Саясаттану пәнінен дәрістердің тезистері



бет12/16
Дата08.01.2023
өлшемі0,53 Mb.
#165131
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Саясаттану д рістері

Негізгі әдебиеттер:17 [4-25], 20 [12-14]
Қосымша әдебиеттер: 1 [48-76],10 ч.1 [203-223], 4 [136-167], 5 [104-119], 25 [50-80]
Бақылау сұрақтары
1.Саяси режим дегеніміз не?
2.Саяси режимдерді жіктеу типологиясын атаңыз?
3.Саяси режимдердің транцформациялануыі туралы айтыңыз?
9 Дәріс. Саяси партиялар, партиялық жүйелер.
Қоғамның саяси жүйесінің құрылымын қарастыру барысында көз жеткізгеніміздей, саяси партиялар саяси жүйенің билік жүргізуге тікелей қатысы бар құрамды бөлігі, негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Сондықтан да саяси партиялардың мән-мағынасын, басты міндеттерін және саяси билікті атқару механизміндегі орнын анықтаудың және олардың саяси қозғалыстармен байланысын, ара қатынасын ажырата білудің маңызы зор.
Партиялар бүгінгі таңда дамыған индустриялдық мемлекеттерде атқарып отырған рөлді әрдайым атқарып келді десек қателескен болар едік. Олар бүгінгі деңгейі мен қоғамдағы беделіне жету үшін ұзаққа созылған күрес пен тартыс-таласқа толы күрделі даму жолынан өтуге мәжбүр болды. Бұл даму жолын қалыптасу мен даму эволюциясы жолы деп атауға болады. Ежелгі грек қала – мемлекеттерінде олигархиялық және демократиялық “партиялар” , ежелгі Рим республикасында плебейлердің мүддесін қорғаған популярлар мен нобилитеттердің мүддесін қорғаған оптиматтар, ортағасырлық Италияда пополандар мен саудагер – колөнершілердің мүдесін қорғаушы гвельфтер және нобилдер яки феоалдардың мүддесін жақтаған гиббелиндер, ХҮІІ ғасырдың басындағы Нидерландиядағы арминиандар мен гомарилар, ХҮІІ ғасырдың ортасындағы ағылшын буржуазиялық революциясы тұсындағы просветриандар мен индепенденттер сияқты түрлі әлеуметтік яки діни топтар партиялық мүдделерді қорғауды іс жүзіне асырғандығы тарихтан белгілі.
Алайда бұл шын мәнінде беделді саяси көшбасылар мен мемлекеттік қайраткерлердің төңірегіне топтасқан шағын жақтастастар мен қолдаушылардың тобы болатын. Әрине оларда қандай да бір ұйымдасқан, құрылымдық жүйесі, қызмет атқарушы апппарты мен партияларға өзге де рәміздердің болуы туралы әңгіме қозғау дұрыс емес. ХІХ ғасырға дейін “партия”, “фракция”, “мүдде” тағы басқа да осы секілді терминдер өзара аламасып отыратын бір мағыналы сөздер ретінде қолданылып келген. Осы заманғы партияларды саяси процестерді жүзеге асырудың қажетті құралы ретіндегі түсініктің қалыптасуы кейіннен капиталистік институттар мен буржуазиялық саяси жүйелердің қалыптаса бастауының нәтижесінде жүзеге асты.
Партия деген сөз латын тілінде “бөлек”, “бөлшек” деген мағынаны білдіреді. Партия ұғымын анықтауда әлі күнге дейін тұрақты бір пікір қалыптаса қойған жоқ. Мәселен, Б. Констан партия негізінде бір идеологиялық доктринаға топтасқан адамдар тобын жатқызса, М. Дюверже мемлекет жүйесінде іс-әрекет жасайтын ұйымды – партия деп қарайды. Ал марксшілдер партияны белгілі бір таптың мүддесі үшін күресетін оның алдыңғы, саналы бөлігі деп есептейді. Әртүрлі пікірлерге тән ортақ ойларды ескере отырып, біздіңше, мына анықтамаға тоқтаған абзал.
Партия үкімет билігін белгілі бір әлеуметтік топтың мүддесін іске жолына пайдалануға ұмтылған адамдардың ерікті ұйымы. Мұнда партияның әлеуметтік саяси мәнін көрсететін үш факторға назар аударылған:

  • Белгілі бір әлеуметтік топтың мүддесін іске асыру;

  • Билік тұтқасын осы мақсатқа пайдалану;

  • Партия құрамына кіру мен шығу еркіндігін беру.

Кез келген партия нақты тарихи және саяси-әлеуметтік жағдайдың туындысы болып табылады, оның пайда болуы түрлі топтардың өз арасындағы қарым-қатынастардың сипатымен байланысты. Партия ұйымдасқаннан кейін өзінің қоғамдағы орнын, саяси мақсатын, іс-әрекет сипатын, құрылымдық тәртібін анықтайды. Олар партияның тұжырымдамасынан, бағдарламасы мен уставынан көрініс табады. Басқаша айтқанда, партия өзінің саяси принциптерін, ұйымдық құрылысын және практикалық іс-әрекетінің бағыт-бағдарын анықтауға негіз болатын идеологияға сүйенеді. Саяси партия әлеуметтік топты ұйымдастырады, оның іс-әрекетіне ұйымшылдық және мақсаттылық сипат береді, саяси белсенділігі мен сауаттылығын арттырады.
Бастапқыда партиялар саяси жүйенің маңызды элементі ретінде Европа елдерінде, сонан соң әлемнің басқа бөліктерінде қалыптасып, орнықты. Бұл елдердің көшбасында Ұлыбритания және АҚШ болды. АҚШ –та буржуазиялық саяси жүйені құрудың саяси – құқықтың негізін қалаған тәуелсіздік Декларациясы мен Конституцияда партиялар туралы, олардың қоғамдағы орны мен рөлі туралы ешқандай да мәселе қарастырылмаған. Ал американдық мемлекеттіліктің негізгі параметрлерін бекіткен “Федералдық” заңдар топтамасында партиялар туралы тіптен олардың кертарпа рөлі туралы сөз болады.
АҚШ – тың “негізін қалаған - әкейлердің” көпшілігі партияларды әрі барғанда қажетті қасірет деп қабылдады. Олар партияларды дау – жанжалдардың қайнар бұлағы, бастау көзі деп білді. Сол себепті де Н. Каннигем “Американың дамуының бір парадокстерінің бірі, партиялардың құрылып дамуы, саяси партияларға деген жаппай сенімсіздік пен күмәншілдіктің жағдайында жүргізілуі болды” деп, жазды. Бенжамин Франклин “партиялардың бітпейтін бір –біріне кірпияздықтарының олардың ішіндегі ең ұлағаттыларының өзін жүндей түтетіндігі” туралы қауіпті ескертумен болды. Джорж Вашингтон партиясыздық негізінде тұңғыш президент болып сайланды, және өзін партиялар мен саясаттан жоғары тұрмын деп санады. Өзінің әйгілі “Қоштасулық жолдауында ” ол “партиялық рухтың” қатерлілігі туралы жазды. АҚШ – ның мемлекет ретінде орнығып, дамудың тұрақты жолына түсу кезеңіндегі саяси қайреткерлердің көпшілігі республикалық басқару формасы шеңберінде партияларға мұқтаждықтың тіптен де қажеті жоқ деген көзқарасқа сенімдері кәміл болған. Бұған себеп, құрылған партиялардың қай қайсы да өздерін абсолютті дұрыс бағытта деп санап, өзге партияларды жоюды өздерінің басты мақсаты деп санады. Бір айта кететін жәйт АҚШ – та 1844 жылға дейін президенттік биліктен кеткен бір де бір партия билікті қайта жеңіп алған емес.
Ұлыбританиядағы партияаралық күрестің осы заманғы үрдісі сонау 1688 жылға «Даңқты революция» аталған тұстан бастау алады. Ол кездегі партиялық күрестің басты мұраты корольдің биліктегі өкілеттігін шектеу арқылы парламенттің өкілеттік құқықтарын күшейту болатын. Күрестің қалай аяқталғандығы баршаға мәлім. Ал Ұлыбританиядағы партиялық ұйымдар дамудың түрлі эволюциялық кезеңдерінен өтті. ХІХ ғасырдың өн бойында партиялардың қоғамдық өмірдегі рөлі мен орны туралы пікір талас бір сәтке толастаған жоқ, дегенмен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында саяси партиялар қоғамның саяси жүйесінің маңызды элементтерінің бірі болып орнықты деп айта аламыз. Мысалы 1861 жылғы Ұлыбританиядағы парламенттік сайлауда партиялар сайлауға мүлде қатыспаған болса, 1951 жылғы сайлауда биліктік құрылымдарға партиялардан тәуелсіз бір де бір үміткер сайлана алған жоқ.
Алғашқы құрылған партиялар қатарында ХІХ ғасырдың ортасында құрылған Германиядағы Прогрессивтік партия, Бельгияның либеральдық партиясы және т.б. атуаға болады. Олардың үлгісімен Англияда консерваторлар клубы құрылды т.т.
Жалпы феодлдық құрылыспен күрес барысында - либерализм және либералистік партиялар, оларға қарсы тұру үшін - консерваторлар партиясы, капиталистермен күрес барысында - жұмысшы партиялары, индустрияландырудың салдарларына нарызылық түрінде - аграрлық партиялар, секулярлық, антиклерикальдық қозғалыстарға қарсы күрес туымен - христиандық партиялар, капитализм мен социал – демократияға қарсы күрес үшін – коммунистік партиялар, демократияның барлық түрлері мен коммунизмге қарсы күрес барысында – фашистік партиялар құрылды.
Кешегі еліміз құрамында болған КСРО мемлекетінде алғашқы партиялық құрылымдар 1905 жылғы бірінші орыс революциясынан соң құрылы бастады. 1905 жылдың соңына таман “17 қазан одағы” (октябристер), Конституциялық – демократиялық партия (кадеттер), Бейбіт жаңару партиясы, Сауда - өнеркәсіптік партиясы, Құқықтық тәртіп партиясы т.б. құрылды. Осы процестердің ықпалымен Қазақстанда да 1907 жылы Әлихан Бөкейханов бастаған қайраткерлер Алаш партиясын құруға талпыныс жасады.
Саяси партиялардың атқаратын негізгі функциялары

  • Қоғамдағы ірі топтардың мақсат-мүдделерін анықтау, тұжырымдау, дәлелдеу.

  • Ірі қоғамдық топтарды ұйымдастыру, олардың белсенділігін арттыру.

  • Саяси идеологияны қалыптастыру.

  • Саяси жүйені, оның жалпы принциптері мен салаларын қалыптастыруға қатынасу.

  • Қоғамдық пікір қалыптастыру.

  • Мемлекеттік аппарат, кәсіподақтар, т.б. үшін кадр дайындау, оларды ұсыну.

Саяси партиялардың даму кезеңдерін зерттегенде Макс Вебердің талдауы негізге алынады:

  • Аристократиялық үйірмелер (котерийлер).

  • Саяси клубтар.

  • Бұқаралық партиялар.

Бұл үш кезеңді түгелімен өткен Ұлыбританияның либералдық (виги) және консерваторлық (тори) партиялары. Ал басқа партиялардың көпшілігі негізінен тікелей бұқаралық партиялар болып қалыптасты.
Аристократиялық үйірмелермен салыстырғанда саяси клубтар идеологиялық байланыстары тұрақты, құрылымы жағынан дамыған, қоғамдық ықпал шеңбері кеңірек.
Саяси партиялардың типтері:

  • Таптық белгілері бойынша жіктелген партиялар: а) осы қоғамдық-экономикалық формацияны негізгі таптардың бірінің мүддесін көздеуші партия; ә) негізгі емес бір таптың (шаруа табының) мүддесін қорғайтын партия; б) әлеуметтік топтардың (интеллигенция, армия, т.б.) мүддесін қорғайтын партия; в) әлеуметтік бейнесі белгісіз немесе жаңа қалыптасып келе жатқан партиялар, т.б.

  • Іс-әрекет жасау ортасына қарай жіктелген партиялар: а) саяси салада кімнің мүддесін көздесе, өз жұмысын сол әлеуметтік ортаның айналасымен шектейтін бір орталық партия; ә) өз ықпалын тек бір тапқа, топқа, т.б. тигізіп қана қоймай, жалпы қоғамға не халыққа тигізуге тырысқан жалпыға бірдей партия; б) өз іс-әрекетін ең алды бір ортаның ішінде жүргізуге арналған, бірақ басқа да әлеуметтік бірлестіктерге ықпал, көмек жасаудың жолын іздестірген арадағы партия.

  • Идеологиялық бағыты бойынша жіктелген партиялар: а) революциялық - қоғамдағы өмірді түбегейлі өзгертуге тырысқан партиялар; ә) реформистік – қоғамда маңызды өзгерістер жасамақ болған, бірақ оның негізгі құрылысын сақтағысы келетін партиялар; б) консервативтік – қазіргі өмірдің негізгі ерекшеліктерін тұрақты сақтауды қалайтын партиялар; в) реакциялық – қоғам дамуындағы өтіп кеткен дәуірлерге қайтып оралуды көксейтін партиялар.

  • Жұмыс істеу әдістері бойынша жіктелген партиялар: а) демократиялық; ә) авторитарлық; б) фашистік партиялар.

  • Ұйымдастыру қағидаттары мен мүшелігі бойынша жіктелген партиялар: а) тұрақты – еркін мүшелікті партиялар; ә) бұқаралық (көпшілік) ұйымдасқан, партия тәртібін сақтайтын, мүшелігі жарғымен бекітілген партиялар.

Қазіргі партиялар буржуазиялық, буржуазиялық-демократиялық, социал-демократиялық, коммунистік, Ұлт-азаттық, фашистік, т.б. болып та бөлінеді.
Буржуазиялық партиялар негізінен өндірістік (әскери өндірістік кешен), қаржылық, сауда, т.с. ірі буржуазияның мүддесін қорғайды.
Буржуазиялық-демократиялық партиялар:

  • Қоғамда өкімет үшін ашық күрес жүргізеді;

  • өкімет жалпы сайлау арқылы қалыптасады;

  • парламентке көпшілік дауыс алған партия өкіметті билейді;

  • басқарушы партияға қарсы оппозиция болады.

Социал-демократиялық партиялардың мақсаты:

  • ішкі саясатта: парламенттік демократия, көппартиялық, құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам орнату, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау;

  • әлеуметтік-экономикалық салада – нарықтық экономика, меншік теңдігі және сан алуандылығы, жеке кәсіпкершілік бостандығы, мемлекеттің экономикалық үрдістерге аз араласуы, еңбекшілерді әлеуметтік қорғау, тәуелсіз кәсіпорындар;

  • сыртқы саясатта: мемлекеттің егемендігін қамтамасыз ету, әскери одақтарды тарату, қарусыздандыру, басқа мемлекеттермен қарым-қатынас жасау.

Коммунистік партиялар, олардың принциптері:

  • социалистік революция – социализмге өтудің негізгі жолы;

  • социализмнің экономикалық негізі – қоғамдық меншік;

  • коммунистік партия – қоғамның басқарушы және бағыттаушы күші;

  • маркстік идеология.

Фашистік партиялар – гитлерлік Германияда, Италияда пайда болды. Партия мен мемлекет төменнен жоғарыға дейін көсемге бағыну негізінде ұйымдастырылды.
Ұлт-азаттық партиялары Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінде империализмге қарсы күрес мақсатында пайда болды. Олар ең алдымен, өз елдерінің саяси және экономикалық тәуелсіздігі, әлеуметтік прогресс үшін күрес жүргізуде.
Партиялық жүйелер – дегеніміз саяси билікті жеңіп алу, ұстап қалу және іске асыру мақсатымен құрылған партиялардың одағы. Партиялық жүйелер көппартиялық, екіпартиялық, бірпартиялық болып бөлінеді
Көппартиялық деп мемлекеттік билік үшін күрес барысында бірнеше саяси партиялардың әір түрлі мүдделер мен пікір алалығын қоғамның одан әрі алға басуына пайдаланатын қоғамдық басқару түрін айтады.
Екіпартиялық жүйеде – басқа да кішігірім партиялар қатысқанымен өкімет үшін күрес екі партияның арасында болады.
Бірпартиялық жүйеде – билеуші партиядан басқа партия болмайды.
Қашанда сайлау жақындаған сайын саяси партиялар мен саяси қозғалыстардың белсендiлiгi күн санап арта түседi, - бұл саяси өмiрдiң бұлжымас қағидасы. Өзiнiң тарихын сонау көне грек дәуiрiнен бастаған саяси партиялардың iс - әрекеттерi мен күрес үрдiстерi ғылымда аз зертелiнбеген. Талайлар осы тақырыпқа қалам тартып, тер төккендiгiне кiтапханалардың төрiнен орын алған том – томдаған, бүгiнде шаң басқан iргелi зерттеулер куә. Алғаш бұқаралық партия болып ағылшындардың бүгiнде әлемге белгiлi либералдық партиясы сонау 1861 құрылған болатын. Содан берi талай-талай су ағып, заман ауысты демекшi, мына дүниеге сан-алуан партиялар келiп, кеттi. Олардың бiрi қайталанбас өзiндiк дүниетанымымен, алға қойған мақсатымен ерекшеленсе, ендi бiрi әлемге әкелген қанды қасiретiмен тарихта iз қалдырды. Ал кейбiреулерi қалай келген болса солай тарих қойнауына жым-жылыс сiңiп iзсiз-түзсiз жоқ болды. Осынау талайды таң қалдырып, талайды баурап алған партиялық қозғалыс қазақ даласында да өз iзiн қалдырды. Кешегi ХХ ғасырдың басында қияндағы майдан өтiнен Әлихан Бөкейхановтың қазаққа партия керек деп жазуы тегiн болмаса керек. Елiмiз партияға кенде болып көрген емес. ХХ ғасырдағы Қазақстандағы партиялардың iс-әрекетi, күресi мен қызметi, толайым тағдыры үлкен iргелi зертеулердi қажет ететiн ұзын-сонар әңгiме, бiздiң айтпағымыз бүгiнгi кезең.
Елiмiз егемендiк алған 1991 жылдан бергi кезеңде Қазақстан партиялық құрылыстың үлкен мектебiн бастан кешiрдi десекте болғандай. 2002 жылдың 15 шiлдесiнде қабылданған «Саяси партиялар туралы» заң күшiне енгенге дейiн елiмiзде ұзын-саны жиырмаға таяу, нақтырақ айтсақ он тоғыз саяси партия тiркеуден өткен екен. Әдiлет министрлiгiнiң деректерiне қарағанда егемендi Қазақстанның алғашқы ресми тiркелген саяси партиясы «Социалистiк партия» болып, ол 1991 жылы 21-шi қарашада тiркеуден өткен екен. Бүгiнде бұл партиядан жұрнақ та қалмаған. 1995 жылы тiркеуден «Өркендеу», «Халық Конгресi» партиялары өтедi. 1996-1997 жылдары «Еңбек» , «Коммунистiк» партиялары тiркелсе, ғасырлар тоғысындағы сайлаулар қарсаңы мен барысында Қазақстан сан-алуан партиялардың құрылуының куәсi болды. Олар қатарында 1998 жылы тiркелген «Азаматтық» партиясы , 1999 жылғы «Аграрлық», «Республикалық Халықтық», «Әдiлет», «Отан», «Азамат», «Алаш» партиялары , 2000 жылғы «Демократиялық әйелдер», «Ауыл», «Патриоттар», «Коперативтiк» партиялары , 2001 жылғы «Қазақ елi» партиясы, 2002 жылғы «АҚ ЖОЛ», Қазақстанның «орыстар» партиялары болды. Жоғарыда аталған заң қабылданғаннан соң бұл партиялар қайта тiркеуден өтуi шарт болатын.
«АҚ ЖОЛ » демократиялық партиясы». 2002 жылдың 16 наурызында құрылған. 2002 жылдың 3 сәуiрi алғашқы тiркелуi. 2002 жылдың 12 желтоқсанында қайта тiркелген. 100 000 мүшемiз бар деп мәлiмдейдi. 2004 жылғы сайлау науқанынан соң, партияның елдегі қалыптасқан жағдай туралы көзқарасы мен болашаққа арналған тұжырымдамасын айқындау барысында партия басшылығы арасында пікір қайшылығы туындады. Көп ұзамай партия басшылығындағы түрлі топтардың саяси іс-әрекеттерінің нәтижесінде партия іс жүзінде екіге бөлінді. «Отан» партиясы- 2003 жылы 10 қаңтарда қайта тiркелген. Партия төрағасы Н.Ә.Назарбаев.
«Қазақстанның Коммунистiк партиясы» - 2003 жылы 20 наурызда қайта тiркелген, 54240 –тан астам мүшесi бар, төрағасы С.Әбдiлдин. Коммунистер де өзара пікір қайшылығынан құтыла алмады. Партия басшылығының бағдарламалық ұстанымдары мен тактикалық және стратегиялық іс-әрекеттерін мойындамайтын Косарев бастаған топ “Қазақстанның халықтық коммунистік партиясын” құрып ҚКП –дан іргесін бөліп алды;
«Қазақстанның патриоттар партиясы» - 2003 жылдың 21 наурызда қайта тiркелген, 51188 мүшесi бар, төрағасы Ғани Қасымов;
«Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы- 2003 жылдың 2 сәуiрiнде қайта тiркелген, 61000 астам мүшесi бар. Төрағасы Ғани Қалиев.
«Руханият» партиясы Қазақстанның өркендеу партиясының негiзiнде құрылған. 2003 жылдың қазанында тiркелеген. Партия жетекшiсi Алтыншаш Жағанова.
Партиялардың басты да маңызды мiндетi азаматтық қоғам мен мемлекеттiң арасындағы байланысты баянды етуге күш салу, қоғамдағы түрлi таптар мен топтардың мұң-мұқтаждары мен мақсат- мұраттарын жарыққа шығаруға саяси, бейбiт жолмен талпыныс жасау. Қазақстанда көппартиялық жүйенiң қалыптасуы өзiнiң бастапқы балаң кезеңiн бастан кешiруде, саяси күштердiң ара жiгiнiң ажырауы туралы айтуға әлi ертерек. Әзiрге көпшiлiк саясаттанушылардың пiкiрi бойынша саяси қозғалыстар мен саяси партиялардың арасын ажырататын меженi көрсету қиын. Олардың стратегиялық мүдделерi көп жағдайда бiр-бiрiне сай келiп, тек тактикалық iс-әркеттерiнде ғана кейбiр өзгешiлiктер байқалады. Партиялардың басым көпшiлiгi өздерiнiң идеологиялық тұжырымдамаларын жасауда кәдiмгiдей қиыншылықтарды бастан кешiруде, олар бұл салада бiр-бiрiн қайталау мен бiр қатарда, айырмашылықтары сапалықтан гөрi сандық сипат алуда. Осы орайда Медеу ауданаралық экономикалық сотының шешімімен қызметі тоқтатылған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” партиясын айта кеткен орынды секілді. Өздерінің іс-әрекеттерінде саяси тәжірибесінің аздығы, құқықтық біліктіліктерінің кемшін түсіп жатуынан бағдарламалық ұстанымдарында бұл партияның өкілдері республиканың заңдарына қайшы келетін идеяларға орын берген. Нәтижеде сот шешімі бойынша партияның қызметіне тиым салынды. Партиялардың әлсiздiгiнiң басты себептерiнiң бiрi де, бiрегейi де қоғаммен байланыстың жетiлген жүйесiнiң жоқтығында. Бұл қоғамда жүрiп жатқан әлеуметтiк жiктелудiң аяқталмағандығының және әлеуметтiк топтардың өзiнiң мүдделерiн әлi де болса жеткiлiктi түрде танып бiлмегендiгiнiң бiр көрiнiсi. Қалай болғанда да елiмiздегi саяси көппартиялықтың қалыптаса бастауы ол қоғамда атқарылып жатқан реформалардың нәтижесi болуымен бiр қатарда, елiмiзде демократиялық үрдiстер мен азаматтық қоғамның дамуының көрiнiсi болып табылады.
Демократияның басты қағидаты (принципі) сайлау болып табылады. Сайлау арқылы ресми биліктің түрлі органдары – парламенттер, мемлекет басшылары, кейде үкіметтер, сот мекемелері, жергілікті басқару мекемелері анықталады. Сондай-ақ сайлау барысында саяси элита сарапталып, құралады, көшбасылар, мемлекеттік және жергілікті деңгейдегі саяси қайраткерлер тәрбиеленіп шығады.
“Сайлау” термині арқылы дауыс беру нәтижесінде мемлекеттік мекеменің қалыптасу желісін (процедурасын) яки белгілі бір лауазымды тұлғаның өкілеттілікпен қамтамасыз етілуін, оның мандатына бір немесе бірнеше үміткердің тартысу құқығы барлығын білдіреміз
Сайлаудың әртүрлі жіктелуін келтіруге болады:
1. тікелей;
2. жанама;
3. бүкілхалықтық (жалпы);
4. бөлшектік;
5. кезекті;
6. кезектен тыс.
Сайлау үрдісі дегенде мемлекеттік және жергілікті мекемелерге сайлау өткізуге индивидтерді, ұйымдарды және топтарды заңдар және әлеуметтік ережелер шеңберінде реттелініп қатыстырылуын түсінеміз. Сайлау үрдісі сайлау құқығының бірқатар қағидаттары (принциптері) негізінде құралып, шын мәніндегі бүкілхалықтық ерікті анықтау болып табылады
Сайлау құқығының негізгі қағидаттарына мыналар жатады:
а) Жалпыға бірдей сайлау құқығы – сайлау құқығы барша кәмілетке толғандар мен ақыл-есі сау адамдардың сайлауға ерікті дегенді білдіреді.
ә) Белсенді сайлау құқығы – сайланбалы мемлекеттік мекемелерге сайлау мен кері шақыруға шешуіші дауыс беру құқығымен қатысу құқығы.
б) Тұйық (пассивтік) сайлау құқығы – мемлекеттік сайланбалы мекемеге өкілетті тұлға ретінде сайлану құқығы.
Сайлаудың негізгі функцияларына жатады:
1. Қызмет етуші өкілетті жүйені қалыптастыру. Билік мекемелеріне сайлау, бұл мекемелерге азаматтардың өкілдерін енгізіп, олардың қызметін бақылауға мүмкіндік береді.
2. Сайлаулар түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескерудің айрықша механизмі болып табылады.
3. Сайлаулар шын мәнінде саяси базар болып, үміткерлер өздерінің беделі мен сайлау алдылық бағдарламаларына сайлаушылардың қолындағы сенім мен өкілеттілікті айырбастап алады.
Сайлаулар осылайша қоғамның саяси дамуының механизмі болып табылады.
Демократиялық жолмен ұйымдасқан қоғамның басты ажырағысыз құрамдас бөлігі ретінде сайлау жүйелері ерекше мәнге ие болады.
Сайлау жүйесі азаматтардың өздерінің өкілдерін заң шығарушы органдағы орынға сайлаудың әдістері мен тәсілдерін анықтайды. Бұл тәртіп белгілі бір топтан яки округтан бір немесе бірнеше өкілдің сайланатынын және олардың қандай негіз бойынша сайланатынын анықтайды. Сонымен бірге заң бойынша дауыс берудің құрылымы анықталуы тиіс: мәселен азаматтар бір тұлғаға яки партияға дауыс береді ме , жоқ әлде бір мезгілде бірнеше тұлға мен партияларға дауыс бере алады ма; сондай-ақ сайлау тобының көлемі қандай болуы керек (ауданның яки облыстың).
Сайлау жүйелері демократиялық үрдістің аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Таңдап алынған жүйе сайлаудың қорытындыларына өте маңызды ықпал етеді; сондай-ақ бұл қорытындыға күреске саяси партиялардың қатысу яки қатыстырылмауы да ерекше ықпал етеді. Саяси партиялардың өз өкілдерін сайлау үшін, азаматтардың қолдауының минимум дауыс беру белісінен өтуі секілді тәртіп негізінде сайлау үрдісіне қатынасуы, түптің түбінде қоғамда демократиялық жүйенің қалаптасуына елеулі үлес қосады. Сайлау жүйелері сайлау үрдісін тиянақты да келісімді деңгейде өткізуге, яки сайлау үрдісін бұзып, бір мемлекетті ғана емес бүкіл әлемді аласапыран ахуалға жеткізуге қабілетті.
Сонымен бірқатарда барлық елдердің бір-бірінен елеулі айырмашылығы барлығында атап өту керек; сол секілді сайлау жүйелеріде нақты қалыптасқан ахуалға байланысты сан-алуан болып келеді. Бегенмен белгілібір жағдайда көппартиялықтың қалыптасып, қоғамда пікір алуандылығы мен сөз бостандығын орнатып, демократияның кең қанат жаюына алып келген сайлау жүйесінің, енді бір елдерде қалыптасқан саяси институттардың күйреуіне әкеліп соғып, елді үлкен ауырытпалықтаға душар етуі де мүмкін.. сонымен бірге бірде бір сайлау жүйесі нақты нәтижеге кепілдік бермейді. Сайлау жүйесін өз мүддесіне пайдалануға тырысқан саяси партиялар көп жағдайда сан соғып қалып жататындығы да бар. Дегенмен сайлау жүйелері белгілі бір болжамдық нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігіде даусыз.
Сайлау жүйелерінің типтері:

  • Қатысты көпшіліктің мажоритарлық жүйесі;

  • Аралас жүйе;

  • Тепе-теңдік (пропорционалдық) жүйе.

Бұл жүйелер өз кезегінде іштей бірнеше тармақтарға бөлініп кетеді.
Қатысты көпшіліктің мажоритарлық жүйесі (Р-М) бойынша бір
мандатты округтар құрылып, әрбір сайлау тобы бір өкілді ғана сайлай алады. Бұл жүйе Қазақстанда сайлау туралы 1999 жылғы заңға дейін қолданып келген. Бұл жүйенің төрт типі белгілі:

  • Қарапайым көпшілік дауыс жүйесі (ҒТРТ);

  • Дауыс берудің блоктық жүйесі (ВҮ);

  • Альтернативті дауыс беру жүйесі (АҮ);

  • Екі турдан тұратын жүйе (TR).

Мажоритарлық жүйеден (Р-М) өзге сайлау жүйесінің келесі түрін Аралас жүйе (SP) деп атайды, бұл жүйе екі типке бөлінеді:

  1. Кандидатты жарияламай дауыс беру жүйесі (SNTY);

  2. Көлбеулік (Параллельдік) жүйе.

(SNTY) жүйесі партиялық тізім бойынша сайлауға негізделген.
Көлбеулік (Параллельдік) жүйе бойынша сайлауда бір мандатты окрук бойынша және партиялық тізім бойынша бір жеңімпаздың жеңіске жетуі назарда тұтылған.
Тепе-теңдік өкілділік (Пропорциональдық) (PR) жүйесі сайлау жүйесінің үшінші соңы түрі болып табылады. Бұл жүйе бойынша жалпы халықтық дауыстың партиялық үлесін заң шығарушы органдағы орынды әділетті түрде бөлуге қолданылады.
жүйе?
Қазіргі заманда мажоритарлық жүйемен бірге пропорционалдық жүйелердің де әртүрлі модульдері қолданылып келуде. Көптеген елдерде олардың кемшіліктерін жоққа шығару мақсатында , осынау екі жүйенің жетістіктерін толық пайдалануға тырысып, мажоритарлық пен пропорцинальдық жүйелердің қосындысынан немесе үйлестірілуінен пайда болған аралас сайлау жүйелерін қолданып келуде. Соңғы онжылдықтар барысында кейбір ұйымдар (БҰҰ, “жасылдар” партиялары) сайлаудың мәмілегершілік (консенсустық) жүйесін қолдануда. Ол жүйенің басты артықшылығы негізі бағыты тиімділікті назарда ұстайды
Сайлау науқаны – бұл заңмен бекітілген мерзім болып, осы мерзім уақытында саяси партиялар мен ұйымдар, сондай-ақ сайлаудың өткізілуіне жауапты мемлекеттік ұйымдар, оны заңдар мен заңдық күші бар ережелік актілер шеңберінде сайлауды ұйыдастырады, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
Саяси науқанның жемісті болуы бірқатар жағдайларға байланысты:
1. саяси науқан жүзеге асыру барысында елде қалыптасқан экономикалық ахуал;
2. науқанның бағдарламасы үйлесімді көрініс тапқан рәміздер арқылы көпшіліктің көңіл-күйіні жол тауып, олардың эмоциялық серпілісіне әсер ету;
3. жұрт мойындаған көшбасының болуы, оның бейнесі қозғалыстың, науқанның тірі рәмізіне айналады;
Демократиялық қоғамда сайлау науқанының маңызды көрсеткіші ретінде сайлаудың өзі саналады.
Сайлау науқанын өткізетін арнайы әдіс-тәсілдердің (техниканың) жиынтығын сайлау инженериясы деп атайды, және ол мынандай маңызды жағдайларды өз құрамына алады:
а) бұл әдіс-тәсілдер жүзеге асырылп жатқан уақыттағы елдің көңіл күйі мен саяси жағдайларға белгілі бір дәрежеде тәуелді болады;
ә) осы қоғамдағы немесе әлеуметтік топтағы үстемдік етуші саяси мәдениет сайлауға қат-ысушылардың саяси бағдарына әсер етеді;
б) сайланбалы мекемеге сайланушы үміткердің жеке тұлғалық келбетінің рөлі де айрықша мәнге ие, оның өзінің мақсат еткен іс-әрекеттерін көпшілікке түсінікті етіп жеткізе алуы да сайлаушылардың қызығушылығын немесе жиіркенішін тудыруы мүмкін;
в) дауыс берудің нәтижесіне үміткердің жеке басына деген көзқарас қана емес, оны қолдайтын саяси күшке деген көзқараста елеулі түрде ықпал етеді.
2004 жылы заманауи демократиялық талаптарға сай ашық та әділ сайлау өткізу мақсатында ҚР сайлау туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сайлау туралы заңға енгізілген бірқатар жаңалықтар ендігі жерде елдің қоғамдық өмірінде саяси партиялардың алатын орны мен демократиялық үрдістерге тигізер ықпалын арттыра түсуге бағытталған болатын. Жаңарған заңға сәйкес біздің елімізде баламасыз сайлаулар өткізу мүмкін емес. Сондай-ақ заңдағы жаңалықтарға сайлау комиссияларын ұйымдастыру принциптерін айтуға болады. Ендігі жерде сайлау комиссияларын атқарушы мекемелер емес, саяси партиялардың ұсынуымен маслихаттар жасақтайды. Сенімді өкілдер мен бақылаушылардың өкілеттігі де елеулі түрде кеңейтілген. Қазақстан Республикасының сайлау заңы осы өзгерістердің нәтижесінде жалпы мойындалған халықаралық өлшемдерге сәйкестендірілді.
2004 жылы 19 қыркүйекте өткізілген ҚР Мәжілісіне өткізілген сайлауда 7% -дық белестен үш саяси партия және бір сайлау блогы өте алды: республикалық саяси партия «Отан» - 60,62%; Қазақстанның демократиялық партиясы «Ақ жол» - 12,04; республикалық «Асар» партиясы – 11,38; сайлау блогы «Аист» - 7,07. осылайша ҚР Конституциялық «ҚР сайлау туралы» заңына сәйкес РСП «Отан» 7 депутаттық мандатқа, «Ақ жол» - 1, «Асар» - 1, сайлау блогы «Аист» - 1 депутаттық мандатқа ие болды.
2005 жылдың 4 желтоқсанында Қазақстан Президентінің сайлауында 6 миллион 100 мың 694 дауысқа ие болған Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске ие болды. Өзге кандидаттардың қол жеткізген ниәтижелері төмендегідей: Әлихан Байменов – 110 мың 462 дауыс; Мәлс Елеусізов – 21 мың 674 дауыс; Жармахан Тұяқбай – 445 мың 47 дауысқа қол жеткізді.
Қорыта айтқанда тарихи қалыптасқан әлеуметтік-мәдени ортаның мазмұны мен біртектілігі, сайлау жүйесі инфрақұрылымының саяси саналылығы түрлі тәсілдермен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуге әрекет болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет