатысты құқықтық реттеудің сипаты (ынталандырушы, шектеуші);

  10. саяси көшбасылықтың типі;

  11. саяси шешімдер қабылдау барысында азшылықтың мүддесінің ескерілуі;

  12. саяси билікті жүзеге асыруда белгілі бір тәсілдердің басымдығы (сендіру, мәжбүрлеу);

  13. қоғам өмірінің барлық салаларында заңның үстемдігі;

  14. қоғам мен биліктің арақатынасының қағидаттары (принциптері);

  15. мемлекеттік “күштеуші” құрылымдардың (армия, полиция, мемлекеттік қауіпсіздік мекемелерінің) қоғамдағы саяси һәм құқықтық мәртебесі, орны мен рөлі;

  16. саяси плюрализмнің өлшемі, соның ішінде көппартиялылықта бар;

  17. саяси және құқықтық жауапкершілікке лауазымды тұлғаларды, соның ішінде өте жоғары лауазымды тұлғаларды да жауапқа тартудың механизімінің бар болуы.

Міне жинақтала келе “саяси режим” санатын (категориясын) анықтайтын элеметтер осылар болады.
Саяси режимнің мәнін анықтауда азаматтық қоғам мен мемлекеттің ара қатынасы шешуші роль атқарады. Бұл тұрғыда үш түрлі жағдай қалыптасуы мүмкін : 1) Мемлекет азаматтық қоғамның өмір сүруіне, қанатын жаюына жағдай туғызып, оның ырқына жығылады. Азаматтық қоғамның мәртебесі жоғары, қуаты үстем. 2) Мемлекеттің айбыны асқақтап, бүкіл қоғамды “жұмса – жұдырығында, ашса - алақанда” ұстап тұрады. Азаматтық қоғам мемлекеттің өңешінде кетеді, азаматтар саяси жүйенің толық ықпалында болып, айтқанына көніп, айдауына жүреді. 3) Азаматтық қоғам мен мемлекет арасында тепе-теңдік бар.
Міне, осы үш жағдайға байланысты тарихи режимдердің мынандай түрлері қалыптасқан:
а) демократиялық;
б) либералдық (жартылай демократиялық);
в) авторитарлық, тоталитарлық;
г) жартылай феодалдық-теократиялық.
Демократиялық режим – мезгілімен еркін және әділетті түрде өткізіліп отыратын сайлаудан көрініс табатын халық еркіне, сондай-ақ, адамның кісілік қасиеттерін құрметтеуге және заңның құдіреттілігін мойындауға негізделген. Терминнің өзі болса гректің demokratia, ол өз кезегінде demos – халық және kratos – билік, басқару деген екі сөзінен құралған. Сол себепті де , “демократия” сөзбе сөз аударғанда “халық билігі” деген мағынаны білдіреді.
Демократиялық режимдерге тән белгілер:
1. бұқара халық референдумдар мен өкілетті демократия (сайланбалы өкілетті мекемелер) арқылы мемлекеттік биліктің қалыптастыруы мен жүзеге асырылуына қатысады;
2. шешімдерді азшылықтың мүддесін ескере отырып көпшілік қабылдайды;
3. дамыған құрылымы бар азаматтық қоғамның болуы;
4. құқықтық мемлекеттің іс жүзінде жүзеге асырылуы;
5. мемлекеттің орталық және жергілікті мекемелерінің ауыспалы және сайланбалы болуы және олардың сайлаушылардың алдында есеп беріуі;
6. мемлекеттік биліктің легитимділігі;
7. “күштеу” құрылымдары (қарулы күштер, полиция, қауіпсіздік мекемелері) қоғамның демократиялық бақылауында болуы, олардың тек заң шеңберінде ғана өздерінің тікелей міндеттерін атқаруы;
