Негізгі әдебиеттер: 17[ 433,494,519 бб.]
Қосымша әдебиеттер: 1 [7-15 бб], 13 ч.1[16-36], [79-101], 4[5-20], 7 [5-19], 8[11-23]
Бақылау сұрақтары 1. Ежелгі Қытайдағы саяси ойдың даму бағыттарын атаңыз
2 Ежелгі Үндістандағы саяси ойдың даму ерекшеліктерін атаңыз.
3. Антикалық Грекиядағы саяси ойдың ерекшеліктері қандай болды?
4. Ежелгі Римнің саяси ойы туралы баяндаңыз?
5. Орта ғасырлардағы Европадағы саяси ой?
6. Орта ғасырлардағы мұсылмандық шығыстың саяси ойының дамуы?
7. Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси ой?
8. Жаңа замандағы саяси ойдың өркендеуі?
3 дәріс. Саясат қоғамдық құбылыс ретінде.
Қоғамтану ғылымында ертеден, сонау Макиавелли заманынан келе жатқан қағида бойынша, саясат – өзіне тән заңдылықтары мен қағидаттары бар, адамзат өмірінің бір саласы болып табылады.
Қазіргі заманғы қоғамда саясаттан тәуелсіз үрдісті немесе құбылысты табу өте қиын. Саясат біздің өмірімізді шар тараптан баурап алып, оның ажырағысыз құрамдас бір бөлігіне айналып отыр. Қоғам тұтасымен , сондай-ақ оның құрамдас бөлігі ретінде жеке адам да саясаттың арыны күшті ағынында, оның ықпалымен немесе оған ықпал ете отырып, бірге ағып келе жатыр.
Ғылыми айналымға “политика - саясат” терминін көне заманғы грек философы Аристотель (б.з.д. 384-322 жж.) енгізген болатын. Оның түсіндіруі бойынша саясат дегеніміз – бұл “ортақ игілік” пен “бақытты өмірге” жетудің өркениетті формасы. Мұндай форма ретінде ол антикалық полисті (қала-мемлекетті) қарастырады.
Жалпы “саясат” сөзінің түп төркіні ретінде көне гректің жоғарыда аталған “polis” яғни “қала-мемлекет” сөзімен бір қатарда, “polites” (азамат), “politea” (конституция), “politicos” (мемлекеттік қайраткер) деген сөздері аталады. “Саясат” сөзінің мәні мен мазмұны, бұлардың барлығында да мемлекет пен оны құрайтын азаматтардың қауымдастығына, мемлекетті басқару өнеріне байланысты ашылады.
Дәстүрлі түсінік бойынша саясат дегенде, ең әуелі көз алдымызға мемлекеттік және қоғамдық істер, адамдардың, әлеуметтік топтар және таптардың, халықтар мен мемлекеттердің билікке қатысты өзара қарым-қатынастары келеді.
Бүгінгі таңда саясат туралы негізінен төрт түрлі тұжырым кең тараған:
Саясат - бұл үстемдік және бағыныштылық, дау-жанжал және таптар күресі, топтар мен адамдар (ішкі саясат) және мемлекеттер (сыртқы саясат) арасындағы қатынастар;
Саясат – бұл үстемдік, билік, сондықтан да, ол мемлекет (К.Шмитт, Ж.Френд); саясат – билік, зорлық (Платон); саясат – бұл қызмет (Аристотель);
Саясатты оның атқаратын қызметі арқылы түсіндіру: басқару, тәртіпті қамтамасыз ету, соғыс жүргізу және т.б.;
Саясатты оның көздеген мақсаттары арқылы түсіндіру. Бұл тұжырым саясатты күрделі, көп қырлы құбылыс ретінде қарастырады.
Саясат дегеніміз ең әуелі үлкен әлеуметтік топтар – таптар, ұлттар, әлеуметтік қабаттар және топтардың арасындағы қатынастарды реттеуге қатысты қызмет саласы болып табылады. Саясаттың бұл ерекшелігі оның жеке тұлғалардың іс-әрекетіне тәуелді болатындығын тіптен де жоқ шығармайды.
Саясаттың мәні, адамдар қауымының іс-әрекетіне ерік-жігер және т.б. тәсілдер арқылы әсер етіп, ортақ мүдделер мен мұқтаждықтарды қанағаттандыру үшін, олардың еркі мен жігерін саналы бағыттауға мүмкіндік беретін биліктік сипатынан көрінеді.
Саясат – дамудың белгілі бір кезеңінде жеке адамдардың арасындағы қатынастарды қалыптасқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың көмегімен реттеудің мүмкіншілігі шектелген кезде, қоғамның тұтастығын сақтау үшін, жекелеген басбұзарларды әлеуметтің айыптаулары, көпшіліктің қарғаулары арқылы жөнге салудың мүмкін еместігі анықталғанда, оларды қатаң жазалар қолдану арқылы тәрбиелейтін айрықша құрылымдарға қажеттік туындағанда, пайда болатын әлеуметтік өмірді реттеудің ерекше бір түрі болып табылады.
Саясаттың табиғатын сан қырлы, сонымен бірге жүйелі қоғамдық құбылыс ретінде қарастыру барысында алуан түрлі, кейде тіпті бір – біріне мүлде кереғар: теологиялық, натуралистік, сыншыл - рационалдық және әлеуметтік және т.б. түсініктер қалыптасқан.
Теологиялық танымның түп-төркінінде саясатты түсіндіруге бастау етіп алынатын абсолюттік ақиқат немесе ұстаным ретінде жаратушының жасампаздығы, ұлы құдіретті күштің кез келген саяси құбылысқа қатыстылығы деген қағидаттың (принциптің) алынатындығы жатыр.
Ал натуралистік бағыттың өкілдері саясаттың табиғатын әлеуметтік фактордан бөлек қарастырып, оның негізінде қоршаған табиғи ортаның ықпалы мен адамның физиологиялық ерекшелігі жатыр деп түсіндіреді. Сол себепті де саясаттың табиғатын түсіндіруде натуралистік бағыттың өкілдері теориялық тұрғыда геосаясат, биосаясат және психотанымдық саясат бағыттарына жіктеледі.
Саясаттың табиғатын түсіндіруде саясатқа географиялық ортаның ықпалын басты фактор ретінде қарастыратын бағыттың негізін қалаушы ретінде француз ғалымы Ж.Боден айтылады. Алайда, қоршаған ортаның саясатқа ықпалы туралы антикалық дәуірдің ойшылдары Платон, Аристотель және т.б. өз ойларын білдіргендігі белгілі. Ж. Боденнің идеяларын онан әрі дамытқан зерттеушілер ретінде Ш.Монтескье, Г.Маккиндерлерді айтамыз. Қазіргі заманда географиялық, кеңістіктік-территориялық факторлар (өзен коммуникациялары, теңізге шығу мүмкіндігі, климат, халық билігінің ахуалы, пайдалы қазбалары және т.б,) кез – келген мемлекеттің саяси бағытын айқындаудағы стратегиясының ажырағысыз құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.
Биологиялық бағыттың өкілдері саяси өмірді, адамдардың табиғи генетикалық тума қасиеттерінен туындайтын ерекшеліктері мен сапасына байланыстырып түсіндіреді. Биосаясаткерлердің түсіндіруі бойынша саясат пен биология өмірдің құрамдас бөліктері ретінде бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Саяси салада биологиялық факторлардың маңызды екенділігі ерте замандардың өзінде мойындаған болса да, ол ғылымның зерттеу объектісі ретінде орта ғасырларда қарастырыла басталды. Оны мұқият қарастырған ғалымдар қатарында Ч. Ламброзо, Н.Макиавелли, Т.Гоббс, Дж. Локкты және де осы заманғы көптеген ғалымдарды айтуға болады.
Биосаясаткерлер маңызды фактор ретінде: адамдардың жынысын, ден-саулығын және табиғи қабілеттілігін, оның ширақтылығы мен күйзелістік ахуалдағы физиологиялық индикаторларын қарастырады.
Жалпы адами заңдылықтарға арқа сүйейтін, өмірді әлеуметтік-саяси реттеуші және қалыптастырушы механизм ретінде, биосаясат ғылыми қалыптасудың бастапқы кезеңін бастан кешіруде. Психотанымдық бағыттың саясаттану ғылымындағы жай-күйі де осындай қалде деген болар едік.
Натуралистік теорияларға балама ретінде сан-алуан теориялардың шоғырын бірлестіріп, қамтыған әлеуметтік тұғырнаманың да (концепцияның) саясаттың табиғатын түсіндіруде өзіндік ерекшеліктері мен құнды ұстанымдары бар. Мысалы осы салаға енетін марксизм теориясы өкілдері саясаттың негізінде экономикалық мүдделер жатады десе, дәстүрлік, батыстық консерватизм өкілдері құқықтық қатынастар жатады дейді. Ал, М. Вебер саясаттың негізіне дін мен мәдениетті қояды.
Алайда көптеген зерттеушілер саясаттың табиғатын ашуға сыншыл - рационалдық бағыт қана нақты жауап бере алады деп санайды. Бұл бағыттың мәні саясаттың табиғатын ашуда оған әсер ететін сыртқы факторларға емес, оның ішкі себептері мен ерекшеліктеріне назар аударуды талап ету болып табылады. Бұл бағыт шеңберінде де саясаттың табиғатын ашатын сан-алуан теориялар өмірге келген, олар қатарында: саясаттың пайда болуы мен дамуының конфликт және консенсус секілді ішкі бастауларына арқа сүйейтін элитарлық, жүйелік, құндылықтар теорияларын атауға болады. Дау-жанжалдар (Конфликтологиялық) теориясының жақтаушылары (К.Маркс, Р.Дарендрофф және т.б.) қоғам өмірінің түпкі мәні мен маңызы дау-жанжалдардан (конфликттерден) көрінеді дейді. Осыдан келіп олар саясаттың табиғатын түсіндіруде дау-жанжалдарға басымдық береді.
Сонымен бірге саясатты тек қана белгілі бір идеялар мен доктриналарға байланысты қарастыратын болсақ, қателескен болар едік. Үйткені саясат әлеуметтік-тарихи практиканың ерекше бір түрі болып, өзіндік объективтік логикадан тұрады. Сондықтан да саясат саласындағы байланыстар мен қарым-қатынастардың объективтік жағын тануды, оның субъективтік жағынан бөліп алып қарастыру дұрыс болмаған болар еді.
Саясат алуан қырлы құбылыс. Ол субъективті, сонымен бірге объективті де, ол жігер және ақыл түрінде де, іс-әрекеттің жобасы және іс-әрекеттің нақты түрі ретінде де, адамдар арасындағы қатынастардың көріністері мен оларды саяси билік пен басқарудың құрылымы түрінде объективтендіру арқылы да көрінуі мүмкін.
Саясат түсінігі өзара тығыз байланысты құбылыстар мен үрдістердің күрделі жүйесін қамтиды. Бұлар:
А) әлеуметтік топтар мен олардың мүддесін жүзеге асыратын мекемелердің, өздерінің немесе бүкіл қоғамның мүддесін қорғау үшін қоғамдық өмірді басқарудағы ұйымдасқан қызметі;
Б) мемлекеттік билікті жеңіп алу, ұстап тұру және оны өз мақсаттарына пайдалануға байланысты әлеуметтік топтар мен адамдар қауымдастықтары арасындағы қоғамдық қатынастар;
В) саяси қызмет пен қатынастардың ажырамастай құрамдас бөлігі болып табылатын саяси сана және саяси мәдениет;
Г) саяси көзқарастардың, мақсаттар мен мүдделердің жарыққа шығып, саяси биліктің жүзеге асуын қамтамасыз ететін саяси ұйымдар мен саяси ережелердің жиынтығы.
Саясатты ғылыми талдау, осы мәселенінің мазмұнын ашу үшін кемінде үш түрлі өлшемді өз ішіне алуы шарт:
Институциональдық өлшем – институттар жиынтығы, билік жүргізу және басқарудың әрекет ететін, биліктік қатынастардың рәсімделетін және қызмет ететін кеңістігі ретінде;
Нормативтік өлшем – әлеуметтік топтардың ортақ мүдделеріне тәуелді, саяси іс-әрекеттің құндылықтары мен ережелерінің, мақсаттары мен міндеттерінің жиынтығы ретінде;
Процессуальдық өлшем – мемлекетті басқару және билікті жүзеге асыру барысында, баршаға ортақ мүдделер мен мақсаттарды қорғауды қамтамасыз етуде, іске асырылатын іс-әрекеттердің жүйесі ретінде.
Жоғарыда аталған элементтердің бір де бірі, аталған өлшемдер де саясаттың алуан қырлы құбылыстарын толық өз мәнінде ашып бере алмайды. Осынау өзіндік ерекшелігімен, өзіндік болмыс – бітімімен, саясат әлеуметтік өмірді – нақты саяси болмыс ретінде бейнелейді.
Саясат әлеуметтік топтардың (таптар, этностар, әлеуметтік қабаттар) түпкілікті мүдделерін бейнелейді. Олардың мүдделері олардың өмір сүруінің материалдық ахуалына байланысты қоғамда алатын әлеуметтік орынынан туындайды. Түпкілікті мүдделер әлеуметтік топтың мүддесін тұтастай қамтитын және де саналы түрде қалыптасып, осы әлеуметтік қабаттың мұқтаждығын қорғайтын болса, онда ол саяси мүддеге айналуы мүмкін. Әлеуметтік топтың ахуалының көрінісі ретінде және олардың түпкілікті мүдделерін қорғау арқылы саясат қоғамдық сананың формасы болып табылады.
Саясаттың объективті негізі болып түпкілікті мүдделер табылса, ал оның субъективті негізі ретінде билік тұтқасына деген ұмтылыс көрінеді.
Саясатта адамдардың мазмұны жөнінен алуан түрлі экономикалық, әлеуметтік, мәдени, идеологиялық және т.б. мүдделері көрініс табады. Алайда кез – келген мүдде, саяси мүддеге айнала алмайды. Саяси мүддеге төмендегідей ерекшеліктерді өз бойында қамтыған мүдделер ғана айналуы мүмкін:
әлеуметтік субъектілердің, яғни үлкен әлеуметтік топтардың (таптар, үлкен әлеуметтік қауымдастықтар), тарансұлттық корпорациялардың және т.б. мүддесін бейнелеу арқылы ұжымдық сипатта болу;
ұйымдасқан сипатта болу, себебі аталған топтар өз мүдделерін қорғау мақсатында ұйымдасып, арнайы ұйымдасқан ұйымдар құрады: саяси партиялар, лоббистер тобын, қоғамдық-саяси қозғалыстар және т.б. , бұлар шын мәнінде саясаттың субъектісі ретінде оның қозғаушы күші де болып табылады;
инстуционалдық деңгейде (қалыптасқан процедуралық қағидалармен, механизмдермен, жекелеген заңдық актілермен және т.б) немесе қоғамдық өмірдің бір саласында өзге ұжымдық мүдделермен (көлбеу де тігінен де) дау-жанжалдық сипатта болу. Мұның өзінде аталған қарама-қайшылықтардың өздігінен реттелуінің мүмкіндігінің болмауы және сыртқы ықпалды қажет етуі.
Міне осындай мүдделер саяси сипат алады және тек қана биліктің араласуымен реттеледі. Билік бұл арада жоғарыда аталған қажетті сыртқы ықпал болып табылады.
Билік субъектінің (жеке адамның, адамдар тобының, ұйымның, партияның, мемлекеттің) өзінің еркін өзге адамдарға жүргізу, олардың іс-әрекеттерін, қимылын мәжбүрлеуші немесе мәжбүрлемейтін әдістер мен механизмдерді қолдану арқылы басқару, ықпал ету болып табылады.
Осылайша саясат сан-алуан (экономикалық, мәдени және т.б.) қоғамдық құбылыстарға араласуы мүмкін, бұлар қатарында биліктің ұдайы қатысып отыруын қажет ететіндер (мысалы, азаматтардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қорғау, халықаралық қатынастарды дамыту және т.б.), сондай-ақ уақытша саяси мәнге ие болатын (табиғи апат болған жағдайда мемлекеттік көмектің берілуі) құбылыстар да бар. Кез келген қоғамдық мәселе қоғамның тұтастай мүддесіне қатысты болса және биліктің араласуын қажет ететін болса, онда, ол саяси мәселеге айналуы мүмкін. Саясат экономикалық, мәдени, діни және де сан – алуан осы секілді құбылыстарды қамту арқылы белгілі бір деңгейде динамикалық, жылжымалы шекара шеңберінде өрбиді.
Сонау біздің заманымызға дейнгі 430 жылы антикалық кемеңгер Перикл: “саясатты тек таңдаулылар ғана жүзеге асыра алады, ал оны көпшілік қауым әңгіме етуі мүмкін” – деген екен. Шындығында да солай, саясилық әлемі өзінің сан алуан формалары мен қырлары арқылы қоғамның барша мүшелерінің мүдеделіріне әр түрлі деңгейде әсер етіп, өзіне баурап отырады. Сондықтан да адамдар саясилық әлемінің мәні мен мазмұны туралы, оның құрылымы мен қызметі, іске асу тетігі мен тәсілдері, елдегі, аймақтағы, қаладағы, елді мекендегі билік тізгіні кімнің қолында, кімдер шешім қабылдайды, кімдер орындайды, қабылданып жүзеге асырылған шешімдердің салдарына кімдер жауапты деген мәселелер туралы жалпылама түрде болса да хабардар болуы қажет.
Саясат – қоғамдық өмір сүрудің, қажетті бір қыры, аспектісі болып табылады. Саясатты анықтау, оған анықтама беру саясаттанушылар арасында ұзақ жылдарға созылған пікір-талас тудырған.
Олардың барлығын қамтып шығу тіптен мүмкін емес, солай болса да біз олардың бірқатарын келтіре кеткенді жөн көрдік:
“Саясат – мемлекетаралық деңгейде, мейлі ол бір мемлекет ішіндегі адамдар арасында болсын, шындап келгенде, билікке қатысу мен билікті үлестіруге ықпал етуге ұмтылу болып табылады” (Макс Вебер);
“Саясат – ол басқару үрдісі” (О. Ренни);
“Саясат – қоғам ішіндегі құндылықтарды үлестіру билігі” (Д. Истон);
“Саясатты зерттеу қоғамдық маңызы бар шешімдерді зерттеу болып табылады” (Р. Шнайдер).
Қалай болғанда да, бұл анықтамаларда алуан-түрлі болғандықтарына қарамастан, саяси әлемнің нақты бір қырын ашатын рациональдық жауаптың барлығы рас, өйткені жоғарыда атап өткеніміздей, саясат алуан қырлы құбылыс. Оны тану да алуан қырлы болмақ. (1 кескінді қараңыз).
Мұның жарқын мысалы ретінде бүгінде АҚШ – та саяси ғылымдар өз алдына тәуелсіз 26 мамандық негізінде дамып келе жатқандығын айтуға болады.