8. сендіру, келісу, мәмілегершілік тәсілдерінің басымдығы, зорлық, мәжбүрлеу, тиым салу тәсілдерінің шектелген болуы;
9. қоғамдық өмірдің барлық салаларында заңның үстемдігі;
10. адам және азамат құқықтары жарияланады һәм өмірде нақты жүзеге асырылады;
11. шаруашылық жүргізуші субъектілер мен азаматтар “заңмен тиым салынбағанның бәріне де рұқсат” қағидаты (принципі) бойынша әрекет етеді;
12. саяси плюрализм, соның ішінде көппартиялық та, саяси партиялардың бәсекелестігі, парламентте, сондай-ақ оның сыртында да оппозицияның ресми – заңды түрде болуы (оппозиция балама бағдарламалар ұсынады, билікті жіберген қателіктері үшін сынайды, оның қызметін парламенттегі өздерінің фракциялары мен блоктары және баспасөз арқылы бақылап отырады);
13. жариялылық, бұқаралық ақпарат құралдары цензурадан азат болуы;
14. биліктің нақты түрде заң шығарушы билік (заңдар қабылдайды, қоғамның даму бағытын айқындайды), атқарушы билік (қабылданған заңдарды орындайды, оларды жүзеге асырады, мемлекеттің күнделікті саясатын жүзеге асырады) және сот билігі (дау-жанжалдардың туа қалған күнінде ортада мәмілегерлік етеді, құқық бұзу жағдайларын реттейді ) болып жіктелуі.
Демократиялық саяси режимнің негізгі белгілері осылар. Жоғарыда аталған белгілерді білу саяси билікті жүзеге асырудың құралдары мен тәсілдерінің жүйесін жіктеуде маңызды рөл атқарады.
Либералдық режимдер ХІХ ғасырдағы дамыған елдерге тән. XX ғасырда олар Шығыс Европа елдері, КСРО мемлекеті ыдыраған соң оның орнында пайда болған кейбір елдерде орнап, бұл елдердің дамуын дамыған елдердің деңгейіне жақындатты.
Тоталитаризм - өз алдына саяси жүйенің бір түрі, қоғамдық құрылыс. ХХ ғасырдың құбылысы. Тоталитаризм сөзінің мағынасы кейінгі латын тілінен аударғанда “тұтас”, “бәрі” дегенді білдіреді. Бұл сөзді алғаш рет 1924 жылы 20 наурызда сөйлеген сөзінде солшыл демократ Дж. Амендола Б. Муссолинидің партиясына баға беріп сөйлеген сөзінде қолданған болатын. Ол өз сөзінде фашизмді, коммунизм секілді демократия мен либерализмге қарсы “тоталитарлық реакция” деп сипаттаған. 1925 жылы 5 қаңтарда либералдық “Ринашита либерале” журналындағы мақалада 1924 жылғы Италияда болып өткен сайлауға totalitare e liberticide, яғни тоталитарлық және қатерлі деп баға беріледі.
Тоталитаризм – қоғамдық жүйе ұжымдық мақсатқа, көсемнің құзырына бас ұрып, ресми идеологияға бағынған, қоғам мен жеке адамға билік тұтқасы тарапынан тырп еткізбейтін қатаң бақылау қойылған мемлекеттік құрылыс.
Тоталитарлық режим жағдайында мемлекеттің бүкіл билігі көсем бастаған (диктатор) ат төбеліндей аз ғана топтың қолына өтеді, демократия қағидаттары (принциптері) аласталып, азаматтық қоғам жойылады, адамдардың құқығы мен бостандығы аяққа тапталады, күштеу, қорқыту, үрейлендіру, бұйыру тәсілдері арқылы адамдар рухани езгіге салынып жанышталады. Қоғамның барлық саласы түгел, оның ішінде әрі адамның жеке тіршілігі, отбасы бәрі бар, мемлекеттің “ашша – алақанында, жұмса - жұдырығында” болады. Адам –жүйенің кішкентай ғана бұранда тетігіне, айтқанды істеп, айдағанға жүретін құлына айналады.
Тоталитарлық режимнің негізгі белгілері:
1. Бүкіл ел аумағын қамтыған бір ғана бұқаралық партия бар, ол – басқарушы. Елдегі саяси биліктің тұтқасы осы партияның қолында. Басқа партиялардың құрылуына, қызмет атқаруына, жалпы қандай бір саяси оппозицияның бас көтеруіне қатаң тиым салынған;
2. Басқарушы партия демократиялық емес жолмен ұйымдасып, көсемнің төңірегіне тптасқан. Билік төменнен (халық ортасынан) емес, жоғарыдан төмен келеді. Яғни билік бастауы халық емес, көсем және оның маңындағы партия. Кәсіподақ, жастар одағы сияқты ұйымдар бар болса, олар тек көсемнің және партияның ықпалында, билік тұтқасын ұстаған партияның қол шоқпарына айналған;
3. Бүкіл қоғамдық өмір-басқарушы партия негізге алып отырған бір ғана идеологиялық өктемдігінің ықпалында. Ол идеология бірден бір шыншыл және әділ деп танылады. Экономиаклық, әлеуметтік және рухани үрдістер осы идеологияға қатаң бағынып нұсқаған бағытын басшылыққа алады. Идеологияға өзгертушілік, төңкерістік сипат тән. Ол қоғамды мүлде жаңартып, жаңа типтегі адамды қалыптастырып, тәрбиелеуді негіздейді. Идеологияның мәнін көсем анықтайды, оған бас иіп қабылдау – жалпыға бірдей міндетті. Идеологияны таратып, дәріптейтін өте қуатты жүйе үздіксіз қызмет істейді;
4. Бүкіл ақпарат жүйесі билік иесі – партияның қолында. Басқаша ойлауға тиым салынған. “Біз және біздің жауларымыз” қағидаты (принципі) орныққан. Қоғамдық пікір аласталған. Адамгершіліктің, имандылықтың жалпыадамзаттық негіздері теріске шығарылағн. Моральдің өзі саясатқа бағынады;
5. Белгілі бір таптың, ұлттың немесе нәсілдің мәртебесі ерекше марапатталынады. Халық люмпендік күн кешіп, әрбір адам мемлекеттен тікелей тәуелді бейшара күйге түседі;
6. Қоғамда біркелкілік, сұрқайлық, теңгермешілік дәріптеліп, ой-пікір ерекшелігі, даралануға ұмтылу – қуғындалады;
7. Қоғамда өшпенділік, күмәншілдік, үрей, сөз тасу, сырттай қаралау өріс алады. Көсемге, партияға, идеологияға деген соқыр сенім адамдардың жүрегін, сана-сезімін жаулап алады;
8. Мезгіл-мезгіл халықты ойран қылып, есін жиғызбайтын бұқаралық террор, қырып-жою, қуғын-сүргін науқандары өткізіліп тұрады. Бұл ретте қауіпсіздік қызметі, әскер, сақшы, т.б. елдің зәре-құтын қашыратын, шаш ал десе – бас алатын мекемелер мен органдардың басын қосатын әлеуметтік бақылау және күш көрсету аппараты дамылсыз қызмет істеп тұрады. өмір салты әскери сипат алып, милитаризациялау үдей түседі;
9. Өндіріс, экономика, қорғаныс, қоғамның басқа салалары түгелдей мықты бақылаудың қарамағында, мемлекеттің араласпайтын, қол сұқпайтын жері жоқ.
Бұл аталған белгілер тоталитарлық режим үстемдік құрған барлық мемлекеттерге тән. Алайда олардың арасында өзіндік ерекшеліктер де бар. Сондықтан да тоталитарлық режимнің мынандай үш түрін даралап көрсетуге болады:

  • Фашизм;

  • Ұлттық социализм;

  • Коммунистік тоталитаризм.

Фашизм – алғаш 1922 жылдан бастап Италияда орнықты. Оның алдыға қойған басты мақсаты Рим империясының құдіреті мен айбынын қайта жаңғырту болатын. Фашистік идеология халық рухын тазалап, қайта қалпына келтіруге, мәдени және этностық негізде ұжымдық біртектілік қалыптастыруға ұмтылды. Осыған байланысты мемлекет билігінің күш-қуатын барынша асқақтатып, үкіметке шектеусіз билік тұтқасын ұстатты. Фашистік тоталитаризм Испанияда генерал Франко билік жүргізіп тұрған кезеңде де әскери-фашистік режим ретінде көрініс берді. Ол мемлекет өмірінде шешуші роль атқарып отырған армияға сүйенді.
Ұлттық – социализм 1933 жылы Германияда бас көтерді. Тоталитаризмге тән белгілер мен қасиеттердің бәрін ұлттық социализм бойына сіңірген. Оның өзгешілігі мынада: ұлттық-социализм үшін тұғырнамасындағы басты нәрсе – ұлт, ұлттық және нәсілдік өшпенділік, ұлттық және нәсілдік артықшылық. Басты мақсаты – арий нәсілінің, герман (неміс) ұлтының дүние жүзіндегі үстемдігін орнату, басқа халықтар мен мемлекеттерді жаулап алып, өз ұлтының табанына салу.
Салыстырмалы түрде айтқанда ұзақ өмір сүруге, өз ықпалын кең таратып, адамзаттың едеуір бөлігін өз иіріміне тартуға бейімдік көрсеткен коммунистік тоталитарлық режим еді. Ол 1918 жылы Кеңестер Одағынан бастау алады. Коммунистік режимнен, әсіресе КСРО-дағы саяси жүйеден жоғарыда көрсеткен тоталитаризмнің белгілері өз көрінісін тапты. Коммунистік тоталитаризм бүкіл адамзаттың “жарқын болашағы” – коммунизмге жетуді мақсат етеді. Ол үшін ең құнды нәрсе – тап, пролетариат. Бүкіл әлем осы таптың көзқарасы арқылы бағаланады. Бүкіл дүние осы таптың мүддесіне қызмет етуі керек. Ол көптеген ізгілікті идеялар мен қоғамның төменгі қатпарларының арман-тілегін өз мақсатына ұқыпты пайдаланады. Коммунистік тоталитарлық режим әлі де бірнеше елде өз үстемдігін жүргізіп келеді.
Дегенмен, тоталитарлық режимнің, қандай бір түрі болмасын, ғұмыры қысқа екенін тарих дәлелдеп берді. Оның негізінде қате теориялық нұсқалар, жалпыадамзаттық ізгіліктерге қарсы келу жатыр. Ол – тұйықтықты қалайды, әлемдік объективті даму заңдылықтарына, адамгершілік нормалары мен қағидаттарына (принциптеріне) кереғар келеді. Ерте ме, кеш пе тоталитарлық жүйе дағдарысқа ұшырап, авторитаризмге немесе демократияға жол ұсынатыны анық.
Авторитаризм – бүгінгі әлемде көптеген елдердегі биліктің мәнін, басқарудың тәсіл-амалдарын анықтап отырған режим. Ол түптеп келгенде жеке адамның, немесе шағын топтың билеуші есебіндегі (патша, диктатор, әскери хунта, деспот, т.б.) шексіз құқығына, күш – айбарына табан тірейді. Бұл режим көбінесе ескі әлеуметтік-экономикалық құрылымы ыдырап, әртүрлі әлеуметтік топтар жіктеліп, қоғам-дәстүрлі қалыптасқан жағдайдан жаңа сапалық өзгеріске көше бастаған өтпелі кезеңдерде пайда болады.
Авторитарлық режимде тоталитаризммен де, демократиямен де жақындастыратын ортақ қасиеттер бар. Биліктің заңмен шектелмейтін диктаторлық сипаты оны тоталитаризмге бейімдесе, қоғамда мемлекет бақылауынан тысқары қоғамдық салалардың (экономика мен жеке бас тіршілігі) болуы – демократияға қарай тартады.
Авторитаризмге тән негізгі белгілер:
1. Билік тұтқасы бір адамның немесе ат төбеліндей шағын топтың қолында;
2. Билік шексіз және қоғамдағы азаматтар тарапынан ешқандай бақылауға алынбайды;
3. Билік күшке сүйенеді, ол күшті қолданып, қуғын-сүргін жасап, қырып-жоюға бармауы мүмкін, бірақ қажет болған жағдайда көпшілікті зорлап айдағынына жүргізе алады;
4. Билік – саяси оппозицияға, ашық саяси іс-әрекетке жол бермейді. Кейбір партиялар мен кәсіподақ және кейбір ұйымдардың болуы мүмкін, бірақ олар билік тұтқасының қатаң бақылауында және биліктің ыңғайына жығылып өмір сүреді;
5. Билік тұтқасы – қоғам үстінен біртұтас қатаң бақылау жасамайды. Ол негізінен саяси саланы уысында ұстайды. Ал қалған салаларға, әсіресе экономиакға еркіндік береді. Авторитаризм ең әуелі билеушінің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті, қорғанысты – басты назарда ұстайды;
6. Басқарушы топ жоғарыдан тағайындау арқылы қалыптастырылады;
7. Цензура біршама дәрежеде сақталады, “жартылай жариялық” қағидаты ұсталады;
8. Біртұтас идеология болмайды;
9. Адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары толық қамтамасыз етілмейді;
10. Билікпен қарым-қатынасқа түскендердің жеке қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді;
11. “Күштеу” құрылымдары қоғамның бақылауынан тәуелсіз және оларды таза саяси мақсаттарға да қолдана береді;
12. Көшбасының рөлі өте жоғары, алайда тоталитарлық режимдегідей харизматикалық емес;
Сөйтіп, қорытындылай келгенде, авторитаризм дегеніміз – саяси оппозицияның жолын кескен, бірақ саясаттан тысқары салаларда кісі мен қоғамның өзіндік тіршілігіне еркіндік беретін жеке адамның немесе шағын топтың шексіз билікке иелік етуі.
Авторитаризм, жоғарыда айтқпанымыздай, тарихта кең тарап қанат жайған режим. Осы заманғы Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің басым көпшілігі осы режимнің ықпалында.
Авторитаризмге - өтпелі қасиет тән. Оның тоталитаризмге біржола бет бұратын кездері де бар (мәселен, Кубадағы Фидель Кастро, Солтүстік Кореядағы Ким Чен Ир, Түркменстандағы С. Ниязов, Өзбекстандағы И.Каримовтың саяси режимдерін кейбір саясаттанушылар тоталитарлық деп атайды). Ал кейбір елдерде авторитарлық режимнің демократияға ұласуы да мүмкін (мәселен Чили, Аргентина, Тайланд және т.б. елдер).
Авторитарлық режимнің әлсіз жағы – саясаттың мемлекет басшысынан толық тәуелділігі, ал күшті жағы – бүкіл халықты кезекті күрделі істерге жұмылдыруға, мәселені тез шешуге қабілеттілігі.
Саяси режимдердің мән-мағынасын саралай келгенде бүгінгі біздің Қазақстанда қандай саяси режим билік құрып отыр деген сұрақтың тууы әбден заңды.
Біз таяуда ғана бодандықтың бұғауынан босадық, саяси тәуелсіздік алдық, тоталитаризмнің шеңгелінен шықтық. Саяси бостандықты, шынайы еркіндікті сезіне бастадық, ұлттық сана-сезіміміз өсіп, өшкен тарихымызды, жоғалтқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуға құлшына кірістік. Алайда ескі етегімізден әлі тартуда, өмірдің барлық салаларындағы дағдарыс тереңдей келіп шегіне жетті. Саяси жүйе тоталитарлық дәстүрлерден толық арыла қойған жоқ. Оппозиция - әліз. Демократияға бет бұрып, қадам бастық. Бірақ оны терең түсіне алмай даңғазаға, бей-берекеттікке айналдырған кезіміз де болды. Енді ғана ес жиып келеміз. Нарықтық қатынастарға енді ғана көшіп болғандай болдық. Саяси реформа жүргізілуде. Мұндай өтпелі кезеңдерде кейбір саясаттанушы ғалымдардың көзқарасы бойынша авторитарлық әдіс-амалдардың да қажеттігі - өмір талабы.
Бірқатар елдерде жартылай феодалдық – теократиялық режимдер сақталған, оларды шартты түрде екі топқа: “мұнайлық монархиялар” (Оман, Сауд Арабиясы, Кувейт, БАӘ және т.б.) мен аграрлық корольдіктер (Бутан және т.б.) болады. Бұл елдерде өткен заманның сарқыншақтары сақталып, абсолюттік монархия үстемдік құрады. Алайда бұл ол елдердің халықтарының өз қалаулары және ондағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы саясаттанушылар арасында сан-алуан пікірлер қалыптасқан.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет